Б ейімбеттің 1931 жылы «Жаңа әдебиет» журналының № 6-7 сандарында өз шығармашылығы туралы сөздерінің бірінде: «Бұл күнге шейін ұзақ әңгіме, өлең жаза алғаным жоқ, оның басты себебінің бірі- жазуға арналған уақыттың аздығы, кеңсе жұмысының босатпайтындығы.
Менің бұл күнге шейін жазған тақырыбым- ауыл туралы ғана болып келді. Өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге шейін кірісе алғаным жоқ. Өйткені- әлі күнге өндіріс өмірімен таныстығым жоқ. Жазуымдағы басты кемшілімнің бірі осы деп білемін. Ендігі бір тілегім- осы кемшілімді жоюға күш салу... [10, 10 б],- деген. Дарынды жазушының өз сөзінде айтылғандай- ақ поэзиясының негізгі тақырыбы- ауыл өмірі, әлеуметтік жағдайлар болды. Себеп дегенде, ол өмір сүрген кезең, елдегі өзгерістер, толып жатқан съезд, партия, коммунизм сияқты қазақ ұғымына жат түсініктер ел өміріне біртіндеп еніп жатқан тұспен тура келді. Анықтап айтсақ, оның осы тақырып төңірегінде кең түрде қалам тербеуі қоғам талабы немесе халық қажеттілігінен болды деуге әбден болады. Бейімбет өлең жазуды өмірінің соңына дейін ұстанды дей алмаймыз. Арагідік жазып тұрғанмен, негізгі бағыты қара сөзбен жазылған прозалық шығармалар болды. Оның бұл бағытқа көшуін ол өз сөзінде де айтып өткен.
«...Бұл ҚазАПП- тың қыспағының үдеп тұрған кезі еді. Мен сол кезде көзге шыққан сүйел сықылдандым. Мен ҚазАПП- тың кейбір басшыларынан «сында жүр» деп қараушылар да болмай қалған жоқ. Тап VIII кеңес съезінің тұсы еді- ау. ҚазАПП маған рапорт жаз деп тапсырды. Мен жаздым. Рапорт беруім керек емес еді демеймін, ҚазАПП жұмысының методын айтпақшымын. Әйтпесе лепіртпе, жалаң рапорттың орнына күрделі, көркем шығарма апарып, съезге тартқан болсақ, қандай бағалы болған болар еді.
Рапорт осылай басталды. Бірсыпыра жастарға жалаң рапорт жазу жолын Сәбит екеуміз көрсетіп беруден сау емеспіз, Ілияс та осының маңында. Сол кездегі газет- журналдардың беті шұбарланған өлеңмен толды. Ұзыннан- ұзақ поэмалар басталды. Көбі жастардікі еді. Оларды тәрбиелеп үйрету, мынауың былай деу болмады. «Жасасын» деген өлеңді баспаса, басқарма басындағылардың өздеріне кәдік секілді еді. ҚазАПП- тың ұраны сондай, «жастардың өсуіне бөгет болдың» деп жағасынан ала түскендей еді.
Осыдан барып өлеңнің құны кетеді. Басылған өлеңді көргенде, басынан аяғына бір көз жүгіртіп, оқушылар «не айтатының мәлім» деп сыдыртып өте шығатын болды.
Мұның бәрін не үшін айтып отырғанымды екі оқушы түсінер деймін: Рас, сол 30- жылдан бастап мен өлеңді қойыппын.
Әдебиеттегі керекті жанрлардың бірі қара сөз болса, сол бізде көшеулеп өріс ала алмай келді. Оңай өлең жазып әдеттенгендерге қара сөз жазу ауыр көрінеді. Бірақ оқушылардың тілегі күннен- күнге өсіп, көркем шығарманы керексінді. Оқушыларымыздың бұл тілегін елемеу бізге үлкен күнә еді. Мен қара сөзге айналдым... [4, 10 б. ]- дейді дарынды жазушы. Бейімбеттің бұл сөздерінен оны өлең жазбаған немесе аз жазған деп ойлауға болмайды. Оның бір ғана өлең жазу қасиетінің өзі оның шығармашылығын бірнеше саты жоғарғы деңгейге көтерген. Басқа жанрларға еткен көп өнімді еңбектерін былай қойып, тек ақын ретінде қарар болсақ, салмақты ой, ұтымты әзіл, әдемі ұйқас бәрі- бәрі өлеңдерінде бар. Ендігі кезекте, жазушының ақындық қасиетіне кеңірек, бастан- аяқ тоқталсақ дейміз.
Бейімбет өлең жазумен тым ерте айналыса бастаған. Оның ақындық қызметі 1912 жылы жазылған «Мұсылмандық белгісінен» басталады. Алғашқы шығармаларын ағартушы демократтық бағытта жазудан бастаған қаламгер бірті- бірте ауыл өмірінің айнасына айналады. Төңкеріске дейінгі жазылған өлеңдері ауылдың ауыр тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жырланады. Оған «Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа» сияқты өлеңдері жатады. Бейімбет Майлиннің әдеби шығармашылық мұрасын төмендегідей топтап төмендегідей көрсетуге болады.
Поэзиялық шығармалары | Прозалық шығармалары | Драмалық шығармалары |
«Мұқтаждық», «Мал», «Қарынға», «Байлыққа», «Ажар», «Қанды тұман», «Кедей, «Қойшы», «Қараша үй», «Қанай», «Ақсуаттың жанында», «Шал мен қыз», «Мырқымбай», «Рәзия қыз», «Ұлу», «Қашқан келіншек», «Байдың қызы», т.б | «Шұғаның белгісі», «Сары ала тон», «Сексен сом», «Шапайдың хаты», «Айранбай», «Егеубай», «Кеңес ағасы- Кәмила», «Раушан- коммунист», «Қара шелек», «Күлтай болыс», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Азамат Азаматыч», т.б. | «Шұға», «Жалбыр», «Біздің жігіттер», «Майдан», «Амангелді», «Талтаңбайдың тәртібі», «Шаншар молда», «Ауыл мектебі», «Неке қияр», «Көзілдірік». |
Өлеңдерінің тақырыптық ерекшеліктеріне тереңірек үңілетін болсақ:
Өлеңдері | Мазмұны |
«Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа», «Қарынға» | Кедей мұқтажын білдіру, әділетсіздікті сынау |
«Қанды тұман» | 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі ауыр жағдай |
«Кедей», «Жауыз кім», «Қысқы түнде», «Қараша үй», «Қойшы» | Ауылдағы таптық теңсіздіктер зардабын көрсету |
«Мырқымбай» топтамасы | Кеңестік кезіндегі кедейдің санасында туған өзгерістерді суреттеу |
«Қыздың сәлемі», Қашқан келіншек», «Ақсуаттың жанында», «Аужар» | әйел теңсіздігі |
«Шал мен қыз», «Азат әйел», «Ғазиза», «Ажар» | Еркіндікке қол жеткізген жастар |
«Құбақан», «Көзілдірік» | адамдағы жағымсыз қылықтар |
Қазақ халқының саяси санасын оятқан 1916- жылғы ұлт- азаттық көтерілісі жазушы шығармашылығындағы халықтық сипатты күшейте түсті. Осы кезден жазылған «Қанды тұман» өлеңінде қараңғыға қамалған қалың елдің аянышты хәлі суреттеледі. Ол көтеріліске аттанған азаматтарға оң сапар тілеп, тұйыққа тірелген халқының ауыр жағдайын бірге күйзеліседі, елін күреске шақырады. 1916- жылғы маусым жарлығына арнап жазған осы өлеңінде:
«Ойбай-ау, қайдасыңдар, аттаныңдар!
Бері кел, шашау шықпа топтаныңдар!
Қапыда, мылтығы боп, жайратпасын
Болыстан, әсіресе, сақтаныңдар!»- деп халықты бірге күш жұмылдыруға шақырады. Сөзінде «Болыстан, әсіресе, сақтаныңдар!» деуі де тегін емес-ті. Өйткені көтерілістің нақ жеңілу себебі де- бай-болыстардың халыққа жасаған сатқындығы болатын [5, 165 б. ].
Ақынның шығармашылығында ұлт- азаттық, ағартушылық сарындар түпкілікті қалыптасып жаңа биіктерге көтерілгені байқалады. Жазушы поэзиясының негізгі тақырыптық жүйесі тұрмыстық бағытта жазылғаны сөзсіз. Оны кедей тұрмысы, әйел тұрмысы, бай тұрмысы деп бөлуге болады. Осы үшеуі негізгі ой, негізгі көздеген мақсат, айтылмақ пікір секілді. Бұл үшеуі де еңбек адамдары. Еңбек адамы деген жалпы атау. Оны тарқатып ашу керек.
Бейімбеттің жасаған типтік образдар ішінде жарқырап көрінетіні- Мырқымбай бейнесі. Мырқымбай образының сәттілігі, тартымдылығы көп жағынан ақынның мейірбан әзіл- мысқылына байланысты. Дүниені асты- үстіне келтіріп, «жаңа қоғам құрамыз» деп, жоғарыдан бір жарлық болса, оның мәнісіне жетпей тұрып, момын елдің басына әңгір таяқ ойнатуға құмар, пәтуасыз ауылнайлар бейнесі де көрінбей қалмайды емес. Жазушы оларды ашық айтайын десе, заманнан аса алмағаны да байқалмай қалмайды. Жазушы бұрын табан астында жаншылған қараңғы ауыл кедейінің замана үрдісіне ілесіп, еркіндікті сезініп, ел қатарына қосылу барысын шынайы, нанымды, тартымды бейнелейді. Оның атының өзінде жинақталған ұғым, астарлы мағына бар. Қазақтар елеусіз, ескерусіз біреуді «Мырқымбай ғой, Мырқымбайлардың біреуі ғой» дейді. Мына Мырқымбай- сол жүздеген, мыңдаған Мырқымбайлардың 20- жылдардағы қат- қабат өзгерістер барысындағы тағдыр- талайының мәнді белгілері іріктеліп жасалған ортақ бейнесі. Сайлауға ат сұраған ауылнайға тіл тигізіп, ожарлық көрсеткен Мырқымбайға әкесі:
Мырқымбай! Мырқымбай! Мырқымбай!...
Бай, бай, бай, бай!
Жарым ес-ай!
Құның ба еді
Бір шолақ тай!- дейді. Ал Мырқымбай бұған:
Әке- ау, мұның не?
Ауылнай құдай ма еді?
Әкімді құдай деп, шұлғимыз да отырамыз ба?- деп жауап береді.
Реалист жазушы шындық шеңберінен шығып отырған жоқ. Бұл кездегі, яғни 1922 жылғы Мырқымбай одан бес жыл бұрынғы байға бағынышты, болыстың сөзі, қылығы болатын Мырқымбай емес, өмірдегі өзгерістің өзіне қатысты жақсы жағын сезініп, еті тіріле бастаған. Алдына қойған мақсаты үшін күресу сезімі оянған, бірақ ол күресуді қарсы келгенмен жағаласа кету, қисық сөйлеп, қыңылығын көрсету, бет қақтырмау деп біледі. Одан арғыға білігі жетпейді. Ал әкесі баласының әлгіндей қылығына күйіп- піседі:
Бар, шақырып кел!
Сары атты бар!
Қол қусырып, аяғына жығылсаң,
Ашуын тастадым дер!- дейді. Бірақ тоң мойын бала әке айтқанын орындамайды.
-Бара алмаймын.
Оған пенде бола алмаймын!
Тентіретіп жіберсең де,
Бұл тіліңді ала алмаймын!- деп алған бетінен қайтпайды. Бейімбеттің әр кезде Мырқымбайға арналған жиырма шақты өлеңі арқылы Мырқымбайдың өсу, өзгеру жолы, мінез- құлқының әр қыры дәл, нанымды, өзінше өзгеше суреттеледі. Сөйтіп, Мырқымбай бейнесі сомдалып, типтік, барша Мырқымбайларға ортақ бейнеге айналады. Әкесі болса, әйтеуір атқамінерлердің ашуына тап болып, бір пәлеге ұшырап қалмасақ екен дейді. Сорлы әкенің, әйтеуір, атқамінер атаулыға құлдық ұрып, қорғалаудан басқа қолынан келері жоқ, одан басқа білері жоқ.
Боқтауын да есітті,
Шауып алудан тайынбас,-
Түріп қойып есікті.
«Малын жасырды» деп,
«Егіні басылды» деп,
«Налок» дей ме, «мәлок» дей ме,
Әй, қатырды ғой басымды кеп,- деген сөздерінен оның өрісі мен ересі, өзіндік болмысы көрініп тұрған жоқ па?!
Ауылда болып жатқан өзгерістер Мырқымбайды айналып өтпейді, оның мінезінен де, түсінігінен де көрініс табады. Мына қызыққа назар салайықшы. Еңбекті бейнет деп қана түсінетін жалқау кедейдің ескі әдетіне бағып, Мырқымбай көктемгі егіс науқанына селт ете қоймайды. Жаңадан қосылған жас келіншегін айналсоқтап, үйінде қалады да, жер жыртуға әкесі кетеді. Соқаға көк шолақ пен көк сиырды парлап жеккен олақ та күйгелек шал үйреншікті бай- байына басып:
Айт!...Боразда!...
Бауыздалғыр көк шолақ.
Өй, Мырқымбай...
Жүгендемей, ноқталап...
Өк!...өк...өк...ек!...
Арам қатқыр көк сиыр...
Әй, құдай- ай, көрсеттің-ау көрімді!...
Бүгін үйде жататұғын екенмін,
Мырқымбай мен жіберіп ақ келінді!- дейді ісінің берекесі болмай. Алайда ауылды үйіріп, өз арнасына тартып әкетіп бара жатқан өзгеріс- жаңалықтар Мырқымбайдың ойы мен бойын билеп, жаңа іс- әрекеттерге бастайды. Шаруаға қолайлы басқа бір өңірге отбасымен бет алған Мырқымбай мынау:
Майлаусыз сықырлаған ағаш арба,
Көк шолақ мықшыңдайды тартып зорға.
Шаңырағын таңып алып жүк үстіне,
Мырқымбай көсемсініп барады алда[6, 156 б. ].
Өмірден өз орнын тауып, тұрмыс- тіршілігі оңданып, біраз жұртқа үлгі де болатын қасиет тапқан кейіпкері Мырқымбаймен ақын:
Жидың білеп қоңыңды,
Көрдің бе енді жолыңды.
Ілгері көшке жетейік,
Бер, Мырқымбай, қолыңды!- деп көңілді қоштасады. Мұнда ақынның тап болған бейтаныс өмір соқпағымен талап талқыдан өтіп, бір белеңге көтерілген ауылдың болашағына деген үміті, тілегі бар. Енді тағы бір өлеңін мысалға алайық. 1922 жылы қараша айында жазылған «Қазақ туралы» дейтін өлеңі. Бұл өлең әркімнің қазақ жайлы ойларынан тұрады. Қазақты кім қалай көреді, қазақ деген кім деген сұраққа әркім әртүрлі жауап береді.
Сопы шалдар:
Сорлы қазақ Сарыарқаның көркі еді.
Көшсе, қонса кең жайлауда еркі еді.
Ойын ойнап, тойын тойлап, айтшылап,
Хатты танып, дін иманы берік еді.
Кәпір келіп, жерін алды, тарылтты.
Малын байлап, ерін айдап, сабылтты.
Асау еді- бұғалық сап құр- құрлап,
Әлдекімге бас игізіп жалынтты.
Қаны кетті- сәні кетті қазақтың.
«Аруақ», «Құдай» дейтұғын бір пенде жоқ,
Ақырззаман жақындады. Аз-ақ күн.
Бұл өлең жолдарынан иман жолын ұстанған сопылардың қазақ жайлы ойын білуге болады. Бұрынғы жайдарлы, жайма-шуақ күндердің артта қалуын ақырзаманның келуімен байланыстырады. Әрі қарай молдалар былай деді:
Ораза мен жалқауырақ намазға,
Сөйтсе де ұжмақ дайын қазақ сабазға.
Тәйірі... сатып алмайтұғын несі бар?
Бере берсе садақаға малы аз ба?
Молданың қазақтың намаз бен оразаға жалқаулығы, жұмақ даяр тұрғандай жапанды жалпағынан басып жүретін қалпын айтқаны сөзсіз. Дүниенің затын сатып алып жатқан жомарт қазақ садаға беруге келгенде сараң болып қалатыны несі дейді. Әкімдер не дейді қазақ жайлы?
Сұс көрсетіп ежірейсең, бұғады,
Айыбыңды бүркеп, қымтап тығады.
Өлдім ғой деп үн шығармас өмірде,
Айдай берсең мал секілді ығады.
Боямасыз шындық. Расында «ә» дегеннен үрки беретін ел мен оны езе беретін бай әкім, қолында билігі бар төрелер көрінісі. Әкімдер қазақты айтқанға көнетін, айдаған еретін малға теңеуі расында қоғам шындығы болды. Ал, халық ше? Бейнеткер ше? Таң атысымен кеш қарайғанша бел жазбаған еңбекші халық үшін қазақ деген кім? Оны Мырқымбай айтсында:
-Көн болып жатқан мынау қолым сіресіп,
Көрген күнім малайлықта бір есік.
Өміріме түзей алмай тұрмысты,
Қатын, бала аш-жалаңаш жүдесіп, - деген шумақтарда кедейдің көрген күні малайық қана дейді. Бір күніңе көңілің тоқ болмаған, өзің болсаң бір сәрі, қатын-бала аш- жалаңаш шулаған, күнде төбеден ойнаған байдың таяғы, бұдан басқа түк жоқ дейді. Әрі қарай:
Естен кетпес байдың берген азабы!
Талай-талай тарттым нақақ жазаны,
Енді, енді...енді басын идірдім,
Бірақ әзір істегенім аз әлі. Бұл жерден не көреміз, не елестейді көзге? Не істесеңде соңы даяр таяқ! Істемеген ісің үшін жала! Мұның ешбіріне енді көнбеспін деген ашу-ыза!Бас көтерсе байдың да басын идіре алатынын түсінген кедей! Енді тоқтау жоқ деп алға көз тіккен еңбеккер қазақ! Ары қарайғы сөзінде:
Күн-күн сайын күш кіреді бойыма,
Күн-күн сайын сезім кіред ойыма
Енді дәурен- өмір сүру менікі,
Билік алдым- тізгінімді қолыма.
Қойшы- қолаң, қайда өңкей сиыршы.
Маңайыма келіп бәрің жиылшы.
Баяғыда Бекмағамбет не ғып ед.
Сондай қылып қамшыңды бір үйірші [7, 148 б. ]- деген ұран тастайды. Көзі енді ғана көргенін, ақылы енді ғана кіргеніне масаттанып енді тек бір өзі ғана емес, әлі көзі ашылмаған, табалдырықтан да басқа әлем барын білмейтін бұрынғы өзі секілді кедей жұмысшыға үн тастайды. Соңына ілесуін сұрайды. Енді баяғы бұға беретін Мырқымбай өлді, мына Мырқымбай өзіне сенімді, сөзі өтімді, алдына зор үмітпен қарайды:
Маған серік кедей қазақ- құл қазақ,
Бай, кедей боп жігін болсын бұл қазақ.
Ілігейік мәдениет шаңына.
Тарт күшіңді кедей атты жүр қазақ! [8, 83 б. ]
Мырқымбайдың көзінше қазақ кедей, құл, еңсесі бір көтерілмеген, еңбекке әбден желініп, зейнет көрмеген секілденеді, бірақ сөзінің соңында ылғи да болар шаққа деген қылт еткен болсын үміт шоғы барын айта кетеді. Бейімбет поэзиясындағы еңбек адамы міне, нақ осы Мырқымбайлар! Талай-талай нәубетті көрсе де, қолынан кетпен түспей, белі тіктелмей еңбек етсе де, талай-талай жәбір мен жалаға душар болса да үміт шырағын сөндірмеген Мырқымбайлар!
Ақынның халық сөзін айтушы екені даусыз. Оны ол жасаған кейіпкерлердің характерінен байқаса болады.Тағы да Мырқымбай. Бейімбеттің 1926 жылы жазылған өлеңі осыған айғақ. Жоқшылықтың барынша зардабын көрген тағы сол Мырқымбай ғой! Таң атысынан бел жазбай кеш қарайғанға дейін еңбек етіп, қолынан кетпен түсіп көрмеген, арқасы күнге күйіп, жаны бір жадырап шын күлуді білмеген мырқымбайдың ойында не бар? Күн ұзақ еңбекпен бір күн емес, бүкіл ғұмыры өтіп бара жатқанын ойлайды ма бұл Мырқымбай? «Еккен де жоқ, сепкен де жоқ...» өлеңі автор мен Мырқымбайдың сөздерінен құралған.
«Еккен де жоқ, сепкен де жоқ,
Бай жиеннің ісін-ай!
Жазы-қысы кетпенге көп
Арам кеткен күшім ай!...» [9, 55 б. ] -деп Мырқымбай күйінеді. Бәсе, ол табалдырықтан жоғары дүние бар деп ойлап көрмеген малаймын деп есептемесе керекті өзін. Ойлайды, ішінен кектенеді, шығар жол іздеп шарқ ұрады. Есесін әлі еселеп аларына бек болмаса да сенімі бар. Әрі қарай оқиға басталады. Автор жағдайды оқырманға түсіндіре бастайды. Өлеңде көп жағдайда автор мен кейіпкер сөйлеп отырады. Бұл бір жағы оқырманды қызықтыру болса, екінші жағынан, оқиғаны шатаспай түсіну үшін де қажет. Ал маңыздысы сезімге, күйзеліс пен күрсінулерге, тағы да сол секілді миллион сезімдерге дөп түсу үшін қажет. Оқырман тек оқиғаны біліп шықпай, кейіпкер проблемасына да араласып, оны шешу жолын ойша іздеп кетуі керек. Сол секілді бұл өлеңде де ақын алдымен аз-маз Мырқымбайды сипаттап кетеді, ол кім, тұрмысы не дегендей:
Мырқымбайдың үсті дал-дұл,
Иығында кетпені,
Құтылды ма кетпеннен бұл-
Жазы, қысы, көктемі!
Арық қазып суды жырып,
Асырайтын сүйтіп жүріп,
Бір- екі бір қалқасы!
Мәуленжанның етігі жоқ,
Рабиғаның көйлегі,
Әлдеқалай ашуы кеп,
Маржан кеше сөйледі:
-«Маржан шешей Қасайдардан,
Қамзол алып киіпті.
Дымы жоқ деп шығып шалдан,
Көлбайға тиіпті...»
Бұл не сөзі?..Кетпекші ме-
Мырқымбайды қаңғыртып?- деп оқиғаны ақын өзінше баяндайды. Бар күшін салса да жоқшылықтың ауылы алыстар ма? Осындай қажыған шақта үстіне тағы бір қиындық жабысты. Жоқшылықты бұл қалап па? Айып бар ма Мырқымбайда? Жауапты ақын өзі келеді:
Мырқымбайда кінә бар ма?
Алар еді пұлы жоқ.
Алты ай жазғы еңбек зайғы,
Кәсібінің түрі жоқ...
Еккен де жоқ, сепкен де жоқ,
Бір тумасы бай жиен.
Қолға ұстаған кетпен де жоқ,
Айтатыны мен де ием.
Аз астықтың қолдан сепкен-
Жартысын ол алмақшы.
Десе егер: «Мен ғой еккен»
Судқа інісі бармақшы.
Еңбегінің ақысы егілген егіннің аз бөлігі. Аз астыққа байдың бар туысы өзінше ие дейді. Кетпенге қолы тимеген туысына «еккен мен ғой» дер болса судқа барамын деп қорқытады. Ал Мырқымбай ше? Енді не істемек?
Суд дегенде Мырқымбайдың-
Шымырлайды құйқасы,
Кімді теңейді, кімдерге жақ?
Білмей қорқады шын-расы.
Мырқымбайдың үсті дал-дұл.
Иығында кетпені:
- «Құтылдым ба кетпеннен бұл,
Жазы, қысы, көктемі?...
Еккен де жоқ, сепкен де жоқ,
Бай жиеннің ісін-ай,
Жазы, қысы кетпенге көп
Арам кеткен күшім-ай!..» [10, 55 б. ]. Судқа апарамын десе Мырқымбайдың қарсы тұрар дәрмені бар ма?
2.2 Бейімбет жасаған кейіпкерлер
Ауыл өмірін жетік білген жазушы өз замандастарының қаншама типтік образдарын жасады. Олардың ішіндегі өнегелі ұнамды образдармен қатар жағымсыз жексұрындар да қанша! Мырқымбай, Айранбай, Раушан, Күлпаш, Айша, Берен, Зейнеп, Айдарбек, Қожалық, Боқтыбай, Желдібай, Талтаңбай!...
Бейімбеттанушы белгілі ғалым, профессор Сейділда Ордалиев 1994 жылы Алматыда «Жазушы» баспасында басылған шыққан Бейімбет Майлиннің повестер, әңгімелер, өлеңдер, фельетондарын жинақтап шығарған «Ел сыры» атты кітапта алғы сөз ретінде «Көркем сөздің аса үлкен шебері» деген атпен мақаласын жазған. Сонда ол Бейімбеттің кейіпкерлері туралы былай дейді: «Бейімбет кейіпкерлері өзі жақсы білетін замандастары болған. Мен солардың көбінің прототиптерімен кездестім. 1961 жылы Бейімбет шығармашылығын зерттеу мақсатымен құрылған ғылыми экспедицияны басқарып (М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының тапсырысы бойынша) жазғы июль, август айларында істеген қалалары Троицк, Уфа, Орынбор, Қызылорда қалаларында болдық. Сонда байқағанымыз Бейімбеттің біраз кейіпкерлерін өз аулынан кездестірдік, қайсыбірінің аты, сәл өзгерген, кәсібі өз атымен аталған. Мысалы, жазушынығ туған аулында Бермұхаметов Есенқұл, Нұрмұхамбетов Елемес деген қарттармен кездестік. Олар Бейімбеттің 1928 жылы өзінің туған аулына келіп он бес үйден колхоз ұйымдастырған, оны «Жалшы» деп атап кеткенін, кейін сол колхоздың құрылуына арнап «Он бес үй» атты повесть жазғанын, сондағы кейіпкерлердің прототиптерінің біразы әлі бар екендігін әлі бар екендігін қызықтап әңгімелеп берді. Немесе жазушының «Біздің жігіттер»- атты пьесасының Хасен мен Асылбек атты «пысық жігіттері» Бейімбеттің құрдастары екен. Жазушының суреттегеніндей бұл екі қарттың да пысықтығы, іскерлігі, ел арасындағы тартыс- таласқа араласқандығы байқалады. Ол кезде екеуі де дербес пенсионерлер еді. Баймұрзин Хасен, Ташбаев Асылбек. Екеуі де жазушымен бірге өскен, жақын жолдастары болған екен. Сондықтан да Бейімбет өз шығармаларында оларды сықақтап, әзілге айналдырады екен [11, 64 б. ].
Асылбек ұзын бойлы, қызыл шырайлы келісті қарт екен. Өмір бойы мұғалімдік қызметте болыпты. Біз іздеп барған (1961 ж.) жылы өте тың еді. Көп естеліктерін айтты. Жазушылар Одағы атынан бізге Бейімбеттің үлкен ұлы Мереке де ілескен еді. Асылбек қарт Мерекені көргенде, Биағаңды көргендей қатты қуанды. Біраз көңілі де босап кетті. Сол Асекең: «Бейімбет менің ұзындығымды да күлкі етуші еді. Асат деген сот әйел үстіне алғанын сынап «Ақсаусақ» деген өлеңін жазды. Асаттың сыбайласы деп мені де «Ұзынтұра Қасымбек» деп іліп кетті. Кейін осы оқиға жайында «Қызыл Қазақстанда» деген әңгіме жазды.- деген еді Асекең.
Асекең Биағаңнан көз жазып қалғанша араласқан жақын досы болған кісі екен, жазушы жайында ұзақ әңгімеледі. Биағаң көрген білгендерін, ойына түскен оқиғалардың қысқаша тезисін көбінесе қағазға түсіріп қояды екен. 1935 жылы Асекең Бейімбеттің жазып жүрген конспектісін көріпті. Онда: «Қайқы мұрын қара қатын, қара камзол, қызыл көйлек, ақсақ тарғыл ит, сынық мйіз қара сиыр» деген жазу бар екен. «Бұл жазудан не түсіндік? Деп сұрап едім,- деді Асекең- Келешек ұзақ әңгіменің қысқаша тезисі ғой. Осыны оқығанда барлық оқиға еске түседі»- деп жауап беріпті Биағаң.
Бейімбеттің өте тез жаза қоятын, қаламы жүйрік жазушы екендігін сол жылы Хасен Баймұрзин де айтқан-ды.
«1920 жылы- деді Хасен қарт сондағы әңгімесінде- Бейімбет Қостанай қаласында Ғалифа Салиханова деген татар кемпірдің үйінде тұратын еді. Сонда жолдастарының өтінуімен бір түн отырып «Қаламқас» атты үш актылы комедия жазды. Ертеңіне осы комедия Қостанайдағы қазақ жастарының күшімен қала жұмысшыларына көрсетілді. Басты ролдерде Елубай Өмірзақов, Ерғали Алданғаров, Әмина Еленова, Мұхамеджан Фаризов, Аманғали Сегізбаев, Досмырза Нұрпейісов және сол әртістердің ішінде мен де бармын ойнаған едік. Режиссеріміз Жұмаш Еленов болған еді»- деп еді [12, 79 б. ].
Бейімбеттің «Келін мен шешей» атты бір перделі комедиясының басты кейіпкерлері Әбдірақ, Әйімқұл, Бәті, Сақан, Жұмабай, Шәмшия дегендер жазушының туған жері Ақтөбенің тұрғындары болып шықты. Олардың біразымен кездестік. Пьесадағы Әбдірақ- колхоз преседателі болатын. Сол Әбдірақ Бейімбет очерктеріндегі басты кейіпкердің бірі болды. «Еңбек бәсекесі», «Той», «Уа, тойға шақыра жүрмін» очерктеріндегі бригадир Әбдірақ. Жазушы оның қажырлы еңбекқорлығын, әділеттілігін, іске берілген ұйымдастырушылығын басқа жұртқа үлгі етеді».- дейді [13, 8 б. ]. Бұл құнды мақаладан қаламгердің көп қыры мен сырын байқауға болатындай. Ақын әрі жазушыға қазақ әдебиетінде «реализмнің туын тіккен» деген баға беру әсте орынды. Оған мына мақала айқын дәлел бола алады. Ол өз кейіпкерлерінің портретін қиялдан жасап, сұлу сөзбен сымбат беріп, әспеттеп жатпайды. Шығармасына арқау болар тақырыптар мен кейіпкерлер оны қоршап жүргенін ол өзі аңғара білген. Әрі бұл сол жазушы өмір сүрген кезеңге аса қажетті де еді. Оның шын суреткерлігі де сол, шығармалары халық өмірімен біте қайнасып жататын. Заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезов: «Бейімбет майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Және бұл шығармаларының түр, үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады. Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың ортасына дейін совет дәуірінде қазақ аулында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады»- деп берген бағасы жазушы мәртебесінің қаншалықты жоғары тұрғанына мысал бола алады.
ОРЫТЫНДЫ
Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің ірге тасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқпақсыз жолымен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтерісті, қаламгерлігін асқан іскерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы - қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек-көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы. Ол мақсаты бүкіл көркем сөз бен көсем сөздің арқауына айналды. Сол жолмен жүріп әдебиетімізде де, публицистикамызда да аса көрнекті, мол көлемді қазына қалдырды. Сондықтан да оның мұрасының шет-шегіне күні бүгінге дейін жете алмай жүрміз, жинап басын құрай алмай жатырмыз.
Халық мұңы, оның қуаныш-қайғысы, болашақтан күткен үміті, арман-мұраты, туған жер тағдыры - Бейімбеттің бірде қуана, құлшына, бірде езіле, ашына жазған тақырыптарының негізі, қайнары. Оны толғандырған адалдық пен арсыздық, ерлік пен ездік, тазалық пен арамдық, қарапайымдылық пен билікқұмарлық, әділеттілік пен қулық, махаббат пен азғындық, сыпайылық пен сыңарезулік, жуастық пен өктемдік сияқты тағы басқа өмірлік құбылыстар қайшылығын бейнелеу сан тарау болып көрінеді. Тереңірек үңілсек, ақиқатты ашық айту шектеулі кезде көптеген өрескелдіктерге көкірегі сыздап, іштей күйзелген суреткер неше түрлі шерлі шемендерді сәті түскен кездерде сын-сықақпен аузын аршып отырды. Ел басына түскен ауыр күндерді көзікен көріп, құлағымен естіген, ыстығына күйіп, суығына тоңып өмір кешкен Бейімбеттей азамат ар жүгін аттап кете алмады. Оның саяси хал-ахуалға бағындырылған қазақ елінің жағдайын жан дүниесімен ұғына білуі де, артында ор, алдында көр тұрса да, жоғарғы басшылық өзара жаулық пен араздықты, өш алуды, алауыздықты қоздырып, өршітіп жатса да сыншылдық бетінен қайтпауы да сондықтан. Отызыншы жылдарда да фельетондарды жазуын мүлдем тоқтатпай, жалғастыруы соған дәлел. Қаныпезерлік саясаттың қыл көпірінде тұрса да сол жолынан қайтпады. Ішкі қыжылын қусалықпен сақтай бермей қайратты да желмаядай желген қаламымен шығарды. Публицистикасындағы сын - соның жарқын көрінісі.
Сол кездегі сын-зерттеу, талдау материалдарында Б.Майлиннің негізінен ақындық, жазушылық, драматургтік өркен-өрісі туралы сөз қозғалады. Жала жабылып, «Халық жауы» деген сын да өршіді.
Б.Майлин репресияға ұшырап, жазықсыз атылған соң ауыз ашып, тіс жарып ешкім ештеңе айта алмады. Заман ызғарынан үркіп, жан тасалауға тура келді. Тек жазушы ақталып, елімен қайта қауышқаннан соң, мұрасы халқына қайтарылғаннан кейін жан-жақты зерттеу ісі кең арнаға түсті. Бейімбет Майлин толық ақталған 1957 жылдан бастап, оның бай мұрасын қайта зерттеу, алуан түрлі шығармашылық қызметін жұртқа жан-жақты жеткізу кеңінен қолға алынды. Қайта құру, жариялылық атты кезең басталғалы Б. Майлинді де қайта танып бағалау, жаңа көзқараспен зерделеу өрісі ашылғандықтан бұрын айта алмай жүрген ой-пікірді жаңғырту мүмкіндігі туды.
Енді әдеби құбылыстар мен ағымдарға, олардың жеке тұлғаларына сыни тұрғыдан зер салып, тереңірек үңіле қарап, басты ерекшеліктерін қазіргі таным тұрғысынан айқындау міндеті алға тартылды. Ол - Бейімбеттің де болмыс-бітіміне, шығармаларына өзгеше көңіл-көзбен ден қойып, ашылмай келген жақтарын ашу, зерде, таным елегінен қайта өткізіп әділ әрі ұлттық сипатта бағалау міндеті.
Сонымен, Б.Майлиннің фельетондары, очерктері мен мақалалары жеке-жеке талданып, кең түрде зерттеу обьектісіне айналған емес. Ал олардағы сыншылдық, сатиралық бағыт толық ашылмаған тың күйінде жатыр. Оған суреткер публицистикасының барлығы құрастырылып, толық шықпай жатуы не толық жинақтарына кірмеуі салқынын тигізбей қойған жоқ. Әсіресе, очерктер мен мақалалары жөніндегі пікірлерге көңіл толмайды. Жазушының кеңес өкіметінің барлық тірлігін қолдамағанын, керек десеңіз, жеріне жеткізе сынағанын терең зерттеп, кеңірек ашу ісі кенжелеп келді. Б.Майлин публицистикасындағы сыншылдықты бөле-жара алып, ғылыми тұрғыдан талдау жасауға бет бұрғанымыз - сол олқылықты толтырудағы бір қадам. Бейімбет өзінің аз ғұмырында барынша халық деп жазған адам. Шығармаларының дені ауыл өмірі мен жаңалықтарға өз көзқарастарын білдіріп жатқан қарапайым қазақ ауылының өмірі сипатталады. Патшалықтың жіберген күн сайынғы заңдары мен нұсқаулары ел өмірін қалайша өзгертіп жатқаны ақынның прозасынан болсын, поэзиясынан болсын ап-анық көрініп тұратынды. Біз мінезі мен құлқын, ойы мен санасын ашуға тырысқан еңбек кейіпкері де сол жаңалықтар мен өзгерістердің ортасында, ел арасында өмір сүріп жатты. Қайғыға қанша берілсе де, қайысуды ойламаған жаны мен рухы азат еңбек адамы үміт отын сөндірген емес. Бұрын көзі босағаны ғана көретін ол енді жоғары қарай біледі, кетпеннен босамаған күс қолдарын жарқын болар шаққа созады. Айдаған жерге аттанатын аяқтарын енді сеніммен басады. Белін жазып, алыстан көрінер-көрінбес сәулеге көңілдене көз салады. Ол сәуле- Бейімбет нұсқаған жол. Міне, еңбек адамы сол сәулеге қарай бет алып барады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ:
1. Нұртазин Т. Бейімбет Майлин творчествосы. - Алматы: Жазушы, 1966. - 343 б.
2. Сарбалаев Б. Бейімбет Майлин. -Алматы: Мектеп,1988. - 469 б.
3. Майлин Б. Мен қалай жаздым // Жаңа әдебиет, 1931, № 6-7.
4. Майлин Б. Алыптарды аралағанда. - Алматы: 1934. – 268 б.
5. Қожакеев Т. Бейімбет Майлиннің сатиралық мұрасы // Коммунизм таңы, 1960, 15 қаңтар.
6. Ордалиев С. Бейімбет Майлин творчествосы. Оқу құралы. - Алматы: 1990. - 184 б.
7. Қожахметов Ш. Бейімбет және «Ауыл тілі» // Тың өлкесі, 1965, 9 шілде.
8. Қожахметов Ш. Бейімбет және «Ауыл тілі» // Тың өлкесі, 1965, 9 шілде.
9. Майлин Б. Таңдамалы шығармалар. Құрастырған және алғы сөз жазған Жармағамбетов Қ. - Алматы: ҚМКЭБ, 1958. - 713 б.
10. Майлин Б. Тұңғыш құрбан. Құрастырған және алғы сөз жазған Байменшин С. - Алматы: Рауан, 1994. - 253 б.
11.
12. Майлин Б. Кесінділер. - Қызылорда: 1929. – 215 б.
13. Майлин Б. Қызыл жалау. Роман, повесть, әңгіме, пьеса, фельетон, очерктер. Құрастырған және алғы сөзін жазған Ордалиев С. - Алматы: Жазушы, 1979. – 383 б.
14. Майлин Б. Сойқанды содырлар. - Қызылорда: 1928. – 258 б.
15. Майлин Б. Тұңғыш құрбан. Құрастырған және алғы сөз жазған Байменшин С. - Алматы: Рауан, 1994. - 253 б.
16. Майлин Б. Екі оқушыға жауабым// Социалды Қазақстан, 1934, 12 маусым.
17. Байменшин С. Майлының Бейімбеті. - Алматы: Білім, 1994. - 160 б.
18. Кітапта: Майлин Б. Әдебиеттердің көрсеткіші. - Алматы: Қазақстан, 1968. – 125 б.
19. Байменшин С. Бейімбет Майлиннің журналистік шығармашылығы. Филология ғылымының қандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. - Алматы, 1995. - 25 б