Әліппе кезеңі - сауат ашудың негізгі де, жауапты кезеңі. Бұл мерзімде сауат ашудың басты мақсаты – оқу мен жазуды үйрету жүзеге асырылады. Сондықтан оны «сауат ашу кезеңі» деп те атайды. Сөздерді оқу мен жазу үшін тілдегі барлық дыбыстар мен әріптер оқытылады. Бұл жөніндегі ойландыратын мәселе - сауат ашуды қандай дыбстардан, қандай буындардан және қандай сөздеден бастау керек екендігі. Сауат ашу, әрине, ең оңай дыбыстардан, ең оңай сөздерден басталуға тиісті. Өйткені «оңайдан қиынға қарай жүру» жалпы оқу теориясының өзекті принципі.
Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тіліндегі ең оңай дыбысталатын дыбыстар - дауысты дыбыстар. Олай болатын себебі – дауысты дыбыстардың кіші жастағы оқушылардың қабылдауын жеңілдететін мынадай ерекшеліктері бар:
- дауысты дыбыс өздігінен дыбысталады;
- дауысты дыбыс буын жасайды;
- дауысты дыбыс жеке тұрып та буын бола алады, ал мұның өзі дыбысты бөліп алып, дыбыстық талдау – жинақтау жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді (а-та, ә-же, е-лік, о-рақ, ұ-лу, ы-дыс);
Дауысты дыбыс буын құрамындағы дауыссыздардың дыбысталуына негіз болады (бұл жерде дауыссыз дыбыстардың дауысты дыбыссыз өздігінен дыбысталмауы ескеріледі).
Дауысты дыбыстың буын соңында келуі буындарды сөзге жинақтауға бірден-бір қолайлы жағдай тудырады. Ондай буындар тұйыққа тірелмей, сөз еркін буындалып оқылады.
Сөзді буындап оқу дегеннің өзі – дауысты дыбстар негізінде оқу деген сөз, өйткені дауысты дыбыссыз буын жасалмайды.
Сауат ашудың дыбыстық талдау – жинақтау әдісі бойынша сөз жеке дыбыстарды бөлек-бөлек айту арқылы оқытылмайды, буынға бөлініп оқылады. Өйткені дыбыстап оқу дегеніміз – алфавиттегі әрбір әріптің жеке дыбысталуын өзара қосып оқу деген сөз. Мұндай жағдайда ешқандай сөз дыбыстарын жасай алмаған болар едік. Сондықтан сөзді оқудың өлшемі – буын. Демек, сауат ашу кезеңінің өзекті мәселесі - сөзді алдымен буындап оқуға үйрету. Буынға бөлу - жас оқушылар үшін күрделі әрі ауыр жұмыс,себебі буын жасау сөздегі дыбыстарды ретімен бір-біріне қоса салу арқылы орындалмайды, ана тілінің буындық жүйесіне негізделіп жүргізіледі.
Қазақ тілінде буынның негізгі екі түрі бар: бірі дауыстыға аяқталған буын (ашық буын), екіншісі дауыссызға аяқталған буын (тұйық буын), бұған бітеу буын, күрделі бітеу буын дегендер жатады. Аталған буын түрлерінің әрқайсысы сауат ашу барысында сөзді буындап оқуға түрлі ықпал етеді.
Дауыссызға аяқталған буын дауысты дыбыс сияқты еркін созып айтуға келмейді, тұйық айтылып, буын соңындағы дыбыс кілт тоқталады, дауыс тынады: ат-тар, ас-тық, ар-қар. Оларды буын ыңғайында дыбыстау үшін үстеме тәсілдер қолдану керек болады (буындағы дауысты мен соңғы дауыссызды қайталап айту т.б.).
Дауыстыға аяқталған буын дауысты дыбыс сияқты созылып айтылады, сөзді буындап айтуды оңайлатады, созылыңқы буын өзінен кейін келесі буын бар екенін аңғартады, яғни алғашқы буын, келесі буынның қосылып айтылуын тілеп тұрады. Мұндай жағдай буындарды бір-бірімен оңай қосылып, сөзді тұтас құрастырып оқуды жеңілдетеді.Сауат ашуға да керегі осы. Дауыссыздан дауыстыға қарай оқу, дауыссыз дыбысты дыбыстауға, келесі буынды қосуға мүмкіндік береді. Қазақ тілінің буын құрылсына байланысты айтылған бұл ерекшеліктер сауат ашуды ашық буннан бастаудың тиімді екенін көрсетеді. Осыған орай «Әліппе» оқулығы да ашық буынды оқытудан юасталады.
Сауат ашу кезеңінің міндеттері:
- сөзге, буынға дыбыстық талдау жасау; дыбыстар мен әріптерді таныту мақсатымен сөзден жеке дыбысты бөліп алу; бөліп алынған дыбыстың орын ретін анықтау; жеке дыбысты анық естіп, дұрыс дыбыстатуды меңгерту; сөзден ажыратылған жеке дыбыстың дауысты не дауыссыз екенін айқындату; дауысты дыбыстың буын жасауға негіз болатынын білдіру;
- дыбыстарды буынға, сөзге жинақтау; талданған дыбыстарды дауысты дыбыстар негізінде буынға жинақтау; буындарды дауысты дыбысқа бағдарлап, бір ғана дауыс қарқынымн тұтастыра (бір дыбыс сияқты етіп) оқуға машықтандыру; буындардан сөз құрастырып айтуды (оқуды) меңгерту; заттардың суреттері бойынша сөз құрастыру;
- әліппедегі жеке сөйлемдер мен қысқа мәтіндерді дұрыс оқу машығын қалыптастыру; ондағы сюжетті суреттер бойынша сөйлем, әңгіме құрастыру арқылы оқушыларды байланыстырып сөйлеуге жаттықтыру;
- жеке әріптерді дыбыстық талдау – жинақтау негізінде жазуға үйрету; жазу үлгілері бойынша жұмыс жүргізу; жазу каллиграфиясын бұзбай жазуға жаттықтыру; сөзді буынға бөліп және тұтас өз ретінде жазуға төселдіру; оқулықтағы жеке сөйлемдер мен қысқа мәтіндерді көшіріп және есту бойынша жазу машығын қалыптастыру; 2 – 3 сөзді қысқа сөйлемдер арқылы байланыстырып жазуды үйрету.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі:1-20.
Қосымша: 3,4,5,6,10,19,20,21,22,28,31.






