Алдымен ресми статистикаға жүгінейікші. Бір қызығы бір жылдың, яғни 2011 жылдың 1 шілдесінен 2012 жылдың 1 шілдесіне дейінгі деректерді Статистика агенттігі ешқайда жариялаған жоқ. (Осының өзінен-ақ біраз сырды аңғаруға болады). Сондықтан тек үзіп-жұлып жарияланған деректерге ғана малданамыз. Сонымен, 2012 жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша Қазақстанның Кеден елдерімен өзара тауар айналымы 1 млрд. 475 млн. долларды құрапты. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 12,9 пайызға артық. Бірақ, қуанбай тұра тұралық, өйткені экспорт 487,5 млн, өсімі 4,5 пайыз ғана, ал импорт 988 млн. өсімі 24,1 пайыз. Бұл – Қазақстанға Ресей мен Беларусьтің Еуропаға шығаруға жарамайтын, ондағы бәсекелестікке қабілетсіз, сапасыз тауарлары ағылды деген сөз. Енді, күнделікті дүкенге қараңыздар. Бір уақытта шетелдің сабын, сусабын, иіссу, (тіпті қағазға дейін) т.б. сапалы туалеттік бұйымдарына қолымыз жетіп, мәз болып қалсақ, енді Ресейдің сапасыз, иісі жағымсыз сондай тауарларына душар болып қалдық. Тамақ өнімдері де сондай. Ең ақыр аяғы латыштардың шпротын да ала алмайтын болдық, оның орнында орыстың бүлініп, иістеніп кеткен балықтары жатыр. Статистиктер Ресейден келетін тауарлардың арасында минералды өнімдер 30,5 пайызға артқанын айтады. Бұл тұз, күкірт, минералды сулар, фосфор және т.б. деген сөз. Осылардың бәрі өзімізден де шығып, ішкі рынок түгілі сыртқа шығаруға жетіп артылатын дүниелер. Ал олардың Ресейден келіп жатқан себебі, біздегі осындай өндірістерді ресейліктердің басып кеткендігінің көрінісі. Өзіміздегі өндірісті қолдайтын жалғыз рычаг – кедендік тарифтер еді. Соны көтеру арқылы сырттан келетіндерді қымбаттатып, өзіміздің тауарөндірушіге бәсекелестікке төтеп бере алатын жағдай туғызатынбыз. Қазір ол бізде... мүлде жоқ. 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы мәліметтерге қарағанда кеден одағындағы әріптестерімізбен сауда айналымы 3,1 млрд. доллар болған, соның ішінде экспорт 977 млн., ал импорт 2 млрд.129 млн. долларға тең. Демек сататынымыздан сатып алатынымыз екі есе көп. Ресей мен Беларусь Қазақстан рыногын жоғарыда аталған сапасыз тауарларымен толтырып тастаған. Бұл тенденция уақыт өткен сайын ұлғая түсуде. Барлық азық-түлік өнімдері де солардан келетін болды. Соның ішінде ет және ет өнімдері 3 есе, қант 23 есе артқан. Бұл позициялар бойынша Қазақстан көршілеріне ештеңе де сата алмаған, өйткені, олардікінің бағасы төмен. Ол ол ма, сатып алынған дизельдік отынның өзі 6,5 есе, мазут 30 есе артқан. Әлгі, мұнай шығаратын елміз, барлық мұнай өнімдерін экспорттайтын болдық деп мақтанатынымыз кәне? Ресей етті Аргентинадан алады, оның орнына біз 60 мың тонна ет сатып, оларды біздің еттің астында қалдырамыз деп Назарбаевтың мақтанатыны қайда? Бізде тіпті бензиннің өзін Беларуссиядан сатып алып жатқан фактілер бар. Әрине, біз де сатып жатырмыз ғой. Бірақ оларымыз сол баяғы – мұнай, мыс, астық, күріш сияқты шикізаттар. Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаиловтың айтуына қарағанда 2012 жылдың қаңтар-тамыз айларында кедендік әріптестерімізбен тауар айналымы 4,5 млрд. долларды құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Ал экспорт, яғни біздің өнімдерімізді алу тіпті азайып кеткен, оның қаншалықты құлдырағанын Ә.Смайылов айтуға да бата алмады.
Қазақтан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық сөздерінде Кеден одағының арқасында тауар айналымының өскенін айтып, көп мақтанады. Соның ішінде қыркүйек айында Павлодарда В.Путинмен болған кездесуінде оның 11 млрд. долларға жеткенін айтты. Бірақ ол тауар айналымы экспорттың мүлде азайып, Ресей мен Беларусь импортының өсіп жатқандығының есебінен ғана шарықтап жатқанын ауызға алмайды. Қазақстандық тауар өндірушілердің өз өнімдерін сыртқа шығаруы төмендеп жатқандықтан, ішкі рынок қорғаусыз қалғандықтан қаншама кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, жұмыссыздықтың көбейіп жатқанын, соның кесірінен халықтың әл-ауқаты төмендей бастағанын Назарбаев не білмейді, немесе білгісі келмейді. Оған Қазақстандағы трансұлттық компаниялар мен жергілікті олигархтардың бизнестері жанданса, дамыса, сөйтіп олар күннен күнге үстеме пайда (сверх прибыль) тапса болды, басқа ештеңе керегі жоқ сияқты. Өйткені, өзі де олардың үлкен акционері екені белгілі.
Назарбаев Путинмен маусым айында Астанада болған кездесуде тіпті жылдық тауар айналымын 40 млрд. долларға жеткіземіз деп те мақтанды. Бұл Қазақстанды ресейлік тауарлармен мүлде басып тастауға әкелетінін ағамыз мүлде ойлап тұрған жоқ. Дегенмен, аймақтық тауар айналымдары ессіз-бассыз көбеймей, қалыптасып қалған тәртіппен ғана жылжуда. Мәселен, Қазақстан мен Орынбор облысы арасындағы тауар айналымы биылғы жарты жылда былтырғымен салыстырғанда еш артқан жоқ.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі, екі ел арасындағы сауда ахуалын жақсы білетін Ғалым Оразбақов «Российская газета» басылымына берген сұхбатында (29.06.2012 г.): «Наши казахстанские бизнесмены хотели бы везти в Россию продукты питания, которые у нас отличного качества, строительные материалы, изделия кабельной промышленности. А от вашей страны мы ждем технологии и инвестиции, машины и оборудование» деген еді. Бұл қазақ жағының орындалмайтын арманы болып тұр. Ресей рыногына қазақстандық азық-түліктен арақ-шарап қана жетуде. Қалған дүниені олар керек қылып тұрған жоқ. Ал өздерінің артта қалған технологиялары мен жабдықтарын үш еселенген бағаға сатуға оларға мол мүмкіндік туды. Өйткені, қазақстандықтар қазір Ресейлік кедендік тарифтердің жоғарылығынан шетелдік сапалы техникалар мен технологияларға қол жеткізе алмай қалды.
Ұлттық экономика ішкі рынокты азық-түлік өнімдерімен 60 пайыздық үлестен кем қамтамасыз етсе, азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қатер болатынын талай экономистер айтты. Біздің экономикамыз қазір елді азық-түлікпен 30 пайыздан кем көлемде ғана қамтамасыз етіп тұр, қалғанының бәрі Ресей мен Беларусьтан келеді. Демек, азық-түлік қауіпсіздін біз еш қамтамасыз ете алмай тұрмыз, соған жеттік. Сөйтіп, 20 жыл бойы біршама тәуелсіз өмір сүргенде жақсы дамып келе жатқан экономикамыз 21 жылдан бастап құлдырау жолына түсті.