1) философия жеке адамның, әсіресе, жоғары оқу орында білім алушы маманның Тұлға ретінде қалыптасуына маңызды ықпал етеді.
2) Философия адамға өмірлік бағыт-бағдар береді.
3) Философия дұрыс, ақылды ойлай білуге, өзі туралы тереңірек ойлануға әсерін тігізеді.
Белгілі философК.Ясперстің пікірінше, «философия тарихы — философиялық пайымдаудың маңызды элементі. Өткенге, тұтастың ең биік дүние-туындылары мен мүмкіндіктеріне үңілу арқылы ғана өз бойындағы айқындық пен кеңдік мүмкіндігін анықтауға болады» Философияның басқа ғылымдардан бір ерекшелігі — ол өзінің өткенін ешқашан жоққа шығармайды, керісінше, оны саралап, өзінің болашақ дамуына қажетті ой-пікір, көзқарас, идеяларды алып отырады. Философия тарихында адам ойының керемет жетістіктері, ең биік үлгілері жинақталған, бірақ олар танушы тұлғаның философиялық ойлау процесін шектемейді, оның шарықтауына, тұлғаның өзіндік «Менін» көрсетуіне шексіз мүмкіндік-кеңістік ашады.Философия тарихын құрайтын философиялық тұлғалар. Философиялық ой біз үшін оны пайымдаған тұлғалар арқылы ғана мәнді, себебі білімді жинақтайтын нақты адамдар және олардың өзіндік ерекшеліктері, басқаға ұқсамайтын жеке қасиеттері көбірек болған сайын ғылым мен мәдениетке қосатын үлестері де маңызды және мол бола түседі. Философиялық тұлғалардың, К.Ясперстің сөзімен айтсақ, «философия кеңістігіндегі субтанциялардың» қайталанбас дүниесіне үңілу, жеке өмірі мен шығармашылығын талдау, тіпті кейбір биографиялық кезеңдеріне назар аудару танушы субъектінің тұлғалық қалыптасуына маңызды әсер етеді. Мысалы, Сократ, И.Кант, Л.Толстой, Абай, Шәкәрім және тағы басқа ойшылдардың ақиқатқа жету жолындағы адами және ғылыми тазалығы философиялық ізденіске деген құштарлығы мен құрбандығы жастарға ой салып, олардың тұлғалық келбетінің қалыптасуына оң әсер ететіні сөзсіз. Философия тарихы біздің танымымызды тарихи тұлғалардың шығармалары, тағдыры, мінез-құлқы, өмір салты арқылы ашылатын өмірлік құндылықтармен толықтырады. Танушы субъект философияның көмегімен өз өмірін саналы түрде қайтадан, бұрынғыдан әлдеқайда жоғары деңгейде түсінуге жол табады. Осы ойымыздың мысалы ретінде тұлғаның өмір мәндік түсініктерінің қалыптасуындағы философияның рөлін айтсақ та жеткілікті.Философия тарихын зерттеу тұлғаның бойында адамшылық ережелерінің жетіліп-дамуының да ішкі қозғаушы күші бола алады. Жеке философиялық тұлғалардың моральдық ілімдерін, олар теориялық деңгейде зерттеп қана қоймай, іс жүзінде ұстанған парыз, әділеттілік, мейірімділік, адалдық, өзіне ғана емес, басқаларға да қызмет ете білу, жан-жақты жетілгендікке ұмтылу және тағы басқа моральдық принциптерді танып-білу, оны өзіндік өмірлік тәжірибеде жүзеге асыруға, мақсаттық жүйеге айналдыруға талпыну — индивидтен бірте-бірте тұлғаның қалыптасуына қажетті құрылымдар.
Философия тарихы адамның бойында еркін ойлау принциптерін қалыптастыруға ерекше ықпал етеді, себебі философия — рухтың жоғарғы еркіндігі саласы және философия тарихы еркін ойлау мен еркін өмір сүрудің тамаша үлгілеріне толы.
Еркіндік мәселесі — философия ғылымы ғасырлар бойы зерттеп келе жатқан, әлі шешімі табылмаған, маңызы қазіргі заманда арта түсіп отырған «мәңгілік» мәселелердің бірі. Философиялық ойлауға тән ашықтық, сыни верификация, реализм, скептицизм, өзін-өзі сынай білу философияны игеруші субъект-тұлғаның рухани дүниесінің қалыптасуына айқындаушы әсер етеді. Философия адамға өз өмірі мен тағдырын өзі айқындауға мүмкіндігі бар екендігін, таңдау еркіндігі адамның өз қолында екендігін түсіндіреді. Бұл мәселе, әсіресе, кішкентайынан тиым салу ережелерінің қатаң шеңберінде тәрбиеленетін қазақ балалары үшін аса маңызды екенін атап ету керек. Қорқыту, тиым салу арқылы емес, саналы еркіндіктің көмегімен ғана қоғамның еркін азаматтарын қалыптастыруға болады. Әрине, абсолюттік еркіндік мүмкін емес, бірақ саналы еркіндікке ие адам ғана өзінің индивидуалдылығын қоғамдық деңгейде жүзеге асыратын тұлғаға айналады.
Ойымызды қорыта келсек, философия ғылымы адамга өзі өмір суріп отырған орта — табиғат пен қоғамның даму заңдылықтары туралы, өзінің осы жуйеде алатын орны, өмірі, өмірлік мақсат-міндеттері туралы жан-жақты теориялық білім беретін, адамның көзқарасын қалыптастыратын, сонымен қатар практикалық сипатқа ие, қазіргі заман адамына аса қажетті ғылым болып табылады. “Философия” термині үш мағынада қолданылады: біріншіден, философия – дүниеге көзқарастың бір түрі; екіншіден, философия - өзінің зерттеу пәні бар ерекше ғылым саласы; үшіншіден, философия адамзат өмірінде айрықша орын алатын адамның рухани қызметінің үлкен бір саласы, қоғамдық сананың ерекше формасы.Философияның бұл үш мағынасы оның тарихында мәселе түрінде, немесе “философия” ғылым ба, әлде рухани қызметтің өз алдына саласы ма деген тұрғыда қойылып келеді.Философия адамның дүниеде болуының көптүрлі формалары мен жолдарын, сол формалар мен жолдардың ең алдымен мәнділігі мен мәндігін айқындау, сол мәндерді адам көңіл күйінде, жан толғанысында игеріп, әркімнің жеке басының өзіндік рухани ырзығы етудің түрі, соны жасаудағы рухани қызмет.“Адам-әлем” қатынасы философияның көптеген мәселелерін қамтитын танымның жүйелі субстанциясы. Сондықтан философияның негізгі қызметі – адамның дүниеде болуының белгілі бір мәнді жолдарын көрсету, өмірдің осындай формаларын бейнелеу.Философия – жалпы методология, яғни әдістердің теориясы, ал теория білімнің адекватты формасы. Философиялық заңдардың, принциптердің, ұғымдар мен категориялардың табиғат, қоғам, адам ойлауының дамуын, жалпы дүниетаным үшін маңызы зор.Философияның негізгі функциялары (қызметі): экспликациялық, рационализациялық, жүйелеу, сыншылдық, интегративтік, синтездеу, дүниеге көзқарастық, гносеологиялық, логикалық, гуманистік, аксиологиялық, тәрбиелілік.