Индустриалды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған бүгінгі жаһандану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие. Дамыған елдердің экономикасының үздіксіз алға басуы инновациялық қызметті үнемі қолдап, қуаттайтын және ынталандыратын саясаттың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл саясат ел экономикасының бұзып-жарып алға шығуын қамтамасыз ететін озық технологияны, басқарудың жаңа түрлерін, ғалымдар мен өнертапқыштардың ойлап шығарған жаңа дүниелерін тез өндіріске енгізіп отыруға бағытталған. Жалпы, президентіміздің өзі тікелей ендіріп отырған индустриалды-инновациялық саясаттың басты мақсаты шикізаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететін экономика салаларын инновациялық технологияларды ендіру жолымен мемлекеттің тұрақты дамуына қол жеткізу екені мәлім. Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында еліміз мүмкіндігінше тез осы жүйеге көшу керектігін атап өтеді. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында сервистік-технологиялық экономикаға өту үшін жағдай жасау керектігін де айтқан болатын. Жалпы, индустриалды-инновациялық саясат бойынша өңдеуші өнеркәсіптер және қызмет көрсету салаларында бәсекеге қабілетті және экспортқа негізделген тауарларды, жұмыстар және қызмет көрсетулер өндірісін дамыту мәселесі ең бірінші орынға қойылады. Индустриялық-инновациялық дамудың 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясының негізгі бағыттары бойынша елімізде жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет жоғары технологиялы өндірістер қалыптастыруға, оның ішінде шетелдік те, салааралық та технологиялар трансфертінің тиімді жүйесін жасауға жәрдемдесу үстінде. Сонымен қатар, жоғары ғылыми-технологиялық әлеуеті бар ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік ұйымдар мен кәсіпорындар желісі бар қалаларда қазіргі заманғы ғылыми және инновациялық инфрақұрылымды жасап, оның қазіргі заманғы элементтерінің қызметін (технопарктер, ұлттық ғылыми орталықтар, ғылыми-технологиялық аймақтар және c.c.) қолдауда. Индустриядан кейінгі экономика тұрғысынан алғанда озық салаларды дамытуда қазіргі ғылыми-техникалық әлеует салаларын пайдалану мүмкіншілігі біздің елімізде де берілген. Қазақстан қазірдің өзінде мына салалардағы әзірлемелер негізінде ғылымды көп қажет ететін өндірістерді дамыту үшін белгілі бір ғылыми базаға ие, оның ішінде: биотехнологиялар (ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен жануарлардың генотиптері, бактериялар штамдары және басқалары); ядролық технологиялар; ғарыштық технологиялар; жаңа материалдар, химиялық өнімдер және басқаларды жасау. Ғылыми-техникалық және өндірістік ұйымдар мен кәсіпорындардың инновациялық қызметін ынталандыруға, ғылым мен инновациялар салаларына инвестициялар тартуға, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласына инновациялардың жылдамырақ енуіне бағытталған заң шығару базасы да елімізде барынша жетілдіріліп жатыр. Бұл дегеніміз, бізде индустриалды-инновациялық саясаттың алғышарты жасалып қойғанын көрсетеді.
144. Н. Назарбаев. «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам»
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасын жария етті. Тұжырымдамада халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударылып, Үкімет алдына таяу мерзімде жүзеге асыру үшін 20 тапсырма жүктеді. Елбасы тапсырма беріп қана қоймай, қазіргі кездегі қоғамдық қатынастарға терең талдау жасады. Тапсырманың орындалуы бойынша Елбасы ай сайын сараптама жасап отыратындығын да нақты айтты.
Осы тапсырма арқылы Елбасы біздің қоғамда азаматтарды еңбекпен қамту, жұмыспен қамту қазіргі ең басты міндеттердің бірі екенін атап көрсетті. Елбасы бұл істі шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту арқылы шешуге болатындығын баса айтты.
Енді, сол тапсырмаларға тоқталып өтсек.
Орталық мемлекеттік органдарға елімізді әлеуметтік дамытудың жалпыұлттық Тұжырымдамалық Жоспарының жобасын әзірлеуді жүктеді. Біз осы жоспарды орындау бойынша нақты іс-шараларды атқаратын боламыз.
Әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімді модульдерін қалыптастыру қажет. Сондықтан өзін өзі жұмыспен қамтыған белсенді халықтың жағдайын және еңбекпен қамту саласының мүмкіндіктерін саралай отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойысу, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдісін жетілдіру керек.
Үкіметке 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесінкезең-кезеңімен әзірлеу Жоспарын дайындап, қабылдауды; ЖОО-лар мен колледждер түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізуді тапсырды.
2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару жүйесінің, жоспарлау, үйлестіру, сараптамалық жолбасшылық, үкіметтік емес сектормен әріптестік және басқа да мәселелерді қоса алғанда, тиімділігін арттыру жөнінен кешенді ұсыныстар енгізу; азаматтық қызметті заңдық реттеу мәселесін зерттеу;Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлеу тапсырмасы.