экономикасының ұстыны. Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту - маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар - Астана мен Алматы, одан соң - Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді. Көлік инфрақұрылымы - индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе. Сапалы заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайды деп мен талай рет айттым. Бұған қоса, Қазақстанның қатынас жолдары оның Еуропа мен Азия, Солтүстік пен Оңтүстік арасында орналасуы тұрғысынан маңызды мәнге ие. Елде жолдар желісін жасау үшін біз «Астана - Қарағанды - Алматы», «Астана - Павлодар - Өскемен», «Алматы - Қапшағай - Өскемен» автожолдарын салуды бастадық. Осы бағыттар бойынша пойыздар қазірдің өзінде екі есе жылдам жүріп жатыр. Логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту қажет. Ең алдымен біздің жүктерімізді тасымалдау үшін Кеден одағы аумағын барынша пайдалану туралы сөз болып отыр. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу, Парсы шығанағына шығу үшін Түрікменстан мен Иранға теміржол тартылды. Келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс. Жүктерді кедендік өңдеу мерзімдерін қысқартып, шекара өткелдерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, Ақтау портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт-импорт операцияларының ресімдерін жеңілдету керек. Біз ұзындығы 1200 шақырым болатын Жезқазған - Шалқар - Бейнеу жаңа теміржолын салып жатырмыз. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Бұл орасан құрылыс 2015 жылы аяқталады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Ал шығыста Тынық мұхиттағы Ляньюньган порты арқылы шығамыз,бұл жөнінде ҚХР-мен келісім бар. Біз энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытатын боламыз. Жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі жасыл экономика тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтты. Жасыл экономика бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек. Астанадағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек. Мамандар тобы Назарбаев университетінің қолдауымен осы жұмысқа кірісуге тиіс. Біз қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электромобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасауымыз керек. Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет. Сонымен қатар, ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпау керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан - уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз. Бесінші. шағын және орта бизнесті дамыту - ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр. Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес - біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жеке меншік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс. Шағын бизнесті мамандандыруды келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасымен дамыту шараларын қабылдау маңызды болмақ. Осы сектор субъектілерінің банкроттығының айқын тетіктерін енгізген жөн. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс. Мен Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдығы жоспарын «Бизнес-2020» жол картасымен үйлестіруді тапсырдым. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауы керек. Алтыншы. Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс. Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру керек. Үкімет пен әкімдер осы міндетті орындау үшін бюджет қаражатының бөлінуін қарастырғаны жөн. Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет. Үкіметке 2014 жылғы 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет. Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Екіншіден, денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық - алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі - медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу - аурудың алдын алудың негізі. Үшіншіден, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Төртіншіден, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қайта қарастырған жөн. Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізуді тапсырамын. Ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында - 28, білім беру саласында - 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бесіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс - бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын. Мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдірген жөн. Үкіметтен бастап жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың олармен жұмысын күшейткен маңызды. Кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу маңызды. Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысу туралы ереже енгізу керек. Жетінші. Мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек. Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс. Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс. Аса маңызды міндет - сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру.Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру керек. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, биылғы 1 шілдеге дейін осы айтылған барлық мәселелер жөнінде кешенді ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік мекемелердің кадр саясатына меритократия қағидаттарын енгізуді жалғастыру қажет. Үкіметке «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақысын 2015 жылғы 1 шілдеден бастап - 15 пайызға, ал 2016 жылғы 1 шілдеден бастап - тағы 15 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Мемлекетіміз бен қоғамымыз алдында тұрған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы нақты міндеттер осындай. Біздің алдымызда оларды заң жүзіне және нақты шешімдерге айналдыру міндеті тұр. Құрметті депутаттар және Үкімет мүшелері! Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылысымызды біз екі кезеңде жүзеге асыруымыз қажет. Бірінші кезең XXI ғасырдағы «мүмкіндіктер көзін» пайдалана отырып, жаңғыру серпілісін жасау қажет болатын 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Қазақстан осы уақыт ішінде дамыған елдердің өткен жүзжылдықтағы индустриялық дүмпу кезінде жасағанын жүзеге асыруы қажет. Мұны іске асыруға әбден болады. Оңтүстік Корея, Сингапур осындай жолдан өтті. Бұл кезеңде біз экономикамыздың дәстүрлі салаларының қарқынды өсімін қамтамасыз етіп, қуатты индустриялық өңдеуші сектор құрамыз. Екінші кезеңде 2030 - 2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет. Біз қуатты өңдеуші өнеркәсіп қалыптастырамыз.Дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшу жүзеге асырылып, ғылыми қамтымды экономиканың базасы ретінде инжинирингтік қызметтер дамиды. Көп нәрсе қалай бастауға байланысты екенін ескере отырып, енді биыл атқарылуға тиіс шараларға тоқталайын. Үкімет пен Ұлттық банкке осы жылға арналған нақты тапсырмалар беремін. Бірінші. Үкімет биыл экономика өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге тиіс. Бұл орайда биылғы жыл қорытындысы бойынша, халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14,5 мың доллардан кем болмауға тиіс. Екінші. Ұлттық банк пен Үкіметке 2014 жылғы 1 мамырға дейін инфляцияны орта мерзімді перспективада 3-4 пайызға дейін төмендетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын. Үшінші. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, 2014 жылғы 1 маусымға дейін Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын әзірлеуі қажет. Төртінші. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімін анықтауы керек. Тура осындай жұмысты қалған мемлекеттік секторларда да жүргізу қажет. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы қабылдануға тиіс. Бесінші. Үкімет жылдың соңына дейін Астана және Алматы қалаларында агломерациялар қалыптастырудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясы жобасын әзірлеуі керек. Алтыншы. Үкімет халықаралық сауданы іске асыру кезіндегі кедергілерді алып тастау мәселелерін қарастыра отырып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлесін. Жетінші. Төртінші мұнай өңдеу зауыты мен атом электрстансасының орны, инвестициялар көзі мен құрылыс мерзіміне қатысты мәселелерді Үкімет биылғы бірінші тоқсанның соңына дейін шешкені жөн. Құрметті қазақстандықтар! Менің серіктестерім! Біздің Стратегия-2050-дегі басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз нақты қағидаттарға негізделуге тиіс. Біріншіден, қабылданатын барлық шешімдердің прагматизмі мен эволюциялылығы қағидаты. Экономикада, саясат пен әлеуметтік тұрмыста ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюраларға жол беруге болмайды. Айналамыздағы әлем қалай тез өзгеретін болса, еліміз бен қоғамымыз да солай жылдам өзгеруге тиіс. Екіншіден, өзара тиімді ашықтық қағидаты. Біз экономикамызға шетелдік инвестициялар, технологиялар мен инновацияларды кеңінен тартатын боламыз. Инвесторлар үшін жұмысқа қолайлы жағдайлар жасаймыз. Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің осы маңызды тетігі арқылы экономикамыздың өңірлік, жаһандық экономикалық жүйемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыруға қатысуымызға, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімізге байланысты. Үшіншіден, бұл - қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру қағидаты. Қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі біздің басты мақсатқа ілгерілеуіміздің маңызды индикаторы болуға тиіс. Төртіншіден, бүкілхалықтық қолдау қағидаты маңызды мәнге ие. Менің халыққа Жолдауым біздің мақсаттарымыз бен міндеттерімізді түсіндіретін басты құжат болып табылады. Әрбір министр, әкім, кәсіпорын басшысы осы Жолдауды түсіндіру жұмысына және оған баршаны қатыстыру ісіне жетекшілік етуге тиіс. Жолдаудың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралардан әрбір қазақстандық хабардар болуы қажет. Бұл «Нұр Отан» партиясы қызметінің негізгі мәселелерінің біріне айналады деп сенемін. Ол үшін ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өздері Стратегиямыздың идеяларын білуге және мәнін терең ұғуға тиіс. Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің бүкіл құрамының, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы барлық осы міндеттерді орындауға бағытталуға тиіс. Жалпы, мемлекеттік органдардың құрылымы алдағы міндеттердің шешімімен үйлесім тауып, 2050 Стратегиясының мақсаттарын іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Қымбатты отандастар! Біздер, қазақстандықтар - бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр - бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар - уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл - Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл - қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл - зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл - индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл - тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл - еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр. Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын. Біз өз халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоямыз, сондықтан мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын! Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсысыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар! Қадірлі халқым! Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі - Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел! Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары - «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл - әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана - Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан-2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!