Көпжылдық сораңды шөлдер шөл аймағының барлық тармақтарында таралған. Бірақ та олардың өсімдіктер жабынындағы рөлі әртүрлі.
1. Бұйырғынды шөлдер (Anabasis salsa - Ежовник солончаковый). Сортаң бұйырғын - Қазақстан-Жоңғар-Солтүстік тұрандық түр. Оның ареалы өте үлкен территорияны алып жатыр. Батыста Ергения биіктігінен Шығыста Жоңғарға дейін. Солтүстікте Солтүстік Қазақстан жазықтығына дейін, ал оңтүстігі Каршин даласына дейін.
Бұйырғын - биіктігі 5-25 см (кейде 50 см дейін) жартылай бұташа. Оның тамырлары топыраққа 50-80 см тереңдікке дейін енеді, ал топырақтың беткі қабаттарында көптеген эфемерлік тамырлар қалыптасады.
2. Тас бұйырғынды (Nanophyton erinaceum - Нанофитон ежовый) шөлдер. Тас бұйырғын - Солтүстік тұрандық (Лавренко,1962), Тұран-Жоңғарлық (Рачковская, 1993) түр.
Түрдің ареалы батысында Каспий теңізінен шығысында Убсу-нур ойпатына және Жоңғар Гобиіне дейін, Солтүстігінде Солтүстік Қазақстан жазықтығына дейін, Оңтүстігінде Зерафшан жотасының батыс бөлігіне дейін алып жатыр.
Тас бұйырғынды қауымдар Маңғыстау,Үстірт, Бетпақдала, Солтүстік Балқаш маңы шөлдерінде таралған. Оңтүстікте тас бұйырғын Қызылқұм аласа тауларына дейін таралған. Шығыста Қытай Жоңғариясында Алтай және Шығыс Тянь-Шань таулары етектеріндегі жазықтықта тас бұйырғын негізгі доминант түр болып табылады. Монғолияда тас бұйырғын Барун-Хурай Убсу-нур ойпаттарында кездеседі.
Қазақстан және Орта Азия территорияларында тас бұйырғын қатысатын шөлдер территориясы 168,4 мың шаршы км. А.В. Прозоровский (1940) шөлдер өсімдіктері классификациясында тас бұйырғынды жартылай ағаш және шөлдік-жартылай бұташа типтеріне жатқызады. Р.В. Камелин флорогенетикалық классификациясында (1979) тас бұйырғындарды өсімдіктердің Иран-Тұран фриганоидтар типіне жатқызады.
3. Баялыш сораңды (Salsola arbusculiformis) шөлдер. Баялыш сораң-Солтүстік тұрандық (Лавренко, Никольская,1963) Тұрандық (Соловьев,1981) түр. Бұл түрдің ареалы Иран-тұран облыс тармағы территориясын түгел қамтиды.
Баялыш сораң ареалы біртекті емес,батыста бұл түр негізінен Үстірт қыратыныңСолтүстік бөлігінде, Маңғыстауды, Подуральск қыратының қалдықтарында және Солтүстік Арал маңында, Шығыста Қарсақпай қыратында,Бетпақдала шөлінде, Солтүстік Шығыс Балқаш маңында, Сырдария Қаратауының тау етегі тегістіктерінде және Шу-Іле тауларының, Іле және Зайсан ойпатында, Синьцзянда кездеседі. Ареалдың Солтүстік шекарасы Қазақ ұсақ шоқыларында Торғай ойпатында.Ареалдың Оңтүстік бөлігі жеке арал тәрізді учаскелермен көрінеді: Копегдагта үлкен және кіші Балқандар тауларында ең оңтүстіктегі пункті Иранда (34 Сол. ендік).
Е.М. Лавренко көзқарасы бойынша баялыш сораңы - шөлдің патшасы. Қазақстан және Орта Азия шөлдері шекарасында бұл өсімдік 250,7 мың шаршы км территорияда басым.
4. Бүршікті сораңды (Salsola gemmascens - солянка почечконостная) шөлдер. Salsola gemmascens Pull (тетыр - туркм, титр - узб) - Оңтүстік тұрандық түр.
Бұл түр Маңғыстаудың Оңтүстігінде және Үстірт қыратында, Батыс Түркменияда, Ферғана алқабында, Ыстықкөл ойпатында кездеседі. Солтүстікте Үстірт қыратында, шығыста Ыстықкөл ойпатында кездестіруге болады.
Бүршікті сораң - жартылай бұташа биіктігі, 15-25 см галофильді эвритопты түр.
Е.П. Коровин (1961) Орта Азия өсімдіктерінің классификациясында бүршікті сораң формацияларын өсімдіктердің галофиттік типіне жатқызады. Мамотов (1973) бұл түрді гипсофитке жатқызды. Бүршікті сораң белсенді қатысатын өсімдіктер қауымдарының жалпы ауданы 49 мың шаршы км. Оның 90% Оңтүстік тұран провинциясында негізінен бұл өсімдік түрі Батыс тұранының Оңтүстік шөлдерінде доминант болып саналады.
5. Кеуреукті шөлдер Salsola orientalis (Солянка восточная). Salsola orientalis (кеуреук - туркм, кеуреук - узбек) тұрандық түр (Иранға да кіреді). Бұл өсімдіктің ареалы Батыста – Каспий теңізінің батыс жағалауына дейін, Шығыста - Жоңғар қақпасына дейін жетеді, Солтүстікте - дала аймағында кездеседі, Оңтүстікте Бадхызға дейін жетеді.
Кеуреук - галофилді жартылай бұташа биіктігі 20-40 (85) см тамыры қалың гиис қабатынан өтіп топыраққа 2 м дейін енеді.
Кеуреук саздақ (суглинистый) және құмдақ (супесчаный) сұр-құба топырақтарда, тақырларда, тасты-ұсақ тасты беткейлерде өседі. Кеуреук белсенді қатынасатын өсімдіктер қауымдары ортаңғы және оңтүстік шөлдерге тән.
Өзбекстанда И.Ф. Моматов (1973) кеуреук доминант болатын 7 ассоциацияны бөліп көрсетті. Оларды 2 серияға топтастырды: галофитті және гипсофитті деп.
Кеуреук экологиялық тұрғыдан әртүрлі позицияда болуы мүмкін. Кеуреуктің қатысуымен мол территориялар Тұран шөлінің орталық әсіресе батыс бөліктерінде шоғырланған.
6. Көкпекті шөлдер (Atriplex cana – лебеда седая) Atriplex cana C. A. Меy. – Көкпек Солтүстік Қазақстан-тұрандық далалы шөлдік түр.Көкпектің ареалы Солтүстігінде - Торғай ойпатына дейін, Оңтүстігінде - Сурхандария өзені алқабына дейін, батыстан шығысқа қарай Еділ өзенінен Жоңғар Гобиіне дейін таралады.
Көкпекті өсімдіктер қауымы Солтүстік Тұранда (Каспий маңында, Арал маңында, Бетпақ далада, Солтүстік Шығыс Балқаш маңында, Алакөл және Зайсан ойпаттарында) өсімдіктер жамылғысында үлкен рөл атқарады. Көкпек - биіктігі 20-40 (50) см жартылай бұташа, галофил. Тұзды топырақтарда - сортаң, кебірлі сортаң өсімдіктер қауымдарын құрушы түр.
Көкпек - шөлдердің үлкен территориясында өсімдіктер жамылғысын құруға қатысады. Солтүстік тұран провинциясы шөлдерінде (101,7 мың шаршы км) белсенді рөл атқарады. Көкпектер солтүстік шөлдерде - 62% Каспий маңында, Торғай ойпатында, Арал маңында, Бетпақ далада, Ортаңғы шөлдерде - 31% Каспий маңы, Үстірт, Бетпақдала, Балқаштың шығысында, Алакөл және Зайсан ойпаттарында да кездеседі.