Философия –адамзат мәдениетінің қайталанбас және ерекше құбылысы. Ол әрқашан дәстүрлі және уақытына сай келеді. Философия деген не? Дүниеге қашан пайда болды? Қалай дамыды? Философия бұдан бірнеше мың жыл бұрын Қытайда, Үнді елінде, Египетте, Вавилонда пайда болды. Бұдан 2500 жыл бұрын (б.з.д. V ғасыр шамасында) Афин қаласындағы грек демократиясында классикалық түрге ие болып, ерекше білім ретінде қалыптасты
Көзқарастың тарихи түрлері: Миф, дін, философия. Дүниеге көзқарастың тарихи алғашқы түрі- миф (аңыз, ертегі). Мифология (гр mythos - аңыз, logos - ілім) қоғамдық сананың түрі. Миф - қоршаған ортаны қиял, керемет, ғажап ретінде қабылдауға мүмкіндік берді. Миф - мына негізгі сұрақтарға жауап беруге тырысады: әлемнің пайда болу жолдары, жер және адам қатынасы, табиғи құбылыстар, оларды түсіну, мәнін ашу, адам тағдырының көзі, адам қызметі мен оның табыстары, намыс пен ар мәселесі, қарыз бен борыш, этика және өнегелік, т.б.
Дін - көзқарастың бір түрі. Дін - табиғаттан тыс ғажап күштердің бар болуына негізделінген сенім. Ол адам өміріне және қоршаған ортаға ықпал етеді. Діни көзқарас қоршаған ортаны сезімдік, бейнелік - эмоциональдық түрде қабылдауды сипаттайды.
Философия – көзқарастың бір түрі. Ертеде әр нәрсенің себебін білігісі келгендер, діни ұғымдар мен жай ұғымдарға қанағаттанбай құбылыстардың түбіне үңіліп, сол туралы өзіндік пікір айтты. Оларды - «философ» деп атайды. «Философ» деген сөзді алғашқы рет гректің, ойшыл, математигі Пифагор (580-500 б.ғ.д) енгізді. Бұл термин Еуропа мәдениетінде Платонның (427-347 б.ғ.д) атымен тығыз байланысты. Philo - сүйемін, sophia- даналық, яғни даналықты сүйемін деген мағынаны береді. Араб тілінде «фәлсәфа» деп аталады.
Философияның негізгі бөлімдері (тараулары):
1. Онтология (ontos-тіршілік, logos-ілім) - болмыс туралы ілім.
2. Гносеология (гр gnosis-таным және logos-ілім) – таным туралы ілім. Эпистемология (гр. episteme – бiлiм, logos – ілім, сөз) туралы ілім.
3. Әлеуметтік философия - қоғам туралы ілім.
Философияның пәндері:
1. Логика, эстетика, этика, ғылыми әдістеме, ғылымдар философиясы (математиканың, астрономияның, физиканың, биологияның, т.б. философиялық мәселелері).
2. Антропология философиясы - адам болмысы.
3. Мәдениет философиясы - мәдениет әлемі.
4. Тарих философиясы.
5. Құқық философиясы - мемлекеттік заңдар әлемі.
6. Дін философиясы.
Дүние негізінің сапасына сай, философия материализм және идеализм болып бөлінеді.
Материализм - бұл философиядағы ағым, дүниенің негізі ретінде материяны (табиғатты) мойындайды.
Материализм тарих дамуында бірнеше сатыдан өтті:
1. Стихиялық материалистер - ертедегі Үндістанда, Грекияда құлдық қоғам тұсында, ғылыми білімдердің әлі дами қоймаған кезінде пайда болған. Фалес суды, Анаксимен ауаны, Анаксимандр апейрон, Гераклит отты, Ксенофан топырақты дүниенің негізі деп ойлаған.
2. Метафизикалық (немесе механикалық) материализм XVII-XVIII ғ жаратылыстану ғылымдарымен, әсіресе механикамен өзара тығыз байланыста дамыған. Механика заңдарын абсолюттендіріп, бүкіл табиғатты, тіпті әлеуметтік құбылыстарды да механика заңдары тұрғысынан түсіндіруге ұмтылғандықтан, бұл материализм механистік деп аталған. Оның өкілдері: Бэкон, Гоббсс, Гассенди, Спиноза, Ламетри, Дидро, Гельвецкий, Гольбах, т.б.
3. Диалектикалық материализм. Маркстік материализм бұрынғы философияға қарағанда мазмұны жағынан да, өзінің қоғамдық өмірдегі рөлі жағынан да сапалы, жан-жақты дамыған. Материализм мен диалектиканың органикалық бірлігіне сүйеніп, қоғамдық құбылыстарды да қамтиды.
Идализмнің екі түрі бар: субъективтік, объективтік идеализм:
Субъективтік идеализм – дүниенің, болмыстың негізі ретінде адамның санасы, адамның «менін» мойындайды. Бізді қоршаған дүние біздің түйсіктеріміздің жиынтығы деп санайды. Олар: Беркли, Мах, Авенариус, Фихте, Юм, Кант, экзистенциализм және феноменология жақтастары.
Объективтік идеализм - бұл философия ағымында дүниенің негізі ретінде объективті өмір сүретін идеалдық мән, яғни адам санасынан сырт және тәуелсіз өмір сүретін рух (Құдай, Абсолют, Әлемдік ақыл, т.б.) саналады
Ежелгі заманда агностицизм түріне:софистика, скептицизм және релятивизм жатады.
Софизм – ақиқат білімнің барына сенбей, елді өзіне қарату үшін мәселені әдейі шатастырып, жалған қағиданы дәлелдеу мақсатымен құрылған ой қорытындылары.
Скептицизм - объективтік дүниені танып білу мүмкіндігіне сенбей, күдікке көп орын беретін философиялық ілім (Пиррон).
Релятивизм (лат relativus - относительно, салыстырмалы) – объективтік болмысты білу мүмкін емес деп қарайтын және барлық білімді болжам деп есептейтін философиялық ілім.