Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Сыбайлас жемқорлықтық қылмыстың себептік-кешендік факторлары




 

Сыбайлас жемқорлық мәселесін зерттеген кезде мынадай сауал туындайды: сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері қандай және осы құбылыс неліктен осындай түрде жүзеге асады.[12] Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептерін зерттеу барысында бірқатар киындықтарға тап боламыз. Кейде бір фактіні сыбайлас жемқорлықтың себептері ме әлде салдары ма екенін анықтау да қиындық туғызады. [13]Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері жүйеленіп, мынадай жіктелім ұсынылады: әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдастырылған, құқықтық себептер, сондай-ақ мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Осы себептердің әрқайсысына тоқталайық.[14]

Әлеуметтік-экономикалық себептер. Сыбайлас жемқорлықтың кеңістік ерекшеліктерін талдау кезінде айқындалғандай, елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Алайда керісінше фактіні байқауға да болады. Халықаралық Валюта қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық елге келетін инвестициялар легін қысқартатыны, дарынды адамдарды өнімсіз жұмысқа тартатыны, бай табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануға жол беретіні, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құрылымдық экономикалық өркендеуді арттыруға бағытталған реформалардың жүргізілуін тежейтіні айқындалды. Елдің табиғи ресурстармен (орман, минералдық, су ресурстары) жақсы қамтылуы да сыбайлас жемқорлықтың дамуының бір факторы болып есептеледі. Елдегі бұндай байлыққа екі тұрғыдан қарауға болады. Бір жағынан, елде бай табиғи ресурстардың болуы ел экономикасы өркендеуінің негізі болып, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне себеп болуы керек. Екінші жағынан, табиғи байлық ел экономикасының өркендеуін емес, өзіне пайда алуды мақсат тұтқан сыбайлас жемқорлық субъектілерін қызықтырады.[15] Халықаралық Валюта қоры жүргізген зерттеу көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекетке түсетін жылдық табысты төмендетеді, себебі салық төлемеудің, салық төлеуден заңсыз босатудың мүмкіндіктері пайда болады немесе салық басқармасы әлсіз жұмыс істейді. Жемқорлықтың өріс алу себептерінің аса маңыздысы - мемлекеттік және жеке секторлар қызметкерлерінің еңбекақы көлемі.[16] Әрине, еңбекақысы төмен болғандықтан, шенеуніктер қосымша табыс көздерін іздестіреді, осындай жағдайда шенеуніктер ресми қызметтік міндеттерін асыра пайдаланып, пара алады. Мемлекеттік қызметшілердің табысы үлкен көлемді болғандықтан, олар өз қызметінің қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасамауына жағдай туғызады: қызмет бабында өз міндеттерін адал да мінсіз орындаған қызметшілерді көтермелейді, сыйақы беруге ұсынады, заңды түрде лауазымын көтереді. Осындай жағдайда лауазымды тұлғалар өз құзыреті шеңберінен шықпауға, заңды бұзбауға, әділ әрі адал болуға тырысады.[17]

Білім беру жүйесі экономиканың өрістеуінің аса маңызды жетістіктерінің бірі болып саналады. Қоғамның білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым моральдық-адами және құқықтық нормалардың бұзылуы өте сирек кездеседі. Осыған орай, қоғамның білім деңгейі мен сыбайлас жемқорлықтың даму деңгейінің арасында тиісті дәрежеде байланыс бар деген ойдамыз. Айтылғандарды қорытындылай келе, айтатымыз:

- жағымсыз элеуметтік-экономикалық факторлар кез келген мемлекетте сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы, өрістеуі және таратылуының себептері болып табылады.

- алайда жоғарыда көрсеткеніміздей, әлеуметтік-экономикалық факторлар белгілі бір жағдайларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қолданылған құралдар болуы әбден мүмкін.

Саяси себептер. Тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсер етеді. [18] Сыбайлас жемқорлықтың дамуына ықпалын тигізетін саяси факторларға мемлекеттік құрылымның ерекшеліктерін жатқызуға болады. Қоғамның демократиялануына байланысты сыбайлас жемқорлық «жаңа» салаларды игерді, бұл – саяси партияларды, электораттық лауазымдық қылмыстарды қаржыландыру, сайлауда сайлаушылар дауысының басым көпшілігін алуды қамтамасыз ету үшін саяси демеушілер жүйесін дамыту. Демократияландыру үдерісі саяси қызметті жүзеге асыру үшін орталық биліктің біршама өкілеттіктерін аймақтық және жергілікті билікке беруді көздейді, ал бұндай жағдай кейбір басшыларға жаңа конституциялық өкілеттіктерін асыра пайдалануға мүмкіндік береді.[19] Осы пікірге Швейцария мемлекеті дәлел бола алады, ондағы демократияның тарихи тамыры тереңде жатыр. Тарихи дерек көздер көрсеткендей, мемлекетте басқару нысанының күрт өзгеруі де мемлекеттік құқық бұзушылықпен қатар жүреді, ал халық ондаған жылдар бойы саяси тұрақсыздықтан зардап шегеді.[20] Мемлекетте қоғамдық - саяси бостандықтың орнығуы азаматтардың өзін мемлекеттің толық құқылы мүшесі ретінде сезінуге, билікті жүзеге асыруға, қоғамның істеріне араласуға бейімдейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің құралы ретінде әлеуметтік-құқықтық бақылау Жапония мен АҚШ-та кең өріс алды.[21]

Сөйтіп, жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:

- бостандыққа ие азаматтық қоғам - мемлекетте жемқорлық деңгейі өте төмен болуының кепілі.

- саяси тұрлаулылық, үкіметтің, басшылардың жиі ауысуы, сыбайлас жемқорлықтық өрістеуінің басты шарты.

- мемлекеттің жалпы саяси бағытының жиі өзгеруі елдегі әлеуметтік - экономикалық ахуалдың тұрақсыздығына әкеп соғады.

Ұйымдық-институционалды себептер. Соңғы кездері жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттіліктің институционалды негіздеріне сіңіп, олардың қызметінің тиімсіздігі, дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан, есеп беру және бақылау жүйесінде нақтылық болмағандықтан кең өріс алуда. Мемлекеттің ұлттық экономикаға араласу факторына нақтырақ тоқталайық. Экономика саласында мемлекеттің өкілеттігі кең тараған жағдайда сыбайлас жемқорлықтың дамуына алғышарттар қалыптасады, ал бұл – «мемлекет қоятын шектеулерден қашудың бірден бір тәсілі».[22] Шектеулер неғұрлым көп болса, соғұрлым сыбайлас жемқорлық өрістеп, тамыры тереңдей түседі. Осы пікірді дәлелдеу үшін АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі жасаған Инвесторларға арналған нұсқаулықтарды талқылайық. Осы Нұсқаулықта әлемнің 40 мемлекетінде инвестиция салуға және іскерлік операциялар жүргізуге келтірілентін процессуалдық және әкімшілік кедергілер туралы баяндалады және осы кедергілерді еңсеру тәсілдері ұсынылады. Осы Нұсқаулықта көрсетілген бағдар барлық жағдайда бірдей емес: егер инвестордың жүргізетін жұмысы көп уақыт алатын, қымбат бағаланатын және күрделі болса, ол жоғары деңгейдегі сыбайлас жемқорлыққа ұрынуы мүмкін. Мемлекетке инвестиция тарту ісінде жоғары лауазымдағы тұлғалар елеулі рөл атқарады. Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде үміткердің кәсіби біліктілігіне, мінез-құлқына, моральдық – этикалық ұстанымдарына баса назар аудару қажет. Нұсқаулықтарды талдау барысында барлық 40 Нұсқаулыққа тән заңдылық байқалды: инвесторларға келтірілетін бюрократиялық кедергілер мемлекеттің құқықтың жүйесімен тығыз байланысты. Құқықтық жүйесі жалпы құқыққа негізделген мемлекеттерде (Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа зеландия) бюрократиялық кедергілер жоқтың қасы, іс жүргізуде ашықтық басым, сол себептен сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен.[23] Билік және сыбайлас жемқорлықты бақылау бір-бірімен тығыз байланысты екені баршамызға мәлім. Сыбайлас жемқорлық – биліктің қауқарсыздығының көрсеткіші. Нақты институционалды ұйымның болмауы, қызметтің егжей - тегжейлі регламенттенбеуі, құқық бұзушылықтың бақыланбауы және жасалған қылмыс үшін жауапқа тартылмауы - басқару аппаратының қауқарсыздығына және сыбайлас жемқорлықтың дамуына әкеп соғады. [24]

Құқықтық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлық - бұл әлеуметтік жауыздық, біріншіден мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді, екіншіден мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіреді, үшіншіден қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік түрде құлатады. Мемлекеттік аппараттың тиімсіз ұйымдастырылуының салдарынан қоғамда құқықтық реттеудің кемшіліктері де орын алуы ықтимал. Құқықтық реттеудің кемшіліктеріне кейбір елдердің заңнамасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы мәмілелер жасасқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту және жазалау жүйесінің болмауы, мемлекеттік қызметті өтеу жөніндегі нақты ережелер мен регламенттің жоқтығы жатады. Ал бұндай жағдай ұйымдасқан қылмыспен астасып жатқан кәсіпкерліктің және биліктің тығыз байланыста жұмыс істеуіне өте тиімді. Осыған орай фаворитизм, протекционизм, лоббизм өркендеуде. Сонымен қатар непотизм мен саяси демеушілік те кең тараған. Сыбайлас жемқорлық қалыпты нормаға айналады. Ал бұл – құқық қорғау органдарының, көп жағдайда осы органдардың өзі де сыбайлас жемқорлыққа малынған, біріншіден, институционалды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге күші жетпейді, екіншіден құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық субъектілері өз заңдарына бағындырады.[25] Қылмыс жасағандардың басым көпшілігі жазаға тартылмағандықтан, қылмыстық істерін одан әрі жалғастыра береді. Көп жағдайда сот жүйесі сыбайлас жемқорлық субъектісіне қатысты өз бетінше және тәуелсіз шешім шығара алмайды. Тәуелсіз құрылымдар енгізілген бірқатар елдер (АҚШ-та тәуелсіз прокурор, Гонгконгта, Сингапурде, Малайзияда, Тайванда тәуелсіз комиссия) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде нақты жетістіктерге қол жеткізді. Бұндай мекемені құру кезінде билік пен мүлік, саясат пен ақша мәселесі жүйелі шешімін табуы керек.

Мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлыққа мәдени - этикалық факторлардың ықпал етуіне баға беру жеңіл емес, себебі бұл сала «материалды емес».[26] Алайда қоғамның мәдениеттілігін сыбайлас жемқорлықтың негізгі себебі ретінде қарастыруымыз тиіс. Дін, мәдениеттің ажырамас бөлігі бола тұрып, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың дамуының алғышарттары болуы мүмкін. Сондықтан қоғамда бір әрекет норма деп танылса, оны қылмыс деп жариялау қиындық келтіреді.[27] Осы жағдайға орай мынадай мысал келтірейік. Қытайда басты идеология конфуциандық болғанын білеміз, оның қағидаттары бойынша халық жоғары қызметтегі адамдарды «әкеміз» деп қарастырған. Сондықтан қабылдауға келмегеннен гөрі, қабылдауға сыйлықсыз келгені наразылық туғызған. Байқағанымыздай, бір елде кейбір құбылыс сыбайлас жемқорлықтық деп танылса, екінші елде оны сыпайылық танутышылық деп біледі. Мәселен, «керек» адамды мейрамханаға шақыру, «ерекше» бір көмегі үшін біреуге құнды сыйлық беру, жоғары оқу орнына түсуге көмектесу тағы сол сияқты этикаға жатпайтын қылық деп танылмайды. [28]

Сөйтіп, сыбайлас жемқорлық - бұл, біріншіден, мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді, екіншіден, мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіреді, үшіншіден, қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік тұрғысынан құлдыратады.

 

Халықаралық құқық пен Қазақстан Республикасының заңнамасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің дамуы

 

Жалпы дүниежүзінде жемқорлық әлемдік масштабтарға ие болды. Сыбайлас жемқорлық мәселесін шешуге БҰҰ, Еуропа Одағы, Еуропа Кеңесі, Америка мемлекеттерінің ұйымы, сонымен қатар, Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы қосылады. Тарихи дамудың қазіргі кезеңінде жемқорлықтың трансұлттылығы бүкіл қоғамдастық қауіпсіздігі үшін төндіретін қауіпті бейтараптандыру үшін халықаралық деңгейде жаһандық шаралар қабылдауды талап етеді. Халықаралық жемқорлыққа қарсы мыналарға бағытталған құқықтық, саяси, ұйымдастырушы шаралар кешені ретінде стратегия қажет: 1) қоғамдық жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру; 2) жемқорлықтың зияны туралы хабардарлықты көтеру; 3) жемқорлық құқық бұзушылықтарды сыныптаудың халықаралық стандарттарын қамтамасыз ету, заң құзыреті әділет параметрлерін унификациялау; 4) жемқорлық әрекеттерді айқындау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін оның алдымен қаржы саласында ашықтық атмосферасын жасау.[29]

Жоғарыда көрсетілген мақсаттарға жетуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат әр түрлі халықаралық ұйымдардың халықаралық -құқықтық актілеріне бағытталған. Жемқорлық мәселесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы үлкен көңіл бөледі. Әлемдік құбылыс ретінде жемқорлыққа қарсы бағытталған бірнеше декларация мен конвенциялар қабылданғанын төменде байқауға болады. 2003 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» Конвенциясын қабылдады.[30] Конвецияның жағымды жақтары көп, бірақ та Конвенцияда қарастырылған сыбайлас жемқорлықпен күресудің көптеген шараларына қарамастан, оларды орындау құқық бұзушыға деген тиісті санкциялармен қамтамасыз етілмеген. БҰҰ қарамағында құрылған ұйымдар жемқорлыққа қарсы құралдарды жасауда белсенді қызмет атқарады. Халықаралық қылмысты алдын алу орталығы, Біріккен Ұлттар Хатшылығының қылмысты алдын алу және нашақорлықты қадағалайтын басқарма аймақ аралық қылмыс бойынша Біріккен Ұлттар Институтымен бірге «Жемқорлыққа қарсы әлемдік бағдарламаны» жасады.

Шетелдік мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының парақорлығымен күресу жөнінде Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының 1997 жылғы 21 қарашада қабылданған және коммерциялық іс-әрекет жүргізу барысында шетелдік мемлекеттік шенеуніктерге пара беруді қылмыс деп жариялау мәселесіне арналған «Халықаралық іскери операцияларды жүргізу барысында шетелдік мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының парақорлығымен күресу жөнінде» Конвенция. Бұл конвенция коммерциялық ортада салауатты бәсекелестікті қалыптастыруда алғышарт болып есептеледі.[31] ЭЫДҰ сипатталған құқықтық бастамасының маңыздылығы үш кезеңмен анықталады. Біріншіден, ол Солтүстік және Оңтүстік елдерге сыбайластық төлемдердің ағылып келуін қысқартады. Бұл тиісті мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру үшін және сауда-саттықтың әділ жағдайларын сақтау үшін қолайлы ахуал жасауға тікелей септігін тигізеді. Екіншіден, ол жаһандық масштабта басқару нормаларын дайындау үшін үлгі бола алады.[32] Еуропа Одағы 1995 жылы «Өзінің қаржы мүддесін қорғайтын Конвенцияны» қабылдады. Осы құжатқа қосымша ретінде 1997 жылы Еуропа Одағы «Еуропа қоғамы және осы қоғамдардың мүше-мемлекеттерінің лауазымды адамдары кірген жемқорлыққа қарсы күрес туралы Конвенция» қабылдады. Еуропамен салыстырғанда 1996 жылы Америка мемлекетінің ұйымы көлемді құжатты қабылдады. Америка аралық Конвенция жемқорлыққа қарсы күресті кең түрде қолдайды. Бұл аймақтық келісім (АҚШ-ты қоса, АМҰ мүшелерінің көпшілігі қол қойған) мүше мемлекеттің өз аумағында конституцияға бағындырылған жемқорлық әрекетті жоюға бағытталған шараларды қолдануды, отандастарының және резиденттерінің шет елдегі әрекеттеріне жауап беруді талап етеді. Бұл Конвенцияны Оңтүстік және Солтүстік Американың 20 мемлекеті бекітті. Осы құжат мемлекеттің ішінде жасалған қылмысқа ғана емес, трансұлтты қатынастарға да таралады.[33] Аталған құжаттардың әрқайсысына үшінші бөлімде жеке - жеке тоқталатын боламыз.

Мыңжылдықтар тоғысындағы тарихы тереңнен бастау алатын сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отырғаны мәлім. Өз кезегінде, Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті етіп қойып, мәселені күн тәртібіне жиі шығаратын болды. Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте іс-қимыл жүйесін жасауда, заңнамалық база әзірлеуде еліміздің көшбасшылық жағдайды иеленіп отырғаны кездейсоқ емес. 1998 жылы Қазақстан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды бірінші болып қабылдады, онда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялық саясаттары белгіленді. Оның жүзеге асырылуына 10 жылдай уақыт өтті. Содан бері заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, заман талабына сай күресудің жаңа жолдары қарастырылды.[34] Алайда осы заңға дейін де ел Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қатысты бірқатар нормативтік актілерге қол қойған. Сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске арналған бірқатар жарлықтар бұл бағыттағы жұмыс сабақтастықта, өскелең түрде жүріп жатқандығына дәлел.[35] Сөйтіп, 1992 жылғы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің «Сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі іс-шаралар туралы» Жарлығы қабылданып, сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің ұйымдастырушылық және өзге де алғышарттарын қалыптастырды. Осындай қылмысқа ықпал ету шаралары айқындалды, оның ішінде тәртіптік, мүліктік және әкімшілік сипаттағы қылмыстың алдын алу шаралары. Жарлықта республикамызда қылмыстық кәсібиліктің нығайып, ұйымдасқан сипатқа ие болып келе жатқандығы, баяндалады.[36] Осы Жарлықтан кейін мынадай қаулылар қабылданды: 1992 жылғы 4 желтоқсандағы «Мемлекеттік басқару органдарындағы лауазымды тұлғалардың тәртіп, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік ахуалы үшін жауаптылығын арттыру туралы» қаулы, 1994 жылғы 11 ақпандағы «Қылмысқа қарсы күресті күшейту туралы» қаулы, сондай-ақ 1994 жылғы 9 маусымдағы «Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар туралы» қаулы және тағы басқа.[37] Осы құжаттардың барлығында парақорлық пен сыбайлас жемқорлық қоғамның, мемлекеттің мүдделеріне қайшы келетіндігінен, Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттарымен сыйыспайтындығы туралы және ерекше аталып өтіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 қарашадағы «Ұлттық қауіпсіздікті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті одан әрі күшейту жөніндегі іс-шаралар туралы» Жарлығы ұлттық қауіпсіздік органдарына, дәстүрлі міндеттерін шешуімен қатар, сыбайлас жемқорлық жолына түскен жоғары қызметтегі шенеуніктерге, әскери қызметкерлерге, прокурорларға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, арнаулы қызмет пен судьяларға, сондай-ақ контрабанда және есірткі бизнесіне қарсы күреске барлық күштерін жұмылдыруды міндеттеді. Ел басшылығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бет алысы батыл әрі дәйекті екенін атап өту қажет. Сөйтіп, 1998 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне арналған Үндеу жолдады. Елбасының осы Үндеуі 1998 жылғы 2 шілдедегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылданғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды және біздіңше, Үндеу аталған заңның кіріспесі ретінде қабылдануы тиіс. Аталған заңның негізіне БҰҰ және ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясының аясындағы халықаралық ұйымдар әзірлеген модельді актілер алынған. Заңның мақсаттары: Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі ережелерін жүзеге асыру; ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық мүдделерді қорғау. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету; сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және қылмысты ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік міндеттерді атқарытын лауазымды және өзге де тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың тиімді қызметін қамтамасыз ету.[38]

Республиканың заңнамасында осы заңда алғаш рет сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылыққа заңдық ұғым ретінде анықтама беріледі, олардың субъектілері айқындалады. Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағыттары тұжырымдалған, олардың ең бастысы Қазақстан Республикасы Конституциясы 39-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік міндеттерді атқаруға уәкілдік берілген лауазымды адамдардың, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол бермеушілік болып танылады.[39] Заңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықпен және ол үшін жауаптылық шаралары арнаулы тарауда тұжырымдалған. Сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық үшін тәртіптік, азаматтық - құқықтық, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген. Сыбайлас жемқорлық мәселесі заңмен қоса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодекстің 13 тарауының 41бабында, сондай-ақ 176 бабының 3 тармағында: жеке меншікке қарсы қылмыстар; 193 бабының 3 тармағы мен 209 бабында: экономика қызмет саласындағы қылмыстар; 307-315 баптарында: мемлекеттік қызмет қызығушылығына қарсы бағытталған жемқорлық әрекеттер, 380 бапта: әскери қылмыстар жайы.[40] Ал, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің жемқорлық мәселесі 532 - 537 баптар аралығында айтылған.

Осы заңды орындау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен 1999 - 2000 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алғашқы мемлекеттік бағдарламасы бекітілген.[41]

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 20 шілдедегі №1015 қаулысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың әлеуметтік - экономикалық және қаржылық шараларын жүзеге асыру бойынша Үкімет іс-қимылының бағдарламасы бекітілген.

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі стратегиясын іске асыру мақсатында 2001 жылғы 5 қаңтарда 2001-2005 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің екінші мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.[42] Аталған бағдарлама алдынғы бағдарламаның логикалық жалғасы болып, сыбайлас жемқорлықты, әсіресе экономика саласындағы сыбайлас жемқорлықты, туғызатын жағдайларды айқындаудың және жолын кесудің тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған шараларды көздейді.[43].Адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс институттары нығаюда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 29 қарашадағы «Адамдар мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру» Жарлығымен халқаралық стандарттарға сай келетін Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің (Омбудсмен) құқық қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді.[44] Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына 2005 жылғы 18 ақпандағы жолдауында сыбайлас жемқорлыққа және қылмысқа қарсы күрестің нәтижелері мен мәселелерін талдай келе, Қазақстанның кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы заңды қабылдаған алғашқы мемлекет екенін ескеріп, халақаралық конвенцияларға қосылғанын атап өтті. Осы мәселеде Қазақстан соңғы орында еместігі баршамызға мәлім.

2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасында (үшінші бағдарлама) сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономикаға көшу, инвестициялар тарту процестерін тежейді, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына жағымсыз әсер етіп, еліміздің болашақта дамуына қауіп төндіретіні айтылған.[45]

Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына 2006 жылғы 1 наурыздағы жолдауында мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес белгіленді.[46] Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметіндегі тәртіпті нығайту бойынша шаралар туралы» Жарлығы жүзеге асырылуда. Осы Жарлықты орындау үшін әкімдердің, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалықты бұзғаны үшін жауаптылықты арттыру бойынша шаралар қолданылуда. [47]

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен «Мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы кодексі» бекітілген. Бұнда әлемдік тәжірибе ескеріліп, мемлекеттік билік органдарының беделін арттыруға бағытталған мінез-құлықтың негізгі этикалық нормалары белгіленген.[48] Елбасы Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент өкілдерінің, облыс және Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің, құқық қорғау және бақылау органдары басшыларының қатысуымен өткізетін кеңестерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін талқылау еліміздің саяси өмірінің нормасына айналды. Сан алуан түрде көрініс беретін сыбайлас жемқорлықтың басты ерекшеліктері ескеріле отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңнаманың іс жүзінде жыл сайын жетілдіріліп жатқанына көзіміз жетіп отыр. [49] Мемлекет басшысының «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресгі мемлекеттік саясатқа жаңа серпін берді.[50] Президент жолдауында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға орай және әкімшілік реформаның мақсаттарынан туындайтын мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру міндеттері қойылған.

Президент Н. Назарбаев Қазақстанның әлемнің ең бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ену бағдарламаларын ұсынды, онда сыбайлас жемқорлықпен күрестің жалпы ұлттық бағдарламаларын дәйекті түрде жүзеге асыру күрестігіне баса назар.[51]

Елбасы жанында консультативті-кеңестік орган – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасын сақтау мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс жүргізуде. Осы орган өзін тек талдау органы ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі бойынша нақты істер атқаратын орган ретінде де орнықтырды. [52] Сонымен бірге 2004 жылы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттік (қаржы полициясы) құрылған. Осы органның жұмысы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстың себептерін анықтауға, осындай құбылысты туғызатын жағдайлардың жолын кесуге бағытталған.[53] Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылығы 25 ақпандағы «Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігін (қаржы полициясы) қайта ұйымдастыру туралы» Жарлығы қабылданып, агентіктің Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастыруын жүктеді.[54]

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2005 жылығы 8 сәуірдегі «Қолданыстағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесімдерге оларда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жағдай туғызатын нормалардың болуы тұрғысында тексеріс жүргізу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы» №82-Өкімі шықты. Осы өкімде тексеріс жүргізудің нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін көрсетілді. Осының нәтижесінде, 2007жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ведомствоаралық комиссия құрылды.[55] Сол жылдың 20 наурызында «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 217 қаулысы шықты. Ондағы Нормативтік құқықтық актілер жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге жолдау өлшемдеріне сәйкес келетін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша міндетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге өзгерістер еңгізілді.[56] Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамалар аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүргізуді Қазақ гуманитарлық-заң университетінің құқықтық қамтамасыз ету және сараптама орталығы жүзеге асырады. Жемқорлыққа қарсы алғашқы нормалар қоланыстағы заңдарды жетілдіру мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның екінші отырысында мақұлданған. НҚА жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу жөніндегі әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес анықталады.[57]

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте сыннан өткен шараларды тұжырымдау жөнінде қоғам мен мемлекет арасында өзіндік көпір бола отырып, осы функцияны «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жуырда құрылған қоғамдық кеңес те өз жауапкершілігіне алып, көптеген іс тындыруда. [58]

Осы жылдың 4 мамыр күні біз БҰҰ-дың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» Конвенцияның мүше-мемлекеті болып кірдік.[59] 140 мемлекет қосылған Конвенция елімізге осынау қоғамдық індетпен күресте жаңа міндеттер жүктейді. Сондықтан Конвенцияға қосыла отырып, Салық кодексіне салық органының салық төлеушіден ірі сомадағы сатып алу немесе сату, дүние мүлкі туралы сұрау салуға құқық беру туралы арнайы баптар енгізу қажет.[60] Жүргізілген зерттеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру үшін, адамның жеке басына, оның құқықтары мен заңды мүдделеріне төніп тұрған жемқорлықпен күресу салаларында, сондай-ақ экономика және қоғамдық қауіпсіздік салаларында жағдайларды саралауға; Республикада жемқорлықпен күресудің барлық жүйесін ресурстармен және кадрлармен қамтамасыз етуді жетілдіру туралы ұсыныстар жасауға баса назар аудару қажет екендігін көрсетеді. Сөйтіп, қорыта келе айтатынымыз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында мемлекет жүргізген жүйелі және дәйекті саясаттың арқасында бірсыпыра оң нәтижелерге қол жеткізілгені байқалып отыр.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-03-12; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 2037 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Если вы думаете, что на что-то способны, вы правы; если думаете, что у вас ничего не получится - вы тоже правы. © Генри Форд
==> читать все изречения...

2262 - | 2187 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.014 с.