Адам санасына бірден әсер етіп, тікелей образ тудыратын түрткі- сигналдардың бірі – түр-түс бейнелері. Әрине, қалыптасқан түстерге жалпыадамзаттық бейнелілік те тән. Мәселен, ақ – пәктіктің, сары – сағыныш пен уайымның, көк – бейбітшіліктің нышаны екені адамзат санасында әбден орныққан. Мұнда әр халықтың жеке танымдық ерекшеліктері деген мәселе де бар. Сондай-ақ, қара түсті де қуаныштың белгісі деп қабылдамайды. Алайда, жоғарыда атап кеткендей, халықтық дүниетанымды ескерер болсақ, осы қара түстің біздің танымымыздағы орны өзгеше екендігін білеміз. Еуропа халықтарында қалыптасқандай «траур»-дың нышаны болғанымен, қазақта қара түстің басқа да сипаттары бар. Сонымен қатар олар халық санасына әбден сіңісіп, белгілі бір өзіндік образдарды да тудырады. Атап айтар болсақ, қара – «қарапайымдылық», «даралық», «ірілік» образдарына да енген. Бұл сипаттар ғасырдан ғасырға өтіп, мәңгілік образ деңгейіне де көтеріле алды. Әдебиет – халық санасының көркем түрде танылуы болғандықтан, осы түс атауының ақын-жазушылар шығармаларында көрініс табуына назар аударайық:
Әділ туған хандары
Қара берен батырға
Беремін деп бермейді,
Өтірік сөзден өлмейді,
Бұл сықылды хандары
Бұл сықылды батырды
Жалған сөзбен қысар ма?
Хан мен қара келген соң,
Сіз сықылды батырға
Ашуын бермей кетсе, ұқсар ма? [4, 80] –
деп келетін "Ер Тарғын" жырының үзіндісінде "қара" сөзі екі бірдей образға еніп отыр. Бірі – ірі тұлғалы батыр бейнесін елестетсе, екіншісі – қарапайым халық, ел-жұрт деген образды алдымызға алып келеді. Демек, бұл түс атауы басқа да сипаттарға ерте кезден бастап иеленіп келе жатыр деп айтуымызға болады.
Ал Махамбеттің «Толарсақтан саз кешіп» өлеңіндегі «қара» сөзіне мән берсек, бұл үзіндіде де іріліктің, асқан батырлықтың образына еніп тұрғанын аңғарамыз:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға,
Қас үлектен туған кәтепті
Қара нар керек біздің бұл іске[4, 170].
Адамзат ердің баласы,
Айдарына малы жоқ,
Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды,
Қоспақтан туған қортықша
Қатарға шығып, нар болды, [4, 183] –
деп жырлаған Мұрат ақын да «қара» деп қарапайым адамның образын келтіріп тұрғаны түсінікті.
Немесе Абайдың қара сөздері мен Мұқағалидің қара өлеңдерін алатын болсақ та, өзінің тікелей сөздік мағынасынан басқа тереңірек образдылыққа ие екенін көреміз.
Қазіргі таңда «қара» түсінің өзге де образдық сипаттары халық санасында сақталып-сақталмағандығын білу үшін біздің заманымыздың Т.Тәшенов сияқты ақындарының өлеңдеріне жүгінейік. Ақынның көптеген өлеңдерінің тақырыптарының өзі «қара»-мен байланысты екенін көруге болады. Мысалы, «Қарашаңырақ», «Қарабұлақ жазы», «Қайран, Қарабұлағым!», т.б. Осындай «Қара ағаш» деп аталатын өлеңінде қара ағаш арқылы ерекше төзімді адамның образын ашады:
Тереңдіктен болар, бәлкім, тамыры,
Қара ағаштың ерекше ғой сабыры.
Терек сынды тұрмағанмен жиі ән сап,
Қарағайдай тұрмағанмен би аңсап,
Болмағанмен қайың сынды ұялшақ,
Қоңыр күймен тұратұғын елеусіз
Сол қара ағаш жүрді қоңыр қиял сап [9, 111].
Демек, «қара» түсінің сан қырлы образдылығы әлі де сақталған. Ал ол, өз кезегінде қазақ халқының мәңгілік образына айналғандығын білдіреді.
б) Халық дүниетанымында осындай жалпыдан жалқылыққа енетін, яғни синекдохалық тәсілдермен жасалған көптеген сөз-ұғымдар, сөз-образдар, сөз-символдар («Алаш», «от», «өрт», «ой», "у ", "өлім ", "арыстан ", т.б.) бар.
«Айталық, Мағжанның «Ертегі» поэмасындағы «от», «өрт» сөзіне қатысты сөйлемдерді тізбектейік:
1. Бүгін жаным өртке оранған жанға ұқсап,
Бүгін жаным тым аңсады от құшақ.
2. Аспанға өрлеп заулап жанған өрт екен.
3. Есіл Кене заулап жанған өрт екен.
4. Зулаған өрт, ойнаған от. Күн еді.
5. Тап сол кезде ер жүрегі от екен...
6. Ерте күнде ерлер екпінді өрт екен.
«Дерт» сөзіне байланысты тоқылған ой-толғаныстар:
1. Алты Алаштың жүрегінде дерт екен.
2. Сыздық ердің жүрегі шер, дерт екен...
3. Алты Алаштың жүрегінде дерт пе екен?!
4. Ертегі айтады, дертті балаң Жәжекең» [2, 86].
Мұндай сөз-символдар мен сөз-образдардың мәңгілік образдарға айналу есебінен танымдық аясы айтылғаннан да кең болуы мүмкін. Себебі, «от», «өрт» сияқты сөз-символдар тек қазақта ғана, басқа да көптеген халықтарда ыстық сезім, ыстық қайрат деген ұғымдарды береді. Ал «алты Алаш» тек қазаққа ғана тән мәңгілік образ тудырушы сөз. Өйткені ол тек қазаққа ғана ұғынықты түсінік. Бірақ ол ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұғым болғандықтан, мәңгілік образ, яғни мәңгілік сөз-символға айналған.
Мысалы, М.Мақатаевтың өлеңдерін алар болсақ, ол оларды тұнып тұрған сөз-образдар деп айта аламыз.
Шешем менің – иілген сұрау белгі,
Дауылдар майыстырған мына белді, –
Деген жолдарында ақын суретті образ жасайды. Образға барар алғашқы баспалдақ – суретті сөз. Мұқағали шығармаларында әр метафоралар бұрынғы дәстүрлі деңгейдегі сөз ауыстыруларға, символдық мәні бар метафораларға, яғни сөз-символдарға ұласады. Символ – ұлттық мәдениеттің көрсеткіші. Мәселен, құстың, жан-жануарлардың атаулары – халқымыздың бұрыннан келе жатқан символдары. Мұқағали тілінде құстар символикасының орны ерекше. Әсіресе, аққу – әдеміліліктің, тектіліктің, махаббатқа адалдықтың, қазақы мәдениеттің символы ретінде бейнеленеді. Оған дәлел – ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы аққу образы.
...Аққулар...
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!
Сондай-ақ, сандуғаш, тотықұс, жапалақ, бүркіт, торғай атауларына қазақ халқының ұғым түсінігін, табиғат бейнесін, санасында жағымды, жағымсыз образдарды қалыптастырған. Мұқағали бүркіттің адал достығы мен тектілік, батылдық қасиетін, құсбегілік салтының бір бөлшегін «еркіндік» символына айналдырған. Бүгінде еліміздің туында еркін шарықтап ұшқан қыранның бейнеленгені – оның осы мәңгілік образға айналғанының көрінісі.