ЖЕКЕ ТОКСИКОЛОГИЯ
Пестицидтер әсерінен туындайтын уланулар
Фосфорорганикалық қосылыстардан улану
Фосфорорганикалық қосылыстар (ФОҚ) - фосфор қышқылының (фосфорлық, пирофосфорлық, фосфорлы, фосфондық, фосфиндік, тио және дитиофосфорлық,тиофосфорлы) күкірттік немесе азоттық туындылары. Олар инсектицидті, акарицидті және фумигантты әсер етеді.
Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында ФОҚ-дың жанаса және жүйелі түрде әсер ететін 25-тен аса түрлері бар.
ФОҚ-дың жанаса әсер ететін препараттары:
хлорофос, ДДВФ, метафос, дифос, этафос, циодрин, карбофос, диазинон, дурсбан, үшхлорлыметафос.
ФОҚ-дың жүйелі түрде әсер ететін препараттары:
гардона, силикрон, токутион, фозалон, бутифос, неоцидол, золон және жанаса-жүйелі әер ететіндер: антио, фосфамид, фталофос, гетерофос.
Көптеген фосфоорганикалық пестицидтер ағзаға терілік – резорбтивті (қанға сіңу) әсер етеді. Мұндай препараттар: метилмеркаптофос, бутифос, циодрин, тиодан.
ФОҚ-тар көбінесе мида, жұлында, өкпеде, жүректе, бауырда, бүйректе, бұлшық еттерде жинақталады. Тотығу процестерінің әсерінен тиофос фосфаколға, карбофос имидоксонға, диазинон диазоконға,антиофосфомидке, метилнитрофоскаранитрокрезолға айналып, өздерінен де аса уытты қосылыстар (метаболлиттер) түзеді.
Фосфоорганикалық қосылыстар өндірісте сұйық (органикалық ерітінділердегі және судағы ерітінділері) және ұнтақ (дуст) түрінде шығарылып, қолданылады.
Жануарлар ФОҚ-дан ас қорыту және тыныс алу жолдары, тері арқылы уланады. Сонымен қатар, уытты заттармен ластанған азықтарды, мал өнімдерін қолдану, уланудың негізгі көзі.
Өсімдіктерді жүйелі түрде әсер ететін ФОҚ-мен өңдегенде, олар өсімдіктердің тамыры, сабағы және жапырақтары арқылы барлық ұлпаларына тарап, 30 күннен 60 күнге дейін өсімдік құрамында уытты әсерін сақтайды. Өңделген өсімдіктерді осы уақыт ішінде қолдану ауыл шаруашылық малдары мен жәндіктерге аса уытты. Ал жанаса әсер ететін препараттармен өңделген өсімдіктерді 6 күнге дейін қолдануға болмайды.
Бұл препараттар жанасу нәтижесінде жәндіктердің хитин және балауыз қабықтары арқылы тез өтіп, жаппай өлімге ұшыратады.
• ФОҚ жүйке жүйесін салдандырып әсер етеді. Яғни жүйке жүйесі ферменті - холинэстеразаға тікелей, әлсірете әсер етіп, нәтижесінде ағзада ацетилхолин шамадан тыс көп мөлшерде жинақталып, өзінің уытты әсерін көрсетеді.
• Онымен қатар фосфорорганикалық қосылыстар эстераза, протеаза және пероксидаза секілді басқа да ферменттердің қызметін әлсіретіп, каталазаның белсенділігін күшейтеді. Кейбір ФОҚ тек М-холинореактивті жүйеге әсер етсе, басқалары М-холинреактивті жүйеге ғана емес, Н-холинореактивті жүйеге де әсер етеді.
Жүйке жүйесіне әсер ету ерекшеліктеріне, клиникалық белгілеріне қарай фосфорорганикалық қосылыстарды үш топқа бөледі:
1. Мускарин тәрізді ФОҚ-тармен уланғанда көрінетін клиникалық белгілер - миоз (көз қарашығының тарылуы), бронхоспазма, сілекей ағу, шектен тыс терлеу, ішектің жиырылуының күшеюі және іш өту секілді белгілерімен сипатталынады.
2. Никотин тәрізді ФОҚ-тармен уланғанда – қаңқа бұлшық етінің треморы, аяқтардың дірілі, қан қысымының жоғарылауы, орталық жүйке жүйесінің қозуы және салдануы сияқты белгілер көрсететіндер.
3. Кураре тәрізді ФОҚ-тармен уланғанда - қаңқа бұлшық еттерінің, соның ішінде мойын, кеуде бұлшық еттері тонусының әлсіреуі сияқты белгілерімен ерекшеленеді.
Көптеген фосфоорганикалық қосылыстардың өткір, жағымсыз иісі болады. Олар суда нашар, органикалық ерітінділерде (бензол, спирт, эфир т.б.) жақы ериді. Судағы ерітінділерін сулы эмульсия түрінде, белсенді жуғыш заттар ретінде қолданылады.
ФОҚ-ға сезімтал жануарлар:
мүйізді ірі қара мал, қой-ешкі,
ФОҚ-ға сезімталдығы төмен:
жылқы, шошқа, тауықтар және үйректер.
ФОҚ-дың жанаса әсер ететін препараттары
Дифос (биотион, абат, темефос, нимитокс) - ақ түсті кристалды зат. Суда нашар, толуолда жақсы ериді. Жылы қанды жануарларға уытты әсері әлсіз. ЛД12 тышқандар үшін 2000-2300 мг/кг, қояндарға 970-1930мг/кг. Шыбын- шіркей личинкаларына, әртүрлі жәндіктерге қарсы қолданылады. Өсімдіктердің өсу процессіне зиянын тигізетін жәндіктерге де әсері айтарлықтай күшті.
Хлорофос (диптерекс, дилокс, тугон, негувон, рицифон) - ақ түсті, суда және көптеген органикалық ерітінділерде жақсы еритін кристалды ұнтақ. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында кеңінен қолданылатын, уытты әсері төмен препарат. Мақтаның, күнбағыстың, жүгерінің, картоптың, қызылшаның және т.б. дәнді-дақылдардың зиянкестеріне, онымен қатар жануарлардың эктопаразиттеріне, оқыраға (оқалақ) қарсы пестицидтер ретінде қолданылады. Жануарларға өлтіре әсер ететін мөлшері: 300-500 мг/кг, организмде жинақталу дәрежесі (кумулятивтілігі) төмен. Ауыз арқылы енгізілген хлорофос, қанда 1-3 сағаттан кейін байқалып, 3-5 сағаттан кейін несеп арқылы сыртқа бөлінеді. Тері арқылы әсер еткен хлорофостың, ауыз арқылы енгізілген түріне қарағандағы уыттылығы төмен. Ашық жерде (далада) хлорофостың әсері 3-5 күн, бөлме жағдайында 2 аптаға дейін сақталады.
Карбофос (мелатион, фостион, сумитокс) - сұрғылт түсті, органикалық ерітінділерде жақсы еритін, иісі шіріген тұрып (редька) иісі секілді, жағымыз, қоюлау сұйықтық. Сумен нашар әрекеттеседі (еру дәрежесі жобамен 150мг/л). Жануарлар үшін уыттылығы орташа. Кумулятивті әсер етеді, сілтілер әсерінен құрамын бұзады. Малдардың жасына, түріне және жынысына қарай бұл препаратқа сезімталдығы әртүрлі. Мысалы, карбофостың бұзауға уытты мөлшері 10-20мг/кг болса, ірі малдар үшін 50-100мг/кг. Өлтіре әсер ететін мөлшері мүйізді ірі қара үшін 200мг/кг болса, қойлар үшін 150мг/кг. Карбофостың 100мг/кг мөлшері балапандардың бұлшық еттерін әлсіздендіріп, 3 апталық балапандарға өлтіре әсер етеді. Мөлшері (ЛД50) 200-400 мг/кг, ал ересек құстарға 150-200мг/кг. Препараттың 1%-ды ерітіндісімен бұзауларды бүрку (опрыскивание) оларды өлімге ұшыратса, ал құстарды карбофостың 1,25 % ерітіндісімен немесе 4 % ұнтағымен (дустымен) шомылдырудың ешқандай зияны жоқ. Карбофоспен өңделген шабындықтарда, оның иісі 25 күнге дейін сақталынады.
Карбофос - азықтық заттарды зиянды жәндіктер мен кенелерден, жануарларды әртүрлі эктопаразиттерден қорғауға арналған инсектоакарицид.
Тиофос (паратион)- күңгірт-қоңыр түсті, иісі сарымсақтікі секілді, қою майлы сұйықтық. Сумен жақсы араласып, сарғыш-жасыл түсті эмульия түзеді. Қайнатқан кезде уыттылығы жоғарылайды. Малдар үшін уытты. Өлтіре әер ететін мөлшері 13-25 мг/кг. Тиофоспен өңделген жайылымдарға малдарды 20-25 күннен ерте шығаруға тиым салынады. Көкөніс зиянкестеріне қарсы қолданылады.
Октометил (сирадан, пестокс-3) - жабысқақ, тұтқыр, күңгірт қоңыр түсті, иіссіз, судағы ерітіндісі (эмульсия) бұзылмай ұзақ сақталатын сұйықтық. Тері арқылы тез сіңіп, малдарға өте уытты, кумулятивті әсер етеді. Өлтіре әсер ететін мөлшері 10-30 мг/кг. Құрамында октометил кездесетін азықтарды, препарат ыдырап кетпейінше,1-3 айға дейін қолдануға болмайды.
Меркаптофос (диметил 0-2 этилтиофосфат, метасистокс, деметон, внуран) - майлы,ашық-қоңыр түсті, өткір жағымсыз иісі бар, сумен жеңіл араласып, ашық-сары түсті эмульсия түзетін, өте уытты, кумулятивті сұйық зат. Өлтіре әсер ететін мөлшері 3-10 мл/кг. Меркаптафостың екі изомері бар: тиондық және тиолдық. Тиолды изомері тионды изомеріне қарағанда уытты. Ұзақ уақыт сақтау барысында меркаптофостың уыттылығы артады, яғни тиолды изомерінің саны ұлғаяды. Құрамында 0,35 мг/кг мөлшерінде меркаптофос бар азықтар мен азық-түліктерді қолдануға тиым салынады.
ДДВФ(0,0-диметил–0-2,2-дихлорвинилфосфат,дихлорофос, вапона, нуван) - ацетонда және т.б. органикалық ерітінділерде жақсы, суда нашар еритін түссіз сұйық. Тері арқылы өлімге ұшырататын мөлшері (ЛД50) 23-87 мг/кг. Аралар жиі уланады. Өсімдіктермен жануарларға зиянды әсер ететін жәндіктерге және кенелерге қарсы, сонымен қатар, қора-қопсыларды дезинфекциялау (залалсыздандыру) үшін қолданылады.
Циодрин (кротоксифос) – керосинде, ацетонда және т.б. органикалық ерітінділерде жақсы, суда нашар еритін, ашық -сары түсті сұйық зат. Өте уытты препарат. Ауыл шаруашылығы малдарының эктопаразиттеріне қарсы, сауылатын сиырларды өңдеу үшін қолданылады.






