Дәуірдің кезеңделуі
Тас ғасырынан кейін қола дәуірі келді. Біздің жерімізде қола дәуірі б.з.д. 3-мыңжылдықта басталған. Қола дәуірі адамзат баласы тарихында ерекше орын алады. Бұл дәуірде адамзат металды игерді. Ал өндіріске металдан жасалған құралдардың енуі еңбек өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына себеп болды, жаңаша әлеуметтік қатынастарды қалыптастырды. Осы мәселелерді таратып, талдап көрейік.
Адамзат баласының ой-санасы, өмір сүру тәжірибесі заман өткен сайын өсіп, өзгеріп отырды. Өндірістік тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа берілді. Сөйтіп, қоғамдық дамуда көбіне алға басу, ілгерілеушілік болып отырды. Қоғамдық дамуды біз тек ұдайы алға басу тек сатылап биікке әрлеу деп түсінбеуіміз керек. Адамзат қоғамының тарихында әр түрлі себептермен (табиғи зілзалалар, соғыстар, жаппай қуғын-сүргіндер, формациялардың ауысуы, т.б.) үлкенді-кішілі шегіністер де болып тұрды. Бірақ бұлар адамзат тарихындағы ілгерілеушіліктің уакыттық тоқыраулары, мезгілдік шегіністері еді.
Сонымен жер жүзінде адамзат баласы металды қай кезде және кай жерлерде игерді? Бұрынырақта ең көне металлургияның отаны Иран жері деп келген. Онда б.з.д. 4500—4000 жылдарға жататын мыс және күміс заттар табылған. Кейініректе Түркияның Анадолы жерінен б.з.д. 7-мыңжылдыққа жататын мыс және қорғасын заттар табылған. Бұл — неолит заманында өндірілген металл бұйымдар.
Металлургияның ең көне орталықтарына Қазақстан жері де кіреді. Оның санатында қазіргі Жезқазған маңайы, Қалба жоталары, Алтай қойнауы бар. Өндірісте, тұрмыста ең бірінші пайдаланылған металл — мыс. Адамдар алдымен табиғатта кездесетін таза мыс қорытпасын пайдаланған. Осындай энеолит дәуірінен бастап табиғи таза мыстан жасалған ұсақ құралдар — біздер, жебе ұштары, мыс тілікшелер біздің жерімізде жиі кездеседі. Ал енді тотыққан мыстан металл қорыту тек қола дәуірінде басталды.Қола табиғатта таза күйде кездеспейді. Ол, негізінен, мыс пен қалайының қосындысынан жасалады. Қазақстан жерінде қола дәуірінде, ерте темір дәуірінде мыс, қалайы, алтын өндірген көне кеніштер өте көп. Мысалы, ондай кеніштер қазіргі Шығыс Қазақстанда (Риддер, Бұқтырма, Қазаншұңқыр, т.б.), Орталық Қазақстанда (Жезқазған маңайында, Қызылеспе, Қарқаралы, Ақшатау тауларында) болған. Бұл сонау қола дәуірінен бастап көне заманда біздің жерімізде металлургия өндірісінің өте күшті дамығандығын көрсетеді.
Қазақстанның қола дәуірі, шамамен б.з.д. XVIII—VIII ғасырлар аралығын қамтиды. Кең тарихи-мәдени мағынасында қола дәуірінің алдыңғы (б.з.д. XVIII —XVI ғғ.) ЖӘНЕ ортаңғы кезеңдерінде (б.з.д. XV—XII ғғ.) тұстас. Қазақстанның қола дәуіріне үңілмес бұрын "Андронов мәдениеті" деп аталатын мәдениетке тоқталайық.
Еуразия даласында қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың қалдырған мәдениеті тарих ғылымында "Андронов мәдениеті" деп аталады. Осы мәдениеттің алғашқы ескерткіштері "Андронов" деген селоның жанында ашылған. Бұл село Оңтүстік Сібірдегі Ачинск каласының жанында орналасқан. Бүгінгі таңда Андронов мәдени- тарихи бірлестігінің қола заманында өте кең таралғандығы белгілі болып отыр. Бұл ендік бойынша, Жайық өзенінен бастап, Енисей өзеніне дейінгі аралықта, ал бойлық бойынша, Батыс Сібір орманды алқабынан бастап, оңтүстікте Хорезмге, Сырдың төменгі ағысына дейін таралды. Олар Тянь-Шаньға, Ферғанаға, тіпті Вахш өзенінің төменгі сағасына дейін барған екен. Бұл мәдениет құрамына Қазақстан жері түгелімен кіреді.
Қола дәуірінде Қазакстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі мәдениет болған. Оның көнесі — Андронов мәдениеті. Ал б.з.д. XII—VIII ғасырларда соңғы қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптаскан.
Андронов мәдениетінен Беғазы-Дәндібай мәдениетіне өтпелі кезең ескерткіштері. Беғазы-Дәндібай мәдениеті
Бұл кезеңде Андронов дәуірінің кейбір белгілері сақталғанымен, жаңа сипаттағы, әжептәуір биік (1—1,5 м) оба-қоршаулар, сыртын айнала үлкен гранит тастармен көмкерген ірі-ірі жерлеу орындары пайда бола бастады. Өтпелі дәуірге тұрқы қысқа, бүйірі шар тәріздес томпайған, түбі тегіс қыш ыдыстар тән. Мысалы, ыдыстың бүйірінің көпшілік аумағында — ішінде көлбеу сызықтары бар (штрихталған) ленталар осы өтпелі кезеңде пайда болды да, Беғазы-Дәндібай заманында ең жиі кездесетін өрнекке айналды. Өтпелі кезең ескерткіштері өте аз зерттелген. Өтпелі кезеңде түрлі түсті тастардан жасалатын ұсақ моншақтар пайда болды. Беласар кешенінде адаммен бірге қойылған 4 ыдыс, басқа да ғұрыптық заттар сол күйінде қабірде жатыр. Бірақ адамның сүйегі жоқ. Бұл — алыста жау қолында қаза тауып, сүйегі табылмаған адамға қойылған символикалық жерлеу орны. Мұндай ғұрып ерте темір дәуірі халықтарында да болған. Бұл ғұрыптың жаңғырығы қазаққа да жеткен. Ертеде майдан шебінде каза тауып, сүйегі жау қолында кетіп, не табылмаған жағдайда, сол адамның тіпті бір бармағы табылса да, не сауытының бір бөлігі табылса да, зиратына соларды көметін ғұрып болған. Орта қоладан соңғы қолаға өтпелі кезеңге ірі қорған-қоршаулардың, ірі гранит тастар мен шеті көмкерілген үлкен қоршаулардың пайда болуы тән. Бұлар патриархалдық-отбасылық қауымның ортақ жерлеу орны емес, Бұл ескерткіштер сол қауымның ішінен шыққан көсем, қолбасшы, ру басылардың зираты.
Орталық Қазақстанның қола дәуірінің ең соңғы кезеңі — "Беғазы-Дәндібай мәдениеті" деп аталады. Оның хронологиялық шектері, өтпелі кезеңді қоса есептегенде, б.з.д. XII—VIII ғасырлар. Беғазы-Дәндібай мәдениеті ескерткіштерінің ең басты ерекшелігі болып өте жоғары дәрежеде дамыған тас архитектурасы. Бұл мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының кұрылыстары өте ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Олардың қабырғалары екі қатар болып, тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі және сыртқы жақтарына тастың тегіс бетін қаратып қалаған. XVIII—XIX ғасырдағы қазақтың тастан салған кыстау үйлерінің де қабырғасы осылай өрілген. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі — қорған-қоршаулар. Олардың пішімі кейде дөңгелек, кейде төртбұрышты болып келеді. Қорғандардың биіктігі 70—80 см- ден 1,5—2 м-ге дейін болады. Қорған тастан, қиыршық тас және топырақтан салынып, сырты үлкен қақпақтастармен көмкеріледі. Беғазы-Дәндібай кезеңінде үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты. Осы мәдениетке жататын қыш құмыралардың сипаттамасы мынадай: ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Сол кезеңде көшпелі тұрмыска ыңғайлы ыдыстар көбейе түсті. Беғазы-Дәндібай құмыраларының өрнегі әр түрлі. Тарақ жүзді ою-өрнекпен салынған үшбұрышты, балдақ пішінді батырып салынған өрнектермен қатар тырнақпен, ұштаған таяқшамен салынған өрнектер де көп кездеседі. Батырып салынған таға сиякты өрнек, моншақ өрнек, түйін өрнек кездеседі. Беғазы-Дәндібай төлтума мәдениеті жергілікті негізде қалыптасты. Шаруашылық кәсіптің жаңа түріне көшу тұсында ірі-ірі мәдени кауымдар пайда болды. Зерттеулердің нәтижесі Орталық Қазақстанның дүние жүзіндегі ежелгі мәдениет орталықтарының бірі болғандығын айқындап берді.
Сақтар (ҮІІ-ІІІғ.ғ).
Сақтар орналасуы, этникалық құрамы, саяси тарихы, шаруашылығы, мәдениеті.
Сақтар. Қазақстандағы өмір сүрген тайпалардың ішінде аты-жөні жақсы сақталған тайпалардың бірі-сақтар. Археологиялық зерттерлеуге және жазба деректерге қарағанда б.з.б. VII-IV ғғ. сақ тайпалары Орта Азия және Қазақстан жерін мекендеген. Парсы жазба деректері бойынша, Орта Азия мен Қазақстан территориясында мекендейтін көшпелі тайпаларды жалпы атпен сақтар деп атаса, ал гректің атақты тарихшысы Герадот (б.з.б. V ғ.) сақтарды «азиялық скифтер» деп атаған. Осымен қатар Герадот өзінің «Тарих» деп аталатын еңбегінде б.з.б. I мыңжылдықта Орта Азия және Қазақстан жерінде «Сақ» деп аталатын бірнеше тайпалардың қуатты жауынгер одақтары болғаны айтылады. Ол одақтар: массагеттер, даилер, каспийшілер, исседондар, сарматтар, алаңдар, аримаспылар т.б.
Герадоттың айтуынша: «Сақтар-скиф тайпалары, бастарына тік тұратын, төбесі шошақ тығыз кийізден істелінген бөрік және шалбар киген. Олар садақ, қысқа семсер және айбалтамен қаруланған. Тамаша атқыш жауынгерлер болған».
Парсы жазбаларында сақтарды (1 Дарийдің «Бехистун жазбасы», Сузінің, Ксеркстің «Дәвтер туралы жазба»). «Құдіретті еркектер», Иран жазбаларында («Авеста») «Жүйрік атты турлар» деп атаған. Сактарда негізінен, әскери қоғам болды. Сақ тайпалары үш топқа бөлінген.
1)Шошақ бөрікті сақтар (Тиграхауда) Тянь-Шань тауын, Жетісу жерін, Сырдарьяның орта ағысын мекендеген
2)Теңіздің арғы жағындағы сақтар (парадарайя) Қара теңіздің солтүстігінен, Арал маңын яғни Сырдария мен Амудария өзендерінің төменгі ағысын мекендеген.
3)Хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаомоварга) Мұрхаб анғарын мекендеген.
Сақтардың шаруашылығы.
Сақтар, негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығының үш түрі болды:
1)Көшпелі мал шаруашылығы. Батыс және Орталық Қазақстанда өріс алды. Жылдың суық мезгілін көшпелі сақтар құм жоталарының баурайына орналасқан қыстауларға немесе ірілі-уақыты өзендер жағасында өткізді. Олар бір жерде ұзақ отырып қалмай, мал жайымен келесі қыстауға, қолайлы жайылымдарға қарай орын ауыстырып отырды.
2)Жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысатын сақтар малды қыстатып шығаратын тұрақты қоралар салды. Олар жыл сайын малдарын осы қора-жайларға айдап әкеліп отырды. Шаруашылық кәсібінің бұл түрі орманды дала оңірінде және биік таулы жерлерде кең тарады. Мұндай жерлер Тянь-Шань және Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстан аймағы болды. Қыстау маңындағы жерлерде тары, арпа, бидай өсірді. Пішен дайындалып, малды қолда ұстаудың мүмкіндігі туды. Енді сақтар қыстауларда ұзақ уақыт тұру үшін ағаштан, тастан жылы тұрғын үй салатын болды.
3)Сақтарда шаруашылықтаң үшінші түрі- Отырықшы егін және мал шаруашылығы– Оңтүстік Қазақстанда, Сырдарья, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойында, табиғи су қорлары мол жайылымдары көп жерлерде кеңінен тарады. Бұл жерлерде суғармалы және тәлімі егіншілік басым болды.
Сақтардың ұйымдық сипаты және әлеуметтік құрылымы.
Сақ тайпалары одақтарының басында көсемдер тұрды, оны патша деп атады. Патшаларды тайпа көсемдерінің кеңесі сайлады. Тайпа көсемдерін оның барлық мүшелері сайлайтын болған. Тайпа ішіндегі аса маңызды ішкі және сыртқы істер халық (вече) жиналысында талқыланып отырды. Оған әйелдер де қатысқан. Қоғамның осындай саяси үйымын Ф. Энегельс әскери демократия деп атады. Себебі ол кезде соғыстың мәні зор еді. Соғыс тайпа үшін жайылымдық жер мен мал тартып алудың және өздерін сыртқы жаудан қорғап отырудың құралы болды.