Лекции.Орг


Поиск:




Залдан бірінші сұрақ.Қазір Ботагөз қайда? Кейіпкеріңіз ғой?




— Білмеймін. Баяғыда бір Қарағандыда екен деп естіп едім. Қарағандыға мен бір-ақ рет бардым. Сәлем берейін деп, сұрастырып едім. Ботагөзді ешкім білмеді.

Екінші сұрақ. "Ақиқат пен аңыз" кейіпкерлерінен кіммен байланысыңыз бар?

— Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжанмен тығыз байланыстамын.. Ол әкесі туралы романың екінші кітабын жазып бітірді. Қазір үшінші кітабын жазып жатыр. Үшінші кітаптың бір тарауы әкесінің досы маған арналғанын айтты.

Үшінші сұрақ. Халима апай туралы кітабыңызды қашан шығарасыз?

— Бұйырса, алдағы жылы шығып қалар.

Төртінші сұрақ. Демеушіңіз кім?

— Нұртай. Нұртай Сабильянов ғажап адам! Ғажап азамат!

Бесінші сұрақ. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің "Ақиқат пен аңызды " да қайта шығарып беремін " дегені де рас па?

— Рас. "Алдымен 10 мың дана болып шыққан "Махаббат, қызық мол жылдар" тегіс таратылып бітуі керек. "Ақиқат пен аңызды" содан кейін колға алармын", — деген Мұхтар.

Алтыншы сұрақ. Осындай демеушілер жазушылардың барлығында бар ма?

— Бір сыпырасында болу керек. Бірақ, қазір демеушілер ақындарды емес, әкімдерді демегіш болып кетті ғой.

Сегізінші сұрақ. Шарап пен темекіге қалайсыз?

— Кешегі Ұлы Отан соғысында жүргенде арақ та ішкенім жоқ, темекі де тартқаным жоқ. Менің сыбағамды солдаттарым бөлісіп алатын. Соғыстан келгеннен кейін төрт жыл студент болдым. Онда да ол екеуін аузыма алған емеспін. Қызмет істеп жүрген кезде аздап арақ іштім. Күні бүгінгі дейін темекі тартпаймын. Арақ қалғалы да әлдеқашан! Менің анық білетінім: арақ ішпеген — азбайды, темекі тартпаған тозбайды. Әсіресе, жастар бұл екі пәледен аулақ болулары керек!

Тоғызыншы сұрақ. Ғашық болған қыздарыңыздың суреттерін сақтай алдыңыз ба? Бар ма?

— Бар.

Оныншы сұрақ. Әйеліңіз қалай ол суреттерді сақтауға жол берді? Қалай жыртып тастамады немесе отқа салып өртеп жібермеді?

— Менің бірінші ғашығым әйелімнің қыз күні қимас досы болатын. Екіншісі өзі ғой.

Одан басқа "Махаббат, қызық мол жылдар" романындағы кейіпкер қыздардың (Майраның, Меңтайдың, Тананың) суреттері бар еді. Үйленгеннен кейін әйелімнен ол суреттерді сақтауға рұқсат сұрадым.

— Оның несін сұрайсың, сақта деді әйелім күліп. — Пушкиннің ғашық болған, хат жазған, көзі түскен әйелдерінің бәрінін суреттерін сақтаған ғой Наталья. (Н.Н.Гончарова — А.С. Пушкиннің әйелі). Наталья ақылды әйел болған. Ондай болмасақ та, Абай атамыз айтқандай, ұқсап бақпаймыз ба апамызға!

Айтпақшы, Абай сүйген қыздарының суреттерін сақтамағанымен (ол кезде сурет те болған жоқ қой), олардың бәрінін бейнесін өлеңдерінде қалдырып кетті емес пе? (Әйелім Пушкин пен Абайдың көп өлеңдерін жатқа білетін еді).

— Мен Пушкин де, Абай да емеспін ғой, — дедім мен әйеліме ризалықпен күлімсірей қарап.

— Болмасаң да ұқсап бақпайсың ба? Ал мен Наталья Николаевнаға ұқсауға тырысайын.

Осылай деп ол кісі менің бұрынғы ғашықтарымның суреттерінің бәрін қастерлеп, жинап қойды. Қазір сол қалпында сақтаулы тұр.

Соңғы сұрақ. Халима апайымыздың өзге әйелдерге үлгі боларлық басқа да кішіпейілдігі туралы айтсаңыз екен.

— Халима апайларыңның үлгі болмайтын ісі жоқ еді. Бәрін айтсам "Джен Эйр" немесе "Консуэло" сияқты үлкен роман болар еді. Тек кішпейілділігінің үш түрін ғана айтайын.

I

Мен жаңа кітап жазған кезде әр нәрсенің жайын сұрап, Халимамен ақылдасып отыратынмын. Жазып болғаннан кейін, сол кітапқа қойсам ба деген тақырыптарды тізіп, Халимаға көрсететінмін. Халима осы лайық деген атты кітабыма қоятынмын.

Одан кейін әр жаңа кітапты кімге арнау керектігін кеңесетінбіз.

"Махаббат, қызық мол жылдар" деген алғашқы романымды жаздым. Оны бітірген соң:

— Осы кітапты саған арнайын, — дедім Халимаға.

Ол басын шайқады. Содан соң:

— Бұл алғашқы романыңды маған емес, өзіңді сонау Павлодарда жүргенде қолыңнан жетектеп әкеп, әдебиет сарайына кіргізген ұстазың Мұқан ағаңа арна. Егер Мұқан ағаң болмаса, сен жазушы емес, көп журналистердің бірі болып қалатын едің ғой, деді.

Сондықтан ол кітабыма мынадай арнау сөз жаздым:

Бұл кітабымды жас ғұмырдың жыршысы және жас қаламгердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас ұстазы болған жазушы, марқам Мұқан Иманжановқа арнаймын.

АВТОР. (1970)

Осы арнаумен бұл кітап отыз жылдан аса уақыт бойына үздіксіз қайта басылып, оқырмандар қолына тарап келе жатыр.

II

"Ақиқат пен аңыз" деген екінші романымды бітіргенде:

— Сен де Ұлы Отан соғысына қатыстың ғой. Осы роман-диалогты саған арнайын, — дедім Халимаға.

Ол тағы да басын шайқады.

— Сені өмірге әкелген әкең — менің қайын атам мен ол кісінің інісі — өз ағаң сол соғыста опат болды. Сондықтан бұл романыңды сен маған емес, менің сол екі қайын атама арна, — деді содан соң.

Мен әйелімнің айтқанын жөн көрдім. Сондықтан ол романымның ең жоғарғы жағына мынадай арнау қойып шығардым:

Бұл еңбегімді бұрынғы "Ақбұзау" колхозының арыс азаматтары, оның алғашқы ұйымдастырушылары, қос коммунист, ағайынды Амангелдиндер — Нұршайық пен Ниғап, сендерге арнаймын.

Ардақты әкем, сен 1943 жылдың күзінде Украинада опат болдың. Сол жылдың көктемінде Ленинград қоршауында сен қаза таптың, аяулы ағатайым. Ол кезде басқа майданда жүрген мен қатарыңда бола алмадым, қолымнан топырақ сала алмадым сендерге. Күні бүгінге дейін бейіттеріңнің қайда екенін білмеймін. Бірақ, неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқандарыңды, туысқандар моласында жатқандарыңды білемін.

Осы кітап екеуіңнің басыңа орнатқан ескерткішім болсын, Ұлы Отан соғысының қарапайым қос жауынгері! Сендерге салған топырағым, бастарыңа көтерген күмбезім болсын, әкеммен, бауырыммен құшақтасып жатқан барлық белгісіз солдаттар.

АВТОР. (1976)

XX ғасырда бірнеше дүркін қайта басылып шыққан бұл кітап XXI ғасырдың басында және бір рет басылып шықты.

III

Ол екі романнан кейін "Өмір өрнектері" деген тағы бір үлкен кітап жазып бітірдім.

— Кейбір басқа жазушылар өз кітаптарын әйелдеріне арнап жатады. Енді мен осы кітабымды саған арнаймын, — дедім Халимаға кітабымның ақырғы нүктесін қойғаннан кейін.

Халима біраз ойланып алды. Содан кейін.

— Жоқ, өйтпе. Сен бірнеше рет инфаркт болдың. Өлім халінде жаттың. Сонда сені ажалмен алысып, аман сақтап қалған дәрігерлер болатын. Бұл кітабыңды сол дәрігерлерге арна, — деді ол сабырлы түрде. Шыққаннан кейін бір-бір данасын, қолыңды қойып, сол кісілерге сыйла. Біз сәл ауырсақ дәрігерлерге жүгіреміз. Тәуір болсақ, оларды ұмытып кетеміз. Өз аттары жазылған кітапты сыйлау оларға үлкен ескерткіш болады. Кейін өз еңбектерінің жемісі ретінде балаларына да көрсетіп жүреді. Солай ет.

Орынды сөзге қалай көнбессің! Солай еттім! "Өмір өрнектеріне" жазған ол арнауым мынадай болып шықты:

Бұл кітабымды мені ажалдан арашалап, аман алып қалған қымбатты дәрігерлерім Антонина Ивановна Максимоваға, Екатерина Шаймажанқызы Батырғожинаға, Жамал Төлебайқызы Қамшыбаеваға, Нина Алексеевна Бойковаға, Гүлзада Мүкеевна Көшімбаеваға, Әлихан Қазақбайұлы Жүсіповке, Марат Әбдірахманұлы Баязитовке және Мұхтар Айтқазинге шын жүректен арнаймын. Осы арнау арқылы басқа да барлық ақ желеңді абзал жандарға шексіз алғысымды жолдаймын.

АВТОР. (1987 ж., 2000 ж.)

Басқа әйелдерге жазушы күйеулері осылай ұсыныс жасаса, ешқайсысы бас тартпас еді. Қайта:

— Арнасаң арна. Мен кітап арнауға тұрмаймын ба?— деп шап ете түсер еді.

Ал Халима басын шайқайтын.

Бұл да оның кішіпейілділігінің белгісі еді.

***

Менің ақылшы дос, асыл жарым Халима өмірден өтіп кетті. Енді жаңа кітабымның атын қалай қоюды, оны кімге арнауымды ақылдасатын ешкім жоқ. Сондықтан қазір жазып жатқан жаңа кітабыма өзімше "Мәңгілік махаббат жыры" деген ат қойдым. Бұл кітабым тұтасымен Халима туралы. Оған өз бетімше мынадай арнау жасадым:

ХАЛИМАҒА

Қасиеттеп, құрметтеп,

Сенің махаббатыңды.

Ұрпаққа үлгі болсын деп,

Алашқа жайдым атыңды.

Сенің Әзілханың.

Егер Халима тірі болса, менің бұл арнауыма қарсы болар еді.

— Мені кітапқа кіргізбе: өз әйелі туралы кітап жазған жазушы жоқ. Ұят болады. Ұят, дер еді, "Ұят" деген сөзді екі-үш рет қайталап.

Егер мен:

— Жазылып қойған дүниемді қалай жоямын?—деп қиналсам, онда Халима:

— Ендеше менің атымды Хадиша, өз атынды Әділхан немесе Әбілхан деп өзгерт. Басқа барлық таныс адамдардың аттарын ауыстыр. Сонда деректі дүние емес, идеядан туған көркем шығарма болып шығады, — дер еді.

Енді маған олай деп ақыл айтатын Халима жоқ қасымда. Сондықтан бұл кітаптың арнауын өзім ойлаған қалпында қалдырдым.

Бұлай еткенім үшін, аруағыңнан айналайын, қымбатты Халиманың рухынан кешірім сұраймын.

Жүргізуші. (Тарих факультетінің деканы, профессор Сайын Борбасов). Біз өмірімізде мұндай қызықты кездесу көрген емеспіз. Мың рахмет, Әз аға Сізге! Солай ма, балалар?

Дауыстар. Солай! Солай! Декан. Ризасыңдар ма? Дауыстар. Ризамыз. Өте ризамыз!

(Бұл кездесу 2002 жылдың 5-ші желтоқсанында Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих факультетінде өтті. Басқа факультеттің де студеттері қатысты).

("Жас алаш " газеті, 2003 жылғы 15 ақпан, №20

және 18 ақпан, №21)





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-25; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 684 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Бутерброд по-студенчески - кусок черного хлеба, а на него кусок белого. © Неизвестно
==> читать все изречения...

1417 - | 1430 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.011 с.