Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Еңбек жағдайына қойылатын гигиеналық талаптар




 

Еңбектің салауаттандырудағы әсері көбінесе оның жағдайымен анықталады, яғни табиғи және жасанды жарықтың, ауа және жылу тәртібінің жағдайларына, өндірістік қолайсыз факторлардың әсеріне, жұмыс орнының рационалды орналасуына т.с.с қатысты болады.

 

1-7- сынып оқушылары үшін еңбекке баулу мектеп кабинеттерінде, шеберханаларда жүргізіледі. Еңбектің сипаты (темір ұстасы, ағаш шебері, тігін жұмыстары) оқушыларға қолайсыз өндірістік факторларымен әсер етпеуі керек. Бірақ мұндай жұмыстарда темір және ағаш шаңдары, үлкен деңгейде шуыл бөлінуі мүмкін. Осы факторларды болғызбау үшін күнделікті бөлмені ылғалды жуып-жиыстыру, қабырғаны дыбыс өткізбейтін затпен қаптау т.с.с. гигиеналық талаптарды орындаса да жеткілікті.

 

Өсіп келе жатқан организмге еңбектің жақсы әсер етуі және оқушылардың еңбек дағдыларын меңгеруінің жетістігі - еңбекке оқытуға арналған бөлмелердің дұрыс жабдықталуына байланысты болады. Мұнда, жабдықтардың жиыны, орналасуы, жұмыс орнының ұйымдастырылуы, құрал-саймандар, техника қауіпсіздігі бірқатар гигиеналық және педогогикалық талаптарға сай болуы керек. Жабдықтар жиыны еңбекке оқытудың бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз етуі керек. Шеберханалардың негізгі жабдықтары верстак, станоктар, тігін машиналары, құрал-саймандар және қосымша жабдықтар - шкаф, сөрелер, тазалық құралдары болып табылады.

 

Жабдықтарды орналастыруда көру жұмысына, жұмыс кезіндегі дене тұлғасының дұрыстығына және жарақаттанудың алдын алуға қолайлы жағдай туғызу қарастырылады. Егер жарық сол жақтан түсетін болса ағаш немесе мата өңдеген кезде көлеңке пайда болмайды, сондықтан верстактар мен тігін машиналарын жарық сол жақтан түсетіндей етіп терезеге перпендикуляр орналастырған дұрыс. Верстактарды 450 бұрыш жасай отырып орналастыруға болады.

 

Еңбекке оқытуға арналған бөлмелер қабырғадан ойылған немесе қабырғаға жапсырылған жабық шкафтармен, сөрелермен, қоқыс салуға арналған ыдыстармен, арнаулы киімдерді ілетін орындармен, қол жуғышпен және электр сүлгілерімен жабдықталады. Жабдықтар құрамында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған таңғыш заттар, дәрі-дәрмектер сақталатын қорапшалар, зембілдер болуы керек.

 

Жұмыс орнын ұйымдастырған кезде дене тұлғаның дұрыстығы, энергияны үнемдеу, еңбекті дұрыс ұйымдастыру, жұмыстың қауіпсіздігі ескерілуі керек. Оқушының дене тұлғасы еңбектің сипатына, жеке алғанда бұлшық ет күші мен қимыл-қозғалыс амплитудасына байланысты болады. Егер тепе-теңдік тұрақтылығы жүрек, қан-тамыр және тыныс алу жүйесінің көру және есту анализаторларының дұрыстығы сақталса, бұлшық еттерге қосымша статикалық жүктеме түспесе жұмыстағы дене тұлғасы дұрыс деп табылады (сурет)

 

Дұрыс дене тұлғасы ең алдымен құрал, жабдықтардың өлшемдері оқушылдардың дене пропорцияларына сәйкес келуіне, дәлірек айтқанда жұмыс орнының биіктігі, оқушының бой ұзындығына сәйкес келуіне байланысты болады.

 

Жұмыс орнының биіктігінің дұрыстығын анықтау үшін оқушы верстактың сырт жағына қырынан тұрады да, оның бетіне алақанын тіреп, қолын бос қояды. Егер жұмыс орнының биіктігі оқушының бойына сәйкес келсе, оның иығы мен білегі түзу тұрып, білек пен қолдың басында тік бұрыш пайда болады.

 

Тұрақты түрде тұрып жұмыс істегенде пайда болатын статикалық қажудың алдын алу үшін ағаш ұстасы немесе темір ұстасына арналған шеберханалардың әрбір жұмыс орны орындықтармен (бүктеліп-жазылатын, кронштейнға орнатылған биіктігі 40-42 см табуреттермен) жабдықталынуы керек. Сонда оқушылар мезгіл сайын дене тұлғасының жағдайын алмастыра алады.

 

Дене еңбегіне берілетін жүктемелер жоғары жылу бөлінумен қатар жүреді, сондықтан шеберханалардың ауасының температурасы сыныптарға қарағанда біраз төмен болуы керек (темір ұстасының шеберханасында 14-160С, ағаш ұстасы шеберханасында 16-170С, бастауыш сыныптардың еңбек кабинеттерінде 180С), тамақ дайындайтын уақыттарда терезе көздері ашық болуы керек.Жел ағынынан сақтану үшін осы жұмыстар кезінде есіктер жабық тұруы керек.

 

8-11 - сынып оқушыларының оқу-өндірістік комбинаттардағы еңбек жағдайы, өзінің сипаты жағынан өндірістік процесстерге ұқсас болып келеді. Мұнда еңбектің қолайсыз факторларымен араласу қауіпі туа бастайды. Мысалы, металлды ыстық өңдеуден және механикалық өңдеуден өткізетін шеберханалардың жұмыс аймағында зиянды химиялық заттар жоғары концентрацияда болады, ал токарьлық, фрезерлік шеберханаларда жұмыс орнының жарықтандырылуы көбінесе жасөспірімдерге есептелмеген және шуыл деңгейі жоғары болады.

 

Бұл жағдайлардың балалар организміне әсерін анықтау үшін жүргізілген терең зерттеулер әлі де аз. Фармокологияда балаларға арналған дәрілердің дозасы, оның улану реакциясын болғызбау үшін дене салмағының әрббір килограммына есептелгені алынады. Осыған байланысты жасөспірімдер үшін өндірістік химиялық заттардың ересектерге қарағанда анағұрлым қауіптірек екені туралы қортынды жасауға болады.

 

Ойлап қарасаңыз, мұндай тұжырымның негізі бар. Жасөспірімнің салмағы аз, сондықтан дене салмағының әрбір бірлігінің химиялық заттарды қабылдауы ересектерге қарағанда анағұрлым жоғары болып келеді. Балалар мен жасөспірімдердің тыныс алу көлемі мен тері қабатының көлемі дене салмағы бірлігімен алғанда салыстырмалы түрде үлкен, ал өндіріс улары тері арқылы жеңіл сіңеді. Сонымен қатар балалар организмінде улы заттарды детоксикациялау механизмі әлі жетілмеген. Жұмыскерлерге арналған Денсаулық сақтау Министрлгі бекіткен химиялық заттардың әсерін нормаландыру шаралары жұмыс істейтін жасөспірімдер үшін жарамайды. Осы сұрақ төңірегіндегі мәліметтердің барлығын біріктіріп қарағанда жасөспірімдер организмінің сезімталдығы, ересек адамдарға қарағанда үштен он есеге дейін жоғары екенін. Бұл проблеманы гигиеналық тұрғыдан шешу мәселесін 2 бағытта жүргізуге болады:

Жас организмдер үшін химиялық заттарға нормалар енгізу;

Жасөспірімдерді улы заттардан аулақтату.

 

Бірінші бағыт мақсатқа сәйкес келмейді және оны практикада қолдану мүмкін емес. Өйткені 1500 -ден артық химиялық қосылыстарды регламенттеу үшін, бірнеше ондаған жылдар мен өте үлкен экономикалық шығын қажет болады. Дүниежүзінде жыл сайын бірнеше жүздеген жасанды түрдегі заттар шығарылып жатады, оларды гигиеналық бағалаудың өзі бірнеше жылдарға кешігіп жүргізіледі. Сондықтан, жасөспірмдерге улы химиялық заттармен жұмыс істеуге жас мөлшері және уақыт әсері бойынша шектелуі түрде ғана рұқсат етіледі. Мектеп шеберханалары үшін химиялық және физикалық өндірістік қолайсыз факторларға қарсы қосымша профилактикалық шаралар қарастырылған.

 

Еңбекке тәрбиелеу жағдайына қойылатын санитарлық бақылау

 

Еңбекке тәрбиелеу жағдайына қойылатын санитарлық бақылау 3 бағытта: еңбектің мазмұнына, еңбектің тәртібіне және еңбектің жағдайына қарай жүргізіледі.

 

Еңбектің мазмұнына жүргізілетін санитарлық бақылау жұмысына:

оқушылардың еңбектің іс-әрекеттерінің барлық түрінің сипатын олардың жасы мен жыныс ерекшеліктеріне сәйкес келуін анықтау; жоғарғы сынып оқушыларының өндірістік тәжірибеге өтуіне арналған жұмыс орындарын таңдап алу;

еңбектің денсаулық жағдайына әсерін анықтау; мектеп оқушыларын терең медициналық тексеруден өткізуге баға беру; емдеу-мамандық кеңес қызметінің жұмысын және мамандыққа жа-рамдылық туралы қорытындылар берілу жағдайын анықтау;

еңбекке тәрбиелеудің бекітілген оқу бағдарламасына сәйкестігін анықтау т.с.с. жатады.

 

Еңбекке тәрбиелеу және оқытуға арналған тәртіп уақыттарын санитарлық бақылау төмендегідей шаралардан тұрады: еңбекке тәрбиелеу тәртібін көрсететін мектеп уақыттарын (5-10 - сынып оқушыларының оқу және тәжірибелік сабақтарының кестесі, қоғамдық пайдалы еңбекті орындаудың жұмыс кестесі, жазғы каникул кезіндегі еңбек бірлестігінің күн тәртібі т.б.) тереңірек зерттеу, осындай арнаулы бөлінген уақыттардың қолданылып жүрген еңбекке тәрбиелеп, оқыту жөніндегі бағдарлама мен оқу жоспарына, заңдылық және нормаландыру мәліметтеріне сәйкес келетіндігін зерттеу; бекітілген еңбек тәртібінің орындалуына бақылау (хронометраж) жүргізу; еңбек сабағының құрылымына гигиеналық баға беру; еңбекке оқытудың жеке бөлімдерін тақырыптық тексеру.

 

Мектеп шеберханаларындағы, кабинеттердегі және лабораториялардағы еңбек жағдайына санитарлық бақылау жүргізу жылына екі реттен кем болмауы керек. Бірінші тексеру -осы бөлмелердің дайындығын анықтау мақсатымен оқу жылының басында жүргізілуі керек. Сабақ жүргізуге рұқсат беру актісі әрбір шеберханаға жеке жасалады. Екінші тексеру - жылдың ортасында немесе жылдың аяғында кемшіліктерді анықтау үшін жүргізіледі, анықталған кемшіліктерді жою үшін жоспар-тапсырма жасалады.

 

Оқу жылы бойына оқушылардың еңбек жағдайы гигиеналық талаптарға сәйкес екендігін анықтау үшін, жоспарлы түрде күнделікті санитарлық бақылау жүргізіледі. Мұнда, жарық жеткіліктілігін, ауадағы газ, шаң мөлшерін, желдеткіштің тиімділігін, шуыл деңгейін анықтау үшін инструменттік, лабораториялық зерттеу тәсілдері қолданылады. Бақылаудың нәтижесінде санитарлық тексеру актісі жазылады. Еңбек сабағының міндетті түрде санитарлы-гигиеналық талаптарға сәйкес келетін базаларда өткізілуіне бақылау жасалады.

 

Мектеп оқушыларын мамандыққа бағыттаудың медициналық-физиологиялық аспектілері

 

Мамандыққа бағыт беру - мектеп оқушыларының тілегін, денсаулық жағдайын, жеке басының ерекшеліктерін, сонымен қатар, қоғамға қажеттілігін ескере отырып, оқушыларға мамандық таңдауға көмек көрсету үшін ғылыми негізделген көп аспектілі жүйе.

 

Біздің қоғамда жасөспірімдерге мамандық таңдауға еркіндік берілген, бірақ, сол мамандықтардың қазіргі тізімі 50 мыңнан астам атаулардан тұрады. Мұнда, мектеп оқушыларының кейбіреуі денсаулығына байланысты, немесе организмінің жеке ерекшеліктеріне байланысты тізімде көрсетілген бірқатар мамандықтарға жарамсыз болады. Сондықтан, мамандық таңдау ерікті болып қана қоймай, сонымен бірге саналы түрде негізделген болуы керек.

 

Мектеп оқушылары өздерінің жас ерекшеліктеріне (күші мен мүмкіндігін артық бағалау, әртүрлі мамандықтардың организмге қоятын талаптары туралы білімнің болмауы, денсаулық жағдайларындағы ауытқуларды елеп-ескермеу т.с.с.) байланысты мамандық таңдау үшін медициналық қызметкерлердің бағыт беруін қажет етеді.

 

Оқушылар мұндай сұрақтарға көмекті мектеп педиатрларынан, балалар емханасының дәрігерінен, ересектер емханасының жасөспірімдер кабинетінен, сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы бөлімінің санитар дәрігерінен алады.

 

Егер таңдап алынған мамандық, оқушылардың жеке бас ерекшеліктеріне сәйкес келмесе, онда ол жүйке-психикалық бұзылуларға, тіпті соматикалық ауруларға ұшыратуы мүмкін. Мамандыққа жарамсыздық өндірістердегі апаттардың және жарақаттанулардың себептерінің бірі ретінде саналады. Еңбек сапасының төмен болуы, кадрлардың тұрақтамауы, соның салдарынан қоғамға материалдық зиян келтіру сияқты кемшіліктер дұрыс таңдалмаған мамандықтың заңды нәтижесі болып саналады.

 

Осындай жағдайларға байланысты, мамандыққа бағыт беруде бірнеше аспектілерді бөліп қарауға болады:

Психофизиологиялық аспект - жасөспірімдердің жеке басының ерекшеліктері, оның қаблеті, жеке психофизиологиялық ерекшеліктері ескеріледі;

Медициналық аспект - оқушының денсаулық жағдайы ескеріледі;

Әлеуметтік экономикалық аспект - қоғамға әр саладағы мамандар қажеттілігі ескеріледі.

 

Сонымен қатар, бұл аспекті жасөспірімдердің мектеп шеберханасындағы және мектеп аралық оқу-өндірістік комбинаттардағы кәсіптерге оқып-үйренуін анықтайды. Елді мекендерге жұмысшы кәсіпкерлер қажеттігіне және оларды өндірісте оқытып, даярлау үшін база барлығына байланысты еңбекке оқытудың бағыты құрылады.

 

Жасөспірімдерге мамандыққа бағыт беру жүйесі біздің елімізде 1960 жылдан бастап құрылды, бірақ, қазіргі уақытқа дейін бұл сұрақта шешілмеген мәселелер өте көп. Солардың біреуі - мектеп оқушыларының жас мөлшері, яғни, мамандыққа бағыттау жұмыстарын қандай жастан бастау керектігі.

 

Жалпы алғанда, 15-18 жастағы жасөспірімдерді мамандыққа бағыттау жұмысы негізгі үш кезеңнен тұрады:

Жасөспірімдердің мамандыққа жарамдылығын анықтау үшін, арнаулы мақсатпен жүргізілетін медициналық тексеру.

Медициналық көрсеткіш бойынша, мамандыққа іріктеп алу.

Дәрігерлік мамандық консультация - жасөспірімдердің тілегіне, денсаулығына және психофизиологиялық көрсеткіштеріне байланысты мамандық таңдауға көмек көрсетуге арналған.

 

Мамандыққа маңызды немесе "кілттік" функциялар өзінің психофизиологиялық негізіне байланысты 4 түрге бөлінеді:

Қимыл-қозғалыс - бұлшық ет күштері, төзімділік, координация;

Сенсорлық - көру, есту, иіс сезу, дәм сезу, вестибулярлық тұрақтылық;

Жүйке қызметінің жеке типологиялық ерекшеліктері - оның күші, жылдамдылығы, біркелкілігі;

Аттенциондық-мнемикалық - көңіл аудару, есте сақтау.

 

Мектеп оқушыларына мамандыққа бағыт берудегі санитарлық дәрігердің міндеті

 

Санитарлық дәрігер, басқа мамандармен бірлесе отырып, мектеп оқушыларының денсаулық жағдайына, жеке бас ерекшеліктеріне байланысты, мамандыққа бағыт беру жұмысын дұрыс қалыптастыруы керек. Бұл саладағы санитарлық дәрігердің негізгі міндеттері:

Мектеп оқушыларын еңбекке дайындайтын мамандықтардың санитарлық сипаттамасын (профессиограммасын) жасау;

Таңдалған мамандықтың өсіп келе жатқан организмге тигізетін әсерін алдын-ала болжау;

Еңбекті қорғау туралы заңдардың сақталуын бақылау;

Мектепте дәрігерлік-мамандық консультацияның толық және уақытында жүргізілетіндігіне бақылау жүргізу;

Мектеп оқушылары, олардың ата-аналары және педагогтардың арасында мамандыққа бағыт берудің медициналық аспектілері жөнінде санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу болып табылады.

 

Дәрігер жасөспірімдердің жас ерекшеліктері және функционалдық мүмкіндіктері туралы мәліметтермен қатар, әртүрлі мамандық факторларының организмге тигізетін әсері және мамандықтың түрлеріне байланысты жұмысшылардың функционалдық жағдайына қойылатын мәліметтермен кеңінен таныс болуы керек. Ол үшін, өсіп келе жатқан организмге өндіріс орындарының тигізетін әсерін болжап, білуге мүмкіндік беретін, мамандықтардың санитарлық сипаттамасы (профессиограмма) жасалады.

 

Мамандықтарға санитарлық сипаттама беру үлгісі мөлшермен алғанда төмендегідей сұрақтардан тұрады:

Өндірістің және жеке мамандықтың аталуы;

Жұмыс процессін және жеке операцияларды бейнелеп жазылуы;

Материалдардың, құрал-жабдықтардың, саймандардың сипаттамасы;

Жұмыс кезіндегі жұмысшының дене тұлғасының сипаттамасы (отырып, түрегеп тұрып, амалсыздан біржақты ұстау...) статикалық жүктеме және бірыңғай монотондылық бар ма (ұзақтығы қандай);

Ауыр заттарды көтеру және орнынан тасымалдау жұмыстары (массасы, қашықтығы); Мұндай жұмыстардың ұзақтығы;

Жеке анализаторларға (есту, көру, иіс сезу) және орталық жүйке-жүйесіне (ынта, ықылас, есте сақтау, қимыл-қозғалыс координациясы) жоғары талаптар қойылуы;

Өндірістік жарақаттану қауіптілігі;

Өндірістік зиянды заттардың әсері:

а) жұмыс зонасының ауасының ластануы (сандық және сапалық сипаттама);

б) өндірістік шуыл (оның деңгейі, ұзақтығы);

в) вибрация (жалпы, жеке, ұзақтығы);

г) электромагниттік өріс (жиілігі, күші);

д) метеорологиялық қолайсыз жағдайлар (температура, ылғалдылық) және оның бір ауысымдағы ұзақтығы;

Медициналық куәландыру кезінде, қандай органдар мен функцияларға ерекше көңіл аударылуы керек;

Жұмысқа жарамсыздық туғызатын аурушылдық пен организмдегі ауытқулар.

 

Едәуір тәжірибе жинақтай отырып, балалар мен жасөспірімдер бөлімінің санитарлық дәрігері еңбек гигиенасы бөлімінің дәрігерімен бірге бірыңғай типтегі өндіріс орындарына жалпы типтік санитарлық сипаттама жасауына болады. Бірақ, әрбір нақты жағдайларда, міндетті түрде сол объектіге қатысты ерекшеліктерді ескеру қажет.

 

Организмге тигізетін әсеріне байланысты барлық мамандықтарды шартты түрде 4 топқа бөлуге болады:

1 топ - (ең көп таралған) ауыр жұмыс жағдайлары, қолайсыз факторлары жоқ мамандықтар. Оларға: кеңсе жұмыстары, халыққа қызмет ету саласы, прибор (аспаптар) құрастыру объектілері, электрлі-есептегіш машиналармен жұмыс, сағат жөндеу т.б. Бұл топтағы мамандықтарға медициналық қарсы көрсеткіштер қойылмайтындықтан, оларды денсаулығында және дене бітімінде, психикалық дамуында ауытқулары бар жасөспірімдерге ұсынуға болады.

2 топ - қолайсыз өндіріс факторлары орташа және уақытша әсер ететін мамандықтар. Мысалы, аспазшылардың жұмысы жоғары температура мен жоғары ылғалдылықтың әсер етуіне байланысты болады. Мұнда, көп мөлшерде тер бөлінуі, артериялық қан қысымының төмендеуі, тамыр соғуының жиілеуі (кейбір жағдайларда 1 мин. 140 ретке дейін) байқалады, яғни, тыныс алу, жүрек, қан-тамыр жүйелеріне жоғары талаптар қойылады. Сондықтан, организмінің осындай негізгі функцияларында ауытқулары бар жасөспірімдерге мұндай мамандықты ұсынуға болмайды.

3 топ - әртүрлі өндірістік қолайсыз факторлар тұрақты түрде әсер ететін мамандықтар. Мысалы, тоқыма цехтарында жұмысшыларға жоғары температура, шаң-тозаң, шуыл тұрақты түрде әсер етеді.Бұл жұмыста дене тұлғаның амалсыздан бірқалыпта болуы да орын алады. Тоқымашы мамандығын тыныс алу, жүрек, қан-тамыр жүйелерінде, есту органдарында, тірек қозғалыс аппараттарында аурулары бар жасөспірімдерге ұсынуға болмайды.

4 топ - ауыр және зиянды жағдайлары бар мамандықтар (300-ге жуық мамандықтар мен жұмыстар). Жасөспірімдердің денсаулығына қойылатын талаптардан басқа, мұндай жұмыстарға орналасу үшін 18-ге толмаған жастарды алуға тиым салынады және мұндай жұмыс орындарында оқушылар күніне 3 сағаттан артық болмауы тиіс.

 

Денешынықтыру тәрбиесінің физиологиялық-гигиеналық негіздері

 

Еліміздегі балалар мен жасөспірімдер гигиенасында, денешынықтыру тәрбиесінің мақсаты - қандай да бір спорттық нәтижелерге жету емес, жоғары деңгейдегі денсаулық көрсеткішіне жету. болып табылады. Бұл мақсат жеке адамдармен қатар, жалпы қоғамның мүддесіне де сәйкес келеді. Көпшілік қауым баланың чемпион титулына талаптануына тиым сала алмайды, бірақ оны денсаулығына әсер ететін қауіптен қорғауға міндетті.

 

Көрсетілген мақсатқа жету үшін, денешынықтыру тәрбиесінің міндеттері оның жетістіктеріне байланысты біршама өзгертілді және әлі де өзгертілуде. Жастардың әлеуметтік іс-әрекеттерге жарамдылығы негізінде жүргізілген есептеулер бойынша бұл өзгертулердің тиімділігі өте көптеген факторларға байланысты.

 

Денешынықтыру тәрбиесінің негізгі міндеттеріне: денсаулықты нығайту, функционалдық мүмкіндіктер мен дене бітімі дамуының үйлесімділігін жетілдіру; қимыл-қозғалыс дағдыларын, бұлшық ет күшін дамыту; жылдамдық, төзімділік, ептіліктің негіздерін құрып, жетілдіру; еркіндік пен тәртіп саласын дамыту; гигиеналық дағдыларға тәрбиелеу; т.с.с. жатады.

 

Денешынықтыру тәрбиесін салауттандырудың тиімділігін төмендегі жағдайлардан көруге болады: организмнің қоршаған ортаның әсеріне төзімділігі артады; өсу мен даму процесстерінің жақсаруына жағдай жасайды; жылуреттеуші механизмдер жетіледі; организмнің салқын тигеннен пайда болатын ауруларға қарсы төзімділігі жоғарылайды т.б.;

 

Адам эволюциясы қимыл-қозғалыс белсенділігімен үзбей байланыста болады. Қимыл-қозғалыс тіршіліктің белгісі және организмнің биологиялық қажеттілігін қамтамасыз етудің, әлемді танып, білудің құралы. Қимыл-қозғалыс белсенділігі дегеніміз - белгілі уақыт аралығындағы дене қозғалыстарының жиынтығы.

 

Қимыл-қозғалысқа биологиялық қажеттілік, баланың өмірге алғаш келген күнінен бастап пайда болады, бірақ, ол әлеуметтік факторларға байланысты өзгеріп отырады. Тіршілік жағдайы мен тәрбие жүйесі тәуліктік қимыл-қозғалыс белсенділігін шұғыл төмендетіп, не болмаса, жоғарылатып жіберуі мүмкін. Ол ерте жаста биологиялық (генетикалық) механизммен ал одан кейінірек, ересек жастарда әлеуметтік механизм бойынша реттеледі.

 

Бірақ казіргі кезде денешынықтыру тәрбиесінің өсіп келе жатқан жастардың тілегі мен мүмкіндіктерін ескеретін, көптеген жаңа түрлері пайда болып жатыр. Бұлар, спорт-тық билер, ырғақты гимнастикалар "аэробика", қытай гимнастикасы "ушу" және т.б. Олардың көбі, өзінің жаңалығымен, қолайлылығымен арнаулы бөлмелер мен арнаулы құралдарды қажет етпейді. Сондықтан денешынықтыру тәрбиесінің қосымша түріне қатал регламентация сақталмаса да болатын сияқты. Олардың негізі еркін таңдау, қолайлылық және формалды түрде болмауы керек.

 

Балалар мен жасөспірімдердің денешынықтыру тәрбиесінде оқытудың үш тәсілі кеңінен қолданылып жүр: қатал регламентация тәсілі, ойындар және жарыстар өткізу.

 

Балалар мен жасөспірімдердің денешынықтыру тәрбиесінің әрбір жас топтарына және мекемелердің типтеріне қарай бөлінген мемлекеттік бағдарламасы бар. Бағдарламалар балалар мен жасөспірімдер мекемелерінің төменде көрсетілген типтеріне арнап өңделген: балалар бақшасы; жалпы білім беретін мектеп; кәсіпттік - техникалық білім беретін мекеме; балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектебі.

 

Санитарлық дәрігер мектеп жасына дейінгі балалардың денешынықтыру тәрбиесіне баға беру үшін төмендегі үлгі бойынша тексеру жүргізеді:

Балалардың жасына, денсаулығына және дайындығына байланысты денешынықтыру тәрбиесінің құралдары мен түрлері;

Денешынықтыру сабағының бүтіндей және жеке бөлімдерінің ұзақтығы, моторлы тығыздығы, сабақ жүргізу жағдайы, құралдары);

Таңертеңгілік гимнастика (реттілігі, орны, жағдайы, киімдері);

Қимыл-қозғалыс ойындары мен көңіл көтеру уақыттары (күн тәртібіндегі уақыты, ойынның сипаты, жабдықтары, құралдары);

Серуендер мен экскурсиялардың ұйымдастырылуы (ара қашықтығы, ұзақтығы, өткізу орны, киімдері);

Балалардың денсаулық жағдайының мәліметі (аурушаңдығы, дене бітімінің дамуы).

 

Санитарлық дәрігер, мектептегі денешеынықтыру тәрбиесінің ұйымдастырылуына төменде көрсетілген үлгі бойынша гигиеналық баға береді:

Медициналық тексерудің қорытынды жинағы (дұрыс, уақытында өткізілгендігі, денсаулық топтары, оның динамикасы);

Денешынықтыру сабағының мазмұны (сабаққа қатынасуы, сабақ босатудың себептері, сабақтың ұзақтығы, құрылысы, моторлы тығыздығы);

Денешы-нықтыру салауаттандыру шаралары (толықтығы, дұрыстығы, реттілігі, сабақ жүргізу жағдайы);

Сыныптан тыс спорттық-қоғамдық жұмыстар (секциялардың және спортпен шұғылданатындардың саны, экскурссиялар мен жорықтар, денсаулық және спорт күндерінің реттілігі);

Денешынықтыру сабағы өткізілетін орынның гигиеналық жағдайы;

Сабақтың жабдықталуы;

Денешынықтыру тәрбиесінің ұйымдастырылуына талдау жасау;

Денешынықтыру сабағының тиімділігі туралы қорытынды және орындау уақыты көрсетілген нақты ұсыныстар беру.

 

Кәсіптік-техникалық білім беру орындарында жүргізілетін денешынықтыру тәрбиесінің өз ерекшеліктері бар. Мұндағы денешынықтыру тәрбиесінің бағдарламасы мектептегіге ұқсас келеді, ерекшелігі - денешынықтыру сабағының кешенді және арнайыландырылған деп бөлінуінде. Жасөспірімдердің арнайы спорт мектептеріндегі денешынықтыру тәрбиесінің мақсаты - кәсіпкер спорт шеберлерін даярлау болып саналады. Спорттық мектеп - интернаттар, спорттың жеке түрлерінен жоғары спорт шеберлерін даярлауға арналған.

 

Балалар мен жасөспірімдерді шынықтыру

 

Шынығу деп организмнің қоршаған орта факторларына, әсіресе, метеорологиялық факторларға (шынығудың арнаулы әсері) қарсы тұру мүмкіндігін арттыратын процедуралар жүйесін түсінеді. Сонымен қатар шынығу организмнің қызмет қабілетін жоғарылатады, әр түрлі ауруларға иммунобиологиялық қарсы тұру (арнаулы емес әсері) дәрежесін арттырады.

 

Жеке әсерлердің ұзақтығы мен күшінің жүйелі түрде қайталануына байланысты, шынығуды жаттығулардың жеке түрі деп қарауға болады. Бұл жағдай шынығудың негізгі принциптерін (ақырындап, еппен бастау және жүйелігін сақтау) анықтайды.

 

Балаларды ерте жастан метеорологиялық факторларға шынықтырудың маңызы өте зор. Дене температурасының тұрақтылығы химиялық және физикалық болып бөлінетін термореттеу процесі арқылы сақталады. Біріншісі- жылу бөлінуін (зат алмасу) реттеу, екіншісі- жылу беруді реттеу болып табылады. Сыртқы ортаның температуралық факторлары, терінің терморецепторларына (жылулық, салқындық) әсер етеді. Бұл рецепторлар дененің барлық аймақтарында біркелкі таралмаған. Оның ең көп бөлігі бет терісінде, ең аз бөлігі иық, қол терілерінде орналасқан. Кейінгі жылдары терідегі жүйке жүйесінің еркін аяқталуы туралы - салқындаған кезде терідегі жиі соға бастайтын импульс яғни салқын сезгіш жіпшелер туралы айтыла бастады. Импульстер рецептордан гипотала-мусқа (организмнің жылу реттеу орталығына) барады. Жылу реттеу реакциялары өз кезегінде зат алмасу және қаңқа бұлшық еттерінің моторлы ортасымен, яғни жылу өндіру орталығымен байланыста болады.

 

Дене температурасын реттеуде перифериялық қан айналысының жылдамдығы мен көлемі, тері бетінің жылу беру мөлшерін өзгертеді. Температуралық тітіркендіргіштер әсер еткенде қан тамырларының кеңеюуі немесе тарылуы, орталық жүйке-жүйесінің қатысуымен реттеледі. Салқын әсер еткенде, рефлекторлық реакциялар жылу бөлінуді 15-30% кемітіп, қан тамырларының тарылуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге жылу өндіруді ұлғайтатын, шартсыз рефлекстер де іске қосылуы мүмкін.

 

Бала организмі туған күнінен бастап, термореттеуші жүйемен реттеледі, бірақ ол толық жетілмеген, әлсіз болып келеді. Балалардың терісі ересектердікіне қарағанда жұқалау және капиллярларға бай келеді. Тері бетінің көлемі де салыстырмалы түрде көбірек болады, зат алмасу процессі ересектерге қарағанда үдемелі түрде жүретіндіктен, жылу берілуіне қолайлы жағдай туады, сондықтан олар салқын тигеннен пайда болатын ауруларға бейім келеді.

 

Жылу реттеу жүйесінің дұрыс жетілуі үшін, организм шынығуды қажет етеді және осы жүйелерге кейбір жүктеме түсіру бала организміне зиянды емес, керісінше, пайдалы болып келеді. Сондықтан, организмнің шынығу процесі термореттеу аппаратының жаттығуына негізделген.

 

Балалық шақта әсіресе, сәбилік шақта және мектепке дейінгі кезеңдерде химиялық жылу реттеу орталығының өте маңызды қорғаныш рөлін атқарады. Салқын тітіркендіргіштерге тері-тамыр реакциясының жылдамдығы жас өскен сайын арта түседі, бірақ аздаған шынығу процедурасы болуы да мүмкін. Рецепторлық аппараттар мен қан-тамыры реакцияларына қайта-қайта жүктеме түсіру, олардың қызметін жетілдіре түседі және термореттеу жүйесінің функционалдық мүмкіндіктерінің жетілуін жылдамдатады. Белгілі шартсыз рефлекстерден басқа, солардың негізінде, балалар организмінде температуралық әсерлерге термореттеу жүйесін саналы түрде іске қосатын шартты рефлекстер пайда болады.

 

Шынығудың тиімділігі төменде көрсетілген принциптердің сақталуына байланысты:

Процедураларды қолданудың жүйелілігі;

Тітіркендіргіштердің күшін ептеп ұлғайту;

Жасына, денсаулығына және шынығу дәрежесіне байланысты шынығуды бастаған кезде, жеке бас ерекшеліктерін ескеру;

Балалардың ең жақсы жылулық жағдайда болуы;

Баланың көңіл-күйінің дұрыстығы.

 

Балаларды шынықтырудың құралдары болып, негізінен табиғи факторлар алынады: ауа, су, күн радиациясы. Оларды шынығуға пайдалану үшін, белгілі гигиеналық талаптар қойылады. Ауа мен су таза және белгілі температурада болуы қажет. Сонымен қатар ауаның ылғалдылығы мен қозғалу жылдамдығы да есепке алынады. Күн сәулесінің түсетін бұрышы, әсер ету үстемдігі және ұзақтығы белгілі мөлшерде болуы қажет.

 

Жалпы алғанда, денешынықтыру тәрбиесінің салауаттандырудағы тиімділігі екі негізгі принципті сақтағанда ғана дұрыс болады: тәуліктік қимыл-қозғалыс белсенділігіне гигиеналық нормаларға сәйкес түзетулер жүргізілуі және денешынықтыру тәрбиесінің гигиеналық негізделген жалпы моделінің болуы.

 

Қимыл-қозғалыс белсенділігінің дұрыс жасалған нормасы негізгі үш талаптың орындалуын: организмнің барлық жүйелерінің үнемді қызмет етуін, олардың сенімділігін және қоршаған ортаның өзгеруіне реакцияның дұрыс сақталуын қамтамасыз етуі керек.

 

Жылдық динамикада баланың жеке басының және ұжымның денсаулық көрсеткіштерінің жақсы жаққа өзгеруі, жас кезеңдерінің гигиеналық нормасының критерийі болып саналады. Гигиеналық нормалардың диапозондары, өсіп келе жатқан организмнің жеке бас ерекшеліктеріне байланысты қолдануға мүмкіндік береді.

 

Дәрігерлік бақылаудың негізгі формалары:

Балалардың функционалдық мүмкіндіктерін анықтай отырып, денсаулық жағдайын тексеру;

Денешынықтыру тәрбиесінің жүргізілуін жүйелі түрде бақылап отыру;

Денешынықтыру тәрбиесі жүргізілетін орындарға санитарлық бақылау жүргізу;

Мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызмет-керлері мен балалардың ата-анасы арасында санитарлық ағарту жұмысын жүргізу.

 

Денешынықтыру тәрбиесін дұрыс ұйымдастыру үшін міндетті түрде бала организмінің өсу және даму ерекшеліктері ескерілуі керек

 

 

Балалар мен жасөспірімдердің тамақтануының гигиеналық негіздері

 

Өсіп келе жатқан организмдердегі энергия және зат алмасуының ерекшеліктері. Балалар организмі үнемі өсіп, даму үстінде болатындықтан олардың зат алмасу про-цестері елеулі өзгерістерге ұшырап отырады. Мұнда төмендегідей ерекшеліктерді бөліп қараған дұрыс:

Балаларда өсу, даму процесі өте қарқынды жүретіндіктен, зат алмасу процесі ересектерге қарағанда үдемелі түрде жүреді және жас ұлғайған сайын баяулай бастайды. Бала организміндегі зат алмасу процесі клеткаға қажетті заттар мен жоғалтқан энергия шығынының орнын толтырумен қатар, тканьдердің үздіксіз өсіп, дамуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан, балаларда ассимиляция процесі диссимиляция процесінен жоғары, яғни анаболизм катаболизмнен жоғары болып келеді;

Балалар организмінде клеткалар мен тіндердің құрлысына қажетті белоктар үдемелі түрде түзіледі. Өсіп келе жатқан организмге белок қажеттілігі ересектерге қарағанда біршама жоғары және бала неғұрлым жас болса, белок қажеттілігі соғұрлым жоғары болады. Белок жетіспеуі өсу процесінің тежелуіне ұшыратуы мүмкін;

Көмірсулар бала организмінде энергетикалық қызметпен қатар, пластикалық (клетка қабығының, дәнекер тіндерінің қалыптасуы және т.б.) қызмет атқарады. Өсіп келе жатқан организмде белок қажеттілігі жоғары болғандықтан көмірсулардың ыдырауы өте қарқынды жүреді, сондықтан, жас балалардың организмдері көмірсуларға өте жоғары қажеттілікті сезінеді;

Май алмасу процесі балалар организмінде тұрақсыз болып келеді. Тамақта көмірсулар жетіспеген кезде, май депосы тез таусылады. Майлар жылу энергиясының бастама көзі болумен қатар, организмді жылу жоғалтудан, органдарды жарақат алудан қорғайды;

Ересектерге қарағанда балалар гидролабильді болып келеді, яғни, олардың организмдері суды тез жинап, тез жоғалтып отырады. Сондықтан балалар организміндегі су алмасу процесі жылдам бұзылады және бала неғұрлым жас болса, соғұрлым суды көп қажет етеді, бұл құбылыс, қыз балаларға қарағанда ер балаларда жақсы көрінеді;

Сүйек тканьдерінің үдемелі өсіп-дамуына байланысты балаларда кальций қажеттілігі ересектерге қарағанда 1,5 есе жоғары. Калций сүйектерде негізінен фосфор қышқылды тұздар түрінде түзетілетіндіктен, организм калциймен бірге фосфордың қатар түсіп отыруын қажет етеді;

Сүйектегі фосфор қышқылды тұздар "Д" витаминінің қатысуымен ғана түзіледі. Бұл витаминнің жетіспеушілігі рахит ауруына шалдықтырады;

Ана сүтінің құрамында темір жеткіліксіз болғандықтан, емшектегі кезеңдегі сәбилердің осы микроэлементке (әртүрлі жеміс-жидек шырындарына) қажеттілігі жоғары болады;

Балалар организміндегі органдар мен жүйелердің дамып жетілуі аяқталмағандықтан, зат алмасу процесі көбінесе сыртқы ортаға, әсіресе, дұрыс тамақтануға бағынышты болады;

Балаларда негізгі зат алмасу көлемі ересек адамдарға қарағанда салыстырмалы түрде жоғары болып келеді, бұл оларда тотығу процестерінің үлкен қарқынмен жүретіндігін көрсетеді.

 

Негізгі зат алмасудың мөлшері баланың жасына, жынысына, өсу қарқынына, олардың конституциясына (арық балаларда зат алмасудың қарқыны жоғары болады), қимыл-қозғалыстарына, жыл мезгіліне (көктем, жаз мезгілдерінде жоғары), туып, өскен мекеніне (биік таулы аудандарда, жазыққа қарағанда жоғары) және т.б. байланысты болып келеді.

 

Балалардың тамақтануының рационалды болуы, тамақтанудың тәртібін дұрыс ұйымдастырғанда ғана мүмкін. Ол үшін төменде көрсетілген шаралардың орындалуы қажет:

Тамақтану уақытын және уақыт аралықтарын қатал сақтау;

Тамақ қабылдаудың физиологиялық рационалдылығы;

Жеке тамақтану уақыттарына сәйкес, тағамды мөлшері мен сапасына байланысты дұрыс бөлу;

Балалардың тамақтану жағдайы және тамақтану кезіндегі балалардың тәртібі.

 

Санитарлық дәрігер ас-мәзірін құрастырған кезде мынадай негізгі қағидаларды білуі керек:

Тамақ рационы балалардың жас мөлшеріне сәйкес дене еңбегінің жүктемесіне, жыл мезгіліне, климатқа байланысты алынған тағамдық заттарға және энергияға қажет-тілігіне сәйкес болуы қажет. Жаз мезгілінде энергия шығыны ұлғаятындықтан, тағам колориясын 10%-ға жоғарылату қажет;

Ас мәзірі балалар мекемелерінің қызметінің ұзақтығына байланысты 3-5 ретке есептелінеді;

Ас мәзірі әрбір типтегі балалар мен жасөспірімдер мекемелері үшін бекітілген негізгі тағамдардың түрлеріне байланысты жасалады. Ет пен балықтан жасалған тағамдарды таңертеңгі және түскі асқа ал, кешкі асқа сүт, көкөніс және жармадан жасалатын тағамдар ұсынылады. Рационның құрамында күнделікті міндетті түрде ет, балық, сүт, сары май, көкөніс, нан болуы керек;

Ас мәзірі әр түрлі тағамдардан құралады. Бір күндегі тағамдардың түрлері қайталанбауы тиіс;

Барлық балалар мекемелерінде, Медициналық Ғылым Академиясының тағам институты жергілікті жағдайларға байланысты ұсынған үлгі ас мәзірін негізге ала отырып, екі апталық ас мәзірі жасалады. Сонымен қатар "жазғы" және "қысқы" деген тағы екі ас мәзірі дайындалады. Тағам рационының калориясын және химиялық құрамын анықтау, арнаулы кестелер мен балалар тамақтануына арналған нұсқаулар бойынша жүргізіледі;

Күнделікті үлгі ас мәзірінің негізінде, құрамында әрбір тамақтану мерзіміндегі тамақтардың тізімі және осы тағамдардың барлығының массасы мен жеке түрлері көрсетілген сұрыптама ас мәзірі жасалады. Сұрыптама ас мәзірінде тамақтанатын балалар мен қызметкерлердің де саны көрсетіледі (мектепке дейінгі балалар мекемелерінде қызметкерлер тек қана түсте, ал мектеп интернаттарында 3 мезгіл тамақтанады);

Ас мәзірінде көрсетілген кейбір тағамдар жоқ болған кезде, оларды бірін-бірі алмастыра алатын тағамдардың кестесін қолдана отырып, химиялық құрамы жағынан сәйкес келетін тағамдармен ауыстыруға болады;

Балалар рационында, ас қорту органының қызметін жақсарту үшін күрделі тағамдар (қара бидай наны, ботқасы, В тобындағы витаминге бай тағамдар болу керек);

Рациондағы белоктардың меншікті үлесі, жылдың барлық мезгіліне тұрақты түрде болады.

 

Балалар мекемелерінің асхана жұмыстарына ағымды санитарлық бақылау жүргізу жұмысы:

Келіп түскен тамақтардың сапасы мен олардың тасымалдануын бақылау;

Тағамдардың сақталу жағдайын бақылау;

Тағамдардың таратылу мерзімінің сақталуын бақылау;

Тағамдарды дайындау технологиясын бақылау;

Дайын тағамдардың сапасын бақылау;

Асхананың санитарлық, індетке қарсы жүргізілетін тәртібін және ыдыс-аяқтарды тазалау тәртібін бақылау;

Асхана қызметкерлерінің жеке бас гигиенасын сақтауын бақылау;

Тағам рационының құрамын бақылау.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған мекемелердің жоспарлануы мен құрылысын салудың негізгі ережелері

 

Ескертпелі санитарлық бақылаудың кезеңдері. Балалар мен жасөспірімдер гигиенасы бөліміндегі санитарлық дәрігердің жаңадан салынатын нысандарға ескертпелі сани-тарлық бақылау жүргізуі маңызды орын алады. Бұл жұмыстың мақсаты - өсіп келе жатқан балаларға білім беріп, тәрбиелеуге арналған мекемелердің құрылысын салуда және олардың жобасын жасау кезеңдерінде жіберілетін гигиеналық қателіктерден сақтандыруға арналған.

 

Ескертпелі санитарлық бақылау жүргізген кезде төменде көрсетілген құжаттар басшылыққа алынады:

Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995, 2011 толықтырулар еңгілілді);

ҚР «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралың кодексі (18.09.2009);

Приемка в эксплуатацию законченных строительных объектов. Основные положения. СНиП 3.01.04- 87;

ҚР "Еңбекті қорғау туралы заңы";

Мемлекеттік стандарттар, нормалар мен ережелер (ГОСТ, ҚНмЕ, ВСН, ОСТ, СанНмЕ т.б.);

Кәсіпорындар, ғимараттар мен имараттар құрылысының жобалау –сметалық құжаттарын әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі мен құрамы туралы нұсқау ҚР ҚНмЕ 1.02.01- 2001;

Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғын ғимараттарда бөлмелерді қайта құрылымдауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) арналған рұқсат ететін рәсімдердің өту ережесі РК.ҚР ЕР 1.03.01 - 2001

 

Жобалауға және құрылыс жағдайына ескертпелі санитарлық бақылау жүргізу жұмыстары төменде көрсетілген кезеңдермен жүргізіледі:

Құрылысы салынатын объектлердің техникалық-экономикалық негіздерін (ТЭН) немесе техникалық-экономикалық есептеулерін (ТЭЕ) қарастыру;

Құрылыс объектлерін салуға арналған жер учаскесін таңдап алу;

Құрылыс жобасына санитарлық сараптама жасау;

Құрылыс жұмыстарының барысына бақылау жүргізу.

Объектіні қабылдап алуға қатысу.

 

Бақылау жүргізетін адамдар өзінің қоғамға көзқарасын және орындаушылардың заң алдында жауапкершілігін реттеп отыратын құқықтық құжаттардың талабын сақтағанда ғана ескертпелі санитарлық бақылау мен инженерлік-жобалық жұмыстардың сапасы жоғары болады.

 

Негізгі жағдайлар:

Жобаның берілген уақытта дайын болуына, оны қажетті сапамен қамтамасыз етуге және сметалық құнын дұрыс анықтауға жоба жасаушы жауап береді. Тапсырыс берушінің қойған талабы бойынша ол жобада көрсетілген барлық кемшіліктерді өз есебінен жоюы керек;

Жобалауға қажетті негізгі мәліметтерді беру уақытын созып жібергеніне жобаға тапсырыс беруші жауап береді;

Жобалық жұмыстың орындалу уақытының бұрмалануына жоба жасаушы жауап береді.

Құрылыс салу үшін, құрылыс алаңдарын таңдау және соған сәйкес алдын-ала жасалған шешімдердің келісімге салынуының толықтығына тапсырыс беруші жауап береді;

Жоба құжаттарының қолданылып жүрген мемелекеттік санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкестігін анықтау үшін оның санитарлық бақылау орнымен келісіміне жобаның бас инженері (архитектор) жауап береді. Ең жақсы жобалық шешімдер қабылдау, жобаны қорғау, құрылысқа авторлық бақылау жүргізу т.с.с. жұмыстары да осы бас инженердің (архитектордың) жауапкершілігінде болады;

Ескертпелі санитарлық бақылау жүргізетін мамандар сараптаманың дұрыстығына және жобаның бекітілуіне тікелей жауап береді. Жер учаскесін бөліп алу, жобаны талдау туралы қорытындылар, санитарлық тексеру актлері заңды құжаттар болып табылады;

СЭС қызметкерінің заңға қайшы келуі, қате қорытынды беру, құрылысқа негізсіз тиым салу немесе рұқсат ету, комиссия мүшесінің объектіні қабылдау актісіне қол қоюдан негізсіз бас тарту т.б. іс-әрекетті заңсыз тоқтатып қою (жоба құжатарын талдаудан бас тарту, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде объектіні тексеруге бармау т.с.с.) болып табылады. Бұндай бұрмалаушылықтарға байланысты жауапкершілікке тартудың әртүрлі жолдары бар, тіпті кейбір ерекше жағдайларда қылмысты іс деп қарауға да болады.

Жалпы білім беру мектептерінің жоспарлануы

 

Жалпы білім беру мектептері оқу-тәрбие беру мекемелерінің ең негізгісі болып табылады. Бұл мекемелерде балалар өмірінің 9-11 жылының күніне 4-тен 10 сағатқа дейін уақыттары өтеді. Балалардың денсаулығы, дамуы, оқу үрдісіне байланысты қызмет қабілетінің өзгеру динамикасы мектеп ғимаратының бөлмелер жиынтығының сапасына, олардың гигиеналық нормалар мен ережелеріне сәйкес болуына тікелей байланысты.

 

Жалпы білім беру мектептерін жоспарлаудың гигиеналық регламенттері тұрақты емес, оле гигиена мен жас физиологиясының ғылыми жетістіктеріне, халық ағарту саласының жаңа міндеттеріне, еліміздің экономикалық мүмкіндігіне, елдегі құрылыс салу үрдісіне байланысты қайта қаралып, жетілдіріліп отырады. Жалпы білім беру мектептеріне:

1 дәрежелі бастауыш мектептер (1-4 сынып оқушылары үшін),

1-2 дәрежелі негізгі мектептер (1-9 сынып оқушылары үшін),

2 дәрежелі негізгі мектептер (5-9 сынып оқушылары үшін),

1,2,3 дәрежелі орта мектептер (1-11 (12) сынып оқушылары үшін),

2,3 дәрежелі орта мектептер (5-11 (12) сынып оқушылары үшін),

3 дәрежелі орта мектептер (9(10)-11(12) сынып оқушылыры үшін),

Әртүрлі мазмұндағы және әртүрлі оқу әдістері бар гимназиялар, лицейлер жатады.

 

Жергілікті жағдайларға байланысты, әртүрлі дәрежедегі мектептер жеке орналасуы немесе мектеп кешендері ретінде құрылуы мүмкін. Мысалы, тығыз орналасқан көп қабатты үйлері бар үлкен ықшамаудандарда жеке автономды оқу блоктарынан тұратын мектеп кешені құрлысын салу ұсынылады. Ауылды жерлерде 1 дәрежелі бастауыш мек-тептер салынады.

 

Гигиеналық тұрғыдан алғанда мектепті елді мекеннің территорияларында дұрыс орналастырудың маңызы өте зор. Мұндайда атмосфералық ластанудың дәрежесі, шуыл сипаттамасы, көшеде жарақаттану болуы мүмкіндігінің профилактикасы есепке алынуы керек. Мұнда көшеде жарақаттанудың үлкен пайызы мектеп жасындағы балаларға келетіні, ал онаң ішінде негізгі себебі, қала автокөліктері екені дәлелденген. Сонымен қатар автокөлік жарақаттарына байланысты болған қайғылы оқиғалар мектеп оқушыларының мүгедектігі мен қайтыс болуының ең негізгі себептері болып саналады.

 

Осы айтылған жағдайлар және одан кейінгі бақылаулардың нәтижелері төмендегі жағдайларды ескеруге мүмкіндік берді:

Мектептерді орналастырудың негізгі варианты - тұрғын үйлердің бойына, транспорт магистралінен 100м қашықтықта, тұрғын кварталдар ішінде орналастыру болып табылады;

Мектептерді квартал ішіндегі (бір сағатта 90 машинаға дейін жүретін) кішкене жолдардың бойына салуға болады. Квартал аралық (бір сағатта 100-200 машина жүретін) жолдардың немесе транспорт магистралдарының бойына салуға болмайды.

Мектептерді квартал ішіне орналастыру - ауа құрамының және шуыл тәртібінің дұрыстығын қамтамасыз етеді.

 

Мектептің жер учаскесінде төменде көрсетілген функционалдық алаңдар бөлінуі қажет: денешынықтыру-спорт алаңы; оқу-тәжірибе алаңы; демалыс, әскери дайындық және шаруашылық алаңдары; Спорттық және әскери-дайындық алаңдарын сынып бөлмелерінің терезе жағына орналастыруға болмайды. Снаряд лақтыруға және доп ойнауға арналған алаңшалар оқу бөлмелерінің терезелерінен 25м-ден артық қашықтықта орналасуы керек, ал егер бұл алаңдар 3м биік қорғанмен қоршалған болса оның терезелерден ара қашықтығы 15м кем болмауы керек.

 

Шаруашылық алаңы, асханаға кіретін жақта, оқу-тәжірибе алаңына жақын орналасуы керек. Метеорологиялық және географиялық алаңшалар мектеп ғимаратынан, оның 2,5 есе биіктігінен есептелген қашықтықта орналасады. Мектеп учаскесінің көгалдандырылуы, оның жалпы ауданының 40% кем болмауы керек, ал ІҮА климаттық аудандарда - 50% кем болмауы керек.

 

Учаскеде мектеп ғимаратына өрт сөндіргіш машиналардың жақын келуі және олар ғимаратты айналып жүре алуына қолайлы жолдар қарастырылады. Мектеп учаскесінің территориясы биіктігі 1,2 м кем емес қорғанмен қоршалуы керек. Ықшам аудан ішінде мектеп қорғанын жасыл ағаштар отырғызу арқылы жасауға болады, егер, учаске көшеге және транспорт жолдарына жақын тұрса, биік қорған орнату арқылы бөледі.

 

Ж





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 2080 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Велико ли, мало ли дело, его надо делать. © Неизвестно
==> читать все изречения...

2455 - | 2137 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.