1 - Сапар қашықтығы кәдімгі жаяу жүріспен үш тәулік болуы қажет. Бұл дегеніміз шамамен 83км. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(لا تسافر المرأة ثلاثة أيام إلاّ مع ذي محرم)
«Әйел кісіге махрамсыз [738] үш күндік жерге жолға шығуына болмайды» [739]. Бұл хадисте сапар ұзақтығы үш күнмен шектелуде.
2 - Сапардың нақты басталуы. Мұнысы тұрғылықты жердің шеңберінен асып кетумен жүзеге асады. Шыққан қаласының немесе ауылының көзден ғайып болуы шарт емес.
3 - Сапарға ниеттену. Ниетті дұрыс қылатын шарттар:
- Сапарға арнайы шығу. Біреуді 83км жерге шығарып салу ниетімен шыққан кісі жолаушы саналмайды.
- Балиғатқа толуы.
- Тұрғылықты жерден асу ұзақтығы 83км-ден кем болмауы.
4 - Жамағатпен атқарылатын намазда жолаушының жолаушыға немесе тұрғылықтының жолаушыға ұюы. Абдулла, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Омар ибн әл-Хаттаб, Аллаһ тағала оған разы болсын, Меккеге келгенде оларға имам болып, екі рәкат оқитын. Сосын жамағатқа: «Әй, меккеліктер, намаздарыңды толықтырыңдар! Өйткені біз - жолаушымыз»-дейтін[740]. Жолаушы кісі төрт рәкат намазға имам болса, оның сәлемінен кейін тұрғылықты жамағат намаздарын толықтырады.
Жолаушыға тұрғылықты кісіге ұюына, ханафи мәзһабінда, тек уақытында оқылатын намазда ғана рұқсат. Мұндай жағдайда тұрғылықты кісіге ұйыған жолаушы намазды төрт рәкәт етіп оқуы уәжіп. Ибн Омардан, Аллаһ тағала оған разы болсын:
(المسافر يدرك ركعتين من صلاة القوم يعني المقيمين. أتجزيه الركعتان؟ أو يصلي بصلاتهم؟ قال: فضحك وقال: يصلي بصلاتهم)
«Тұрғылықты жамағаттың екі рәкәтіна үлгерген жолаушының намазы жеткілікті бола ма, әлде намазын солар секілді толықтырып оқи ма?»-деп сұралғанда, ол күлімсіреп: «Солар секілді оқиды»-дейді[741].
Нафиъ былай деді:
(كان ابن عمر إذا صلى مع الإمام صلاها أربعا وإذا صلى وحده صلاها ركعتين)
«Ибн Омар намазды имаммен бірге оқыса, оны төрт рәкәт етіп оқитын. Ал жалғыз оқыса, оны екі рәкәт етіп оқитын»[742].
Қаза болған намазда жолаушыға тұрғылықты кісіге ұюына болмайды. Егер ұйып қойса, намазы дұрыстығын жоғалтады. Сондықтан жолаушы өткізіп алған намазының қазасын екі рәкат етіп өтеуі шарт.
Жолаушыға қанша уақыт намазын қысқартып оқу рұқсат етіледі?
1 - Отанына оралғанша.
2 - Барған жерінде он бес күннен кем уақыт тұрса. Егер он бес күн, не одан да көп уақыт тұруға ниет етсе, тұрғылықты үкіміне еніп, намазын толық оқиды. Ибн Аббас пен Ибн Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, былай деді:
(اذا دخلت بلدة وأنت مسافر وفي عزمك أن تقيم بها خمسة عشر يوما فأكمل الصلاة وإن كنت لا تدري متى تظعن فاقصر)
«Егер бір елге жолаушы болып кірсең және онда он бес күн тұруға бел байласаң, намазды толық оқы. Ол жерден қашан аттанарыңды білмесең, қысқартып оқы»[743].
Егер барған жерінде жолаушының тұру ниеті болмаса, шаруасы әне бітер, міне бетер деген күймен сапары қанша созылса да, намазын қысқартып оқуы уәжіп. Өйткені Ъалқама ибн Қайс, Аллаһ тағала оған разы болсын, Хорезмде екі жыл бойы намазын қысқартып оқыған. Анас ибн Мәлик, Аллаһ тағала оған разы болсын, Нисабурда бір не екі жыл намазын қысқартып оқыған. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Әзербайжанда алты ай бойы намазды қысқартып оқиды.
3 - Тұрғылықты жерден 83км аспай, отанына оралушы кісі отанына жетпесе де, сапарды үзгені үшін намазын толық оқиды.
4 - Кім бір елге қызмет бабымен аттанып, сонда он бес күн не одан артық уақыт тұрақтса, ондағы намазын толық оқуы уәжіп. Туған жеріне отбасын көруге келген сапарында намазын толық оқиды. Сол секілді екінші әйелі тұрып жатқан жерге соқса да, намазды толық оқиды. Осман, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін естідім:
(من تأهل في بلد فليصل صلاة المقيم)
«Кім бір елден әйел алса, ондағы намазын тұрғылықты үкімімен оқысын» [744].
Егер туған жерінен отбасымен бірге қоныс аударса, қоныс аударған жері тұрғылықты отанына айналып, туған жері тұрғылықты үкімін жоғалтады. Сосын туған жеріне сапар қылса, тіпті онда жылжымайтын мүлкі қалса да, намазын қысқартып оқиды, егер он бес күннен аз уақыт кідірсе. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Мәдинаға отбасымен бірге көшкендіктен, Меккеге келген сапарларында намазды жолаушы үкімімен қысқартып оқитын.
Тұрғылықты жерінен бөлек бір қаладан бір қалаға қайта-қайта сапар шегуші кісінің намазының қысқару, қысқармауы - әр қалада қанша күн кідіретіндігіне байланысты. Егер біреуінде он бес күн не одан артық уақыт тұрақтайтыны белгілі болса, намазды толық оқиды. Егер екеуінде де он бес күннен кем уақыт кідірсе, екеуінде де намазын қысқартып оқиды.