2. Салафия Алла сөзінің жаратылғандығын жоққа шығарды. Олардың көзқарасы бойынша Алла – азали түрде мутакаллим. Оның сөйлеуі әріптермен, дыбыстармен жүзеге асады. Әріптер мен дыбыстар – затымен бірге (қаим) азали. Белгілі әріптер мен дыбыстардың өздері азали болмаса да олар түр ретінде азали. Алланың әріптермен, дыбыстармен сөйлеуі мүшені қажетсінбейді, оның сөйлеуіне ауыз бен тіл шарт бола алмайды. Бірақ, Алланың дыбысы жаратылғандардың дыбыстарына ұқсамайды. Құдайлық сөзді құрайтын дыбыстар мен әріптерді затынан тысқары болмыста бар деп есептеуге болмайды. Өйткені, мұндай әріптер мен дыбыстар Аллаға тән калам бола алмайды. Калам сипатын хадис деп қабылдау Алланың осындай сипаттан азалда мақрұм болған деген түсінікке жетелейді.
3. Каррамия мутакаллим мен қаилдің, калам мен қаулдың ара жігін ашып көрсеткен. Олардың пікірі бойынша Алланың азалда бір каламмен мутакаллим болуы – оның қаулге деген күші мен құдіреті. Ол – азалдан бері сөз айту құдіреті болып табылатын каламмен сөйлеуші (мутакаллим). Сонымен қатар ол азали түрде сөзбен емес сөз сөйлеу қабілетімен сөйлеуші (каил). Сөйлеу қабілеті – оның сөзге деген құдіреті. Оның сөзі өзінде хадис (жаратылған) болған әріптерден тұрады. Олардың пікірі бойынша ұлы Алланың сөзі (қаулуллаһ) – онда хадис, ал оның каламы – қадим.
4. Ислам философ тарының пікірі бойынша Алланың сөйлей алу қабілетімен сипатталауы – фаал ақыл арқылы құдайлық білімнің пайғамбардың жүрегіне төзілуі деген сөз. Алланың заты араздарға енбейтіндіктен оның каламы адамдық каламға жатуы мүмкін емес. Құдайлық калам – қаули емес фиили. Көк мен жердің құдайлық әмір алдында «бой ұсынып келдік» дегендігі осыны көрсетеді. Ибн Сина сияқты кейбір ислам философтары осы идеяны қолдайды.
5. Әһли сунна каламшылары осы проблеманы «калам нафси» және «калам лафзи» айырымымен шешуге тырысқан. Калам нафси – Алла каламының мәні, ал калам лафзи – оның дыбыстармен, әріптермен бірге айтылуы. Әріптер мен дбыстар – махлуқ, ал Алланың каламы – махлуқ емес. Құран Кәрім Алланың каламы болып, мусхафтарда жазылған, жүректерде сақталған, тілмен оқылады және ардақты Пайғамбарға түскен. Біздің Құранды жатқа айтуымыз, жазуымыз және оқуымыз махлуқ. Бірақ, Құранның өзі махлуқ емес. Алланың сөзі махлуқ емес, бірақ, Муса, Перғауын және Ібілістен берілген хабарлар махлуқ. Алланың каламы – оның затымен бар (қаим) болып табылатын азали сипат. Алла осы сипатымен әмір береді және тиым салады. Калам сипатын дәлелдейтін нәрсе – айтылу, жазылу және белгі. Алланың каламы араб тілінде баяндалса, Құран, Сурияни тілінде баяндалса Інжіл, Ибрани тілінде болса Таурат болып табылады. Олардың арасындағы айырмашылық – айтылуында, ал ондағы мағыналар арасында айырмашылық жоқ.
Калам нафси – азалда әлі жүзеге аспаған оқиғалардың болашақта қалай болатындығы Алланың затында бар деген сөз. Ал оқиғалар жүзеге асса ол калам лафзи арқылы хабарланады. Жаратылыстар жоқ кезде Алланың калам сипаты азалда бар. Алайда жаратылғандарға калам нафси арқылы емес, калам лафзи арқылы үндей жасалады. Алланың жаратылғандармен сөйлесуі тек әріптер мен дыбыстардың жаралуымен жүзеге асады. Матуриди және Ашари ғұламалары осы көзқарасты қолдайды.
8. Такуин – Ұлы Алланың жаратуы, жасауы деген мағынаны білдіретін кемел сипаттарының бірі. Бұл сипат «тахлиқ», «ижад», «ихдас», «итира»... т.б. сөздермен де аталады және «жоқты жоқтықтан барлыққа шығару» деп анықтама жасалады. Әлем Ұлы Алла тарапынан жаралған. Егер «жарату» әрекеті бар болса, осы әрекетті жүзеге асырушы «жаратушы» деп аталуы және оның жарату сипатының берілуі тиіс. Такуин сипаты – Алланың үлгісіз жаратуы (ибда), бір нәрсені басқа нәрседен шығаруы (халқ, ижад, ихдас, ижад), тірілтуі (ихиа), өлтіруі (имата), нығмет беруі (таним), ризық беруі (тарзиқ) сияқты барлық фиили сипаттарының бастауы және тірегі. Құранда Алланы жарату сипаты бірнеше жерде баяндалады: «اِنَّمَاۤ اَمْرُهُۤ اِذَاۤ اَرَادَ شَيْئًا اَنْ يَقُولَ لَهُ كُنْ فَيَكُونُ» (Бір нәрсені жаратқысы келген кезде, оның істегені «бол» деуден ғана тұрады. Сол мезетте бола ақалады) (Ясин 36/82).
«اَللهُ يَبْدَؤُا الْخَلْقَ ثُمَّ يُعيدُهُ ثُمَّ اِلَيْهِ تُرْجَعُونَ» (Жан біткенді Алла әу баста жоқтан бар етеді. Солан өлген соң қайта тірілтеді. Осыдан кейін мүлде Алланың еркінеи өтесіңдер) (Рум 30/11).
Такуин сипаты ашарилер мен матуридилер арасында тартыстың өзегі болған. Ашарилердің пікірі бойынша Алланың бөлек және тәуелсіз такуин сипаты жоқ. Такуин оның қудрат сипатына ирада сипатының қосылуымен кейіннен пайда болған хадис нәрсе, ол шынайы сипат емес, шартты. Ал матуридилер такуиннің тәуелсіз және азали сипат екендігіне қуаттайды. Такуиннің хадис екендігін алға тартатындарға қарағанда «мукаууан» (жаратылған) болмастан такуиннен, мысалы, соғылғаннан бұрын соққыны ойлау мүмкін емес. Такуин қадим болса, онда мукаууанның (жаратылғанның) да қадим болуы керек. Ал жаратылған нәрсенің қадим болуы мүмкін емес.
Матуридилер осы уәжге былай жауап берген: «такуин – Алланың әлемді және әлемдегі бөлшектер мен бөліктердің әрбір саласы мен бөлігін азалда емес, бар болатын уақытында біліміне (илм), қалауына қарай такуин және халқ етуі (жаратуы). Дегенмен такуин азали және абади, бірақ, такуиннің қатынас жасауымен болған мукаууан – хадис, яғни, әлгі сипаттың қатынасымен және оның міндеттілігімен пайда болған нәрселер кейіннен жаралған. Илм, қудрат және ирада сипаттарының азали болуы әлемнің азали болуын қалай қажет етпесе, сол сияқты такуин сипатының азали болуы мукаууанның азали болуын қажетсінбейді.
ІІІ. Фиили сипаттар
Алла Тағалаға сипат ретінде беруі де, бермеуі де жайз сипаттар (фиили сипаттар» немесе «сыфат жайза» деп аталады. Фиили сипаттар Алланың затына міндетті емес, яғни затында міндетті түрде орын алмайды. Ол Алланың қудратынан, ирадасынан пайда болады. Алланың такуин сипаты фиили сипаттардың негізі болып табылады.
Фиили сипаттар бес бөлім бойынша қарастырылады:
А) Тахлиқ (жарату). Алла Тағала – барлық нәрсенің жаратушысы. Бар екендігін ақылмен ойлауға болатын барлық нәрсені Алланың жаратуы жайз: қаласа жаратады, қаламаса жаратпайды. Алла – хайрды (жақсылықты) да, шаррды (жамандықты) да жаратушы. Ол хайрды құлдарының таңдауына риза, шаррды таңдауына наразы болады. Жаратылған барлық нәрсе – қандай болса да Алла ілімінің, хикметінің және әділдігінің жемісі. Алланың әрбір жаратқанында бір хикмет бар. Бірақ, біз оның хикметтерін үнемі түсіне бермейміз. Белгілі нәрселерді жарату Аллаға уәжіп емес. егер уәжіп болғанда ол қалағанын жарата беретін болмыс болмаған болар еді. Құран Кәрімде былай баяндалады: «اللهُ يَخْلُقُ مَا يَشَاۤءُ» (Алла қалағанын жаратады) (Али Имран 3/47).
Ә) Хидаятқа (ақиқат жолға) және адасушылыққа (далалат) жөн сілтеу. Ұлы Алланың қалаған құлына тура жолды, қалаған құлына адасушылық жолды жаратуы жайз. Алладан басқа адамдарды ақиқат жолға салушы, адасушылыққа түсіруші жаратушы жоқ. Осы екі жол да – Алланың әрекеті. Бірақ, Алла Тағаланың бір құлы үшін адасушылықты жаратуы әлгі құлдың таңдауын жамандық жолында жасауына, жузи ирадасын жамандыққа қолдануына байланысты. Басқаша айтар болсақ, адам өз таңдауы мен ниетін адасушылық жолға бағыттамайынша құдайлық ирада мен қудрат оны адасушылыққа күштеп бағыттамайды. Әһли Сунна каламшыларына қарағанда «فَاِنَّ اللهَ يُضِلُّ مَنْ يَشَاۤءُ وَيَهْدي مَنْ يَشَاۤءُ» (Алла қалағанын адастырады, қалағанын ақиқат жолға салады) (Фатыр 35/8) деген аяттың мағынасы «Алла қалаған адамы үшін ақиқат жолды, қалаған адамы үшін адасушылық жолды жаратады» деген мәнді білдіреді.
Б) Пайғамбар жіберу, кітап түсіру. Алла Тағала құлдарын бақылап отыратындықтан, рақымдылықы мен мейрімділігі әрбір болмысты қамтитындықтан, адамдарға тура жолды көрсететін пайғамбарлар жіберген, ал енді бірінде пайғамбарлардың кейбіріне жіберілген кітаптары арқылы ақиқат пен шындықты түсіндірген. Алланың пайғамбарлар жіберуі және кітаптар түсіруі барлық әрекеттеріндегі сияқты оған уәжіп емес, жайз болып табылады. Ол қаламаса пайғамбарлар жібермейді, кітаптар да түсірмейді. Ол құлдарына мейрімді болғандықтан, рақымына бөлеп, пайғамбарлар жіберген және кітаптар түсірген: «وَمَاۤ اَرْسَلْنَاكَ اِلاَّ رَحْمَةً لِلْعَالَمينَ»(Біз сені әлемге рақымдылық болсын деп жібердік) (Анбия 21/107).
В) Баас және Хашр. Баас – Алланың құлдарын өлгеннен соң қайта тірілтуі, ал хашр – олардан есеп алу үшін бір жерге жинауы. Құран Кәрімде: «ثُمَّ اِنَّكُمْ يَوْمَ الْقِيٰمَةِ تُبْعَثُونَ» Сосын сендер қиямет күні тірілесіңдер) (Муминун 23/16) сияқты аяттары арқылы қиямет күні қайта тірілтіп бір жерге жинайтыны баяндалады. Алайда, құлдарджы тірілтіп бір жерге жинау Аллаға уәжіп және міндетті емес, жайз болып табылады.
Г) Таним (нығмет беру) және тазиб (азаптау). Алла құлдарының қалағанына нығмет береді, азаптауға лайықтыларын азапқа салады. Егер Алла қаласа ең кішкентай күнәсін де жазасыз қалдырмайды, ал қаласа (күпірлік пен ширктен басқа) үлкен күнәны да кешіреді. Құлдарға нығмет беру және азаптау Аллаға уәжіп емес Құранның бір аятында былай баяндалады: «يَغْفِرُ لِمَنْ يَشَاۤءُ وَيُعَذِّبُ مَنْ يَشَاۤءُ» (Алла қалаған адамын кешіреді, қалағанын азапқа салады) Маида 5/18).
ІҮ. Хабари сипаттар
Хабари сипаттар – Құран Кәрім мен хадистерде орын алған және Алланың жаратылған болмыстарға ұқсайтын болып көрінген сипаттары. Бастауы нақл мен хабар болуына байланысты олар «хабари сипаттар» деп аталады.
Құран Кәрім мен хадистерде осы типтес сипаттарды кездестіруге болады. Олардың кейбірі мыналар:
1. Бет-жүз (وجه): «كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ ﴿26﴾ وَيَبْقٰى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلالِ وَالاِكْرَامِ» (Жер бетіндегі бәрі уақытша (пәни). Жоғары мәртебелі, әрі даңқты Раббыңның жүзі мәңгі қалады) (Рахман 55/26-27)
2. Қол (يد): «قَالَ يَاۤ اِبْليسُ مَا مَنَعَكَ اَنْ تَسْجُدَ لِمَا خَلَقْتُ بِيَدَىَّ اَسْتَكْبَرْتَ اَمْ كُنْتَ مِنَ الْعَالينَ» («Ей Ібіліс», - деді Алла. – Екі қолыммен жасаған адамыма бас июге не кедергі болды? Әлде бас июге өзімшілдігің жібермей тұр ма? Әйтпесе мәртебем жоғары деп тұрсың ба?»(Сад 38/75),
«يَدُ اللهِ فَوْقَ اَيْديهِمْ» (Алланың қолы олардың қолынан жоғары) (Фатх 48/10).
3. Көз (عين): «تَجْر۪ي بِاَعْيُنِنَا جَزَاۤءً لِمَنْ كَانَ كُفِرَ»(Ол кеме көздеріміздің алдында жүзіп отырды. Жалғанға шығарылған (Нухты) осылай жарылқадық) (Қамар 54/14).
4. Жаны (جنب): «اَنْ تَقُولَ نَفْسٌ يَا حَسْرَتٰى عَلٰى مَا فَرَّطْتُ في جَنْبِ اللهِ وَاِنْ كُنْتُ لَمِنَ السَّاخِر۪ينَ» (Адамның: Алланың жанында шектен асқаныма өкінемін. Мен оны мазақ етуші болыппын) (Зумар 39/56).
5. Нұр (نور): «اَللهُ نُورُ السَّمٰوَاتِ وَالاَرْضِ» (Алла аспан мен жердің нұры) (Нур 24/35)
6. Мекен ету (استوى): «اَلرَّحْمٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوٰى» (Ол Алла ғарышты мекендеді (меңгерді)) (Таха 20/5).
7. Келу (اِتْيِانٌ، مَجِيءٌ): «هَلْ يَنْظُرُونَ اِلاَّۤ اَنْ يَاْتِيَهُمُ اللهُ في ظُلَلٍ مِنَ الْغَمَامِ وَالْمَلٰۤئِكَةُ وَقُضِيَ الاَمْرُ» (Олар бұлттың көлеңкесінде Алла мен періштелер келіп, істің бітіп кетуін ғана күте ме?) (Бақара 2/210).
«وَجَاۤءَ رَبُّكَ وَالْمَلَكُ صَفًّا صَفًّا» (Раббың келген және періштелер сап түзеп тұрған кезде) (Фажр 89/22).
8. Жақындық (قُرْبٌ): «وَنَحْنُ اَقْرَبُ اِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَر۪يدِ» (Біз оған күре тамырынан да жақынбыз) (Қаф 50/16)
9. Уыс (قَبْضَةٌ): «وَالاَرْضُ جَميعًا قَبْضَتُهُ يَوْمَ الْقِيٰمَةِ» (Қиямет күнінде жер түгел Алланың уысында болады.) (Зумар 39/67).
10. Түсу (نُزُولٌ): «Расулуллаһ былай деді: «түннің жартысы немесе үштен екісі өткен кезде Ұлы Алла төменге түседі (нузул) де: не қалағаны бар? Оған қалағаны беріледі! Дұға жасайтын бар ма? Дұғасы қабыл етіледі. Кешірім сұраған бар ма? Кешіріледі! – деп айтады. Бұл таң ағарып атқанға дейін осылай жалғасады».
Мұнан басқа хадистерде бейне, саусақ, аяқ, күлу сияқты кейіп пен дене мүшелері Аллаға берілген. Осы сияқты ұқсату (ташбих) мағынасына алып баратын аяттар мен хадистердің мәні Аллаға тән бе әлде тән емес пе деген тақырып турасында мұсылман теологтары арасында тартыстар өрбіген.