Лекции.Орг


Поиск:




Елмен, жермен Қоштасу




 

Темірмен қол-аяғы байлаудағы,

Екі көз қапалықпен жайнаудағы.

Тордағы арыстандай алас ұрып,

От шығып, жүрек жанып қайнаудағы.

Аһ ұрып, арманда боп, қолға түсіп,

Санын соғып, бармағын шайнаудағы.

Тәкеңнің қырқыншы жыл сөзі мынау,

Ұсталып Үрімжіге айдаудағы:

 

Талқының шығып тұрдық кезеңіне,

Байлаған ұқсап қоян көжегіне.

Артыма жалт бұрылып қарағанда,

Ду етіп от ілінді өзегіме.

Жылы жүз, жұмсақ көңіл, мұңлы сөзбен,

Өскен жер, қош айтыстым өз еліме.

Айдатқан бізді ұстатып «ақ жүректер»,

Дүниенің қарасармыз кезегіне.

Ақиқат атқан таңдай жайнағанда,

Көз жетер сонда кімнің кезебіне.

 

Қош енді қалың Қызай, қайран Іле,

Сенен мен ажырастым қазір міне.

Адасқан мұңды болып Бәти, Сара,

Қосуын келешектің ақтан тіле.

Барамыз машинамен Талқыны аса,

Болдың ба қайран Іле көзден таса!

Айдатқан бізді ұстатып «ағайындар»,

Қош енді, жолыққанша жақсы жаса!

Күтпеген мұндай іске кез болғанға,

Боламын қарап тұрып таң-тамаша.

Сапарға мойны ғашық кеттім шығып,

Келешек өзі жөндеп оңдамаса!

 

Аман бол Текес, Күнес, Қасыңменен,

Қарағай, қайың, терек, тасыңменен.

Жерлеген Албан, Қырғыз, Қызай, Сама,

Кемпір-шал, қыз-келіншек, жасыңменен.

Тұрыңдар тілеулес боп күдер үзбей,

Бір жола кеткенім жоқ басымменен.

Аман бол Құлжа, Күре, Сүйдін, Қорғас,

Сау жынды, ақсақ, шолақ, масыңменен.

Айналып дәм бұйырса көрісерміз,

Кетпес-ау дүние түгеп осыменен.

Қош боп тұр қайта айналып көргенімше,

Дұшпаным, тамыр-таныс, досымменен.

 

Аман бол, Аққолтық пен Аралтөбе,

Мен кеттім жүзбесі жоқ көлге шөге.

Жерлеген Көлбай, Дәуіш, Мәлік, Шолақ,

Солтекең ұмытайын сені неге?!

Шыңбұлақ, Үшкептер мен қайран жерім,

Жолымбет, Тәттібике қалың елім.

Алмалы, Сағаөткел мен Өріктіарал,

Бескөрік, Соқыртәнтік, Әбікенім.

Аман бол Теректі мен Зетті, Түрген,

Қонақбай, Маманыңмен жерлеп жүрген.

Досқана, Қожаберген, Құттымбетім,

Қайран ел қаздай қалқып, ойнап-күлген.

 

Темірлік, қош аман бол Ұты, Төте,

Барады біздің бастан дәурен өте.

Жерлеген Қоңырбай мен Қазымбетім,

Сәлем де Қабылбекке өте-мөте.

 

Барайын қайта айналып Телқарама,

Айтылмай сағынғанда ел қала ма.

Аққозы, Дөртуыл мен Жарас, Тоқал,

Дұға қыл еске алғаның мен балаңа.

 

Аман бол Бестөбе мен қайран Шапқы,

Қанаттас Тоқал, Сады екі жақты.

Аға-іні, құрбы-құрдас, келін-жеңге,

Айналып нәсіп еткей көрер шақты.

Бөгенбей, Тастемір мен Баянекең.

Көз жасым сендерді ойлап көлдей ақты,

Дариға-ай, көрер ме екем, көрмес пе екем,

Өскен жер, өнген елім – алтын тақты.

 

Қарасу, қош-аман бол Жарыңменен,

Андасың, Теріс – таңбалы бәріңменен.

Көп Тоқай, Сағадағы Әбдірасыл,

Аман бол, Нияз, Тұрсын қарыңменен.

Үшбұлақ, қош аман бол Талдыменен,

Қайран жер ажырасып қалдың менен.

Жерлеген Аман, Таңат, Нұрын, Шүңгіл,

Аман бол, бай, кедейің, жарлыңменен.

Аман бол, Талдыдағы ұйғыр, қытай,

Сөкпеңдер айтпады деп алдыменен.

 

Сорбұлақ, Керегетас, Қарабура,

Барайын Ақбұлақпен асып тура.

Жерлеген Әбікен мен Жарас елім,

Дәм тартып қосар ма екен ойын-дуға.

 

Аман бол, Үшжырғалаң, Мұқырыңмен,

Көлденең Шашы, Шұрық, Шұқырыңмен.

Қожағұл, Қараменен екі рулы ел,

Баласы Қозыбайдың тұқымыңмен.

 

Аман бол, Қызылкүре Шұңғылыңмен,

Қадырың болды бүгін шын білінген.

Қалың ел Қожаназар, Қожабегім,

Аман бол, қазақ, қырғыз, мұңғылыңмен.

Қаражон, Қапсалаң мен Дағымбелім,

Аралас Албан, Қызай қалың елім.

Көктерек, Көксу, Құштай, Шолақтерек,

Айналып көрер ме екем қайран жерім.

Аман бол, Үшмойынтай, Шаған сайым,

Жерлеген қалың қырғыз жарлы-байың.

Қанаттас қатарыңда Қарашаңмен,

Ұмытылмай көңілімде жүрсің дәйім.

 

Ақаяз, қош-аман бол, Суықтоғай,

Сендерден ажырастым қазір оңай.

Бәріңе сәлем айтып қоштасайын,

Бақ қонып, қызыр шалған Жолболдым-ай.

Қош енді, көп жыл болар жолыққанша,

Бөлініп мен барамын әрең-зорға-ай.

 

Қонақай, Шаты менен Күре, Сүмбе,

Жан бар ма менен мұңлы осы күнде.

Ақдала, Аттыңтауы, Үшмыс, Қобы,

Мінеки ажырастым сенен мүлде.

Кетейін қош айтысып тым болмаса,

Бар күнде қожалығым қызыл тілге.

 

Ешкілік, Сар буыршын, Тоғыз тарау,

Жерлеген неше түрлі елім бар-ау.

Оразай, Есенқұл мен қош-аман бол,

Бұл күнде мен пақырдың күні қара-ау.

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ,

Шағым тіл, шатыма сөз, жалған жала-ау.

Дұшпанның көре алмаған көкімесі,

Бұл күнде заман боп тұр бір қан талау.

 

Барайын Суасу мен Сексенбелге,

Өнген жер, қоштасайын өскен елге.

Сәлем айт барғандарың қайта-қайта,

Қоңырат, Темірменен төменгі елге.

 

Барайын қайта айналып Қас тарапқа,

Аз жерім қалған екен бас тарапта.

Қоштаспай талай елім шала қалды-ау,

Ес кетіп – тұрған ғарып сасқалақта.

 

Иінжар – қайран жерім жайлы Суат,

Шаңдатып тұрған шығар малың шұбап.

 

Жолымбет, гүңнің елі – барлық төре,

Төленгіт, сол жердегі қалың Уақ.

 

Аман бол, Шұбар түбек, Нылқы базар,

Тастаман, Сұптай менен Сұлтан мазар,

Ауыр күн, қара тұман біздің баста,

Елінен тірі айырылған жігіт азар.

Аман бол, Есенгелді, Көрпешіңмен,

Бас қалқа ел бастаған серкесімен,

Бөлекей, Шолақай мен Қайшы, Шірге,

Аман бол, Ұланбура өлкесімен,

Жолығып тар заманның толқынына,

Біз кеттік қазынаның көңкесімен,

Айтқұрман, Қарабаққа қош айтайын,

Айналып бас ілгеннің желкесімен.

 

Барайын Білікші мен Майтөбеге,

Басы аман, бауыры бүтін, бай төбеге.

Дариға-ай, бұл не деген ауырлық күн,

Қазір мен шығып тұрмын қай төбеге?!

 

Аман бол, Ноғайты мен Сарбұлағым,

Қалдың ба қайран Дәукем-Нарқұланым.

Оразай, Есенқұл мен қалың Таймас,

Арманда айрылғанға зар жыладым.

 

Аман бол, жерлеп жүрген қалың Торғай,

Айрылып мен барамын сенен зорға-ай.

Жақын жоқ, жанашыр жоқ, жалғыз басым

– Қалатын жауыздардан жанды қорғай.

 

Көрмеске кеттім міне Талқыны асып,

Пендеге болмас сапар мұнан ғашық.

Мұнартып тұрғаның-ай, қайран Іле,

Шаңдатып, тұмандатып, мұнар басып.

 

Қалың ел – қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар,

Дәмдерің тартар ма екен жалғыз қасық.

Мен кеттім тірі айрылып, сендер қалдың,

Қош енді, амал бар ма дүние сасық.

Аман бол жаңа бауыр – Керей, Матай,

Дұға қыл еске алғаның жаның ашып,

Жаладан айрылғанға қайғырмасам,

Мен емес түс бұзатын қаны қашып.

 

Аман бол, алыс-жақын, тұрғымменен,

Елдегі үлкен-кіші құрбымменен,

Қадірлі қаздай қалқып жүрген едім,

Қайтейін қадірімді бір білмеген.

Мезгілсіз жайған торға кез болып тұр,

Қыранға қырып салма ілдірмеген.

Бес күндік бұл дүние алдап жүріп,

Сау жан жоқ бір жылатып күлдірмеген.

Сарғайып жетемін деп сағым қуып,

Кім қалды жай тұрмысын бүлдірмеген?!

Еріксіз елден шығып мен барамын,

Ат мініп ауыздықсыз күлдірлеген.

Қарайтын қабағыма кім бар менің,

Жолдастың түрі мынау шүлдірлеген.

 

Келер деп кебенекті еккен шарты,

Бұрынғы дуалы ауыз қазақ қарты.

Атадан алтау туса бір жалғыздық,

Міне мен кетпедім бе жалғыз-жалқы.

Қош енді, қош, қош енді, қош-аман бол,

Сіздермен қоштасудың осы-ақ арты.

 

Сұм дүние, азаптадың алдауменен,

Өтерсің қайран өмір зарлауменен,

Ел-жұртым, туған-туыс еске түссе,

Ағады көздің жасы парлауменен.

Мұң басып тату-тәтті достарымды,

Дұшпаным қалған шығар қарғауменен.

Саражан, Уәлихан мен Шарапатқан,

Өтерсің Тұрдыақындар сарнауменен.

Байлауда, қапалықта барады әкең,

Жолыққан қасіретке арнауменен.

Шәріпхан, Шабданбек пен Болтай, Ботый,

Ойласам жүрек оты жанды-ау менен.

Асқарбек, Қасым, Болат, Құрманғазы,

Алыстап барған сайын қалды-ау менен.

Сейдәлі, Матабек пен Сұлтанәлі,

Барады ағам кетіп Марғауменен.

 

Ырымбек, Тоқтасын мен Құрмандарым,

Нүсіпбек, Оралбек пен Молдандарым.

Шынасыл, Тұрдыбай мен Алдиярбек,

Аманат бір құдайға бір жандарың.

Әуелбек, Төлеубек пен Сатылхандар,

Алыстан Махсұт құда жұраттарым.

Ахмет, Батырхан мен Қызырбектер,

Елеңдер бізді ойласаң құлақтарың.

Әшімхан, Аят, Сымақ, Айдарбектер,

Итемген, қош-аман бол шырақтарым.

 

Дүние, опасы жоқ, жалған шығар,

Мұң басып Әділбекті қалған шығар.

«Тірідей бағыланнан айрылдық» деп,

Мұңлы сөз қай-қайдағы шалдан шығар.

Жанашыр Қарынбай мен Нарынбайлар,

Бас қосу енді арман боп қалған шығар.

Оразқан, Қадырбек пен Бегетайлар,

Есінен естігенде талған шығар.

Тұрсынбай, зәңгі Сүке, Қоңырқұлжа,

Жалғанның жалғанына нанған шығар.

Жетебай, Қанат, Мұса, Қазыхандар –

От болып ағаларым жанған шығар.

Ясымбек, Қосболат пен Әуелхандар,

Тірі барсам ағалап алдан шығар.

Әуезхан, Зылиқа мен екі мұңлық,

Бір күні жылдай болып жүрген шығар.

Бір көріп ең болмаса қалмадық деп,

Қайғының қапасына батқан шығар.

Бүбүжан, Айым менен Нұрбалалар,

Қасірет елден ерек тартқан шығар.

Сарғайтып сары уайым дертке айналып,

Алмадай жерге түскен кепкен шығар.

 

Осындай өтеді екен жалғандарың,

Көңілге түскен кезде арман бәрің.

Бұқатаң, Әбілхан мен Оспанхандар,

Сөкпеңдер аты аталмай қалғандарың.

Ойлаңдар содан менің бағам кем бе?

Жоғалса жоқтарсыңдар бір малдарың,

Сұм көңіл болашақтың білдік бәрін,

Кім тыңдар келешектің мұң мен зарын.

Жарасқан ойнаса ойын, күлсе күлкі,

Ұмытпа елде тыныш тұрғандарын.

Нұрғали, Орынхан мен Қанат, Болат,

Көргенше аман боп жүр Нұрдандарым.

Тәжібек, Үсейін мен Жардам болар,

Ерте-кеш маған дұға қылғандарың.

Сарымжан, Әшімменен Мәмет, Маман,

Ойларсың бізге мойын бұрғандарың.

Нұрсалқан, Тұрсынқожа, Изатқандар,

Қол көтер, бізге бата қылғандарың.

Жәнәбіл, Ырымхан мен Әлақындар,

Бірлесіп оқы дұға жылдам бәрің.

 

Ұйқысы дұшпандардың қанған шығар,

Жеттік деп бір жұмаққа жүрген шығар.

Жақыпбек, Жақсыбек пен Түндебайлар,

Бұлардың әңгімесі аңмен шығар.

Кәрі әке сексендегі дұға көйім,

Жылаумен бір жерге ол да барған шығар.

Бірі алыс, біреулері жақын болып,

Бірі жылап, біреулері күлген шығар.

Нұрғазы, Имангүлдер, Керімбектер,

Қайран жас деп қайғырып сөнген шығар.

Есболат, Қанапия, Әлиқандар,

Мұңайып бауырым деп жүрген шығар.

Қанағат, Сәми, Айтжан, Мұсаевтар,

Не хабар деп құлағын түрген шығар.

 

Сұм жаулар, тақыр, тас қып байлап алдың,

Асаудай арқан тағып айдап алдың.

Қайрат қып, қарсы шауып, бір бұлқынбай,

Арманда бармағымды шайнап алдым.

Барамын ойға шомып аң-таң болып,

Басылып азуына айдахардың.

Сүйейтін қысылғанда жал-құйрықтар,

Қайтейін, амал бар ма, жайға қалдың.

Осындай мұңмен тұрғанда,

Кісінеді «темір ат».

Арт жаққа мойын бұрғанда,

Бұзылады шіркін дәт.

Тау бүркеді бетімді,

Қайран Іле аман жат.

Алыстасын жамандық,

Жақсылықты жақындат.

Қош-аман бол көргенше,

Қыдырбек пен Қанағат.

Бәти, Шапай, Сараны,

Таныс қып елді аралат.

Туса ақиқат, әділет,

Көрісерміз саламат.

Үміттімін өткенше,

Мені есіңе ала жат.

Інің кетіп барады,

Қайғы басып ғаламат.

Уәлихан мен Әділбек,

Тұрдыақын қалды аманат.

Туыссыз адам екен деп,

Жүрмесін дұшпан табалап.

Сездіргенім қысқаша,

Аз сөзбенен шамалап.

Ұзатып айта беруді,

Көтермейді шарағат.

1940 жыл, жол үсті, Үрімжі түрмесі

 

 

АБАҚТЫДА КІМ ЖАТЫР?

Кім жатыр абақтыда, қытай жатыр,

Олар да арық қойдай жұтап жатыр.

Қасірет қапалықта будақтаған,

Аузында темекісі тұтап жатыр.

Көрініп будақтаған сол түтіннен,

Қор жасы жау шапқандай күйреп жатыр.

Аңсайды, құлақ түріп, кули жақты,

Бір үміт сол кулиден тілеп жатыр.

 

Кім жатыр абақтыда, қалмақ жатыр,

Дауысы көкке жетіп зарлап жатыр.

Аяқта ауыр кісен, қолда көзір,

Көзінен ыстық жасы парлап жатыр.

Дулитын мас боп алып әр кісімен,

Мінген ат, кең шапанын зар қып жатыр.

 

Кім жатыр абақтыда, қазақ жатыр,

Жүрегін ашытып бәле қажап жатыр.

Тұншығып батып кетсе малтау бермей,

Кеудеде көлдей толқып азап жатыр.

Кигізген кетпестей қып, жаба тоқып,

Ажырғы әлсіз мойнын қажап жатыр.

Сыймайтын сахараға тау серісі,

Болуға ін тышқаны аз қап жатыр.

Көзінен бұлбұл ұшып көк жайлауы,

Таңдайда сары қымыздың дәмі-ақ жатыр.

 

Кім жатыр абақтыда, ұйғыр жатыр,

Азаптан құтылуды ой қып жатыр.

Тісіне тісін басып, шақырлатып,

Тамырда ашулы қан орғып жатыр.

Есектей дағар артқан маймаңдатып,

Сорлатып оларды да қор қып жатыр.

 

Кім жатыр абақтыда, татар жатыр,

Өзбек пен тәжік, қырғыз қатар жатыр.

Дүңгене, кержақ орыс, сібе, солаң,

Олар да көр аузына тақап жатыр.

Жасаған бұл Шыңжанда барлық ұлттың,

Демеймін бірі де еркін жасап жатыр.

 

Адамын әрбір ұлттың алға басар,

Шырпыдай алып келіп бұтап жатыр.

«Қылмысы» әрбірінің бір-бір дастан,

Неше том қылмыс жазған кітап жатыр.

Күнәсі болмаса да кінәлі боп,

Барлығын Шың Сысайың жалмап жатыр.

Түрмеден шыныңды айтсаң босатам деп,

Оларды айламенен алдап жатыр.

Не көрдің, не істедің, шыныңды айт деп,

Дүрелеп ашты тілмен тілдеп жатыр.

«Құлатпақ болғансыңдар үкіметті,

Құтыртқан осы сені кім?» деп жатыр.

Терісін теріскейдің сойып алып,

Жүнін қойып түбітін жүндеп жатыр.

1941 жыл, Үрімжі түрмесі

 

 

БІРЛІК

 

Сөзімді түсінгенің іріктейсің,

«Ірігі» не дегенде «бірлік» дейсің.

Бірлігің болмаса егер жауларыңның,

Қолында маймен жанған біліктейсің.

Жем болып ит пен құсқа айдалада,

Майы еріп, күнде жатқан жіліктейсің.

Сен – терек ішің қуыс, басқалар – құрт,

Жұп-жұмсақ қажауына шіріктейсің.

Болмаса өз ортаңда берік бірлік,

Қалайша көлеңкеңнен үрікпейсің.

Келгенде өз-өзіңе тісің өткір,

Тері теспе қан сорғаған сүліктейсің.

Астыртын алалықты салып қойып:

«Ел іші кеткен не қып іріп?» дейсің,

Қоймасаң осы жаман мінезіңді,

Қауымның қатарына ірікпейсің.

Қайталап тағы айтайын, бірікпесең,

Жауларға даяр азық-түліктейсің.

Істесе керегінше өз еркімен,

Кәдімгі иесі жоқ мүліктейсің.

Талпынып жатыр бірлік еткен халық,

Сен ғана шөже басқан күріктейсің.

Солардан бір мүшең кем жаралған жоқ,

Жалғыз-ақ ақыл қосып бірікпейсің.

Біріксең мына біздер душар болған,

Сияқты пәлелерге ілікпейсің.

Бірліктің не екенін шын түсінсең,

Өзің-ақ ең алдымен «бірлік!» дейсің.

1941 жыл, Үрімжі түрмесі

ШЫН ТІЛЕК

Жүн қағаз, газет болды – дастарханым,

Сескеніп бұл тұрмыстан бас тартамын.

Зүлжәліл тілегімді қабыл алып,

Атырар күнің бар ма жастар таңын.

 

Қамығып, қанға толған жүректерім,

Қайғымен қажып талған білектерім.

Түбін бер ақырғы істің тұрақты ел қыл,

Қорытынды шын мақсат пен тілектерім.

 

Ей, Алла, дәргәйіңә тұттым жүзді,

Қыс пен жаз сен жараттың көктем, күзді.

Қайдасың қысылғанда жалғыз ием,

Еске алмай, тастап қойдың қалай бізді?

Мұхаммед Расул Алла досың қайда,

Үмбетін қара қарға қойдай тізді.

Арыстан хазіреті шерің қайда,

«Жәрдем» деп қиналғандар көзін сүзді.

Аныққа шын шыға алмай жалған шығып,

Қаптады соқыр тұман басқан ізді.

«Құдай – бір, құран – рас, пайғамбар – хақ»

Дегендер шыбын жаннан күдер үзді.

Бұл күнде өзі залым, сөзі шикі,

«Орнымен жоқ» дегендер мүлдем озды.

Аңқиып «Алла» деген отырып қап,

«Орнымен жоқ» дегендер бұзды мұзды.

«Пендеме шын тілесе беремін» деп,

Құранда айтқаныңды кімің бұзды?

«Жетеді сабыр қылған мұратына»,

Хадиста қай пайғамбар қате сызды?

Деген сөз осы күні қайда кетті:

«Оңбас – деп қас қылғандар татқан тұзды»,

Біреуі жоғарғының келмеген соң,

Айтпасқа шыдай алмай қаным қызды.

 

Фазылың, рақымың мол ием едің,

Қалайша қысылғанда сүйемедің?

Бір рет назарыңды салып қойсаң,

От болып осынша мен күйер ме едім?!

Етімді қышытпасаң сүйкенетін,

Мен құлың қотыр болған түйе ме едім?!

Медет бер екі әлемнің сәруәрі,

Дос болған жалғызбенен киелі едің.

Жәрдем бер шер арыстан Әлиайдар,

Жалғыздың достысының күйеуі едің.

 

Мұхаммед Қанапияұлы өзің,

Себеп қыл, Сәруәрдің жиені едің.

Қадиша мен Фатима дем беріңдер,

Екеуің екі жақтың тиегі едің.

Сыйынам Қасейін мен Құсайынға,

Көк шүңет, шалқар көлдің жиегі едің.

Медет бер жетім өскен Зейнелғабиден,

Жұрағат Пайғамбардың сүйегі едің.

Қолдай көр дін басшымыз имам мағзам,

Түбірі, ислам діннің тірегі едің.

Жалынам Әбубәкір тақсыр саған,

Ардақты шаһар жардың біреуі едің.

Қол жайды тілек тілеп құлдарыңыз,

Айырылған ел-жұртынан жүдеу едім.

 

Ей, Алла құдіретің кімге жетпес,

Мұндайда бір демесең артық емес.

Сен қожам, сен жараттың, сен иемсің,

Сен салсаң назарыңды естен кетпес.

Өзіңнен жардам тілеп жалтақ қағып,

Қарғаға қарсы тіктеп келдім беттес.

Сүйемей осы жолы тастап кетсең,

Осыдан дүниеде қорлық өтпес.

 

Ей, Алла, осы әлемді сен жараттың,

Халықты неше түрлі тең жараттың.

«Пендеме тар-тапшылық болмасын» деп,

Осынша дүниені кең жараттың.

Жаңбыр, қар-бұлтпенен күн жауғызып,

Соғатын өрлеп, құлдап жел жараттың.

Көк аспан, таусылмайтын су менен тұз,

Ағаш, көмір, алтын, мыс-кен жараттың.

Түпсіз дария, шың, заңғар, қожырқай тас,

Сай, сала, дөңес, жыра бел жараттың.

Меңіреу сусыз, түпсіз, ақ қайран қып,

Қу дала – құлазыған шөл жараттың.

Адам, хайуан, аң, құс жоқ иен түзге,

Мөлдір-тұнық, көкпеңбек көл жараттың.

Ұшқан құс, жүгірген аң, құрт-құмырсқа,

Бәріне ылайықты жем жараттың.

Таз, керең, ақсақ, соқыр, маңқа,

Пұшық, оларға шипа болар ем жараттың.

Он екі мүше беріп адамзатқа,

Алатын бір тесіктен дем жараттың.

Көз, мұрын, құлақ, ауыз, аяқ пен қол,

Қызыл жүз, қара қас пен мең жараттың.

Әрбір тап, әрбір түрлі дінге бөліп,

Ұқсатпай бір-біріне ел жараттың.

Олардың пайдасы үшін әлеміңді,

Есепсіз, енсіз қылып мол жараттың.

Қалайша осылардан оспадар қып,

Қазақты әр өнерден кем жараттың.

Ей, Алла, Мұхаммедпен дос емес пе ең,

Ол күнде мұндай емес бос емес пе ең?!

Жалынса кім қысылып жәрдем қылғыш,

Сондағы күшті құдай сен емес пе ең.

 

Әмірің қалай десең өтуші еді,

Хабары халық ішіне жетуші еді.

Өрттен, оқтан, судан, зынданнан да,

Құтқарып, оңай алып кетуші еді.

 

Пері келсе қаһарын төндіретін,

Жүрексіз қып оларды көндіретін.

Адамзатқа залалды селдер келсе,

Кереметің құрғатып жіберетін.

 

Батырларың жүретін ортаны ойып,

Қарсы жағын талқандап, қырып-жойып.

Айлық жолды күндік қып жіберуші ең,

Жер тамырын ақырын тарта қойып.

 

Ақ сөйлеп, адал жүрген сенің кісің,

Сондықтан артық қылдың оның күшін.

Ыстық күнді суытып, суық күнді,

Ысытып жіберуші ең солар үшін.

 

Ақырып жауды қырған ерлерің бар,

Ақырса тау құлатқан шерлерің бар.

Қылап қылған тауыңды әміріңе,

Жазық қылып жіберген жерлерің бар.

 

Күшті еді Мұхаммедпен байланысың,

Оңайлап жіберуші ең қайдағы ісін.

Арада Жебірейіл аттай шапса,

Жіберер дұшпанына қай намысын?!

 

Жебірейіл жеткізіп сәлеміңді,

Досыңа жібермеп пе ең кәләмыңды.

Көп күттік ынтымақтық алайық деп,

Сол үшін жаратпап па ең әлеміңді.

 

Досыңыз кәләміңді оқып-парлап,

Қалдырған кейін бізге әтей арнап.

«Бейіске үмбетімсіз кірмеймін – деп,

– Үмбетім! Үмбетім!» деп кеткен зарлап.

 

Зарлаған сол үмбеті біз емес пе,

Сенгені сол кісінің сіз емес пе?!

Пендесі біраз азып жолдан шықса,

Түзейтін құдіретпен сіз емес пе?!

 

Сөз емес айтып тұрған ерегеспен,

Өзімді неге бүйтіп шенеместен.

Патшаның патшасы, зордың зоры,

Барлығының қожасы сен емес пе ең?!

 

Асығыста айтқаным ерте емес пе,

Ақыр заман адамы келте емес пе?!

Замананың ақырын оңдайтұғын,

Баланың да кенжесі ерке емес пе?!

 

Айтқаным, бір керемет көрмеген соң,

Қабылдап бір тілекті бермеген соң.

Таба алмай із-тозыңды, жөн-жайыңды,

Еткен іс ретіне келмеген соң.

 

Кешерсің артық айтқан сөзім батса,

Өзің – кең, өзің – әділ, өзің – патша.

Айтпағанда қайтемін шын жеңіліп,

Кеудесіне өтірік шығып жатса.

Жылт еткен жаңалықтың нысаны жоқ,

Жамандық күннен күнге жұғып жатса.

Бір бақырмай өлуге ылайық па,

Бұға берсең артыңнан сұғып жатса.

Соның сөзі тағы сөз қайда барса,

«Жығылдым» деп айтсаң да жығып жатса.

«Неге бұған тидің?» деп жазалайды,

Найзасын саған әкеп сұғып жатса.

«Қарсы болып қаштың» деп тағы ұстайды,

Бұл пәлені бұрыннан ұғып жатса.

Мың зарлансаң іске аспас рас сөзің,

Құлақ сап қудың сөзін ұғып жатса.

Жалған, жала, өтірік, материал,

Майлы қара күйедей жұғып жатса.

«Дәмді жерін бермедің» деп ұрсады,

Қазының үлпершегін сығымдатса.

Әр бұтаның түбінде бірден қорқау,

Кім кез болмас ерте-кеш жымып жатса.

Сені жықса төбесі көкке тиіп,

Қуған аңын алғандай қымың қақса.

Таба қылып табанда байлап беріп,

Алды-артыңды беріктеп мығымдатса.

Білмегенді білдің деп қол қойғызып,

Арам боққа аузыңды тығындатса.

Ақ басыңды қараға айландырып,

Жалғыз жанды осынша шырылдатса.

Таяқ, тұзақ, қылбұрау, қамшы, палақ,

Отқа күйген сіңірдей шыжылдатса.

Жүгеріден жасаған ашты мома,

Қара суы жүректі қыжылдатса.

Өлгеніңді көмдіріп қалғаныңа,

Иттеріне айдатып ырылдатса.

«Құрыдық, өлдік» деуден басқа түк жоқ,

Ұрса, соқса, тепсе де, быжылдатса.

Ұстап берген қуанып қол қағады,

Сені біреу сүйретіп қырылдатса,

Онда намыс, онда ар, ұят қайда,

Көрінгенге айтақтап абалатса.

Тон тозбай, жан кейімей тұра ала ма,

Тау мен тасқа сүйретіп дырылдатса.

Басыңа бүркеншік сап тұншықтырып,

Суға түскен жылқыдай пырылдатса.

Кімді ие қып, бұл күнде кімге сендік,

Әр орында бір сабап бажылдатса.

 

Ғапу ет қата болса зарлығымды,

Шашсаңшы бір әшкере жарлығыңды.

Күмән ойлап жүргендер, шек келтіріп,

Түзелсін біліп қалып барлығыңды.

 

Жүргенде сені жоқ деп үміт үзіп,

Талқандап, тауды жарып, тасты бұзып.

Жоқ дегеннің жолы ашық, жолы түзу,

Бар дегендер батпақта жатыр жүзіп.

 

Надан елдің білмеген әуре-сарсаң,

Иең кетер болды ғой қайырмасаң.

Ақ, қара, адал, арам кетті бір боп,

Арасын ажыратып айырмасаң.

Қазақ жүр аңдай жосып тау басында,

Бір жерге тиянақтап қайырмасаң.

Мәңгілік құй қараңғы қалар ма екен,

Дәм-тұзын, ғылым-өнер татырмасаң.

 

Танымай кім дос, кім қас, жау қасында,

Айта алмай аузындағы тәубасын да.

Егін салып, баға алмай жөндеп малын,

Тері-терсек қыла алмай саудасында.

Кім құлағын жымитса содан қорқып,

Қиратып қазан менен қауғасын да.

Тыныштық осы жұртқа бер тілегім,

Қымыз ішіп, биесін саумасын ба?!

Көңілге сабыр таупиқ берсең өзің,

Пенде ғой жақсылыққа аумасын ба?!

Әлемге жетіп жатқан жақсылығың,

Бір тамшы қазаққа да жаумасын ба?!

Ел қылып, ерік беріп, қос қатарға,

Жал бітіп жасаң шөпке аунасын да.

 

Тілегің кейбіреудің берген құдай,

Көз жасын зарлағанның көрген құдай.

Ортадан орын беріп орнықты қыл,

Жүргізбе тау мен тасқа бұрынғыдай.

Халық қыл қатардағы нысан беріп,

Жүрмесін жабайы боп қоңыз теріп.

Басын мықты, мойынын қатқылдау қыл,

Әр жетекке кетпесін бекер еріп.

 

Бір салшы жалғыз ием назар-көзді,

Ақыл бер, айырғандай алтын-жезді.

Табанды, тапжылмайтын мінез беріп,

Қылмашы екі сөзді, екі жүзді.

 

Айтқаны өтірік болмасын, қылған хасам,

Барлық іс бізге қиын, өзіңе асан.

Қанша түрлі керемет бар құдайым,

Көрсетесің біздерге енді қашан?

 

Білмедім аңқауыңды, зерегіңді,

Ескермей тастаған соң керегімді.

Бір мың үш жүз алпыс төрт жылдан бері,

Біле алмай қаңғып қалдым дерегіңді.

 

Адасқандар қисапсыз түзу жүрмей,

Ақыл сөз құлағына қойды кірмей.

Қатардан халық қылып орын әпер,

Болған соң адамзаттың бәрі бірдей.

 

Момынның қараңғыдан көзін аштыр,

Ел ішіне алалдан ұрық шаштыр.

Екі тіл, екі мінез, екі бетті –

Құбылғыштың кеудесін таспен бастыр.

 

Елдің ішін есепсіз бүлдіргенді,

Нашарды езіп, залымды күлдіргенді.

Жанын жалдап, арын сатып арам боққа,

Момындардың езуін тілдіргенді,

Ақ мойынды қараға идіргенді,

Өз бетінен сайтанға сүйдіргенді,

Шындықты өтірікке жалдағанды,

Ар, нысап – бәрін сатып тамақ үшін,

Күлгірсіп әлжуазды алдағанды.

Аңқауды аздыруды ұнатқанды,

Алдап барып жартастан құлатқанды.

Ұлын ойға тоздырып, қызын қырға,

Ата-анадан айырып боздатқанды.

Тарт тамырын, тізгінін кес тілегім,

Жазықсызды жылатып зарлатқанды.

 

Момынның көңіліне салма жара,

Көрмесең лаж жоқ өзің шара.

Біреуді ұра байлап бермесең де,

Қараны ақ қылмаңыз, ақты қара.

 

Әлімдерге нысап бер, залымды тос,

Ғарыптардың көз жасын ағызба бос.

Еріксіз ел-жұртынан айрылғанды,

Шаттандырып көңілін, үйірге қос.

Жауын әлсіз, жаурағанды айбынды қыл,

Ұрпақтарға жар болсын Абылай қос.

 

Момындарға нысап бер азбайтұғын,

Жолдан азып тәңірге жазбайтұғын.

Алдын тос, ар-ұят бер қу сұмдарға,

Біреуге сырттан шұңқыр қазбайтұғын.

 

Нақақ жылап бұл күнде көп күйзелген,

Әлсіздерге әл бітір зар илеген.

Халық қамын жейтіндер тізгін ұстап,

Күн тусын өзін-өзі ел билеген.

Ақ-қараның арасын айыратын,

Бастыққа әділет бер жұрт билеген.

Тыңда, Алла, зар тілегім, қайғымды бұл,

Ақ пен қара арасын айырымды қыл.

Ата-ананы балаға мейірімді қыл,

Балаларын оларға қайырымды қыл.

 

Жақын қыл бір-біріне адамзатты,

Ер-әйелді жақын қыл махаббатты.

Жұрттың ішін тазалап береке орнат,

Ғашықтардың басын қос балдан тәтті.

 

Ағаның артық сөзін іні кешсін,

Мұңы болса кішінің үлкен шешсін.

Жетім-жесір, мұң-мұқтаж, шерлі барма,

Болса соған қарасып қамын жесін.

 

Бай, жарлысы жайлауға бірдей көшсін,

Берекелі халық боп өркені өссін.

Өсек, мақтан, өтірік, ұрлық, зорлық,

Ел ішінен осылар мүлдем өшсін.

 

Ақсақалды шалдарға ауырлық бер,

Ынтымақты бас қосар қауымдық бер.

Кімнің өлсе адамы соған батар,

Солар үшін жылайтын бауырлық бер.

 

Кемпірлерді келінге қадірлі қыл,

Жас жігітті жайдары, сабырлы қыл.

Қайын-жеңге, қайын аға-келіндерді,

Тату қып, үйдің ішін дабырлы қыл.

 

Жас әйелді пәк мінез қоңырлы қыл,

Үлкен сөзін кішіге қонымды қыл.

Кемпір көзін, келіндер аузын жапсын,

Жау шауып жатпаған соң о құрлы бір.

 

Қыз баланы ұялшақ, әдепті қыл,

Ата-анасын сыйлайтын әдетті қыл.

Келін бала кеш жатып, ерте тұрсын,

Бойын кірсіз ұстатып дәретті қыл.

 

Ұл баланы талапты, жатқызбас қыл,

Өсек айтып, өтірік шатқызбас қыл.

Қыз баланы тегіне тегін бергіз,

Мал бергенге жылатып сатқызбас қыл.

 

Әзәзіл арамдықты өсірмес қыл,

Қымыз ішіп қылжақтап есірмес қыл.

Бас-аяғын тұйықтап біздің елді,

Орнықты қып тау-тасқа көшірмес қыл.

Татулықпен күн өтсін келін-ата,

Айтқанымды алмасын болса қате.

«Анық тілек осы» деп кім танысын,

Біреу қарғыс береді, біреу бата.

 

Отбасында тату қыл кемпір-шалды,

Үйді олар күзетсін, жастар жалды.

Үй ішін, ел арасын, тынышты қыл,

Ынтымақ деген осы ырыс алды.

 

Ынтымақ болса ісім жоқ өзгесімен,

Қой, жылқы, тиын, терсек, теңгесімен.

Ағайынның айырма берекесін,

Бойжеткенді тату қыл жеңгесімен.

 

Абысынның арасын өсексіз қыл,

Кіші сөзін үлкенге кесексіз қыл.

 

Арадан алалықты мүлдем жойып,

Ағайын татулығын есепсіз қыл.

 

Бастық сөзін жұртына алымды қыл,

Бұқараны бастықтан салымды қыл.

Халықты ұрлық, зорлық, өтіріксіз,

Біреуіне біреуін нанымды қыл.

 

Жұрттың шалыс-қатесін ұлық тыйсын,

Рас сөзге бұқара жанын қисын.

Үкіметке жардам қып жауды тосып,

Отан қорғау жолында жанын қисын.

 

Алалық сап, ажыратпа жігімізді,

Дұшпандардан алып бер кегімізді.

Залым кім, ақ ниет кім, ар сатқыш кім

Ажырат пендем десең тегі бізді.

 

Күнәм болса дәлелдеп қойсын маған,

Құдайға еш жерім жоқ бойұсынбаған.

«Құдайға құл» деп оны санамаймын,

Меніңше төрт нәрсеге бойұсынбаған.

 

Бірінші, шек қылмайық иемізге,

Білесің, сүйеміз бе, сүймейміз бе.

Бір иесіз дүние жаралған жоқ,

Жалған айтып нақақтан күйеміз бе?!

 

Екінші, қарайтұғын ханы қайсы,

Әмір, пәрмен, тәшүйхат заңы қайсы,

Қандай пәрмен, бұйрығын сақтау керек,

Атқарып заң, жарлығын келмей қайшы.

 

Үшінші, өз дініңнің еркін сақтау,

Басшылықты құрметтеп, сөзін ақтау.

Адамзатқа адал бол, қастық қылма,

Нәпсі үшін ар сатып, жалған айтпа.

 

Төртінші, ата-ананың қарызы ұлық,

Адал болып атқарсаң адамшылық.

Миың болса ұмытпа осы төртті,

Зияны жоқ бойыңда болса рух.

 

Осы төртті бұлжытпай орындасақ,

Қалай тартса сол жаққа бұрылмасақ.

Аққа сеніп мықты ұстап дінімізді,

Үкімет қалай десе, қорынбасақ.

 

Сонда ғана жігіміз ашылмайды,

Бірлік, тілек бәрі де шашылмайды.

Осы төртті пендеңе танытпасаң,

Тіпті менің арманым арылмайды.

 

Жан мұрынға жеткенде қылған зарым,

Қайда кетті білмедім ұят-арым.

Жұрттың көбі айналды қараңғыға,

Бірен-саран шықпаса жалғыз-жарым.

 

Құдай кім? Үкімет кім? Танымадық,

Өсек, өтірік, ұрлықтан арылмадық.

Қулық, сұмдық, пайдакөз, залымдықты,

Пендеге ұнамсыз деп айырмадық.

 

Бос сандалмен өткіздік жаз бен қысты,

Айырмай дос пен дұшпан, сырт пен ішті.

Тілегімді қабыл қыл бір құдайым,

Шыдай алмай айтпасқа ішім пысты.

 

Қайғы, қанға толтырдым жүрегімді,

Өз қалпына бір келтір реңімді.

«Лә и ләһә иллолла Мұхаммәді расуллолла»

Демеп пе едік, ендеше орындап бер тілегімді.

 

Сенен басқа қожам жоқ жалынатын,

Күн бар ма тілек қабыл алынатын.

Кімге айттым енді қайттым, қайда бардым,

Іске аспай болса мұңым қалынатын.

 

Қол жайдым, құбылаға тұттым жүзді,

Пендең сенен басқадан үміт үзді.

Шарт тізерлеп-жүгініп, мойын салып,

«Тілекті бер» деп құлың көзін сүзді.

 

Құдай – бір, құран – рас, пайғамбар – хақ,

Бір тынбай зарлануда тіл менен жақ.

Қайтпаймын қажетімді толық алмай,

Мал мен пұл керек емес, дәулет пен бақ.

Кейінге дегеніңе қарамаймын,

Бермесең дер кезінде қолма-қол, нақ.

Басқаға көңіл бұзып бұрылмаймын,

Зарлаймын жер бесікке кіргенше тақ.

Түбін бер ерікті ел қып қос қатарға,

Басына нашарлардың қондырып бақ.

Ағындайды судай боп,

Асау жүрек алқына.

Ел сыйлаған ер қайда,

Тура түсіп салтына.

Үміт-тілек келмей тұр,

Оңалып рет-шартына.

Еңбегі жанған ер қайда,

Қызмет қылып халқына?!

Уақыт тізгін бермей тұр,

Тоқтамасқа тартына.

Жылай-жылай кетейін,

Түскен соң аруақ қалпына.

Жазып тастап кетейін,

Белгі қалсын артыма.

Арманым көп әлемде,

Бас көтерсін сәлем де.

Қайғыда жүрген қараңғы,

Қазақ, қырғыз халқыма.

Ескерілмей қалмасын,

Оған да айт сартыма.

 

Бас қоссын бытырамай қазақ елі,

Алынып перделенген көздің шелі.

Айдалып сұр бұлт, қара тұман,

Ызғарлы құбыланың сары желі.

Зар-зүлмәт түннен шығып, аунап көкке,

Жол түсіп көтеріліп босап белі.

Үйірін адасқандар табар еді,

Боп келген әрбіреуге бұрын телі.

Сусындап өз еркімен жүрмес пе еді,

Салқын тау қолға тиіп шалқар көлі.

Ел болып еркін таңдау өз қолыңда,

Рахат шәрбәтіна қанып шөлі.

Бетіне қан жүгіріп, нұр кірмей ме,

Жүргендер жылан сорып, кетіп сөлі.

Тыпырлап әр өңірден бас көтерсе,

Денелер жансыз қалған болып өлі.

Кімнің қас, кімнің досын сезер еді,

Байқалып алды-арты, еңіс-өрі.

Өмірі босағада күні өткендер,

Отырса өз еркіне тиіп төрі.

Қорқынып, қоян құсап кеткен халық,

Сілкініп шыға келсе болып бөрі.

Алды-артын, етек-жеңін жиып алса,

Түзеліп кетпес пе еді бұдан гөрі,

Астында өз туының ұран салса,

Шыға алмай жүрген жастар ішкі шері.

Қарғаға қазаншы боп кетпеп пе еді,

Би, болыс, зәңгі, манап ағып тері.

«Жабайы ұлт» деп ұялмай ат қоятын,

Қош бол, рахмет – берген сыйы.

Тайдай қып қасқыр тартқан кетуші еді,

Қалады қайтып естен осы жері.

Өз басым, он сом пайда көргенім жоқ,

Мың тоғыз жүз отыз төрт жылдан бері.

Жалынсаң жәрдем қылар нашарларға,

Қамқоры, дүниенің қайратты ері:

Жабысып етегінен айырылмасаң,

Жарыққа шығарады бастап сені.

Тау құлап, тастар жанып, көл шайқалса,

Қолдайды қаптаса да топан суы.

Бас қоссаң ынтымақпен жігіңді ашпай,

Ер болып екі айтпайтын берекелі!

 

Міне осы шын тілегім, еткен зарым,

Ел қайда сақтамаса ұят-арын,

Жұрт қамын ойлайтындар аз болып жүр,

Жетеді неменеге жалғыз жарым?!

Құдай кім, үкімет кім, онда ісім жоқ,

Халқым, сен, шын тіленіп табынарым!!!

1942 жыл, Үрімжі түрмесі

 

 

УГОЛИНГЕ

Келдің бе тақсыр, Уголин,

Қандай екен бұл күнің?

Бұзауға туған өгізге,

Айнымай дәл тууын?!

Шалдыр-шұлдыр, шалдырлақ,

Саған да түсіпті-ау шалдырлап.

Маған қазған көріңе,

Енді өзің түстің құлдырап.

1942 жыл, Үрімжі түрмесі

ТУҒАН ЖЕР

Қамысты айналайын өскен жерім,

Кір жуып, кіндігімнің кескен жерім.

Қуалап кекілік пен қырғауылын,

Неше ойнап табанымды тескен жерім.

Саршоқы, Алмалы мен Ешкіқора,

Кендірін аршып алып ескен жерім.

Көкшоқы онан кейін Ашылыбұлақ,

Аралап неше басып кескен жерім.

Көктекше, Көрсай шоқы, Аққорам-ай,

Аң қуған ертеменен кеш пен жерім.

Телқара, Бестөбе мен қайран Шапқы,

Қалмайсың қайда жүрсең естен жерім.

Бола ма сені тірі көретін шақ,

Зарлаумен өте ме – жоқ, тіл менен жақ,

Тіршілік қолыңды бер, қос қатарға,

Басына біз пақырдың қондырып бақ.

Бақ сыйла, өмір сыйла, аспанға өрлет,

Тілегім бір өзіңнен осы ғана-ақ.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

 

 

ШЫҢ СЫСАЙ СУРЕТІНЕ

Қараңғы камерадан еңбекке алып шыққан жерінде, ауланың маңдайшасына үлкен қып қадап қойған Шың Сысайдың суретін көрген кезде ақын:

Отырсың қара залым түсің қашып,

Біз жүрміз айдауыңда асып-сасып.

Армансыз дүниеден өтер едім,

Қаныңды бір ұрттасам жалғыз қасық, –

деп тісін қайрапты.

Қасында тұрған түрмелесі:

– Әй, осының бір жері кем қалған сияқты, – дегенде, өлеңнің аяғын:

Қамауда жатыр ерлер жанталасып,

Бірге өскен, бірге туған қан жаласып.

Япырым-ау өстіп құрып кетеміз бе?

Арман не өліп кетсек найзаласып, –

деп шұбырта жөнеліпті.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

 

 

АҚЫН СЫРЫ

Ақынға жағар жұрттың тыңдағаны,

Ол сонда өршеленіп шыңдалады.

Ел сезгіш, сөйлеушісі дана болса,

Сол кезде сөз дәмді боп тыңдалады.

Негізін әр нәрсенің білу керек,

Сыртында пышақ сынса қын қылады.

Әдеті бұл жалғанның әне сондай,

Бір белгі тышқаннан да ін қалады.

«Түк түсер ат аунаса» дейді қазақ,

Тоқтыда қой жусаған жүн қалады.

Ақиқат, анық айтып шынын сөйле,

Жарамсыз жалған сөзге кім нанады.

Білетін терең сөзді білгіштерге,

Жұмбақ сөз перде ішінде ымдалады.

Көңілсіз, көрсе қызар, тез оңғыштар,

Су тимей, жауын жаумай дымданады.

Шыққан сөз білімдіден білгіш көрсе,

Таразы талқысында сыналады.

Өтіліп неше тасқа өткермеден,

Жалғаны жарамсыз боп шын қалады.

Ұстадан тат, мирас болып молдадан хат,

Бақсының тұқымында жын қалады.

«Атаңның мирасы» деп әлгі бақсы,

Қаңғырып, қанын бұзып жынданады.

Көпіріп жоқты сөйлеп, күйсей берсе,

Жын-шайтан соны алмай кімді алады?

Артына ақын өлсе белгі болып,

Әңгіме, өлең, тақпақ, жыр қалады.

Біреуден біреу алып елге тарап,

Сөйленіп ол әр жерде жырланады.

Мініскер мінін алып, сынын қосып,

Өң беріп, шырай кіріп сырланады.

Халыққа айтқан сөзі ұнап тұрса,

Сонда ақын қыран құстай қырланады.

Ие боп кейбір надан ел сөзіне,

Боялып сөздің беті ұрланады.

«Өз сөзім, өзім тауып сөйледім» деп,

Қарайып, қанын бұзып, сұрланады.

Кешегі Абай, Жамбыл, Әсеттердің,

Сөздерін келісе ме былғағаны?!

Ахмет, Абай, Әсет, Міржақыптар,

Жетпейді оған жисаң мың баланы.

Шәкәрім, Әріп пенен Мұрын Омар,

Көмбеге олар шапса тың барады.

Әйелден кеше Сара, бүгін Дина,

Сөзбенен басқан талай ұл баланы.

Сөзінің әрбірінің заты бөлек,

Ойласаң миға салып ылғанады.

Сөздері басқа ақынның маған мәлім,

Құрт салған шайдай іріп былғанады.

Бәрін де Абай сөзі басып түсер,

Бір парша шеттен алып қырнағаны.

Сөзі бар басқалардың жыртық-жамау,

Жүректен әрең шығар тырнағаны.

Көбінің сөздерінің мәнісі жоқ,

Секілді бозторғайдың шырлағаны.

Екпінді жүгірістен танбастар бар,

Ағындап атқан оқтай зырлағаны.

Менің де миым сұйық, ақылым аз,

Сай көрсем даяр тұрмын құлдағалы.

Айтуға дәмсіз сөзді қорғанамын,

Болмаса тұрғаным жоқ бұлдағалы.

Терең сөз таппаған соң шерім шықпай,

Ашылмай жүрегімде кір қалады.

Жатқан соң тар қапаста жарық көрмей,

Ауырып жан, ой, шіркін қиналады.

Дариға-ай, өтіп кеткен өмірді ойлап,

Төсегім бейне тоғай шырғанағы.

Өстіп-ақ дүние шіркін өтер ме екен,

Тоқтамай сырғи-сырғи сырғанағы.

Ол сырғыса өмірім бірге сырғып,

Жыртылып календардың бір парағы.

Әжім сол өткен күннің ізі ме екен,

Ажалдың осы ма әлде ымдағаны?

Кетейін өз әлімше із қалдырып,

Жастардың оқыр кейін тыңдағаны.

Көпшілік қате болса айып етпе,

Шешеннен сөз, шеберден мін қалады.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

 

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 778 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Два самых важных дня в твоей жизни: день, когда ты появился на свет, и день, когда понял, зачем. © Марк Твен
==> читать все изречения...

756 - | 694 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.