Лекции.Орг


Поиск:




АСІРЕТТІ ЖЫЛДАРДЫҢ АҚИҚАТЫ




Елдос Тоқтарбай

ТАҒДЫРЛЫ ЖЫЛДАР, ТАҒДЫРЛЫ ЖЫРЛАР

(Түрмеде жазылған жырлар)

Деби зерттеу, антология

ОЖ 821.512.122.0

ҚБЖ 83.3 (5 қаз)

Т

Азақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді.

Т Тоқтарбай Е.

Тағдырлы жылдар, тағдырлы жырлар: Әдеби зерттеу, антология/ Елдос Тоқтарбай. – Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС: «Дәстүр», 2016. - б.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай жас әдебиет зерттеушісі Елдос Тоқтарбайдың «Тағдырлы жылдар, тағдырлы жырлар» атты бұрын-соңды қазақ әдебиеттану ғылымында сөз болмаған түрмеде жазылған шығармалар негізінде бас құраған әдеби зерттеу, антологиялық еңбегі оқырман назарына ұсынылып отыр.

Әдебиеттанушы әр жылдары жазықсыз жапа шегіп, түрмеге түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраған қаламгерлердің түрмеде жазған шығармаларын жинастырып, оларды абақтыда туған туындылардың антологиясы даярлаған.

Кітап әдебиетсүйер қауымға арналған.

АСІРЕТТІ ЖЫЛДАРДЫҢ АҚИҚАТЫ

(Алғы сөз)

 

Әлем әдебиеті тарихында «түрмеде жазылған шығармалар» деген түсінік бар. Біз, «Түрме шығармашылығы дегеніміз не?», «Қазақ әдебиетінде де түрме шығармашылығы деген түсінік бар ма?» сияқты тағы басқа сауалдарға осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмысымыз арқылы толыққанды жауап берген болатынбыз. Бұл ғылыми-зерттеу жұмысымыз – қазақ әдебиеттану ғылымындағы соны жаңалық болды. Себебі: осы уақытқа дейін абақтыда, айдауда жазылған өлеңдер мен шығармаларға талдау жүргізілмеген болатын. (Қараңыз: Тоқтарбай Е. Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең. Алматы: Баянжүрек, 2015. – 248 б.)

Адамзат қоғамы – үлкен театр сахнасы сықылды. Адамдар – әртіс. Қоюшы режиссері, сценарийін жазған драматургы – бүкіл әлемді жаратқан құдіреті күшті бір Алла Тағала емес пе! Адам баласы жалғанның жарығына келмей жатып ақ, оның маңдайына болашағы, өмір жолы жазылады екен. Бұны – тағдыр дәптері дейді (Дауһіл-Мағфуз). Өмірде әркім өзінің маңдайына жазылғанын көреді. Тағдыр. Тағдырсыз қаламгер болушы ма еді! Біздің айтпағымыз сол – тауқыметті тағдыр арқалаған қаламгерлер. Жалмауыз Кеңес өкіметі орнаған күннен-ақ, қазақ азаматтарының басынан бақ ұшты. Қазақ елінің билігі Голощекиннің қолына өткен кезде, нағыз қандықасап оқиғалар басталды. Елдің бетке ұстар қаймақтары «халық жауы» болып ұсталып, нақақтан-нақақ айдауға кетті. Ел ішінің тыныштығы бұзылып, үрей туды. Түрмеге түсіп, түрмеде прозалық шығармалар жазған жазушы Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романында: «Біз туа сала маңдайымызға қылмыстың қарғыс таңбасы басылған қашқынбыз», – делінетін сөйлем бар. Тағдыр дәптерінің жазуымен осы жылдары түрмеге түсіп, айдауға кеткен асыл азаматтарымыз ертеңгі ұрпақ үшін аманат-сөздерін қалдыра бастады. Мәди ақынның «абақты қатар-қатар болады екен» дегеніндей, тар қапастың «алақандай тесігінен» жарық дүниеге Алаштың асыл сөздері шыға бастады. Бұл сөздер – өлең-сөз еді. Аманат сөз еді!

Алаш қайраткерлерінің асыл сөзі – тамұқтан (түрмеде – деген мағынада қолданып отырмыз) естілген сәулелі, нұрлы сөз болатын. Алаштың асыл сөзі – тамұқтағы жарық болатын. Тамұқтағы жарық – қазақ елінің, бүкіл Алаш миллетінің болашағына шашылған нұрлы сәуле, жарық жұлдыз іспетті болатын. Біз сол болашаққа сенген, ұлттық рухтың көрінісі болған тағдырлы жылдардың тағдырлы жырларын жинақтап отырмыз.

Алты Алаштың ақылманы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, – дейді, біреу: маңайымдағы елім жаман, – дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» деген екен.

Осы уақытқа дейін махаббат, табиғат, ауыл және тағы басқа тақырыптарға жазылған ақындардың шығармашылығы сұрыпталып, тақырыбына қарай жеке-жеке антология болып жарыққа шықты. Міне, сол сияқты саяси тақырыпқа жазылған шығармаларды да топтастырып, жеке антология қылып баспадан шығаруға болатынын ойлаған едік. Бұл ой, идея – біршама жылдар бойы ой-санамыздың түкпірінде сақталып келді. Саяси тақырыпқа жазылған шығармалардың тұрпаты бөлек. Ерекшелігі – абақтыда, қапаста, айдауда, қуғын-сүргінде жазылғаны.

Белгілі ақын, көптеген әдеби мұраларды жинастырған, көптеген ғылыми-әдеби танымдық жинақтарды құрастырған Есенбай Дүйсенбайұлы «Қапаста жазылған хаттар» (Қараңыз: Қапаста жазылған хаттар, Алматы: 1992. – 152 б.) атты жинақтың алғы сөзінде: «Қуаныш пен қайғы, зейнет пен бейнет, рақат пен азап сияқты өмірдің күнгейі мен көлеңкесін қай пенде басынан өткермеген? Ақ халыққа нәубет боп төнген қара құйындар қаншама?! Қазан төңкерісінен кейінгі сталиндік зобалаңның қазақ жеріне әкелген қанды қырғын азабын да тарихтан жақсы білеміз. Соның бір айқын куәсі отызыншы, елуінші, сексенінші жылдардағы жаппай жазықсыз жазалау, атып-асу, бәле-жаламен игі жақсыларымызды итжеккенге айдап, темір торда телміртуі еді ғой.

Бұл жинаққа әр кезеңде ұлтжандылығы үшін ұсталғандардың үш ұрпағы қапаста жатып жазған жыр-хаттар бас қосып отыр. Түрмеде туған тегеурінді туындылардың бір ерекшелігі: қай ақын болса да тек өз қарабақан басының қайғысын айтып қоймайды, ата жұртының өткені мен әдет-салтын, елдігі мен берекесін аңсай еске алады. Сонымен қатар замана халі, қаскөйлік, әділеттің ақ жолын аяққа басқан қорлық-зорлық, қысым-қиянат жайын түбінде жеңіп шығатынына деген шынайы сеніммен толғана ширығу бар.

Мұндай арман-үміт өз өмірін тергеуші алдында өлеңмен батыл өрнектеген Ығылман, Файзолла, Байдүкен толғауларынан да, торға түскен тотыдай қапаста отырып, халқым деп тебіренген Насихат, Закария, Пішән, Ахат және Асанбай Асқаров жырларынан да анық аңғарылса керек.

Жастайынан бар аңсары өнер болған Шахан Мусиннің «он алты жол өлеңі» үшін он сегіз жылға сотталуы, еркін ойларына бола Бүркіт Ысқақовтың ширек ғасыр еркінен айрылуы, кешегі боздақ Қайрат Рысқұлбековтың қайғылы қазасы... – бәрі-бәрі оралып соғып отырған озбырлықты әйгілемей ме?!

Бір сөзбен айтқанда, шерлі жылдар шежіресі ақтаңдақ ақиқатты алға тартып, оқырманның ойын оятарына сенеміз», – деген екен. Марқұм Есенбай ағамыз Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ақтаңдақтар мәселесімен айналысып, жазықсыз жапа шеккен бірқатар ақындардың шығармаларын жинап, құрастырған болатын. Қолыңыздағы «Тағдырлы жылдар, тағдырлы жырлар» атты жинақты Есенбай ағамыз шығарған жинақтың заңды жалғасы деп қабылдауыңызға болады.

Антологиялық жинақтың құрастырылу тәртібі жөнінде бірер сөз айта кетейік: Тегінде, қазақтың азаматтары қашан болсын, қай заман да болсын басынан түрлі қиындықты өткерген. Біздің бабаларымыз Орыс Патшалығының да, Кеңес үкіметінің де түрмелерін көрген, айдалған, қуғындалған.

Қолдарыңыздағы «Тағдырлы жылдар, тағдырлы жырлар» атты жинаққа түрмеде жазылған жырлар ғана топтастырылып отыр. Бұл – үзілген жыр! Бұл – қапастағы азаматтың сөзі! Бұл – тағдырлы да, шерлі жылдардың сөзі! Сондықтан бұл кітапқа тек түрмеге түскен ақындардың түрмеде отырып жазған шығармаларын ғана кіргізуді жөн санадық. Біздің жоспарымыз бойынша бұл кітап – түрмеде жазылған шығармалардың бірінші кітабы болып жарыққа шықпақшы. Алдағы уақытта түрмеде жазылған прозалық шығармалар, түрмеде, қуғын-сүргінде туған әндер мен күйлердің антологиясын да бөлек кітап қылып шығармақшымыз. Әрине, Алла Тағала сәтін салсын!

Мысалы, Тобыл-Торғай даласында Алтыбас Өске есімді ақын өмір сүріпті. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары дүниеге келген. Дүниеден өткен жылы белгісіз. Осы Алтыбас Өске ақынның артында бірде-екілі өлеңі қалған екен. Түрмеге түскенінде жазыпты-мыс. Ақынның өзі және өлеңдері туралы мәліметті жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Қызыл жалау», «Заманақыр» кітаптарынан алып отырмыз. Оқып көрейік:

 

Құдай, құдай дедікте

Озбырларға құл болдық.

Әділет деген аңсап ек

Лас жауып кір болдық.

 

Әкім бар деп қуану

Ұшты-күйлі қате екен.

Әкім сырттан болған соң

Көргенің жәбір жапа екен.

 

Қойды қасқыр баққан соң

Қан болмасқа немене.

Сайланбай әкім болған соң

Зор болмасқа немене.

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 726 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Настоящая ответственность бывает только личной. © Фазиль Искандер
==> читать все изречения...

824 - | 699 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.008 с.