Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


ЕдӘуір екі кітап ермек еді




 

Едәуір екі кітап ермек еді,

Отырып, ойым оқып көрмек еді.

Ішінде елге айтарлық еш үгіт жоқ.

Өткеннен қалған текке өрнек еді.

Тұрмайтын бір тиынға бұл уақытта,

Сордай-ақ, сөзі дәмсіз кермек еді.

Өтініш «өзің біл» деп айтқан күнде,

Қажетін бір-біреудің бермек еді.

Үстімнен материал менің түсіп,

Қанша ашу кеуліңді, інім, кернеп еді.

Кеңеске кедергілік қылған болсам,

Сұрап көр сырымды көп серлеп еді.

Болмаса мұның қалай өзіңді әркім,

– Есі бүтін ескерімді ер, – деп еді?

Тыңдамай ағаң сөзін алып кеттің,

Балдарың бір қатары «бер!» деп еді.

Өкпені өзіңе айтпай кімге айтайын,

Ел билеп, ықпал құсың өрлеп еді.

Бересің екеуін де енді қайтып,

Дей қойсаң көкірегің шерлеп еді.

Қонақтың қоңсы менен құрметі үшін,

Көп ерлер күнге күйіп, терлеп еді.

Тілектес тұрмысына болып оның,

Өлгенше атын әркім ерлеп еді.

Тұс-тұсқа түрмедегі тарап жатыр,

Тататын тұзыңды Алла «тер» деп еді.

Босатып, бүйткеніңше, бізді жібер,

Бәрімен басшылардың «мер» деп еді.

Ойлы ерлер ертедегі өтіп кеткен,

– Жақсыға жағдай айтып көр, – деп еді.

 

 

***

«Алдың, – деп, – төрт жүгері!» – салдың түрме,

Маржаны босаттырдың келген бірге.

Қашаннан Қармақшының ауданында,

Халық едік қазақ пен сарт, қоныс бірге.

Маржаға махаббатың ауғаннан соң,

Бізден ол ауыр шықты, түсіп кірге.

Қолыңа қалағаныңды алған болсаң,

Шайқай бер сал да, інім, неше түрге.

 

 

АЛҒАНЫМ ТӨРТ ЖҮГЕРІ ТОЛЫҚ АЙЫП

 

Алғаным төрт жүгері толық айып,

Айыбымды өзім де айттым жұртқа жайып.

Тең көрмей төртеуін де айыптының,

Маржанның шұқырына қалдың тайып.

Көңілді күліп-ойнап көтермесек,

Не бітеді отырғанмен құр мұңайып?

Болғанмен жасың кіші, жұртты жөндеп,

Әкімге әділетті болдың найып.

Шамалы сол себептен сөз айттым, інім,

Қалсын деп тамашаға ел-жұрт байып.

Жақтырмай жазып жауап назымменен,

Тастадың жүрегімді жүдә шайып,

«Бай болады к...н қысқан» дегендей-ақ,

Сен жықтың осы ретте, мен болдым майып.

Келтірме кеуіліңе інім оны-мұны,

Көңліңе: «Кеттің-ау, – деп, – адырайып!».

Аяғын осы араға тоғарайын,

Кейірсің, кетсе сөзім тағы ұзайып.

 

 

ТҰРАМЫН ТҮН БОЛҒАН СОҢ ҚАРАУЫЛДА

Тұрамын түн болған соң қарауылда,

Күзетіп жатқан жандарды қарауымда.

Тыш десем әрі қарай, бері тышар,

Шатақ боп өскен шалдар әр ауылда.

Тұрады исі кетпей, ылаж бар ма,

Сағаттың шамасындай танауымда.

Беретін бәйгіңді алып бедеуің ем,

Не пайда жолықпадың жарауымда.

Себеппен осылайша ұшырастым,

Өзіңнің не қылсаң да қалауыңда!

 

 

ТҮРМЕДЕ

Үш қатын қашты абаздан таң алдында,

Қашқан мен қашырған тең заң алдында.

Жан шашау шықпаған соң сіменімде,

Деп жүр ем «пісентті боп, жаңардым ба?»

Пісенті ердің көпке кете қойса,

Білім, күш керегі жоқ, жамалдың да,

Тұрғанда олар қашпай уақытым бітіп,

Ұйқыда жатыр ем кеп жаңа алдында.

Қашса да сменімнен бес сағат соң,

Қалдым мен қашырғанға саналдым да.

Ұялдым өзге емес, өз-өзімнен,

Айырылып абыройдан, қаналдым да.

Айтқаны өткендердің осы екен,

«Болад, – деп, – зауалды әр камалдың да».

Сөзіме сендіре алмай соншама айтқан,

Жазықсыз жатып алдым, қамалдым да.

Қамауда қанша уақыт қойғанменен,

Қарлары қашып кеткен таба алдым ба?

Айыптар азаматқа болар едім,

«Қашты, – деп, – тапқан куә тап алдында».

Құстай-ақ қолға түскен болып тұрмын,

Ұстаған аң терісін жаң алдында.

Домұзақ, дуа кеткен ордасында,

Болып тұр жақсы менен жаманың да.

Ойыма уайымнан түк келмейді,

Қалпы осы болғаннан соң заманның да.

Жиылған жұрттың сонша дайын боп тұр,

Ішіп, жер сорпасы мен наны алдында.

Есебін елдің тауып баға алмас деп,

Сөзі жоқ сөйлейтұғын наданның да.

Қайткенмен «Көппен көрген ұлы той» деп,

Ақылға айтқаны бар маманның да.

Көрінбейді еш жері артық мұндағыдан,

Үй-мүлкі, мал мен басы аманның да.

Кеңкимей кел бәрің де, бәрі осында,

Қадырдан қатар іні, ағаңның да.

Үкімет асырайды, аш қоймайды,

Бәрін де қатын, бала-шағаңның да.

Қатардан қалайда да қалу ұят,

Болған соң түзеу үйі тамамның да.

Кеулімді кеуіп, іскен бастым, шүкір,

Аңғарып аз, көбін өз шамамның да.

Төседім төсегімді төр алдына,

Келісіп, көппен бірге там алдым да!

Жаламен жатқаныма жабырқаймын,

Сағынып соққан желін самалдың да.

Келе жатыр кезі болып босайтұғын,

Түгінің түлкі менен сағалдың да.

Болмаса өкінерлік еш нәрсе жоқ,

Электрдің жарқыраған шамы алдында.

Нансаңдар, надан едім білмейтұғын,

Жағдайын жалған сөздің, амалдың да.

Ескертіп оның үшін өтінемін,

«Ойлар, – деп, – парқын пайда, обалдың да».

Білдіріп атым менен фамилиямды,

Қол қойдым тап бұл жерге тоғардым да!

 

 

ТҮРМЕДЕ

 

Кір болып көйлек, ыстан қышындырды,

Бит талап, бүрге менен қысым қылды.

Көнбеске Ақ үкіміне не күшің бар,

Бәнде деп баста саған ісім қылды.

Әуелде уайымның ылайынан,

Жаратып жан кіргізіп, жісім қылды.

Көрсетіп көпке дейін кеңшілікті,

Қадірлі халық ішінде мүсін қылды.

Ойласпай ақылменен аласұрып,

Көкірек көкке өрлеп, ұшым қылды.

Сондықтан Саттар Алла қақар ойлап,

Білдіріп патшалығын, күшін қылды.

Кеңеске өкпелеудің керегі жоқ,

О баста оның жазған ісін қылды.

«Қаталық қалайда да болды» демей,

Бәрі де налып Хаққа «пысың» қылды.

Алды – он жыл, арты – бес жыл азаматтың,

Бәріне прокурор сот пішім қылды.

Азуы алты қарыс арыстанды,

Замана милуалатып мішім қылды.

Түсіріп мұндай күйге көңлін басып,

Елді Алла есіркемек үшін қылды.

 

 

ТҮРМЕДЕ

Біздерге болдың жиен анық, Махат,

Қай іске қылу керек сабыр, тахат.

Басыңа бақыт қонып, орнап ықпал,

Болғайсың байтаққа бас, денің сахат.

Өнері нағашыңның назым еді,

Отырса уақыты қош боп, келіп шахат.

Тұлпардай топтан озып, бәйгі алған,

Тұралар тұяғымнан болдым тоқат.

Болмаса бектен белгі болатұғын,

Өлеңнен берер едім үйіп шоқат.

Қалайда төрт азамат қарасып тұр,

Қойылған аттарыңа он бес ноқат.

Ондайша ол төртеуі етпегенде,

Болуға айналып еді әлім хадат.

Құтқарып қайғы, уайым қапасынан,

Бостандық бәріне де берсін Ахад.

Есенжол, Шегебай мен Омар, Жүсіп,

Сарқылып, санаулы өмір болды опат.

Соңында мен солардың қалғанменен,

Қалмай жүр қыр соңымнан қырсық, апат.

Жалтақтап жан-жағыма қаранамын,

Бетіне жас баладай тиген шапат.

Жарылқап, Жаппар өзі жібермесе,

Біздерде бұлқынуға болсын не қат?

«Кейіні кеніш – реніштің» бола кетіп,

Ел көрер, Иншалла, енді рахат!

 

 

***

Өкімет, құтты болсын он төрт жылың,

Қылғанға қассың анық халыққа зұлым.

Кедейдің көзі ашылып, көңілі тасып,

Болып жүр бай-құлақтар ұлым-жұлым.

Риза боп еңбекшілер еңбегіңе,

Тапқай деп тілеп отыр ұзақ жүрім.

Қолға алып Қызыл туыңды, қуана бер,

Жарады шабуға атты туған ұлың.

Арманың, аңдауымда, анық бітті,

Бағыңа бұлбұл қонып, пісіп гүлің.

Бұйырған қызметіңді бітіріп тұр,

Бай, құлақ, атқамінер болып құлың!

Дегендей «Құдай бергенге құлай берер»,

Қашқындар келіп жатыр бірін-бірін.

Қорқақтың арты қопақ болып, жанып,

Бүлінді, білдіріп ап текке сырын.

Басылды бәрінің де тасқан көңілі,

Боларға бар ма уақыты ешкім қырын.

Таласып талайлармен, талқан болды,

Әркімдер әлін білмей мұнан бұрын.

Тентекке түстен кейін ақыл еніп,

Шама жоқ тұруға енді тартып мұрын.

Айырылып қатын, бала, мал-мүліктен,

Сақтаулы саясаттың жеді сүрін.

«Бостандық бізге де енді бар ма екен?» деп,

Кемпір де кеңеседі гүрің-гүрің.

Келе жатыр күннен-күнге көз жіберсек,

Көркейтіп кең дүниені күндей нұрың.

Төрт жылда түгелінен бітіріңдер,

Жобаны жасап кеткен Ленин дүрің.

Басшыңның бағдарымен етіп істі,

Алатын абыройды болды түрің.

Үгітті ол турада айтылынған,

Көрді көп көңіліне балдан шірін.

Кемпір, ақсақ, шолақ, жарым жандар,

Қайғылы көкірегі, көзі – ірің.

Сонда да соның бәрі жұмысында,

Жууға жоқ пұрсаты беттің кірін.

Дегендей «Қырсыққан құс қырын ұшар»,

Тыңдайтын тіпте жан жоқ олар жырын.

Мұндайша құтты болсын айтушыға,

Беретін «Бетің сүрт!» деп бар ма ырым?

Ел жинап үш ай, он күн «Қызылқұмнан»,

Қонысқа құлатып ем жазғытұрым.

Ол еткен еңбегім де ескерілмей,

Ақыры болып кетті дырың-дырың.

Кедей ем киім, тамақ зорға тапқан,

Жамаулы, үйім жыртық қара құрым.

Ет, азық қатарымен қабат түсіп,

Бар ма ылаж бұлайынша болды күнім.

Отырмыз осы тойда үмиттар боп,

Ел тегіс есітер деп қаздың үнін!

1931 жыл

 

 

Көреді көзі жоқтар алдын парлап,

«Құдыққа қалам ба, – деп, – түсіп зарлап».

«Соқыр көп көред» деген көне нақыл,

Айтқан сөз анығында соған арнап.

Сен-дағы сау болсаң да соқырдан да,

Сақ болып, сайманыңды түзе парлап.

Ұрынсаң көзім бар деп көрінгенге,

Кетуге імкәні бар біреу қарнап.

Аблықпай, асылында, өзіңді-өзің,

Қырық рет қысқа күнде қой нығарлап.

Түсетін таршылдыққа түрің болса,

Кешікпей, кеңшілікке көш отарлап.

Сақтықта қорлық болмайды қалайды да,

Бақ, ықпал, абыройды ал қатарлап.

 

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2017-02-24; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 678 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Логика может привести Вас от пункта А к пункту Б, а воображение — куда угодно © Альберт Эйнштейн
==> читать все изречения...

3651 - | 3537 -


© 2015-2026 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.