Жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, кәсіптік зияндылықтардың қолайсыз әсерінің алдын алу үшін, бағыты бойынша ұқсас, бірақ әр түрлі өндірістерде өзіндік ерекшеліктері бар, сауықтыру шараларының тұтас кешенін жүргізеді. Бұл шаралардың мазмұны еңбек жағдайын сауықтыру және медициналық жолмен жұмысшылардың денсаулығы бұзылуының алдын алу болып табылады. Алдын алу шараларының кешеніне кіретіндер:
1. Заңдылық;
2. Технологиялық
3. Техникалық және санитарлық-техникалық;
4. Ұйымдастыру;
5. Емдеу-алдын алу.
Заңдылық шараларға өндірістік факторларды гигиеналық нормалау, стандарттарды, еңбек жағдайын сауықтыру бойынша санитарлық ережелер мен ұсыныстарды дайындау, сонымен қатар құқықпен бекітілген жұмысшылардың еңбегін қорғау жатады.
Бұл шаралардың құқықтық негізін еңбекті қорғау жөніндегі заңдылық құжаттар және, еңбек гигиенасы жөніндегі нормативтік құқықтық актілер, әдістемелік құжаттар мен стандарттар құрайды.
Еңбекті қорғау бойынша негізгі ережелер ҚР Конституциясында, «ҚР Еңбек Кодексінде» (15.05.2007ж.), «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы туралы» Заңында (04.12.2002ж.), ҚР ДМ № 243 «Зиянды, қауіпті және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын жұмысшыларға алдын ала және кезеңдік медициналық тексерулер өткізу тәртібі және кәсіп түріне жарамдылығын анықтау туралы» бұйрығында және басқаларында көрсетілген. Бұл құжаттармен жұмыс уақытының ұзақтығы, қосымша демалыстар, зейнеткерлікке ерте шығу, арнайы киіммен және жеке басты қорғайтын заттармен қамтамасыз ету, жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер тізімі, зиянды жағдайлары бар жұмыстарға балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді жібермеу, емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтандыруды тегін беру және т.с.с. реттеледі.
Еңбек гигиенасы жөніндегі нормативтік құқықтық актілерге санитарлық ережелер, санитарлық нормалар мен гигиеналық нормативтер жатады. Кәсіптік зияндылықтар үшін орнатылатын гигиеналық нормативтер алдын алу жұмысының негізі болып табылады, себебі адамның денсаулығына әсер ететін факторлардың қауіпсіз деңгейін білмей, өндірістік ортаның жағдайын ұдайы бақылау және қолайлы жұмыс жағдайларын жасау мүмкін емес.
Технологиялық шаралар барлық сауықтыру шараларының ішіндегі ең тиімдісі болып саналады. Өндіріс технологиясын өзгерте отырып, зиянды факторды толық жоюға немесе оның деңгейін қауіпсіз деңгейге дейін төмендетуге болады. Технологиялық шараларға, мысалы, келесілер жатады: құрғақ бұрғылауды, шаңдануды едәуір төмендететін, ылғалды бұрғылаумен алмастыру; пневмобалғалармен шегелеуді нүктелік дәнекерлеумен алмастыру шу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді; қалдықтарды қайталап қолдануды енгізу; технологиялық үрдістегі қауіпті және зиянды химиялық қосылыстарды қауіптілігі аз қосылыстармен ауыстыру және т.с.с. жатады.
Техникалық және санитарлық-техникалық шараларға, өндіріс технологиясын өзгертпей,техникалық құралдардың көмегімен өндірістік ортаның зиянды факторларының әсерін азайтуға мүмкіндік беретін, шараларды жатқызады. Шаралардың бұл тобына өндірістік үрдістерді механикаландыру және автоматтандыру, улы немесе шаңданатын материалдарды өңдейтін жабдықтарды саңылаусыз етіп бекіту (герметизация), дыбыс өткізбейтін қаптамаларды қолдану, шулы бөлмелерде акустикалық экрандар қолдану, тиімді жергілікті және жалпы ауа алмастыратын желдету түрлері және т.с.с. жатады.
Алдын алу шараларының ішінде жеке басты қорғайтын құралдарды қолдану міндетті болып табылады. Оларға теріні, тыныс алу мүшелерін, көзді және т.б. қорғауға арналған әр түрлі құралдар кіреді.
Ұйымдастыру шаралары еңбек үрдісін оңтайлы ұйымдастыруға, жұмысшылардың жұмыс орнын, жұмыс істеу кезіндегі дене қалпын, қозғалыстарын, еңбек және демалу тәртіптерін оңтайландыруға, зиянды факторлармен қатынаста болу уақытының ұзақтығын шектеуге және т.б. бағытталған. Мысалы, рұқсат етілген шегінен аспайтын діріл деңгейінде жұмыс істеу кезінде, жұмысшының дірілмен байланыста болу уақыты жұмыс ауысымы уақытының ⅔ бөлігінен артық болмауы тиіс. Бұған демалу үшін қосымша регламенттелген үзілістерді енгізу, сонымен қатар, өзара алмасып жұмыс істей алатын мамандары бар кешенді бригадалар құру сияқты, ұйымдастыру шараларымен қол жеткізеді. Мұндай бригадаларда әрбір жұмысшы бірнеше мамандықты меңгереді, бұл оған бүкіл жұмыс ауысымы бойына, үнемі қауіпті діріл туғызатын жабдықтармен ғана жұмыс істемей, басқа жұмыс түрлерін де орындауға мүмкіндік береді.
Емдеу-алдын-алу шараларын цех дәрігері және өнеркәсіп жұмысшыларына қызмет көрсететін медицина мекемелерінің басқа да мамандары атқарады. Бұл мекемелерге медициналық-санитарлық бөлімдер, дәрігерлік және фельдшерлік денсаулық сақтау пункттері сияқты,өнеркәсіп кәсіпорындары жанындағы денсаулық сақтау мекемелерінің арнайы жүйесі және де елді мекеннің аумақтық жүйесінің медициналық мекемелері: емханалар, ауруханалар, диспансерлер - жатады.
Олардың жұмысы цехтік қағида (принцип) бойынша құрылады. Бұл дегеніміз, әрбір цехқа, емдеу-алдын алу жұмысына жауапты, дәрігер-терапевт (цехтік дәрігер) бекітіледі. Цех участкелеріне бөліп, қызмет көрсетудің артықшылығы аурудың алдын-алу мен емдеу шараларының бірлігін қамтамасыз ету болып табылады. Цехтік терапевттік учаске – жұмысшыларға өндірістік қағида бойынша жүргізілетін емдеу-алдын-алу көмегінің негізгі және бастапқы буыны: учаскеге еңбек жағдайы және өндіріс технологиясы ұқсас цехтар іріктеліп алынады.
Медициналық-санитарлық бөлім (МСБ) өнеркәсіптік денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын болып табылады. Ол құрылымында, жоғары мамандандырылған арнайы медициналық жәрдем көрсететін және клиникалық, биохимиялық, функционалдық зерттеулердің толық кешені жүргізілетін емханасы мен стационары бар кешенді медициналық бірлестік болып табылады. МСБ құрамына, сондай-ақ кәсіпорын цехтарында орналасқан дәрігерлік және фельдшерлік денсаулық сақтау пункттері, профилакториялар, ингаляция жүргізетін орындар, фотарийлер кіреді. МСБ, жұмыс істеушілерінің саны 4000-нан асатын ірі кәсіпорындарда, ал химия, көмір және мұнай өңеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеушілер саны 2000 және одан да артық болғанда ұйымдастырылады.
Медициналық-санитарлық бөлімдері жоқ шағын өнеркәсіп кәсіпорындарына аумақтық емханаларда қызмет көрсетіледі. Бұл кезде емхана дәрігерлерінің бірі цех дәрігері болып жұмыс істейді.
Медициналық-санитарлық бөлімнің және жұмысшыларға қызмет көрсететін басқа да денсаулық сақтау мекемелерінің негізгі міндеттері:
· жұмысшылар мен қызметкерлерге жұмыс орнына максимальды жақындатылған мамандандырылған және арнайы медициналық көмек көрсету;
· кәсіптік және жалпы аурушаңдық себептерін талдау;
· кәсіпорынның әкімшілігімен, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдарымен және СЭБ-пен бірлесіп еңбек және тұрмыс жағдайларын сауықтыру, жалпы және кәсіптік аурушаңдықтың, жарақаттанулардың, уақытша еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан аурушаңдықтың, мүгедектіктің алдын-алу жөнінде шаралар дайындау және жүргізу;
· өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысшылары мен қызметкерлеріне алдын-алу мақсатында (алдын ала және кезеңдік) медициналық тексерулер жүргізу; диспансерлік есепке алу;
· санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу.
Бұл міндеттердің бәрі мамандығы, әдетте терапевт болып табылатын цехтің учаскелік дәрігерінің жұмысына кіреді. Цех учаскесінде бір цех терапевті 2000-ға жуық жұмысшыларға, ал таукен, химия және мұнайөңдеу кәсіпорындарында 1000-ға жуық жұмысшыларға қызмет көрсетеді Цех дәрігері цех медбикесімен бірге емдеу жұмысын да және аурудың алдын-алу жұмысын жүргізеді. Ол күнделікті емханада науқастарды қабылдайды, сонымен қатар белгілі бір сағаттарда цехтің денсаулық сақтау пунктінде жұмыс істейді.
Цех дәрігерінің жұмысында келесі бағыттарды ажыратады:
· емдеу-алдын-алу;
· санитарлық-гигиеналық;
· бұқаралық -ұйымдастырушылық-
Емдеу-алдын-алу шараларына келесілер жатады:
· өз учаскесінің терапевттік науқастарын емханада емдеу, оларға мамандардың кеңіс беруі, стационарлық және амбулаториялық арнайы емдеу түрлеріне жолдама беру;
· цехта кенеттен ауырған, жарақаттанған және кәсіби уланулар болған кезде алғашқы медициналық көмек ұйымдастыру;
· алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді ұйымдастыру және оған тікелей қатысу, бөлінген контингенттерді диспансерлік бақылау;
· шипажайларда емдеуді, емдәмді және емдеу-алдын-алу жөніндегі тамақтануды, басқажұмысқа орналастыруды (уақытша немесе тұрақты), қажет ететін науқастарды іріктеп алу;
· кәсіптік аурулары анықталған кезде, 2 айға дейінгі мерзімге ауруды куәландыратын қағазын беріп, бір мезгілде аурухана жағдайында емдеп, науқасты еңбек жағдайы қолайлырақ жұмысқа уақытша ауыстыру;
· шипажайларға, профилакторияларға жолдама беру;
· жұмыстан ұзақ уақытқа босатып, басқа жұмысқа ауыстыру;
· емдеу-алдын-алу жөніндегі тамақтануды және басқа да сауықтыру емшараларды тағайындау;
· жасөспірімдер мен әйелдердің еңбегін қорғау жөнінде шаралар жүргізу;
· жалпы және кәсіптік аурушаңдықты үнемі есепке алу және оларды талдау.Аурушаңдықтың себептерін зерттеу негізінде емдеу-сауықтыру шараларын дайындау, олардың орындалуын бақылау.
Цех дәрігерінің емдеу-алдын-алу жұмысында диспансерлеу маңызды орын алады. Диспансерлеу - бұл, дені сау, кәсіптік ауруға күдікті адамдарды, кәсіптік аурулары және кәсіптік емес созылмалы аурулары бар, әр түрлі топтағы жұмысшылардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде дәрігерлік бақылау әдісі болып табылады. Диспансерлеудің мақсаты жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, сонымен қатар, әр түрлі аурулармен ауыратын науқастарды дер кезінде белсенді түрде анықтау және емдеу. Диспансерлеуді жүргізуде аурудын алдын алу жөніндегі алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулер үлкен рөл атқарады. Аурудың алдын алу жөніндегі медициналық тексеруден өтетіндерге қауіпті, зиянды заттардың және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшырауы мүмкін адамдар жатады.
Алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулердің мақсаты, өндірістің қолайсыз факторларының әсерінен күшеюі мүмкін, денсаулығында өзгерістері бар адамдарды жұмысқа жібермеу болып табылады. Бұдан басқа, алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулер, қолайсыз факторлардың әсерінен кейін денсаулық жағдайының нашарлауына әкеп соқпайтын, бірақ, белгілі бір жұмыс түрлерін орындауға кедергі келтіруі мүмкін ауруларды анықтауға мүмкіндік береді, мысалы, дальтонизм жүргізуші жұмысы кезінде және т.б. Алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулер, жұмысқа жаңадан түсетін, жұмысшының денсаулық жағдайын ескеріп, жұмысқа оңтайлы орналастыруға мүмкіндік береді.
Кезеңдік медициналық тексерулер жалпы және кәсіптік аурулардың ерте кезеңдерін анықтау үшін және патологиялық үрдістің мұнан бұлай дамуының алдын алуға бағытталған, қажетті шараларды дер кезінде жүргізу үшін іске асырылады.
Алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден өтетін контингентті мемлекеттік санэпидқызмет органдары анықтайды. Олар сонымен қатар, тексерумен толық қамтылғандығына, оның сапасына және дер кезінде жүргізілгендігіне бақылау жасайды, кезеңдік медициналық тексерулердің нәтижелерін жинақтап қорытуға қатысады және қорытынды актілерге қол қояды.
Міндетті түрдегі алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулер Қазақстан Республикасының Денсаулықсақтау Министрлігінің №243 «Зиянды, қауіпті және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын жұмысшыларды алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден өткізу және мамандық түріне жарамдылығын анықтау тәртібі туралы» деген бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Бұл бұйрықта келесілер келтірілген:
· жұмыс істеу кезінде аурудың алдын алу жөніндегі медициналық тексерулер міндетті түрде жүргізілуі тиіс қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың тізімі;
· жұмыс істеу үшін алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден міндетті түрде өтуі тиіс, өндірістер мен мамандықтардың тізімі, олардан өту мерзімі;
· жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер тізімі;
· алдын алу мақсатындағы медициналық тексерулерді жүргізуге қатысатын дәрігер-мамандардың тізімі;
· қажетті зертханалық және функционалдық зерттеулердің тізімі;
· медициналық тексерулерді жүргізу бойынша жөніндегі нұсқау.
Комиссияның құрамы, қажетті зертханалық және функционалдық зерттеулер, жұмысшыларға әсер ететін факторлармен анықталады. Медициналық тексерулердің кезеңділігі өндірістік факторлардың қауіптілік және зияндылық дәрежесіне байланысты белгіленеді. Медициналық тексерулерді цех дәрігері ұйымдастырады. Ол ҚР ДМ №243 бұйрығына сәйкес, алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді жүргізуі тиіс МСБ-нің салалық мамандарының тізімін анықтайды. Әйелдерді медициналық тексерулерден өткізу кезінде міндетті түрде дәрігер-гинеколог қатысады.
Алдын алу жөніндегі медициналық тексерулерден өту кезінде әрбір жұмысшыға және қызметкерге диспансерлік қадағалаудың бақылау картасы толтырылады, ал медицициналық тексеру жөнінде толық мәліметтер амбулаториялық науқастың медициналық картасында көрсетіледі. Тексеру нәтижелерін талдау алдындағы жүргізілген тексеруден алған мәліметтермен салыстырып жүргізілуі тиіс.
Кезеңдік медициналық тексерулердің нәтижелеріне сүйеніп, цех дәрігері зиянды кәсіптік факторлардың әсерімен байланысы жоқ жұмысқа уақытша ауыстыра алады, шипажайлық-дауажайлық емдеуге, профилакторияларда емделуге жолдама бере алады, тиісті емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтануды және т.с.с. тағайындай алады.
Медициналық тексерулер жүргізу кезінде кәсіптік аурудың белгілері анықталған жағдайда, диагнозын дәлелдеу, аурудың мамандығына байланысын анықтау мақсатында жұмысшылар кәсіптік патология орталықтарына жіберіледі.
Жедел кәсіптік аурудың әрбір жағдайы еңбек гигиенасы жөніндегі санитарлық дәрігердің, цех ординаторының, кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысатын комиссияның тексеруіне жатады. Тексеру үрдісінде:
- кәсіптік аурудың пайда болу жағдайы мен себебі анықталады;
- еңбек жағдайы бағаланады;
- еңбек жағдайын қолайлы ету жөніндегі шаралар дайындалады.
Жедел кәсіптік ауру диагнозын – амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық көмек көрсететін ұйымдар, созылмалы кәсіптік ауру диагнозын – кәсіптік патология орталықтары немесе кәсіптік аурулар клиникасы анықтайды.
Аурудың мамандыққа байланысы туралы сұрақты шешуге негіз болатын құжаттардың біріне, жұмысшының жұмыс жағдайының санитарлық-гигиеналық сипаттамасы жатады. Санитарлық-гигиеналық сипаттаманы өнеркәсіп кәсіпорыны орналасқан қаланың немесе ауданның санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы ғана құрастырады және береді. Санитарлық-гигиеналық сипаттаманы, ауырған адам жұмыс істейтін кәсіпорынның медициналық-санитарлық бөлімінің бас дәрігері, сондай-ақ, диагнозын анықтау үшін ауруды жіберген кәсіптік патология орталықтарының мамандары сұрауға құқығы бар.
Цехтік учаскеде жүргізілетін емдеу-алдын алу жөніндегі шараларға сонымен қатар, өзіне тән әсер ету бағыты бар емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтануды ұйымдастыру мен тағайындау және сауықтыру шараларын жүргізу де жатады. Жұмысшыларға жүргізілетін сауықтыру шаралары, көбінесе, тікелей цехтардың жанында орналасқан денсаулық сақтау пункттерінде жүргізіледі. Олардың мақсаты әр түрлі факторлардың ағзаға қолайсыз әсерінің алдын-алу болып табылады. Мысалы, шаңды өндірістерде тыныс жолдарының шырышты қабықшаларынан шаңды жуып тазалайтын сілтілі инголяциялар мен ауыз қуысын шаюды қолданады. Фотарийлерде, ультракүлгін сәулеге түсіреді, ол өкпеде шаңның әсерінен склероз үрдістерінің дамуын тежейді. Дірілмен жұмыс істейтін адамдарға жұмыс арасындағы үзілістерде қолдарын уқалау, жылы процедуралар, гимнастикалық жаттығулар және т.с.с. қолданады.
Өндірісте дәрігерлердің жұмысы тек жұмысшылардың еңбек жағдайын және зиянды өндірістік факторлар тудыратын кәсіптік патологияны білген кезде ғана тиімді болады. Цех дәрігері еңбек гигиенасы дәрігерімен, кәсіпорынның әкімшілігімен, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдармен бірге, өндірістің технологиялық және санитарлық-гигиеналық ерекшеліктерін зерттеу негізінде өндірістегі сауықтыру шараларының кешенді жоспарын жасауға және оның орындалуын бақылауға қатысады. Сондықтан цех дәрігерінің жұмысы тек емдеу-алдын-алу шараларын ғана емес, сонымен қатар гигиеналық және ұйымдастыру сипатындағы алдын-алу жұмытарын да қамтиды.
Санитарлық-гигиеналық шараларға жататындар:
· Денсаулық сақтау пунктеріндегі медицина қызметкерлері мен цехтің, тұрмыстық бөлмелердің жалпы санитарлық жағдайын, сумен қамтамасыз етілуін, тазалартылуын және жылытылуын бақылайтын санитарлық активтердің жұмысына басшылық ету;
· Өндірістік жарақаттанулар мен уланулардың себептерін тексеруге қатысу;
· Қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталуын бақылау.
· Цехтағы өндіріс технологиясын және жеке кәсіби топтардағы еңбек жағдайының ерекшеліктерін зерттеу.
· Жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбек жағдайына, еңбектің оңтайлы болуына, жұмыс орнының ұйымдастырылуына бақылау жүргізу.
Бұқаралық-ұйымдастыру жұмысы деп келесілерді түсінеді:
· Учаске бойынша және бүкіл кәсіпорын бойынша сауықтыру
шараларының кешенді жоспарын жасауға және оны орындауға қатысуын.
· Санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуді.
Санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуге, дәрігерлер де, орта медициналық қызметкерлер де міндетті түрде қатысуы тиіс. Олардың міндеттеріне кіретіндері:
· Берілген кәсіпорында орын алатын зиянды өндірістік фактордың сипатымен және әсер ету жағдайларымен жұмысшыларды таныстыру.
· Берілген өндірістегі кәсіптік патология мен жарақаттанулардың алдын алу жөніндегі негізгі шаралармен таныстыру және оларды үнемі насихаттау.
· Жеке бас және қоғам гигиенасы туралы ағарту жұмыстарын үнемі жүргізу.