– Әнекей, Говорухиндi билiктiң өзi iздеп тапты. Қазақстан Жазушылар одағы да билiктi беделмен алуы керек. Ол үшiн, жоғарыда айтқанымдай, өткiр де өтiмдi, беделдi жазушыларды шоқтай ұйыстыру керек. Ал бiздiң Нұрлан, керiсiнше, талантты жазушыларды шашыратып, пышыратып алды. Оның есесiне, айналасына өзiне дауыс беретiндердi жинап жатыр. Әйтпесе, Халықаралық “Алаш” сыйлығының бiрден 42 адамға үлестiрiлуiн қай қисынға жоруға болады? “Халықаралық “Алаш” сыйлығы бiрден 42 жазушыға берiлдi” дегенге әуелгiде сенбедiм. Артынан “Қазақ әдебиетiнен” оқып, осы 42 жазушының iшiнде Халықаралық “Алаш” сыйлығын алу былай тұрсын, Жазушылар одағына мүше болуға шарты толмайтын жазғыштарды көрiп, көңiлiм мүлде қоңылтақсыды...
гер Н.Оразалин Халықаралық “Алаш” сыйлығын бiрден 42 адамға, өзiңiз айтқандай, үлестiрiп берiп, өзiне дауыс беретiндердi жинап жатса, Жазушылар одағының басшылығынан кетпеудiң қамын ойластырып жатқан болды ғой?
– Әрине, бұл – жазушылардың пленумы қарсаңында, съезi қарсаңында өзiн жақтайтындарды көбейтудiң амалы. Мен Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық “Алаш” сыйлығы жөнiндегi комиссиясының мүшесi едiм. Бұрын шақырып тұратын, бұл жолы, неге екенi белгiсiз, шақырған жоқ. Соған қарағанда, менi комиссияның мүшесiнен шығарып та тастаған сияқты...
Қарап отырсам, Нұрлан Оразалиннiң Қазақстан Жазушылар одағын басқарғанына 16 жыл болыпты. Бұл аз уақыт емес. Жаңа туған сәбидiң ат жалын тартып мiнетiн азамат жасына жететiн уақыты! Ал ендi одан әрi басқара берем деу – онсыз да берекесi қашып тұрған Жазушылар одағын одан әрi сансырату болар едi. Қазақстан Жазушылар одағын ешкiм де 16 жыл басқарған емес! Бұған дейiн ең көп басқарған Әнуар Әлiмжанов болса, соның өзi 9 жыл басқарды. Жазушылар одағына жаңа басшы керек. Бұл – көптiң тiлегi, көптiң қалауы. Жаңару, жаңғыру – уақыт, заман талабы.
ХАЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ НЕГЕ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАЗУШЫСЫНА БҰЙЫРМАЙДЫ?
тақты, белгiлi, талантты жазушыларға үкiмет тарапынан мемлекеттiк стипендия берiледi. Сiз осы стипендияны 13 жыл бойы алып келiпсiз. Ал соңғы жылдары бұл стипендия Сiзге берiлмейтiн болды. Неге?
– Композиторы, әншiсi, күйшiсi, әртiсi, жазушысы бар, жыл сайын 80-90 өнер адамына мемлекеттiк стипендия берiледi. Бұлардың iшiнде жазушылардың саны 30-ға жуықтап қалады. Мiне, мен осы стипендияны 13 жыл бойы алып келдiм. Осыдан дәл 16 жыл бұрын Қазақ үкiметi арнайы қаулы қабылдап, мемлекеттiк стипендия тағайындаған болатын. Және жаңылыспасам, осы қаулыда “бұл стипендия шығармашылықпен танылған, мойындалған талантты жазушыларға берiледi” деп атап та көрсетiлген-дi. Қаулы шыққан жылдан бастап бұл стипендияны үзбей 13 жыл бойы алып келдiм. 3 жыл болды, неге екенi белгiсiз, стипендия берiлмейдi. “Неге берiлмейдi, не үшiн берiлмейдi?” деген сұрақтың түбiне жете алмай-ақ қойдым. Бұған кiнәлi Қазақстан Жазушылар одағы ма, ҚР Президентi әкiмшiлiгi ме, жоқ әлде үкiмет пе, соны нақтылай алмай-ақ қойдым.
Жылына бiр берiлетiн бұл қомақты қаражат әжептәуiр көмек едi. Сол көмектен айырылдық. Соңғы 4 жылда 2 кiтап шығардым. Қол қусырып қарап жатқан жоқпыз, еңбектенiп жатырмыз. 1990 жылы ҚР Мемлекеттiк сыйлығына ие болдым. 1998 жылы “Қазақстанның халық жазушысы” деген биiк атаққа қолым жеттi. Қарап отырсам, қазiр көзi тiрi 8 Халық жазушысы қалыппыз. Әлгi мемлекеттiк стипендия осы сегiз жазушының екеуiне берiлмейдi екен: оның бiрi – мен, екiншiсi – Мұхтар Мағауин. Ала қойды бөле қырыққандай бiз екеумiздi неге бөлектеп тастаған? Бұл қандай саясат? Кiмнiң саясаты?
Мемлекеттiк стипендия дегенiмiз – президенттiң, не болмаса үкiмет басшысының ақшасы емес, халықтың ақшасы. Ал ендi сол халықтың ақшасы неге халықтың жазушыларына бұйырмайды? Қаулыға қарасаң, стипендия “шығармашылықпен танылған, мойындалған талантты жазушыларға” берiлуге тиiс. Алып жатқандардың iшiнде әлi ешкiм тани қоймаған шикiөкпелер де жүр...
Мұхтар Мағауинге көмек керек емес деп кiм айтты? Ол да бiр зейнетақыға қарап отыр. Қазiр Чехияда жатып 4 томдық “Шыңғыс хан және оның заманы” атты тарихи баянын жазып жатыр. Мұның бiрiншi кiтабы жақында “Жұлдызда” жарияланды. Төрт нөмiрге. Сыншысың ғой, өзiң-ақ айтшы, қалай екен?
ажап! Аса құнды, игiлiктi еңбек! Бұл – Шыңғыс ханның бұрын-соңды ешкiм жазбаған толық әрi шынайы тарихы. Мұны үлкен-кiшiге бiрдей қажет әрi пайдалы “Қазақ тарихының” аса үздiк оқулығы деуге де болады. Жалпы, мұның сыртында Мұхтар Мағауин өзiнiң осы еңбегiмен “Қазақ тарихы қалай жазылуы керек?” деген айрықша маңызды, ерекше күрделi сауалға да жауап бере кеткендей. Бiздiңше, қазақ тарихы дәл осылай жазылуға, осылай бағалануға, осылай байыпталуға тиiс! “Шыңғыс хан және оның заманының” кiрiспе бөлiмiнде автор “Сайыпқыран Шыңғыс ханның аруағы риза болғай! Қадым заманда жасаған Алып Бабаларымыздың асқаралы даңқы дабылдай берсiн!” дейдi. Бiрiншi кiтапты оқып шыққаннан кейiн бiз де “Алып жазушымыз Мұхтар Мағауиннiң мерейi мен мәртебесi арта берсiн!” дедiк шын ниетiмiзбен.
– Мiне, үкiметтен берiлетiн көмек те әлдекiмдерге емес, халық үшiн, ұлттың мүддесi үшiн, ұрпағымыздың ертеңi үшiн аянбай еңбектенiп жатқан Мұхтар Мағауин секiлдi жазушыларға берiлуге тиiс емес пе?!
“АБЫЛАЙДЫҢ АСЫНДА ШАППАҒАНДА, АТАҢНЫҢ БАСЫНДА ШАБАСЫҢ БА?”
– “Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!” деген мәтелдi естiген боларсың?
стiдiк қой.
– Естiсең, мұның астарында “Абылай ханның асынан үлкен ас болмақ емес, ендi өнерiңдi, барыңды осындай үлкен ас, ұлы жиында көрсетпегенде қайда көрсетпексiң?!” деген мән-мағына жатыр. Бұдан ненi аңғаруға болады? Қазақтың Абылай ханды ерекше қадiрлегенiн, оның қайраткерлiгiн өте жоғары бағалағанын байқауға болады.
Қош делiк. Мiне, бiз сол күллi қазақ қадiрлеген ұлы тұлғаның 300 жылдық мерейтойын атаусыз қалдырдық.
Жасыратын түк те жоқ, қазiргi күнi “Нағыз тарих бiзден басталады!” дегенге саятын бiр баянсыз, шолақ, келте түсiнiктi қалыптастырғысы келетiндердi де байқап жүрмiз. Мұның бәрi бос әурешiлiк! Өткенге мұрын шүйiре қарау – жетесiздiктiң белгiсi. Мәдениетсiздiктiң, Нарықсыздықтың белгiсi. Қазақ осылай, дәл осы күйiнде аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Қазақ мемлекетiнiң тарихы тым әрiде жатыр. Қазақ хандарының бiразы майданда, ұрыс даласында өлген. Мұндай сирек мысал, мұндай сирек дерек кез келген халықтың тарихынан табыла бермейдi.
Ендi Абылай ханға тоқтала кетейiн. Мен – Абылай хан туралы, оның айналасы туралы, Абылай ханды қоршаған қазақтың мүйiзi шаңырақтай батырлары туралы көркем шығармалар жазған адаммын. Шығарма жазу үшiн олардың тарихын, iс-әрекетiн, тiрлiгiн зерттейсiң. Сонда көзiм жеткен бiр нәрсе, Абылай ханның қазақ халқына сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз.
Абылай хан 1754 жылы қазақ жерiн басқыншылардан толық азат еттi. 40 жылға созылған осы соғысты өз басым “Отан соғысы” деп атап жүрмiн. Тарихшыларымыз осыны қабылдап-қалыптастырып жiберсе, тiптi жақсы да болар едi. Қалай Отан соғысы демейсiң, бүгiнгi тiлмен айтқанда, бiздiң бес облыс (Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Түркiстан Ташкентiмен қоса) жоңғардың атының тұяғының астында қалды. 1754 жылы Абылай хан қазақ жерiн жоңғарлардан толық тазартты. Ал ендi осыдан дәл бiр жыл кейiн, нақтылай айтсақ, 1755 жылы әйгiлi Маңшың өкiметi “Жоңғарларды жер бетiнен тып-типыл етiп құртамыз!” деп жойқын шабуылға шықты. Жоңғарлар тоз-тоз болды. Ал егер сол жоңғарлар бұрынғыдай Қазақ жерiнде отырғанда не болатын едi? Қытайлар жоңғарларды, өздерi айтқандай, “жер бетiнен тып-типыл құртып жiберу үшiн” Қазақ жерiне де келетiн едi ғой. Сонан кейiн оларды қазақтар жоңғарлар сияқты қайта қуып жiбере алатын ба едi, жiбере алмайтын ба едi, бұл – өте күрделi сұрақ, қиын сұрақ...
Жалпы, тарихты жасайтын тұлғалар ғой. Абылай ханның айбынының, амал-айласының, сесi мен сұсының қаншалық екенiн, оның қайраткерлiк, ұйымдастырушылық қабiлетiнiң қаншалық екенiн мынадан да байқауға болады. Абылай хан өлгеннен кейiн 10 жылға жеткен жоқ, Оңтүстiк Қазақстанды Қоқан басып алды. Мына жақтан Ресей де қазақ жерiне қол сала бастады...
азақтың көрiпкел ғұламасы Мәшһүр Жүсiп Көпеев “Батырда Қаракерей Қабанбайдан өткен батыр жоқ, Биде Үйсiн Төле биден өткен би жоқ!” дей келiп, қазақ хандарының iшiнде Абылай ханның еңбегiн айрықша биiк бағалайды. Тарихи деректер келтiре отырып. Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң толық шығармалар жинағының 12 томы басылып шықты. Бұрындары Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң Абылай хан туралы айтқандары ғылыми айналымға түспей келiп едi, ендi түсетiн шығар...
– Қазақтың белгiлi адамдары, қазақтың ғұламалары мен тарихшы-ғалымдары былай тұрсын, Абылай ханды шет жұрттар да биiк бағалаған. Қытайдың, Ресейдiң тарихшылары бұл жөнiнде жазып қалдырған.
Қай бiр күнi, ә-ә-ә, ендi есiме түстi, 16 желтоқсан, яки Тәуелсiздiк күнi бiраз зиялылар бiздiң үйге телефон соғып, “Абылай ханның ескерткiшiне гүл қояйық” деп өтiнiш бiлдiрдi. Екiншi Алматы темiржол вокзалының алдындағы Абылай ханның ескерткiшiне келсем, 40-50 адам жиналып қалыпты. Алматының әдеби-мәдени зиялылары, Абылай ханның қазiргi ұрпақтары, тағы тағылар. Содан әлгi жерде жиын жасап, сөз сөйледiк. Тәуелсiздiк туралы айттық, Абылай хан туралы айттық. Әншейiнде өрiп жүретiн тележурналистердi көре алмадым. Сөйтсем, осы жиынды ұйымдастырушылар бiреу емес, екеу емес, бес бiрдей телеарнаға телефон соғып, Абылай ханның ескерткiшiне гүл қоятынын ескертiп-хабарлапты. Бiрақ бiрде-бiр телеарна төбе көрсетпедi. Неге? Өйткенi олар да жоғары жақтағылардың, билiктегiлердiң Абылай ханға салғырт қарайтынын сезiп-бiлiп отыр. Содан кейiн қалай келедi?!
абеке, осы Сiзден көптен берi сұрайын деп жүрген бiр сауалым бар едi. Бiздiң ғалымдарымыз Абылай ханның сүйегiн тапты, бұл сүйектiң Абылай хандiкi екенiн “бұлтартпай дәлелдедi”, осы сүйектер арқылы Абылай ханның жаңа портретiн жасады. Ғалымдарымыздың дәлелдеуiнше, Абылай ханның бойының биiктiгi 157 см екен, аузында бiр тiс жоқ, кемиек көрiнедi... Осы ғалымдарымыздың дәлелiн, болжамын, олардың зерттеуiн, тексеруiн, тiрлiгiн, әрекетiн өзiңiздiң әрiптес iнiңiз, қазақтың көрнектi жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетов бүге-шiгесiне дейiн, егжей-тегжейлi жоққа шығарды. Бұл жөнiнде Т.Нұрмағамбетов бiр мақала, екi мақала емес, тұтас бiр кiтап жазды. Ол кiтап жарыққа да шықты. Т.Нұрмағамбетовтiң кiтабын зейiн қоя оқып шықтым. Шын мәнiнде, сүйек Абылай хандiкi емес екен. Мұны жазушы ешбiр тарихшы, ешбiр ғалым, ешбiр зерттеушi уәж қайтара алмайтындай етiп дәлелдеген. Дәлелдерi – нық, темiрдей. Және бұл мәселенi Т.Нұрмағамбетов өз тарапынан мейлiнше терең зерттеген.