Наурызбай үйден шыққанда ең алдымен апасы Бопайдың атын ұстап тұрған шашақты найзалы, еркекше киінген қызды көрді. Ақбөкен еді бұл. Ол батыр Бопайдың әрі қасындағы серігі, әрі атқосшы нөкері. Наурызбайдың жүрегі кенет дүрсілдей соға жөнелді. Ақбөкенді алғашқы кездестірген күннен бастап кіші сұлтан осындай бір ауруға шалдыққан-ды. Наурызбай ауруының өрши түсуіне Ақбөкеннің өзі себеп болған. Патша әскері шабуылынан ауылдың бір тыныш күні Көшек сұлтанның Айғанша атты тоқалы ұл тауып, жұрт ұлан-асыр тойға жиналған. Жастар жүрген жерде көкпар, балуан күресі ежелгі салт. Осы қан базар қырғын мерекеде Наурызбай мен Байтабынға күресуге тура келген. Өзінен екі жас үлкен Наурызбайдың күші басым болды ма, әлде ел аузына ілінген жас батырдың мысы жеңді ме, бие сауымындай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды. Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды.
— Батыр, бұл айыбың ба, әлде құрметің бе? — деген Ақбөкен қара жор-
ғаның шылбырынан ұстап жатып.
— Айыбым.
— Бәсе, — деген Ақбөкен тостағандай көзі жарқ ете күліп, — ауылыңызға келген бауырыңызға күш көрсететіндей өкпеңіз жоқ секілді еді...
Ол кезде әзілге әзіл қайтару жастық салты.
— Өкпешіл үніңізге қарағанда, менің жығылғанымды тілегендейсіз ғой, қарындас, — деді Наурызбай күлімсірей, — ондай тілегіңіз болса күні бұрын құлағыма неге сыбырлап қоймадыңыз?..
Ақбөкеннің қарақаттай қара көзі күлімдей түскен.
— Сыбырлағанды орындайтын болсаңыз, әлі де кезі келер.
— Уәде,— деген Наурызбай қолын беріп.
Ақбөкен екі беті дуылдай қызара, ұзын ақ саусақтарын қымсына ұсынған. Неге екені белгісіз Наурызбай оның қолын алып жатып, қыздың саусақтарының дірілдеп кеткенін сезген.
Шынында Байтабын Наурызбайдан күші жетпей жығылған жоқ еді. Бие сауымындай алысқанда Наурызбайдың күшінің оң жамбасы мен оң қолында екенін аңғарып қалған Байтабын, егер шынтуайтқа келсе онымен пара-пар түсетініне көзі жеткен. Бірақ жоқ жерден аяғы көде шөптің үстінен тайып кетіп, ерлік намысын сақтай алмай жығылған-ды. Бірақ мұнысына ол пәлендей қорланған жоқ. «Наурызбайдан мендей көп батырдың бірі жығылғанына жұрт күлді де қойды. Менен қолбасы Наурызбай жығылса, абыройы айрандай төгілер еді», — деген ол ішінен.
Ал Ақбөкенге Байтабынның жығылуы үлкен әсер етті. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», жиырмадан аспай жатып атағы алты алашқа жайылған, әрі әнші, әрі сал, өзі төре Наурызбайды Ақбөкен жақын көруге құштар еді. Оны Байтабынды жыққан жеңіс үстінде көрді, және Наурызбайдың өзінің шеттен келген жас балуанды жығуын «айып» санаған кең пейіл мінезі, ерлікті, адамгершілікті дәстүр етіп өскен қазақ қызына үлкен ой салды. Махаббат деген күн сәулесінен құрылған алтын тор секілді емес пе, Ақбөкеннің жүрегін сол тор кенет шырмай бастады.
Бұл не сезім? — Ақбөкеннің өзі де бірден ұқпады. Ал Байтабынға деген жүрегі бұрынғыдай лүпілдемей, күннен-күнге баяу соға түскендей. Мұны қыз анық түсінеді. Бірақ бұл не? Бір кезде жақсы көрген Байтабынын ұмытуға айналғаны ма? Бір мінезді, уәдеден айнымас қазақ қызына лайықты қылық па бұл? әрине, лайықты емес, әсіресе жас кезінде көңілің шын кеткен болса... Бірақ соның өзі рас құлай берілу ме еді? әлдеқалай соққан жастық желі емес пе екен? Кәрі Серғазыдан құтылудың жолын іздеп арпалысқан жас көңілдің қолдан жасап алған махаббаты болып жүрмесе нетсін! Шын сүйген жүрек бөтенге бұрылмаса керек еді, мұнысына қарағанда Байтабынға деген сезім махаббаттың шын отынан тумаған жай әшейін балалық сезім тәрізді. Ақбөкен шын махаббатты енді ғана түсінгендей, сондықтан да оның қиялы көкке шарықтап, жүрегі лүпілдеп, жиі-жиі соғады...
Осыдан бір ай бұрын Байтабын жорықта жүргенінде Наурызбай мен Ақбөкен бір шілдеханада кездесіп қалған. Екеуі қарама-қарсы отырып шаршы топ алдында айтысқан... Сол айтыстың аяғында бәсекелесіп тобық алысқан. Қазақ дәстүрінде қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жас-
тың өздері ғана түсінетін бір терең сыр да бар...
Осының бәрін Байтабын біле ме? Білсе қорланбай қалай шыдап жүр? Бұндай іске шыдау үшін қандай жүрек, қандай ұстамдылық керек? әрине, Байтабын өзіне төнген жамандықты сезбей жүрген жоқ. Бірақ «ел басына бұлт түнеріп тұрғанда, бір қыз үшін әлек болуымның реті келмес» деп өртенген жүрегін ақылмен басуда, Наурызбай мен Ақбөкеннің арасында басталған ойынның аяғын күтіп, өзіне өзі сабырлық айтып шыдай беруде еді.
Ақбөкенге ордадан шыққан Байтабынның да көзі түскен. Бірақ кіші сұлтанның қызға қарай беттегенін көріп орнында тұрып қалған.
Ал қызба көңілді Наурызбай өзін өзі ұстай алмай Ақбөкеннің жанына жетіп келді.
— Арсың ба, қарындас?
— Барсың ба, батыр?
— Наурызбай қалжыңдай күлді.
— Ақбөкеннің бір қапы кезіне кездескен-ақ шығармын, тобығымды бер!
— Сіз секілді арыстандар Ақбөкеннің қапы кезін үнемі аңдиды. Бірақ Ақ-
бөкен оңай қолға түсе қойса жарар еді. — Қыз күлді де тілінің астынан тобықты алып берді, — мінекейіңіз...
— Япырмай, тым берік жерге сақтайды екенсіз...
— Қадірлі адам берген соң...
Осы кезде ақ ордадан Бопай шықты. Ол анандай жерде тұрған Байтабынға бірдеме деді. Екеуі бұлардың қасына келді. Байтабын сыпайы ғана амандасты.
— Арсың ба, Ақбөкен?..
— Барсың ба, Байтабын...
Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді. Бопай Ақбөкенге көз қиығын тез аударды да Наурызбайға қарап:
— Байтабын батырды менің жасағыма берсең қайтеді, Науанжан? — деді күлімсірей.
Наурызбай қабағын шыта қалды.
— Неге?
— Керегі бар.
— Жақсы, — деді Наурызбай апасының өтінішін жерге тастаудың ретін таба алмай, — Ақмола бекінісін алғаннан кейін Байтабынды сіздің жасағыңыз-
ға мүлдем берейін, оған дейін қинамаңыз. Байтабынның менің жасағымдағы орны бөлек...
— Болады.
— Қашан аттанбақ ойыңыз бар?
— Бопай ері түзелген кер бестісіне еркектерше жеңіл мінді.
— Бүгін түнде.
— Жолдарың болсын.
— Айтқаның келсін.
Бопай мен Ақбөкен жөнеле берді. Олардың соңынан анандай жерде тұрған төрт салт атты қарауылы желе аяңдай ерді.
Наурызбай мен Байтабын:
— Қош болыңдар, — деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан дауыстап. Бірақ ана екеуі жауап қайырмады. Шашақты найзаларын желкілдете, ауылдан шыға өздерінің жасақтарына қарай құйындата шаба жөнелді.
— Батыр, Ақтастағы қолға барсақ қайтеді? — деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан әлі қарап тұрған Наурызбайға Байтабын.
Наурызбай тез бұрылды.
— Неге?
— Алтайдың бір жас мергені келді. Екі жүз қадам жерден лақтырған тымақты садағымен қағып түсіреді. Соны көрсетейін деп едім.
— Жоқ, Байтабын, — деді Наурызбай, — мерген мен жүйрік ат, қыран бүркітті тамашалап серуен құратын уақыт енді бізде жоқ. Бір жетіден кейін Қараөткелді алуға аттанатынымызды өзің естідің. Қарамағымыздағы мыңды соған дайындауымыз қажет. Күні ертеңнен бастап қамал алу тәсілін үйренуге кірісеміз.
— Ұқтым.
— Ал бүгін Миколай екеуің бар әскерді сасырлы ойпатқа көшіріңдер. Таң-
ертең қару-жарақтарымен дайын тұрсын.
— Миколайдың өзі қайда?
— әне келе жатыр.
Наурызбай мен Байтабын Николайға қарсы жүрді. Бірақ жетер-жетпестен бір қараша үйдің есігінің алдында тұрған Алтыншашты көріп екеуі бірдей кілт тоқтай қалды. «Адам баласының да мұндай әдемісі болады екен!» деді ішінен таңданған Байтабын. Ойламаған жерден жүрегіне оқ тигендей аяғын баса алсайшы енді ол. Жуан қос бұрымы жерге шұбатылған, аппақ бетінің ұшы сәл қызара үлбіреген, танадай көзі қарасудай қап-қара боп тұна мөлдіреген Алтыншаш есік алдында сәл тұрды да бұлт астына қайта кірген күміс айдай жоқ болып кетті. Ар жақтарынан Николай келіп жетті де үшеуі аттарына қарай аяңдады.
Байтабынның кенет өзгере қалған қалпын сезген Наурызбай езу тартып күл-
ді де:
— Алтыншаш десе Алтыншаш екен әлгі келіншек! — деді Байтабынға қарап.
Байтабынның қабағы кенет салбырап кетті. Ол Алтыншашты басы бос қыз ғой деп ойлап қалған еді.
Үш жігіт енді өзара сөйлесе ауылдың шетіне шыға берді.
... Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның ауылын шапты. Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты деген хабар келесі күні-ақ бүкіл Сарыарқаға жамырай тарады. Бұл хабармен бірге войсковой старшина Симонов басқарған Ақтау бекінісінен шыққан екі жүз солдат Бопай алып келе жатқан малды алып қалмақ боп алдынан кетіпті және Омбыдан Ақмола гарнизонына көмекке аттанған жүз солдат та Көкшетауға қарай бұрылыпты деген хабар ұзын құлақтан дереу бар елге тарады. Кенесарының күткенінің өзі де осы еді. Ақырғы екі-үш күннің ішінде ол суыт жүріп, әскерінің тең жартысын Қорғалжын көлінің төменгі саласына әкеп қостатқан. Ал қалған жартысын Атбасар жақтан орағытып, Есілді жағалата Қараөткелге иектете орналастырған. Күніне жүз жиырма-жүз отыз шақырым жерді жай алатын қазақы жылқыға енді Ақмола бәлендей алыс емес-ті. Кенесары осы ат тынықтырып жатқан жерінен тамыз айының алтысы күні сәскеде көтерілді де, ымырт үйіріле Ақмоланың маңына шоғырланды. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық ертеңіне таңертең төсектерінен тұрғандарында кеше ғана тып-тыныш жатқан кең даланың, бүгін құжынаған қол екенін көрді.
Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таңсәріден бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекіністің күншығыс жағы бос — жарты шақырымдай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қолдың сегіз тұсында сегіз батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Бұқарбай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар. Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер «Абылайлап» бекініске лап берді. Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай, дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес құлаштай тым-тырақай шауып келеді. Екінші ғажабы, шапқыншылардың алдыңғы қатары зеңбіректер нысаналанған орға жақындамай, садақ оғы жетер жерден оқтарын ата сала кейін қарай бұрылып шаба жөнеледі. Бекініске тіпті ұмтылмайды. Көкпар, сайысқа үйренген қазақ бірі кейін шапса, бірі алға ұмтылып, оқты қардай боратты. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көк жиектен лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның тағы бір кереметі, қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін ажырату қиын. Бәрі бірдей киінген. Әр топ өз батырларын тек өздері ғана біледі. Қорған басында тұрған Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа Ақмоланы қоршаған мынау қара нөпір қол — бес мың емес (солай деп Ожар күні бұрын хабар берген), бес жүз мың адамдай боп көрінді.
— Япырмай, — деді таңданған Қоңырқұлжа, — мына Қасымның көкжалы үш жүздің бас көтерер жігітін тегіс жиған ба?
Қарапұшық аға сұлтаннан да бетер сасуда еді. Оның ойынша Кенесары сарбаздары лықылдап келіп алдыңғы қатары орға тірелгенде, артқы қатары оларды орға құлата-мұлата өздері амалсыз топырлап тоқтауға тиісті еді. Сол сәтте төрт зеңбірек бірдей оқ жаудыруы керек. Қарапұшық күні бұрын зеңбіректерді де әдейі осы ордың арғы қабағына көздетіп қойған.
Ал Кенесары сарбаздары оның бұл ойынан шықпады. Орға келіп тірелмек түгіл, тіпті оған жуымай, анандайдан садақтарынан жебе қарша боратқан қалыптары жалт береді. Бір қызығы, сарбаздар оқты қанша атса да, бірлі-жарым солдатқа ғана тигені болмаса бәрі бірде асып кетіп, бекіністің ішіне түсіп жатыр. Егер қолдарынан келері осы болса, мейлі, оқтарын жаудыра берсін! әйтсе де Қарапұшық өте сасуда еді. Бұл оның көрмеген соғысы. Ол қазақты зеңбіректің аузына байлап атып үйренген. Ал мына қу Кенесары оны істетер емес. Зеңбіректі сонау тым-тырақай ерсілі-қарсылы шауып жатқан сарбаздарға атқаныменен қаншасын қирата алады? әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екі-үш адамды оққа ұшырады. Ал зеңбіректі оқтап, білтесіне от беріп атудың өзі қаншама уақыт алар бір қияпат іс!
Қарапұшық Кенесарының сарбаздары осылай құр текке шауып жүрген жоқ-ау деген ойдан да күдікті еді. Көп кешікпей бұл күдігі де анықталды. Кенет Қоңырқұлжаның:
— Ойбай, үйлер жанып жатыр! — деген үрейлі даусы шықты. Осы сәтте Қарапұшықтың дәл қасына кеп қорған ернеуіне бір садақ оғы шаншыла түсті. Қарапұшық қолын созып суырып алды. Қауырсынына қара майлы білте шүберек байланған. Заматта білте шүберектегі кіп-кішкентай қызыл шоқ пысылдай жана бастады. Қарапұшық енді түсінді! Жүрегі бір сұмдықты текке сезбеген екен! Кенесары сарбаздары бағанадан бері садақты босқа беземепті.
Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Халдерінің қиынға айнала бастағанын енді түсінді. Өрт молайса оқ-дәрі, азық-түлік қоймасын да алады, онда бұлардың шаруасы біткені! «Зұлым Кенесары қулығын асырды! Бірақ тұра тұр әлі, көресіңді көрсетермін!».
Қарапұшық бағанадан бері Кенесары сарбаздарына оқ жаудырып жатқан солдаттарының қырыққа таяуын амалсыздан өрт сөндіруге жіберді. Қалғандарына жолдастарын жоқтатпауды бұйырып, зеңбірекшілерге:
— Зеңбіректеріңді ордың ернеуінен алып, анау қалың қолдың дәл ортасына меңзеңдер, — деп ақырды.
Бес минут өтпей зеңбірекшілердің:
— Дайынбыз! — деген дауыстары естілді.
— От! — деді ызаланған Қарапұшық қолын төмен сілтеп.
Аралары елу метрден қойылған төрт зеңбірек, бірден күндей күркіреп гүрс-гүрс етті.
— Солай ма екен! — деді қуанып кеткен Қарапұшық.
Түс кезі болып қалған-ды. Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір атты сарбаз ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді. Екі-үш жігіт шет жақтан құлап түсті. Өз тұсынан да екі жігіт ат-матымен омақата оққа ұшып қаза болды. Қарапұшық зеңбіректерді тағы да аттырды. Бірақ бұ жолы оның оғы далаға кетті. Өзі де түсінбей қалды, бұ не ғажап! Зеңбірек даусы шыққаннан кейін, сарбаздар қорқып кейін қашудың орнына, кенет бес қатар боп бірінің соңынан бірі тізбектеліп, араларын тағы да он-он бес құлаштан салып, бекініске лап қойды. Бұ жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәрізді көпшілігі ордың арғы қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес.
Ал Басықара, Төлебай басқарған әскердің бір тобы, зеңбіректерді солдаттар қайтадан ордың қабағына меңзегенше, оңтүстік пен солтүстіктегі қақпа алдындағы жіңішке жолдардан бері өтіп, қорғанның іргесін айнала шауып, бекіністің үстінде тұрған солдаттарға қыл арқан-бұғау лақтырды. Қорғанның әр жерінен басын қылтың еткізіп көтерген бес-алты солдатты лақтырған бұғау іліп те әкетті. Екі жақтан бірдей атылған мылтық, тартылған садақ, әлем-тапырық бір қияпат. Дәл осы кезде айқай-шу, жан таласқан айқасты пайдаланып, бекіністің солтүстік жақтағы шойын топсалы, шананың табан темірімен шандылған, шынжыр құлыпты қарағай қақпаның сыртынан бір топ сарбаз шелектеп қара май жағып, түбіне қара маймен ысталған қызыл тобылғыны үйіп, өрт қойып жатты. Бықси жан-
ған тобылғының үстіне бірнеше шелек қара май тағы құйылды. Жалын алғаш-
қы рет лап етіп көкке көтерілген кезінде, ор қабағына қайтадан меңзелген зеңбіректердің де жер жарған гүрсілі естілді. Бұ жолы да жиырма шақты жауынгерді оққа алдыртып жарлық бойынша Кенесары сарбаздары кейін шапты. Бірақ бұл кезде бекіністің іші қалың өртке айналған еді. Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа енді бар әскерін екіге бөлуге тура келді. Өрт сөндіруге жіберген жауынгерлерді қоспағанда, бекіністі қорғауға жарайтын не бары екі жүздей ғана солдат қалды. Оның үстіне екі зеңбірекшіні Кенесары сарбаздары арқанмен тартып әкетіп, бұлардың күші тіпті азая түсті. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық халдарының мүшкіл бола бастағанын сезіп не істерге білмей әбден сасып тұрған кездерінде солтүстік қақпаның лапылдап жанып жатқанын көрді.
Бесіннен өте өртене бастаған қақпа ағашы екіндіге жетпей жанып болды. Енді темір қоршаулар саудырап жерге түсіп, қорғанның солтүстік жағының жиырма құлаштай жері үңірейе қалды. Қауіп қай жақта екенін көздері көрген Қоңырқұлжа мен Қарапұшық осы қақпаның қарсысына дереу құм салған қаптардан кедергі істетіп, отыз карабін мылтықты солдатты сол қаптардың тасасына отырғыздырды.
Бағанадан бері құр садақ тартып, мылтық атып, алыстан тиіп-қашып жүрген Кенесары сарбаздары да, енді қамалға кірудің мүмкіншілігі барын көрді. Бәрі бірдей лап қоюға қақпаның алдындағы жол жіңішке, жау бар зеңбіректерін, қаруын осы араға меңзер болса, топырлап шапқан жұрт босқа қырылады. Осыны ойлаған Кенесары, ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп:
— Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін? — деп айқай салды.
Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.
— Жолың болсын! — деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды.
Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың әскерінен таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта, бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дәл қарсы алдындағы үйілген қапшықтан кер төбелін секірте өтіп, қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дәл көкірек тұсынан дәлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.
Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді.
Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды.
Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан Басықараның кер төбелін көргенде Кенесары шыдай алмай:
— Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! — деп тұлғасы бөлек көк буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғай-
ланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі «ортеке» аталған сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да, Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады. «Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды. Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді. Таң сәріден нәр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біртіндеп шегініп үй-үйді тасалап атысуға мәжбүр болды. Әйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты.