— Батыр Кене, қос боздағымыздан айырылдық, он сегіз асылдан айырылдық. Ташкент құшбегі қолынан Есенгелді, Саржан ағаларың қаза тапты. Қыршын жігіттерімізді де тегіс бауыздады.
Кенесарының түрі күреңітіп, ерні бозарып кетті.
— Қашан? Қалайша?
Ағыбай бетінен сорғалаған жасын сүртпестен, ауызы кемсеңдей:
— Осыдан екі күн бұрын. Жауыз құшбегі бізді алдап шақырған екен. Мәделіхан келген күні түнде Есенгелді мен Саржан сұлтанды диуан сарайына шақыртып алды. Сендердің Қоқан хандығына қарсы шығатын ойларың бар екен деп бастарын алдыртыпты. Ержан екеуміз төрелердің жарлығы бойынша керуен сарай ауласындағы аттарды қарауға кеткенімізде рабатта ұйықтап жатқан өзге жігіттерді жендеттері келіп бауыздапты. Біз әзер құтылдық.
әлсіреп қалған Ержанды Наурызбай мен Күнімжан сүйеп тұрған. Суық хабарды естісімен Күнімжан басындағы үкілі сәукелесі мен күлгін торғын шәлісін жұлып алып, қара шашын жая, екі белін таянып жоқтау айта жөнелді.
Қапыда кетті қос арлан,
Жау сөзіне бос нанып.
Аямады қас дұшпан
Батырып қанға кек алып...
Жамандық хабар соққан желмен бірдей, іп-ілезде бұл сұмдықты барлық ауылдар да естіді. Шаштарын жұлып, беттерін тырнап боздаған ана, егіл-тегіл еңіреген бала, үй-үйдің қасында жоқтау айтып топтанған қатын-қалаш, көзінің жасын сүртіп күрсінген шалдар, ашулы көздері оттай жайнап кіжінген жігіттер. Ойпатта отырған бар ауыл көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды.
Қанды уақиға әбігері тек ертеңіне таң атып келе жатқанда ғана басылды. Ағыбайдан Есенгелді, Саржан қалай қаза тапқанын толық естіген Қасым төре бір түннің ішінде у ішкендей боп жүдеп шықты. Үлкен мұрынды сарғылт жүзі көгілдір тартып, қою қызғылт сақалы қырау басқандай бозарып, жайшылықта қанды балақ қасқырдың көзіндей білеулене қызарып тұратын шегір көздері кенет жасып ағара түскен. Жетпіске келсе де, тіп-тік қапсағай денесі айдалада жел өтінде өскен жалғыз ағаштай тез-ақ бүкірейе қалған. Бұл кейін «Наурызбай — Ханшайым» қиссасында:
Қасым хан өзгелерден асып туған,
Көңілін дұшпандардың басып туған,
Қарнында анасының қан шеңгелдеп,
Қызарған екі көзін ашып туған,—
деп бесігінен қанқұмарлығы, аяусыздығы дәріптелген, аузынан жалыны шыққан сотқар, ұрда-жық, қатігез Қасым төре емес. Иленген терідей жұмсарып, үстіндегі жүні уыс-уыс түсіп қызыл шақа болған көтерем қойдай әлсіз кәрі-құртаң шал. Тек көзінде ғана ыза, ашу қалдығы бар.
Ол сәске көтеріле Кенесары, Наурызбай, Ағыбайды және аулында қонып жатқан Құдайменді батырды шақырып алды.
Аз уақыт үндемей отырып басын көтерді.
— Жас кезімде, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріп едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» — деп еді. Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелдім мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса алла тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!..
Қасым төре көкке көтерген қолын төмен түсіріп ұзақ уақыт отырып алды. Өзге жұртта да үн жоқ. Тек «Ақсарбас!» Ақсарбас!» деп іштерінен күбірлейді. Әлден уақытта барып Қасым төре басын қайта көтерді. Кенет көзінде сөніп бара жатқан оттың қызылындай бір әлсіз ұшқын пайда болды.
— Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі, — дейтін еді Бұқар жырау. Сол күй маған да жеткен екен. Не болса соны айтып кеттім білем. — Кенет ол бойын жинап алды. — Ендігі кезек сенікі, — деді ол Кенесарыға қарап, содан соң алақанын жайып батасын берді, — әумин!
Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп Кенесарының алдына қойды да, керегеге сүйеулі тұрған киік мүйіз мосысы бар, білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып:
— Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін әкем Абылай ханнан қалған мұра еді. Өзге ағаңа бермей келіп едім, енді саған бердім. Ие бол, — деді.
Қасым төренің бұнысы ендігі билік сенде, қолды, Кенесары, сен басқар деге-ні еді.
Кенесары мылтықты жанында тұрған Наурызбайға беріп, бір тізерледі де, қынынан қылшылдаған сапыны суырып алып маңдайына тигізді.
— Осы сапының алмас жүзіндей дұшпандарымды аямасқа ант етемін.
Қасым төре тағы да бір тілегін айтты.
— Екі ағаң мен он сегіз төлеңгіттің кегін қайтар. Бүкіл Қоқан хандығына шамаң келмегенмен, Ташкентті алуға күшің жетеді. Ертең сарбаздарыңды жина. Арғы атаң Тәуекел хандай Ташкенттің шаңырағын ортасына түсір. Сонда мен риза!
Кенесары басын төмен иді.
— Ташкенттен алатын кекті Ташкенттен бастау керек пе, әлде бөтен жолы бар ма, ақылға сап ертең жауабын берейік.
— Мейлің.
Кенесары сол күні өзінің он екі қанат ақ ордасына Ағыбай, Наурызбай, Құдайменді батырлар мен Нысанбай жыршыны шақырып алып ұзақ кеңесті. Ертеңіне жанына үш батырды ертіп Қасым төреге келді.
«Ташкентті шап» деп ашу үстінде айтып қалдым ба, егер Сыр, Шу, Сарысу бойының ер азаматтары ермесе, аз ғана Алтай, Тоқа, Алшын, Уақ руларының Ташкентті алуға күші жете ме деп, Қасым төре де ақ мамық төсегінің үстінде түні бойы кірпік қақпай дөңбекшіп шыққан. Кенесарылардың келгенін естіп, бүктүсіп жатқан жерінен басын көтерді.
— Көке, — деді Кенесары әкесінің алдына тізесін бүгіп, басын иіп, — «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей біз ақылға салып, Ташкентті шабуға әлі ерте деп таптық.
— Сонда не істемексіңдер?
— Күз түспей Көкшетауға көшкенді жөн көрдік.
Қасым «Көкшетауға неге көшесіңдер?» деп сұрамады. Басын шайқап үндемей ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:
— Бөлтіріктерін қалдырған қасқырдың апанына аңшылар әрдайым қақпан құрады. Көкшетауда бізді күткен үлкен қатер бар, ол ара енді сендерге қоныс болмайды, — деді, — Арқаға көшкен жөн, онда да Ұлытауға... Үш жүздің қақ ортасы, бірі болмаса біріне иек артуға қолайлы.
— Ұлытау — Бағаналы жері. Патшадан шен алған Сандыбайдың Ерден, Дүзені қоныс бермесе қайтеміз? Келмей жатып тағы да сойыл, шоқпар қақтығыстырамыз ба?
— Иә, өзің бүлініп келе жатып, тыныш жатқан елге бүлік салсаң, сені жұрт бүйіден кем көрмейді, — Қасым ауыр күрсінді. — Сонда Абылайдың ақ туын көтерген Сарыарқадан енді бізге барар тау, басар жер қалмағаны ма?
Үйге кіргеннен бері үндемей отырған Құдайменді батыр тізесін бүкті.
— Сандыбай тұқымынан жақсылық күтуге болмайды, — деді ол. — Егер көшсе Терісаққан бойына, Қарақойын Қашырлыға көшкен жөн. Бізге ерген ой Алтай азаматтары болса, ол ара Жанайдар, Төлебай батырлар шыққан қыр Алтайының жері. Туыс туысты табады. Және Арғынның ардагер руы Абылай ханның ұрпағына бір қысқа қоныс беруі күмәнсіз. Ал жаз шыға Ұлытау төңірегінен орын тепкен келісімді. Сандыбайдың қос бөрісі Ерден, Дүзенінен Ұлытау, Кішітау маңын, Қаракеңгір, Сарыкеңгір бойын берсе қолынан, бермесе жолынан, алты қарыс азуларын көк құрышпен тілгілеп отырып тартып алу керек.
— Бұл табылған ақыл, — деді Қасым, — Терісаққаннан Күнімжан келіннің төркін жұрты да алыс емес.
— Онда Қарақойын Қашырлыға күні бұрын шабарман жіберіп хабарласқан жөн болар, — деді Кенесары.
Қасым иек қақты.
— Бұ да табылған ақыл.
Қарақойын Қашырлыны жайлаған қыр Алтайы елімен сөйлесуге қос атпен Құдайменді батырдың өзі жүрмек болды. Қалған жұрт Ташкент құшбегінің қолынан қаза тапқан ұлдарының жетісін берісімен Арқаға қарай көшуді уәделесті. Ер азаматтар, шал-кемпір, бала-шаға туып өскен сар даласын сағынып-ақ қалған екен. Бұл хабарларды қуана мақұлдады. Кешеден бері елегізіп жүрген жастар енді белдерін бекем буып, ат құйрығын түйіп алыс сапарға дайындала бастады. Қорамсақтарынан екі қырлы өткір ұшты сауыт бұзар, төрт қырлы қозыжауырын жебелерін алып, тартылар жеріне жаңадан күшігеннің қойлық жүні, тазқараның тайлақ жүні деп аталатын күшіген мен тазқараның қауырсындарын қондырды. Ал кейбіреулері болат ұшты қос құлаш қайың найзаларының ұштарын өткір қайрап, ат құйрығынан жасалған шашақ тағып жатыр. Бағзы біреулер беліндегі сүйек сапты бұйда пышақтарын қылшылдата қайрап, бөтен қарулары болмағандықтан жуандығы білектей сай бойына біткен тапал қарағайдың түзулерін тауып алып, жұмыр түбірімен суырып, кеспелтек шоқпар жасауға кіріскен. Арқа жеріне қайткенмен де тыныштық болмайды дегендей жауға арналып жөнделген қару-жарақ, алыс жолға деп дайындалған ер-тоқым, жүген-құйысқан, мінер ат...
Қаратау қойнауындағы ауыл біткен қаза болған сұлтандардың жетісін берісімен бірден көтерілді. Қайтқан қаздай тіркеліп, сыңсып көшіп бара жатқан жұрттың ту сыртынан қарап дөң басында Кенесары тұр. Бір тілегінің орындал-
ғанына іштей қуанса да, алдымызда қандай күн бар деп қобалжығандай...
Қалың ел екі аптадан кейін Бетпақдаланы көктей өтіп, Сарысудың құмға сіңіп жоқ болар етегіндегі Қызыл жыңғылда отырған Бәтеш ауылына жеткен кезде алдарынан Алтайдың жүрек жұтқан батыры, аталары Сеңгірбай, Жанұзақ Абылайдың үзеңгілес серіктері болған. Соңынан Жеке батыр атанған, Төлебай қарсы шықты. Қастарында ел билеуші екі-үш ақсақалы мен он шақты сойыл көтерген жігіттері бар. Астарындағы жұпыны аттары мен үстеріндегі елтірі тымақ, түйе шекпен, сірі етік, бұлардың кедей ауылдан екенін аңғартады. Төлебай батырдың да кигені бәлендей мәз емес, әйтсе де ол ерекше көзге түседі.
Төлебай көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қою, қара мұрты құлағына дейін жеткен үлкен қара көзді, қара сұр адам. Тақымындағы бұзау тіс шоқпары да өзіндей шомбал, астындағы мінген қара көк аты да ұзақ шабысты, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы.
Төлебай батыр Кенесары тобымен көштен ұрын кездесіп, Арқаға қайтқан ағайынды құшақ жая қарсы алатындарын білдірді.
Көш қозғалғалы көңілі қобалжып келе жатқан Кенесарының енді еңсесі көтеріле бастады.
Екінші бӨлім
І
Күн сәулесі түндіктен төгіле түссе де, Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұл-
жа әлі тұрған жоқ. Ақ мамық құс төсектің үстінде қос жастыққа көміліп қалың ойға кеткелі көп болған. Бір мезет Қоңырқұлжа аунап түсіп шалқасынан жатты. Енді мойылдай қап-қара кішкентай көздері дәл тұсындағы сырлы уыққа қадалып, мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы едірейе қалды. Қамшының алақанындай жалпақ келте мұрны пысылдап, кебежедей жуан қарны дем алған сайын көтеріле түсіп ырқ-ырқ етеді. Салпы ерінді аузын қисаңдата шайнағанда саршұнақтың құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалады. Бұл жатқаны кіші тоқалы Зейнептің жеті қанат ақ отауы. Үй іші салтанатты; жерге төгілдіре төселген қырмызы қызыл түкті кілем, төрде қызылды-жасылды қаңылтырмен өрнектелген әшекейлі қос сандықтың үстіне керегені сірестіре жинаған шәйі көрпе, құс жастық... Есікке таман оюлы сырлы кебеже, екі жақ босағада сәндік үшін іліп қойған тоғыз қара құндыз, тоғыз қара түлкі. Табалдырықта қара қылшықты екі қасқыр терісі жатыр...
Аға сұлтан қазір көйлек-дамбалшаң. Дамбалының кең балағы тізесіне дейін түрілген. Ышқыры мен көйлегінің салпылдаған етегінің әр жерінде кеуіп қалған қан көрінеді. Оған қымсынар Қоңырқұлжа жоқ, тышқан көзін кейде жұмып, кейде ашып қалың ойға шомуда.
Аға сұлтанның аяқ жанында оның бүйендей жуан жүнді жұп-жұмыр балтырын сипап, былтыр ғана түскен, торқа мен жібекке малынған бүлдіршіндей жап-жас бөкселі, тығыршық кеуделі, кіші тоқалы Зейнеп отыр. Ол күміс жүзік, алтын сақина салған мыртықтау саусақтарымен байының борпыл бұлшық етті балтырын шымши уқалайды. Шымшиды деген құр аты, бір жерін ауыртып алмайын дегендей, жәй әшейін бұрай сипайды. Бетінде не қуаныш, не реніш белгісі жоқ, бір тамыры бүлк етпей тұнжырап қалған. Тек найзадай сүйір ұзын кірпіктерін көтеріп, Қоңыр төренің етегі мен ышқырындағы қанға көген көзі түсіп кеткенде ғана, барқыт қабағы сәл шытынап, піскен бүлдіргендей томпиған еріндері бұртия қалады. Бірақ жас тоқалының қандай күйде отырғанына көңіл аударар Қоңырқұлжа жоқ, шытырман ойға шомып кеткен.
«Абылай ұрпақтарынан менің нем кем, дейді ол ішінен, атағым ба, бағым ба, дәулетім бе? Олар сияқты мен де Шыңғыс ханның әулетімін. Ұлы бабам Орта жүздің ханы Сәмекеге қырық мың жылқы біткен. Бұдан жүз жылдан астам бұрын Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Россия патшасына бағынам деп хат жазғанда сол жылы Орта жүздің ханы менің атам Сәмеке де хат жазған. Тек патшаның қарамағыма алдым деген Указы шыққанша дүние салды... Орта жүз содан кейін барып Түркістаннан келген Сабалаққа — әбілмансұрға ауған жоқ па? Өз әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе... Әбілмансұрмен хандыққа таласуға қуаты жетпесе оған ол айыпты ма? Менің әкем Құдайменді қабылан болса, әбілмансұр — Абылай айдаһар еді. Айдаһардың қабыланды жеңуі ғажап па? Бірақ Абылай айдаһар болса да Құдайменді қабыланды жұта алмады. Сәмеке ханның ұрпағы деп Омбы генерал-губернаторы үнемі араша түсті. Соның арқасында ата мекен жерімізді де, қарамағындағы қалың арғынды да Құдайменді ешкімге берген емес-ті.
Бақ деген күйкентай құспен пара-пар, қай жерде жем болса, соған қонады. әкеме бітпеген дәреже маған бітті. Бүкіл Қараөткелге аға сұлтан боп Абылайдың балалары емес, мына мен, Құдаймендінің Қоңырқұлжасы сайландым! Ал дәулет десең, менің дәулетім кімнен кем? Жиырма мың қылаң мен бараным бар. Тек салықты аз төлеу үшін қағазға он екі мың деп көрсеткем. Сегіз мың жылқымды жасырып қалдым. Бүкіл Россияның қазынасын иемденген патша ағ-
замға сегіз мыңнан түсер пайда мақтағанда бір күнгі салтанатты қонағасына жетер. Ал маған... Сексен жылқы сегіз ауылдың игі жақсысын сатып алуға жарайды».
«әңгіме сексен жылқыда емес, елді билей білуде ғой. Менің қызметіме ақ патша да, Омбы генерал-губернаторы да риза. Ал халық ше? Халық деген бір кеще жас бала, оны алдай алсаң болғаны, соңыңнан ере береді... Менің сол қасиетім ғой, осы уақытқа дейін жұртты уысымнан шығармай келгенім?»
Қоңырқұлжа бұқара алдында өзінің қадірін көтеретін істерін ойына түсіргелі сықсита жұмған көзін ашып алды. Жүзінде тәкаппарлық пайда болды. Кенет көзі аяқ жағында отырған тоқалына түсіп кетті. «Қалай қызықпассың, деді ол ішінен, әбден піскен бүлдіргендей ғой мына тоқалдың түрі... Бала таппағандықтан ба екен, дене бітімі әлі былтырғы жаңа түскен қалпындағысындай. Тек бөксесі шығыңқырап, кеудесі көтеріліңкіреген бе, қалай... Түнде менің кетіп қалғаныма өкпелегендей де кейіп бар ғой өзінде... Ой, тәйірі, қатын өкпесі бие сауымға жете ме, бауырыңа басып, бір умаштасаң... Әлде соны күтіп отыр ма?.. Онда..» Қоңырқұлжаның бойында қызу сезім кенет жарқ ете түсті де, әп-сәтте сөне қалды. «Иә-иә, деді ол тағы да ішінен, мен жұртқа аз жақсылық істедім бе? 1834, Жылқы жылы Мамыр айының он тоғызында ақ патшадан бұзау терісіне мөр бастырып, қазақтан солдат алмаймын деген ант қағазын әкелгенімді былай қойғанда, патша ағзамның менің өтінішім бойынша биылғы Тауық жылы Көкек айының бесінде жіберген Указының өзі не тұрады?!»
Өткен Мешін жылғы қыс қатты болып, Балқаштың арғы бетінде малын айдауға көшіп келе жатқан Кенесарыдан жасқанып, Арқада тебінге қалған Ақмола өкірігінің жүз қырық мыңдай қарасы шөп жетпей жұтқа ұшыраған. Оның үстіне ақпан — қаңтарда Ташкент құшбегісінің қарақшылары жүдеп отырған біраз ауылды шауып, Есіл, Нұра қазақтарының шаруашылығы әбден күйзелген.
Жаңа устав бойынша Ақмола өкірігі қазақтары осы биылғы Тауық жылынан бастап жасақ төлеуге тиісті болатын. Жұрттың күйін көрген Қоңырқұлжа, салық жинау қиындығынан қашып, бар халықтың атынан салықты Көкшетау, Қарқаралы өкіріктерімен қатарласа, екі жылдан кейін төлеуді өтініп қағаз жаз-
ған. Бұл қағазбен қоса кешкі серуеніне мінсін деп Бірінші Николай патшаның өзіне арнап мойны қудай иілген алты ақбоз арғымақ жіберген.
Арғымақтың сұлулығына риза болған патша, Ақмола өкірігінің қазақтары қырқыншы жылға дейін салықтан босатылсын деген арнаулы Указын шығар-
ған. Бұл Указ жүдеп қалған жұрттың көңілін көтерумен қатар аға сұлтан Қо-
ңырқұлжаға өзге сұлтан, билердің алдында үлкен абырой әперген. Қоңырқұлжаның осал кісі емес екенін өзге жұрт та түсінген. Бұрын қыңыр қарап жүрген кейбір ауылдар енді қара суықтан ықтаған көтерем қозы-лақтай Қоңырқұлжаның қолтығына кіре түскен. Аға сұлтанның міндет етіп отырғаны осы жайт.
«Япырмай, деді тағы да ішінен Қоңырқұлжа, өткен жылғы қыстың орасан қатты болғаны есіне түсіп, қыстың осындай боларын есепші Жарқұлақ қарт айтқанда неге құлақ қоймадым? Қара малды алысқа айдай алмағанмен, жылқыны Баянауыл жағына өткізіп жіберуге болатын еді ғой. Есепші Жарқұлақ қарт алдына малта тәрізді өзен жағасының жылтыр сұр тастарын жәйіп қойып: «Міне көрдіңіз бе, аға сұлтан, деп еді ғой, егерде Маусым мен Қараша айларында Мерген Қауыс жұлдызы мен Егіз Зауза жұлдызы қатарласа көрінсе қыс ауыр болады. Қазір Қараша, Маусымда Мерген мен Егіз қатар көрініп отыр. Сен Тұяқтың қызы Қайнысаны алар жылы да осындай болған. Ол жылы Жылан еді ғой, қазір Мешін... Мұндай ауыр қатаң қыс отыз жылда бір соғады. Қапы қалма деген еді ғой. Артынан жауырыншы Дәкір білгір де меңсіз қара қойдың отқа күйдірген қу жауырынының сызықтарына қарай отырып, «жеті халықтың тағдырын, сол жеті халықты басқаратын жеті патшаның ажалын, күні бұрын болжай алатын қара басты қара қойдың қу жауырыны айтуына қарағанда биылғы жыл Мешін жылы, Мешін жылы күні қаһарған, бораны ақырған ауыр жыл, — биыл жұт жылы болар» деген.
Қоңырқұлжа мұртынан күлді. «Жарқұлақ есепші мен Дәкір жауырыншының тілін алмағаным қандай дұрыс болды. Олардың дегенін істеп, жылқыны тау тасалаған шығыстағы елге айдағанымда, ел мұндай апатқа ұшырап, патша Указы шығып, абыройым көтерілмес еді ғой. Жаратқан алла бұныңа да шүкір, жүз қырық мың мал қырылса, биылғы жылы жүз қырық мың төл туар. Ал жұрт көзінше қадірімді көтеретін мұндай патша ағзам Указы әр жылда шыға бермес. Бұл атақ — менің абыройыма тағылған бір жаңа алтын теңге емес пе».
Қоңырқұлжаның қабағы кенет тікірейе қалды. «Апат демекші, апат келе жатқан тәрізді ғой, айлакер болсаң құтылып көрші енді осы апаттан?!»
«Иә, шешелерінің жатырынан найза ұстап туған, Абылайдың қанды балақ ұрпақтары бір жағынан бастары алынып жатса да, тәубе етер емес.
Бегдербек құшбегі былтыр Есенгелді мен Саржанды өлтірсе, биыл Ләшкәр паруаншы алдап шақырып Қасым төренің өзінің басын алды. Ал бірақ бұдан кейін тоқтаған қайсы бар? Жараланған қасқырдай Қасымның Кенесары, Наурызбайы тіпті долданып алған жоқ па? Былтыр бес жүз үй болып ел шетіне келгеннен бері кең даланы күңірентіп жатыр. Бұлардың жеткені өзге елге қырсық болып тиді-ақ қой. Патшаға қарсы шығуды осы жұрт Қасым балаларынан үйренеді, осы уақытқа дейін кейбір қоқан-лоқысы болмаса, негізінде тыныш жатқан қалың Арғынның арасына да іріткі мықтап түскен секілді. Өзі де шығуға таяу тұрған көз еді дегендей, Кенесарының қайтқаны кесір болды. Қазірдің өзінде Ақмола өкірігінің Байдалы, Қойлыбай — Шағыр, Жанай — Қалқаман, Темеш, Тыналы болыстары бас көтеріп отырған жоқ па? Оған сонау Азнабай балалары шоқ салып кеткен Қаржас руын, Бектастың Таймасы жел беріп отырған Төртқара ауылдарын, Қарқаралы өкірігінің атқа қона бастаған Жеңбай — Шаңшақ, Қара — Ақтымбет, Қорсын — Керней, Қояншы — Тағай болыстарын, алты жүз отыз бес үй қырғызды, былтырдан бері ереуілдеп атқа мінген Кіші жүздің Табын, Тама, Жағалбайлы, Алшын, Жаппас, Шекті, Төртқара руларын, Дулаттың Иманы желіктіріп отырған Торғай бойының қалың Қыпшағын қоссаң не болды? Россия патшалығымен шектескен жердің бәрі қазір лапылдап жанған өрт тәрізді. Бұған Ақмола өкірігінің Қыпшағы мен Керейі де қосылады деген сыбыс бар. Сонда бұ жұрт қайда бармақ? Бүкіл Арқаны қалың өртке айналдырмақ па? Сол өрттің көрігі биыл Ұлытау маңына, Қарақойын, Қашырлыға көшіп келген Кенесары. Жер дауын, салық дауын пайдаланып қалың қазақты патшаға қарсы өшіктіре түспек. Жұрттың өшігуі әсіресе мына Ақтау бекінісі салына бастағаннан бері тым өрши түскен тәрізді. Ақтау бекінісінің салынуын да Кенесары өз пайдасына жаратпақ, оған мүмкіндігі де бар: Ақтау, Қарқаралы, Ақмола, Аягөз өкіріктерінің тоғысқан жерінде тұр. Және оның болашақта атқарар борышы да зор...»