Әлеуметтік қорғау - бұл әлдебір жағдайларға (кәрілік, мүгедектік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) және өзге де заңды негіздерге байланысты экономикалық белсенді бола алмайтын әрі лайықты ақы төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін өмірлік қажетті игіліктердің және әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе.
Қазақстан мүше болып табылатын Халықаралық еңбек ұйымының анықтауы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі мынадай шаралар кешенін қамтиды:
тұрақты, ақылы еңбекке ынталандыру;
негізгі әлеуметтік қатерлердің алдын алу, ал ол туындаған жағдайда әлеуметтік сақтандыру тәсілдері арқылы сол қатердің салдарынан айрылған табысының бір бөлігін қалпына келтіру;
халықтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек тәсілдері;
азаматтардың білім және медициналық көмек сияқты негізгі құқықтар мен қызметтерге қол жеткізуі.
Әлеуметтік қорғау жүйесінің сандық көрсеткіштері экономикалық даму деңгейімен анықталса, ал адамдар арасындағы ынтымақтастық, мемлекеттік институттардың қатысу дәрежесі мен еңбекке ынталандыру деңгейі таңдалған әлеуметтік-экономикалық модельмен өзара байланыста болады.
Даму деңгейі бірдей мемлекеттерді өзінде де тарихи, мәдени, саяси және өзге де факторларға байланысты, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынтымақтастықтың және мемлекеттік институттардың қатысуының әртүрлі деңгейі орын алуда.
Толық ынтымақтастыққа негізделген жүйеде жарна мен төлемнің арасында өзара байланыс болмайды. Және төлем алу құқығы қатерлі жағдай орын алған сәттен туындайды да, оның деңгейі адамның жүйеге қосқан үлесіне тәуелді болмайды. Қаржыландыру бүкіл салық төлеушілер мойнына түседі де, әлеуметтік қорғау жүйесінен төлем алу құқығына барлық азаматтар ие болады. Мұндай жүйеде табыстарды қайта бөлу тетігі және қаржыландырудың бірден бір көзі мемлекеттік бюджет болып табылады, ал реттеуші ретінде мемлекет әрекет етеді. Толық ынтымақтастыққа негізделген жүйеде барлық азаматтарға әлеуметтік қорғаудың бірдей, әдетте, ең төменгі деңгейін ұсынады.
Шектеулі ынтымақтастыққа негізделген жүйеде төлемдерді алу құқығы адамның жарнасына байланысты болады. Әдетте, мұндай жүйе еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің аударымдары есебінен қаржыландырылады, ал жарнасына қарай төлемдерді алу құқығына аударымдар жасаған (немесе олар үшін жұмыс беруші аударым жасаған) азаматтар ғана ие болады. Мұндай жүйелер, әдетте, халықтың белгілі бір тобын, мысалы, ресми жұмыс істейтін еңбеккерлерді немесе белгілі бір еңбек ұжымының еңбеккерлерін әлеуметтік қорғаудың қосымша көзі болып табылады.
Бұдан басқа, ынтымақтастық белгісі жоқ, әр азамат өмірдегі қатер жағдайына қаражатты дербес жинайтын әлеуметтік қорғау жүйелері де бар.
Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әлеуметтік қорғаудың неғұрлым тиімді және кешенді жүйелері, әдетте:
· мемлекеттік жәрдемақылар;
· міндетті әлеуметтік сақтандыру;
· жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру;
· әлеуметтік көмек сияқты негізгі элементтерді қамтиды деген қорытынды жасауға болады.
Мемлекеттік жәрдемақылар әлеуметтік қорғауға жататын жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарды кепілдікті төлемдермен белгілі бір деңгейде қамтамасыз етуге арналған.
Жұмыс берушілер мен еңбеккерлер аударымдарының есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі төленген жарна деңгейіне сай ресми жұмыс істейтін еңбеккерлерді қосымша қорғауға арналған.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі әр азаматтың зейнетақы жинақтарын жасау процесін реттеуге арналған.
Әлеуметтік көмек азаматтардың жекелеген санаттарын бюджеттің қаражаты есебінен қосымша қорғауға арналған.
Бұдан басқа, азаматтың әлеуметтік қатерлерден өзін өзі ерікті сақтандыруға құқығы бар.
Осындай аралас жүйе ынтымақтастыққа негізделген және дербестендірілген жүйелердің артықшылықтарын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшу аяқталып келеді. Әлеуметтік қорғаудың жүйесі өзгерген экономикалық қатынастарға сәйкес болуы қажет.
Өтпелі кезеңінің бастапқы кезінде мемлекет инфляция, бюджет тапшылығы, өндірістің құлдырауы, экономиканың бейресми секторының өсуі жағдайында әлеуметтік қорғаудың ағымдық мәселелерімен айналысуға мәжбүр болды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу мен заттай жеңілдіктерді ақшалай төлемдермен ауыстыруды қоспағанда, әлеуметтік саладағы реформалардың нәтижесі ағымдық мәселелерді шешуге арналған жауап қадамдар болды.
Жүргізілген қайта құруларға қарамастан, қазіргі кезде әлеуметтік қорғау жүйесі күрделілігімен және заңнаманың жүйелілігінің жеткіліксіздігімен, жүйеге қатысуға ынталандырудың төмен деңгейімен сипатталады.
Соңғы жылдарда экономикадағы қолайлы өзгерістер және тұрақты өсуді қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар әлеуметтік қорғаудың кешенді жүйесін құруды қолға алуға мүмкіндік беріп отыр. Осыған байланысты Қазақстанның қазіргі және болашақтағы басымдықтары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туындады.
Азаматтардың білім және медициналық көмек саласында қызметтер көрсетуге қол жеткізуі бұл Тұжырымдаманың шеңберінде қаралмайды, өйткені олар басқа бағдарламалық құжаттармен айқындалады.