Жалпы қоғамдық өнімді құндық бөлудің айрықша саласын мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілермен және халықпен қалыптасатын қаржылық қатынастары құрады. Бұл қатынастарға олардың мемлекет бірден бір қатысушысы болып табылатын бөлгіштік үдерісте пайда болатыны және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған ақшалай қаражат-тардың орталықтандырылған қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты екені жалпы тиісті (тән) болып келеді. Қаржылық қатынастардың бұл жиынтығы «мемлекеттік бюджет» ұғымының экономикалық мазмұнын құрады.
Бюджет – мемлекеттің қажетті атрибуты және оның егемендігінің негізі. Бюджеттің көмегімен тиісті мемлекеттік және муниципалдық құрылымдардың ақшалай қаражаттарының қорлары құрылады, бұл қорлар олардың жалпы маңызды міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын жүзеге асырудың қаржылық негізін жасайды. Бюджеттерде мемлекеттің қаржылық ресурстарының аса ірі бөлігі шоғырландырылады, бұл мемлекеттің қаржылық саясатын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажет.
Экономикалық қатынастардың жиынтығы ретіндегі мемлекеттік бюджеттің объективті сипаты болады. Мемлекеттік бюджеттің болуы мүлдем адамдардың субъективті қалауының (еркінің) нәтижесі емес, ұлғаймалы ұдайы өндірістің мұқтаждарымен, мемлекеттің табиғатымен және функция-ларымен шарттасылған объективті қажеттігі.
Экономика дамуының қазіргі кезеңінде орталықтан-дырылған қаржылық ресурстар мемлекетке қоғамдық өндірістің қажетті қарқындары мен үйлесімдерін қамтамасыз етуге,оның салалық және аумақтық құрылымдарын жетілдіруге жетуге, экономика салаларын дамытудың бірінші кезектегі бағдар-ламалары үшін қажетті мөлшерлерде қаражаттарды қалып-тастыруға, ірі әлеуметтік өзгертулер жүргізуге жағдай жасайды.
Қаржыны орталықтандырудың арқасында ақшалай қара-жаттар мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатын табысты іске асыру үшін жағдайлар жасай отырып, экономикалық және әлеуметтік дамудың шешуші учаскелеріне шоғырландырылады.
Сөйтіп, құндық бөліністің айрықша бөлігі ретінде мемле-кеттік бюджет айрықшалықты арналымды орындайды – жалпы қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға қызмет етеді. Объективтік ұдайы өндірістік қатынастардың өмір сүруінің экономикалық нысаны бола отырып, айрықшалықты қоғамдық арналымды орындай отырып, мемлекеттік бюджет эконо-микалық қосалқы категория ретінде болады.
Қаржылық қатынастардың белгілі бір жиынтығы ретіндегі мемлекеттік бюджетке ең алдымен оны жалпы қаржылық категориядан ажырататын өзгеше белгілер тән: бюджеттік қатынастардың ұдайыөндірістік сипаты бар, әрқашан ақшалай нысанда жүзеге асырылады, мақсатты ақшалай қорларды қалыптастырумен және пайдаланумен қосарлана жүреді. Сонымен бірге, бюджеттік қатынастарға белгілі бір өзіндік ерекшелік тән, алайда ол қаржымен ортақ өзгеше белгілердің шеңберінен шықпайды. Құндық бөліністің айрықшалықты сферасы ретінде мемлекеттік бюджет мына өзгеше белгілермен сипатталады:
1) мемлекеттен жалпы қоғамдық өнімнің бір бөлігін оқшауландырумен және оны қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға пайдаланумен байланысты бөлгіштік қатынастардың айрықша экономикалық нысаны болып табылады;
2) құнды жасау және оны тұтыну үдерісін шарттастыратын материалдық өндіріс қаржысынан және құнды тұтынуға қызмет ететін өндірістік емес сфера қаржысынан мемлекеттік бюджеттің айырмашылығы ол ұлттық шаруашы-лықтың салалары, аумақтар, экономиканың секторлары, қоғамдық қызметтің сфералары арасында құнды қайта бөлуге арналған;
3) қоғамдық өнімнің оның тауар нысанындағы қозғалысымен тікелей байланысты емес құндық бөліністің стадиясын білдіреді және одан белгілі үзілісте жүзеге асырылады, ал қаржылық қатынастар материалдық өндірісте де, материалдық емес сферада да тауар-ақшалай қатынастармен тығыз тоқайласып жатады.
Мемлекеттік бюджет, кез келген басқа экономикалық категория сияқты, өндірістік қатынастарды білдіреді және оларға сәйкес келетін материалдық-заттай іске асырылуы болады: бюджеттік қатынастар мемлекеттің орталықтандырылған ақшалай қорында – бюджеттік қорда затталынады. Мұның нәтижесінде қоғамда болып жатқан нақты экономикалық (бөлгіштік) үдерістер мемлекеттің жұмылдыратын және пайдаланатын ақша ағынында өзінің көрінісін табады. Бюджеттік қор – бұл құндық бөліністің белгілі стадияларынан өткен және ұлғаймалы ұдайы өндіріс, халыққа әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету, қорғаныс және басқару бойынша қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін мемлекетке түскен қоғамдық өнім мен ұлттық табыстың бір бөлігі қозғалысының объективті түрде шарттасылған экономикалық нысаны. Бюджеттік қорды қалыптастыру мен пайдалану құнды бөлумен және қайта бөлумен байланысты құн қозғалысының үдерісін білдіреді.
Экономикалық қосалқы категория ретінде мемлекеттік бюджет мемлекеттің ақшалай қаражаттарының орталық-тандырылған қорын жасау және оны ұлғаймалы ұдайы өндіріспен қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсаттарына пайдалану жолымен қоғамдық өнімнің құнын бөлу және қайта бөлу үдерісінде мемлекетпен қоғамдық өндірістің басқа қатысушылары арасында пайда болатын ақшалай қатынастарды білдіреді.
Мемлекеттік бюджет тұтас алғанда мемлекет қаржысының функцияларына сәйкес функцияларды – бөлу және бақылау функцияларын қаржылардың ұдайыөндірістік тұжырымдаманың шеңберінде орындайды. Бұл функциялардың іс-әрекеті, мазмұны, мәні мен маңызы бюджеттік қатынастардың қаралған өзіндік айрықшалығымен айқындалды. Сонымен бірге қаржының және мемлекет қаржысының негізгі буыны ретінде мемлекеттік бюджет бөлгіштік функция шеңберінде: мемлекет қаржысының орналастыру (ресурстарды), қайта бөлу, тұрақтандыру қосалқы функцияларын орындауды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік бюджеттің сан қырлы маңызын ескере отырып, оны тек экономикалық категория және мемлекеттің ақшалай қаражаттарының орталықтандырылған қоры ретінде ғана емес, сонымен бірге негізгі қаржы жоспары, әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу механизмінің жиынтық ұғымы ретінде қарау керек. Мәселен, мемлекеттік бюджетте қоғамдағы барлық экономикалық үдерістер бейнеленетіндіктен, сондай-ақ барлық негізгі қаржы институттары – салықтар, мемлекеттің шығыстары, мемлекеттік кредит, мемлекеттің қарыздары және т.б. өзінің шоғырланған көрінісін табатындықтан бюджет мемлекеттің негізгі қаржы жоспары ретінде сипатталады. Онда бюджеттің экономикалық мазмұнын құрайтын қайта бөлгіштік үдерістер қарастырылады; негізгі қаржы жоспарының кірістері мен шығыстарының айрықшалықты баптары мемлекеттің ақшалай қаражаттарының орталықтандырылған қорын қалыптастырудың көздері мен қорыды пайдалану бағыттарын көрсетеді. Елдің негізгі қаржы жоспары мемлекеттің жоспарлы қызметінің жемісі болып табылады; онда қоғамның барлық мүшелерінің мүдделерін бейнелеп көрсететін мемлекеттің еркі білдірілген. Бюджет нақты кезеңге (әдетте, бір қаржы жылына жасалатын, ал 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджет үш жылға жасалады) бюджеттің кірістерін, шығыстарын, орталықтандырылған қаржылық ресурстардың шешуші бөлігінің қозғалысын анықтайды. Елдің негізгі қаржы жоспарының көрсеткіштері Парламенттің жыл сайын қабылдайтын республикалық бюджет туралы заңына сәйкес сөзсіз орындауға жатады.
Мемлекеттік бюджет – ұлттық экономиканы басқарудың басты механизмдерінің бірі. Бюджетке тән құндылықтардың көрінуі, оны бөлу мен бақылаудың құралы ретінде пайдалану мемлекет жасайтын бюджеттік механизмде бейнеленеді. Экономиканы реттеу үшін бюджеттік механизмді пайдалану қоғамдық өндірісті дамытудың қарқындары мен үйлесімдеріне әсер ете отырып, мемлекеттің қарамағына түсетін ақшаны оңтайландыру арқылы жүзеге асырылады. Шығындар мен салықтар арқылы бюджет экономикамен инвестицияларды реттеудің және ынталандырудың, өндіріс тиімділігін артты-рудың маңызды құралы болып табылады. Жалпы экономикаға ықпал етудің құралы ретіндегі бюджеттің рөлі осында көрінеді. -
Ақырында, мемлекеттік бюджет орындалуы міндетті мемлекет заңдарының бірі болып табылады (мысалы, келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң).
Сөйтіп, бюджетті осы жоғарыда айтылғандардың жиынтығы ретінде қараған жөн (14.1 сызбаны қараңыз).