Электр тоғымен зақымдану қауіптілігін төмендету үшін әр түрлі қорғану шаралары қолданылады: тоқтың аз шамалы кернеуі, тоқ өткізгіштердің жақсы электр изоляциясы болуы, қоршаулар қою, блокировка орнату, сигнал орнату, сигнал беру жабдығы, тоқ өткізбейтін еден жасау, электр қондырғыларының корпусын тоқ өтпейтін қылу; тоқ өтетін бөлшектерді адам тиісе алмайтындай етіп орнату, электр машиналарын қашықтан басқару, сақтық құралдарын орнату, ескерту плакаттарын пайдалану, қызметшінің мамандық дәрежесі істейтін жұмысына сай болу, қолданылатын электр қондырғыларының түрін дұрыс белгілеп алу, қорғаныш жержалғасын орнату, қорғаныш нөлденуін орындау, қорғаныш ағытылу аспаптарын пайдалану, қорғану құралдарын қолдану тағы басқа шаралар.
1. Аз шамалы крнеу деп 42 В дейінгі тоқ кернеуін айтады. Мұндай кернеу көбінесе қол электр саймандарында, жергілікті жарық жасауға, тасымал шырақтарда, тағы басқа қажеттерге қолданылады. Қауіптілігі жоғары және өте үлкен бөлмелерде немесе далада болса бұлар үшін кернеу 12 В аспау керек. Жұмыскерлер қол электр саймандарымен жиі және ұзақ уақыт қатыста (контакт) болғандықтан, олар үшін аз кернеуді қолдану тоқтан зақымдану қауіптілігін едәуір төмендетеді.
2. Электр изоляциясы адам тоқ өткізгіштерге тиіскен жағдайда оны зақымданудан сақтау үшін керек. Электр изоляциясының төрт түрі болады: жұмыс изоляциясы, қосымша изоляция, еселенген (екі) изоляция, күшейтілген изоляция.
Өткізгіштердің жұмыс изоляциясы электр қондырғылардың әдеттегі жұмысын және электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналады. Қосымша изоляция жұмыс изоляциясы бүлінген жағдайда оған үстеме ретінде қолданылады. Еселенген изоляция жұмыс және қосымша изоляциясының бірлескен түрі болады. Күшейтілген изоляция деп еселенген изоляция сияқты сондай қорғау дәрежесін қамтамасыз ететін изоляцияны айтады.
Электр тоқ өткізгіштер изоляциясының кедергісі 500000 Ом кем болмау керек. Бірақ уақыт өткен сайын әр түрлі факторлардың (жылу, электр магниті т.б.) әсерінен изоляцияның сапасы кеміп, кедергісі азайады. Бұл жағдайда электр тоғымен зақымдану қауіптілігі жоғарылайды. Сондықтан тоқ өткізгіштердің электр изоляциясын мезгіл-мезгіл тексеріп, кедергісін өлшеп отыру керек. Қауіптілігі төмен бөлмелерде изоляциясын сапасын тексеру жылына бір рет, қауіптілігі жоғары және өте қауіпті бөлмелерде – жылына екі рет, ал өрт және жарылу қауіпі бар бөлмелерде – кварталына бір рет (жылына төрт рет) өткізілу керек.
3. Қоршаулар изоляциясыз тоқ өткізгіштерге және жоғары кернеулі өткізгіштерге адамның абайсыз тиісуінен сақтау үшін қолданылады. Қоршау ретінде темір шарбақ, қалқан, жәшік, шкаф, камера, бөлме тағы басқа құрылғыларды пайдаланады. Бейтарап адамдар қауіпті зонаға өтпеу үшін қоршаулар кілтке салынып, жабық болуы керек.
4. Блокировка арнайы құралдардың көмегімен адамның қызмет барысында қате (жансақ) әрекеттер болғызбау үшін қолданылады. Ол қауіпті жағдайларды туғызбау мақсатпен жұмыскерлердің іс әрекеттерін белгіленген ретпен орындауға мәжбүр етеді. Мысалы, блокировка алдын-ала тоқ кернеуі алынбай (ажырамай) қоршауды ашуға мүмкіндік бермейді немесе қоршау ашылған жағдайда кернеуді автоматтық жолмен ағытады. Блокировка құралдары әрекет принципі бойынша электрлік және механикалық түрде болады.
5. Ескерту сигналы электр қондырғыларында электр тоғы (кернеу) пайда болғанын білдіреді. Сигнал дыбыс немесе жарық түрінде болады.
6. Еден тоқ өткізгіш материалдан жасалған жағдайда (металл, цемент, су ағаш т.б.) адамдар үшін тоқ соғу қауіптілігі жоғары болады, ал материал тоқ өткізбейтін болса (резеңке, асфальт, құрғақ ағаш т.б.) қауіптілік азайады. Бөлмеде тоқ өткізгіш тозаңның барлығы тоқ соғу қауіптілігін үлкейтеді.
7. Электр қондырғыларының корпусы эмаль, лак, сыр тағы басқа бояулармен боялған немесе полимер заттардан жасалған болса, тоқпен зақымдану қауіптілігі біршама азайады.
8. Электр қондырғыларды қашықтан басқару олармен қызметшілердің тікелей қатысуын болдырмай, тоқ соғу мүмкіндігін кемітеді.
10. Электр желісінде тоқтың күші шамадан артық үлкейген жағдайда (тоқтың қысқа тұйықталу, желіге көп тоқ тұтынушыдардың қосылуы, электр двигателінің белдігінде механикалық жүктеменің ұлғаюы т.б.) электр қондырғыларды бүлінуден қорғау үшін арнайы сақтандырғыштарды пайдаланады. Олар бақылау сақтандырғыш және автоматтық ажыратқыш түрлерінде болады.
Ең қарапайым және көп тарағаны балқу сақтандырғышы болады. Электр желісінде тоқтың күші үлкейген кезде оның жіңішке қыл сымы жанып кетеді де, электр қондырғысы желіден ағытылып, бүлінуден аман қалады.
Әр балқу сақтандырғышында тоқтың нақты шамасы көрсетіліп, колибрланған болу керек. Оның орнына қолдан жасалған түрін («жучок» - қоңыз) пайдалануға болмайды.
Электр желісінде тоқ күшінің үлкен қауіпінен сақтану үшін автоматтық ажыратқышты қолдану сенімді және ыңғайлы болады.
11. Ескерту плакаттары жұмыскерлерді тоқпен зақымдану қауіптілігі туралы ескертіп отыру үшін қолданылады. Оладың бірнеше түрлері болады: тыйым салатын, ескертетін, еске түсіретін, рұқсат ететін.
12. Электр жабдықтарына қатысы бар адамдардың мамандық дәрежесі олардың атқаратын қызметіне сәйкес болу керек. Сондықтан электр қондырғыларында жұмыс істеу үшін әр адамның теориялық және тәжірибелік білімін (дайындығын) тексеріп, оған мамандық категория (топ) және куәлік беріледі. Қызметшінің мамандық дәрежесі оған берілген мамандық тобы арқылы анықталады. Барлығы бес мамандық тобы бар (I-V), ең жоғарғысы V-топ болады.
13. Орындалған конструкциясына байланысты электр қондырғылары ашық, қоршалған және жабық болып келеді. Ашық қондырғыларды тоқ өткізгіш және қозғалғыш бөлшектері ашық болғандықтан оларды қауіптілігі төмен бөлмелерде ғана пайдалануға болады. Ашық бөлшектерге абайсыз тиісу мүмкіндігі болмау үшін керекті қауіпсіздік шараларды қолдану керек.
Қоршалған қондырғыларда тоқ өткізгіш және қозғалғыш бөлшектерге тиісу қауіпін болдырмау үшін олар қоршаумен қоршалынған болу керек.
Жабық түрлі қондырғылардың ішкі құрылысы сыртқы ортадан түгелдей саңылаусыз (герметикалық) оқшауланған (бөлектенген) болу керек.
Электр қондырғыларының жарылудан және ылғалдан қорғалған түрлері болады.