Нұрлан Есенқұлов:
-Ақ көйлек, розовый бешпент, белі жуан,
Анаңыз алып екен сені туған.
Кешегі Бибігүлім жақсы еді ғой,
Кім жұптап қойған екен дүние-ай мені бұған.
Сәулелі менің Жансаям,
Шағатын бәрін дәу шаян.
Өзіңді жеңсем осыдан,
Құдайы беріп қой соям(ын).
Құрдасым менің Мусинам,
Көйлегі сыймай тырсиған.
Еркектің бәрін қырдын ғой,
Қайтейін сені пусигам.
-Ал, ендеше Нұрланың,
Таңдайдан шәрбат жыр өрсін.
Айналайын, ағайын,
Қиқулап, қолдап жіберсін.
Азаттығымның бастауы,
Қазақтығымның асқары,
Ірілер туған ірі елсін.
Марқасқалардың мекені,
Дүлдүлдер туған дүр елсін.
Мұқағали мен Жұматай,
Шырқап та кеткен жыр елсін.
Қыздарын бар қаһарлы,
Жігіттері де жігерлі,
Қазаққа біткен жігерсін.
Осында отырған көпшілік,
Алматымды жырласам
Қазақтың сенсін жүрегі,
Ұлтымның болған тірегі.
Ұлыларды тудырған,
Сөз жетпейтін Ұлы елсін.
-Кім жүйрік, кіл жүйрікті қазы айтып тұр,
Қайтейін қарсыласқа уәж айтып құр.
Кешегі күн арманды молайтып ед(і),
Бүгінгі күн үмітті азайтып тұр.
Кеше мен Бибігүлмен шығып едім,
Қасымда еркеледі, наз айтып бір.
Ол кезде күн де жылы болып тұрған,
Сол жайлы кетейінші сөз айтып бір.
Ал, бүгін бұлт үйіріліп, қар жауды ғой,
Ол да өзінің хабарын тез айтып тұр.
Кешегі қарсыластың кім екенін,
Шуақ төккен күннің де көзі айтып тұр.
Бүгінгі қарсыластың кім екенін,
Тілі жоқ табиғаттың өзі айтып тұр.
-Дегенмен, сөйлейінші саспай кәне,
Көрген жігіт едім жастай мәре.
Жансая, мына сенің бойдақтығын,
Әуел бастан болды ғой бастай бәле.
Неліктен жұрттың бәрі соны айтады,
Отырған қыздың жолын тоспай ма не?
Көрінген күйеуге де тиіп жатыр,
Бақытын Жансаяның ашпай ма не?
Құрдасымды кей- кезде аяп кетем(ін),
Бір жігітке қоймайды қоспай неге?
Елге меннен мынадай ұсыныс бар,
Бұл халық отырмайды қоштай неге?
Өз күшімен өліп-талып жеңіп алсын,
Осындай мүмкіндіктен қашпай кәне.
Айтысқа көлік пенен алтын тіктік,
Жүлдесі одан әрмен аспай ма не?
Ағайын, Жансаяның құрметіне,
Бір еркек тігейікші бас бәйгеге!
Жансая Мусина:
-Еее,Нурик,
«Келіпсін қас жүйріктей шабамын»- деп,
Менімен бір жарасым табамын деп.
Айтыстың бәйгесіне араласып,
Атқарып кетіпсін ғой жаңа міндет.
Шынымен бас жүлдеге жігіт қойсан,
Сөз берем(ін) «өзім ұтып аламын»-деп.
Айтыста біз ешқашан бұғалмап е(ді)к,
Ал, енді бұрайықшы бұларға бет.
Тұқыртып, мұқатбақ бо(лы)п ел алдында,
«Бойдақ»- деп мына жігіт жыр арнап ед(і).
Жаралап жүрегімді айта бермеш(і),
Көргенде жұрт қайғысын қуанбап е(ді)к.
Сенсізде қорқып жүрмін, «күйеуден бұрын,
Бірінші пенсияға шығам ба?»-деп.
-Еее,Халқым,
«Мен» десе жүзінен нұр жылы ескендер,
Мен жайлы жаман ойға ілеспеңдер.
Оралдан келіп тұрмын орман оймен,
Жайығым тілеуімді тілескен жер.
Мәншүк пен Хиуаздай қыз өскен жер,
Исатай, Махамбеттей ұл өскен жер.
Арайлы Алматыға сәлем айтты,
Нары көп Нарындайын құм ескен жер.
Біз жақта туылғанмен,бұл Алматы-
Жұбандар «мен қазақ»- деп жыр ескен жер.
Алматым ардақтысын қазақ үшін,
Еңсесі Елдігімнің тік өскен жер.
Бұл- Алматы,Ұлттық рухын дүр сілікінтіп,
Жастарым Желтоқсанда күрескен жер.
Бұл- Алматы,Қайраттар бармақтай бо(лы)п,
Алпауыт империямен тірескен жер.
Солардың қаны сінген қар астынан,
Алғаш бо(лы)п «Азаттықтың гүлі» өскен жер.
-Ал, енді ақтарайын бір ақпарды,
Біз талай көріп едік сынақтарды.
Мен кеше Мақсатпенен айтысып е(ді)м,
Ол байғұс мына жерде жылап қалды.
Сахнаның сыртына барғаннан соң,
Баяғы әдетінше құлап қалды.
Ал бүгін мықтыменен жұптапты ғой,
Мен де енді танытайын шыдап барды.
Арыстан болсан егер сен ақырған,
Жебемін жанындағы мен атылған.
Екеуміз ел алдына қайта келдік,
Жырлайық айтылғанша ең ақырған.
Жәй ғана ағайынға сәлем берем(ін),
Арнайы Нұрлан үшін ке(лі)п отырған.
Ал енді ыстық сәлем ағайынға,
Бар тілегі Жансая бо(лы)п отырған.
Финалға қыздарыңнан жалғыз өттім,
Негізі батырмын ғой мен отырған.
Амандасып алайық Жүкеңе де
Бүгінгі айтыс қамын жеп отырған.
Дәл кеше тең жарты ақын қырылып қалд(ы),
Көрдік қой оның бәрін ел отырған.
Соларға да берейін бір сәлемді
«Бірі өліп, бірі қалсын»-деп отырған.
-Айналдым өздеріңдей жақтасымнан,
Сіз барда кетпейтіндей бақ басымнан.
Ал, енді Нұрланыма бұрылайын,
«Бір өтіп кетейік»- деп-«шаппасынан».
Сен мені кеше «Нокиа кирпич»-депсін,
Ал, бүгін табылдын ғой тап қасымнан.
Дұрыстап айтыспасан, сол кірпішпен
Қақшитып бір қоямын қақ басыңнан.
-Сап-сары сахнадағы алтыным е«ді»н,
Жаһанды жарық қылған жарқылымен.
Қыздарды теңепсін ғой телефонға,
Сен кейде сөйлейсін-ау артығымен.
Ал, өзіңді «зарядкамын»-деп айтыпсын,
Әзілқой ақындардың тәртібімен.
Ал, мені кеше токқа теңеп еді,
Мақсаттың айналайын бал тілінен.
Ал, енді Нұрлан досым сақтанғайсын,
Жансая сөйлегенде қарқынымен.
Тогыма зарядкаңыз балқып кетіп,
Шнурын үзілмесін дәл түбінен.
Нұрлан Есенқұлов:
-Ойпырмай, мынау неткен рухты қазақ,
Дауылдай кететіндей бұлтты қамап.
«Шнурын дәл түбінен үземін»-деп,
Тілін де өзімізге сұқты қадап.
Сен қайта шнурды жинап жүрсей,
Үзілген жерін жалғап, тіпті жамап.
Керек заттың артықтығы болмайды ғой,
Табылған нәрсе кейде құтты болад(ы).
«Шнурынды кесемін»-деп әуреленбе,
Сапасымен қойғанмын сыртын қаптап.
Әуел бастан ыстық, суық әбден көрген,
«Шымкентский» шнурлар мықты болад(ы).
-«Басыңнан кетем(ін)»-дей ме «таспен ұрып»?
Аяқ-асты басталды әсте былық.
Таспен ұрған адамды біздің қазақ,
Негізі жібереді аспен ұрып.
Мынау аспен ұрғанға көне ме екен?
Нұрлан бұған от(ыр)қан жоқ па қас көрініп?
Өзінің айласымен қолданайын,
Отырсын мына бізден пәс көрініп.
Мұстафа Өзтүрікті ел біледі,
Еленіп жатпаса да ас беріліп.
Оған да қастық қылып өлтіргенде,
Жанарымнан қалып ед(і) жас төгіліп.
Мен сол оғландардың жалғасымын,
Жансаяға тұрғанмен жас көрінп.
Мұстафа Өзтүріктің інісімін,
Кірпішті қақ бөлетін баспен ұрып.
-«Жансая жынды»-десе, жынды-ақ екен,
Алдына талайды са(лы)п қуған екен.
Мақсатты жерге салып, бүгінгі ойы-
Нұрланды аяқ-асты қылмақ екен.
«Кірпішпен бастан ұрам(ын)»-деген сөзі,
Бетке алып жатқаны шындап өтем(ін).
Қыз дегенін негізі қабырға ғой,
Осы жолы Нұрланды тыңда, көкем.
Ер жігіттің негізі киесі бар,
Төстен алып бетінен жұлма, көкем.
Өзім де ойға қалып отырмын ғой,
Бұл өзі қиянатын құрған екен.
Бәсе, «неге күйеуге шықпады?»-деп жүрсем мен де
Жігіттердің киесі ұрған екен.
-Сен өзі бір адамды сүйесін ба?
Жансая, жігітке бас иесін ба?
Саған соңғы мүмкіндік туып отыр,
Түсіп тұрсын Жансая міне сынға.
Оңтүстіктен жалған бір пайғамбардың
Шыққанын білмейсін ба, білесін ба?
Жынды қылып бітірді бәрімізді,
Осыған күйесін ба, күймейсін ба?
Аузына біз қақпақ бола алмадық,
Жансая, бұл сөзіме күлесін ба?
Не де болса саған бір күйеу керек,
Сол бәлемен бір-екі ай жүресін ба?
Аузын жапсан, не болса да сен жабасын,
Нұрәлі пайғамбарға тиесін ба?
Жансая Мусина:
-Еее,Нурик,
Қасында қиын екен тең болмаса,
Ұсыныс айтып кеттін сен далбаса.
Өз-өзін «Пайғамбармын»-деп айтама,
Нұрәлін ақылынан кем болмаса.
Нұрланжан, айналайын, айуанға емес,
Адамдарға қоссаншы ең болмаса.
Өтінем(ін),мен үшін,ол-сен ішпеші,
Өзіңнің шаруанды тегістеші.
Барлығы шықса болды «бойдақсын»-дейд(і),
Соны айтып енді сен де керіспеші.
«Кім бақытты болғысы келмейд(і)?»-дейсін,
Мықты болсан осыны теріс деші.
Ал, қазір жігіттерде шаруам жоқ,
Өзін біл, мейлі келіс, келіспеші.
Ынжық па, шеттерінен бірдене ғой,
«Оларды ақтаймын»- деп керіспеші.
Дәл қазір кемпір көрсем, селк етемін,
Жақындап қалатындай жеңіс көші.
Себебі, екі көзім төртеу болып,
Үмітпен қарап тұрам(ын),«жоқ пе екен?»-деп,
Үйінде «Тақиялы періштесі».
-Бойында бар иманы, бар әдебі,
Тап- таза мейірім тұнған жан әлемі.
Әйтеуір, іздеп кетсе бұл-Жансая,
Шынымен сондай адам табар еді.
Әй, бірақ, алда не тұр? Білмейміз ғой,
«Жолықтырсам»-деп жүрмін-«жар әдемі».
«Періште табамын»-деп, мына сендей,
«Періге» жолықпасам жарар еді.
-Біз қазақ сырды ешкімге шашпап едік,
Жырласа таусылмайтын дастан едік.
Жұрт шүберек таппаған заманда да,
Алтыннан сауыт киген Сақтан едік.
Түбіміз Күлтегін мен Тоныкөктер,
Қашаған тарихынды тасқа берік.
Он бесінші ғасырда Жәнібек пен
Керей келіп, жаңа өмір бастап едік.
Өжеттік, өткірлік бар қанымызда,
Қасқайып батырлардай саспап едік.
Отыз екі тісіммен жасырмаймын,
Отыз бірде кеткендерді аштан өліп.
Ахмет, Мағжан, Сәкен, Ілиястар,
Елі атылып кеткен арыстарым,
Жандар ғой «Азаматтық» атқа берік.
Қырық бір, қырық бесте қан майданда,
Қосылдық «жан пида»-деп, сапқа келіп.
Ұлты үшін ұлдан асар Мәншүктерден
Үлгі алып, өнегесін сақтап едік.
Ал, кеше желтоқсанда байрақ алып,
Алауды мұзға жаққан жастар едік.
Ал, бүгін еркін елміз-Тәуелсіздік,
Не бары жиырма төрт жасқа келіп,
Кешегі қиындықтың өтеуіндей,
Әлемді мойындатып тастап едік.
Алаштай ардақты елім қонды, міне,
Адаспай «бақыт құсы» басқа келіп.
-Қазақтың тарап кетіп даласына,
Дүбірі түгел жеткен Алашыма.
Негізі «Алтын домбыра» айтысы еді,
Ақын біткен келетін бәрі асыға.
Тек қана мықтысына бұйырады,
Бәрі қарап шапқанмен шамасына.
Алғашқы домбыраны Мұхтар алды,
Айналған Сыр елінің дарасына.
Бұйырды одан кейін Жандарбекке,
Бұлғақов Айтақынның баласына.
Берілді одан кейін палуан ақын,
Атақты Балғынбектей ағашыма.
Кілең еркек алыпты қарап тұрсан,
Қыздардың кім жетеді бағасына?
Қазылар алқасына назымыз бар,
Балл қойған ақындардың таласына.
Халықты кілең етпен түйілдірмей,
Май қосып қойсандаршы арасына.
Нұрлан Есенқұлов:
-Айналаға көрсеткен ептеп күшін,
Жансая, кішігірім мектеппісін.
Құрдасыңды періге теңейсін ғой,
Тағдырдың көп көрдін-ау көп тепкісін.
«Періште іздеп жүрмін»-деп қояды,
Өмір бойы жалғыз бо(лы)п өтпекпісін.
Періште көкте ғана, айналайын,
О дүниеге бойдақ бо(лы)п кетпекпісін.
-Қармағым түскенде ғой нән балыққа,
Алтын жайлы айтасын сен халыққа.
Бір кезде Шымкентке барған едік,
Қалың ел қол соқты ғой таң қалып та.
Бас жүлдеге көлікті берген едік,
Құттықтап, қысып тұрып, қолды алып та.
Айтыстан шыға салып сол көлікті,
Сен сатып үлгердін ғой сауда қы(лы)п та.
Ал, енді алтын жайлы тұспалдайсын,
Сырыңды жайып салдым бар халыққа.
Алтын домбыра қолына тие салып,
Шырағым, тайып тұрма ломбардқа.
Ағайын, ұлтын сүйген ұлынды көр,
Қаймақтай қара сөздің құнын білер.
«Тіл емес,тілден күшті- тіл»-дейміз-ау,
Тіл жайлы шырқататын тілімді көр.
«Тілің өшсе, өзің де өшесін»-деп,
Аталар айтушы еді бүгінді бел.
Елбасы ана тілін ардақтады,
Ол жайлы кейінгі ұрпақ біліп жүрер.
Біріккен Ұлттар Ұйымы бас қосқанда,
Жәйт болды әлем құлақ түріп жүрер.
Қазақ тілін өзге елдің назарына,
Ұл шықты арамыздан іліктірер.
Жер жүзіне паш еткен ана тілін,
Құдайым, Нұр ағама нұрынды бер.
Өз тілінде сөйлеген көшбасшына,
Ағайын, шапалақ пен гүлінді бер.
Министрлер бас қосты есеп беріп,
Өзінің артқан жүгін біліп жүрер.
Орысшалап сайрады-ау шеттерінен,
Еріксіз тыңдағанды түңілдірер.
Сонда олар Елбасыдан үлгі алмай ма?
Соқпақтан жол табатын сүріндірер.
Өз тіліне құрмет қылса қайтер еді,
Өзінше көпті көрген ілімділер.
Қазақша сөйлеп жүрген қойшым артық,
Олардың болса бәрі білімділер.
Тіл үшін басын берсе бұрынғылар,
Басын да ауыртпай жүр бүгінгілер.
-Тасқындап келген жырды іркімеймін,
«Ақ сөйлеу-ақындардың ғұрпы» деймін.
«Күнде мұндай той қайда?»-депті біреу,
Алматым аспанында бір түлеймін.
Бес жылдықты жоспарлап жатырсыздар,
Ол енді «Болашақтың кілті»-деймін.
Көптеген зәулім үйлер салынбақшы,
Үкімет қадамына гүл тілеймін.
Онсыз да зәулім үйлер толып жатыр,
«Кедейге ашылмайтын құлпы» деймін.
Сол үйлерді алатын бай-манаптар,
Қарасан «Миллионердің мүлкі» деймін.
Ал, енді қара қазақ қайда тұрады,
Соны ойласам санамды сілкілеймін.
Көшіп-қонып жүреді пәтер жалдап,
«Баяғы көшпендінің сұрқы»-деймін.
Бауыржан Байбек мырза тыңдасаңыз,
Көп емес, мына сізден бір тілеймін.
Жарқыратып үй салып бермесен де,
Тоқымдай жер беретін күн тілеймін.
«Үйсіз қазақ»-демей ме-«күйсіз қазақ»?
«Майлансын Алашымның мұрты»-деймін.
Кезекте тұрғандары кейін қалмай,
«Шаттансын Алашымның жұрты»-деймін.
Қара қазақ қашанғы жүре берсін?
«Бір құдайы бар ғой»-деп-«жыртық үйдің».
-Дидарласқан керемет,
Өздеріңмен кеш құрым.
Көзіндей болып сөйледім,
Қарап та тұрсан ескінің.
Айналайын, Жансая
Әзілдескенмен, өзіңе
Берік қой менің достығым.
Сен де, шіркін, келін бо(лы)п,
Қозғай бергін пеш түбін!
Мына менде арман жоқ,
Айналайын, Алматы,
Бес жалған мына дүниенің
Өткізген сен де бес күнің.
Жансая Мусина:
-Ақын ба сөзден сарай соға алмайтын,
Өлеңді табан асты өре алмайтын?
Алтын жайлы құрдасқа әзілдеп е(ді)м,
Нәтиже болмаса да жоғарылайтын.
Шап етіп, ломбардты айтып шыға келдін,
Пейілін байқалып қалд(ы) бұдан да айқын.
Ал, маған дүнияға да бажылдайсын,
Онсыз да ақындармыз ғой көп алмайтын.
Сен біздің көрші апайға қатты ұқсайсын,
Қызғаныш әдеттерін доғармайтын.
Базардан ойда-жоқта біздің мама
Бір көйлек сатып алса да көре алмайтын.
-Шын таланттар шыңға биік шығалады тек,
Ақын біткен сахнада сыналады ке(лі)п.
Ағайынның екі көзі төрт болып отыр,
«Алтын қосқан домбыраны кім алады?»-деп.
Халқым сүйіп тыңдайтұғын,
Таланттарды шыңдай тұғын,
Айтыс дейтін Алаш мол мұра.
Елдің сөзін айта алатын,
Жердің сөзін айта алатын,
Аман болсын ағаш домбыра.
Топқа түсіп, қызатындай қаным бәйгеден,
Жұмыр етім, жүрегімнен жалындайды өлең.
Ақ тілекпен ағайынмен қоштасып кетем(ін),
Әр қазақты «жалғызым»-деп жанымдай көрем(ін).
Ал, ағайын аман болсын,
Бейбітшілік заман болсын,
Тыныш болсын айлы түндерің.
Елге болып бес күнге де,
Бағынбайық ешкімге де,
Тәуелсіздік байлығым менің.
Қоштасайын жұбымменен,
Тербет елді жырыңменен,
Сыйластықты сақтап білемін.
Оза шапсан бүгін меннен,
Тұлпар болшы сүрінбеген,
Менің саған аппақ тілегім.
Жыл.
Алматы қаласы
Республика сарайы