Сөздер мен заттар. Бұл - тіл білімі тарихында жас грам-
матикалық бағыттан біржола және үзілді-кесілді бас тарту ұра-
нын тұңғыш көтерген мектеп. Оның өкілдері 1909 жылдан
бастап Рудольф Мерингердің (1859-1931) басқаруымен шыға
бастаған (Австрияда) "Сөздер мен заттар" деп аталатын журнал
төңірегінде топтасқандықтан, соның атымен аталған (Журнал
XX ғасырдың 40 жылдарына дейін шығып тұрды). Бұл
мектептің ең көрнекті өкілі - роман тілдері мен жалпы тіл
білімінің маманы Австрия тіл ғалымы Гюго Шухардт (1842-
1927).
Г. Шухардт тек роман тілдерін ғана емес, басқа да көптеген тілдерді зерттеген, жан-жақты, терең білімді адам болған. Ол тіл білімінде бірталай тың да қиын мәселелерді көтеріп, өз көзқарасын білдіріп отырған. Бұл мектептің өкілдері зат пен оның атауы арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Г.Шухардт "Заттар мен сөздер" деген еңбегінде: сөз затты білдіреді, зат - алғашқы, ол ешнәрсеге тәуелсіз, өзі үшін өмір сүреді, ал сөз затқа қарағанда соңғы, кейінгі, ол - затқа тәуелді, оның өмірі затқа байланысты, зат жоқ болса, оған қойылатын атау да жоқ, тілдегі әр сөздің өзіндік тарихы бар, оны тек лингвистикалық талдау "арқылы ғана емес, заттар тарихы арқылы да зерттеуге болады, заттар тарихы мен сөздер тарихы арасында толық параллелизм де, сондай-ақ күрделі және нәзік қарым-қатынастар да бар, тіл білімінің міндеті - соны ашу дейді.
Осы талаптарға орай бұл ағым ғалымдары (Т.Шухардт, Р.Мерингер, В.Мейер-Любке, т.б.) сөздер тарихын сол сөздер атау болған заттар тарихына байланыстыра отырып, ұқыптылықпен, көп жағдайда өте шебер зерттелген. Әрине, сөздер тарихын сол сөз атау болған заттар тарихына байланыстыра қараудың тарихи лексикологияға берері көп, бірақ тіл білімі үшін әр сөз атау болған заттар тарихын зерттеу - әрдайым қажет бола бермейді. Олай істеу, көп жағдайда, тіл ғалымдарын негізгі объектіден бөліп, тіл білімі үшін қажеті жоқ нәрселермен айналыстырады.
Бұл мектеп өкілдері әсіресе Г.Шухардт типтік элементтер (сөздер) мағыналарының өзгеруіне, дамуына ерекше мән береді. Бұлардың семантиканың мәні жөніндегі пікірлері бұл мәселенің кейінгі дәуірде дамуына елеулі әсерін тигізді.
Г.Шухардт тілдерді туыстық жақындықтарына қарай жіктеудің дәлдігіне, ата тіл болды дегенге күмән келтіреді, генеалогиялық классификациялау орнына тілдерді географиялық ыңғайына қарай қарауды ұсынады. Географиялық жағдайына, қоныс ыңғайының өзгерісіне қарай бір тіл екінші бір тілге ауысып отырады дегенді айтады. Осыдан келеді де тілдің дамуы, ондағы болатын өзгеріс-құбылыс тілдердің араласуынан, тоғысуынан болып жатады. Дүние жүзіндегі тілдердің барлығы да өзара туыстас, бірақ олардың туыстастығы бір төркіннен, ата тілден тарағандықтан емес, араласып, тоғысқандықтан дейді. Бұл, әрине, бір жақты кеткендік.
Біраз мәселеде бұл мектеп өкілдері индивидуалистік психологизм ағымындағылармен пікірлес боды. Шухардттың пікірінше, тіл - жеке сөйлеушінің (индивидумның) жемісі. Индивидумның тұрмыс жағдайы, мінез-құлқы, мәдениеті, жасы тілге әсерін тигізеді, сөйтіп, индивидуалдық стиль қалыптасады. Сөздер тарихы - сол сөздерді қолданушы индивидумдар тарихы дейді.
Г.Шухардт өзінің "Фонетикалық заң туралы" деген мақаласында жас грамматистердің тілде "бұлжымайтын фонетикалық заң бар дейтін негізгі принципіне қарсы шығады: "бұлжымайтын фонетикалық заң" деген жоқ, кездейсоқ фонетикалық өзгерістер бола береді.
Г.Шухардтың лингвистикалық мұрасы бір тектес те, бәрі бірдей бағалы да емес. Оның еңбектерінің ең құнды жақтарының бірі - ғалым дамуына бөгет болатындардың бәрін де ешбір жалтақсыз батыл сынай отыра, үздіксіз жаңалық, басқаша тың бағыт іздеуінде, ғалымдарды соған үндеуінде. Г.Шухардт еңбектері өз дәуіріндегі лингвистикалық ой-пікір дережесін жан-жақты көрсете алады. Ол өз еңбектері арқылы тіл білімінің жас грамматистер доктринасы шеңберінде қала алмайтынын, тіл зерттеу ісінде жаңа, тың бағыт-бағдардың қажеттілігін дәлелдеді, Г.Шухардт бастап көтерген көптеген мәселелер лингвистика дамуының кейінгі дәуірлерінде күрделі де мәнді мәселелерге айналды. Сондайлардың бірі ретінде осы мектеп көтеріп қалыптастырған тілдердің бір-біріне тигізетін әсерін, тілдер тоғысуы, ареалдық лингвистика, тілдерді географиялық ыңғайларына қарай жіктеу мәселелері.
Көптеген құнды пікірлермен қатар бұл ағымның қайшылықтары да болды. Бұларда айтарлықтай тұрақты, өзіндік жүйелі принцип болмаған. Сондықтан тек шартты түрде ғана болмаса, "Сөздер мен заттар" бағытындағыларды қалыптасқан лингвистикалық мектеп еді деу қиын.
4.1 Эстетизм. XX ғасырдың бас кезінде Батыс Еуропада жас грамматизм бағытына қарсы бағытта пайда болған лингвистикалық мектептің тағы бір түрі - эстетизм немесе эстетикалық лингвистика. Оны қалыптастырушы - неміс ғалымы, роман тілінің маманы, әрі әдебиетші, Мюнхен университетінің профессоры Карл Фосслер (1872-1949).
Эстетизм мектебінің негізгі принциптері К.Фосслердің "Тіл -біліміндегі позитивизм мен идеализм" (1904), «Тіл - шығармашылық және даму» (1906) деген еңбектерінде баяндалған.
Мектептің эстетизм деп аталу себебі - оның тілдері тілді эстетикалық тұлға, эстетикалық көрсеткіш дейді де, оны зерттейтін тіл ғылымы - эстетиканың бір саласы, эстетика -оның негізі, қайнар бұлағы. Тіл жөніндегі зерттеу эстетикадан басталып, эстетикамен аяқталады деп санайды.
Кейде бұл мектеп неофилология немесе идеалистік неофилология деп те аталады.
К.Фосслердың зерттеулерінің көпшілігі әдебиеттану ғылымына жатады. Солармен бірге тіл мәселелеріне арналған "Лингвистикадағы позитивизм мен идеализм" деп аталатын еңбегінде Фосслер позитивистер деп жас грамматистерді атайды да, идеалистер тобына өзін және өзінің жолын қуушыларды жатқызады. Бұл еңбектің ең түйінді мәні - жас грамматикалық бағыттың позитивизмін қатал сынай отырып, тілді эстетикалық туынды, тіл білімін эстетикалық ғылым деп жариялау. К.Фосслер өзінің эстетикалық концепциясын негіздеуде идеалистік философия мен өз дәуірінің атақты тіл ғалымдары В.Гумбольдт пен Г.Штейнталь еңбектеріне сүйенген.
В.Гумбольдттың ізімен К.Фосслер де тіл рухтың көрінісі, тілге байланысты мәселенің қандайы болса да тіл рухы арқылы айқындалады, тіл - рухтық процесс. Тілдің даму заңын рухтан бөліп алуға болмайды, қайта соның әрекеті ретінде зерттеу керек дейді.
В.Гумбольдттың ізімен К.Фосслер де тілді шығармашылық
туынды, тіл – шығармашылық дейді. Бұл - оның бүкіл концепциясының негізі. Тілді шығармашылықеп санағандықтан, К.Фосслер индивидумдардың сөйлеу әрекетіне ерекше мән береді. Ол
рухани шығармашылықтың барлығы да эстетикалық құбылыс.
Шығармашылық болғандықтан тіл де эстетикалың қарауына жатады.
Ал объектісі эстетикалық құбылыстар қатарына жатқандықтан,
тіл білімінің эстетикалық болмасқа әдісі жоқ деп есептейді.
Олар тілдің экспрессивтік қызметін зерттеуге баса назар аударады, тілді тарихи-мәдени туыңды деп санайды.
Эстетистер тіл білімін эстетикаға стилистика арқылы жатқызады. Олар: тіл - индивидуалдық рухани шығармашылық... Сөйлеудің барлық түрі де индивидуалдық рухани әрекет. Ал ол әрекетті, яғни ивдивидумның стилін, стилистика зерттейді дейді де, осыдан барып, тілді индивидум жасайтын, индивидумның тілін (стилін) стилистика зерттейтін болғандықтан, тіл білімінің бастамасы, негізі - стилистика. Стилистика - эстетиканың бір саласы. Олай болса, тіл білімі эстетиканың бөлінбейтін бір бөлшегі деген қорытынды жасайды.
Бұл мектептің эстетизмі индивидуализммен ұштасады. Сондықтан бұларды кейде эстетикалық индивидуализм деп те атайды. Эстетистер де тілдің қоғамдық мәнін ескермейді. Оны жеке адамның рухани табысы деп қарайды, түгелдей индивидуалдық рухқа тәуелді, бағынышты етеді. Қанша индивидум болса, сонша стиль (тіл) бар. Сөйлеудің, хабарлаудың әрбір құралы (яғни тілдік элементтер) бастапқыда индивидуалдық, стилистикалық болады. Жалпыхалықтық, диалектілік тілдер деген өмірде жоқ. Тілдің жалпылық мәнінің өзі де индивидуалдық тілдің жай жиынтығы деп қарайды.
Ал тіл индивидумның табысы болса, ол қалайша қатынас құралы бола алады деген сұраққа эстетизм мектебінің басшысы К. Фосслер: «Егер адамдар тіл арқылы өзара қатынас жасай алатын болса, ол тілдік заңның, тілдік материалдардың немесе тілдік құрылымның жалпылығынан емес, тілдік дарындылықтың, қабілеттіліктің жалпылығынан, ортақтығынан болады. Тілдің пайда болуы, өмір сүруі, дамуы – бәрі де осы сөйлеу дарындылығының жалпылығына, барлық адамға бірдейлігіне байланысты, соның арқасында әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар белгілі бір уақыттан кейін бірін-бірі түсіне алады»,- деп жазады.
Эстетистердің айтуынша, тілдік категорияларға негіз болатын интуиция /сезу/, тек интуиция ғана ол категориялардың мәнін танып білуге мүмкіндік береді. Тіл білімінің міндеті - зерттеу ісіне интуитивтік тану әдісін қалай қолдануды айқындау.
Эстетизм өкілдері жас грамматизм бағытын да, логизм, психологизм бағытын да сынға алады. Логика тіл табиғатына тән емес, логика мен тіл білімі біріге алмайды дейді.
Эстетистер жас грамматистерді позитивистер деп айыптағанда, оларға қоятын басты бір кінәсі - сендер тілдік элементтер арасындағы себептестік қатынасты ескермей, тек тілдік фактілерді көбейтуге, оларды бір-біріне байланыссыз, бөлек-бөлек сипаттауға әуестенесіндер. Тіл білімі үшін маңыздысы - фактілерді құр есепке алу, оны сипаттап беру ғана емес, олардың арасындағы себептестік қатынасты айқындау дейді.
Құбылыстар арасындағы себептестік қатынастарды айқындаудың шешуші мәні барлығы даусыз, бірақ фактілерді есепке алу, оны талдау, соған сүйену қажеттігін де ескермеуге болмайды.
Лингвистикалық мектеп деп аталғанымен, эстетистердің принциптерін жақтаушылар аз болды.
4.2 Неолингвизм (гр. нео - жаңа және лингвистика атауларының бірігуінен туған). Неолингвизм де жас грамматизм бағытына қарсы XX ғасырдың бас кезінде қалыптасқан лингвистикалық мектеп. Неолингвистика деген атауды бұл мектеп өкілдері өздерін жас грамматизм бағытынан мейлінше бөлек лингвист етіп көрсету үшін қолданған. Бұл мектеп Италияда қалыптасты. Оның негізін салушылар Маттео Джулио Бартоли (1873-1946), Джулиано Боифанте, (1904), В.Пизан (1899) т. б..
Неолингвистер жас грамматистерді сынаған, өз принциптерін баяндаған көптеген еңбектер жазды. Сондай еңбектердің бірі - 1925 жылы М.Д.Бартоли жазған "Неолингвистиканың қосымша очеркі" атты кітап. Онда лингвистикалық жаңа мектептің істері мен принциптері қысқаша баяндалады. Неолингвизм бір-біріне үйлесе қоймайтын әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың - В.Гумбольдттың, Г.Шухардттың, К.Фосслердің, кейбір мәселеде Г.Паульдің принциптеріне сүйенеді. Сондықтан бұл мектеп кейде эклектикалық неолингвизм деп те аталады.
Неолингвизм өкілдері В.Гумбольдт пен К.Фосслер сияқты тілді рухани әрекет, көркем туынды, эстетикалық көрсеткіштердің жиынтығы дейді. Г.Шухардт сияқты бұлар да тілдер тоғысуына ерекше мән береді. Е.Пауль сияқты бұлар да индивидумның сөйлеу әрекетін зерттеуге ерекше көңіл бөледі. Эстетистермен бірге неолингвистер де жас грамматистерді позитивистер, фактіге табынушылар деп айыптайды. Өздерін тілдің барлық мәселелерімен де шұғылданатын нағыз тіл ғалымдарымыз деп жариялайды. Екіншіден, бұлар жас грамматистер концепцияларының негізі саналатын "бұлжымайтын фонетикалық заң" доктринасын ғылыми емес, өмірде шашау шықпайтын, бұлжымайтын заң деген жоқ деп есептейді.
Неолингвизмнің тілдердің географиялық орнына шешуші мән беретіндіктеріне қарап кейде оны ареалдық лингвистика деп те айтады. Ареалдық линвистика немесе лингвистикалық география - тілдік құбылыстардың тараған аймағын, шекарасын зерттейтін ғылым.
Неолингвизм өкілдерінің бір табысы - лингвистикалық география ілімінің принциптерін айқындап, жетілдіріп, оны тіл біліміне ендіріп таратты. Жас грамматистер тілді бір ғана диахронды тұрғыда зерттесе, неолингвистер оны синхрондық тұрғыда да зерттейді.
Жас грамматистер тіл білімінің міндеті сөйлеу тілі фактілерін зерттеу дегендерімен, іс жүзінде жазба тіл фактілерін көбірек зерттеді. Неолингвистер сөйлеу тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді зерттеуге ерекше мән берді. Неолингвизмнің ең басты кемшіліктері - тілдің жүйелік, құрылымдық сипатына жеткілікті мән бермей, экстралингвистикалық мәселелерге көпкөңіл бөліп, тіл өміріндегі индивидумдар ролін асыра бағалаулары болды.
4.3 Социологиялық мектеп. Бұл мектеп тілдің қоғамдық сипатын, әлеуметтік мәні барлығын мойындаудан туған. Тілде әлеуметтік сипаттың барлығын, қайта өркендеу дәуірі мен ХҮШ-ХІХ ғасырлардың бірсыпыра ойшылдары да баса айтқан. Дегенмен, бұл мәселе XIX ғасырдың екінші жартысына дейін жүйелі зерттелмеді.
Тіл қоғаммен байланысты, тіл - қоғамдық құбылыс дегендердің тезис ретінде алынып, тіл білімінің күрделі бір проблемасы ретінде арнайы сөз болуы өткен ғасырдың екінші жартысынан басталады. Социологиялық зерттеу тіл біліміндегі натуралистік, индивидуалдық көзқарастарға қарсы бағытта туып қалыптасты.
XIX ғасырдың аяқ кезі мен XX ғасырдың бас кезінде тілдің әлеуметтік сырын ашумен көбірек шұғылданғандар француз ғалымдары болды. Осы себептен тіл білімі тарихында тіл зерттеудегі социологиялық бағыттың отаны Франция деп санап, оны Франция социологиялық мектебі деп атады. Ал социологиялық лингвистика деген термин 1952 жылдан бері қарай қолданылып жүр.
Социологиялық бағыттың Франциядағы көрнекті өкілдері - Поль Лафарг (1842-1911), Ф.де Соссюр (1857-1913), А.Мейе (1866-1936), Ж.Вандриес (1875-1960), Э.Бенвенист (1902).
Мектептің социологиялық деп аталған себебі бұл бағыттағылар индивидуалистік, натуралистік бағыттағыларға қарама-қарсы тіл - қоғамдық, әлеуметтік құбылыс, ол тек адам қоғамы бар жерде ғана өмір сүре алады. Тілді дүниеге келтірген де, оны ілгері дамытатын да қоғамдасқан адамдар. Тіл әлеуметтік құбылыс болғандықтан, ол басқа әлеуметтік құбылыстармен байланыста қаралу керек деп санайды.
Социологиялық мектеп көтерген және шешкен проблемаларды байқау үшін, оның кейбір қайраткерлеріне өте қысқа болса да тоқталып өтейік.
4.4 Поль Лафарг. Ол өзінің 1894 жылы шыққан «Революцияға дейінгі және одан кейінгі француз тілі» деп аталатын еңбегінде қоғам мүшелерінің әлеуметтік, таптық жіктерінің тілге, әсіресе оның лексикасына қандай әсер ететіндігі терең де жан-жақты зерттелген. Француз тілінің ХYІІ-ХYШ ғасырлардағы даму сипаттарын, жеке сөздер мағынасында болған құбылыстарды зерттей отырып, Лафарг ұғымның, әдеби тіл нормасының көп жағдайда қоғамдық қатынастарға тәуелді болатындығын дәлелдейді. Ол - тілді өзінің әлеуметтік ортасынан бөліп алуға болмайды деп есептейді.
Фердинанд де Соссюр швейцар тіл ғалымы, Париж, кейін Женева университеттерінің профессоры. Жоғары білімді Лейпциг университетінен алған. Ф. де Соссюрді, әдетте, тіл біліміндегі социологиялық мектептің негізін салушы деп санайды. Бірақ оның ғылыми мұраларын бір ғана ағым, бір ғана мектеп, я көзқарас шеңберінде қарауға болмайды. Оның теориялық өрісі өте кең, жан-жақты. Ол өзінің еңбектері арқылы тіл ғылымының дамуының жаңа дәуірін ашқан, қазіргі заман тіл білімі дамуының ең басты проблемаларын айқындап, оған бағыт-бағдар сілтеген, жан-жақты ойланылған біртұтас жүйелі лингвистикалық концепция жасаған адам. Ғалымның көптеген теориялық тұжырымдары бірсыпыра елдердегі лингвистикалық ой-пікірлер дамуына күні бүгінге дейін күшті әсерін тигізуде.
Ф. Де Соссюрдің тіл біліміне қосқан үлесін, көтерген проблемалары мен өзіндік концепцияларын танытатын еңбегі «Жалпы лингвистикалық курс» деген кітабы. Бұл еңбек Ф. де Соссюр қайтыс болғаннан кейін 1916 жылы басылып шықты.
Кітап көп ұзамай-ақ Еуропа халықтарының бірнеше тіліне, 1933 жылы орыс тіліне аударылып, тіл білімінде үлкен қозғалыс, қызу айтыс туғызды. Мұнда көтерілген жеке проблемалар жөніндегі пікір таластары күні бүгінге дейін саябырлаған жоқ.
1973 жылы профессор А.А.Холодовичтің редакциясы мен Ф.де Соссюр еңбектері "Труды по языкознанию" деген атпен 2 рет орыс тілінде жарияланды.
Ф. де Соссюрдің атын бүкіл дүние жүзіне жайған, лингвистика әлемінде оны даңққа бөлеген бұл еңбегі бірнеше тарауға бөлінетін кіріспеден және бес бөлімнен құралған. Оның 1-бөлімі "Жалпы принциптер'', 2-бөлімі "Синхрондық лингвистика", 3-бөлімі "Диахрондық лингвистика", 4-бөлімі «Географиялық лингвистика", 5-бөлімі "Ритроспективтік лингвистика мәселелері" деп аталады. Әр бөлім өз ішінен бірнеше тарауларға бөлінеді.
Ф. де Соссюр алғашқы кезде салыстырмалы-тарихи тіл білімін қолдаушы, соның принциптерін дамытушы болса, кейін, әсіресе Женева университетінде тілдің жалпы теориясына арналған курстан лекциялар оқыған 1906-1912 жылдар арасында ол бағытынан қол үзген.
Ф. де Соссюр көтерген және өз көзқарасын баяндаған проблемалар көп, солардың бастыларына төмендегілерді жатқызуға болады.
Лингвистиканың объектісі. Даму дәрежесіне, өмір сүру формасына қарамастан тілдердің қай-қайсысының да сөйлеу процесіндегі көріністері тіл біліміне объект бола алады дейді. Тіл білімінің міндеті - таңбалар жүйесі болып есептелетін тілді "өзі мен өзін және өзі үшін зерттеу", оның ішкі құрылымын, жүйесін айқындау дегенді айтады. Ф. де Соссюрдің "тілді өзі мен өзін және өзі үшін зерттеу” деген тұжырымы кейінгі замандағы кейбір ғалымдардың бір жақты кетуіне, тілді айналадағы дүниеден біржола бөліп алып, тек "өзі мен өзін ғана зерттеумен" әуестенулеріне себепші болды.
Ф. де Соссюр тілді зерттегенде оның элементтері арасында болатын қайшылықтар да, ұқсастықтар да естен шықпау қерек, бұл екі құбылыстың тілдік механизмді айқындауда мәні ерекше дәл, зерттеу ісінде бүтіннен бөлшекке қарай жүргізілетін дедуктивтік әдісті қолдануды ұсынады.
"Тіл білімі, - дейді Ф. де Соссюр, - тілді таңбалар жүйесі ретінде зерттейтіндіктен, ол - семиотикалық ілім, қоғам өмірінде қолданылатын таңбаларды зерттейтін әлеуметтік психологияның бір саласы болмақ". Бұл саладаға Ф.де Соссюр қосқан жаңалық - лингвистиканы тілдің таңбалық жүйесін, ішкі құрылымын, грамматикалық жүйесін зерттейтін ілім деп жариялауында.
Тіл - қоғамдық құбылыс. Тілдің қоғамдық сипаты, әлеуметтік мәні туралы Ф.де Соссюрге дейін де талай айтылған, бірақ Ф. де Соссюр оны жаңаша, өзінше түсіндіреді. Ол тілдің қоғамдық құбылыс екенін мойындап қана қоймайды, оны өзінің бүкіл концепциясына негіз, өзек етеді, барлығын содан таратады. Тілдің өзіндік сипатын сөз еткенде Ф.де Соссюр: қызметі жағынан алғанда тіл коммуникативтік те, экспрессивтік те қызмет атқарады, бұл екеунің ең маңыздысы - алғашқысы, тілдің әлеуметтік сыры да осында деп санайды. Тілдің сыртқы дүниемен, қоғаммен байланысын зерттейтін дербес ғылым болу керек, ол - сыртқы лингвистика деп аталуы керек дейді.
• Тіл - таңбалар жүйесі. Тілде таңбалық сипаттың барлығы ежелгі грек философтарынан бері қарай айтылып келген. Бірақ тілді таңбалар жүйесі деп анықтау, тілдік таңбалардың сипатын талдап ашу Ф.де Соссюрден басталады. Ф.де Соссюр тілдік элементтердің материалдық және идеялық жағы болады, бұлардың біріншісін таңбалаушы, екіншісін таңбаланушы дейді де, осы екеуінің бірлігі таңба деп аталады дегенді айтады.
Ф. де Соссюр "Тіл - идеяны білдіретін таңбалар жүйесі" дейді, оны өмірде қолданылатын басқа әр алуан таңбалармен қатар қоюға, жазумен, мылқауларға арналған әліппемен, символикалық әдет-ғұрыптарымен, әдептілік, сыпайгершілік формалармен, әскери сигналдармен, тағы басқалармен салыстыруға болады.
Таңба өзі білдіретін идеямен емін-еркін және шартты қатынаста болады. Емін-еркін болатын себебі таңбаланушы таңбалаушының мәнін ашып бере алмайды дейді.
Ф. де Соссюр көтерген төртінші проблема "Тіл және сөйлеу мәселесі". Ол тіл мен сөйлеу бір-бірімен байланысты, бірақ бір-бірінен өзгешеліктері бар, екі бөлек дүние. Сөйлеу - тілді қолданудың нәтижесі, ол - индивидуалдық, ал тіл - қоғам мүшелерінің бәріне бірдей дәрежеде міндетті, өзара байланысты таңбалардың жүйесі. Тіл - әлеуметтік сипатқа ие дейді.
Тіл мен сөйлеуді бір-бірінен бөліп қараудың ғылыми мәні зор, бірақ бұл екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Сол сияқты, сөйлеудегінің бәрі таза индивидуалдық деу де асырып айтқандық. Әрбір сөйлеуші индивидум қоғамдық тілдегі бар материалдарды ғана пайдаланады. Мұндағы даралық сол материалдарды іріктеп, ерекшелеп алудан, лайықты жерге орналастырудан көрінеді.
Ф. де Соссюр қарастырған тағы бір проблема - ішкі лингвистика мен сыртқы лингвистика. Ф.де Соссюр сырткы лингвистика тілді қоғам тарихы мәдениет тарихы, саясат, әдебиет, географиялық мекен-жай, диалектілік жіктермен т.б. байланыста қарап зерттейді, яғни тілді оның өмір сүруіне қажетті сыртқы жағдайлармен байланыста қарайды. Сыртқы лингвистика тіл жүйесінің, ішкі механизмін түсіндіре алмайды, оған қатынасы жоқ. Ал ішкі лингвистика тілдің құрылымын, жүйесін, яғни тілдің өзіне ғана тең ішкі мәселелерін, өзіндік ішкі заңдылықтарын зерттейді дейді.
Тілдің өзіндік құрылымына тең ішкі мәселелермен қатар оған күшті әсерін, ықпалын тигізетін сыртқы құбылыстардың да болатыны даусыз. Тіл білімі үшін тілдің өзіндік құрылымын, ішкі жүйесін зерттеу қандай қажет болса, тілге әсерін, ықпалын тигізетін сыртқы жәйттерді зерттеу, білу де сондай қажет. Өйткені тілдің ішкі құрылымындағы көптеген құбылыстардың кейде одан сыртқы, яғни экстралингвистикалық жәйттердің әсерінен болып жататындығы талассыз.