Жоспары:
1. Қазақ халқының ұлттық қозғалысының бастаулары.
2. Қазақ зиялыларының қалыптасуы: әлеуметтік құрамы, білімі, қызметі.
3.Ұлттық қозғалыс және жәдидтік ағартушылық ойларының Ұлы Дала еліне ықпалы.
4. Қазақтардың Ресейдің І - ІІ Мемлекеттік Дума мен дума жанындағы мұсылман фракциясы құрамындағы қызметі.
5.1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: тарихнамасы және жаңаша көзқарас
1. Патша өкіметі қазақ даласын отарлау саясатын жүргізгенде әр түрлі кезеңге орай, түрліше әдіс, айлаларды қолданып отырған. Түпкі мақсаты шикізаттың мол қоры саналатын ұлан-байтақ даланың байлық көздерін басыбайлы, түбегейлі иемдену болды. Ол үшін тұрғын халқын сахараның байырғы тіршілікке оңтайлы сулы-нулы шұрайлы елді-мекендерінен құмды, шөлейт жерлерге ығыстырып, оның орнына Ресейдің халқы көп шоғырланған аймақтарынан мұжықтарды күштеп әкеп жерсіндіруге тырысты. Осыған орай отаршыл әкімшілік қол астындағы халықты жан-жақты кіріптар ету үшін, мақсатты ойын жүзеге асыру жолында әр түрлі заңдар мен низамдар шығарып, елдің ішкі ерекшеліктерін жойып, дәстүрлі ел билеу жүйесін өз пайдасының ыңғайына көшіруге күш салды. Ресейден ағылған мұжықтарға беріп тауысқан соң, енді егінге жарамсыз жайылымдық жерлерге жабысты. Қалайда бұратана санаған халықты жайлы орнынан қуып, тақыр мен шөлге бостыруды көздеді. Олардың босаған жеріне орыс мұжығын орналастыру қарқыны өрши түсті. Қазақ халқының этникалық-рухани белгісін мүлдем жойып, шоқындыру арқылы ассимиляцияға түсіру жолына да бағытталған шаралар ыждағаттылықпен жүріп жатты. 1912 жылдың 5, 26-сәуірінде болған Қасиетті Синод кеңсесінде мынадай қаулы қабылданды: «Қазақтарға отырықшылық нормамен жер бергенде бөлек ауыл болып отыруға тыйым салынсын, міндетті түрде орыспен көрші болсын. Сол кезде ысходта қандай мәселе қаралса да, орыс дауысы басым болады. Сонда православие иісі сіңіп, қазақ тез шоқынады».
Сол дәуірде күн тәртібіне қазақ қоғамы дамуының және қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы өткір қойылды, ол үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ, ендігі уақытта жеке батырлар қол бастап, қылыш-найзамен көтеріліске шығу нәтиже бермейтін еді. Қалыптасқан саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла жаңа нысандары қажет болды, ең негізгісі, халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат- мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, тәуелсіздік үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын, саяси-әлеуметтік күшке сұраныс күшейді. Ол күш халқы үшін өмірдің барлық игіліктерінен бас тартып саяси күрес майданына шыға бастаған ұлттық интеллигенция-ұлт зиялылары болатын.
ХХ ғасырдың басындағы маңызды оқиға 1905 жылы 17 қазандағы Манифест болды. Қазақстандағы көптеген митингілерде ұлттық сипаттағы: орыс шаруаларының қоныс аударуын тоқтату, жерді қазақтардың меншігіне беру, мектептер ашу, діни бостандық, т.б. мәселелер көтеріле бастады. Қазақ қауымының рухани және саяси сұраныстарына толық жауап беру жолындағы қозғалысқа атсалысқан ұлттық интеллигенция 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыс барысында барлық деңгейдегі орыс әкімшілігімен бетпе-бет келіп отырды. Сондай-ақ, олардың қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасып, бірыңғай саясатпен араласуына осы 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы қоғамдық- саяси қызмет майданын таңдап алуларына шешуші ықпал жасады.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы Ресей федерациясы халқы үшін қоғамдық сананың ояну кезеңі болғаны тарихтан мәлім. Ресей империясы құрамында болған қазақ халқына мұның өзі тікелей қатысты тарихи құбылыс болуымен қазіргі және келешек ұрпаққа құнды құбылыс болып табылады. Қазақ қоғамының сол тұстағы саяси дүниетанымының оянуына, оның өмірдің өзі алға қойған проблемаларына сай дамуына «Алашорда» халықтық демократиялық ағымы бірте- бірте бүкілхалықтық сипатқа ұласуымен зор екпін, тың серпін қоса білді. Осынау ұлттық рухымызды оятып, тас-түйін бірлікке жету тек қана ұйымдасқан іс-әрекет керектігін бұқараның көзін жеткізу үшін ХХ ғасыр басындағы білім-тәрбиелі жаңа заман талабын дұрыс түсінген қазақ жастары мынадай түбегейлі міндеттерді шешуді өз алдарына және қазақ қоғамы алдына қойды: петицияларды осы мақсаттарда пайдалануға қатысу, жергілікті жерлерде қазақтарға арнап газет-журналдар шығару, кітап бастыру, орыс тілін меңгеріп, білім алу, сол білімін заң саласында мамандануға ұмтылу, Ресейдегі депутаттық орындарға қазақ ұлты өкілдерінің көбірек сайлануларына атсалысу.
Кейін «Алашордашылар» атанған ХХ ғасыр басындағы зиялы қазақ жастары бұл тарихи міндеттері биігінен абыройлы көрінді.
Патшалық Ресейде 1905 жылы 5 қаңтарда болған «қанды жексенбі» қазақ даласына тез тарап қала мен ауылдарда, елдің жиналыстарында патша саясатына қарсы наразылықтар шыға бастайды. Верный қаласының, Әулиеатаның, орал, Ақтөбе, петропавл, Семей жұмысшылары мен демократиялық бағыттағы еңбекшілері наразылық шеруге шыға бастады. Қазақ шаруаларының патша үкіметіне сенімсіздігі күшейе түсті. 1905 жылғы 1 мамырда Қазақстанның көптеген қалаларында шерулер мен жиналыстар болды.Ірі бас көтеру Өспен руднигінде (Ақмола облысы) өтті. Дегенмен қазақ жеріндегі қозғалыстар бейбіт түрде өтті және ұлт-азаттық сипатта болды.
Алғашқы петициялар 1905 жылғы сәуір айының басында Ақмола уезінде жазылды. Осындай мазмұндағы өтініш хатты Орал облысының Ілбішін, Гурьев уездерінің қазақтары да дайындап жіберді. Осы жылғы патша атына жазылған көптеген петициялар ішінен мазмұны жағынан Қоянды жәрмеңкесінде жазылған петиция (Қарқаралы петициясы) бірегейлігімен ерекшелінді. Мұнда барлығы 47 пункт болып қазақ халқының діни-ағарту саласына рұқсат беру, қазақ тілі мен жер мәселелері, тау-кен ісі, мессионерлерге тыйым салу, қазақ депуттарының құқықтары сияқты бірқатар мәселелерді қамтыды.
2. XIX ғасырдың екінші жартысы - XX ғасырдың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болтан өзгерістер қазақ халқынын рухани өміріне терең әсер етті. Саяси, экономикалық экспансиямен қоса, құлдыққа салушылардың мәдениеті күштеп танылды. Патша өкіметінін кертартпа саясаты халыққа білім беру саласынан мейлінше айқын анғарылады. Отаршыл билік қазақ халкының мүдделері мен құқықтарын елемей, онын рухани дамуын тежеді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде қарастырылып отырған кезенде орын алған соны құбылыстар қазақ қоғамының қоғамдық санасындағы елеулі өзгерістерге әкеп соқты. Мұндай елеулі өзгерістер ұлттық сана-сезімді оятуға жағдай жасады, қазақ қоғамында жаңа идеялардың, ой-пікірлер мен көзқарастардың қалыптасуын анықтап берді. Мәдениет тұрғысынан алғанда, дәуірдің жаңалыктары ең алдымен еуропалық өркениетті, жаңа құндылықтарды бастапқыда әлеуметтік үстем топ өкілдерінің, адамдардын шағын тобының меңгеруі орын алғанынан көрінді.
Ұлттық зиялылардың қалыптасу жолы бірдей болған жоқ, күрделі және ұзаққа созылған үрдіс болды. Бұл жағдайдың халық шаруашылығында да, мәдениетте де мамандар санының өсуінен көрінгені күмәнсіз. Оның барысын отаршылдық режим жағдайлары, патша өкіметінің бағындырылған халық жөніндегі кемсітушілік саясаты тежеп отырды. Дегенмен XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басы халықтың интеллектуалдық күштері дамуындағы жаңа кезең болып табылады.
ХХ ғасыр басындағы дәуір шеңберінде қазақтың алдыңғы қатарлы жастары оқу-білімге көптеп, шын ынтамен ағылып келе бастады. Олар сол кезеңдегі Ресейдегі өнеркәсіп, ғылым мен мәдениеттің көрнекті орталықтары Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Казанда, т.б. қалаларда орта және жоғары оқу орындарында оқып білім шыңдады.
Сонымен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейдің бір ғана Петербург университетінде 20-ға жуық қазақ студенттері оқыған. Б. Қаратай, Б. Құлман, Б. Сыртанұлы, А. Тұрлыбайұлы, М. Шоқай, Ж. Ақбайұлы және басқалар. Сондай-ақ, Мәскеу мен Санкт-Петербургтың басқа жоғары оқу орындарын Ә. Бөкейхан, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышпайұлы сияқты қазақ жастары бітірген. Яғни, қазақ зиялыларының басым көпшілігі
Ресейдің бас қалаларында және сол сияқты Қазақстанмен көршілес Омбы, Том, Орынбор, Ташкент, Саратов, т.б. қалаларында оқып, алғашқы саяси әрекеттерге сол жерлерде араласып, қоғамдық-саяси көзқарастарын қалыптастыра бастады. Оқып-тоқып, қоғамдық сана-сезімі байи түскен ХХ ғасыр басындағы қазақ жастары қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәт те ұмытқан жоқ. Қазақ халқының Ресей патшасы үкіметінің тұсындағы әлеуметтік-саяси саладағы теңсіздік жағдайын танып- білген сайын іштей де, сырттай да шешуші қадамдар жасауға бекініс жасап отырды. Ол үшін қазақ халқының Ресей қоғамында өзге халықтармен қай салада да тең орын алуына жетісуі өте-мөте қажет деп бекінетін ілгергі лектегі қазақ жастары. Ал бұл мақсатқа жету үшін байтақ қазақ жерін мекен еткен қандастарымыздың қоғамдық сана-сезімін оятып, оларды әлеуметтік міндеттерді (жер-су дауы, т.б.) шешуден гөрі біртіндеп болса да саяси күрестерге шыңдау қажет деген қорытындыға тоқтады.
Қазақ халқының орта ғасырлық мешеуліктен жаңа заманның көшіне еріп, өркениетті елдермен терезесі теңесуі үшін оқу-өнердің ауадай қажеттігін санасына сіңіру – кезек күттірмес міндет ретінде күн тәртібіне қойылды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін саяси мінбеге айналдырып, ұлт зиялылары халқына дәріс берді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дұлатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбайұлы сынды саяси-рухани көсем тұлғалардың отты мақалаларынан күш алып, жігерін жаныды.
Сол тұстағы қазақ зиялыларының көпшілігі жоғары оқу орындарының заң факультетін бітіріп, құқ туралы терең білім алу арқылы жерін, елін заңсыздықтан қорғамақшы болды. Ал бұл тұста қазақ даласында зорлық-зомбылық күшті белең алып тұрды. Қазақтың жер қайыстырған малы мен тасыған дәулеті оның көбеюіне себепші болған құнарлы жері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қараңғы халық заңсыздықтан азап шекті. Осындай жағдайда заңды білуге ұмтылу жұрттың алдына қойған үлкен арман- мақсат болды.
3. Империядағы революцияшыл қозғалыс үлгісімен жалпымұсылмандық қозғалыс, солардың ауқымында бүгіндері Алаш қозғалысы деп аталатын қазақ ұлт-азаттық қозғалысы дүниеге келді. Ұлт қайраткерлері 1902 жылы қазақтың ауыр халін талқылау, не істеу керектігін айқындау үшін зиялылардың басын қосуға әрекеттенді, 1905 жылы бірінші орыс революциясы дүмпуімен туған петиция науқанына атсалысты. Сол жылғы тамызда арнайы қазақ делегациясы (жетекшісі Бақытжан Қаратаев) ІІ Николай патшаның қабылдауында болды, қазақ мұңын жария етіп, шақырылмақ Мемлекеттік думаға қатысу жайындағы тілегін айтты. Қазақтардан алғашқы Думаға төрт, екінші Думаға жеті депутат сайланғаны мәлім. ІІ Мемдумада біршама жемісті жұмыс атқарылды. Мұсылман фракциясы қолдаған «Діні мен ұлтына байланысты саяси және азаматтық құқтарын шектеуді алып тастау жөніндегі негізгі ережелер жобасын» жасауға үш қазақ депутаты (Бақытжан Қаратаев, Шәймәрден Қосшығұлов, Ахмет Бірімжанов) қатысты. Қаратаевтың өзі «Өкіметтің переселендік саясаты туралы» арнайы заң жобасын жасап ұсынды, Дума мінберінен жер-су мәселесін көтеріп, үкіметтің қазақ мүддесіне қайшы іс-әрекетін әшкерелеген атақты сөзін сөйледі. Биліктің жер саясатына байланысты қазақ қайраткерлері өзара қайшылықты көзқарастар ұстанған болатын. Патша үкіметі орталықтағы дүрбелеңді басу үшін шаруаларды қазақ жеріне қоныс аудартып, белгіленген нормамен жер үлесін беруді жобалады. Сондай нормамен қазақтарға да жер алып, отырықшылануды ұсынды. Үкіметтің басты сыншысы Бақытжан Қаратаев осы норманы қабыл алуға шақырды. Оның ойынша, егер қазақ қауым-қауым болып, белгіленген нормамен құнарлы жерлерден қомақты үлестерін алып орнықса, онда солай қоныстанғандардың ара-арасындағы өңдеуге қолайсыз жерлерді мал жайылымына пайдалана алар еді. Алайда аграрлық мәселенің аса зор білгірі Әлихан Бөкейханов көшпенді қазаққа отырықшы нормасын алуға еш болмайды деп пайымдады (патшалық тағайындаған норманы қабыл алмай, отырықшыланбаған көшпенді қазақты жиырма шақты жылдан кейін большевизм ешқандай жер нормасынсыз-ақ отырықшы етуге кірісіп, қалың қасіретке бөктірді). Университеттен кейін жолдамамен Қара теңіз жағалауына барып он шақты жылдай заң қызметін атқарып елге оралған Жиһаншаһ Сейдалин 1913 жылы қазақ халқының жай-күйін талқылау үшін сиез шақыру жайында бастама көтерді. Бастаманы Қаратаев қолдады. Алайда үкіметке жақпайтын ондай шараны өткізудің қажетсіздігін айтып, Бөкейханов қарсы шықты. 1916 жылғы көтеріліске Алаш қозғалысының серкелері қолдау көрсетпеді, бірақ қазақтарды майданның қара жұмысына алу мерзімін кейінге ығыстыру қажеттігін бір ауыздан көтерді. Сейдалинмен бір пікірдегі Қаратаев Петроградқа барып, екеуінің атынан Дума мен үкіметке жазбаша ұсыныс жасады. Ал Бөкейханов Орынборда губернатордың рұқсатымен арнайы жиналыс өткізді, батыс майдандағы «Земгорсоюз» мекемесінде соғыс құрылыстарына алынған жұмысшылармен жұмыс жүргізетін Бұратаналар бөлімін ашып, басқарды.
Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкімет Бөкейхановты Торғай облысына комиссар етіп жіберді, ол іс жүзінде қазақтан шыққан тұңғыш губернатор болды. Осы шақта Ресей мұсылмандарының орталығы рөлін атқарып келе жатқан думалық мұсылман фракциясы мекемесінен шартарапқа жіберілген жөн-жобаға сәйкес, монархия тарих сахнасынан кеткеннен кейінгі ахуалды талқылаған жиналыстар өтіп жатты. Сонау облыстық съездерде қазақ мемлекеттігін жаңғырту мәселесі ашық көтерілді, тиісінше, бұрынғы империяның болашақ мемлекеттік құрылымы федеративтік болуы керек деген ойлар айтылды. Мемлекет тағдырын құрылтайшы жиналыс шешеді, құрылтайшы жиналыс бұрынғы империя құрсауында езілген ұлттарға автономия береді деген үміт болды. Алайда құрылтайшы жиналысты өткізуге большевизм ынта білдірмеді. Ұлттық автономиялардың шаңырақ көтергеніне де күдікпен қарады. Орталық билікті басып алып, кеңес өкіметін жариялаған большевиктер жер-жердегі өз тағдырларын өздері айқындап жатқан ұлттық құрылымдарды жойып, автономияларды таптық негізде, кеңестік платформада құру бағытын ұстанды. Қазақтардың мемлекеттілігін қалпына келтіргендей сыңай танытқан Түркістан автономиясы (1917 жылғы қарашаның 28-інде Қоқанда жарияланған) мен Алаш автономиясын (желтоқсанның 12-сінде Орынборда жарияланған) мойындамау бағытын ұстанды. Ал қазақ қайраткерлері екі өлкеде бөлініп жатқан қазақ халқының ортақ мемлекеттік құрылымына қол жеткізу жолын іздестіріп, Түркістанда өткен жиналыста екі автономия өзара тіл табысып, қызметтестікке қол жеткізген жағдайда өлке қазақтарының Алаш автономиясына қосылатындықтары жайында қаулы алып жатты. Бірақ кеңес өкіметі жағдайды басқаша шешті.
Алаш зиялыларының ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұстанған бағыты ғылым мен білімнің көзі исламға бет бұру және оны жаңаша серпілту (жәдитшілдік) жолы еді. Қазақ даласына бұл жол қырымдық татарлардың көрнекті ғалымы Ысмайыл Ғаспыралының (Исмаил Гаспринский) «Тәржімасы» арқылы тартылды деуге болады. Алаш қайраткерлері Батыс пен Шығысты тең ұстаған, ғылыми исламды өміріне азық еткен Исмаил Гаспринскийді үлгі тұтты.
Ысмайыл Гаспыралы немесе Исмаил Гаспринский – ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысындағы бүтін түркі дүниесіне, жалпы адамзатқа ортақ аса ірі қайраткер, қаламгер, жазушы, ойшыл, ағартушы. Оның жаңашылдығы, түркі-мұсылмандар арасындағы ағартушылық-реформалық бастамалары сол кездегі ортақ отанымыз бен шетелдердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Жәдитшiлдiк бағыт негiзiн салушы Шаһабуддин Маржани болғанымен, қазақ оқығандары И.Гаспринский еңбектерi мен оқулықтарын пайдалану арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылды. И.Гаспринскийдiң осынау оқулықтары, танымдық кiтаптары, ағартушылық аудармалары ағартушының алдына қойған арман-мүддесiнiң үдесiнен шыққанын көрсетедi.
« Жәдит » термині ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Жәдидшілдік қозғалыстың түркі халықтары арасында тарауы мен дамуы ХХ ғасырдың 20-жылдарының өзінде ғылыми зерттеулерге арқау болды. 1920-1930 жылдар аралығында жарық көрген ғылыми зерттеулерде татар ағартушыларының, зиялыларының ғасыр басындағы азаттық қозғалысқа және 1917 жылғы қос революцияға қатысу барысы айқындалып, олардың қоғамдық-саяси қызметтеріне баға берілді. Исмаил Гаспринскийдің жәдидтік идеясын ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы қолдап, оны өзінің жаңа қазақ жазуын жазуда пайдаланады. Біз оны Ахметтің 1912 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Оқу құралы» атты кітабынан көре аламыз.
Қазақ жастарының Уфа, Троицк, Қазан, Орынбор сияқты білім ордаларында ашылған Татар медреселерінде білім алулары ХҮІІІ ғасырдың соңғы жылдарында басталды. Медреседе ХІХ ғасырдың бастарында көптеген қазақ жастары білім алды. Осы уақыттарда Еділ- Орал аймағындағы Мұсылман дін адамдарының басқаруымен жүргізілген білім беру жүйесі Орыс үкіметінен ешқандайда көмек алмай өз күшімен өркендеген болатын. Орыстар Христиан қыла алмаған Татар және Башқұрт халықтарын еркін жіберуді ұйғарып, білім беру жұмыстарын дін адамдарына тапсырған болатын. ХІХ ғасырдың соңына дейін жалғасқан осы саясаттың арқасында әр ашылған мешіттің қасынан медресе ашылды.
Ресей ішкі істер министрлігінің назарында болған медереселердің ішінде Ресулие медресесі, Құсаиния медресесі және Ғалия медресесі болған. Осы аталған медреселер ең көп қазақ жастарының шоғырланған жері болды. Ресулие медресесі Тройцк қаласында ашылған. Директоры әйгілі дін адамы Шейх Зейнуллах Ресули. 1884 жылында ашқан медреседе татар, башқұрт және қазақ жастары білім алды. Сол дәуірдің жәдидшілдерінің бірі болған Ресули медреседе жаңа педагогикалық білім беру жүйесін құрды. Медресенің білім беру жүйесіне Ыбырай Алтынсарин және Қазақтың бай саудагерлері де оң қабақ танытқан. Зерттеуші Жемаладдин Велидов Ресулие медресесінде білім алған оқушылардың 10% қазақ және башқұрт оқушыларынан құралғанын айтады. ХХ ғасырдың басында Қазақстан ақпарат құралдарының арасында маңызды орны бар «Айқап» журналының шығарушысы Мұхамметжан Сералин және Екрем Алиов осы медреседе білім алған. Қазақ мәдениетіне әсер еткен тағы бір медресе Ахмет Қусайновтің Орынбордан ашқан медресі. Медресе 1890 жылы ашылған. Құсаиния медресесінде тек қана діни сабақтар емес, тарих, география, химия, зоология, Түрік және Орыс тілдері де оқытылған. Медресені Орыс мектептерімен жарысатындай дәрежеге жеткізген Құсаиния медресеге дәріс беру мақсатында сол дәуірдің атақты оқытушыларын жинап медресенің атын шығарған. Аталған медреседе дәріс алған Қазақ оқушыларының арасында Құдайберген Жұбанов, Шамғали Сарыбаев, Жұмабай Оразалин, Елемес Керменов, Хайреттин Балғынбаев, әйгілі әдебиетші Кенжеғали Ғабдуллинт. Қазақ оқушыларының ен көп шоғырланған медресесі Ғалия медресесі.Медресе Еділ – Орал аймағының жәдитші дін адамы Зиаддин Кемали (1873-1942) тарапынан құрылған. Уфа қаласында 10 қазан 1906 жылы құрылған медресе “Медресе-и Алие-и Діние” атымен ресми түрде ашылған. Кемали бір жағынан медреседе директорлық қызметін атқарса, бір жағынан хадис, тәбсір, сүннет және психология сабақтарын оқытқан. Дін сабақтарымен қатар математика, физика, химия және жаратылыстану пәндері оқытылған. Жәдитше білім берудің алғашқы құрушыларының бірі болған медреседе 1909жылы мен 1916 жылдар арасында 154-ге жуық қазақ жастары білім алған. Осы жастардың арасында Мағжан Жұмабаев, Ишанғали Арабаев, Мустафа Оразаев, Бекмұхаммет Серкебаев, Бейімбет Майлин, Абдолла Шоқаев т.б білім алған. Жоғарыда аты аталған медреселерден басқа қазақ жастарының білім алған медреселері Қызылжардағы Құснеддин Халфе, Вели Ахунд, Әзиз Молла, Орынбордағы Мұхаммедия медресесі және Османия медресесі Алғашында Еділ- Орал аймағында діни ойларды жаңарту негізінде туған жәдитшілдік, кейіннен Ресейде өмір сүретін мұсылман түркі халықтарының реформа және өзгеру талаптарын білдіретін бір термин ретінде қолданысқа түсті. Бұл ой Абдунасыр Құрсави мен Шахабеттин Мержанидің басшылығымен ойластырылған. Исмаил Гаспыралының “ тіл де, пікір де, іс те бірлік” сөзімен жәдитшілдік бір мақсатты көздеген ағым болып қалыптасты. Ресей империясының мұсылман түркі халықтарына жүргізген саясатына қарсы ұйымдастырылған жәдит қозғалысы ортақ бір тіл мен ділді қорғап қалуды көздеген. Жәдидшілік қозғалысы Ресей империясының қарамағындағы түркі халықтарына қалай әсерін тигізсе татарлар арқылы Қазақстанға да әсерін тигізіп отырды. Бұл қозғалыс Қазақстанда алғаш рет ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында Қазақ ақын жазушыларының еңбектерінде жазыла бастады. Осы ақындардың ішінде усул-жәдидті жырлаған Абубәкір Кердері. Кердері татар жәдитшілдерінің ашқан усул-жәдид мектептерінің Қазақстанда да ашылу керектігін айтқан.
ХХ ғасырдың бастарында Еділ - Орал аймақтарындағы жәдитші медреселерде білім алған Қазақ жастары жәдитшілдікті қолдап жұмыстар атқара бастайды. Ғалия медресесінде білім алған қазақ жастары 1916 жылы Қазақстанда усул-жәдидті дамыту мақсатында “Садақ”атты қолжазба әдеби журнал шығарады. Журналдың мақсаты - жастарды әдебиетке тарту, өмірдің және елшілдіктің маңызын түсіндіру, жауапкершілікті арттыру еді. Жәдит медреселерінде білім алған Қазақ жастарының жұмыстары Ресей тыңшыларының назарынан тыс қалмады. Осы жастар жайында былай деп “Жәдитші жастар Қазақ-Орыс мектептерінің Қазақстанда керек емес екендігін, Орыс тілін Татар медреселерінде де үйренуге болатындығын, Қазақтардың қазіргі жағдайын қозғай отырып “Оян Қазақ”, “Тұр Қазақ”,“Маса” атты кітаптарды Уфадан шығарып халыққа таратып жатқандығын” баяндаған. Жәдит медреселерін бітіріп шыққан жастар Қазақстанға келіп ағарту саласында қызмет атқара бастады. Алғаш рет усул-жәдит әдісімен дәріс беретін мектеп Семей қаласында ашылған. Бұл жылдарда Семей қаласы маңызды сауда және кәсіпорын орталығы болғындықтан ағарту саласына көмек беретін қоғамдардың пайда болуы және татар саудагерлері мен татар оқытушыларының қолдауымен Семей қаласын жаңа әдіспен дәріс беретін орталыққа айналдырды. Усул жәдид мектебінің ашылуы туралы «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы хабарлап отырды. Жалпы Қазақстанда 1912 жылы жаңа әдіспен дәріс беретін мектептердің саны 121 оқушы саны 1810ға дейін көтерілген. Усулу-жәдит әдісін қолдау мақсатында Мұқаммет Сәлім Кешимовтің “Қазақтарға өсиет”, “Кітаптарды тану” сияқты еңбектері жарық көрді. Кітап оқушылармен оқытушылардың көмекші құралы ретінде қолданылған. Кешимов қазақ балалары орыс тілінде білім алса ұлттық құндылықтардан жұрдай болып өседі деп санап балаларды орыс мектептеріне жіберуге қарсы шыққан.Осы мәселе төңірегінде Айқап журналына көптеген мақалалар жариялаған. Қазақ жәдитшілдерінің арасында Мұқамметжан Сералиннің еңбектерін атауға болады. Тройцк қаласындағы Ресулие медресесінде білім алған Сералин Мержанидің еңбектерін оқи отырып әлеуметтік, діни және әдет салттарды қорғай отырып Батыста дамыған білім мен жаратылыстанудың үйренуге болатындығын және осыларға қол жеткізу үшін Орыс тілін білу керек екендігін айтқан. Сералин медреседегі оқуын тәмамдап Қостанайдағы Қазақ-орыс мектебінде білім алған. Осы оқудан кейін Торғай уезінің Ырғыз қаласына қарасты ауылдық мекен жайға өз мектебін ашып жаңа әдіспен білім берген. Еділ - орал аймағындағы ақпарат құралдарынан қатты әсер алған Сералин Қазақ мәдениетінде маңызды орны бар Айқап журналын 1911 жылы жарыққа шығарған. Исмайл Гаспыралының басшылығымен дамыған жәдитшілдікдің қазақтарға әсерін Сералиннің И. Гаспыралының өлімінен кейінгі жазған “Орны толмайтын өлім” атты мақаласынан аңғаруға болады. 20.ғасырдың бастарында жәдитшілдікпен бірге дамыған Түркішілдік ағымының симфолы ретінде Маған Жұмабаевты айта аламыз. Жұмабаев 1905 жылы Қызылжар қаласының байларынан бірі Ыстанбулда университ оқыған Мұқамметжан Беришевтің ашқан медресесінде білім алған.Бұл медресе Солтүстік Қазақстанның ең маңызды білім ошағы болатын. Медреседе араб, парсы және түрік тілінде білім берілген. Сонымен қатар Түрік тарихы жан жақты тереңдетіліп оқытылған. 1910 жылы Мағжан Жұмабаев медреседе бірге оқыған досы Бекмұқаммет Серкебаевпен бірге Уфа қаласындағы Ғалия медресесіне білім алуға келді. Бұл жылдарда Ғалия медресесінде Сәлімгерей Жантурин мен Әлімжан Ибрахимов сияқты ұстаздар тәлім берген. Жәдитші қайраткерлермен Уфада танысқан Мағжан шығармаларында Қазақстанда дамып келе жатқан Түрікшілдік ойын Қазақтардың менталитетіне қарай жаза бастады. Мағжанның өлеңдерінде 1910 және 1920 жылдарда Түрік әлемі туралы тақырыптар көптеп кездеседі. Осылармен қатар Ислам дінін жаңашалап жәдитше жазған Қазақ қайраткерлерінің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы. Исламды қазақша айту Құранды қазақшаға аудару, сонымен қатар діни кітаптар жариялау сияқты қарқынды жұмыстар жүргізген Шәкәрім Құдайбердіұлы “Мұсылмандық шарты” атты еңбегінде Исмайл Гаспыралы туралы ойларын баяндаған. Жәдит қозғалысының арқасында Қазақстанда усул-жәдит медреселері ашылып, білім туралы хабарлар ақпарат құралдары арқылы жарияланып отырды.
4. Қазақ халқы толықтай отарына айналған Ресей үшін де ХХ ғасыр бетбұрысты, күрделі оқиғалар мен елеулі өзгерістердің орын алуымен сипатталады. Соның ішінде назар аударарлығы қоғамда буржуазиялық- демократиялық даму жолына көшіруге бағытталған өзгерістер болатын. Осы орайда Мемлекеттік Думаның шақырылуы сол дәуірдегі ірі саяси әлеуметтік оқиғаға айналды. Осынау жоғары заң шығаратын органның 12 жыл (1906-1917 жж.) арасындағы қызметі Ресей тарихында, оның құрамына енген халықтардың өмірінде айтарлықтай із қалдырған демократиялық идеалдың зор көрінісіне айналды. Мемлекеттік Дума ғасырдың бас кезінде Ресейде құрылған партия фракцияларының және аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің басын қосқан, Ресей империясындағы маңызы зор мәселелерді талқылайтын бірден-бір өкілетті форум болатын. Ол – Ресей Империясының алғашқы Парламенті рөлін атқара бастады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің әзірлігіне мұрындық болуымен бірге оның идеялық бастамасының негізінде қалады.
Ресейде Мемлекеттік Дума дүниеге келген кезде шаруалар елдегі халықтың басым көпшілігін құрады. Метрополиядағы өзгерістерге демократиялық сипат беріп, дамыған елдердегідей патша билігін жоймай-ақ, Мемлекеттік Дума Ресейдегі сан жағынан ең көп шаруалардың мұң-мұқтажын алғашқы кезекке қоймақшы болды. Шаруа үшін жердің ең маңызды мәселе екені әуел бастан белгілі. Сол себепті де Дума өзі өмірге келген сәттен бастап-ақ бұл мәселені өз назарынан тыс қалдыра алмады. Осылайша жаңа демократиялық басқару жүйесімен ескі қоғамдық құрылыс арасындағы тартыстың өзегі болып жер мәселесі тұрды.
Ресей Мемлекеттік Думасы қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заң қабылдамады. Қазақ даласының болашағын ойлайтын ұлт зиялыларының саяси күрестері осымен шектеліп қалған жоқ. Әрі қазақ зиялылары үшін Дума жұмысына және оған қатысты саяси шараларға қатынасу ізсіз өтпеді. Ең бірінші, империя жағдайында Дума сияқты «өкілетті» органның ең алдымен, орыс алпауыттарының мүддесіне, империялық мүдделерге қызмет жасайтындығына көздері жетті. Екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың белсенді, мақсатты қимылы және саяси тұтастығы керектігін түсінді.
Ресей Мемлекеттік Думасының құрылуы қазақ зиялыларының да саяси өсуіне ерекше ықпал етті. 1905 жылдың тамызында ІІ Николай патша заң шығарушы өкілетті орган ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифестке қол қойғанымен, манифест бойынша, қазақ халқының сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болатын. Ресей парламентінің шақырылатындығынан көзі қарақты қазақ өкілдері де құлағдар болып әрі депутаттыққа қазақтардың сайлануға құқы жоқ дегені олардың наразылығы мен ашу-ызасын тудырды.Осы сәтте Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар саяси өмірге белсене кіріседі. Әрине, қазақ зиялыларының әрекеті бұдан бұрын-ақ басталғаны анық. Дегенмен мұны қазақ халқының өміріндегі жаңа кезең екенін айрықша атап өтуіміз керек. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов өзінің депутаттар сайлауға байланысты жазған естеліктерінде «Қазақ зиялылары үшін, қазақ саяси тобы үшін осы 1905 жылы жаңа кезең болғандығы ақиқат» деп жазды.
Осылайша әлеуметтік тегі әркелкі қазақ интеллигенциясы өз өкілдерін депутаттыққа сайлау керектігін батыл түрде ашық жеткізіп, өзіндік талаптарын қоя білді. Орта Азия мен Қазақстан аймағын қамтып өткен қуатты толқу патша үкіметінің халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті.
Бірінші Мемлекеттік Дума - Ресейдегі мемлекеттік басқарудың конституциялық-монархиялық жолға түсуін әйгілеген заң шығарушы жоғары өкілетті билік органы. 1906 ж. 27 сәуірден 9 шілдеге дейінгі аралықта, 72 күн қызмет етті. Думаның құқын кеңейту, саяси кешірім жариялау жөніндегі кадеттердің ниеті Ресей патшасы тарапынан қолдау таппады. Оған жауап ретінде дума патша билігін тоқтатуды талап етті. Жер мәселесін талқылау өте тартысты жүрді. Жағдай осылай шиеленіскен соң, 9 шілдеде Дума патша жарлығымен таратылды. Екінші Мемлекеттік Дума - Ресей империясындағы мемлекеттік басқарудың 2-рет сайланған конституциялық-монархиялық бағыттағы заң шығарушы жоғары өкілетті органы. 1907 жылы 20 ақпаннан 3 маусымға дейін жұмыс жасаған 103 күн ішінде 2 рет сессия ашып, 53 мәжіліс өткізді. 1907 ж. 3-ші маусымда таратылды.
Ұлттық мәселеге қатысты жайттарды өткір талап ете білудің нәтижесінде І Мемлекеттік Думаға қазақтардан өкілдер сайланған. І Мемлекеттік Думаға депутат болып Әлихан Бөкейхановтан басқа қазақ халқының тағы да бес өкілі сайланған. Олар: 1. Сәлімгерей Сейтханұлы Жантөрин – Уфа губерниясынан сайланған; 2. Алпысбай Қалменұлы Қалменов – Хан ордасының қазақтарынан сайланған; 3. Дәуіт Санжынұлы Ноян – Тұндұтов – Астрахан мен Ставрополь көшпелі тайпаларының атынан сайланған; 4. Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов – Торғай облысын мекендеген қазақтардың өкілі;5. Шаймерден Қосшығұлов – Ақмола облысы қазақтарының өкілі. Осылардың Ш.Қосшығұловтан басқалары сайлау нәтижелері бойынша заңды түрде І Мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланғаннан кейін оның орыс тілін білмейтіндігі белгілі болып, «Мемлекеттік Думаны сайлау ережесінің» 55-бабына сәйкес келмегендіктен облыстық сайлау комиссиясы Ш.Қосшығұловқа байланысты сайлау қорытындыны бекітпей тастаған. Бұл сайланған азаматтардың барлығы да сауатты, халықтың сый-құрметі мен сеніміне бөленген тұлғалар болатын. А.Қ.Бірімжанов Думаға депутат болғанға дейін сот қызметінде болған. С.С.Жантөрин – Уфа губерниясындағы халықтық мұсылман партиясының мүшесі болса, А.Қ.Қалменов – университеттік білімі бар (заңгер), Хан (Бөкей) ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңесте кеңесші қызметін атқарған. Д.С.Тұндұтов – ірі жер иесі, кезінде ханзада Николай лицейінде тәрбиеленіп, кейін шетелдердің әртүрлі университеттерінде дәріс тыңдаған. Ш.Қосшығұлов – Көкшетау молдасы, білімді Бұхарадан алған.
Алғашқы Думаға депутат болуда әділетсіздік орын алды. Мәселен, әр аймақтың қазағынан бір-ақ депутат сайлану керек деп, олардың құқықтары есепке алынбады. Соның салдарынан І Мемлекеттік Думаға Семей облысынан депутаттыққа түскен Әлихан Бөкейханов көптеген кедергілерді жеңе отырып, депутат болып сайланды. Ол небары бірнеше ай ғана депутат болып, тіпті ол оның бірде-бір мәжілісіне қатынасып та үлгерген жоқ. Өйткені, ол І Дума өз жұмысын бастаған кезде Омбы генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен үш айлық мерзімге Павлодар абақтысына отырғызылған болатын. Торғай облысынан сайланған Ахмет Бірімжанов бел шеше жүріп атсалысып, І Думаның мінберінен Жер мәселесін көтеріп, жер мәселесі бойынша құрылған комиссияның құрамына қазақ депутаттарының өкілін енгізу қажеттігін ұсынды. Себебі, жер комиссиясында қазақ депутаттарына бірде бір орын бөлінбеген еді. Сондай-ақ, нәтижесінде мұсылман фракциясы жерге байланысты төмендегідей тұжырымдаманы қабылдады: «Өз күшімен егін егушілердің және мал бағушылардың жері арттырылсын. Халықтан кабинетке, монастырға және т.б. деп жерлер алынғанда тура бағасы берілсін. Қызметі үшін сыйға берілген жерлер халыққа кері қайтарылсын. Жерді пайдалану әр уәлияттың өзіне берілсін. Қоныс аудару тоқтатылсын». Және Думаның 10 шілдедегі мәжілісінде ар-ождан бостандығы туралы заң жобасын талқылау жоспарланған болатын. Алайда бұл заң жобасы 9 шілдеде Дума таратылғандықтан талқылаусыз қалды. Сонымен Ресейдің І Мемлекеттік Думасы небары 73-ақ күн жұмыс істеді. Думаның аз уақыт жұмыс істегеніне қарамастан мұсылман депутаттары Ресей парламентіне мұсылман халықтарының жағдайы жайлы шындықты жеткізуге мүмкін болғанның бәрін істеді. Осылайша қазақ депуттарының Мемлекеттік Дума арқылы шешеміз деген үлкен үміттері жүзеге асырусыз қалды.
1907 жылғы ІІ Мемлекеттік Думасының құрамына бұл жолы Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері болды. Олар: Шәймерден Қосшығұлұлы – Ақмола облысынан; Ахмет Бірімжанов – Торғай облысынан; Темірғали Нүрекенов – Семей облысынан; Тілеулі Алдабергенұлы – Сырдария облысынан; Мұхамеджан Тынышбаев – Жетісу облысынан; Бақытжан Қаратаев – Орал облысынан; Бақтыгерей Құлманов – Астрахан губерниясынан. Алайда бұл Думаның да қызметі ұзаққа созылмады, небары 104 күн ғана жұмыс істеді. Осы аз уақыттың өзінде қазақ депутаттары бірқатар шаруаларды атқаруда белсенділік танытты. Мәселен, Б.Қаратаев ІІ Мемлекеттік Думада Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару саясатының қазақтар үшін оң іс еместігін айтып, арнайы баяндамасында былай келтіреді: «Сіздер мынадай сұмдық жағдайды түсінуге тиіссіздер! Бүгінгі таңда қоныс аударушы орыс шаруаларына жер телімдерін беру үшін қазақтарды өздерінің ежелгі ата қоныс жерлерінен ғана емес, жеке меншік баспаналарынан да қуып шығарып жатыр». ІІ Думаның қазақ депутаттары 1907 жылғы наурызда өздерінің жасаған мәлімдемесінде былай деп жазды: «Көшпелілердің бірден-бір күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Ал олардың Азияның шетсіз-шексіз кең даласында бір жерден екінші жерге үздіксіз көшіп-қонып жүруі әлдебір жанға жайлы, қызығы мол бос серуен құру емес, табиғаттың қиындықтарын жеңе отырып, өмір сүру болып табылады».
Міне, Ресейдің І және ІІ Думасына сайланған қазақ депутаттары алдымен өз ұлтының дербес саяси күш ретінде көріне алатындығын, өз құқын қорғай алатын ұлт екендігін дәлелдеуінің өзі үлкен жетістік болатын. Тіпті Думаға қатысудың өзі тарихымызда аса маңызды рөл атқарды.
5. 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының азаттық қозғалысы жылнамасының жарқын беттерінің бірі. Ол әлемдік империалистік соғыстың шиеленіскен уақытында, Ресейде шаруалар мен жұмысшылар қозғалысының белең алған кезінде өтті.
1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді. Ресейден шаруаларды жаппай қоныс аудару саясаты, қазақ шаруашылығының құлдырауы, азаматтық құқықтың шектелуі Қазақстанда ұлттық қатынастың шиеленісуіне алып келді.
19-43 жас аралығындағы барлық бұратана ер адамдарды майдандағы тыл жұмысына алу мен әскер үшін қорғаныс құрылыстарын салу жұмыстарына шақыру жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, оларды отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Бұл жарлық қазақ даласын ауыр жағдайға душар етті. Әскерге шақыру шөп дайындау, егін ору, малды қоңдандыру уақытымен тұспа-тұс келді. Еңбекке жарамды ер адамдарды әскерге алу, шұрайлы жерлерді орыс қоныс аударушыларына тартып алып беру тоқырап тұрған қазақ шаруашылығын одан әрі күйзелте түсті. Тыл жұмысына алу қазақ және Орат азияның басқа халықтарының Ресей отаршылдығына қарсы қуатты қозғалысының басталуына түрткі болды.
Қазақтардың туу туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын "қара тізімге қосты", ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты. Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніш болып отырған феодал байларға қарсы бағытталды.
Бұл қозғалысты еңбекші халыктың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жасақтарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейтқали Мендешев, Абдрахман Әйтиев, Маңғыстауда - Жалау Мынбаев, Ақтөбе даласында - Әділбек Майкөтов, Жетісуде - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т.б. басқарды.
Қозғалыс стихиялы түрде басталып 1916 жылғы шілденің аяғы мен тамыз айының басында барлық Қазақстанды қамтыған көтеріліске ұласты. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы экспедициялар жіберді. Көтерілісшілер патша әскерлеріне қарсы кескілескен ұрыстар жүргізді. Осы шайқастарды жүздеген қазақ жігіттері өздерінің батыр бабаларының ерлік дәстүрін жалғастырып, есімдерін өшпес даңққа бөледі. Торғай өңірінде Кенесарының қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелді, оның жауынгер серігі Кейкі батырдың аттары аңызға айналды. Үлкен қолбасшылық дарынымен бүкіл қазақ халқына танымал болған Амангелді бастаған Торғайдағы көтеріліс 1917 жылғы ақпан революциясына дейін жалғасты.
25 маусымдағы жарлық бойынша Қазақстан мен Орта Азиядан алынатын 400 мыңдай адам болса, соның 240 мыңы қазақтар. Сол жарлықтан кейін барлық жерлерде тізім жасала бастады. Бұл тізімнің кейбіреулері үлкен қарсылыққа тап болса, кейбір болыстықтарда осы тізімді жасауға қолдау көрсетушілер де болған. Ал, қара жұмысқа алынғандардың өздері кетер кездерінде талаптарын айтқан. Бұл талаптың бірі, қара жұмысқа баратындар 1916 жылы 27 шілдеде Түркістан өлкесіндегі Черняев уезінде үлкен жиылыс өткізіп, осы жиылыста 25 талап қойған екен. Ол талапта: «Біріншіден, бізді барған кезде қыстық киіммен қамтамасыз етсін. Екіншіден, сол жерді білетін жолсерік тағайындалып берсін. Үшіншіден, барған жұмыскерлерді жан-жаққа шашыратпай, бір топ қылып орналастырып, тиісті жағдайдың бәрін жасасын. Төртіншіден, біз барған жерімізде мұсылман халқы болғандықтан, өзіміздің дінімізді, ділімізді ұстаймыз, соған байланысты бір діннің ісін білетін имамдар тағайындалып, сол жерге жіберілсін. Ең бастысы, бесіншіден орыс тілінде жақсы білетін, бізді түсінетін адамды жұмысқа бірге жіберіп, біздің қасымызда жүріп бағыт-бағдар беріп, біздің жағдайымызды патша үкіметіне жеткізіп тұрса», – деп өздерінің талаптарын қояды. Бұл талаптың ішінде, тағы да айта кететіні, жұмысшылар барып, ол жерге орналасқаннан кейін, отбасымызбен хабарласуымыз керек дейді. Осы жағдайда оларға барлық мүмкіншіліктер жасалып, пошта ақылы емес, тегін болса деген талаптарын айтады. Әрине, бұл талаптардың бірі орындалды да, екіншісі көп жағдайларда орындала қойған жоқ. Біздің ұлт зиялыларымыз да екіге бөлінді. Бірі қантөгіске қарсы шығып, бостан-босқа қырылып қалмауды ойлады. Бұл Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтардың көзқарасы. Екіншісі, кейіннен мемлекеттік құрылымда жұмыс істеген Сейітқали Меңдешев, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтар (ол кезде жас болатын) керісінше көтеріліске шығып, патшаға қарсы тұру керек деген пікір ұстанды.
Ә. Бөкейханов бастаған топ, 1916 жылы 7 тамызда Орынборда үлкен жиналыс өткізген. Осы жиналыста Торғай, Орал, Ақмола, Жетісу облыстарының жұмысшыларынан өкілдер сайлап алып, сол жерде патша үкіметіне өздерінің басты-басты талаптарын қояды. Бұндағы ең үлкен басты талап – барған қазақтарды отыз-отызға бөліп, артель құрып, сол арқылы тізімге алып, не бір мекемеге тіркеп, ақы берсе деген болатын. Яғни, істеген қара жұмыстарына ақы төленсе дегенді меңзеді. Одан барғаннан кейін қазақтарға діни мейрамдар мен өздерінің өткізетін іс-шараларына тыйым салынбаса деген талап қояды. Келесі бір талабы жұмысшыларға лайықтап киім беру, әсіресе қыста суық түсуіне байланысты киіммен қамтамасыз етуін міндеттеді. Міне, осындай өздерінің басты талаптарын жоғары жаққа жібереді. Біздің қазақтар ол жаққа барғаннан кейін көбі ағаш шеберлері болған, ұсталар болған. Олар көпірлер, жолдар және барактар салумен айналысты. Ең басты, негізгі істеген жұмыстары – окоп қазу болды. Алғашқы күннің өзінде 7 қыркүйекте мың адам Минскінің түбінде жол қатынасын салуға жіберілген. Сол сияқты көп мәліметтер бар. Бірақ, тылға жіберілгендердің мәліметі толық емес. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1916 жылдың қазан-қараша айларында Батыс өңірде Солтүстік майданға – 18 мың қазақ, Батыс майданға да – 18 мың қазақ, ал, Оңтүстік-Батыс майданға – 9 мың қазақты жіберген екен. Олардың әрқайсысын топ-топқа, яғни, партияға бөліп (ол жерде топты партия деп атаған), орналастырған екен. Мұнда, әрине, қиыншылықтар болды. Себебі, бұрын жол жүріп көрмеген жұмысшылар жолдың жүру азабына тап болды, онда жұқпалы аурулар тарады. Көбінің кетіп бара жатқан жолда қаза табуына байланысты, жолдың жиегіне жерленулеріне тура келді. Тізім жасалғанда көптеген әділетсіздіктерге жол берілді. Мысалы, жарлық бойынша 19 бен 43 жас арасы деп көрсетілгенмен, 16 мен 50 жас арасындағы ер адамдар қара жұмысқа алынып жатты. Тіпті, аурушаң, керең, мылқау, бір жақ көзі көрмейтін, жұмысқа жарамсыз адамдардың майданға алынуы қиыншылық тудырды. Осы туралы Әлихан Бөкейханов баяндама жасаған болатын. Жұмысшылар ол жақта үш түрлі жерде орналасты. Біріншісі, белуардан қазған топырақтың үстін тепелеп жапқан үйде 100-200-ге жуық адам тұрды. Екіншісі, бұл арнайы салынған барактар, үшіншісі, палаткалар. Осы палаткаларда тұрғандардың арасында киімдерінің кептірілмеуінен суық тиіп ауыруы, өкпе қабынуы, жұқпалы ауруларға шалдығуы жиі кездесті. Бастапқы кезде ақы төленгенімен, кейіннен соғыстың үдеп кетуіне байланысты ақылары да берілмей, үйлерінен әкелген тамақтары да бітіп, киімдерінің тозуына байланысты жағдайларының ауырлап кету фактілері де кездесті. Әлихан Бөкейханов, Мырзағазы Есболов бастаған көптеген зиялылар 1916 жылы, 23 желтоқсанынан 1917 жылдың 12 қаңтары аралығында бүкіл Батыс өңірі, Минскінің түбіндегі 9 корпустағы қазақтардың топтарын аралаған екен. Жағдайларының қандай болғанын көзімен көріп, Мәскеуге барып, сол жерде үлкен баяндама жасаған. Қазақ жұмысшыларының жағдайларын жеңілдетуді, демалысқа жібертуді, ақысын төлеуді, майдангерлердің барлығына бірдей қылып жағдайларын жасап беруін өтінген. Кейіннен осы ұсыныс «Қазақ» газетінде 1917 жылдың 20 қаңтарында «Жұмысшылар жайында» деген тақырыпта жарияланған.
Көтерілістің негізгі факторы, негізгі себебі - жер мәселесі. Одан кейін, әлеуметтік-экономикалық езгі. 25 маусым күнгі жарлық соңғы тамшы ретінде, халықтың бұрқ етіп шығуына әсер еткен болатын. Өйткені, жерін алды, малын алды. Енді, жанын аламыз дегенде, халық көтеріліске шыққан болатын. Көтерілістің тағы бір себебі, орыс отаршылдық әкімшілігі. Өйткені, ол да бұратана халыққа менсінбей қарап, екінші сорт ретінде бағалады. Одан кейін, жергілікті халықпен келімсек орыс шаруаларының арасындағы қарым-қатынас. Ол да үлкен шиеленіскен мәселе болатын. Кезінде үйі жоқ, күйі жоқ жер сызған шаруалар осында келіп бірден байып шыға келді. Мұның бәрі көтерілістің негізін қалады. Ал, көтеріліс «маусым жарлығынан» кейін шықты. Жетісуда таза орыс уезін құру туралы жоба жасалған.
Кеңестік кезеңде 1916 жылғы көтеріліске байланысты зерттеулерде айтыс-тартыс оның әлеуметтік-таптық сипатына байланысты жүрді. 1926 жылы көтерілістің он жылдығына байланысты Т.Рысқұлов «Восстание туземцев Туркестана 1916 году» атты мақаласын жариялап, большевизм идеологтарының аяғын басқандай қарсылық тудырды. Оларға ұнамағаны Т.Рысқұловтың Орта Азия халықтарының 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланыс