Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін көп салалы өңдейтін өнеркәсіптер дами бастады. Жер өнімдері мен мал шаруашылығы заттарын өңдеу қазақтарға бұрыннан белгілі болды, бірақ бұл қосымша кәсіп ретінде, қазақтардың негізгі кәсібі-көшпелі мал шаруашылығы болды. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіптерінің кен-зауыт өнеркәсібінен айырмашылығы, ауыл шаруашылық шикізатын ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жергілікті қажеттермен тығыз байланысты болды және өлкенің әлеуметтік-экономикалық өміріне белгілі бір ықпал жасады. Өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындарын мынадай екі топқа бөлуге болады.
1. Ресейдің еуропалық бөлігіне және шет елге шығару үшін мал шаруашылығы шикізатын алғашқы өңдеу жөніндегі кәсіпорындар: жүн жуатын, мал майын қорытатын, ішек-қарын тазартатын және басқа кәсіпорындар жатты;
2. Ауыл шаруашылық өнімін оны жергілікті жерде тұтыну үшін ұқсату жөніндегі кәсіпорындар: бұлар былғары, май шайқайтын, спирт-арақ зауыттары, темекі фабрикалары және тағы басқалары. Толық емес деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1886 жылы 1028 ұсақ өнеркәсіп өндірістері болса, 1895 жылы бұл ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін өндіріс саны 2124 болып, соған сай жұмысшы саны 3432 – ден 5493-ке дейін өсіп, айналымдағы өнім бағасы 2395,1 мың сомнан 3929 мың сомға жеткен.
Темекі шығаратын да фабрикалар пайда болды. Ең бірінші темекі плантациясы Верный қаласына жақын жерде Үлкен станциада Гаврилов деген фабрикант іргесін қалап, осы жерден табак фабрикасын ашты. 1883 жылы плантацияда 67 жұмысшы, фабрикада 15 жұмысшы, 2 шебер жұмыс жасап, 1 станок темекі жапырақтарын кесіп, қол машинамен папирос ораған.
Өңдеу өнеркәсібінің ең дамыған салаларының бірі, соның ішінде Солтүстік Қазақстанда тері өңдеу кәсібі болды. 1890 жылы Шучинск станциясында 8 тері илейтін зауыт болса, тура осындай кәсіпшіліктер жоғарғы Бұрлық пен Төменгі Бұрлық станцияларында да болды, ал олардың орталығы, ең ірісі Петропавл қаласында болды (10 зауыт). 1898 жылы Солтүстік Қазақстанда жалпы зауыттар саны біршама азайды [6]. Олар 23 болды, оның онында әр түрлі механизмдер-көбінесе 1-3 ат күші бар ат қозғалтқыштары мен 2 ат күші бар су қозғалтқыштары болды. Егер Ақмола облысы мен Орынбор Губерниясындағы жұмыс істеп тұрған былғары зауыттарынның санын салыстыратын болсақ, 1890 жылы мынадай көрініс береді. Ақмола облысында 21 зауыт жұмыс істесе, Орынбор губерниясында 68 зауыт әрекет етті. Сонымен қатар Ақмола облысындағы зауыттар аз өнім шығарды. Осындай өндіріс саласы Торғай облысында біркелкі дамыған жоқ. 1897 жылы «Қырғыздар календары» мәліметінде 1889 жылғы облыста небәрі 2 былғары зауыты болғандығын және оның Қостанай уезінде орналасқанын айтады.
Оңтүстік Қазақстанда былғары өңдеу ісі мал шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін өңдірістің басты бір тармағы болды. Былғары өңдірісі Түркістанда Өлкенінің Ресейге қосылғанына дейін пайда болды және 1870 жылдың аяғына дейін қолөнер кәсібі түрінде сипат алды. ХІХ ғасырдың 70 жылдарының басында Жетісу облысында 8 былғары өңдірісі, ал Сырдария облысында 12 өндіріс жұмыс жасады [10]. Сырдария мен Жетісу облысында 1916 жылы 65 мекеме болған. Революцияға дейін ірі және ұсақ тері өнімдерінен Қазақстанда 3 059000 дана тері өңделіп, 13 034 800 сомға қаржы түсткен. Қазақстанда барлығын қосқанда, 8 ірі, 100-ге жуық ұсақ өндіріс болып, 683 500 тері өңдеп, 1200 дейін жұмысшылар болды.
Қазақстан тұрғындарының өмірінде аса үлкен рөл атқарған Шымкент пен Әулие-Ата уезінде кездесетін құмның астында қалған көлдердегі отырып қалған тұздан ас тұзын алу болды. Тұрғындардың сұранысына ие болған Шымкент уезіндегі Қаракөл болыстығындағы Қаракөл көлінен алынған «қара тікен» тұз болды. Тұз алу өте қара дүрсін, қарапайым еді. Құжаттарда көрсеткендей «бұл кәсіпті жүргізген де, оларды әкелетін де бір қырғыздар, олар не отырып қалған тұзды жинайды, не ең артта қалған, жабайы әдіспен алады». 1 пұт тұздың бағасы оның ара қашықтықпен тасымалдай қиындығына қарай 25 тиыннан 4 сомға дейін болған. Революцияға дейін КССР территориясында 6 тұз өнеркәсібі жұмыс істеп, 6700000 пұт тұзды 670000 сомға өндірді. 370 орыс, 580 қырғыз жұмыс жасаған.
Тағы да бір кең тараған өндіріс саласы жүн жуу. 1913 жылы Оңтүстік Қазақстандағы 16 жүн жуатын өндірісте 270550 пұт жүн жуылып, одан 1929182 сомға 66% дайын, таза, жуылған, іріктелген жүн алынды. Ал Петропавл қаласындағы жүн жуатын мекемеде 10000 қой жүні 2800 сомға жуылған 50 еркек, 100 әйел күніне 12 сағат жұмыс істеген. Істелінетін жұмыс көлемі мен жұмысшы саны да әр түрлі болды. Мысалы: Петропавлдағы екінші бір жер көпес В.П.Фигиннің иелігендегі жүн жуатын мекеме 1880 жылы құрылды. 1887 жылы 100 еркек, 150 әйел жұмысшыны пайдаланып, жылына 37000 сомға 15000 пұт жүн жуған.
Патшаның отарлау саясаты Қазақстандағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларының дамуына тежеу болды. Ауыл шаруашылық шикізаты көлемінің өсуіне қарамастан, революцияға дейін Қазақстанда оны өнеркәсіптен өңдеу тиісті дәрежеде дами алмады. Арақ, спирт қайнататын және сыра ашытатын зауыттар туралы мәліметке қарайтын болсақ, Қазақстанның әр түкпіріндегі жұмысшы саны, жұмыс уақыты әр түрлі болып келеді. Мысалы: Семей қаласындағы көпес Арефеевтің сыра зауыты 7 жұмысшы мен 2 сыра қайнататын қазанды пайдаланып, 8 мың шелек Бавария сырасын 14400 сомға дайындады. Ал олардың өндірістері өте ұсақ, әрі техникалық нашар жабдықталған қасапқана, диірмен, дән үгетін, май шығаратын, арақ, спирт қайнататын, сыра ашытатын, темекі шығаратын,шұға-мәуіті фабрикасы, қой терісі, тон, киіз байпақ өнімдерін шығаратын өндірістер ретінде көрінді. Ал балық кәсіпшілігінің даму деңгейі балықты сақтау мен көнсервілеуде жағдай болмағандықтан, ол маусымдық кәсіп болып қалды, әрі балықты тұздауда, тұрпайы әдістер қолданылды. Революцияға дейін Қазақстан территориясында 140 балық кәсіпшіліктері жұмыс істеп, 6750 дейін жұмысшы істеп, 6750 дейін жұмысшылары болған, олардың 80% қырғыздар. Шикізатты өңдеу 5200000 пұтқа дейін жеткен. Сонымен ХІХ ғасырдың соңында 1882 жылы Ақмолада 1 мыс балқыту зауыты 2 май ерітетін, 1 сабын қайнататын зауыт болса, Көкшетауда 12 тері-былғары зауыты, 5 май ерітетін зауыт, ал, Петропавлда 1 арақ, 2 сыра зауыты, 1 ұн тартатын, 1 мақта мекемесі, 5 сабын қайнататын, 5 тері-былғары, 13 май ерітетін, 2 желім қайнататын, 33 кірпіш зауыты, 2 жүн түтетін, 1 ішек-қарын жуатын мекеме жұмыс істеді.