Пародонттың идиопатикалық аурулары пародонт тіндерінің үдемелі ыдырауымен сипатталатын аурулары қатарына жатады және клиникалық белгілері ертеде келтірілген пародонт ауруларын клиникалық көріністері аясына симайды. Бұл аурулар сирек кездеседі, сондықтан жете зерттелмеген.
Идиопатиялық аурулар тобына балалар мен жастар арасында кездесетін жалпы аурулардың симптомдары мен синдромдарын жатқызады. Олар: қан аурулары, қант диабеті, эозинофильді гранулема (Таратынов ауруы), Хенд-Шюллер-Крисчен синдромы, Папийон-Лефевр синдромы, Литтерер-Зиве ауруы, «Х», гистиоцитозы Иценко-Кушинг ауруы, Ослер ауруы.
«Х» гистиоцитоз пародонтальдық синдромы көптеген гистиоцитоздар көріністерін (эозинфильді гранулеманы, Хенд-Крисчен-Шюллер, Леттерер-Зиве синдромдарын) біріктіреді.
Эозинофильді гранулема (Таратынов ауруы) – шектелген ретикулогистиоцитоз, көбінесе балаларда ошақты немесе жайылған түрде кездеседі және қаңқа сүйектің біреуінің бұзылуымен сипатталады.
Патологиялық үрдіс созылмалы түрде дамиды, аурудың барысы қатерсіз.
Ауыз ішінде, көбінесе кіші және үлкен азу тістер аймағында қызылиек бүртіктері домбығып, көкшіл түстенеді, біртіндеп көлемдері ұлғаяды, тістер орнынан ауытқып, қозғалмалы бола бастайды. Жиі-жиі қызылиек абсцестері дамиды, қызылиектің жаралана қабынуы орын алады. Көп кешікпей терең пародонталдық және сүйек қалталары пайда болады, ауыздан нашар иіс шығады. Альвеола өсіндісінің рентгенсуретінде сүйек тіні тік сорылып шекарасы анық сопақ немесе домалақ пішінде қара көлеңкелі кистаға ұқсас ошақтар анықталады.
Қозғалмалы тістерді жұлғанмен патологиялық үрдіс тежелмейді. Бас сүйегі жарақатқа ұшыраған жағдайда бас қатты ауырып, мазалайды.
Жарақат ошағындағы патоморфологиялық өзгерістер ретикулярлық клеткалардың, эозинофильдердің шоғырлануымен, лимфоидты-макрофагты инфильтраттардың пайда болуымен сипатталады.
Перифериялық қан айналымында эозинофильдер саны көбейіп, ЭШЖ-жоғарылағаны анықталады.
Хенд-Крисчен-Шюллер ауруы ретикулоксантоматоздар қатарына жатады және липидті зат алмасуы бұзылуы нәтижесінде дамиды. Аурудың негізгі белгілері жақ сүйектерінің және адам қанқасының басқа сүйектерінің бұзылысқа ұшырауы, қансыз диабет, экзофтальм. Ауру кезінде көкбауыр мен бауыр үлкейеді, жүйке, жүрек-қантамыр жүйелерінің қызметі бұзылады және ауық-ауық өршу үрдісі орын алып отырады.
Ауыз ішінде ауыз кілегейлі қабығы мен қызылиектің өліеттеніп-жаралана қабынуы орын алады, іріңді жалқыққа толы терең пародонтальдық қалталар пайда болады, тістердің түбірлері ашылып қызыл-сарғыш жұмсақ қақпен жабылады (ксантомды клеткалар бұзылғанда бөлінетін пигменттің түсі).
Рентгенсуретте альвеола өсіндісі сүйек тінінің әртүрлі дәрежеде бұзылғаны анықталады.
Леттерер-Зиве ауруы жедел дамитын ксантоматоздар қатарына жатады және сүйектерде, теріде, кілегейлі қабықта және ішкі ағзаларда ретикулярлық клеткалардың көптеп көбеюімен сипатталады. Көбінесе 2-жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Дамыған сатысында дененің дірілдеуі (лихорадка) тері түсі бозарып, қозғалу қиындап, асқа тәбет шаппай, арықтау сияқты белгілер білінеді, көкбауыр мен бауырдың үлкеюі орын алады. Ауыз ішінде пародонттың жайыла қабынуы, альвеола өсіндісінің үдей ыдырауға ұшырау белгілері көрініс табады. Рентгенсуретте альвеола өсіндісінде, жақ сүйек денесінде кеуектену және жайыла сорылу үрдісі анықталады.
Папийон-Лефевр синдромы сирек кездесетін,аутосомды-рецессивті типпен берілетін, туа дамыған гиперкератоздар түрлеріне жатады, қолдар және табандар терісінің жарақаттануымен, пародонт тіндерінің үдемелі дистрофиялық және бұзылыстық үрдістерге ұшырауымен сипатталады. Бұл кезде табандар мен алақандар терісі шамадан тыс мүйізгектеніп, әртүрлі тереңдікте тіліктер пайда болады. Ауру көбінесе жас балалар арасында кездесетіндіктен, сүт тістер төңірегіндегі қызылиек қатты қызарып, домбығады, жалқыққа толы терең пародонтальдық қалталар пайда болады. Альвеола өсіндісінің сүйек тінінде үрмеге ұқсас сорылу үрдісі орын алып, тіс түбірлері төңірегінде кистаға ұқсас құрылымдар пайда болып, сүт тістері түсе бастайды. Альвеола өсіндісінің ыдырауы тұрақты тістер шыққаннан кейін де жалғасып, оның толық жойылуымен аяқталады.
Жарақат ошағындағы патогистологиялық өзгерістер қызылиектің плазматикалық клеткалармен жайыла инфильтраттануымен, сүйек майының да инфильтраттанып, фиброздануымен сипатталады.