Агрожүйе – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатымен адам үнемі реттеп отыратын жасанды (егістік,жайылым бақ, жүзімдіктер, т.б.), тұрақсыз жүйе. Табиғи биоценоздардан А. – тірі организмдердің әр түрлілігі күрт төмендеген түрлер жасанды сұрыптау арқылы реттелуімен ерекшеленеді. Бұлардың табиғи экожүйемен салыстырғанда биол. өнімділігі жоғары болады. Дақылдардан мол өнім алу үшін а. ш-н механикаландыруды ұлғайтып, минералды тыңайтқыштар,пестицидтерді көп пайдалану, жиі суғару қажет. Мұндай жағдайдан кейін а. ш. өндірісі қоршаған ортаға теріс әсерін тигізеді. А-ге адамның шаруашылық іс-әрекетінің жағымсыз әсерін азайту үшін агротехниканың табиғат қорғайтын шараларын қолданған жөн. Бұл топырақ жамылғысындағы қоректік заттардың тепе-теңдігін, жайылымның өнімділігін, биол. алуан түрліліктің біршама жоғары болуын, т.б. сақтайтын тұрақты экожүйе құруға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, А-ні жердің жалпы табиғиландшафтының құрамды бөлігіне айналдырады.
Тірі затқа тән қасиеттер?
Өлі табиғаттан тірі организмдерді өздеріне тән негізгі касиеттері аркылы бірден ажыратуға болады. Тірі организмдерге тән негізгі қасиеттер:
· химиялық құрамының біркелкілігі,
· заттар мен энергияның алмасуы,
· құрылымдық деңгейінің ұқсас болуы,
· көбею,
· тұқым куалаушылық,
· өзгергіштік,
· өсу мен даму,
· тітіркенгіштік,
· дискреттілік (оқшаулану),
· өзін-өзі реттеу,
· ырғақтылық қасиеттер де тән.
Тірі организмдердің химиялық құрамының біркелкі болуы. Тірі организмдердің құрамында табиғатта кездесетін 70-тен астамхимиялық элементтер болады. Тірі организмдер мен өлі табиғаттың құрамындағы химиялық элементтердің мөлшері әр түрлі. Мысалы, өлі табиғаттың құрамында оттектен басқа кремний, темір, магний, алюминий, т.б. элементтер көбірек кездеседі. Тірі организмдердің химиялық құрамының 98%-ын, негізінен, 4 химиялық элемент құрайды. Ондай элементтерге — көміртек, оттек,азот және сутек жатады. Тірі организмдерде бұл элементтер күрделі органикалық молекулалардың түзілуіне қатысады. Өлі табиғатта бұл элементтер басқаша мөлшерде және өзгеше сапада болады. Өлі табиғатта кездесетін органикалық қосылыстар, негізінен, тірі организмдердің тіршілік әрекеттерінен пайда болған. Тірі организмдер құрамындағы органикалық молекулалардың өздеріне тән ерекшеліктері бар және олар тірі организмдерде белгілі бір қызмет атқарады.
Тірі организмдердегі заттар мен энергияның алмасуы (метаболизм)
Метаболизм гректің "metabole" сөзінен алынған, "өзгеру", "алмасу" деген ұғымды білдіреді. Қоршаған орта мен тірі организмдер арасында үнемі заттар мен энергия алмасу процесі жүреді. Зат алмасу кезінде тірі организмдер өздеріне қажетті қоректік заттарды сіңіріп, тіршілік әрекетінен пайда болған ыдырау өнімдерін сыртқа шығарады. Өлі табиғатта да зат алмасу болады. Өлі табиғаттағы зат алмасу кезінде заттар бір орыннан екінші орынға тасымалданады немесе бір күйден екінші күйге ауысады. Мысалы, топырақтың шайылып тасымалдануы, судың буға не мұзға айналуы, т.б. Тірі организмдерде жүретін зат алмасудың сапалық жағынан өлі табиғатта болатын зат алмасудан үлкен айырмашылығы болады. Тірі организмдер қоршаған ортадан түрлі заттарды қабылдап, өзінің тіршілігіне кажетті заттарға айналдырады және сол арқылы тіршілігін сақтайды. Бұл процесс анаболизм (пластикалық алмасу немесе ассимиляция) деп аталады. Ол грекше "anabole" — "өрлеу" деген ұғымды білдіреді. Зат алмасудың екінші кезеңі — катаболизм (энергетикалық алмасу немесе диссимиляция) деп аталады. Ол грекше "Katabole" — ыдырау (бұзылу) деген ұғымды білдіреді. Катаболизм процесінде организмдер денесіндегі күрделі органикалық қосылыстар карапайым заттарға ыдырайды да, сол организмнің тіршілігіне қажетті энергия бөлінеді. Заттар мен энергия алмасу аркылы тірі организмдердің ішкі ортасының құрамына кіретін заттар мөлшерінің өзара тұрақтылығы камтамасыз етіледі.