Жерге орналастыру жобалары көп түрлілігімен ерекшеленеді. Олардың мазмұны мен құру әдісі жерге орналастыру түрлерімен, шешетін мәселелерімен және формаларымен анықталады. Одан басқа жерге орналастыру жобасы жерді пайдалану қарқындылығына және ауылшаруашылығы өндірісінің даму қарқындылығының деңгейіне, аумағын орналастырудың кеңістік жағдайына, сала аралық масштабтағы қойылған мәселелеріне байланысты ерекшеленеді.
Жобалар жерге орналастыру түрлеріне сәйкес үлкен үш топқа бөлінеді: шаруашылық аралық, ішкі шаруашылық және учаскелік жерге орналастыру.
Жерге орналастыру объектісіне қарай шаруашылық аралық жерге орналастыру екі түр тармаққа бөлінеді:
- біреуі, ауылшаруашылық кәсіпорындарының жер пайдалануларын және жер иеліктерін құру, қайта құру, реттестіру және жетілдіру;
- екіншісі, әртүрлі мемлекеттік, қоғамдық және жеке шаруашылық мұқтаждықтарға (өнеркәсіптік, азаматтық, энергетикалық, гидротехникалық және басқа құрылыстарды жүргізуге, қорғаныс, транспорт, байланыс, ғылым, мәдениет және т.с.с.) жер бөліп беруге байланысты. Екінші түр тармаққа жататын жерге орналастыру жобаларын ауылшаруашылығына жатпайтын кәсіпорындардың жер пайдалануларын және жер иеліктерін құру деп атайды.
Соңғы кезде шаруашылық аралық жерге орналастыруды тек екі түрге бөлу – оның объектілерінің түбегейлі жіктелмейтіндігіне назар аударылады. Мысалы, елді мекендердің шекараларын белгілеу, арнайы жер қорының жер массивтерін құру, әкімшілік-территориялық құрылымдардың шекараларын белгілеу, ерекше қорғалатын табиғи территориялардың жер массивтерін жер бетінде белгілеу және шекараларын бекіту жерге орналастыру іс-қимылдарының мазмұны және орындау әдістері жеке кәсіпорындарға, мекемелерге және ұйымдарға жер бөліп беруге байланысты жерге орналастыру іс қимылдарынан ерекше. Сондықтан қазіргі кезде шаруашылық аралық жерге орналастыру алты түр тармаққа бөлінеді. Қазіргі кездегі шаруашылық аралық жерге орналастырудың құрылымы 4.4 кестеде берілген.
Шаруашылық аралық жерге орналастыру(ШАЖО) бір топ шаруашылықтардың, ал кейбір кезде бүкіл ауданның территориясында немесе жеке саланың (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және т.с.с.) шеңберінде жүргізіледі. Нақтылы түрде шаруашылық аралық жерге орналастыру әртүрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың мүдделерін олардың жер иеленулері мен жер пайдалануларын құру немесе қайта құру арқылы қанағаттандырып отырады.
Ішкі шаруашылық жерге орналастыру (ІШЖО) тек ауылшаруашылық кәсіпорындарының, серіктестіктердің, кооперативтердің және шаруа (фермерлік) қожалықтардың (ШФҚ) шеңберінде ғана жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты жерді өңдеудің жаңа технологиясын енгізуге, топырақты әртүрлі техногендік және табиғи теріс ықпалдардан қорғауға, мәдени ландшафттарды жойылудан сақтап қалуға және жаңаларын қалыптастыруға қолайлы территориялық жағдай жасау.
Ішкі шаруашылық жерге орналастыру формаларының бөлінуі тәлімі және суармалы егіншілік аймақтарында жобалау әдіс-тәсілдерінің әртүрлі болуымен байланысты.
Тәлімі егіншілік аймақтарында жер учаскелерінің пайдаланылуы топырақ қорғау жүйесін, эрозия (жел, су немесе олардың қосыла әсер етуі) қауіптілігін, жердің сортаңданғандығын және басқа да осы тәріздес теріс ықпалдарды ескере отырып ұйымдастырылады. Сонымен қатар басқа территориялардың да (аридтік және маусымдық жайылымдар) ерекшеліктері ескерілуі мүмкін.
Суармалы егіншілік дамыған аймақтардағы жерге орналастырудың ерешеліктері - ішкі шаруашылық территорияны реттестіруді суару және коллекторлық-дренаждық жүйелерінің, оның жеке элементтерінің орналасуымен, суды пайдалану мәселелерімен тығыз байланыста орындау.
Учаскелік жерге орналастыру жеке учаскенің немесе алқап түрінің шеңберінде жүргізіледі. Жерге орналастырудың бұл түрінде жұмыс жобаларының типтеріне қарай мынадай түр тармақтарын белгілеуге болады:
- ауылшаруашылық алқаптарды жақсарту;
- бүлінген жерлерді қалпына келтіру (рекультивация);
- жаңа жерлерді игеру;
- мәдени-техникалық шараларды жүргізу;
- эрозияға қарсы шараларды жобалау;
- мелиоративтік шараларды жоспарлау және т.б.
Шешетін мәселелеріне және орындау әдістемесіне қарай учаскелік жерге орналастыру жерге орналастырудың бақа түрлеріне қарағанда өзгеше. Соған байланысты ол жеке пән ретінде өтіледі.
Жерге орналастыруды жобалау «Жалпыдан – жекеге» принципі негізінде орындалады. Жобалау жұмыстары жоба алды облыстық, аудандық жерге орналастыру схемаларына, жерлерді аймақтау жобаларына, жерді тиімді пайдалану республикалық, облыстық және аудандық бағдарламаларына немесе болжам схемаларға негізделуі тиіс. Ауылшаруашылық жер пайдалануын құру жобасында оның ішкі территориялық орналастырылуы схема түрінде қарастырылады. Ал ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобасын жасауда шаруашылық аралық жерге ораластыруда қарастырылған шаралар ескеріледі. Солай әрқашан жерге орнастырылу жобалары бір бірімен тығыз байланыста орындалады. Кейбір жағдайларда, ондайлар болатын болса, жерге орналастыру жобасын жасауда мелиоративтік, жол салу және т.с.с. жобаларда қарастырылған шешімдер ескеріледі.
Бақылау сұрақтары:
1. Жоба алды жұмыстар?
2. Аудандық жерге орналастыру схемасының мазмұны және оны жобалау.
3. Жерге орналастыру жобаларын топтастыру