Отбасы адамзат пайда болуымен қатар қалыптасқан ежелгі қоғамдық формалардың біріне жатады.
Отбасы – неке мен қандас туыстық қатынасқа негізделген, ортақ мекен-жайы, өндіруші формасы, экономикалық мүддесімен сипатталатын және балалардың әлеуметтенуіне жауапкершілікпен қарайтын әлеуметтік топ болып табылады.
Кез-келген қоғамда отбасы екі жақты сипатқа ие болады. Бір жағынан отбасы - әлеуметтік институт, екіншіден – кішігірім әлеуметтік топ ретінде сипатталады. Отбасы институттарымен неке институты тығыз байланысты. Неке – еркек пен әйел қарым-қатынастарының ресми нормалар арқылы реттеліп, жұбайылық пен ата-аналық құқықтар мен міндеттердің белгіленіп отыратын тарихи формасы.
Отбасы шағын әлеуметтік топ ретінде индивидтің мүдделерін қоғамдық мүдделермен байланыстыруға, туыстық байланыстарға, жұбайлар, ата-аналар мен балалар, жақын туыстары арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге негізделеді.
Отбасы атқаратын міндеттеріне, отбасындағы билікке, өркениетті даму типіне қарай дәстүрлі (патриархалды) және эгалитарлы болып бөлінеді.
Дәстүрлі отбасы – авторитарлық басқару үрдісіндегі сияқты бір адамның билігіне негізделеді. Яғни, отағасының беделі үстем, отбасылық өмірдегі барлық маңызды мәселелерді өзі шешіп, отбасы мүшелерінің қауым алдындағы тәртібіне де өзі жауап береді және сыртқы ортада отбасының өкілі болып есептеледі. Отбасылық қарым-қатынастар отбасы мүшелерінің қалыптасқан иерархиялық рөлі негізінде құрылады.
Эгалитарлы отбасы – демократиялық қарым-қатынасқа, әйел мен еркек арасындағы теңдікке, әріптестікке негізделген.
Отбасы қызметтері:
1) репродуктивті қызметте – іштен өсе отырып, өзін қайталап өндіру механизміне ие болады. Яғни, баланың дүниеге келуі арқылы отбасы қоғамның биологиялық үздіксіздігін қамтамасыз етеді;
2) тәрбиелік қызметте – баланың өміріндегі ең жауапты кезеңде отбасы оны әлеуметтендіріп, орнықты дамуыны жағдай жасайды, қабілетін, талабын, қажеттіліктерін айқындайды.
3) шаруашылық тұрмыстық қызмет – отбасы мүшелерінің сұраныстарын қамтамасыз ету, олардың денсаулықтарын қолдау, балаларға қамқор болуымен сипатталады;
4) экономикалық қызмет – кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерін материалдық жағынан қамтамасыз ету, оларға қолдау көрсетуге негізделеді;
5) алғашқы әлеуметтік бақылау - әлеуметтік өмірдің әртүрлі салаларында отбасы мүшелерінің тәртібін моральдық жағынан қалыптастыру, жұбайлар қарым-қатынастарындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді, балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастарды ретттеу қызметін атқарады;
6) рухани қатынасты дамыту қызметі – отбасы мүшелерінің тұлғасын қалыптастыруға, олардың рухани құндылықтарын байытуға, некелік одақтың достық негізін бекітуге негізделеді;
7) әлеуметтік мәртебе беру қызметі – отбасы мүшелеріне белгілі бір әлеуметтік мәртебе беретін қоғам құрылымын ұдайы жетілдіріп отыруға арналады;
8) әлеуметтік және сезімдік қорғау қызметі – адамға жақын туыстары тарапынан қолдау көрсетіп, адамның өзін отбасында қадірлі, сүйікті сезініп, өміріне араша түсетін жандардың барын ұғынуы оның қамқорлық, қауіпсіздік сезімін оятып, бойына рухани күш-жігер, сенімділік береді;
9) фелициотологиялық қызмет – отбасындағы сүйіспеншілік, махаббат пен бақытқа негізделеді.
Некелік – отбасылық қатынастардың тарихи типтері және түрлері. Қазіргі Қазақстан қоғамындағы отбасының рөлі. Отбасылық проблемалар
Отбасы адамдардың әлеуметтік қауымдастығының ежелгі формаларының бірі. Отбасының тарихи дамуы туралы мәселе әртүрлі қоғамдық ғылымдардың зерттеу өзегі болды.
Америка ғалымы Льюис Морган (1881-1881) өзінің этнологиялық зерттеуінің нәтижесінде (солтүстік Америка тайпаларындағы индеец-ирокездерді зерттеген) «Ежелгі қоғам» деген еңбегін (туыстық отбасылық қатынастар туралы) жарыққа шығарды. Ол еңбегі бойынша, ежелгі отбасының пайда болуы ешқандай нормалар арқылы реттелмейтін қауымдастықтар мүшелерінің арасындағы жыныстық қатынастардан басталды деп көрсетті. Кейіннен ғалымдар Морганның зерттеуіне сүйене отырып, отбасының даму тарихын мынадай фазаларға бөлді:
1) промискуитет – адамзаттың тағылық сатысына негізделеді. Бұнда қоғамның барлық мүшелерінің арасында шексіз жыныстық қатынас орнаған.
Келе-келе жыныстық қатынастар шектеліп, жеке топтар қалыптаса бастаған. Бұл процесс келесі отбасы формасының қалыптасуына негіз болды.
2) қандас-туыстық отбасы – топтық некемен сипатталады. Бұнда жыныстық қатынасқа түсуге бір ұрпаққа жататын адамдардың арасында ғана рұқсат етілген. Бір ұрпаққа жататын адамдар (аға, сіңілі, қарындас т.б) өздерінің туыстық деңгейлеріне тәуелсіз бір отбасын құрған. Бұндай отбасы эндогамиялық қауым бола отырып, бір адамның ұрпағын немесе бір руға, бір тайпаға жататын адамдарды отбасы қылып біріктіреді.
Кейіннен жыныстық әріптестердің ортасы азаюына байланысты дамыған отбасы формаларының қалыптасуына әкеліп соқты.
3) пуналуалды отбасында жыныстық қатынастардан әйел жақтың қандас жақын, алыс туыстары ажыратылады. Бұл отбасы типіне әлі де топтық неке жатады. Бірақ эндогамияның орнына экзогамиялық қауым қалыптасты. Яғни, экзогамиялық некеде әртүрлі ру адамдарынан отбасын құру жүзеге асқан.
Пуналуалды отбасы сонымен қатар бір әйел мен бір еркектің арасында ұзақ та тұрақты байланыстың орнауымен ерекшеленді. Бұл байланыс алғашқы болып жұптық некенің қалыптасуына негіз болды.
4) синдиасмикалық отбасында бір еркектің бір әйелмен тұрып, сондай-ақ өзінің полигамиялық (бірнеше топтың арасындағы некелік қатынас) белгісін, яғни топтық некелік белгісін сақтауға рұқсат етілді. Бұндай отбасында некелік қатынас оңай бұзылып, ер адам өзінің жыныстық әріптестерін алмастырып отырған (бала болған жағдайда ол анасына қалдырылған).
Кейіннен қоғамның жетілдіріле бастауына байланысты еркек пен әйелдің арасындағы жыныстық қатынастарды реттеу арқылы моногамиялық отбасы құрылды. Ол рулық құрылымның ыдырап, жеке меншік пен таптардың пайда болуы кезінде қалыптасты.
5) моногамиялық отбасы – бір еркек пен бір әйелдің арасында тығыз некелік байланыстың орнауымен ерекшеленеді. Моногамияның қалыптасуы – жеке меншіктің пайда болып, оны қорғауға тырысу, әкелік құқықты сақтап, отбасы мүлкін иеленуге ұрпағының құқығын қамтамасыз ету себептерімен байланыстырылады.
Моногамиялық отбасының күшеюімен қатар ескі рулық құрылым ыдырап, адамзат қауымының жаңа формасы қалыптасты.
Сонымен, отбасының тарихи дамуы – реттелмейтін жыныстық қатынастардан басталып, олардың моногамиялық отбасы шеңберінде шектелуімен жүрді. Нәтижесінде әйел мен еркектің арасындағы байланыстар күшейіп, отбасы мүшелерін берік некелік одаққа біріктірді.