1. Әлеуметтік теңсіздік ұғымы. Қоғамның әлеуметтік құрылымы және оның негізгі элементтері.
2. Әлеуметтік стратификация ұғымы мен факторлары.
3. Қазақстан қоғамының әлеуметтік стратификациясының ерекшелігі.
Әлеуметтік стратификация - қоғам мүшелерінің материалдық байлықты, табысты, артықшылықты, мәртебені, билікті, құқық пен міндеттерді иеленуінің бірдей болмауынан көптеген әлеуметтік топтарға, таптарға бөлінуі.
Әлеуметтік мобилдеу теориясы индивидтерді не әлеуметтік нысанның, адамдардың қызметімен жасалып, жетілдірілген құндылықтарының бір әлеуметтік бағыттан екіншісіне көшуі
Тік мобилдік – индивидтің не әлеуметтік нысанның өзгеруіне жағдай туғызатын өзара әрекеттердің жиынтығы.
Көлденең мобилдік - индивидтің не әлеуметтік нысанның сол бір деңгейдегі әлеуметтік бағыттан екіншісіне ауысуы.
Зиялылар – жоғары мамандандырылған ой еңбегімен кәсіби айналысатын және ол үшін қажетті арнайы жоғары білімі бар адамдар.
Бизнесмен – жоғары білімді, жан-жақты дамыған, әдетте кәсіптік мектепті, колледжді, университетті бітірген маман.
Кәсіпкер топ мүшелері шағын өндіріс қожайыны қызметін атқарушы.
Фермерлер – азын-аулақ малы бар, жерді жалға алған, немесе сатып алған бұрынғы колхоз, совхоздардың жұмысшылары.
Маргиналдық құбылыс – индивидтің нақты бір қауымдастыққа жататын белгісін жоғалтып, белгілі бір топпен субъективті қарым-қатынасынан айырылуы.
Урбандалу – қалалардың, қала халқының өсуінің, олардың қоғам дамуындағы рөлінің артуы және ірі қалаларға, басқа да халыққа тән белгілердің, ерекшеліктердің, өмір салтының таралуының әлеуметтік процесі.
Маргиналдар – адамдардың, әлеуметтік топтардың немесе кіші топтардың өкілдерінің жиынтығы, олардың санасы, мінез-құлқы және мәртебесі олардың түйісер жерінде, екі аралықта қалып өзара әрекет етуші әлеуметтік топтар.
Дәріс тезистері:
1. Әлеуметтік теңсіздік ұғымы. Қоғамның әлеуметтік құрылымы және оның негізгі элементтері.
Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін социологияда "әлеуметтік стратификация" ұғымы пайдаланылады. "Стратификация" терминінің өзі социологияға геологиядан келген. Ағылшын тілінде «strata» немесе «stratum» сөзі алғашында гелогиялық қатты, ал «stratifiсation» сөзі қабатталу, қатталу деген ұғымды білдірген. Социологтар әлеуметтік теңсіздікті белсенді зерттей бастаған кезде [18] осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа: қоғамды белгілі бір қаттар мен қабаттарға бөлу мағынасы ие болған. Қоғам әрқашан да құрылымға ие болатындықтан [19], оның ішіндегі адамдардың әр түрлі негіздер бойынша дифференциациялануы әрқашан болған.
Алайда, теңсіздік табиғаты туралы сөз қозғалатын кез келген ғылыми әдебиетпен алғашқы танысудың өзі стратификация процесі мен әлеуметтік мобильділік проблемалары зерттеушілер арасында осы ұғымның мазмұны мен көлеміне қатысты бірыңғай көзқарастың жоқ екендігіне көз жеткізеді. Сол сияқты әлеуметтік қауымдастықтарды білдіретін әлеуметтік тап, сословие, страта, мәртебелік топтар сияқты талдау бірліктері де әр уақытта бірдей баяндала бермейді.
Әлеуметтік тап – әлеуметтік стратификация теориясындағы ірі таксонометриялық талдау бірлігі. Бұл ұғым стратификация теориясы пайда болардан көп бұрын туған [20]. Әлеуметтік құрылымды талдаудың маңызды принципі таптық көзқарас болып табылады. Оның негізінде әлеуметтік қарым-қатынастар мен материалдық өмірдің әртүрлі шарттарын себептік түсіндіру жатыр. Тіршілік ету құралдарын өндіру процесі анықтаушы болып табылып, ал оның бастау алатын жері еңбек бөлінісі болғандықтан, қоғамдық өндіріс жүйесінде әртүрлі орынды иеленетін адамдардың топтары басым әлеуметтік элементтер болады. Тап ұғымы – айтарлықтай ірі "көлемді" аналитикалық бірлік, ол қоғамдағы елеулі, шегіне жеткен жалпы өзгерістерді зерделеуге арналған және басқа маңызды, бірақ мүмкін оншалықты елеулі мәнге ие емес қазіргі заманғы қоғамдағы "глобальді" өзгерістерді зерттеуге арналмаған. Сондықтан аналитиктер талдаудың анағұрлым нақты және икемді бірлігін – "страта" немесе қабат ұғымын бөліп қараған.
Қабаттар – еңбек сипатындағы айырмашылық қажеттіліктердегі, оларды қанағаттандыру құралдарындағы және өндірістен тыс қызметі құрылымындағы айырмашылықтарға әкеп соғатын кезде, бөлінген және біртекті емес еңбек нәтиижесінде пайда болған әлеуметтік қауымдастық.
Сонымен қатар, стратаны бөліп қарауға негіз болатын кез келген белгі емес, тек мәртебелік белгі, яғни берілген қоғамда объективті түрде "жоғары – төмен", "жақсы – жаман", "мерейлі – мерейсіз" рангілі сипат алатын белгі екеніні ойда болуы қажет.
Тек дифференциацияланған, бірақ мәртебелік емес топтарды бөліп қараудың негізін белгілердің тұтас қатары құрауы мүмкін. Мысалға, халық музыкасын ұнататындар немесе футбол командасының жақтастары көбінесе белгілі бір мәдени топтың оның мәртебелік аспектісіне қатыссыз өкілі ретінде қарастырылады. Алайда орын иеленулер қоғамда маңызды сипат алатын белгілі бір кіріс деңгейімен немесе әлеуметтік позициямен корреляцияланатын болса, онда бұл топтар мәртебелік болады. Бұл орайда әлеуметтік топ ұғымы – талдаудың әлеуметтік қабатқа қарағанда азырақ анықталған және белгіленген бірлігі. Кей кездері "қабат" ұғымының орнына "топ" деген ұғымды кездестіруге болады. Бірақ қабат ретінде анықтауға болмайтын, тек топ ретінде ғана анықталатын қауымдастықтар бар. Айталық, отбасы – шағын әлеуметтік топтың неғұрлым типтік үлгісі. Алайда кірісі жоғары (немесе кірісі аз) отбасыларының өкілдері зерттеулерде қабат ретінде кездеседі.
Ранг ұғымы стратификацияны талдауда шешуші мәнге ие болады. Ол страталардың өмір сүруінде бағалау факторлары: адамның қайдай да бір жағдайдағы мінез-құлқының желісі, оның өзін және айналасындағыларды рангтеуге көмектесетін белгілерге негізделген бір нәрсеге, ұстанымдарға қатынасы үлкен роль атқаратынын көрсетеді.
Әлеуметтік мобильділік – бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесіндегі адамның жағдайының өзгеруімен байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі.
Адам туылғанда аскриптивті немесе жазылып қойылған мәртебе деп аталатын өзінің ата-аналарының мәртебесін алады. Ата-аналары, туыстары және отбасына жақын адамдар балаға солардың ортасындағы мінез-құлық нормаларын, тиістілік және мерейлер туралы түсініктерін береді. Алайда адам өзінің қызметінің белсенді кезеңінде бұл қабаттағы жағдайына қанағаттанбауы, одан да зорына ұмтылуы және қол жеткізуі мүмкін. Соңғы жағдайда ол қол жететін мәртебеге ие болады. Егер де адамда мәртебесі анағұрлым мерейлі, жақсы мәртебеге өзгерсе, онда жоғарылау мобильділік орын алды деуге болады. Алайда адам өмірлік катаклизмдер (жұмысынан айрылу, ауыру және т.с.с.) нәтижесінде төменгі мәртебелер тобына өтуі де мүмкін – бұл кезде төмендеу мобильділік орын алады [21]. Зерттеушілер әлеуметтік мобильділіктің барлық түрлерін (ұрпақаралық, кәсіптік және т.б.) бөліп қарауға мүмкіндік беретін статистикалық процедуралар мен көрсеткіштер жүйесін пайдаланады, бұл жалпы алғанда халық қозғалысының әр алуан түрлерін иалдауға мүмкіндік береді.
Тік орын ауыстырулардан (жоғарылау және төмендеу мобильділіктері) басқа горзонтоль орын ауыстырулар болады, ол табиғи мобильділіктен (бір жұмыстан екінші жұмысқа мәртебесін өзгертпей ауысу) және аумақтық мобильділіктен (бір қаладан бір қалаға көшу) құралады.
Санасы, мінез-құлықтары мен мәртебелері олардың қиылысында, аралық жағдайда және көп жағдайда қандай да бір себептермен өзара әрекеттес әлеуметтік топтардың біріне ұзақ уақыт бойына қаламауынан немесе қолынан келмегендігінен бейімделе алмауымен анықталатын адамдардың, қандай да бір әлеуметтік топтар өкілдерінің жиынтығы маргиналдар деп аталады(от латынның marginalis – шеттегі тұрған деген сөзінен). Олардың мәртебесі шығу тобы мен басымдық танытушы топтың арасындағы шекаралық, аралық сипатқа ие, сондықтан бір мәнді өзін-өзі сәйкестендіруге келмейді [22].
Өз зерттеулерінде бұл проблематикаға қатысы болатын әрбір социолог өзінің қоғамды топтарға стратификациялайтын өзіндік белгілерін бөліп қараған, алайда барлық ғалымдар мұндай бөлінудің себепшісі әлеуметтік теңсіздік деп есептеген. Стратификациялық белгілердің жинақталымы мен иерархиясы берілген нақты қоғамның өзінің дамуының белгілі бір уақытындағы ерекшелік әлеуметтік, экономикалық, этникалық сипаттамаларына тәуелді.
Социологиядағы әлеуметтік стратификацияның негізгі тұжырымдамаларын қарасырамыз. Энтони Гидденс "стратификация әртүрлі топтардың, адамдардың арасындағы құрылымдалған теңсіздік ретінде анықталуы мүмкін" деп есептейді. Америкалық социологиялық сөздікте мынандай анықтама берілген "Адамдар теңсіздіктің қандай да бір өлшемімен иерархиялық ұйымдастырылған қатарға тізілгенде әлеуметтік дифференциация әлеуметтік стратификацияға айналады" [23]. Болгар социологы Чавдар Кюранов "әлеуметтік стратификация тұтас қоғамдық құрлымдағы горизонталь қабаттар жүйесін білдіреді" деп есептейді. Нейл Смелзер "стратификацияны теңсіздіктің бір ұрпақтан бір ұрпаққа берілуіне көмектесетін тәсілдермен баланысты; бұл ретте қоғамның әртүрлі қабаттары пайда болады" деп ұйғарады [24].
"Әлеуметтік стратификация" ұғымының теориялық-әдістемелік негізін жасауға елеулі үлес қосқан М. Вебердің, К. Маркстің, П. Сорокиннің, У.Л. Уорнердің, Д.Дж. Трейманның, Б. Барбердің еңбектері, Т. Парсонстің функционалдық мектебіне жататын социолог ғалымдардың жұмыстары болып табылады [25]. Әлеуметтік теңсіздік проблемасын қақтығыстар теориясының өкілдері де назардан тыс қалдырмаған. П. Сорокиннің стратификациялық теориясы жалпы қоғамды әртүрлі әлеуметтік қабаттарға бөлу принциптерін сипаттайтын анағұрлым салмақты тұжырымдамалардың бірі болып табылады.
Әлеуметтік теңсіздік жөніндегі көптеген идеялар маркстік страфикация мен таптар теориясынан алынған, онда таптық құрылымның, таптар арасындағы қатынастың, тарихтың қозғаушы күші ретіндегі таптық күрестің жан-жақты тұжырымдамасы баяндалған.
Барлық әлеуметтік құбылыстардың дамуындағы экономиканың негіз қалаушы ролі туралы өзінің негізгі тезисін ұстана отырып Карл Маркс таптардың барлық негізгі сипаттамаларын туынды ете отырып, өзінің әлеуметтік қабаттану моделінің негізіне өндірістік қатынастарды алған.
К. Маркс экономикалық ұйымның кез келген түрінде өндіріс құралдарына ие үстем тап және үстем тапқа қызмет ететін тап бар деп сендіреді. Ол сол сияқты люмпендердің – қоғамнан толық шығып қалған адамдардың болатынын да ескерген [26].
Әлеуметтік стратификация проблемасына қазіргі заманғы көзқарастың негізін Макс Вебер қалаған болатын, ол әлеуметтік құрылымды таптармен және оларды тудырушы меншік қатынастарымен қатар әлеуметтік мәртебе мен билік те маңызды орын алатын көп өлшемді жүйе ретінде қараған. М. Вебердің К. Маркстен айырмашылығы, ол экономиканы ұйымдастыруды стратификацияның негізі деп санамастан, экономикалық сипаттамалардың бастапқылығы тезисінен бас тартты және "стратификацияның үш автономды өлшемдері" туралы өзінің ұғымын тұжырымдады [27].
Ол теңсіздіктің негізгі үш компонентін бөліп қарап, оларды өзара байланысты, бірақ сонымен бірге елеулі қатынастарда тәуелсіз деп есептеді: мүліктік теңсіздік, мәртебелік мерей және билік. Билік деп адамның (немесе адамдар тобының) жоспарларды іске асыру, іс-қимыл қолдану немесе белгілі бір саясатты тіпті басқа адамдар мен топтар тарапынан болған келіспеушілікке қарамастан жүргізу қабілеті түсініледі.
Стратификацияның үш тобы да бір қоғамның ішінде, бір адам материалында болады, әртүрлі конфигурацияларда, бір қоғамнан бір қоғамға және бір тарихи кезеңнен бір тарихи кезеңге көшіп жүре береді.
Қарама-қайшы көзқарас Уорнердің "репутациялық теориясында" баяндалған[28]. У.Л. Уорнер америкалық қоғамдағы бөліп қараған страталарын "әлеуметтік тап" деп атаған. Бірақ бұл біздің тарихи материализмнен білетін тап емес: марксистік тап меншікке қатысты берілген, ал Уорнер тапты әлеуметтік мерейі бойынша, яғни берілген қоғамдағы оның мүшелеріне қатысты бөледі. Алғашында У.Л. Уорнер қандай да бір тапқа қатынас ең алдымен экономикалық параметрлермен (өндіріс пен бөліністегі кірістер мен функциялар) анықталады деп ұйғарған, яғни өз теориясында негізгі марксистік тезистерді басшылыққа алған. Алайда бірінші кезеңдегі зерттеу нәтижелері оның гипотезаларын теріске шығарды. Ол шамамен бірдей табыс табатын бір кәсіптің өкілдері "әлеуметтік мерейінің" сипаттамасы бойынша әртүрлі деңгейде болатынын аңғарған. Мерейдің адамның қоғамдағы экономикалық параметрлермен негізделген жағдайымен қандай да бір байланысы болғанымен, әлеуметтік мерей сонда да болса бәрінен де күшті адамның өндіріс пен игілік бөлінісіндегі орнымен емес, оның осы игілікті тұтыну құрылымымен, яғни өмір салтымен, мінез-құлықымен және ең соңғы кезектегі емес оның ұстанымдарымен байланысты. "Өмір салтының негізінде жатқан мұндай тұрақты, қайталанатын мінез-құлықтың негізінде берілген әлеуметтік жиынтықтың мәдениетінде немесе кіші мәдениетінде бекітілген эталондар болатыны айқын". Осылайша эмпирикалық материалдың көмегімен У.Л. Уорнер іс жүзінде Макс Вебердің "мәртебелік топ" деген атпен сипаттаған стратасын ашты. Сол кезден бастап ғылыми терминологияда адамның қоғамдағы оған деген қатынасымен өлшенетін орнын анықтайтын "әлеуметтік мәртебе" ұғымы берік қалыптасқан, оның өлшемін өз кезегінде "әлеуметтік мерей" деп санау қалыптасқан.
У.Л. Уорнер "тап" ұғымының анықтамасын береді: "Тап деп оларға қатысты оларды әлеуметтік анағұрлым жоғары немесе анағұрлым төмен жағдайды иеленеді деп ұйғарылатын және берілген қоғамның мүшелері оларды тура осылай рангтейтін адамдардың екі немесе одан да көп қабаттарын түсінген жөн. Осы таптың мүшелері жұбайларын өз табының ішінен таңдауға тырысады, бірақ қоғамның құндылықтары жоғары не төмен орналасқан қабаттан жұбай таңдауға жол береді. Таптық жүйе сонымен балалары өздерінің ата-аналары иеленген мәртебе ие болатынына кепілдік береді. Таптық қоғам құқықтар мен артықшылықтарды, сондай-ақ борыштар мен міндеттерді ондағы анағұрлым жоғары және анағұрлым төмен жағдайларға қатысты бірқалыпты бөлмейді. Таптық жүйенің касталықтан айырмашылығы әлеуметтік саты бойынша жоғары және төмен қозғалыстарды құндылық деп қарастырады.
Талкотт Парсонс "Әлеуметтік стратификация теориясына аналитикалық көзқарас" атты жұмысында қоғам туралы функционалдық ұғымды теориялық негіздей бастайды. Қоғамның стратификациялық жүйесі бір жағынан еңбек бөлінісіне және әртүрлі топтардың әлеуметтік дифференциациясына негізделген болса, екінші жағынан, ол – қандай да бір қызметтің маңызын анықтайтын және марапаттар мен ынталандыруларды бірдей бөлмеуден пайда болатын қалыптасқан әлеуметтік теңсіздіктерді заңдастыратын қоғамдағы үстем құндылықтар мен мәдени стандарттар жүйесі әрекетінің нәтижесі. Т.Парсонс өзінің әлеуметтік әрекет теориясында әлеуметтік стратификацияның әмбебап белгілерін ұсынған:
"Сапа", яғни жеке адамға белгілі бір мінездемені, позицияны таңып жазу;
"Атқару", яғни жеке адамның қызметіне басқа адамдардың қызметімен салыстыра баға беру;
материалдық құндылықтарға, талантқа, шеберлікке, мәдени ресурстарға және т.б. "ие болу". Осы жерде Т. Парсонс бұл үш әмбебап объектілерді бағалаудың қоғамдағы үстемдік етуші құндылықтар үлгісіне сәйкес жүзеге асырылатындығын атап көрсеткен.
Функционализм тұжырымдамасы анағұрлым анық және толық түрде К. Дэвис пен У. Мурдың "Стратификацияның кейбір принциптері" атты жұмысында баяндалған. Функционалдық көзқарастың негізгі тезисі – "кез келген қоғамдағы стратификация функциясы (ал стратификация кез келген қоғамда болады) қоғамдағы жағдайды ол үшін анағұрлым өмірлік маңызы бар неғұрлым қабілетті және білікті адамдармен қамтамасыз ету болып табылады" [29].
Сөйтіп, Уорнердің эмпирикалық тәжірибелерінен, ал теорияда – Т. Парсонстің, Д. Мурдың және К. Дэвистің алғашқы мақалаларынан бастап "әлеуметтік мерейді" социологтар жеке адамның немесе топтың экономикалық жағдайының туындысы ретінде емес, дербес айнымалы ретіндегі мінездеме ретінде қарастырады.