Жоңышқа қарқынды түрдегі дақыл, сондықтан оған қарқынды технологияның барлық элементтерін қолданған жөн:
1. Ылғалға қатаң талаптар қоятынын ескере отырып жақсы ылғалданған аудандарға, ағын сулары терең емес (2,0 - 2,5 м) ойпаңдау жерлерге, өзінен кейін мол пай далы ылғал қорын қалдыратын алғы дақылдан кейін орналастыру қажет.
2. Жоңышқаның себілген жылы баяу өсетінін, арам шөппен ластануға бейімділігін ескеріп, алғы дақылдарды, топырақ өңдеу, гербицидтер қолдану, егістікті күтіп - баптау т.б. шараларды жүргізе отырып арамшөпке қарсы ерекше күреске назар аударған дұрыс.
3. Жоңышқа тұқымы саяз сіңірілетін дақыл екендігін еске алған жөн жəне тұқымның жоғары далалық өнгіштігін топырақтың беткі қабатында ылғал қоры мол болғанда ғана алуға болады, оның үстіне жаздың екінші жар тысында жоңышқаның себілмегені шарт, себебі бұл жағдайда оның егістігі қыстың суығына төтеп бере алмайды. Тіршілігінің бірінші жылындағы басты мəселелердің бірі жақсы егін көгін алу жəне оны арамшөптен қорғау болып табылады.
4. Жоңышқаның бір орында 4 - 5 жыл өсірілетінін ескеріп, фосфор мен калий тыңайтқыштарының нормасын топыраққа негізгі тыңайтқыш ретінде барлық жылдары алынатын өнімге сəйкестендіріп, ал азот тыңайтқышын үстеме қоректендіру жолымен енгізу қажет.
5. Сабақ бітіктігі селдіреп қалған ескішақты жоңышқаны егістікте қалдырмаған дұрыс.
6. Міндетті түрде қоректік заттардың барынша сақталуын қамтамасыз ететін жинау технологиясы мен мал азығын сүрлеуді қарастыру керек.
Жоңышқаны арамшөптен таза, ылғалдылығы мол топырақтарда өсірген дұрыс. Шөпті - отамалы дақылдар ауыспалы егістерінде жоңышқаны – сүрі танапты ауыспалы егістерде – сүрі танапқа себілген бидайдан кейін орналастырады.
Көпжылдық шөптерді жақсы алғы дақылдан кейін орналастыру пішен өнімін 5 - 15 ц/га арттыруға мүмкіндік береді, ал 3 жыл пайдаланғанда, əр гектардан қосымша кем дегенде 12 - 40 ц пішен жинауға болады, қысқасы жоңышқаны жақсы алғы дақылдардан кейін орналастыру – экономикалық жағынан аса тиімді.
Жел эрозиясына ұшырамаған аудандарда көктемде бүркемесіз себу үшін топырақты шолақ түренді соқамен терең аудара жыртады, жел эрозиясына ұшыраған далалық аудандарда паялы алқаптарды сыдыра жыртқыштармен өңдейді. Жоңышқа негізгі өңдеуді тереңірек жүргізуді қажетсінеді, алайда бірқатар тəжірибелер нəтижесі бойынша терең аудара жыртқан жерде пішен өнімі бірінші шабыста ғана жоғарылайтындығы анықталды, дегенмен, бұл шөп егістігін пайдаланудың барлық кезеңіндегі өнім шығымына əсер етеді.
Ерте көктемде бүркемесіз себілетін алқаптағы топырақты тегістеуге бағытталған бүкіл жұмыстар күзде жүргізілуге тиіс, ал ең жақсысы – мүлде жүргізбеу керек, мұнымен ылғал шығыны азаяды, ерте көктемде, яғни сəуірдің екінші жартысында жоңышқаны сеуіп тастайды.
Ылғалмен жақсы қамтамасыз етілген аудандарда себу мерзімін мамырдың ортасына қарай жылжытуға болады. Бұл жағдайда негізгі өңдеудің əдісіне қарай себу алдындағы топырақ өңдеу анықталады (аудара жыртылған алқаптарда - культиватормен өңделеді, тырмаланып, тығыздалады). Сыдыра жыртқыштармен өңделген жерде себу алдындағы өңдеуді КПШ - 9 культиваторымен жүргізеді, мақсаты – арамшөпті құрту, топырақтың беткі қабатын (5-6 см) қопсыту, мүмкіндігінше аңызды бұзбай сақтау. Себу аңызды тұқым сепкішпен немесе дəнді - шөпті СТС - 2,1, СЗТ - 3,6 т.б. тұқым сепкіштерімен жүргізіледі. Аңыз жоңышқа көгін ерте көктемгі кезеңде шаң дауылынан сақтайды. Себуге дейін топырақты буылтық таптағышпен ЗККШ - 6, ЗКК-6 тығыздау барлық жағдайда қажет. Жоңышқа калий жəне фосфор тыңайт қышын қажетсінеді, ал азот тыңайтқышымен үстеме қоректендіру тиімсіз деген пікір бар, алайда Қазақстанның көптеген топырақтарында фосфор аз, ал калийге бай, сондықтан фосфор (негізгі өңдеудің астына) жəне азот (үстеме қоректендіруге) тыңайтқышын ғылыми дəлелденген нормамен енгізу арқылы барлық жерде айтарлықтай қосымша өнім жиналады. Суармалы жерлерде потенциалды жоңышқа өнімін алу үшін калий тыңайтқышын да пайдалануға тура келеді.
Фосфор тыңайтқышының есептелген нормасын (қажет болғанда калий тыңайтқышын да) жоспарланған өнім жағдайына қарай шөптілікті пайдаланудың бүкіл кезеңіне сəйкестендіріп (3 - 4 жылға), ал суармалы жерлерде 6 - 8 жылға енгізген жөн, ал есептелген азот тыңайтқышын үзіп көктем жəне əрбір шабыстан кейін шашып (1РМГ - 4), соңынан БЗСС - 1,0, БМШ - 10 т.б. сіңіріп отырады.
Жоңышқаның ылғалдылығына жағдайларына байланысты таза күйінде (бүркемесіз) немесе бүркемелі біржылдық дақылдар астына себіледі. Жоңышқаны бүркемесіз егістікте сепкен жылы пішен өнімі тек қана жазғы кезеңде ылғал мол болғанда, немесе суармалы жерлерде жиналады, ал құрғақ жылдары өнім жинауға үміт артудың қажеті жоқ, ал бүркемелі егістікте бүркеуші дақылдардың есебінен бірінші жылдың өзінде шаруашылық маңызы бар өнім өсіруге болады.
Бүркеуші дақылдар жоңышқа егістігін арамшөптің басып кетуінен сақтайды, алайда олар көпжылдық шөптердің өсуі мен дамуына теріс əсерін тигізеді де олардың өнімін төмендетеді, əсіресе шөптілікті пайдаланудың бірінші жылында бұл ерекше байқалады.
Барлық зерттелген бүркеуші дақылдардың ішінде жоңышқаның өсуіне, дамуына жəне өніміне теріс əсерін мейлінше аз тигізетін дақылдар қатарына шөпке жиналатын тарылар (итқонақ, тары) жатады.
Жоңышқаны ылғал қоры мол (120 - 140 мм) алғы дақылдан кейін орналастырғанда (мəселен, таза сүрі танаптан кейін) бүркемелі дақыл ретінде бидайды пайдаланған жөн. Басқа алғы дақылдардан кейін сүрі танаптан кейінгі бидай, жүгері, ерте пішенге жиналатын тары тəрізді шөптің бүркемесіне сепкен дұрыс, мұның өзі əр гектар бүркемесіз егістікке қарағанда 4 - 14 ц а.ө. артық жинауға мүмкіндік береді, суармалы жерлерде жүгері бүркемелі дақыл болады.
Бүркемелі себу əдісі алқаптардың арамшөппен ластануын жəне олардың зиянды əсерін азайтады, алайда бүркемелі дақылдардың өздері көпжылдық шөптерге теріс əсерін тигізеді, осының нəтижесінде тіршілігінің екінші бүркемеден шыққан жылында жоңышқаның өнімі бүркемесіз себілген алқапқа қарағанда 1,5 - 2 есе төмен болады.
Қуаңшылық жылдары көпжылдық шөптерді негізінен бүркемесіз сепкен дұрыс, алайда шөптер тіршілігінің бірінші жылында егістік таза болып, арам шөптерден арылған болса себудің бұл əдісі бүркемелі əдіске қарағанда тиімді болады. Шөптер үшін сепкеннен кейін алғашқы 50 - 60 күн қауіпті, себебі көпжылдық шөптер бұл уақытта өте баяу өседі жəне қаулап өсетін арамшөпке қарсы тұра алмайды. Ондайда арамшөптерге қарсы күрес шараларын кеңінен пайдалану қажет. Біріншіден, көпжылдық шөптерге арамшөптен таза ауыспалы егіс пен алғы дақылдарды дұрыс таңдап алу, екіншіден, топырақтың негізгі өңдеуін тыңғылықты түрде қолдану, үшіншіден, себу мерзімін анықтағанда ылғалмен қамтамасыз етілу жағдайлары мүмкіндік берсе себуге дейін арамшөпке қарсы күрестің əдістерін қарастыру, төртіншіден, бүркемесіз егістіктерде тіршілігінің бірінші жылында арамшөпке қарсы күрес, оларды 2 - 3 қайтара шабу арқылы жүргізу қажет.
Алайда, өндірісте бұл шаралар ылғи тиімді бола бермейді, тіпті арамшөптерге қарсы қолданылатын бірқатар агротехникалық шараларды іске асыруға мүмкіндік бола бермейді. Атап айтқанда, арамшөпке қарсы күресті көпжылдық шөптерді, оның ішінде жоңышқаны, сепкенге дейін тиімді жүргізуге болады, ал бұл деген сөз – себу мерзімін кеш мерзімге, яғни арамшөп тұқымдары жап- пай өсетін маусымның екінші жартысына немесе шілденің басына жылжыту керек, бірақ бұл уақытта топырақтың беткі қабаты кеуіп кетеді, тіпті шөптердің егін көгі алынбауы мүмкін.
Егер жоңышқа тіршілігінің екінші жылында жоғары өнім жинау міндеті қойылса, онда гербицидтерді пайдаланып, оны бүркемесіз себу қажет. Жоңышқаның себу технологиясына СЗТ - 3,6 тұқым сепкіші сəйкес келеді, ал аңызды алқаптарда СТС - 2,1. Шаруашылықтарда дəн - шөп тұқым сепкіштері болмаған жағдайда кəдімгі астық себетін дискілі СЗП - 3,6, СЗ - 3,6 т.б., ал аңызды алқап тарда СЗС - 2,1 тұқым сепкішін пайдалануға болады.
Жоңышқаны бүркемелі əдіспен өсіргенде оның тұқымын бүркемелі дақылдың тұқымымен араластырып сеуіп те көреді, мұны олардың тұқым шамалары (тары, итқонақ, судан шөбі) мен бұл дақылдардың себу тереңдігі сəйкес келген жағдайда қолданады. Бидай арпа, сұлы бүркемелерінің астына сепкен де əуелі бүркеме дақылды себеді, соңынан топырақты 3ККШ - 6А тығыздағышпен тығыздап тегістегеннен кейін бүркемелі дақылдар қатарларына көлденең жоңышқа себіледі.
Жоңышқа тұқымының далалық өнгіштігі тұқым сіңіру мен топырақтың беткі қабатының ылғалдылығына байланысты. Топырақтың беткі қабаты ылғалды болғанда далалық өнгіштік жоғары болады, сондықтан көптеген тəжірибелерде ерте көктемде себілген жоңышқа өнімді келеді. Топырақтың беткі қабаты жақсы ылғалды болғанда жоңышқа тұқымын 2 - 3 см - ге ал жеңіл топырақтарда жəне беткі қабаттары кеуіп кеткенде 3 - 4 см - ге себеді, ешқашан 4 см-ден асыруға болмайды.
Жаздың соңында жоңышқаны себуге болмайды, себебі оның өсімдігі жақсы қыстап шығу үшін күзгі өсіп - өнуін тоқтатқанға дейін 70 - 80 күн егістікте болуы керек. Жазғы мерзімде де шектелген дұрыс, кейбір жағдайларда арамшөптермен ластанған алқаптарға ерте, жаз- да себуге болады, ол үшін алқап арамшөптерден əбден тазартылуы қажет, сонан соң жазда жауатын жауын-шашынға сəйкестендіріп жоңышқаны себуге болады. Аймақтағы жоңышқаның негізгі себу мерзімі ерте көктем деп есептеу керек.
Жоңышқаны бидайдан, басқа алғы дақылдардан кейін жəне бүркемелі əдіспен жақсы ылғалданған аудандарда көктемде сепкен жөн, бұл жағдайда себу мерзіміне дейін топырақты өңдеу жолымен арамшөпті құртуға болады. Жоңышқа сабақ бітіктігін өздігінен реттейтін қабілетімен ерекшеленеді: жиі себілгенде өсімдіктің өсімдіктер мен сабақтардың саны мен массасы азаяды.
Біздің тəжірибемізде өсімдік саны мен қоректену ауданының өзгеруі егін өніміне айтарлықтай əсер етпеді, мұның өзі пішенге өсіргенде өсімдік санының өзгеру шеңбері кең (11 - ден 75 дана/м2 дейін) болатындығына байланысты, бірақ бұл өнімге əсер етпейді, себебі аз жиіліктегі өсімдіктер қарқынды бұтақтанады да қуатты бұта түзеді, сонымен өсімдік санының кемдігін жабады.
Мал азығына жоңышқаны қатардағы əдіспен (15 - 23 см) кейде кең қатарлап (30 - 45 см) себеді. Малазықтық өнімнің өсімдік саны қатардағы əдісте бір шаршы метрде 50 - 100 өсімдік, кең қатарлы егістікте 15 - 30, ал суармалы жерлерде қатардағы əдіспен себілгенде 125 - 150 өсімдік болған жөн. Əр гектарға 4 - 6 млн. немесе 8 - 12 кг өнгіш тұқым, себу ұсынылады.
Әдебиетке шолу тарауын қорытындылай келе, қазіргі кезде адамзатты сапалы азық - түлікпен қамтамасыз ету, шешімін табуды талап ететін жаһандық мәселелердің бірі болып отырғаны мәлім. Ал, бұл мәсіленің шешемі - ауыл шаруашылығын дамытумен тығыз байланысты. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін көтеру үшін, селекция мен тұқым шаруашылығымен айналысу қажет. Азық - түлік қауіпсізігін қамтамасыз етуде, селекция ғылымының шешімін табу қажетті міндеттерінің бірі жоғары өнімді, аурулар мен зиянкестерге төзімді, өнім сапасы жоғары, қоршаған орта жағдайларына төзімді, интенсивтік технологияларды қолданып өсіруге бейім сорттар шығару тұр және де еліміздегі тұқым шаруашылығын дамыту қажет.
Мал шаруашылғын дамыту үшін, мықты жем - шөп қорын құру керек. Өйткені жем - шөп қорынсыз мал шаруашылығын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан алдағы жылдарға маңызды мақсат - Республикада мал шаруашылығын дамыту үшін, шалғындар мен тыңайған жерлерді дұрыс пайдалана отырып, малдарды жоғары сапалы малазықтық дақылдармен қамтамасыз ету. Мал шаруашылығы үшін жоғары ақуызды жем - шөп өндірісін арттыру мәселесінің табысты шешімі көпжылдық шөптерді өсірумен тығыз байланысты, бұл жерде көп жылдық шөп ретінде жоңышқа бола алады. Жоңышқа басқа жем - шөп дақылдарынан жоғары өнімділігімен, әртүрлі қоршаған орта жағдайында өсе алуымен, көп мақсаттарға пайдаланылуымен, атмосфералық азотты пайдаланып топырақ құнарлылығын арттыратындығымен ерекшеленеді. Жоңышқаны өсірудегі басты міндеті - мал азығы ретінде пішен, пішендеме, витаминді шөп ұнын, көк балауса дайындау. Ал мақсаты – жоғары сапалы мал азықтық өнім алу.
ОРЫТЫНДЫ
Дүниежүзінің кез келген елінің ауыл шаруашылығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі саладан — өсімдік және мал шаруашылығынан құралады. Олардың арасалмағы әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен еңбек ресурстарының көрсеткіштеріне және табиғат жағдайларының ерекшелігіне сәйкес өзгеріп отырады. Экономикалық деңгейі жоғары елдерде (АҚШ, ГФР, Франция және т.б.) ғылым жетістіктері мен агротехникалық шаралар кеңінен қолданылуы нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі жоғары. Мұндай жағдай кейбір жекелеген дамушы елдерде де байқалуда, бірақ оның басты себебі климаттың қолайсыз әсерінен өсімдік шаруашылығының өркен жаюына мүмкіндіктің болмауы. Бұл керініс Таяу Шығыстың кейбір елдеріне тән. Өсімдік және мал шаруашылығы тек қана өзара байланысып қоймай, олардың өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп салаларымен де тығыз байланысты. Бұл салалар арасындағы өзара байланыс агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) арқылы жүзеге асады. Мұндай кешендер құрылымы мен қуатына қарай алуан түрлі болып келеді және дамыған елдерде кең қанат жайған. Ал дамушы елдерде олар жаңа-жаңа белең алып келеді.
Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жеке меншік иелері мен жер иеленушілердің қарамағындағы 149,1 млн. га жер бар. Оның 25,7 млн. га-сы егістік, 3,6 млн. га-сы шабындық, 103,5 млн. га-сы жайылым (1998). Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту аграрлық саясаттың аса маңызды бағыты болып отыр. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі міндеті – елімізді азық – түлікпен, ал өнеркәсіпті ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ету. 2013 жылдан бастап Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасы жасалып, аграрлық сала дамуының әлемдік деңгейлеріне жету және индустриялы агроөндірісті қалыптастыру алдымызға қойылды. Ол бағдарлама бүгінгі таңда «Агробизнес 2020» бағдарламасы болып, өзінің қызметін қарқынды бастауда.
Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады. Аграрлық сектордың даму деңгейі қашан да қазақстандық қоғамның экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болып келді және әлі де болып келеді. Республика экономикасы дамуының басым бағыттарының бірі бола отырып, ауыл шаруашылығы аса зор әлеует пен үлкен қорға ие.
Бізде қазіргі таңда 180 млн. гектардан астам жайылым алқабы бар. Осындай байлығымызға қамқорлықпен қарап, оны ұтымды пайдалансақ, бұл жерлердің тиімділігіне, тіпті баға жетпейтін болады. Ол үшін біріншіден, мықты жем-шөп қорын құру қажет. Өйткені жем-шөп қорынсыз мал шаруашылығын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан алдағы жылдарға маңызды мақсат - Республикада мал шаруашылығын дамыту үшін, шалғындар мен тыңайған жерлерді дұрыс пайдалана отырып, малдарды жоғары сапалы малазықтық дақылдармен қамтамасыз. Мал шаруашылығы үшін жоғары ақуызды жем - шөп өндірісін арттыру мәселесінің табысты шешімі көпжылдық шөптерді өсірумен тығыз байланысты. Жем - шөп құрамындағы ақуыз тапшылығы, олардың өнімділігін ғана емес, сондай-ақ алынатын өнімнің сапасын төмендетеді. Мал шаруашылығының дамуы үшін мықты жем - шөп базасын құру қажет. Бұл мәселенің шешімі көпжылдық шөптерді пайдалануда жатыр, яғни негізгі ақуыз көзі ретінде жоңышқа және эспарцет бола алады.
Жоңышқа басқа жем - шөп дақылдарынан жоғары өнімділігімен, әртүрлі қоршаған орта жағдайында өсе алуымен, көп мақсаттарға пайдаланылуымен, атмосфералық азотты пайдаланып топырақ құнарлылығын арттыратындығымен ерекшеленеді. Жоңышқаны өсірудегі басты міндеті - мал азығы ретінде пішен, пішендеме, витаминді шөп ұнын, көк балауса дайындау. Ал мақсаты – жоғары сапалы мал азықтық өнім алу.
Жоңышқа ефістігі әлемде кеңінен таралған, жер шарында оның көлемі 30-дан астам млн. га жерді құрайды. Оның ішінде АҚШ-та 10-нан астам млн. га., Аргентинада 7 млн. га. жерді алып жатыр. ТМД елдерінде 8 – 9 млн, га. жетеді, оның ішінде Украинада - 1,8 га.
Жоңышқа - ең жоғары өнімділікті өсімдік, әсіресе суару жағдайында, ол вегетациялық кезеңінде 3-4 шабындықтан кейін де өзінің құрғақ массасының 100-150 ц/га өнім бере алады. Бұршақ дақылдарының бірегей ерекшелігі - азотфиксация, яғни тамыр жүйесінің симбиотикалық қызметіне байланысты азот бекіту қабілеті. Жоңышқа топырақта 300 кг/га дейін қауіпсіз экологиялық азот жинайды.
Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында суармалы ауыл шаруашылығы тұрғысынан ауыспалы егістікте бұршақ дақылдарының егіс көлемін кем дегенде 35 % -ға дейін кеңейту, жем - шөп базасы мен топырақ құнарлылығын арттыруда басым тапсырма болып табылады. Жоңышқа мен эспарцеттің егіс көлемін арттырудағы басты мәселе, жоғары сапалы тұқым жетіспеушілігі. Жоңышқада бұл төмен тұқым өнімділігімен, тұқым өсіру технологиясын сақтамаумен, тозаңдану және тұқым байлау мәселелері және карантиндік арамшөптермен байланысты. Жоңышқа өнімділігі қазіргі жағдайда 1 ц/га болып отыр, озық тәжірибе мен ғылым жасаған ұсыныстарды толық сақтай отырып оның орташа өнімділігін 2,5-3 ц/га дейін арттыруға болады. Ғылыми ұсыныстар барысында барлық технологиялық операциялар қарастырылған, яғни топырақ өңдеуден бастап өнімді жинауға дейін. Осы ұсыныстарды сақтай отырып, жоғары сапалы тұқым өндіру, тұқым шаруашылығын дамытып қана қоймай, мал шаруашылығын дамытуда және экологиялық мәселелерді де шешуге өз септігін тигізеді.