Лекции.Орг


Поиск:




Категории:

Астрономия
Биология
География
Другие языки
Интернет
Информатика
История
Культура
Литература
Логика
Математика
Медицина
Механика
Охрана труда
Педагогика
Политика
Право
Психология
Религия
Риторика
Социология
Спорт
Строительство
Технология
Транспорт
Физика
Философия
Финансы
Химия
Экология
Экономика
Электроника

 

 

 

 


Жоңышқаның морфологиялық, биологиялық ерекшеліктері, сорттары




 

Морфологиялық ерекшеліктері. Жоңышқа Medicago туыстығына жатады және оның құрамына 50-ден астам түрлер кіреді. Ең көп тарағаны егістік жоңышқа (M. Sativa), сары жоңышқа (M. Falcata) және орташа жоңышқа (M. Media). Жоңышқаның тұқымы өсе бастағанда топырақ бетіне әуелі тұқым жарнағы жапырақшалары шығады, соңынан ұзын сағақ пен жай жапырақ пайда болады, ал бірнеше күннен кейін сабақша мен нағыз үштік жапырақшалар қалыптасады.

Жоңышқаның дамуында мынадай фенологиялық кезеңдер өтеді: тұқымның өсуі, көктеу, алғашқы жапырақтың пайда болуы, бұтақтану, бүрлену (бітеу гүлдеу), гүлдену, жеміс салу, дәннің (тұқымның) пісуі. Көктегеннен кейін алғашқы 30-35 күн жоңышқа баяу өседі. Одан кейінгі жылдары және шабылғаннан кейін, сонымен қатар көктемгі өсудің басында тамыр мойнындағы бүршіктерден өсімдік жиілігіне карай 10-60 сабаққа дейін өсіп дамиды, олар өз тарапынан бірнеше есе бұтақталады. Әрбір өсімдік сабағындағы түйін аралығы орта есеппен 11-15 шамасында.

Көктемде бүркемесіз себілген жоңышқа алғашқы жылы генеративтік өркендер түзеді, гүлдейді және тұқым өнімін бере алады, алайда Қазақстанның далалы аймақтарында, суарылмайтын жерлерде өте ылғалды кездері ғана тұқым алуға болады. Екінші және одан кейінгі жылдары жоңышқа 2-3 шабыс немесе 2-3 генеративтік өркендер ұрпағын береді.

Жапырақтары күрделі, үштік, орта жапырақшасы ұзынырақ сағақта орналасады. Жапырақшаларының пішіні әр түрлі: эллипс тәрізді немесе керісінше, жұмыртқа тәрізді, жіңішке ланцетті, яки дөңгелектелген, төбесіне қарай ара тісіне ұқсас кертікті келеді. Суармалы жағдайда әр гектарға жапырақ бетінің ауданы 80-110 мың м2 жетті, суарылмайтын жерлерде 40-60 мың м2/га.

Жоңышқаның жапырақтануы (жапырақ үлесі) шабылуына, тіршілік жылына, өсіру жағдайларына қарай 30-дан 70 %-ға дейін өзгереді. Қазақстанда аудандастырылған жоңышқа сорттарында 43-52 %, бүрлену - гүлденудің басында 44-52 %, толық гүлдену - жеміс салу кезеңінде 37-42 %-ға дейін кеміді. Жапырақ үлесінің кемуі жасына қарай да өзгереді және тіршілігінің екінші жылынан төртінші жылына қарай кемиді.

Жоңышқаның гүлшоғыры - бұтақбас, 12-16 гүлден тұрады, сабақ төбесі мен бүйір бұтақтарына орналасқан. Бұтақбас өсімдіктерде төменнен жоғары қарай орналасқан.

Жоңышқаның гүлдері қосжынысты. Гүл күлтесі 5 күлте жапырақшадан тұрады, оның екеуі (төменгілері) бірігіп өсіп "қайық" құрайды, екі бүйірдегілері "ескек", ал бесіншісі "желкен" жасайды. Жоңышқаның гүл бағанасы түтіктеніп біткен 9 аталық жіптерден және түтік ортасында бос орналасқан жіңішке аналықтан тұрады.

Гүл қауызы ашылғаннан кейін аталықтар аузы жабық қалпында қайық түбінде қалады. Тозаңдану гүл ашылғаннан кейін және қайықтан аталықтар мен аналық жасушалар лақтырылғаннан кейін бунақденелілер арқылы жүреді.

Жемісі - көп тұқымды бұршақ, спираль немесе орақ тәрізді, сары жоңышқада кейде түзу болып келеді. Сары жоңышқаның 1000 тұқымның массасы - 1,2-2,6 г, көк және көк будандыда - 1,95-2,6 г, сары будандыда - 1,35 г, сарысында - 1,2 г.

Топырақ бетіне таяу 5-7 см, кейде 12 см дейін тереңдікте жоңышқада сабақтың жайылып өскен бөлігі, тамыр мойны пайда болады. Мұнда "ұйқыдағы" бүршіктер орналасқан, олардан жас өркендер өсіп шығады. Шабылғаннан кейін, көктемнен бастап тамыр мойнындағы бүршіктерден және паясынан жаңа өркендер қанат жаяды. Өсімдіктің алғашқы даму кезеңдерінде тамыр мойны топыраққа қарай ұзарады да, сонда жақсы қыстайтындай болады.

Жоңышқаның тамыр жүйесі - кіндік тамырлар. Негізгі тамырдан жер бетінен аздап жоғары биіктікте көптеген бүйір тамырлар шығады да жан - жағына орта есеппен 60-80 см тарайды. Көк буданды жоңышқада бүйір тамырлар негізгі тамырға сүйір бұрыш жасай тарайды.

 

 

Сурет 1. Жоңышқаның жалпы көрінісі

 

Жоңышқаның басқа барлық бұршақ тұқымдас өсімдіктер сияқты тамырларында түйнек құрайтын қабілеті бар, бұларда ауадағы азотты сіңіретін бактериялар дамиды, алайда топырақ температурасы 28˚С-тан жоғары болғанда бактериялардың дамуы тоқтайды. Қазақстанның далалы аймағында маусым - шілденің басында кейде 45-50˚С-қа жететін топырақтағы жоғары температура, сонымен бірге топырақтағы ылғал жетімсіздігі - түйнек бактерияларының пайда болмауының негізгі себептері болып табылады.

Түйнек бактерияларының жер үсті массасының өніміне әсері құнарлылығы аз, әсіресе азот мөлшері бойынша, топырақтарда барынша айқын көрінеді, ал азот жеткіліксіз топырақтарда және азот тыңайтқышы енгізілмеген алқаптарда инокуляциялауды қолдану айтарлықтай тиімді.

Сортотиптері мен сорттары. Егістіктегі барлық жоңышқа 6 сортотипке бөлінеді: көк, көк буданды, шұбар және сары буданды, сары, көгілдір. Жоңышқаның тобы мен сорты гүлдің түсіне, пішініне, гүлшоғыры мен бұршағына қарап ажыратылады.

Көк - гүлдің түсі күлгін, қоспа түсі жоқ. Бұршағы шиыр, 2 - 4 айналымға бұратылған. Бұл топтағы сорттар негізінен Қазақстанның оңтүстік облыстарында суармалы жерлерде өсіріледі.

Көк буданды - гүлдің жалпы түсі көк, бірақ 15 - 20 % дейін өзгермелі түспен кездеседі: күлгін, кіршең - күлгін және жасылдау. Бұршағы борпылдақ, шиыр, 2 - 4 айналымға бұратылған, кейде орақ тәрізді және түзу болып келеді. Бұл топтағы сорттар барынша өнімді және Сібір мен Солтүстік Қазақстанда кең тараған.

Сары буданды - гүлдің жалпы түсі қоңыр сары, 15 % дейін ашық сары гүлді болып келеді. Бұршағы 1 - 1,5 айналымға бұратылған. Бұл жоңышқа далалық алқаптарда барынша төзімді, әрі өнімді. Сары гүлдердің жалпы түсі ашық сары, қызғылт сары. Бұршағының пішіні орақ тәрізді, шөптілігі жіңішке сабақты, ұсақ жапырақты, бұтасы ауытқымалы. Қуаңшылыққа, қыстың суығына төзімді, алайда өнімділігі жеткіліксіз.

Көгілдір - күлтесінің түсі көгілдір, көк жоңышқадан гүлдерінің ұсақтығымен және жапырақшаларының енсіздігімен ажыратылады.

Қазақстанда аудандастыруға жіберілген жоңышқа сорттары:

Карагандинская 1 - Қарағанды МАТС-да 1938 жылы шығарылған, Еуропалық жоңышқаға жатады, көк буданды сортотип, жапырақтануы - 49-55 %, күлте жапырақшасының түсі күлгін, ашық-күлгін және ашық көк түсті, бұршағы 1,5 - 3,5 айналымға бұратылған. Сорт орташа мерзімде піседі, баяу өседі, суарылмағанда 1 -2 шабыс, суарылғанда 2 - 3 шабыс өнім береді. Қыстың суығына төзімді (1, 7, 9).

Карабалыкская 18 - Қарабалық МАТС-да 1971 жылы шығарылған. Еуропалық жоңышқаға жатады, шұбар буданды сортотип, жапырақтануы 38 - 49 %, күлтесі күлгін, көкшіл және сарғыш-жасыл түсті, бұршағы орақ тәрізді. Тұқым қыстың суығына, куаңшылыққа төзімді (9).

Көкше - Көкшетау АҒЗИ-да 1968 жылы шығарылған. Еуропалық жоңышқаның шұбар буданды сортотипіне жатады. Жапырақтануы 54 - 58 %, күлте жапырақшасы шұбар түсті, бұршағы 1 - 3 айналымға бұратылған. Сорт орташа мерзімде піседі. Қыстың суығына, қуаңшылығына төзімділігі жоғары, (1, 2, 4, 7, 11, 12).

Семиреченская местная - Алматы облысының жергілікті сорты, 1934 жылы шығарылған. Жапырақтылығы 39 - 54 %. Күлтесінің түсі күлгін, бұршағы 2 - 4 айналымға бұратылған. Кеш пісетін сорт, қыстың суығына төзімді, алайда көктемде және шапқаннан кейін баяу өседі, суармалы жағдайда 3 - 4 шабыс, суарылмайтын жерлерде 1 - 2 шабыс береді, (3, 4, 5, 7, 8, 13).

Жоғарыда келтірілген сорттардан басқа селекциялық жетістіктерінің Мемлекеттік реестрмен аудандастыруға мынадай сорттар жіберілген: Береке, 1989 ж. (5), Желтогибридная 55, 1993 ж. (4, 11). Даркан, 1998 ж. (8), Капчагайская 80, 1989 ж. (4, 11), Красноводопадская, 1962 ж. (13), Красноводопадская скороспелая, 1992 ж. (13), Прогресс, 1993 ж. (8), Ташкентская 1, 1954 ж. (13), Уральская синяя, 1950 ж. (6), Ярославна, 1990 ж. (3, 4).

Биологиялық ерекшеліктері. Жоңышқаның тұқымы 2-3˚С жылылықта өне бастайды, ал тіршілікке бейімді егін көгі 5-6˚С жылылықта пайда болады, қолайлы температура +18+20˚С. Қыстап шыққаннан кейін жоңышқа орташа тәуліктік температура 7-9˚С-тан жоғарылағанда өсе бастайды. Көктегеннен кейін немесе өсе бастаған жоңышқа 5-6˚С бозқыраудан зақымданбайды, суыққа төзімді сорттары 6 үштік жапырақтар кезеңінде 9˚С дейінгі бозқырауды көтереді. Жоңышқаның көгі көктемгі бозқырауды күзге қарағанда жеңіл көтереді. Жоңышқа - жаздық өсімдік, ерте көктемде себілгенде сол жылы көктеп, гүлдейді де тұқым береді. Өсе бастағаннан гүлденгенге дейін жоңышқаның әр түрлі сорттарына орта есеппен 800-890˚С тұқымының пісуіне дейін 1200-2200˚С жиынтық температура қажет, тұқымның пайда болуына қажетті қолайлы температура +25-25˚С. Шортандинская 2 сортына өсімдік тіршілігінің екінші жылына көктемгі өсе бастағаннан гүлдену кезеңіне дейін 890˚С белсенді жиынтық температура қажет болады, ал өсіп - өну басынан тұқымның пісу кезеңіне дейін - 1450˚С. Температура жиынтығы 2200˚С-тан асатын Қазақстанның далалы және орманды-далалы аудандарына іс жүзінде жоңышқадан 2-3 шабыс алуға мүмкіндік бар, сонымен қатар тұрақты өнімін тіпті 2-ші шабыстың өзінен алуға болады.

Күндізгі температура 15-20˚С, ал түнгі 10-15˚С болғанда құрғақ зат барынша тез қорланады, сонымен бірге тамырдың және жапырақ ауданының өсуі жүреді.

Жоңышқа - ыстыққа төзімді дақыл, күндізгі +35-40˚С аптап ыстықты көтереді. Топырақ бетіндегі температура күндізгі сағаттарда кейде 45-50˚С-қа дейін жетеді, алайда дұрыс суарғанда оның зияны байқалмады.

Өсімдіктің жағдайына байланысты жоңышқа тамыр мойны орналасқан алаңда 15-20˚С дейінгі суықтықты көтере алады. Солтүстік Қазақстанда аудандастырылған жоңышқа сорттары 10-15 см қар қабатында қанағаттанарлық дәрежеде қыстайды, қыс ортасындағы қар бетіндегі 30˚С суықтықты көтереді, ал қар қабаты 20-40 см асқанда тіпті 40-50˚С температураны жақсы көтереді.

Қысқа төзімділігі себу мерзімімен бірге шабу немесе мал жаю мерзімі де әсер етеді. Соңғы шабу мерзімін немесе мал жаюды дұрыс жүргізбегенде жоңышқа 2-3 тіршілік жылында қатты селдіреп қалады.

Қуатты жапырақ бетін дамыта отырып жоңышқа суды көп буландырады, соның нәтижесінде бір өлшем құрғақ зат түзуге оның 700-900 өлшемі шығындалады.

С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ тәжірибелерінде, жоңышқада себу әдісіне байланысты тіршілігінің екінші және кейінгі жылдарында су пайдалану коэффициенті 55-75 м3 және кең қатарлы егістерде қатардағы егістерде қатардағы әдіспен егілген алқаптағыға қарағанда су шығыны 15-29 % кем болады да 56-68 м3 жетті. Суаруды қолданғанда өнімді қалыптастыруға кеткен жалпы су шығыны 30 м3 /ц, ал тыңайтқыш нормасын енгізген алқапта 30-35 м3/ц дейін өзгереді.

Дақылдың ылғалды көп қажет ететінін ескере отырып, оны жылына 300 мм жоғары ылғал түсетін аудандарда ғана суармасыз жағдайда өсіруге болатынына назар аударған дұрыс, бірақ бұл ретте оны ылғалмен қамтамасыз етілген және жер асты сулары 2,0-2,5 м тереңдікте болатын телімдерге орналастырады. Жылдық ылғал мөлшері 290-300 мм-ден аспайтын құрғақ далалық аудандарда жоңышқаны тек қана суармалы жағдайда өсіруге болады.

Бедері төмен, жер асты ағын сулары бар телімдерде жоңышқа жоғары өнім береді, сондықтан дақылдың потенциалын толық пайдалану үшін далалық және орманды-далалық аймақтарда жоңышқаны осындай алқаптарға орналастыру қажет.

Егістік жоңышқа су қабатын 5-6 күннен артық көтере алмайды, тұншығып солып қалады, алайда сары және сары буданды жоңышқалар, бастапқы ата - тегі ойпатты экотипке жататын Марусинская 425, Павлодарская 7, Дединовская жоңышқалары ағын сулардың астында 20-30 күнге дейін шыдайды.

Жоңышқаның жақсы тұқым өнімін гүлдену кезеңіне дейін жақсы ылғал болған кезде алуға болады. Суармалы жағдайда мол өнім қалыптастыратын ең қолайлы суару режимі төмендегідей (толық далалық ылғал сыйымдылықтың - ТДЫ %); бастапқы өсу кезеңінде 50 - 60 %, бүрлену-гүлдену кезеңінде - 60 %, гүлдену - пісу кезеңінде - 50 %, мал азығын өсіргенде ылғалдылықты ТДЫ-тың 70 - 80 % дәрежесінде ұстау керек.

Жоңышқаны өнімді пайдалану ұзақтығы ең алдымен ылғалдылыққа байланысты: орманды - далалық аймақта орта есеппен 3 - 6 жыл, далалық аймақта - 3 - 4 жыл, құрғақ далаық аймақта - 2-3 жыл, суармалы жағдайда - 8 жылға дейін және одан да көп жыл.

Қазақстан жағдайында мал азығы мен тұқым өнімінің жоғары дәрежесін өсімдік тіршілігінің 2-3-ші жылында, ал кең қатарлы әдіспен себілген егістікте төртінші жылында да алынады. Өсімдік тіршілігінің төртінші жылынан бастап өнімінің төмедеуі топырақтағы негізгі тамыр қабатында ылғалдың прогрессивті түрде төмендеуіне және топырақтың су, ауа және қоректік заттар режимінің күрт нашарлауына байланысты, мұның өзі шөптегі өсімдіктердің түсіп қалуына, топырақтың беткі қабатындағы белсенді тамырлар үлесінің азаюына, өсімдіктердегі сабақтың биіктігі, массасы мен санының кемуіне әкеліп соғады.

Жоңышқа топырақ пен оның құнарлығына үлкен талап қоятын дақылдарға жатады. Бейтарап немесе әлсіз бейтарап реакциялы (рН - 7 - 8) сұр, қоңыр, қара топырақтарда ол жақсы өседі. рН - 4,5 - тен төмен болғанда жоңышқа нашар өседі, ал рН - 8 - ге дейін жоғарылағанда оның өнімі арта түседі. Бұл дақыл үшін ең жақсы топырақ құрамы орташа саздақ болып табылады.

Қатты сортаңданған топырақтарға жоңышқаны себуге болмайды және мұндай жерлерде оның пайдалану ұзақтығы 2 - 3 жылдан аспайды. Сортаңдану дәрежесі жоғары топырақтарға түйе жоңышқа, тарлау қияқ, т.б. себіледі.

Жоңышқа - энтомофильді айқас тозаңданатын өсімдік, алайда гүлдер 30 - 35 ˚С - қа дейін қызғанда олар өздігінен ашылады да, өздігінен тозаңданады. Гүлдерді әртүрлі жабайы аралар тозаңдандырады, кейде мәдени аралар да араласады.

Жоңышқаның тұқымын ойдағыдай өндіру үшін төмендегідей климат жағдайлары қажет: өсіп - өну кезеңі 100 күннен артық, гүлдену кезеңіндегі ауаның орташа температурасы күндіз 25˚С және одан да жоғары, ол түнде +18˚С - тан жоғары, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 50 % төмен, гүлдену кезеңінде ашық күндер көп, топырақтың ылғалдылығы көктемде жеткілікті және гүлдену кезеңінде шамалы болғаны жөн.

Жоңышқаның барынша сенімді тұқым шаруашылығын суармалы жағдайда Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстары мен далалық Қазақстанның басқа облыстары мен аудандарында ұйымдастыруға болады деп саналады.

Басқа маңызды мәселе (жоңышқаның тұқымға қандай аудандарда өсірілетіне қарамай) - гүлдердің аралармен тозаңдануы.

Жоңышқаны тозаңдандыруға 160 - тан астам ара түрлері қатынасады. Климаттық аймаққа қарай тозаңдатқыштардың түрлері мен сандық құрамы қатты өзгереді, алайда тозаңданудағы негізгі жұмысты аралардың 5 - 8 түрі атқарады, ал қалғандары егістікте жекелеген күйде кездеседі.

Біздің еліміздің жоңышқа өсіретін көптеген аудандарында өсімдіктердің тозаңдатқыш - жәндіктермен қамтамасыз етілуі не бары 5 - 15 %, мұның өзі тұқым өнімінің төмендігінің негізгі себебі болып табылады. Жабайы тозаңдатқыш - аралардың санын өсірудің үлкен практикалық маңызы бар.

Ұя салу орны мен әдісіне қарай жекелеген аралар мынадай топтарға бөлінеді: жер, сабақ, пәтердегі және "жәрдемдеуші" аралар. Жер араларының ішінен жоңышқаны тозаңдандыруда белсенді рөл атқаратын андрена және галиктус туыстығына жататын түрлерін атауға болады, олар жерге тобымен орналасады да, бір орында бірнеше жыл мекендейді. Меллит, эвцера, рофитоидес, комия түрлері жекелеген ұялар салады.

Жекелеген жер араларының көптеген түрлері топырағы тығыздалған, күн көзімен жақсы қыздырылатын, өсімдік аз немесе мүлде тақыр тың телімдерде орналасады. Індерінің тереңдігі әр түрлі: бірнеше см-ден 1,5 м - ге дейін. Жер аралары бұрын салынған орындарға таяу орналасады, сондықтан бұл аралардың үлкен мекендері пайда болады. Жоңышқаны тозаңдандыруға соңғы жылдары кейбір елдерде құрт - құмырсқа көбелегінен (куколкадан) қолдан өсірілген аражапырақ кескіштерді пайдалана бастады.

Тозаңдатқыш - араларды көбейтуге бағытталған шаралармен қатар қолдағы бар тозаңдатқыш - араларды тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырған дұрыс: жоңышқа егістігін ұсақ алқаптар (10 - 15 га) мен тозаңдатқыш - аралар мекендеген жерлерге таяу орман алқабы маңына, оңтүстік қырқаларға, жыраларға, жыртылмаған телімдердің маңы, т. б. орналастырады.

Американдық ғалымдардың еңбектерінен жәндік - тозаңдатқыштардың тығыздығын гектарына 20 мыңға жеткізгенде жоңышқаның тұқым өнімі 20 ц/га асқандығы туралы мәліметтер кездестіруге болады.

 

 





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-12-06; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 3767 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Стремитесь не к успеху, а к ценностям, которые он дает © Альберт Эйнштейн
==> читать все изречения...

2153 - | 2108 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.009 с.