Қазақ халқының тарихындағы XIX ғ. келер болсақ, Ресей империясының бодандығына өткен елде, сол алып мемлекеттің шеңберінде жаңаша, негізінен, жерде отырып өмір сүру жолдарына икемделу, осы күрделі де қиын жағдайда халықтың өзін-өзі сақтап қалу мәселесі өмірдің алғышарттары ретінде тарихи сахнаға шығады. Халықтың тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай өткір бетбұрыс философия саласында ағартушылық ағымды тудырады.
Бұл арада айтып кететін нәрсе - әрбір халық өзінің өмірінің шешуші кезеңдерінде Тарихтың қойған жаңа Талаптарына сәйкес Жауап қайтаруы керек. Ол үшін ескі құндылықтар жүйесін өзгертіп, Дүниеге деген жаңа көзқарас енгізу қажет. Мұндай күрделі істі зиялылар қауымының алдыңғы қатарлы өкілдері жасап, халықтың сана-сезімін өзгертуге тырысады, оны біз ағартушылық саты деп атаймыз. Ондай кезең уақытында барлық елдерде болған. Отандық ағартушылықтың негізгі ерекшеліктерінің бірі -рұлық, одан әрі асса, ерте феодалдық қарым-қатынастағы, көшпенділік өмір салтын ұстаған халықты жаңа әлеуметтік-әқономиқалық, саяси-кұктық жағдайда, болуы мүмкін апаттан аман сақтап қалып, оның сана-сезіміне жаңа құндылықтарды енгізу арқылы оны жерге тұрақтандыру болды. Өйткені көшпенділік өмір салтының негізгі фақторы - жер көлемі - кедейленген орыс шаруаларын қазақ жеріне әкеліп отырғызу саясатының негізінде жылдан-жылға қысқара бастады. Ал мұның өзі күйзелісте тұрған көшпенділік мал шаруашылығын толығынан күйретіп, елде аштықпен қатар мыңдаған жылдар бойы созылып келген өмір салты, әдет-ғұрып құндылықтары адамдардың жандүниесінен ажыратыла бастады. Бұл біздің ата-бабаларымыздың мыңдағаң жылдардағы тарихында болмаған «зар заманды» тудырып, адамдар өз өмірінің мән-мағынасын жоғалтып, қазіргі тілмен айтқанда, экзистенциалдық вакуумге келіп тірелді. Халықтың өзін-өзі жоғалту қаупі туды. Мүндай ахуалда көп жыраулар бұрынғы өткен өмірді көкседі (қазіргі кеңес қоғамын көксеп жүрген кейбір саясаткерлер сияқты).
Алайда Тарих өткен жолдарын қайталамайды, сондықтаң өткенді көксеу - тарихи тұйықтыққа әкеліп тірейді. Мұны түсінген халық ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Кұнанбаев секілді ұлы тұлғалар халықты жаңа өмірге баұлып, оны сауаттықты ашуға, білімге, еңбекқорлыққа, белсенді өмір салтына, жасампаздыққа шақырды.
Қазақ даласындағы ағартушылық көшін бастаған аса дарынды ұлы тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865 жж.) болды. Өзінің қысқа өмірінің шеңберінде ол өте көп істер тындырып, тек қана қазақ халқының өткен тарихын, әдет-ғүрпын, жалпы руханиятын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар сол кездегі нақтылы өміршеңді мәселелерге атсалысып, қалың бұқараның мүдделерін аса батылдықпен қорғап, соның жолында «аққан жұлдыздай», өкінішке қарай, ерте жанып кетті.
Шоқанның онтологиялық (болмыстық) көзқарастарына келер болсақ, ол күнбе-күнгі адамнын тәжірибесінен шығатын, сол кездегі жаратылыстану ғылымдарына сүйенетін материалистік бағытта болды. Оның тікелей болмыс жөніндегі еңбектері болмағанмен, оны біз Шоқанның қазақтардың шамандық (бақсылық) өмірсезімін талдауынан байқаймыз. Шамандықты көшпенділердің алғашқы көне діні ретінде қарап, ойшыл Табиғаттың сиқырлы да үрейлі күштерінің осы діндс бейнеленгені жөнінде айтады. Яғни Табиғат бірінші де, адамның өзі сол табиғаттың төл туындысы болғаннан кейін, езінің сана-сезімінде айнала ортаны дұрыс, я болмаса қияли бейнелейді.
Енді ойшылдың әлеуметтік болмыс жөніндегі көзқарастарына келер болсақ, ол «географиялық детерминизм» бағытын ұстағанын байқаймыз. Қоғамның дамуына айнала қоршаған ортаның жазықтығы, я болмаса тау-тастығы ауа райы, жер құнарлығы т.с.с. факторлар жатады, Сондықтан шегі жоқ жазық дала мал баққан көшпендінің енжарлығын, еріншектігін т.с.с. қасиеттерін қалыптастырса, тау мен тасқа толы, сарқырап аққан қаһарлы өзен-сулары бар, неше түрлі қауіпке толы аймақтар, керісінше, адамның жинақтылығын талап етеді. Мұндай көзқарас Батыс Еуропадағы француз ағартушыларының ойларына сай келеді: мұның өзі ойшылдың тек Орыс ғалымдарымен ғана емес, сонымен қатар Батыс философиясымен де таныс болғанын дәлелдей келе, оның өз заманының ой-өрісінен қалмағанын көрсетеді.
Олай болмақ түгіл, ол бүгінгі таңдағы мәселелерді теренірек тусінуге көмектеседі. Мысалы, реформалардың басында ауыл щаруашылығындағы ірі ұжымдық мекемелерді жойып, олардың орнына жеке шаруашылық қожалықтарын орнату саясаты жүргізілді. Әрине, мұндай саясатта елдің географиялық ерекшеліктері ескерілген жоқ. Қазақстан АҚШ, я болмаса Бразилия немесе Франция емес. Енді бүгінгі таңда ғана біз жіберген қателіктерімізді байқап, талдап жатырмыз. Сонау көне заманнан бастап Жаңа дәуірге дейін, елдің сайын даласында тек қана көшпенді мал шаруашылығы ең тиімді шаруашылық формасы болғанын Шоқаннан кейінгі бізге де мойындауға тура келеді. Тек қана индустриялық-машиналық өндіріс пайда болып, өндіргіш күштер зор даму қарқынын алған кезден бастап қана, солтүстік және орталық өңірлерде жерге тұрақтану мүмкіншілігі пайда болып, сол кезден бастап қазақ жерлеріне басқа мемлекеттердің «қызығушылығы» пайда бола бастады.
Шоқан Уәлихановтың әлеуметтік-саяси, құқтық көзқарастарына келер болсақ, ойшыл жан-тәнімен халықтың қамын ойлап, «әділетті басқару» жүйесі арқылы «парасатты реформалардың» негізінде халықтың хал-ахуалын өзгертуге болатынына сенді және оны жақындату үшін барлық күш-жігерін салды. Ол 1862 ж. Атбасар аймағының сұлтан-басқарушы лауазымын жеңіп алу үшін сайлауға түсіп жеңгенмен, патша үкіметі оны бұл орынға бекітпей қойды. Одан кейін Шоқан «Сот реформалары женіндегі жазбалар» атты өзінің ғылыми еңбегін жазады. Осы кездегі Ресей мемлекетінде буржуазиялық-демократиялық реформалар қомақты орын алып жүріп жатқанымен, «азиаттық деспотия», пара алу, заңды бұзу, қарапайым адамның ар-намысын аякқа басу т.с.с. кертартпалықтар бұрынғыдай болып жатты. Сондықтан Шоқан Ресей мемлекетінің құқтығына зор күмән келтіреді. «Құктық Мемлекетте заңдардың үстемдігі әрқашанда сақталуы қажет, оны ешкімнің де аттап өтуіне құқы жоқ. Заңдар бұзылған жағдайда жаза әділ сот арқылы берілуі керек», — деп қорытады ойшыл.
Шоқан Патша өкіметінің Ресей сот институтын өзгертпеген, бейімделмеген түрде қазақ қоғамының өміріне енгізуіне үзілді-кесілді қарсы шығып, оның негізсіздігін көрсетеді. Ресей заңдары қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастардың ерекшеліктерің халықтың тарихи қалыптасқан құқтық көзқарастарын ескермейді Шоқанның ойынша, таяу болашақта қазақ даласында үйреншікті халық алдында абыройы бар билер сотын қалдыра тұру қажет.
Ш.Уәлиханов қазақ халқының рухани оміріи зерттеуге де қомақты үлес қосты. Оның даналығы - болашақтағы халықтың рухани жаңаруындағы тарихи қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жыр-дастандардың, аңыздардың, т.с.с. халық туындыларының маңыздылығын ұғып, олардың әртүрлі түпнұсқаларын қағазға түсіріп, болашақ ұрпақтарға қалдыру болды. Солардың ішінде «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», «Едіге», «Ер Қосай», «Ер Көкше» сияқты жырлар бар. Туысқан қырғыз халқының аса көрнекті туындысы - «Манасты» да алғаш рет қағазға түсіріп, оны орыс мәдениет зерттеушілеріне көрсеткен де Ш.Уәлиханов болды. Егер біз орыс ұлы ойшылы А.Ф.Лосевтің: «Қайсыбір халықтың мәдениетінің биіктігі мен шоқтығы оның тарих тудырған аңыздары мен жыр-дастандарының байлығына байланысты», - деген пікіріне құлақ түрсек, Шоқанның бұл еңбегін асыра бағалау өте қиын жұмыс болар. Осы ойларға сәйкес, біз қазақ халқының мәдениетінің әлі талай-талай шыңдарға жететініне күмәніміз жоқ, өйткені оның іргетасы мықты, ол ғажап інжу-маржандармен безенген, мыңдаған жылдарды артына тастап, біздің өмірімізге дейін жеткен - халық мифологиясы. Ол - қазіргі қазақ тілі мен мәдениетіне ерекше өзіндік сипат беретін сарқылмайтын бұлақ, рухани тірек.
Ш.Уәлиханов халықтың діни өмірін де терең зерттеп, оны ағарту жолында көп еңбек етеді. Ол шамандықты (бақсылықты) көшпенділердің Табиғатқа табыну жолында тудырған дүниесезімі ретінде қарайды. Бұл ізденіс жолында халық осы Дүниені жаратқан «Тәңірді», адамдарды әрқашанда қолдап отыратын бабалардың рухы - «аруақты» табады. Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстанға тарауы көшпенділердің рухани өмірінің өзгеруіне әкелгенін айтады. «Дегенмен де қазақ дүниесезімінде ислам қағидалары шамандықпен араласып, бір жағынан, Аллаға тағзым етумен қатар, екінші жағынан, отқа табынумен жалғасып жатты», - деп қорытады ойшыл.
Жалпы алғанда, ойшыл ислам дініне теріс көзбен қарайды, молдалар халықты қараңғылық пен надандықтың шырмауынан шығармайды, сол кездегі қазақ жеріндегі мешіттердің көп салынуына аландаушылықпен қарап, оларды халықты бодандаудың бір құралы санайды.
Мүмкін, бұл - жаңа бодандық жағдайдағы халықтың өзін-өзі сақтап қалу шараларының бірі болуы да ғажап емес, бірақ Шоқан ондай ойға келген жоқ-ты. Дегенмен оның кейбір терең ойлары бүгінгі таңдағы діни салада болып жатқан күрделі өзгерістерді, сонын ішінде мистицизм, діни фанатизм және әкстремизм сияқты келенсіз құбылыстарды сараптауға көмектеседі.
Ағартушылық ағымның көрнекті өкілі Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жж.): «Халықты аман сақтап қалудың, жаңа қалыптасып жатқан ахуалға сай келуінің бірден-бір жолы - оның сауаттығын арттыру, білімін жетілдіру, орыс мәдениеті мен тілін игеру», - деп есептеді. Сондықтан ол өзінің барлық күш-жігерін жаңа мектептер ашуға, балаларға арналған қызықты окұлықтар жазуға жұмсады.
Өзінің Дүниеге деген көзқарастарында ол діни бағытта болып Құдайды мойындағанымен, діни фанатизмге қарсы шығып, шала-сауатты қазақ мен Бұхарадан келген молдалардың халыққа тигізетін теріс әсерлерін әшкерелейді. Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Жаз», «Өзен» т.с.с. өлеңдері осы күнге дейін өзінің эстетиқалық әсемдігі, гуманистік идеялары, тәрбиелік мүмкіндіктерімен білім беру саласындағы жас ұрпаққа оң әсерін тигізуде.
Ағартушылық философияның аса алып тұлғасы Абай Құнанбайұлы (1845-1904 жж.) - тек қазақ халқы емес, сонымен қатар бүкіл дүниежүзілік руханиятта өзінің өшпес ізін қалдырған ұлы ғұлама. 1995 ж. ЮНЕСКО тарапынан ұлы ойшылдың 150 жылдығы бүкіл Адамзат көлемінде атап өтіліп, қазақ халқының мерейін биік шыңға көтерді. Абайтану бүгінгі таңда тек қана қазақ зиялыларының үлесінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл дүние-жүзілік құбылысқа айналды. Соңғы кезде бірталай мәнді де терең зерттеулер жарық көріп, қазақ халқының руханиятының дамуына өз үлесін қосты. Біздің ойымызша, «Абайтану» саласының мерзімді түрде шығып тұратын өз журналының да шығуына көп уақыт қалмаған сияқты. Өйткені біз әрі қарай дербес мемлекет ретінде дамыған сайын, Абайдың айтқан терең ойларымен сусындап, өз өмірімізде дұрыс бағыт ұстауға мүмкіндік аламыз.
Әрине, шағын оқұлықта Абайдан қалған мұраны жан-жақты сараптау мүмкін емес. Сондықтан біз Абайдың бүгінгі күндегі көкейкесті мәселелерге байланысты ойларына көбірек көңіл бөлсек Дейміз. Қосымша әдебиетті талантты оқырман киындық көрмей-ақ, бүгінгі кітапханалардан табады. Осы орайда біз белгілі абайтанушы проф. Ғ.Есімнің еңбектерін ерекше ұсынар едік.
Абай еуропалық мағынада айтылатын классиқалық білім алған жоқ (университеттерде оқыған жоқ). Бірақ өзінің ішкі жалыны, дуниені, өмірді тануға деген зор құштарлығы мен шабытынын арқасында, ол араб, парсы, орыс тілдері мен мәдениетін терең игеріп, өзінің дүниеге деген көзқарасында олардың негізгі нәтижелерін қазақ руханиятымен біріктіре білді. Абайдың шығармашылық еңбегі жанжақты универсализмдігімен таңғалдырады: ол - ақын сазгер, философ, аудармашы, құқтанушы, саясаткер. Уақытында М.Дулатов айтқандай, «Зәредей шубә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар». Міне, бүгін сол кұндер келді, ал жастарға қойылатын талап - ұлы Абайды мұкият зерттеп, өз жан-дүниесіне сіңіру болмақ. Ол біздің хакім-ата алдындағы парызымыз.
Абайдың онтологиялық (болмыстық) көзқарастарына келер болсақ, оны ғажап та терең, өзінің ерекшелігі мен маңыздылығын ешқашанда жоймайтын діннің шеңберіндегі философиялық антропология деп бағалауға болатын сияқты. Жаратқан, Дүние, Адам - міне, осы үш қатегория Абай философиясының іргетасын құрайды. Абай өз философиясының осы негіздерін өзінің 38-ші қара сөзінде егжей-тегжей талдайды. Дүние Жаратқанның құдіретті күші арқылы пайда болып, өмір сүріп жатыр және онда белгілі бір заңдылықтар, мақсатқа лайықтылық бар, соңғылардың негізі Ғылымда. Жаратқанның үшінші сипаты - Хаят, яғни Тіршілік (қараңыз: Абай. Алматы. Ел.,1993, 84 б.). Мұның сыртында Абай тағы Алланың 5 сипатын көрсетеді, бірақ олар жоғарыда көрсетілген негізгі 3 сипатты нақтылайтын, түсіндіретін құндылықтар. Олар: Басар (қырағылық), Сәміг (сергектік), Ирада (қалау), Кәлам (сөз), Тәкин (жасампаздық, болмысқа келтіруші).
Енді Абайдың Философиялық антропологиясына келер болсақ, жаратылған адамның ақыл-ойы, күш-қуаты бар, ал ол Алланың ғылыми құдіреттілігінен шығатын қасиеттер. Бұл арада ұлы Абай Рақымшылдыққа аса көп көңіл бөледі. Ол да — Алланын 8 сипаттарына кірмесе де, Оның негізгі қасиеттерінің бірі, себебі онын аттары Рахман (Жарылқаушы), Рахим (Мейірімді), Ғафур (Кешіруші), Уадуд (Сүюші), Хафиз (Қорғаушы), Сәттар (Айыпты жабушы), Разақ (Ырыздық беруші), Нафиг (Пайда беруші), Уәкил (Өкіл), Латиф (Ілтипатты) - бәрі де Рақымшылдықты көрсетеді (қараңыз: Абай. Алматы., Ел., 1993, 86 б.).
Абай адамның ерекше пенде ретінде жаратылғанын ескертеді: «адам баласынан махшарда (о дүниеде.—С.М.) сұрау беретұғын қылып, жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар» (аталған әдебиет, 87 б.)- Дүниедегі өлі табиғат, тіршілік болсын - бәрі де адам үшін жаратылған: «...Жер мақтасын кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жүмыртқасын; хайуандар: етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар уылдырығын, хатта ара балын, балауызын, кұрт жібегін - һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі - адам баласына таусылмас азық» (аталған әдебиет, 88 б.) - деп қорытады ұлы ойшыл. Ал мұның бәрі де Алла тағаланың адамға деген сүйіспеншілігін көрсетеді, олай болса, адам да Жаратқанды барлық жан-тәнімен сүю керек, сонда ғана ол өз өмірінің мән-мағынасын табады.
Сонымен адам - Ғарыштың өзегі, ерекше пенде. Бірақ, соған қарамастан, ол — шектеулі, өлшемді, ал Алла тағала — өлшеусіз, шексіз. Сондықтан «біз Алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес... өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды» (аталған әдебиет, 83 б.). Біз бұл арада Абай ойының сол кездегі Еуропа топырағындағы ағартушылардан анағұрлым терең екенін байқаймыз: әңгіме дүниенің бәрін қайта өзгертуде емес, ол - тәкаппарлыққа, Құдаймен теңесуге деген адам іңкәрін туғызып, оны шайтан жолына түсіреді. Сондықтан Абай:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дұниеге,
Тетігін тап та, бар қалан!» - деген ұран тастайды.
Абай - Жаңа дәуірдің перзенті. Сондықтан ол Орта ғасырлардағы ойшылдардың аскеттік философиясын қабылдамайды. Оның ойынша, егер барлық адамдар тариқат жолына түсіп, материалдық дүниеден бас тартса, онда «дүние ойран» болар еді. «Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді (аталған әдебиет, 92 б.) деген сұрақ қойып, ойшыл оны Құдай алдындағы күнә ретінде қарайды. Алла тағала дүниені адамға «рақатын көрмегіне бола жаратқан», қазірет Ғосман, Ғабдурахман ибн Ғауф, Сагид ибн Абдуқас сияқты Пайғамбардың жақындары да өз байлықтарымен даңқты болған.
Алайда байлықтың да байлығы болады. Кейбіреулер мал жинау, мүлкін көбейту арқылы басқалардан озып, өзін биікке көтеріп, дандайсып кетеді. Екіншілер кемтарларға көмектесу, өзің өзгелерден тәуелді еткісі келмесу ушін баюға тырысады. Соңғы жолды Құдай қалайды. Нағыз адамға тән биіктеу - ол рухани самғау. Адамның абыройы оның сыртқы әсем киімі мен журіс-турысында емес, оның ішкі таза ниетінде, сол арқылы ғана бізді Құдай таниды. Руханияты биік адам өмірде кездесетін өрескел қиын жағдайлардың әзінде өз абыройын жоғалтпайды. Адамның әз-өзін мадақтауы, басқа адамдарды төмендетуге тырысуы - оның тайыздығын көрсетеді. Абайдың бұл ойлары қазіргі қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді дүрыс тұсінуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңдағы нарықтық эқономиқаның негіздерін қалыптастыруда Абайдың өз дәуіріндегі айтқан ойлары өзінің өзектілігімен таңғалдырады. Оның ойынша, бақытты өмірге жету адам өз ақыл-ойын, ынтасы мен қабілетін, өмірден алған оң тәжірибесін біріктіріп алға қойған мақсатын жүзеге асыруға жұмылдырса ғана іске асады. Әйгілі «Сегіз аяқта»; «Болмағын кекшіл,
Болсайшы кепшіл,
Жан аямай кәсіп қыл!
Орынсыз ыржың,
Болымсыз қылжың
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адам бол - мал тап қуансаң, қуан сол кезде»,- деген ақыл-ойын халыққа тартады. Халықтың бойына сінген кертартпа қасиет - ол еріншектік. Оны Абай надандық пен зұлымдықтың қатарына қояды.
Абай өзінің 1886 ж. жарық көрген «Базарға қарап тұрсам, әркім барар» деген шығармасында былай дейді:
«Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнін өзі іздеген нәрсесі бар
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас Бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар».
Бұл шумақтан Абайдың нарықтық қатынастарды жақтап. оның ертелі-кеш елге келетінін, сонымен қатар сол кездегі ахуалға көңілі толмағанын байқаймыз. Абайдың ойынша, қайсыбір іскер адам артық пайданы, табысты халық игілігіне, қайырымдылыққа, мұқтаждық» құрсауынан жапа көргендерге, кемтар, мүгедектерге, мәдениет пен білімді дамытуға жұмсауы керек. «Тек қана өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», - дейді Абай өзінің 37-қара сөзінде. Ешкімге қол ұшын бермей, «Мерседес» мәшине мінгеніне, оқтын-оқтын шетелге барып, сауық құрып келгеніне мәз кейбір іскерсымақ адамдар бұл Абайдың ойын ұғар ма екен?!
Абай өзінің әйгілі 2-қарасөзінде қазақты өзбек, ноғай, тәжік, орыстармен салыстыра келе, қазақтар сол халықтардан үлгі алып, егін егу, сауда, ғылым, қолөнермен айналысып, тазалық пен тәртіпке, әскери қызмет атқарып, Құдайды құрметтеуге және маңдай терін төгіп еңбек етуге шақырады. Сонда ғана елге молшылық келеді. Тек бүгінгі таңда ғана халықтың көпшілігі осы ойдың даналығын мойындаған секілді. Сонымен қатар енжарлық көрсетіп, осы уақытқа шейін мемлекетке қарап, қол қусырып отырғандар да аз емес сияқты.
Абай «байлық» атты ұғымның адамгершілік жағына аса көп назар аударады. «Әуелі, Құдайдан мал тілейсіңдер, - дейді Абай. - Құдай тағала саған еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жүмсамайсың... Сенікі біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің - сол» (аталған шығарма,27б.). Өз ойын әрі қарай жалғастырып, Абай сол жолмен тапқан малды енді сарып қылып, ғылым табу керек тігін айтады. Өзіңе табылмаса, балаң тапсын деген талап қояды. «Ғылымсыз ахирет те
жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған
қажылық ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім,
малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған» (атал. шығ,28б.), — деп өкінеді ұлы ойшыл.
Қорыта келе, Абайдың нарықтық қатынастардың жетік білгірі болғанын айта келіп, оның көтерген мәселелері осы күні де өзінің өзектілігімен байқалады деуге болады.
Абайдың саяси-құқықтық көзқарастарына келер болсақ. онда да өнегелі көп терең ойларды табамыз. Әрине, Абайдың еңбектерінен «кұқтық мемлекет» деген ұғынды іздеу бекер болар, адам қандай ұлы болса да, өз заманының перзенті ғой. Бірақ Абайдың саяси-құқтың көзқарастары осы ұғыммен байланысты екенін байқауға болады. Абай отарлық саясатты әшкерелей келе, «бөліп ал да, билей бер» деген саясаттың негізінде халықтың ішінде іріткі пайда болып, жеке адамның құқтарының өрескел бұзылғанын әңгіме қылады. «Болыс болдым мінеки» деген өлеңінде Абай:
«Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды,
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды.
Өзі залым зәкүншік
Тонап алды талайды.
Көрмей түрып құсамын
Темір көзді сарайды», - деп, патшалық саяси тәртіпті әшкерелейді.
Абайдың сот тәуелсіздігі жөніндегі ойларына келсек, ол да бүгінгі күнгі талаптармен үндесіп жатыр. Бұл қағиданы іс жүзінде өмірге енгізу үшін сот қызметкері сол жұмысқа өмірлік сайлануы қажет. «Әрбір елден толымды-білімді кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе - жаманшылығы әшкере білінгендіктен түссе, әйтпесе түспесе», - дейді ұлы ойшыл. Егемен мемлекетімізде Абайдың айтқан бұл ойын іске асырдық, бірақ етек жайып кеткен пара алатын «зәкүншіктер» осы уақытқа шейін таусылар емес.
Абай бүкіл болмысымен, жан-тәнімен өз халқын сүйген, сол себепті оның тарихи қалыптасқан кемшіліктерін әшкерелей білген. Өз кемшілігін сезіну - одан жартылай құлылумен тен емес пе, қалған жартысын білім алу, қажырлы еңбек ету жолында жоюға болады. Абай «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалды талдай келе «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргенің кұрысын» (29-сөз., аталған шығарма, 63 б.), - деп қынжылады. «Қалауын тапса қар жанады», «Атың шықпаса, жер өрте», «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» деген мақал-мәтелдерге сын көзбен қарап, қазақ, дүниесезімінде қалыптасқан теріс кертартпа қылықтарды қатты сынға алып, оларды түзеуге шақырады.
Біздің бұл мәселеге тоқталған себебіміз - дербес мемлекет болып қалыптасып, жаңа өмірге ұмтылып жатқан жағдайда, ұлттың өзіндік сыны 100 жылдан аса уақыт өтсе де, Абайдың деңгейінен төмен болып тұрғандығы. Керісінше, қоғамдық санада «Жаманымызды жасырып, жақсымызды асырайық» деген сорақы пікір кең тараған. Сонда біз халықтың теріс қылықтарынан қалай арыламыз?! Я болмаса бүгінгі таңдағы қазақ халқының кемшіліктері жоқ па? Олай болса, біз неге басқа алға кеткен халықтардан озып кетпейміз? Бұл қойылған сұрақтарға қарсы «қазақ елі көп ұлтты мемлекетке айналғаннан кейін, басқалардың алдында ез кемшіліктерімізді әшкерелегеннің жөні болмас» деген пікірді де естіп жүрміз. Ал басқалар сынаса, жатып алып долданамыз.
Әрине, көп ұлтты елде бірін-бірі сынау үлкен саяси қателік болар еді. Сонымен қатар «Ауруын жасырған - өледі» дегенді еске алсақ, ұлттық сын керек сияқты, және оны жасайтын өз ұлтыңның зиялылары болу керек. Сонда ғана алға жылжұлық орын алға, ұлттың сана-сезімі өседі. Басқа жағдайда, орынсыз, Абай уақытында сынға алған, өркөкіректікке келеміз. Ал жақсы жақтарымызға келер болсақ, оны басқа халықтар айтпай-ақ біліп, біздің ұлтымызды сыйлайды. Міне, осындай ащы ойлар Абайды оқығанда еске келеді, ол да болса ойшылдың өсиеттерін орындау парызынан шығады.
Келесі Абаймен ақылдасатын көкейкесті мәселе - Қазақстанның ғаламдасу (глобализация) үрдісіне кеңінен кіруі. Уақытында оның жолын ұлы Абай орыс мәдениеті мен тілін игеру керектігі жөніндегі ойларында терең көрсетіп кетті. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста түр. Зардабынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» (25-сөз., аталған әдебиет, 51-6.), - дейді ұлы ағартушы. Яғни жақсы жақтарын алып, жаман жақтарынан безу керек. Олай болса, біз шетелдерден жаңа технологияларды алып, өндірісімізді дамытып, сонымен қатар Батыс мәдениетінің тұрпайы да дөрекі - зорлық-зомбылық пен тыйымы жоқ нәпсіні көрсететін түрлерінен өз ділімізді алшақ ұстауымыз қажет. Ал іс жүзінде біріншісінен гөрі екіншісі - елді жаулап алып, руханиятымызды улап жатыр. Ертең-ақ соның салдарынан төл мәдениетімізден жаттанып, XXI ғ. «жаңа мәңгүрттеріне» айналу қаупі төніп тұрғандай.
Абайдың ойынша, Жаратқанның тудырған бұл Дүниесінің кіндігі - адам. Олай болса, «Адам бол!», - дейді бабамыз. Яғни әрбір кісі әрқашанда өзінің тұлғасының адам ұғымына сәйкестігін өлшеп, өмірбақи соған жетуге тырысуы қажет. Тек сонда ғана адам өзін жан-жақты дамытып, бойындағы ашылмаған табиғи дарын-дарын сыртқа шығарып, гүлдетіп, бұл өмірде ерекше орны бар тұлғаға айналын, өзін бақыттымын деп сезіне алады.
Бірақ адам идеясы, ұғымы мен тірі өмірдегі пенденің арасын қанша жақындатсақ та, олар бір-бірімен толық қосылмайды. Мүны терең түсіне білген Абай да, қазіргі тілмен айтқанда, э кзистенциалдық ой-өрістің шеңберінен көрініп, XX ғ. пайда болған осы Батыс ағымы қойған адам мәселелерін қамти білді, оны біз 1-ші қара сөзден-ақ байқаймыз. «...әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық... Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық,... бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған омірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» (аталған әдебиет, 7-6.), -деген ойшыл сөздерінен өмір философиясын көру қиын емес.
Дегенмен де «Дүние - үлкен көл, заман - соққан жел», бәрі де өзгерісте болғаннан кейін, ұлы Абай нағыз адам болу үшін болашақ ұрпақтарына өсиет ретінде: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол», - дейді.
«Тілеуің, өмірің алдында,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның білсеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой -
Бес асыл іс, көнсеңіз».
Әрине, Абай - телегей-теңіз, біз оның кейбір маңызды ойларына ғана талдау жасадық. Оқырманға Абайтану жолында сәттілік тілейміз.