Р.Декарттың этикалык көзкарастары адамның кұмарту сезімдерімен байланысты түрде қаралады. Олардың бәрін негізгі алты сезімге әкеліп теңеуге болады. Олар: таңғалу, сүю, жек көру, тілеу, қуану мен қайғыру. Олардың көбі адамның сезімдік заттарға деген іңкәрінен туады да, адамның жан дүниесін зардапқа толтырады. Ақыл-ой арқылы оларды жою мүмкін емес. Олай болса, олардың бәрін адамның жан дүниесіне сәйкес келетін бір кұмартумен алмастыру керек. Ол қандай құмарту сезімі болуы керек деген сұракқа ойшыл өзінше жауап береді. Оның ойынша, ол - дүниетануға деген жанның құмартуы, адамның дүниедегі кұбылыстарға кызығушылықпен қарауы.
Қорыта келе, Р.Декарттың философиясының болашақ дүниеге деген көзқарастардың дамуына зор әсерін тигізгенін атап өтеміз. Сонымен қатар философияда әртүрлі қайшылықтар етек алып, әртүрлі бағыттардың арасындағы күрестер күшейе түседі. Солардың ішінде Ф.Бэконның философиясын әрі карай дамытып, сонымен қатар Р.Декарттың философиясын сынға алған ойшылдардың ішінде әсіресе Т.Гоббсты атап өтуге болады.
Т.Гоббстың философиялық көзқарастары
Томас Гоббс (1588-1679 жж.) –ағылшын философы, Оксфорд университетінде оқып, білім алған. Негізгі еңбектері: «Азамат жөнінде», «Левиафан, я Материя, шіркеу мен азаматтык мемлекеттің билігі мен бітімі» т. с.с.
Жаңа дәуірдегі алғашқы философтармен салыстырғанда, Т.Гоббс философия пәнін ақыл-ой арқылы дүниетанумен теңеп, оның шеңберінен үзілді-кесілді теологияны шығарып тастады. Сонымен қатар ол дінді, Құдайға сенуді қарапайым халыққа керек нәрсе деп есептеді, әсіресе ол оның моральдық жетілуінің тірегін құрайды.
Т.Гоббстың онтологиялық көзқарастарына келер болсак, ол Дүниені бүкіл өмірде болып жатқан барлық денелердің жиынтығы ретінде қарайды. Олардан басқа еш нәрсе жоқ. Гоббстың ойынша, нақтылы өмір сүріп жатқан дененің өзі - сол субстанция. Ал дененің созылуы мен бітімі оның негізгі қасиеттеріне (акциденцияларына) жатады. Қозғалыс пен тұрақтылықты алар болсақ, олар, әрине, көп денелердің касиеттері, бірақ қозғалмайтын денелер де болуы мүмкін. Ал заттардың иісі, түсі, дыбысын алар болсақ, бұл қасиеттер пайда болып, келесі сәтте-ақ жоғалып жатады. Олар көбіне заттардан гөрі соларды қабылдайтын адамдардың түйсігіне байланысты.
Т.Гоббстың ойынша, қайсыбір субстанция нақтылы болғаннан кейін, абстрактілік субстанцияны мойындауға болмайды, ол нәтижесіз. Материя деген ұғым - ол тек қана бүкіл дүниедегі заттарға қойылған ат қана.
Т.Гоббс дене жоқ жерде кеңістік те жок деген пікірге келеді. Кеңістік - әрқашанда нақтылы заттың, дененің көлемі.
Уақыт та - қозғалып жатқан нақтылы заттардың өлшемі ғана. Ал Дүниеде болып жатқан таза ұзақтылықты ойшыл үзілді-кесілді теріске шығарады.
Дүниедегі себептілікке тоқталатын болсак, Т.Гоббс «соңғы себеп», «формальды себеп» деген сияқты ұғымдарды теріске шығарып, тек қана материалдық және қозғаушы себептерді мойындайды. Бірақ осы жолда ол үлкен киындықтарға кез болады. Дүниедегі саны шексіз заттардың қозғалысының қайнар көзі қайдан шығады? Тек XVIII ғ. материалистері оны материяның ішкі қасиеті деп мойындады. Ал Т.Гоббсқа келер болсак, ол Декарт сияқты, Құдайды мойындауға мәжбүр болды, өйткені Ол - алғашқы Дүниені қозғаушы күш, ал содан кейін Дүние өз заңдылыктарының негізінде өмір сүре бастайды.
Т.Гоббстың гносеологиясы (таным ілімі) тәжірибелік тұжырымынан шығады. «Алғашында туйсікте толығынан, я болмаса жартылай болмаған, ұғымда да жоқ» деген сенсуализм қағидасын Т.Гоббс толығынан мойындайды. Бірақ ғылыми ұғымдарды жасау үшін сезімдік саты, деректерді білу жеткіліксіз, өйткені ғылыми ұғымдар ең жалпылық, қажеттілік деңгейіне көтерілуі керек. Т.Гоббстың ойынша, ондай дәрежеге математика ғылымы ғана көтеріле алады. Р.Декарттың «туа біткен идеяларына» қарсы шығып, ол оның қайнар көзін тілдің сөздерінен іздейді. Оның ойынша, ойлау тілмен тең. Сөздер арқылы біз ішкі ойымызды сыртка шығарып, басқа адамдарға жеткізе аламыз. Сонымен Х.Гоббс тілді белгі тұжырымдамасының шеңберінде түсінеді. Қайсыбір сөз - ол затқа қойылған ат (nomina) қана. Ол әр түрлі мағынаны көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда адамдар бір-бірімен түсінісе алмайды. Ал адамдар белгілі бір келісімге келіп, сол қойылған атқа, таңбаға нақтылы мазмұн беретін болса, сонда ғана ол белгіге айналып, соның негізінде адамдар бір-бірімен түсінісе алады. «Адамның ақыл-ойының сәулесі - ол көпмағыналықтан тазартылған, нақтылы анықтамасы бар сөздер», - дейді ұлы ойшыл.
Т.Гоббс «Ойлаймын, олай болса өмір сүремін», - деген Р.Декарттың принципін өзінің танымдық ілімінің тұрғысынан қатты сынға алады. «Мен ойлаймын, олай болса өмір сүремін» деген қағида бізді ойлана алатын дене бар екенін мойындауға әкеледі. Ал Р.Декарттың ойлайтын адам ойлауға тең деген пікірін «серуендеп жүрген адам серуен деген тұжырымға тең», - деп, материалистік тұрғыдан қатты соққыға жығады.
Т.Гоббс таным әдістемелері жөнінде де ерекше пікір айтады. Индуктивті және дедуктивті әдістерді бір-біріне қарсы қоймай, олардың екеуін де ғылыми зерттеулерде кең түрде қолдану қажет. Бірақ индуктивті әдіс табиғатты зерттегенде басымырақ қолданса, математика саласында және этика мен саясатты зерттегенде дедуктивті әдіс басым болуы қажет деген пікір айтады.
Адам мәселесі
Р.Декарттың «Адам - машина» деген көзқарасын әрі қарай жалғастырып, Т.Гоббс адам да дене ретінде күрделі механизм деді. «Өмір - бөлшектердің әр түрлі қозғалыстары «жүрек - серіппе, жүйке - жіптер, адамның аяқ-қолдары - машинаның дөңгелектері сияқты бүкіл денеге қозғалыс береді» т.с.с. Егер Р.Декарт адамның денелік емес жан дүниесін мойындаса, Т.Гоббс психиканың өзін механистік тұрғыдан түсіндіргісі келді.
Адамның моральдық қасиеттерін ойшыл оның табиғаты арқылы түсіндіреді. Бұл жағынан келгенде, оның көзқарасы Н.Макиавеллиге өте жақын. Адам табиғаты өзімшілдікке негізделген. «Адамдар өз табиғаты бойынша қомағай, тойымсыз, корқақ, долы т.с.с. хайуандыққа толы», ал қоғамдық пенде ретінде олар «пайда мен мансап» іздейді, тек өздерін ғана сүйеді, - дейді ұлы ойшыл.
Т.Гоббс адамдардың өзімшілдігінен шығатын мүдделері мен мақсаттарына көп көңіл бөледі. Қоғам өмірінде әртүрлі мүдделер бір-бірімен соқтығысып, құқ ғылымының әділдікке негізделуіне жол бермейді, заңдар бұрмаланады т.с.с. «Егер геометрия қағидаларының адамдардың мүдделеріне қатысы болса, онда ол кітаптарды адамдар жағып жіберер еді», - деген нақыл сөз осы кісінікі. Сондыктан моральдық құндылықтардың негізінде мүддеден шығатын пайдалық жатыр. Жақсылық пен жамандык, игілік пен залымдық дегендеріміз не? деген сұраққа «жаксылық, игілік» деген сөздермен бізге ұнайтын, пайдасы бар нәрселерді айтамыз, ал залымдық деп оған қарама-қарсы жатқан нәрселерді көрсетеміз», -деп жауап береді. Мұндай мораль саласындағы көзқарасты біз утилитаризм дейміз (utilitas - латын сөзі, пайда).
Әрине, адам мәселесін талдағанда, еріктік мәселесін аттап өте алмаймыз. Т.Гоббс ерік тек қана адамның ахуалынан ғана шығып коятын құбылыс емес деген тұжырымға келеді. Еріктік дегеніміз - барлық дүниедегі нәрселерге тән. Мысалы, ыдыс сынса, ішіндегі су еріктік алады.
Дегенмен адамның еріктігі өте киын шаруа, өйткені ол жалғыз емес, өмір жолында мыңдаған басқа адамдармен қарым-қатынаска түседі. Сондыктан, бір жағынан, ерікті болса, екінші жағынан, қоғамдық кажеттіктен аттап өте алмайды. Олай болса, олар бір-бірін толықтырады. «өзендегі судың ағысы ерікті де қажетті, өйткені ол арнасынан шығып кете алмайды». Адам да сол сияқты деп қорытады ұлы ойшыл.