Науқас адамның тыныш күйінде және стенокардия ұстамасы жоқ кезде түсірілген ЭКГ-да көбіне өзгеріс болмайды. Бұл жағдайларда миокардтың оттегін қажет етуін күшейтетін (велоэргометрия, тредмил-тест, өңеш арқылы электрокардиостимуляция, добутамин сына-масы) немесе миокардқа оттегі келуін азайтатын (курантил, аденозин қолданған сынамалар) түрткілер арқылы миокардтың ишемиясын тудыратын сынамалар қолданылады.
Ең жиі қолданылатын сынамаларға ЭКГ-лық күш түсіру сынамалары (велоэргометрия, тредмил-тест-жүгіріп тұратын жол сынамасы) мен жүрекшелерді өңеш арқылы электрокардиостимуляциялау жатады.
ЭКГ-лық күш түсіру сынамалары жасырын коронарлық жетіспеушілікті табу үшін, коронарлық қан айналысының резервін бағалау үшін, ЖИА ауруының екшеу диагнозын іске асыру үшін және қолданған емнің тиімділігін бағалау үшін қолданылады.
Күш түсіру сынамалары миокардтың ишемиясын күшейтетіндіктеріне байланысты оларды қолдануға қарсы көрсетпелер (шаралар) болады.
Абсолюттік қарсы көрсетпелер: миокард инфарктісінің жедел кезеңі, тұрақсыз стенокардия, ми қан айналысының әр түрлі бұзылуы, жедел тромбофлебит, қан айналысы жетіспеушілігінің ІІ Б – ІІІ сатылары, ауыр тыныс жетіспеушілігі, қолқа сағасының ауыр клапандық стенозы.
Шартты қарсы көрсетпелерге ауыр артериялық гипертензия (с.б. 220/130 мм жоғары), жүрек және қолқа аневризмасы, себебі белгісіз тахикардия (ЖЖЖ > 100/мин.), жүрек ырғағының ауыр бұзылыстары, анамнезде талма болуы, қызба күйлер және Гис будасының сол жақ сағасының толық блокадасы (қарыншалық комплектің соңғы жағының өзгерістерін бағалау мүмкін болмайтындықтан) жатады.
Велоэргометриялық сынаманы электрокардиографияны меңгерген және шұғыл кардиологиялық көмек көрсету бойынша дайындық өткен дәрігерлер орындайды. ВЭМ (велоэргометрия) өткізетін орында шұғыл көмек көрсетуге қажет құрал – сайман мен дәрілер болуы керек.
ВЭМ ашқарынға немесе тамақ қабылдағаннан кейін 2 сағат өткен соң жасайды. Сынама өткізетін күні науқас адам шылым шекпеуі керек және коронарлық қан айналысына әсер ететін дәрілер қабылдамауы керек. ВЭМ жасағанда барлық электрокардиографиялық тіркемелерді қолдануға болады. Бірақ көбіне ІІІ, avF, V5 немесе III, avF, V2, V4, V5 (электрокардиограмманы көп каналды аппаратта тіркегенде) тіркемелері қолданылады.
ВЭМ көбіне үздіксіз сатылы тәсілін қолданып, үзіліссіз немесе әр сатысының арасында 2-3 минуттік үзіліс жасап орындайды. Әр сатының ұзақтығы 3-5 мин. тұрады. Сатылар қуатының өсу реті: І сатыда – 150 кгм/мин. (25 Вт/мин), ІІ сатыда – 300 кгм/мин. (50 Вт/мин.), ІІІ сатыда 450 кгм/мин. (75 Вт/мин.), IV сатыда – 600 кгм/мин. (100 Вт/мин.), V сатыда – 750 кгм/мин. (125 Вт/мин.), VI сатыда 900 кгм/мин. (150 Вт/мин.) қуат қолда-нылады.
Науқас адамға берілетін (түсірілетін) күш (жүктеме) көлемі тексерілушінің жеке ерекшеліктерімен байланысты болады. Шамамен оны субмаксимальды ЖЖЖ (немесе субмаксимальды жүктеме) қарап анықтайды. ДДҰ критерийлері бойынша (1971) пульстің субмаксимальды жиілігі тексерілушінің жасына тәуелді болады және төмендегідей болып келеді:
20-29 жастағы адамдар үшін – 170/мин.;
30-39 жастағы адамдар үшін – 160/мин.;
40-49 жастағы адамдар үшін – 150/мин.;
50-59 жастағы адамдар үшін – 140/мин.;
60 жастағы және одан үлкендер үшін – 130/мин.
Сынаманы субмаксимальды жүктемеге жеткеннен кейін тоқтатады.
Оң мәнді велоэргометрия сынамасының белгілері: стенокардияның айқын ұстамасы, ауыр ентігу немесе тұншықпа, АҚҚ төмендеуі, ST сегментінің изоэлектрлік сызықтан «ишемиялық» типті төмен түсуі және ST сегментінің 1 мм және одан жоғары көтерілуі. Көрсетілген белгілердің ішінде ишемияға ең тән белгілер болып табылатындары: ангиноздық ұстама мен ST аралығының изосызықтан төмен немесе жоғары ығысуы. ЖИА тек электрокардиографиялық белгілерінің пайда болуы симптомсыз миокард ишемиясын көрсетеді.
Егер субмаксимальды жүктемеге жеткеннен кейін оң мәнді сынама белгілері болмаса, онда ВЭМ сынама теріс мәнді деп есептеледі.
ВЭМ өткізу кезінде кейде сынаманы субмаксимальды жүктемеге жеткенге дейін тоқтатуға тура келеді. ВЭМ тоқтатудың клиникалық критерийлері:
- стенокардияның айқын ұстамасы;
- ауыр ентігу немесе тұншықпа;
- бас ауыруы, талма күй, жүрек айну, аяқ-қолдың, дененің басқа жерлерінің, бұлшық еттерінің ауыруы, АҚҚ с.б. 220/120 мм дейін және одан да жоғары көтерілуі;
- АҚҚ төмендеуі;
- айқын жалпы әлсіздік;
- кейбір жағымсыз сезімдерге байланысты науқас адамның сынаманы әрі қарай жалғастырудың бас тартуы.
ВЭМ тоқтатудың ЭКГ-критерийлері:
- ST сегментінің 1 мм-ге және одан да жоғары горизонтальды, қия төмен немесе қия жоғары ығысуы;
- ST сегментінің қия жоғары төмендеп, j нүктесінің 2 мм және одан көп ығысуы;
- ST сегментінің 1 мм және одан көп ығысуы;
- бұрын болған экстрасистолияның жиілеуі, жиі, ерте және политопты қарыншалық экстрасистолиялардың және басқа да аритмия түрлерінің пайда болуы;
- атриовентрикулярлық және қарынша ішілік өткізгіштіктің нашарлауы, ЭКГ тісшелері вольтажының төмендеуі.
Велоэргометрияның орнына күш түсіру сынамаларының басқа түрлерін (тредмил, Мастер сатылары т.б.) қолдануға болады.
Күш түсіру сынамаларын жасауға болмайтын жағдайларда (тіреніш – қимыл аппараты-ның аурулары, өкпе аурулары, аяқ тамырларының зақымдануы, жоғарғы деңгейдегі артериялық гипертензия, жаттықпаған науқастар) жүрекшелерді өңеш арқылы электрокардиостимуляциялау әдісі қолданылады; бұл әдіс науқас адамның сынаманы орындауға белсенді қатысуын қажет қылмайды, жүрекке селективті (таңдамалы) күш түсіреді.
Стимуляцияны 100 имп/мин. жиіліктен бастайды, миокард ишемиясының белгісі жоқ болған жағдайда әр минут сайын импульс жиілігін 15-20 импульске көбейтіп отырады. Ишемияның клиникалық белгілері күш түсіру сынамасымен бірдей, бірақ өңеш арқылы стимуляциялаудағы ишемияның ЭКГ белгісі болып ST аралығының изосызықтан 2 мм және одан да көп төмен ығысуы есептелінеді. Өңеш арқылы стимуляцияда ЖЖЖ 160/мин. жеткізеді, егер миокард инфарктісінің белгілері болмаса, сынаманы тағы да 2 минутқа созады.
Сынаманың диагностикалық құндылығы күш түсіру сынамасымен шамамен бірдей. Сынаманың теріс мәні жеткілікті жоғары дәрежелі коронарлық резерв бар екенін көрсетеді, ал минутіне 100 импульстен аз жиілікте ишемия белгілерінің пайда болуы коронарлық артериялардың ауыр зақымданғанын көрсетеді.