Истериялық психопатия сыртқы эффектке бағытталған, ерекше жүріс-тұрыспен және истериялық реакциялармен көрінеді. Истериялық жүріс-тұрыс формасы театральдылықпен, жасандылықпен, өзіне тән емес қабілеттер мен қасиеттерді иемденіп өз әрекетін пайдалы жағынан көрсетумен немесе өзі басты, жиі ерлік іс жасаушы рөлде болатын әртүрлі болмаған оқиғаларды ойдан шығарумен сипаталады. Жиі ситуацияға және науқастың ұстанымына байланысты жүріс-тұрыстың истериялық формасы жеңіл өзгеріске ұшырайды. Егер белгілі бір ситуацияда ыңғайлы және ұтымды болып табылса, науқастар өздеріне аяушылық сезімін шақыру үшін өздерін аса қарапайым көрсетеді. Оларға әрқашан өздеріне көңіл аудартуға талпыныс тән, ерекше бет-әлпетімен, жесттерімен, киім киісімен өздеріне қажет рөлге сәйкестенеді. Бұл адамдар көпшіл, өзгелермен жеңіл танысады. Олардың қызығушылықтары мен үйірліктері тұрақсыз болып келеді. Оның барлығы олардың эгоцентриялық ұстанымдарына қаншалықты дәрежеде сәйкес келетіндігіне байланысты. Истериялық тұлғалар ұзаққа созылатын қатаң жағдайларға көне алмайды, олардың қызығушылығы беткей сипатта, ал өзге адамдарға үйірлік және лояльдылық сезімі өздерінің қызығушылықтарына қарсы қайшылық туғанға дейін жалғасады. Истериялық психопатиямен науқастардағы тұлға аралық қатынастарды түзудегі мұндай принциптер мен мотивтер жиі жанұяда және жұмыс орнында қақтығыстар туындауына және оларда декомпенсация дамуына және адаптацияның бұзылуына алып келеді. Олар шектен тыс аффективті реакцияларға бейім болады. Декомпенсация кезінде әртүрлі истериялық көріністер бақыланады: истериялық афазия, афония, естен танулар, әртүрлі ұстамалар, блефароспазм және т.б.
Науқас З., 25 жаста манекен-қыз. Психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Әкесі үлкен кәсіпорын жетекшісі; эмоциональды суық, жігерлі адам. Анасы ұстамсыз, эксцентриялы тұлға, бұрын – балет әртісі болған, қазіргі уақытта - үйде. Анасының жүктілігі мерзімінде, босануы жеңіл өткен. Науқас бала кезінде ерке болып, үйде тәрбиеленген. Бала кезінде жиі ауыратын, өзінің бүкіл талап-тілегін орындайтын әжесінің сүйіктісі болған. Мектепке барғанға дейін оқи алған, көптеген әндер мен тақпақтар білетін болған. Бастапқы сыныпта жақсы оқыған. Тақта алдында жауап бергенді ұнатып, балалар үйірмелеріне белсене араласатын болған. Басқа балалардың сәттіліктеріне қызғанышпен қараған. 2-ші сыныпта дос қызын мұғалім мақтағанда жылап жіберген. Науқасты үйде ылғи еркелететін. Әкесі қызының тәрбиесіне көңіл бөлмеген, тек ылғи командировкадан оралған кезде қызына ойыншық, киім, әртүрлі тәттілерді көп мөлшерде сыйлайтын. Қыз мектепте қоғамдық жұмыстарды белсенді түрде атқарып, класста староста болған және би үйірмесіне қатысып, қалалық курстарда ағылшын тілін оқыған. Жоғарғы класстарға көшкенде мінез-құлқы өзгере бастайды. Мұғалімдермен дөрекі сөйлесіп, сабаққа қатыспай, шашын ашық түске боятып, темекі тарта бастайды. Ылғи сыныптастарының ортасында (жұлдыздай) ерекше болып жүруді ұнататын. Мұғалімдердің ескертулеріне аффективті реакциялар қайтарады. Бір күні бүкіл класстың көз алдында күнделігін жыртып, келесі күні оқытушының көз алдында сынып журналын терезеден далаға лақтырып, мектеп директорына бар деген талапқа қатты күліп, есікті тас жауып кетеді. Дос қыздарына өзінің шетелдік жастар ансамбілінің әншісімен танысқандығын әңгімелеп, жазда сонымен бірге гострольге баратынын айтқан. Шет елден оның әкеліп берген мардымсыз сыйлықтарын достарына көрсетіп олардың керемет, бейғам өмір салты туралы әңгімелеуді ұнатқан.
Үйінде анасынан және әжесінен қымбат киім алып беруді сұраған, жұмсауға көп ақша алған. Қарсы болған жағдайда қатты ренжіп жылап, айқайлайтын болған. Екі рет әкесімен ұрысқаннан кейін үйінен қашып кетіп, дос қызының үйіне қонып жүрген. Мектеп бітірген соң науқас шет тілдер институтына барып, конкурстан құлап қалған. Бірақ онысын басқалардан жасырған. Оларға шетелде жұмыс істеуге дайындайтын арнайы курста оқитынын айтқан, ал өзі сол кезеңде әмбебап дүкенде бақылаушы болып жұмыс істеген.
18 жасында өзінен 15 жас үлкен офицерге тұрмысқа шыққан. Жанұялық өмірінде жолы болмады. Алғашқы уақытта үй тұрмысында болған, тек күйеуінің табысымен күнелткен. Содан соң шет тілдер институтына түскен. Бала сүймеген, яғни «әуелі өзім үшін өмір сүру керек» деген. 2 жыл өткен соң күйеуін алыс аймаққа қызметке ауыстырған, ал науқас оқуымды жалғастырамын деп сылтауратып, күйеуіне ілеспей қалады. Басқа бүреуге ғашық болып, жарты жыл уақыт өткен соң ажырасуға арыз берген. Бос уақытын жастармен театрда, ресторанда өткізетін болған. Үлгерімі нашар болғандықтан институттан шығарылған. Екінші рет тұрмыс құрған. Модельдер үйіне маникен-қыз болып жұмысқа орналасқан.
Екінші күйеуімен де жараспаған; ұрыс-керіс жиі жанұяның материалды қамтамасыздығына байланысты болып тұрған. Бір қайшылық кезінде науқас білегін бірнеше рет пышақпен кесіп, айқайлап, дәлізге жүгіріп шыққан. Көршілері жедел жәрдем шақырып, психиатриялық ауруханаға жеткізілген.
Соматикалық жағдайы:дене бітімі нормастеникалы, дене салмағы төмен. Оң және сол білегінің төменгі үштен бір бөлігінде 4-5 см көлемде тілімдер бар. Ішкі мүшелерінде патологиялық өзгеріс жоқ.
Неврологиялық жағдайы: ОЖЖ-нің органикалық бұзылысының белгілері айқындалмайды. Краниограмма және көз түбін зерттегенде өзгеріс жоқ.
Психикалық жағдайы:мәнерлі, басын жиі артқа қарай шалқайтады, саусақ ұштарымен самайын қысады, бетін алақанымен жабады және т.б. жас көрінеді, ұқыпты киінген. Әдемі таранып алған. Ашық түстермен боянады.
Сұхбаттасқанда жылдам сөйлейді, әңгіме барысына орай даусын күшейтіп, бәсеңдетіп өзгертіп отырады. Тыңдаушының реакциясын үнемі бақылап отырады. өзіне аяныш сезімін тудыруға тырысады. Суицидальды әрекетінің себептерін көзіне жас алып әңгімелейді. Барлығына күйеуін кінәлайды, үнемі «ренжітіп, ізіне түсіп, қинаған». Кезекті ұрыс-керіс кезінде күйеуінен «ажырасамын» деген сөзді естіген кезде, «өмір сүргім келмей кетті» дейді. Сұхбаттасу кезінде үнемі шашын түзеп, орамалының ұшын тістеп отырады. Интеллект сақталған. Ойлауы бейнелі, эмотивті, көбіне нақты. Көру есте сақтауы жақсы. Ауруғанаға тез үйренісіп кетті. Көңіл-күйі көтеріліп, ауруханадан шыққысы келмейді. Туыстары және күйеуі келген жағдайда демонстративті түрде көңілі түсіп кетеді және бұл өмірде маған еш нәрсе керек емес деп мәлімдеді. Олар кеткеннен кейін адекватты және әзіл-қалжыңға тез араласады. Күйеуімен татуласқаннан кейін ауруханадан шығарылды.
Жоғарыда психопатияның жиі кездесетін нұсқалары келтірілді. Төменде жеке авторлармен ажыратылған психопатияның басқа да формалары аталып өтеді.