Жақ сынықтарының емдеу әдістері жергілікті және жалпы деп бөлінеді. Жергілікті емнің өзі уақытша (транспорттық) және тұрақты (емдік) емге бөлінеді. Тұрақты емнің ортопедиялық және хирургиялық түрлері бар.
Шендеуіштердің көмегімен көрсететін ортопедиялық ем үш топқа бөлінеді: тістік, тіс-қызыл иектік және қызыл иекүстілік.
Шендеуіштерге қойылатын талаптар: 1. Шендеуіш сынықтарды мықтап ұстап тұруы; 2. Құрылысы қарапайым болуы; 3. Қолда бар заттардан оңай дайындалуы; 4. Ағза қызметіне кедергі келтірмеуі керек.
Тістік шеңдеуіштер. Бұл шеңдеуіштердің ішінде кеңінен тараған алюминий сымынан жасалған Тигерштедтің, Васильевтің таспалы стандартты шеңдеуіштері. Тістік шеңдеуіштер тек тістерге бекітіледі, сондықтан олар тістер жеткілікті болса ғана қолданылады. Бұл шеңдеуіштерді орыс әскерінің тіс дәрігері Тигерштедт С.С. (1915) қолдануды ұсынған. Оны дайындау үшін диаметрі 1,8-2,0 мм алюминий сымы, 0,5-0,6 мм қола-алюминий сымы және аспаптар жиынтығы (крампон қысқышы, анатомиялық пинцет, қан тоқтатқыш қысқаш, егеу) қажет. Шеңдеуішті дайындау ережелері: Шеңдеуіш тістердің мойын аумағында орналасып, әрбір тіске жанасып тіс қатарының доғасымен иіледі. Ол серпілігі қызыл иекті жарақаттамау керек. Шеңдеуішті әр тіске сыммен бір басынан бастап бекітеді, осыған байланысты тістерге түскен салмақ шеңдеуішке байланған тістерге біркелкі бөлінеді, оның күтімін жеңілдетеді. Шеңдеуішті ию барысында бірнеше ережелерді орындау қажет. Оны крампон қысқашымен қысып ұстап саусақпен иеді.
Сурет-75.Тигерштедтің шеңдеуіштері:
Бұл талап орындалмаса шеңдеуіштің иіліп дайын болған жері деформациялануы мүмкін.
Қазіргі кезде Тигерштедт шеңдеуіштерінің ішінде тегіс жақша тәріздес, тіректі шеңдеуіш, екі жақтық ілмектері бар шеңдеуіштерді көп қолданады, ал көлбеу шендеуішті сирек қолданады (75 а, б, в, г сурет). Шендеуішті салу алдында жергілікті жансыздандыру жасап сынық бөліктерін орнына салады.
Біржақтық байланыстырғыш, жақша тәріздес шендеуіш сынықтың үлкен бөлігінде 4 тістен кем, ал кішісінде 2 мықты тістерден кем болмаса салынады.
Тегіс жақша тәріздес шеңдеуішті алдыңғы тістер аумағындағы оңай салынатын немесе ығыспаған тік сызықты сынықтарда, жоғарғы және төменгі жақтардың ұяшық өсіндісінің ортаңғы бөлігінен, бүйірінен сынғанда, егер сынық бөлігінде 2-3 тістен, жарақаттанбаған бөлігінде 3-5 мықты тістерден кем болмаса, тіс ұясынан шыққанда немесе сынғанда қолданады. Дегенмен жоғарыда аталған жақ сынықтарында екіжақтық ілмектері бар шендеуіш қолданған жөн. Өйткені тегіс жақша тәріздес шеңдеуіш иек аумағындағы сынық бөліктерін бір-біріне жақындата алмайды. Егер тіс ұясынан шықса немесе сынса оларды бекіту үшін шеңдеуіш каппалар қолданады.
Біржақтың жақша тәріздес шеңдеуішті дайындау үшін әуелі соңғы тісті тығыз қамтып ауыз қуысының тіліне кіріп тұратын (тіс түбірі 1/2 немесе 1/3 ұзындығына) ілмек иеді. Ілмектің ұшын тік жазықта 45° бұрыш жасай қайшымен қиып, ұшын егеумен тегістейді. Ілмек орнына қысқа жіңішке үшбұрышты тіс аралығына кіріп тұратын иін июге болады. Шендеуіш тістердің мойын деңгейінде орналасу үшін ілмек жасалған тіс сауытының ортасында немесе оның алдында орналасқан тіспен аралығында сымды жоғарыға (жоғарғы жақтан төмен) иеді. Сонан соң шендеуішті әрбір тіске жақындата отырып тіс қатарының бойымен иіп сыммен бекітеді. Сымның ұшын 5 мм қалдырып орталық сызық бағытында шеңдеуіштің астына қарай майыстырады.
Тіректі шеңдеуішті төменгі жақ сүйегі тіс қатарының аумағында жылжымай сынса немесе сынық оңай салынса, егер сынық сызығы альвеолды өсіндінің тістері жоқ жерлерінен өтсе және төменгі жақ сүйегі тіс қатарының аумағында ақауланып сынса қолданады.
Шеңдеуішті дайындау әдісі жақша тәріздес тегіс шеңдеуіштікіндей, тек сынық тістер жоқ жерден сынса, екі иығы сынықтың- жан-жағында тұрған тістерге тығыз жанасып тұратын иін иіледі. Иін ұяшық өсіндінің тістері жоқ жағына бағытталып иіледі, оның ұзындығы тістің бүйір бетінің жалпақтығына сай келеді. Тіреуіш иін ұяшық өсіндінің деңгейінде немесе онан 5 мм шығыңқы болады.
Шеңдеуіштің жекелей салу ережесі жоқ, өйткені тіреуіш иінді арнайы иілетін шеңдеуіштің кез келгенінде дайындауға болады.
Екіжақтық ілмектері бар шеңдеуіш жоғарғы және төменгі жақтарға бірдей дайындалады.
Бұл шеңдеуішті төменгі жақ сынығы тіс қатарының аумағында жылжып сынғанда немесе сынық бөліктері қиын жылжыса, төменгі жақ екі, үш жерден сынса, сынық сызығы тіс қатарының артынан өтсе, жоғарғы жақ сүйегі сынса (қосымша төбе-иекті таңғышпен байлау немесе стандартты иектік сақпан) және сүйекке пластикалық ота жасалған жағдайларда қолданады. Егер сынық бөліктерін қолмен орнына салуға мүмкіндік болмаса, оларға ілмектері бар шеңдеуіш бөлек дайындалады да, оларды жоғарғы жақ сүйегіндегі шендеуішке резинка дөңгелектермен тартып дұрыс жағдайға келтіреді, сонан соң қосымша жіңішке ортодонтиялық сымнан иген доға тәріздес шеңдеуішпен бекітіп бір-бірін тез қататын пластмассамен бекітеді. Сынық бөлігінің біреуі жоғары қарай көбірек ығысқан жағдайда антогонист тістердің арасына резинкадан төсеніш қойып оны лигатурамен шеңдеуішке бекітіп қояды. Резиналы дөңгелектерді резиналы түтіктен кесіп дайындайды, олардың диаметрі әр түрлі болады. Резиналы дөңгелектің тарту күші оның диаметріне қарама-қарсы пропорцияда. Алғашқы екі күн диаметрі үлкен дөңгелектер салынады, кейінгі күндері олар диаметрі кішірек дөңгелектерге ауыстырылады. Сынық бөліктерінің бағытын дұрыс бағыттау үшін дөңгелек тартылысының бағытын өзгерту керек.
Шеңдеуішті дайындау әдісі. Әр шеңдеуіште 5-6 ілмек иіледі: сынықтың үлкен бөлігіне 3-4, ал кіші бөлігіне 2-3 ілмектен. Ілмектердің ұзындығы 3-5 мм болып жоғарғы жақта олар жоғары, ал төменгі жақта төмен қарай орналасып, тіс өсімен 35-45° бұрыш құрайды. Ілмектің ұшы қызыл иектің шырышты қабатынан 2 мм қашықтықта тұрады, бұл резиналы дөңгелектермен қызыл иекті жарақаттамауға мүмкіндік жасайды. Мүмкіндігінше ілмектерді 2 күрек, 1 кіші және үлкен азу тістердің аумағында иген жөн. Ілмектер тістердің аралығында емес қатты тіндерінде орналасуы керек. Иілген ілмектер бір деңгейде орналасып, барлық тістермен тығыз жанасуын қадағалау керек.
Шеңдеуіштерді иіп болғаннан соң, оларды мүмкіндігінше әрбір тіске бекіткен дұрыс, өйткені оларға ілінген резина дөңгелектер қосымша күш түсіреді.
Ем біткен соң дөңгелектерді алып, науқасты 2-3 күндей бақылайды, егер бұл мерзім ішінде тіс түйісуі өзгермесе, сынық бөліктерінің патологиялық қозғалысы байқалмаса шеңдеуіштер алынады.
Сынықтың түріне байланысты шеңдеуіштерді 4-6 аптаға салады.
Оразалиннің екіжақтық стандартты ілмегі бар пластмасса шендеуіші. ҚазҰМУ-дің хирургиялық стоматология клиникасында 1982 ж. бастап төменгі қысымды полиэтиленнен жасалған стандартты шеңдеуіш қолданылады. Бұл шеңдеуіштер майысқақ, жеңіл, сонымен қатар өте мықты және улы заттар бөліп шығармайды.
Шеңдеуіш доға тәріздес бір-бірінен 1,0 см ара қашықтықта орналасқан ілгектері бар. Оның ұштарында тіс аралығына кіріп тұратын иіндері бар. Шеңдеуіштің ұзындығы 11-13 см, салмағы 0,7-0,8 г. Шеңдеуіш тістерге полиамидті жіппен немесе лигатуралы сыммен бекітіледі (76-сурет).
Сабын және щеткамен өңделіп залалсыздандырылған соң шеңдеуішті қайта қолдануға болады.
Сурет-76. Ж. Б. Оразалиннің пластмасса шеңдеуіші.
Васильевтің таспалы стандартты шеңдеуіші. 1967 жылы қолданылуға ұсынылған, оның жалпақтығы 2,3 мм, ұзындығы - 134 мм. Шеңдеуіштің стандартты ілмектері бар, сондықтан оны қолдану оңай және көп уақыт алмайды. Бірақ бұны барлық уақытта кіші және үлкен азу тістердің аймағында Шпейс қисығына сай орналастыруға мүмкіндік болмайды. Егер тіс түйісуі терең немесе тістер қысқа болса шеңдеуішті қолдану өте қиынға түседі, кей кездерде тіпті қолдануға болмайды. Бұл шеңдеуішті басқа, ілмектері бар шеңдеуіштер қолданатын жағдайларда пайдаланады.
Тіс-қызыл иектік шеңдеуіштер. Ұяшық өсіндіге және тістерге тіреліп бекітіледі.
Вебер шеңдеуіші төменгі жақ сүйегінің сынық сызығы тіс қатары аумағымен өтіп сынық бөліктерінің әрқайсысында бірнеше мықты тістер болса ғана қолданылады. Шеңдеуіш ұяшық өсіндінің тістері жоқ жеріне тіреліп, қызыл иектің шырышты қабатына жанасып тістерді жан-жағынан тығыздап ұстап тұрады. Тістердің шайнау беттерімен кескіш қырларын жаппай тұруына байланысты антагонист тістердің түйісуі бұзылмайды. Бұл шеңдеуішті сынық бөліктері жылжымаған жағдайда сынық пайда болысымен салып, ем толық біткенше пайдалануға болады.
Ванкевич және Ванкевич-Степанов шендеуішін сынық төменгі жақ сүйегі тіс қатарының аумағында және оның артында болғанда, төменгі жақ сүйегі ақауланып сынған жағдайда қолданады. Шеңдеуішті төменгі және жоғарғы жақ сүйектері қатарласып сынғанда стандартты сыртқы таңғышпен біріктіре қолдануға болады.