Жедел ағымды одонтогенді жақ сүйек периоститі деп ұяшықты-альвеольды өсіндінің немесе жақ сүйегі сыртқы қабығының (көбінесе вестибулярлық, таңдай немесе тіл-жақ бетіндегі) жедел ағымды іріңдеп қабынуын айтады. Бұл өте жиі кездесетін ауру. ҚазҰМУ хирургиялық стоматология кафедрасының бақылауы бойынша, барлық амбулаториялық аурулардың 5,2% периоститпен емделеді (А.Н.Фокина, Ж.С.Сағатбаев, 1967), оның-ішінде жастар мен орта жастағы адамдардың үлесі үлкен.
Я. М. Биберманның бақылауы бойынша бұл аурудың 71%-ы 16 мен 40 жастағы адамдарға тиесілі екен. Аурудың келіп шығу тарихында мынандай жағдайлар-факторлар өте маңызды қызмет атқарады:
1. Жедел ағымды іріңдеген периостит — қайта қозған созылмалы периодонтиттің немесе жедел ағымды іріңді периодонтиттін асқынуы.
2. Сонымен бірге маргиналды периодонтитпен, іріңді пародонтит формаларынан да пайда болуы мүмкін.
3. Кейбір жағдайда жедел ағымды іріңдеген периостит тіс жұлғанда, оның жанындағы жұмсақ тіндер көп зақымданғанда немесе альвеолиттің әсерінен дамуы мүмкін.
4. Ақыл азу тістің қиналып жаруы асқынып периоститке айналуы және тіс түбірі фолликулярлық кисталарының іріңдеуі де периоститке әкеп соғуы мүмкін. Соңғы кездері анықталғандай, одонтогенді периоститті көбінесе организмге патогенді емес стафилококктар тудырады. Олар сезімталдығы жоғары организмге гиперергиялық қабыну шақырады. Пародонттағы микроорганизмдер олардың тіршілігінен ыдыраған заттар, іріңді қан тамыр сыртындағы қабыну сұйықтығы-экссудат альвеоланың табақша-пластинкасындағы фолькман және гаверс түтікшелері немесе сүйек қуысының майлы кеңістігі арқылы сүйектің сыртқы қабығы астына шығады. Сонымен бірге, микроорганизмдер периодонттан сүйектің сыртқы қабығы астына лимфа тамырлары арқылы да жетуі мүмкін. Көп жағдайда, созылмалы периодонтиттің қайта қозған түрінде, тіс түбірін қоршаған тіндердегі іріңді қан тамыр сыртындағы қабыну сұйықтығы- экссудат сүйектің сыртқы қабығы астына альвеола өсіндісіндегі қабынудың әсерінен пайда болған сүйек қуысшалары арқылы жетеді.
Патологиялық анатомиясы. Бастапқы кезде қызыл иек домбығу әсерінен ісініп, сүйектің сыртқы қабығы мен шырышты қабықтың ұйыспа-инфильтрациясы байқалады. Іріңді қан тамыр сыртындағы қабыну сұйықтығы-экссудат сүйек пен оның сыртқы қабығының астына жиналады. Қан тамыр сыртындағы қабыну сұйықтығы-экссудаттың мөлшері көбейген сайын, сүйектің сыртқы қабығы кортикальды табақша-пластинкадан ажырайды. Микроскопиялық өзгерістер — іріңді ұйыспа-инфильтрация, ал оның шет жақтарында — жаңа сүйек затының пайда болуы байқалады.
Жақ сүйегінің кортикальды табақша-пластинкасының іріңді ошаққа жақын орналасқан және сүйектің сыртқы қабығынан ажыраған тұсында қабыну және ағзаның жеткіліксіз қоректенуі-дистрофиялық өзгерістер болады. Сүйектің сорылу-резорбациясы гаверс, фолькман түтікшелерінің кеңуіне және жақ сүйегінің кортикальды бөлігінің остеопорозына әкеп соғады. Сорылуға-резорбацияға ұшыраған сүйек учаскесі клеткалы-талшықты тіндермен алмасады, яғни бұл ұлғайып өскен сүйек іші-эндоост болып табылады. Мұның бәрі жақ сүйегінің кортикальды қабатының жұқарып, кейбір жерінде ақаулардың пайда болуына әкеп соғады. Осы ақаулар арқылы лейкоциттер сүйек майы кеңістігінің шеткі учаскелері мен гаверс өзектеріне енеді. Соның салдарынан сүйек майының ұяшық-альвеолды өсіндіге жақын жатқан тұсында домбығу пайда болады. Сонымен, периоститте болатын гистологиялық өзгерістер, жедел ағымды периодонтит кезінде қоршаған сүйек тіндерінде болатын өзгерістердегідей.
Бірақ та бұл кезеңдер-процестер кезінде, сұйық зат учаскесінде айтарлықтай өлеттену мен жойылу байқалмайды.
Клиникалық көрінісі. Науқас көбінесе жақ сүйегінің ауыратындығына (бірінші күні тісінің ауыратындығына) және бет аймағының ісінгеніне шағымданады. Кезең-процесстің орналасқан жеріне байланысты ауру сезімі ұдайы, үдемелі-интенсивті, шанышқылап, құлаққа, самайға әсер етуімен білінеді. Ауру сезімі сүйектің сыртқы қабығы астына жиналған экссудаттың (жалқық), оның кеңуінен пайда болады.
Науқас анамнезінен бұзылған тісте ауру сезімі күшейіп, тілмен, қарама-қарсы тіспен, тағаммен түйіскенде ұлғайғандығын білуге болады. Бет әлпетінде ісіну пайда болысымен, ауру сезімі бұрынғыдай емес, бәсеңдейді. Ісінген жерге жылу басса, ауру сезімі басылмай, домбығу үдей түседі. Дене қызуы 37,6 -37,8°С немесе одан да жоғары көрілуі мүмкін. Ол организмнің реактивтігіне (қарсыласу күшіне) байланысты. Организмнің улануынан әлсіздік, қалжырау, бас ауруы, тәбетінің бұзылуы байқалады. Сонымен бірге ауру сезімінен ұйқының бұзылуы да науқас жағдайын нашарлатады. Периоститте, остеомиелиттегідей дене түршігуі (қалтырау) болмайды.
Көбінесе қабыну кезеңі-процессі жақ сүйектерінің ауыз қуысының кіреберісінде-вестибулярлық бетінде орналасады. Ол сондағы қан және лимфа тамырларының көптігіне және сүйек қабырғаларының жұқалығына байланысты.
Төменгі жақ сүйегінде іріңді периоститтің пайда болуына көбінесе бірінші үлкен азу тіс себепкер болады. Екінші орында — үшінші азу (ақыл) тіс. Сирек жағдайда қабынуға себепші екінші үлкен азу, 1-2-ші кіші азу тістер, 1-2-ші күрек тістер және сүйір тістер болады.
Жоғарғы жақ сүйегінде қабынуға бірінші себепкер болатын — бірінші үлкен азу тіс, екінші — бірінші кіші азу тіс, үшінші — екінші кіші азу тіс, сонан кейін екінші үлкен азу тіс, кіші күрек тістер, сүйір тістер және ең соңғы орында үшінші үлкен азу тістер. Сырт көзбен қарағанда — науқастың бет-әлпеті бүйір тармақтар-коллатеральды домбығудан өзгерген, тері түсі өзгермеген, қолмен ұстағанда қатпарға жиналады: тіндердің тереңінде, яғни сүйектің сыртқы қабығының астында қабыну бар тұста, қолмен басқанда ауыру сезімі болады. Өтпелі қатпарды басқанда күлтілдеу-флюктуация байқалады.
Жоғарғы күрек тістердің әсерінен пайда болған периоститте жоғарғы еріннің, мұрын қанатшалары мен қалқаншасының асты домбығады. Егер периоститтің пайда болуына сүйір тіс және кіші азу тістер себепші болса, онда домбығу ұрт, бет сүйегі, көзасты аймақтарына, астыңғы қабаққа дейін жайылуы мүмкін. Егер қабыну кезеңі-процесі үлкен азу тістердің таңдай түбірінен, бірінші кіші азу тістен немесе кіші күрек тістерден пайда болса (тіс түбірінің ұшы артқа қарай қисайған болса) онда бет әлпеті ісінбейді, өйткені домбығу таңдай жанында орналасады. Іріңді периостит төменгі күрек тістерден пайда болса, онда төменгі ерін мен иектің, кейбір жағдайда иекасты аймағынан да домбығып ісінуі мүмкін. Ал қабыну кезеңі-процесі төменгі сүйір тіс пен кіші азу тістерге байланысты болғанда, бүйір тармақтары-коллатеральды домбығу ұрт аймағының төменгі жағынан езуге дейін созылып, жақасты аймағына жайылуы мүмкін. Жедел ағымды одонтогенді периостит төменгі азу тістерден туындаса, домбығу ұрт аймағының төменгі жағына, құлақ жаны — меншікті шайнау еті және жақасты аймақтарына жайылуы ықтимал.
Кейбір жағдайда, іріңді кезең-процесс төменгі азу тістерден төменгі жақ сүйегінің бұрышы, бұтағы және сыртқы қабығы астына жайылып, меншікті шайнау бұлшықеті мен алдыңғы-медиальды қанатша бұлшықетінің жиырылуы, содан кейін қабыну әсерінен контрактурасын (қарысуын) тудырады. Жақ бұлшықеттерінің 3 түрлі қарысуы болады:
І – ауыз ашылуы аз ғана шектеледі.
ІІ – ауыз қуысы 1 см ғана ашылады.
III – жақ бұлшықеттері түгел қарысып, науқас өз бетімен аузын аша алмайды.
Аймақты-регионарлы лимфа түйіндері ерте үлкейе бастайды (жақасты, иекасты түйіндері). Оларды қолмен басқанда ауыру сезімі туады, көлемдері үлкейген, тығыздығы-консистенциясы жұмсақ.
Ауыз қуысында қабынуға себепші болған тістің тұсындағы шырышты қабық қызарып, домбыққан. Егер қабыну жақтың ауыз қуысына кіреберісте-вестибулярлық бетіне орналасса, оған себеп болған және оның жанында орналасқан тістердің тұсындағы өтпелі қатпар ептеп тегістеліп, ірің жинала бастағанда көтеріледі. Ол жерді қолмен басса ауырады, кейінірек күлтілдеу-флюктуация пайда болады. Егер бір себептермен сүйектің сыртқы қабығы астындағы абсцесс тіндерді тілу арқылы шығарылмаса, онда 4-6 күн өткен соң сүйектен ажыраған сыртқы қабығы өлеттеніп, тесіледі де, іріңді зат ұяшық-альвеолды өсіндінің шырышты қабығының астына жиналады. Яғни шырышты қабықасты абсцесі пайда болады. Біраз уақыт өткен соң, ірің өз бетімен шырышты қабықты тесіп ауыз қуысына шығады да қабыну кезеңі-процесі кері дамиды. Егер де ірің қызыл иек арқылы шықпай жұмсақ тіндерге өтеп кетсе, шектелген не жайылмалы іріңді қабыну (абсцесс, флегмона) кезеңі-процесі пайда болады. Қабыну жақ сүйегін қаптап жатқан қабық ұяшық-альвеолды өсіндінің ауыз қуысына кіреберісте-вестибулярлық бетінде ғана емес басқа жеріңде де болуы мүмкін. Жоғары үйлескен және кіші азу тістердің жедел ағымды және қайта қозған созылмалы периодонтитінде, ірің гаймор қуысының ішіне еніп, іріңді гайморит пайда болуы мүмкін. Төменгі азу тістерден пайда болған периодонтиттерде, қабыну ұяшық-альвеолды өсіндінің тіл жағына орналасса, науқас жұтынғанда ауырсынады. Қабыну бар жердегі ұяшық-альвеолды өсіндінің шырышты қабығын қан кернеп қызарған, домбыққан, 2-3-ші тістің тұсында (тіл жақ бетінде) ауыратын ұйыспа-инфильтрат білінеді.
Ал енді қабыну кезеңі-процессі үлкен азу тістердің таңдай түбірінен бірінші кіші азу тістен не болмаса кіші күрек тістен туатын болса, іріңді экссудат таңдай жағына қарай тарайды. Таңдайда жарты шар тәрізді немесе сопақша, келген, көлемі-диаметрі 3-4 см аса қоймайтын ісік байқалады. Таңдайдағы абсцесс дамыған сайын іріңді экссудат сүйек сырты қабығын сүйектен ажыратады да, солқылдап ауыра бастайды.
Ісікке тілмен тиіскенде, тамақ жегенде, сөйлегенде ауыру сезімі үдей түседі. Таңдайдың шырышты қабығы тығыз әрі қалың болғандықтан, бұл жерде орналасқан абсцесстер 7-10 күн өткенде ғана өз бетімен жарылуы мүмкін.
Ірің өз бетімен жарып шыққан тесік кішкентай болғандықтан, көп уақытқа дейін (бірнеше апта) таңдайдағы ісік қайтпайды және өте аз мөлшерде одан мезгіл-мезгіл ірің шығып тұрады. Қалғаны өлеттенген грануляциялық тінмен толы болады. Кейбір жағдайда осы грануляциялық тіннің ішінде таңдайдың кортикальды пластинкасының өлеттенген майда сүйектің шіріген бөлігін-секвестрларын кездестіруге болады. Бұл остеомиелит дамуының белгісі. Бұл кезең-процесстің өз бетімен ұзақ уақыт бойы жазылуы және іріңді заттың бірден шыға қоймауы. Осының әсерінен таңдай сүйегінің қан айналу процессі бұзылып, сүйек өлеттеніп секвестрацияға ұшырауы мүмкін. Бірақ жедел ағымды іріңді периостит өз бетімен сүйекте үлкен өзгерістер тудыра алмайды, остеомиелит екіншілік дамитын ауру. Бұл іріңді периоститтің остеомиелиттен негізгі айырмашылығы. Тіс қатарын тексергенде тіс жегі қуысымен тіс қуысы байланысқан тісті көруге болады. Тісті аспаппен соққанда ауырады, егер қабыну процесі тіс түбірі ұшындағы инфекция ошағынан басталмаса, онда маргинальды периодонтиттің, пародонтиттің немесе альвеолиттің белгісі анықталады. Рентген суретінде қабынуға себеп болған патологиялық кезеңі-процестің, яғни периодонтиттің бір түріне тән, сарысулы ісікке немесе ретенцияға ұшыраған тістің көрінісін көруге болады. Қанның құрамындағы гемоглобин мен эротрициттердің саны аз уақыт ішінде өзгере қоймайды. Лейкоциттер саны көптеген науқастарда 9-10х103 мкл немесе одан жоғары көтерілуі мүмкін (көбінесе сегмент ядролы нейтрофильдер әсерінен). Эротроциттердің тұнбаға түсу уақыты 15-20 мм/сағ дейін өседі, қан сары-суы құрамында С-реактивті белок пайда болады. Іріңді ота-операция жолымен шығарған соң қан көрсеткіштері келесі күні қалпына келе бастайды. ЭТЖ уақыты бірнеше күн ішінде қалыптасады, ал несеп көрсеткіштері жедел ағымды іріңді периоститте еш өзгеріске ұшырамайды.
Тек кейбір организмі әлсіз науқастарда ғана зәр құрамында белок — 0,33 дейін кездесуі мүмкін.
Жедел ағымды іріңді периоститті — жедел ағымды іріңді немесе қайта қозған созылмалы периодонтиттен, жедел ағымды жақ сүйегі остеомиелитінен, жақ жанындағы жұмсақ тіндердің флегмонасынан ажырата білу керек (Периоститтің периодонтиттен және жақ сүйегі остеомиелитінен айырмашылығы кітаптың арнайы бөлімінде айтылады). Жақ сүйегі жанындағы жұмсақ тіндердің флегмонасында — беттің тері қабатында домбығумен бірге тығыз ұйыспа-инфильтрат байқалады. Оның бетіндегі тері қабаты қан кернеп қызарған, жылтырап тұрады, қатпарға жиналмайды. Периоститте — тері қабатының түсі өзгермейді, қатпарға жиналады. Флегмона кезінде науқастың жалпы жағдайы қатты төмендейді, дене қызуы көтеріледі, улану белгілері пайда болып, қан құрамында үлкен патологиялық өзгерістер білінеді.
Іріңді периоститті емдеудің негізгі мақсаттары а) инфекцияның негізгі ошағын жою; б) сүйектің сыртқы қабығы астындағы инфильтратты ашып, іріңді экссудатты шығару; в) дәрі-дәрмекпен ем шараларын жүргізу.
Бірінші шарты — қабынуға себепші болған тісті жұлумен немесе оның косметикалық, функционаддық бағалығы және түбір өзегі кең әрі жақсы өтетін болса, периосттың қабынуы шектелген аймақта орналасса, онда тіс түбірі ұшындағы экссудатты тіс түбірі өзегі арқылы шығарады. Тісті сақтап қалып емдеп, бітемелейді-пломбылайды. Ал сүйектің сыртқы қабығы астындағы іріңді экссудатты жергілікті жансыздандыру арқылы немесе көрсетілген жағдайда жалпы жансыздандыру арқылы тіліп шығарады. Ол үшін инфильтраттың ең жоғарғы, көтеріліп тұрған жерінің кілегей және сүйектің сыртқы қабықтарын сүйекке дейін жеткізіп, қабынуға себепші болған тістің және ең кемінде екі көршілес тістердің тұстарынан тіледі. Оның ұзындығы ұйыспаның-инфильтраттың көлеміне сәйкес болуы керек. Қабынған жерді тек ірің жиналғанда ғана емес қабына бастаған жағдайда да тілген дұрыс. Өйткені тілінген жердегі тіндердің қысымы төмендеп, ауыру сезімі бәсеңдейді де, сүйектің сыртқы қабығы астындағы экссудаттың сыртқа шығуына мүмкіндік туады. Таңдай абсцестерін ұяшық-альвеолды өсіндіге параллель келеді немесе абсцесс орналасқан жердегі шырышты қабықты үшбұрыш етіп кесіп алып тастайды (Г.А. Васильевтің тәсілі бойынша).
Көптеген оқулықтарда тілінген жараға қашыртқы-дренаж қою ұсынылады (дәкемен немесе резеңке қолғаптан жасалған). ҚазҰМУ-дың хирургиялық стоматология кафедрасы ұжымы ауыз қуысындағы жараларға қашыртқы-дренеж қоюды дұрыс деп есептемейді. Өйткені сөйлегенде тамақ ішкенде, ұйықтағанда қашыртқы-дренаж жараның ішіне кіріп, қалып қоюы мүмкін. Бұл пікірді бізде дұрыс деп есептейміз. Егер де оны дәрігер не науқастың өзі байқамаса ол инфекцияланған бөгде дене ретінде, бірнеше ай не жыл бойы қабыну кезеңінің қайта қозуына себепкер болады. Бірақ қашыртқының пайдасы өте күшті, себебі іріңді шығаруға оңды септігін тигізеді. Оны дұрыс пайдалана білу қажет екенін ескертеміз.
Қабынған жерді тілген соң, науқас аузын жылы әлсіз антисептикпен шайқағаны дұрыс. Егер келесі күні жараның шеттері бірігіп, жабылып қалса, оны тегістеуішпен немесе „москит" тәрізді қысқашпен ашқан жөн. Науқас үйде аузын антисептик ерітінділерімен шайқауын жалғастыруы қажет.
Келесі күннен бастап дәрігер физиотерапиялық ем тағайындайды. Одонтогенді периостит гиперергиялық реакция түрінде жүретіндіктен организмнің иммунологиялық реактивтігін қалыптастыру үшін, сенсибилизацияға қарсы ем (кальций хлориді, димедрол, кальций глюканаты, супрастин) тағайындайды.
Көрсетілген жағдайда антибактериалды (антибиотиктер сульфаниламидтер) ем, ауыру сезімін басатын дәрі-дәрмектерді тағайындауға болады. Қалыпты жағдайда қабынуға себепші болған тісті жұлып, іріңді ошақты тілген соң науқастың жағдайы жақсарып, қабыну басылады. Егер қолданылған емнен нәтиже шықпаса, онда периостит жақ сүйегі остеомиелитіне немесе жұмсақ тіндердің флегмонасына жалғасып кеткені.
Созылмалы периодонтиттің хирургиялық емдеу әдістері. Созылмалы периодонтитте отасыз-консервативті ем қолдануға болмайтын жағдайда немесе қолданған емнен күткен нәтиже болмаса, хирургиялық ем әдістерінің бірін қолдану қажет:
1. Тіс жұлу; 2, Тіс түбірінің ұшын кесу (резекция) гранулемамен бірге; 3, Тіс түбірінің ұшын кеспей (резекциясыз)гранулеманы алу; 4. Реплантация (тісті жұлып емдегеннен кейін қайтадан өз ұясына қондыру); 5. Гемисекция (тісті жартылай кесіп алып тастау); 6. Апикотомия (ампутация) яғни емдеуге келмеген түбірін кесіп алу.
Тіс жұлу отасы-операциясы арнайы тарауда толық берілді.
Тіс түбірінің ұшын кесу ота-операциясы гранулемамен бірге.
Осы отаны-операцияны жасауға болатын жағдайлар:
1. Тіс түбірін емдегенде түбір ұшына дейін бара алмаса, ұшы қисық не болмаса түбір өзегінің саңылауының болмауы; 2. Тіс түбірі ұшынша үлкен гранулеманың болуы; 3. Бордың немесе пульпоэкстрактордың тіс түбірі өзегінде сынып қалуы; 4. Тіс түбірі ұшының бормен жұмыс істегенде тесіліп қалуы; 5. Тіс түбірі ұшының сынуы; 6. Бітемелік-пломбалық затты тіс түбірі ұшынан көп мөлшерде шығарып жіберуі; 7. Сарысулы ісікті алған кезде.
Тіс түбірінің ұшын кесу ота-операциясын жасауға болмайтын жағдайлар:
1. Тіс босаңдау болса; 2. Жүрек-қан тамырлар ауруы болса; 3. Жүйке-нерв жүйесі нашарласа; 4. Геморрагиялық диатезде.
Мүшені кесіп тастау-резекция — көбінесе біртүбірлі тістерге жасалынатын ота-операция. Отаға-операцияға тісті алдын ала дайындау қажет, ол үшін ота-операция жасайтын күні немесе біркүн бұрын тіс түбірі өзегін механикалық, химиялық жолдармен тазалап, өзекті фосфат цемент-пен бітейді-пломбылайды, содан кейін рентгенге түсіріп тексеру қажет.
Жансыздандыру жасалғаннан соң кілегей және сүйектің сыртқы қабықтарын сүйекке жеткізіп трапециялы не болмаса доғалдап кеседі. Кесілген тіндердің көлемі гранулема орналасқан сүйек қуысының көлемінен үлкен болуы керек. Кесіндіні тегістегішпен сүйектен сыдырып дөңгелек бормен тіс түбірі ұшы проекциясының айналасынан бірнеше жерден тесіп, фиссурлы бормен тесіктерді қосып, сыртқы кортикальды қабатын алып тастап, тісті ұстап тұрып оның ұшын кеседі де гранулемамен бірге алып тастайды. Пайда болған сүйек қуысын қыратын-кюретаж жасайтын қасықпен жақсылап тазалап, антисептиктермен өңдегеннен кейін тіс түбірі ұшына дейін бітемемен бітелгенбе-пломбылаған ба, жоқ па соны тексереді. Егер пломба тіс түбірінің кесілген жеріне дейін жетпесе, онда оның өзегін кеңітіп теріс конус тәрізді бор арқылы күміс амальгамасымен бітейді-пломбылайды. Сүйек қуысы жиегінің тегістігін тексеріп, оны антисептикпен жуып, қан ұйығымен толтырады. Егер, сүйек қуысы үлкен болса, сүйектенуді жылдамдататын брефоматериалмен немесе сүйектің ұнтағымен толтырады, содан кейін кілегей және сүйектің сыртқы қабықтар қиығын орнына қойып кетгутпен тігеді.
Кесіп тастау-резекция отасының артықшылығы — ұзақ уақытқа дейін тісті сақтап қалуға мүмкіншілік береді (55-с у р е т).
Сурет-55. Тіс түбірін кесу операциясының кезеңдері:
а, б)түбірді кесу, тегістеу; в) амальгамамен бітеу-пломбылау; г) жараға тігіс салу.
Кемшілігі: 1) Тістің тұрғылықтығы нашарлайды; 2) Ота-операция зақымды деп есептеледі; 3) Кейде кесілген қиындының көлемі кішігірім болса сүйек жеткілікті ашылмайды да, ота-операцияның уақытын ұзартады.
Екінші ота-операция тіс түбірінің ұшын кеспей гранулеманы алу. Бұл ота-операцияның жасау әдісі-техникасы жоғарыда айтылған тіс түбірінің ұшын кесу ота-операциясымен бірдей, айырмашылығы түбірдің ұшы кесілмейді. Оның ұшындағы гранулеманы немесе гранудленген тіндерді қыру-кюретажды қасықпен түтелдей қырнап тазалап, антисептиктермен жуып, құрғатып, содан кейін түбірдің ұшын фуропластпен перхлорвинилмен бірге немесе БФ—6 клеймен жауып, 1-2 минуттан кейін клей қатайған соң пайда болған сүйектегі қуысты қан ұйығымен толтырып, кесілген қиындыны орнына қойып, кетгутпен тігеді.
Фуропласт, перхлорвинил және БФ—6 клей тіс түбірінің ұшындағы өзектердің өлген ұлпа микробтарының шығуына кедергі жасайды.
Бұл ота-операцияның артықшылығы: 1) Тістің тұрақтылығы өзгермейді; 2) Кесіп тастау отасына-резекция операциясына қарағанда зақымдылығы аздау.
Тісті реплантация жасау, яғни тісті жұлып өңдегеннен кейін ұясына қайта отырғызу. Бұл ерте кезден қолданып келе жатқан әдістердің түріне жатады. Бірінші рет 1794 жылы Амбруаз Паре ұсынған болатын. Кейбір мәліметтерге қарағанда бұл отаны-операцияны Гиппократ уақытында қолданған. Тарихи мәліметтерге қарасақ тісті қайта қондыру отасы-операциясы басқа органдарды қайта қондыру отасынан-операциясынан әлдеқұрлым ерте қолданыла бастаған. Соңғы кездерде емдеу мекемелерінің техникалық жабдықталуының жақсаруына және антибиотиктерді кеңірек қолдануға байланысты бұл отаға-операцияға көзқарас өзгеріп, жиі пайдаланыла бастады.
Реплантация жасау операциясы төменгі жағдайларда қолданылады:
1. Қателікпен сау тісті жұлғанда; 2. Зақымның әсерінен сау тіс ұядан шығып қалғанда; 3. Гранулденген, грануломатозды созылмалы периодонтитте. Бұл отаны-операцияны көп жағдайда көптүбірлі тістерге қолданады.
Жансыздандырғаннан кейін тегістегішпен айналасындағы жұмсақ тіндерді көп зақымдамай сыдырып, тіс ұясының қабырғасын, түбірлерін зақымдамай тісті жұлу қажет. Егер де жұлған тіспен бірге гранулема шықса, қыруды-кюретажды қасықпен қырып тазалайды, бірақ периодонтқа көп зақым келтірмеу керек. Тістің ұясын антисептикпен жуып залалсыздандырылған-стерилді тампонмен жауып, тістің куысын ашып, түбірлерінің өзегін кеңейтіп, тазартып, жуып, құрғатып бітемемен бітелгеннен-пломбылағаннан соң түбірлер ұшын кесіп тастайды. Осыдан кейін тісті антибиотик ерітіндісіне салып қою керек. Ұясындағы қан ұйығын жуып, тісті өз ұясына отырғызады. Реплантация жасалған тісті айналасындағы тістерге тез қататын пластмассадан жасаған қаппа арқылы немесе құрсау яғни шина арқылы бекітеді. Кейбір ғалымдардың пікірінше, егер тіс өз ұясына мықты отырса оны айналасындағы тістерге бекіту қажет емес. Құрсаулар 3-4 апта бойы тұруы қажет. Отадан-операциядан кейін науқасқа ауырғанды басатын, қабынудың алдын алатын дәрі-дәрмектер беру қажет.
В. А. Козловтың (1962) пікірінше өз ұясына отырғызылған тіс пен сүйектің өзара байланысы „периодонтты түрде" болған кезде (ота-операция жасалғанда периостит пен периодонт көп зақымдалмаған жағдайда) тістің қызмет ету-функциясы жақсы сақталып 10-15 жыл өз қызметін атқарады.
Реплантация жасаған тістің бітуі „остеоидты" түрде болуы мүмкін, яғни тістің түбірі мен сүйектің байланысы сүйектің бітісуі сияқты болады. Бұл жағдайда тістің қызмет ету-функциялық қабілеті өте төмен болады.
Үшінші түрі — аралас немесе фиброзды деп аталады.
Кей кездерде тісті өз ұясына қайта қондыру ота-операциясын жедел ағымды қабыну кезеңдерінде-процестерінде (жедел ағымды остеомиелит, периоститте немесе жедел ағымды периодонтитте) қолдануға болады (И. К. Широков, 1967). Мұндай жағдайда реплантация отасын-операциясын екі кезеңде өткізеді, яғни кейінге қалдырылған реплантация.
Бірінші кезеңі: тісті жұлғаннан кейін оның ұясын антибиотик ерітіндісі сіңген тампонмен толтырып қояды. Бірнеше күн бойы жедел ағымды қабыну кезінде болган өзгерістерді қалпына келтіру үшін ем жүргізеді. Осы аралықта жұлынған тісті антибиотик ерітіндісіне салып тоңазытқышта сақтайды. Қабыну кезеңі-процесі басылған соң (15-20 күн аралығында) тіс ұясындағы жетілмеген дәнекер тіндерді кюретажды қасықпен алып тастап, антибиотик ерітіндісімен жуады да тісті бітемелеп-пломбылап өз орнына отырғызады. Сонымен қатар отаның-операцияның екінші кезеңінде қабыну кезеңі-процесі кері қайтқанда тіс өз ұясына отырғызылады.
Тісті қайта отырғызу ота-операциясының тағы бір түріне трансплантация жатады, яғни тісті өз ұясынан алып басқа ұяға (сол аурудың) отырғызу.
Гемисекция негізінде көптүбірлі тістерге қолданылады. Бұл ота-операция кезінде әртүрлі себептермен отасыз-консервативті емдеуте болмайтын жағдайда жасалынады: 1. Түбір өзегінде саңылаудың болмауы; 2. Емдеу кезінде түбір өзегінің қабырғасы немесе түбірлерінің қосылған жерін-бифуркациясын (айрықшасын) тесіп алу; 3. Түбір өзегінде пульпоэкстрактордың, бордың қалып қоюы.
Гемисекция отасы-операциясы эндодонтиялық емдеу мен тіс сауытының қуысын бітегеннен-пломбылағаннан кейін жасалады. Жансыздандыру жасағаннан кейін сепарациялық дискімен төменгі жақ сүйегіндегі тістің сауытын екіге бөледі де түбірімен бірге элеватормен немесе қысқашпен жұлады. Тіс түбірі аралық пердесін және тіс сегментін қоршаған сүйек тінін сақтап қалу керек. Егер жоғарғы азу тістің таңдай түбірін алу қажет болса, тіс сауытын сагитальды жазықтықта кеседі, ал ұрт түбірін алу қажет болса „Г" әрпі тәрізді кеседі. Отадан-операциядан кейін қалған тістің жартысы жасанды сауытпен қапталуы тиіс.
Ампутация - бұл ота-операция көптүбірлі тістерде бір түбірін қосылған жерінен-бифуркацияға дейін кесіп алу.
Бұл отаны-операцияны жасауға болатын жағдайлары жоғарыда айтылған гемисекция ота-операциясындай, сондықтан қайталамаймыз.
Жансыздандыруды жасағаннан кейін жақ сүйектің ұрт не болмаса таңдай, тіл жағынан кілегей және сүйектің сыртқы қабықтарын кесіп, трапеция не доғалдап сүйектен сыдырып, тіс ұясының сыртқы қабырғасын бормен ойып алады. Жалаңаштанған тіс түбірін фиссурлы алмаз бормен қосылған жері-бифуркациясының деңгейінен кесіп, элеватормен не қысқашпен алады, гранулденген тіндерді қырнап алып, антисептикпен жуып кілегей және сүйектің сыртқы қабықтарының қиындысын қойып кетгутпен тігеді.