1-кесте.
Қоғамның басты институттарының белгілері [40]
Отбасы | Мемлекет | Бизнес | Білім беру | Дін | |
1. Ұстанымдар мен мінез-құқық үлгілері | |||||
Бауыр басушылық. Түзу ниет. Жауапкершілік. Құрмет | Құлақ асу. Түзу ниет. Суборди-нация. | Өнімділік. Үнемділік. Табыс алу. | Білімге деген құштарлық. Сабаққа қатысу. | Қошеметтеушілік. Түзу ниет. Табыну. | |
2. Нышандық мәдени белгілер | |||||
Неке жүзігі. Некелік жоралғы. | Ту. Мөр. Герб. Ұлттық гимн. | Фабрика маркасы. Патент белгісі | Мектеп эмблемасы. Мектеп әндері. | Крест. Икондар. Әулиелер. Гимн. | |
3. Утилитарлық мәдени белгілер | |||||
Үй. Пәтер. Жиһаз. | Қоғамдық ғимараттар. Қоғамдық жұмыстар. Бланктер мен нысандар | Дүкен. Фабрика. Жабдық. Бланктер мен нысандар | Сыныптар. Кітапханалар. Стадиондар. | Шіркеу ғимарат-тары. Шіркеу реквизиті. Әдебиет. | |
4. Ауызша және жазбаша кодекс | |||||
Отбасылық тыйымдар мен рұқсаттар | Конституция. Заңдар | Келісім-шарттар. Лицензиялар. | Оқушылар ережелері. | Сенім. Шіркеу тыйым-дары. | |
5. Идеология | |||||
Романтикалық махаббат. Сыйысу-шылық.. Даралық. | Мемлекеттік құқық. Демократия. Ұлтшылдық. | Монополия-лар. Еркін сауда. Еңбек ету құқығы. | Академиялық бостандық. Прогрессив-тік білім беру. Оқытудағы теңдік. | Православие. Баптизм. Протестантизм. | |
Осылайша әлеуметтік институттар маңызды қоғамдық құндылықтар мен әлеуметтік байланыстардың орнықты нысандары арқылы әлеуметтік құрылымдар мен қоғамдағы тәртіпті ұстап тұрады. Оларды әлеуметтік құндылықтар, нормалар және мінез-құлық үлгілері міндеттейтін өздерінің әлеуметтік рөлдері қоғам мүшелерінің орындауы негізінде мақсатқа бірлесе қол жеткізуді қамтамасыз ететін, белгілі бір әлеуметтік маңызды функцияларды орындайтын адамдардың ұйымдасқан бірлестіктері ретінде алып қарауға болады [41].
Әр түрлі бағыттағы әлеуметтанушылар қоғамдағы әлеуметтік институттардың реттелген жүйесін беруге тырысқан.
Әлеуметтанудағы институционалдық мектеп өкілдері (С.Липсет, Д.Ландберг және т.б.) берген институттардың жіктелуі назар аударарлық. Олардың пікірінше, әлеуметтік институттар төрт негізгі функцияны орындайды: қоғам мүшелерінің өсіп-өркендеуі; әлеуметтендіру; өндіріс пен бөлініс; басқару мен бақылау.
Экономикалық институттар (меншік, алмасу, ақша, банктер, шаруашылық ұйымдар) қоғамдық байлық өндірісін және бөлінісін қамтамасыз етеді, экономикалық өмірді басқа әлеуметтік салалармен біріктіреді. Саяси институттар (мемлекет, партия, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар) саяси биліктің белгілі бір нысандарын орнатуға және ұстап тұруға бағытталған. Әлеуметтік мәдени және тәрбие институттары мәдени және әлеуметтік құндылықтарды ұдайы өндіруді, жеке адамдардың әлеуметтік мәдени стандарттарды меңгеруін қамтамасыз етеді. Нормативтік-бағдарлаушы институттар жеке адамдардың мінез-құлқын моральдық нормативтер негізінде реттейді. Нормативтік-санкциялаушы институттар жеке адамдар мен топтардың белгілі бір мінез-құлқын заң актілерінде бекітілген нормалар, ережелер мен санкциялар негізінде алдын ала ұйғарып отырады. Рәсімдік-символикалық және жағдайлық-конвенционалдық институттар топтық және топаралық мінез-құлықтың әр алуан актілерін реттейтін күнделікті ұзақ байланысулар барысында жасалған нормалар мен ұйғарымдарды қамтиды.
Институттардың мойындалған мақсаттары ретінде оңай танылатын айқын функциялары, сондай-ақ әдейі емес немесе жасырын жүзеге асырылатын латентті функциялары болады.
Өзінің базалық қоғамдық функциясын жүзеге асыру үшін әрбір әлеуметтік институт қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатымен адамдардың бірлескен қызметін қамтамасыз ететін функцияларды атқарады. Ең алдымен, институт қоғамдық қатынастарды бекітеді және ұдайы өндіреді. Бұл институттың әрбір мүшесінің қызмет ететін шеңберлерін белгілейтін мінез-құлықтың ережелері мен стандарттық нормалары жүйесінің арқасында мүмкін болады. Әлеуметтік институттардың жұмыс істеуі қоғам мүшелері арасындағы өзара қарым-қатынасты рөлдік талап ету-күту арқылы реттеуді қамтамасыз етеді. Әлеуметтік бақылау қоғамда белгіленген және қабылдайтын мінез-құлық үлгісін сақтауды қамтамасыз етеді.
Институттардың ықпалдастық қызметі де маңызды болып табылады. Институттандырылған нормалардың әсерімен әлеуметтік топтар мүшелері бірігуінің, өзара тәуелділіктері мен жауапкершіліктерінің, өздерінің мақсаттарын салыстыруының әлеуметтік процестері табысты жүреді.
Әлеуметтік институттың трансляциялаушы қызметі қоғамда жинақталған әлеуметтік тәжірибе беруді қамтамасыз етеді. Жеке адамды әлеуметтендіру, тәрбиелеу және дамыту процестері арқылы алдыңғы ұрпақтың нормативтік-құндылық элементтері, тыныс-тіршілігінің тәжірибесі игеріледі.
Институттардың коммуникативтік мүмкіндіктері арқылы олардың ішінде туындаған ақпарат оның құрамына енген жеке адамдар мен топтар арасында да, институттар арасында да таралады.
Әлеуметтік институттардың айқын функциялары күтілетін және қажетті болып табылады. Егер де институт оларды игере алмаса, онда ол сөзсіз таратылады және өзгерістерге ұшырайды. Алайда, әлеуметтік институттардың іс-әрекеттерінің жоспарланған нәтижелерімен қатар жасырын, түсініксіз не болмаса алдын ала жоспарланған нәтижелер де болады.
“Дисфункция” ұғымын алғаш енгізген американдық әлеуметтанушы Р.Мертон болатын, ол жүйенің бір бөлігінің екінші бөлігіне ықпалының теріс салдарларын бейнелеуге және қандай да бір жүйенің біртұтастыққа тұтасуы дәрежесін көрсетуге тиіс. Ол іс-әрекет пен мінез-құлықтың барлық институцияландырылған үлгілері қоғамның бірлігі мен тұтасуына қызмет ететіндігіне күмән туғызған және де дисфункцияларды зерделеуді маңызды деп ұйғарған [42].
Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамның әлемдегі оқиғалар туралы неғұрлым жылдам және толық хабардар болуын қамтамасыз етуге және тиісінше коммуникация дәрежесін көтеруге тырысуы сенсация қууға және ақпараттарды бұрмалауға әкеп соғуы мүмкін. Ал бұл басқаның қайғысына, зорлықты түйсінуге, мораль талаптарына қоғамның сезімталдық қасиетін төмендетеді.
Сырт көзге әлеуметтік институттардың дисфункция құбылысы даярланған кадрлардың, материалдық қаражаттың жетіспеушілігінен, ұйымдастырудағы кемшіліктерден және т.б. болатын сияқты көрінуі мүмкін. Мазмұндық көзқарас тұрғысынан дисфункциялар қызмет мақсатының айқын еместігінен, функцияларының анық болмауынан, осы институттың әлеуметтік мерейі мен беделінің құлдырауынан, жекелеген функциялардың бастапқы ұтымды мақсаттарды орындауға емес, өзінің тіршілігін сақтауға арналған қызметіне ауысуынан көрініс табады.
Әлеуметтік институттардың өзгеруі едәуір ұзақ та күрделі процесс. Олардың даму тарихы дәстүрлі нысандарының біртіндеп қазіргі заманғы түрге айналатындығын көрсетеді. Мысалы, отбасы, құқық, дін, билік институттарын алайық. Олардың жаңа ерекше түрлерінің пайда болуы жаңа әлеуметтік байланыстар мен қажеттіліктердің пайда болуымен байланысты. Мысалы, индустриалдық қоғамда жаңа институттар - нарық, еңбек келісім-шарты, жарнама, бұқаралық мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау, қоғамдық қозғалыс, жалғыз басты ата-ана, ерлі-зайыптылардың бөлек тұруы және басқа институттар пайда болды.
Институттардың қоғамдық рөлін терең талдаған алғашқы әлеуметтанушылардың бірі Т.Веблен атап өткендей, қоғамның өмір сүру тәсілі ретіндегі әлеуметтік институттар өзгермейтін нәрсе емес. Әлеуметтік құрылыстың эволюциясы айналасына неғұрлым икемделген алуан түрлі институттардың «табиғи» іріктелу процесін іске асыру ретінде көрініс береді. Институттардың өзгеруі өз кезегінде мінез-құлқы қоршаған ортаға неғұрлым икемделген және айтарлықтай бейімделген жеке адамдардың одан әрі іріктелуіне алып келеді.
Әлеуметтік институттардың дамуы эндогендік (ішкі) және экзогендік (сыртқы) факторлардың ықпалымен жүреді. Сыртқы факторларға күнделікті тыныс-тіршіліктің өзгерістері, жаңа құндылықтардың, мәдениеттің дамуы, адамзаттың жаңа білімдерді жинақтауы жатады. Әлеуметтік институттар қоғамдық өзгерістерге бастама көтерген көрнекті тұлғалардың ықпалымен де қатты өзгеруі мүмкін. Мысалы, Лютер идеяларының әсерімен шіркеудің реформалануын айтуға болады.
Өзгерістер тудыратын ішкі факторларға жеке институттардың өзінің қоғамдық функцияларын тиімді орындау, белгілі бір әлеуметтік топтардың қажеттіліктері мен мүдделерін жүзеге асыру қабілеттері жатады. Егер де институт қызмет көрсететін әлеуметтік қажеттілік елеусіз болып қалса немесе жоқ болса, онда бұл институттың өмір сүруі мағынасыз болады және ол біртіндеп жойылады. Сондықтан да институттар өзгеріс үстіндегі әлеуметтік шынайылыққа сәйкес келетін қайта жаңғыртуды, мамандандыруды тереңдетуді, жаңа нормалар, құндылықтар, ережелер жасауды қажет етеді.
Мысалы, әлеуметтік шығыстарға арналған бюджетті қысқарту жағдайында Қазақстанда әлеуметтік қорғау институты қайта құрылды. Бұрын ол әлеуметтік қауіп-қатерден халықтың барлық топтарын қорғауға бағытталған болатын, алайда өтпелі экономикадағы мемлекетте оның әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындау мүмкіндігі де, қаражаты да жоқ. Сондықтан 2000-2001 жылдары атаулы әлеуметтік көмек институты болып өзгертілді. Бұл халықтың неғұрлым кедей және мұқтаж топтарына тиімді әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді және де адамдардың өздерінің материалдық жағдайын жақсартуына деген жеке белсенділігі ынталандырылады.
Қоғамның дамуына қарай бір әлеуметтік институттар басқа институттарға өзінің негізгі функцияларын береді немесе бөліседі.
Егер де дәстүрлі қоғамда балалар тәрбиесін отбасы өз мойнына алған болса, ал индустриалдық қоғамда бұл функцияларын дін институттарымен ғана емес, мемлекетпен, мектепке дейінгі және мектептегі білім берумен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғамдық ұйымдармен және басқалармен де бөліседі.
Әлеуметтануда әлеуметтанулық зерттеулердің жеке бағыты қалыптасқан, онда институттарды орнықты әлеуметтік қатынастар ретінде зерттеу адамзаттың әлеуметтік қызметінің ішкі механизмдерін айқындауға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы экономика, саясат, мәдениет, күнделікті өмір саласындағы институттану нысандарын зерттеулер әлеуметтану білімінің дамуына маңызды үлес қосуда [43]. Микродеңгейдегі зерттеулер қалыптасып отырған әлеуметтік практикаларды бөліп қарауға және сипаттауға мүмкіндік береді, олар одан әрі институттандырылады және әлеуметтік шектеулердің және мүмкіндіктердің жаңа кеңістігін қалыптастыра бастайды. Мысалы, желілік маркетингке адамдарды барған сайын көп жұмылдыру адамдардың жаңа тұтыну мүдделерін қалыптастырады, сәнді, жарнамаланатын тауарларды тұтыну мәдениетін таратады.
Макродеңгейдегі зерттеулер қоғамның әлеуметтанушылықтың табиғаты беретін және тікелей экономикалық, саяси және әлеуметтік қызмет процесінде институттанулық түрленулер шеңберін қалыптастыратын базалық институттарды бөліп қарайды. Нарықтық институттардың қалыптасуы адамдардың еңбек құндылықтарының өзгеруіне ықпал етеді.
Зерттеулерді макро және микродеңгейлерде ұштастыра жүргізу болып жатқан институционалдық өзгерістер тереңдігін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, нарықтық еңбек қатынастарының институтционалдануы, нақты әлеуметтік әлеуметтану зерттеулері қоғамның социалистік экономикадан нарықтық экономикаға шын мәнінде өзгерген-өзгермегенін, жұмыс берушілер мен жалданушы қызметкерлердің өзара қарым-қатынастарының жаңа ресми ережелері жұмыс істейтінін-істемейтінін, бұл нормалар екі жақтың да мүдделерін қамтамасыз ететінін-етпейтінін көрсетеді [44].
Осылайша, “әлеуметтік институт” әлеуметтану танымында белсенді пайдаланылатын базалық санаттардың бірі болып табылады. Бұл ұғымды әлеуметтану тұрғысынан түсіну басқа әлеуметтік ғылымдардың әлеуметтік институттар мен қоғамдық өмірді зерделеуін толықтыра түседі.
Леуметтік ұйымдар
Әлеуметтік институттар әлеуметтік ұйымдармен тығыз байланысты. Н.Смелзер ұйымды қысқаша былай анықтайды: бұл “белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу үшін жасақталған үлкен топ” [45]. Формула қысқа әрі нұсқа, бірақ түпкілікті емес. Себебі “ұйым” деген сөздің өзінің әр түрлі мағынасы болады.
Біріншіден, қоғамда белгілі бір орын алатын және азды-көпті айқын белгіленген функцияларды орындауға арналған институционалдық сипаттағы жасанды бірлестікті ұйым деп атауға болады. Бұл мағынасында ұйым белгілі мәртебесі бар әлеуметтік институт болып табылады және автономды объект ретінде қарастырылады. Мұндай мәнінде “ұйым” деген сөзбен, мысалы, кәсіпорынды, билік органын, ерікті одақты және т.с.с. атауға болады.
Екіншіден, “ұйым” термині функциялар бөлінісін, орнықты байланыстар орнатуды, үйлестіруді және т.б. қамтитын ұйымдастыру жөніндегі белгілі бір қызметті білдіре алады. Бұл жерде ұйым объектіге мақсатты ықпал етумен байланысты процесс ретінде, демек ұйымдастырушы мен ұйымдасатындар контингенті қатысатын процесс ретінде көрінеді. Бұл мағынасында “ұйым” ұғымы “басқару” ұғымын түгел қамтымағанымен соған парапар келеді.
Үшіншіден, ұйым дегенде қандай да бір объектіні ретке келтіру дәрежесінің сипаты ойға келуі мүмкін. Онда бұл терминмен белгілі бір құрылымды, құрылысты және объектінің әр түрі үшін ерекше болатын бөліктерді біртұтастыққа біріктіру тәсілі ретіндегі байланыс түрлерін белгілейді. Бұл мағынасында объектіні ұйымдастыру - объектінің қасиеті, бір белгісі. Термин мұндай мазмұнымен, мысалы, ұйымдасқан және ұйымдаспаған жүйелер, қоғамның саяси ұйымы, тиімді және тиімсіз ұйым және т.б. туралы сөз болғанда қолданылады. “Ресми” және “бейресми” ұйым ұғымдарында дәл осы мәні алынады.
Әлеуметтік ұйымның бірқатар өзіне тән белгілері бар [46]:
1. Оның табиғатына мақсат қою тән, өйткені ол белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін құрылып, сол мақсатқа қол жеткізуі арқылы бағаланады. Бұл – ұйымның олар бөлек-бөлек, жалғыз дара қол жеткізе алмайтын мақсаттар үшін адамдарды біріктіру және мінез-құлықтарын реттеу функцияларын қамтамасыз ету құралы мен аспабы екенін білдіреді.
2. Мақсатқа қол жеткізу жолында ұйымның мүшелері рөлдері мен мәртебелері бойынша бөлінуге мәжбүр болады. Демек, әлеуметтік ұйым оған кіретін мүшелерінің әлеуметтік позициялары мен атқаратын рөлдерінің күрделі өзара байланысқан жүйесін білдіреді. Әлеуметтік ұйым адамның қажеттіліктері мен мүдделерін оның алдын ала белгіленген әлеуметтік мәртебесімен, әлеуметтік рөлдерімен, сол әлеуметтік ұйымдағы қалыптасқан әлеуметтік нормалармен және құндылықтармен белгіленетін шекте қанағаттандыруына мүмкіндік береді.
3. Ұйым еңбек бөлінісінің және оның функционалдық белгілері бойынша мамандандырылуының негізінде пайда болады. Сондықтан жекелеген ұйымдарда әр түрлі көлденең құрылымдар орын алады. Алайда, ұйымды түсіну үшін неғұрлым маңызды болып табылатын нәрсе - олар әрқашан тік (иерархиялық) белгі бойынша құрылады, онда басқарушы және бағынушы ішкі жүйелер айтарлықтай айқын білініп тұрады. Басқарушы жүйенің қажеттігі көлденең құрылымдардың әр алуан бағыттағы қызметін үйлестіру қажеттігінен туған. Ұйымды құрудың иерархиялылығы мақсат бірлігіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді, оны орнықты және тиімді етеді.
4. Басқарушы ішкі жүйелер ұйымның қызметін реттеудің және бақылаудың өзіндік ерекше құралдарын жасайды. Бұл құралдардың ішінде институционалдық, немесе ұйымішілік деп аталатын нормалар, яғни ерекше өкілеттіктері бар ерекше институттардың қызметімен жасалатын нормалар елеулі рөл атқарады. Аталмыш институттар нормативтік талаптарды іс жүзіне асырады, оларды өзінің айрықша билігімен және ықпалымен ұстап тұрады, олардың жүзеге асуын бақылайды және өз санкцияларын қолданады.
5. Әлеуметтік ұйымдар тұтас бір әлеуметтік жүйені білдіреді. Ал тұтас жүйе, жоғарыда атап өтілгеніндей, өзі бөліктерінен үлкен болады. Сондықтан ұйымның әр түрлі элементтерін біріктіру базасында ерекше ұйымдық немесе синергетикалық әсер жасалады. Әлеуметтік ұйымдарда синергияның көрініс табуы олардың қатысушыларының жеке күш-жігерлерінің қосындысынан артық қосымша энергияның пайда болғанын білдіреді.
Синергетикалық әсер оның негізгі үш құраушысынан құралады:
ұйым өзінің көптеген мүшелерінің күш-жігерін біріктіреді; жай бұқаралық, яғни көптеген күш-жігерлердің бірмезгілділігі энергияны өсіреді;
ұйымның элементтері – бірліктердің өзі оған кіре отырып едәуір өзгешеленеді: олар ішінара мамандандырылған, демек тек белгілі бір функцияларды ғана атқаратын бірбағытты элементтерге айналады. Жеке адамның әрекетінің бұл мамандандырылған бірбағыттылығы да оның энергиясын күшейтеді, өйткені энергия бір нүктеге шоғырланады;
басқарушы ішкі жүйенің арқасында адамдардың әрекеттері синхрондалады, бұл да ұйымның жалпы энергиясының артуының қуатты көзі болады.
Ұйымға тән белгілерді бөліп қараумен қатар олардың белгілі бір тұрпаттамасы да болады. Ұйымдар көбіне ресми және бейресми болып бөлінеді.
Ресми ұйым. Бұл әлеуметтік ресмилендіру, яғни құқықтық, ұйымдық және әлеуметтік мәдени нысандардағы стандарттық, тұлғасыз мінез-құлық үлгілерін мақсатты түрде қалыптастыру негізінде құрылған ұйым. Ресми ұйымның басты функциясы - адамдар қоғамдық еңбектің құралдарымен және мақсаттарымен бір тұтастыққа біріккен гетерогендік жүйені құру.
Ресми ұйымдардың негізгі ерекшеліктерін былай сипаттауға болады;
1) ол оңтайлы, яғни оның негізінде орындылық принципі, белгілі мақсатқа саналы түрде қозғалу жатыр;
2) ол принципті түрде тұлғасыз, яғни араларында алдын ала жасалған бағдарлама бойынша стандартталған (“кіршіксіз”) қарым-қатынастар орнатылатын абстрактілі жеке адамдарға арналған; бұл бағдарламада жеке адамдар арасындағы қызметтестіктен басқа ешқандай қарым-қатынастар болмайды, онда функционалдықтан басқа ешқандай мақсаттар көзделмейді, демек ол әдейі біржақты да. Өз дамуының шегіне жеткен дәрежесінде ресми ұйымның бұл ерекшеліктері оның бюрократтық жүйесіне өзгереді және оған ұйымның жеке жақтары мен элементтерін абсолюттендіру, оларды дербес құндылықтар дәрежесіне көтеру және қызмет ету құралдарын мақсатқа айналдыру тән болады.
Қоғамдық еңбектің тиімділігін қамтамасыз етудегі ресми ұйымның орасан артықшылықтарымен қатар, оның шектеулілігін атап өткен жөн, өйткені ол қоғамдағы барлық ұйымдық қарым-қатынастарды қамти алмайды. Сондықтан оның шегінен тыс немесе, тіпті, оның ішінде ұйымдасудың басқа түрі - бейресми ұйым құрылады.
Бейресми ұйым қандай да бір топ ішінде жеке адамдардың бір-бірімен азды-көпті араласуының нәтижесі болып табылатын әлеуметтік байланыстардың, нормалардың, әрекеттердің өздігінен қалыптасқан жүйесін білдіреді. Бейресми ұйым ресми ұйымның принципінде әлеуметтік өзара әрекеттестіктің барлық жақтарын, барлық процестерін қамтуға және оған енетін жеке адамдардың барлық әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетсіздігінен туады. Ресми ұйымға қатысты алғанда бейресми ұйым ең алдымен өтемдік деп аталатын функцияны орындайды, яғни ресми ұйым кемшіліктерінің орнын толтырады. Сонымен қатар, жеке адам ұйымның мұндай нысанына қатысуды ресми ұйымның шектеуші ықпалынан қорғану механизмі ретінде де қажетсінеді, ол оған әр түрлі әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруға - өзін іс жүзінде көрсетуге, өзіне-өзі сенімді болуына, қоғамда танылуына және т.б. үлкен мүмкіндіктер береді. Кей кездері бейресми ұйымдар ортақ мақсаттарға қол жеткізуге қарсы әрекет жасап, беделін қожырата және т.б. отырып, ресми ұйымдарға қатысты дисфункционалдық (яғни ресми ұйымдардың қажеттіліктеріне қол жеткізуіне кедергі жасайтын) рөлді де атқарады.
Бейресми ұйым өзін екі негізгі нысанда: ресмиліктен тыс және әлеуметтік-психологиялық нысанда көрсетеді.