Лекции.Орг


Поиск:




Періштелердің қызметтері




Періштелер саны бізге беймәлім. Оларға барлығына иман келтірумен шектелеміз.

Аллаһ Тағала періштелерді жаратқаннан соң оларға түрлі қызметтер жүктеген. Ол қызметтерді жердегі, көктегі және арштағы деп үш топқа бөліп қарастыруға болады. Осы жіктемеге сай періштелердің өзін де төмендегідей реттілікпен сыпаттап шығамыз:

1. Жәбірейіл: Пайғамбарларға уахи мен қасиетті кітаптарды әкелуші ең үлкен періштелердің бірі. Жәбірейл сөзінің мағынасы негізінен «Аллаһтың құлы, Аллаһтың күші» деген ұғым саяды. Олай болса, Жәбірейілді ең ұлы мақамның төріндегі періште ретінде танимыз. Келтірілген аят та осыны растайды: «Негізінен Құран әрине, бір ардақты Елшінің сөзі. Ол күшті Елші, ғаршының иесінің қасында беделді» ( 81.Тәкуир, 19-20).

Құран Кәрімнен Жәбірейл періштенің бірнеше атының бар екендігін көреміз. Мысалы: «Рухул қудс» (2.Бақара-87; 16.Нахыл-102), «Рух» (19.Мариям-17; 97.Қадыр-4), «Расули Карим» (81.Тәкуир-19), «Жибрил» (2.Бақара-97; 66.Тахрим-4) және «Рухул Әмин» (26.Шуғара-193).

Жәбірейл періште періштелердің ең ұлығы, ең үлкені және Аллаһ Тағалаға ең жақыны болғандықтан ол «Сәйидул-Мәләикә» (періштелердің құрметтісі) деген абыройлы есіммен аталады.

2. Микайл: Төрт үлкен періштенің бірі Микайлдың (а.с.) қызметі жер бетіндегі мақлұқаттар мен тіршілік атаулының ырыс-несібесі мен ауру, шипа, рахмет, берекет секілді жайттарды адамдарға жеткізу.

3. Исрафил: Исрафилдың (а.с.) қызметі сурды (сырнай) үрлеу. Ақырзаман болғанда Исрафил сурды бірінші үрлегенде аспан мен жердегі бүкіл тіршілік атаулы қиямет қайымның басталуымен тіршілігін тоқтатады, яғни өледі. Ал екінші рет үрлегенде қайта тіріліп, қабірлерінен шығады да махшар алаңына жиналады.

4. Әзірейл «Мәлик әл-маут»: Үлкен періштелердің төртіншісі Әзрейлдің қызметі тіршілік атаулының жанын алу. Сондықтан оны «өлім періштесі» деп атайды.

5. Киромән катибин: әрбір адамның бұл дүниеде істеген ісін айна қатесіз жазып отыратын екі періштеге берілген есім. Бірі – пенденің (оң жағында) жақсылығын жазса, екіншісі (сол жағындағысы) жамандығын жазады.

«Негізінен сендерге әлбетте бақылаушылар бар. Ардақты жазушылар Олар не істегендеріңді біледі» ( 82.Ынфитар, 10-12).

Адамдар ақыретте махшар алаңына барғанда, бұл дүниеде істеген амалдарының есебін берместен бұрын амал дәптері таратылады. Бұл дәптердегі бүкіл мәліметті жазған әлгі екі періште болады. Сонда адам бұл дүниеде істеген ісінің бәрін түгелімен жіпке тізгендей жазылғанын көргенде, өміріне селқос қарағандар мен түрлі деңгейдегі күнәһар пенделер қатты сасады: «Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәһарлардың қорыққанын көрсең. Олар: Опырмай! Бізге нендей өкініш! Мына кітапта ештеңені де, тастамай-ақ түгендепті дейді» ( 18.Кәһф – 49).

6. Мункәр мен Накир: бұл екі періште қабірге барған адамнан сұрақ алу қызметін атқарады. Өлген адам қабірге қойылған соң, оған жан беріліп, қайта тірілген соң осы екі періште оған сұрақтар қояды. Сұралатын сауалдар негізінен: Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не? және т.б. осы тақырыптың төңірегінде болып келеді. Дұрыс жауап бергенге - қабір сыйы, бұрыс жауап бергенге - қабір азабы беріледі*.

7. Хәмәләй арш :Аллаһтың жаратқан нәрселерінің ең үлкені Аршты тасушы 8 періштеге берілген есім. Бұлар жайында аятта былай дейді: «Періште көктің айналасында болады. Сондай-ақ Раббыңның аршысын сегіз періште үстеріне көтереді» ( 69.Хаққа-17). Бұл сегіз періштеден басқа көптеген періштелер арштың айналасында болатындығы мына аятта айтылған: «Сондай ғаршыны көтерген және оның маңындағы періштелер, Раббыларын мақтаумен дәріптейді. Оған сенеді» ( 40.Ғафыр-7). Арштың айналасындағы періштелердің нақты санын Аллаһ қана біледі.

8. Хафаза періштелері: Әрбір адамның өзін қорғаушы періштелері болады. Міне, сол періштелерді хафаза (қорғаушы) періштелері деп атайды. Аятта: «Әркімнің алдынан, артынан Аллаһтың әмірі бойынша, өкшелеп, қорғаушы (періштелер) бар» ( 13.Рағыд-11) ‑ дейді. Кейбір деректер бойынша әрбір адамды бақылап жүретін 384[4] немесе 360 періште болады. Бұның мәнісі адам баласының бүтін жаратылыс ішіндегі ең кәміл, әрі тамаша етіп жаратылған тіршілік иесі екендігімен байланысты[5].

Хадистерде айтылғандай, 360 періште әрбір муминді, әсіресе қарттар мен сәбилерді қорғап жүреді екен. Әлбетте, осы айтылған 360 періштенің әрбірінің өзіндік міндеттері бар. Адамға тура жолды нұсқап, мумин пенде үшін дұға әрі истиғфар ететін, кәпірлердің жүрегіне үрей салатын, ғибадат, зікір және ілім мәжілістеріне қатысатын, таң және екінті намаздарында жамағатпен бірге сап құратын, Құран аяттары мен жұма күндері айтылған салауаттарды тыңдайтын, намаз оқитын, әт-тахиятта шахадат сөзін бірге ілесіп оқитын, мұсылмандармен сәлемдесетін т.б. осындай түрлі қызметтерді атқаратын періштелер бар.

Демек, 360 періште бір қарағанда көп болып көрінгенімен, олардың әрқайсысының күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде әлгіндей түрлі міндеттері бар[6].

9. Жәннәт пен жәһәннамды бақылаушы періштелер: Жәннәт пен жәһәннамда арнайы бақылаушы періштелер болады. Жәннәт періштелерінің саны да өте көп. Олар жәннәтқа кірген муминдерге қызмет етеді және олармен бірге болады. Жәннәт нәсіп болған мүминдерге аятта: «Сабыр еткендерің үшін Аллаһтың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы» ( 13.Рағыд-24) – дейді. Зумәр сүресінде де: «Оларға оның сақшылары: Сендерге сәлем, қош келдіңдер, жәннәтқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер дейді» ( 39.Зумәр-73) деген айқын, сүйіншіге бергісіз мағлұматтар бар. Жәннәттағы періштелердің басшысын - Ридуан деп атайды.

Ал, жәһәннамдағы зәбани періштелер кәпірлерді азаптау қызметімен айналысады. Олардың арасындағы басшыларын Малик деп атайды. Құранда жәһәннам періштелерінің қызметтері жайлы аяттар жеткілікті: «Әй, муминдер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер ірі денелі, қатал. Олар Аллаһтың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырса, соны орындайды» ( 66.Тахрим – 6).

Жәһәннам періштелері тозаққа кірген кәпірді сұрақтың астына алатыны Құран Кәрімде былайша баян етіледі: «Қарсы келгендер топ-топ тозаққа айдалады. Сондай-ақ оған барғандарында, оның есіктері ашылады. Оларға оның күзетшілері: Сендерге іштеріңнен өздеріңе Раббыларыңның аяттарын оқитын және бұл күнге жолығатындарыңды ескертетін елшілер келмеді ме? - дейді. Олар: Әрине келді. Бірақ азап үкімі қарсы болушыларға шындыққа айналды дейді» ( 39.Зумәр – 71).

10. Муқаррабун - Аллаһ Тағалаға ең жақын, әрі ең ұлық періштелердің есімі. Олар жайында аят былай дейді: «Иса да, Аллаһқа жақын періштелер де Аллаһқа құл болудан әсте арланбайды» ( 4.Ниса – 172).

11. Адамның жүрегіне ақиқат пен шындықты толтырып, кейін өзіне аян беретін періштелердің бар екендігін Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадисінде айтып өтеді: «Адам баласына әрі шайтанның азғыруы, әрі періштенің аяны бар. Шайтанның азғыруы жамандықпен қорқытып, шындықты өтірік ету. Періштенің аяны жақсылықты өсиет ету мен шындықты растау. Ішкі дүниесінде осындай бір нәрсе сезген кісі, оның Аллаһтан екендігін білсін. Егер керісінше болса, шайтаннан сақтану үшін Аллаһқа сиынсын» ( Тирмизи, Тәфсир – 3, 2988 х.).

12. Муминдер үшін дұға ететін періштелер бар. Аятта: «Сондай-ақ иман келтіргендер үшін (періштелер): «Раббымыз! Мәрхаметің, білімің әр нәрсені сидырып, ішіне алған. Сондықтан тәубе етіп жолыңа түскендерді жарылқа! Әрі оларды тозақтан сақтай көр!», - деп тілейді» ( 40.Ғафыр-7).

13. Намаз оқыған кезде «Фатиха» сүресін тәмәмдаған соң «әмин» деп айтатын арнайы періштелер бар. Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Имам әмин деген кезде, сізде әмин деңіз. Өйткені кімнің әмин деуі періштелердің әмин деуіне сәйкес келетін болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» ( Бухари, Азан-111; Муслим, Салат-72; Тирмизи, Салат-71) дегені де бұған бірден‑бір дәлел бола алады.





Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2016-11-12; Мы поможем в написании ваших работ!; просмотров: 649 | Нарушение авторских прав


Поиск на сайте:

Лучшие изречения:

Победа - это еще не все, все - это постоянное желание побеждать. © Винс Ломбарди
==> читать все изречения...

587 - | 599 -


© 2015-2024 lektsii.org - Контакты - Последнее добавление

Ген: 0.01 с.