Жер бетінің 2/3 бөлігін алып жатқан Әлемдік мұхит – суының салмағы 1,4·1021 кг-ды құрайтын үлкен резервуар. Мұхит суы планетадағы су қорының 97%-ын құрайды. Сондай-ақ Әлемдік мұхит планета халқының тағам ретінде пайдаланатын барлық жануарлар белоктарының 1/6 бөлігімен қамтамасыз етеді. Жер бетіндегі тіршілікті сақтауда негізгі роль мұхитқа, оның ішінде мұхиттың жағалаудағы аймақтарына жатады. Өйткені планета атмосферасына түсетін оттегінің 70% планктондарда жүретін фотосинтез процесінің нәтижесі. Әлемдік мұхит биосферадағы тепе-теңдікті сақтауда үлкен роль атқаратын болғандықтан, оны қорғау халықаралық экологиялық өзекті мәселелердің бірі. Әлемдік мұхиттың зиянды және улы заттармен, мұнаймен және мұнай өнімдерімен, радиоактивті заттармен ластануы үлкен алаңдатушылық тудырып отыр. Ластанудың масштабын мына мәліметтерден көруге болады: жағалаудғы суларға жыл сайын 320 млн тонна темір, 6,5 млн тонна, фосфор, 2,3 млн тонна қорғасын бөлінуде. 1995 жылы тек Қара теңіз бен Азов теңіздерінің өзіне ғана 7,7 млрд/м3 лас тұрмыстық және өнеркәсіптік ағын сулар төгілген. Әсіресе Персия және Аден шығанақтарының сулары және Балтық теңізі мен Солтүстік теңіздің сулары да қатты ластанған. 1945-1947 жылдары кеңес, ағылшын және американдық команда басқармалары қолға түскен және өздерінің улы заттары бар (иприт, фосген) 300 мың тонна оқ-дәрілері суға батырылды. Суға батыру операциялары асығыс, экологиялық қауіпсіздік нормалары сақталмай жасалды. Судың әсерінен қазіргі кезде химиялық оқ-дәрілердің корпустары қатты зақымдалды, ал мұның арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Мұхитты қатты ластаушылардың бірі мұнай және мұнай өнімдері. Әлемдік мұхитқа жыл сайын орта есеппен 13-14 млн тонна мұнай өнімдері төгілуде. Мұнаймен ластанудың екі түрлі қаупі бар: біріншіден, су бетінде теңіз фаунасы мен флорасына қажетті оттегіні жібермейтін пленка түзіледі; екіншіден, мұнайдың өзі жартылай ыдырауы ұзақ уақытқа созылатын улы зат болып есептеледі. Судың құрамында мұнайдың мөлшері 10-15 мг/кг жағдайда планктон мен майда шабақтар қырылып қалады. Үлкен танкерлердің апатқа ұшырауы кезінде мұнай өнімдерінің суға төгілуін нағыз экологиялық катастрофа деп айтуға болады. Әсіресе радиоактивті қалдықтарды (РАҚ) көму кезіндегі радиоактивті ластану өте қауіпті болып табылады. Алғашында радиоактивті қоқыстардан арылудың жолы РАҚ-ды мұхиттар мен теңіздерде көму болды. Әдетте бұлар 200 литрлік бөшкелерге салынып, үстіне бетон құйып теңізге тастайтын белсенділігі төмен қалдықтар болды. Алғашқы РАҚ-ды АҚШ Калифорния қаласынан 80 км қашықтықта көмді. 1983 жылға дейін РАҚ-ды ашық теңіздерге көмуді 12 ел жүргізіп келді. Тынық мұхит суына 1949-1970 жылдары арасында РАҚ салынған 560 261 контейнер көмілген.
Жер бетіндегі биоалуантүрліліктің азаюы проблемасы
Жер бетінде жекелей немесе қауымдастық түрінде тіршілік ететін организмдер қоршаған ортаға әсер ететіні белгілі. Осы арқылы табиғат өзін-өзі тазалап, қолдап тұрады. Алайда адам өзінің «нағыз жыртқыш – консумент» ісімен флора мен фаунаның көптеген түрлері, популяциялары тіршілік ететін экологиялық қуысына әсер етуде. Табиғатта зиянды түрлер болмайды, барлық түрлердің айналасы үшін бірдей пайдасы бар.
Биоталардың түзілуі, пайда болуы миллиондаған жылдар бойы жүріп келді. Барлық тіршілік формалары бір-бірімен тығыз байланысты. Технологиялық дамудың арқасында адам осы байланыстарды бұзуда. Палеонтологтардың айтуы бойынша, біздің геологиялық дәуірімізде Қазақстан мен Сібір территорияларында тіршілік еткен мамонттардың, жүндес мүйізтұмсықтардың, үлкен мүйізді бұғылардың, алып түйелердің және бегемоттардың популяцияларын адамдар аң аулау нәтижесінде жойып жіберген. Сондай-ақ Қазақстан жерінде бір кездері бір өркешті түйелер, құлан, қабылан, тарпан, жабайы тур, арыстан, жолбарыс, керік т.б. аңдардың тіршілік еткені белгілі. Тіпті, Іле тоғайынан жолбарыстың соңғысын 1947 жылы қазақ аңшысы атып алған. Адамның тікелей немесе және жанама әсер етуі арқылы жабайы аңдар мен өсімдіктерді жоюды жалғастыруда. Қазіргі заманды «қырып-жою эрасы» деп атайтыны да осыған байланысты