Қайта өрлеу дәуірінде саяси ойда саясатты, мемлекетті және құқықты діни, теократиялық түсіндірудің орнына шіркеуден мемлекеттің тәуелсіздігін, біртұтас және орталықтанған мемлекеттік билікті талап еткен зайырлы тұжырымдамалар пайда болды. Саяси идеяларды жасау процесінде Қайта өрлеу дәуірінің ойшылдары антикалық рухани мұраларға жиі назар салып, оларды барынша қолданды.Қайта өрлеу дәуірінің жарқын саяси ойшылдарының бірі итальяндық Николло Макиавелли (1469-1527) болды. Ол – антикалық әдебиеттің үлкен білгірі, дипломат және саясаткер. Н.Макиавелли өзінің жүйеге келтірілген саяси идеяларын «Мемлекет», «Тит Ливидің бірінші тоқсан туралы пікірлері», «Флоренция тарихы», «Князь», «Соғыс өнері» атты еңбектерінде баяндады.Н.Макиавелли өз дәуірінде қалыптасқан көптеген саяси мәселелерді шешуде аса маңызды, бірегей идеяларды айта білді. Оның пайымдаулары белгілі бір тұжырымды құрайды, онда мемлекеттің табиғатына, оның мәніне, мемлекеттік құрылыстың формаларына, сонымен қатар мелекеттік билікті жүзеге асыру тәсілдеріне және басқа да саяси мәселелерге түсініктеме берілген. Бұл оларды Қайта өрлеу дәуіріндегі алғашқы анық, жүйелі және салыстырмалы терең түсіндіру еді. Сондықтан Н.Макиавеллиді Жаңа заманның саяси ғылымын негіздеуші деп атайды.Ол ұсынған саяси шыншылдық принципі Маквиавеллидің саяси көзқарастарындағы ең бастысы болып табылады. Онда ойша схемалар жасаудан бас тартып, саясатта нағыз ақиқат жағдайларды, саяси әрекеттердің практикалық мүдделерге бағындырылуын есепке алу көрсетілген.Макиавеллидің пікірінше, саясат – бұл қоғамда билікті жүзеге асыру жөніндегі әртүрлі әлеуметтік күштердің (қоғам жіктері, адамдар тобы, жекелеген тұлғалар), өзара қарым-қатынасы. Сайып келгенде, саясат адамдар арасындағы қоғамдық қатынастар ретінде баяндалады. Сөйтіп, саясатты тек адамның табиғи жаратылысының көрінісі ретінде түсіндіруге қарамастан оның әлеуметтік табиғатын ашып көрсетеді. Макиавелли қазіргі уақытта хрестоматиялыққа айналған ережені, атап айтқанда, саясаттың негізгі мәселесі билік туралы мәселе тұжырымдамасын анық қалыптастырды. Бұл жерде әңгіме негізінен мемлекеттік билік туралы екені түсінікті.
Алайда, ең алдымен мемлекет деген не, оның табиғаты қандай деген мәселелерді анықтап алу қажет болды. Макиавелли мемлекеттің шығуын адамның табиғатынан шығарып түсіндіреді, оның табиғи табиғатымен ғана емес, сонымен бірге қоғамдық табиғатымен де түсіндіреді. Өйткені адамдардың көптеген жағымды және жағымсыз сапалары оның қоғамдағы өмірі мен қызметі үрдісінде қалыптасады.Макиавелли «Адамдар жалпы табиғатынан атаққұмар, күдікті және ешқашан да өзінің үлесіне қанағатанбайды» – деп есептейді. Оның пікірінше, олар бірін-бірі қорқыныштан немесе қызғаныштан көре алмайды, екіжүзділік пен алдауға жақын, билікқұмар және пайдакүнемдікке бейім тұрады. Бұл сапалар әрдайым адамдар арасында өшпенділік туғызады.Адамдардың осындай жағымсыз сапаларын ауыздықтаудың қажеттілігі, Макиавеллидің пікірінше, ерекше аппарат немесе қоғамда тәртіп пен бейбітшілік орнататын механизм ретінде мемлекеттің шығуына себепші болды. Сол үшін мемлекет жекелеген тұлғаларға немесе адам топтарына қатысты күш қолдана алады.Мемлекеттің шығуы мен мәнін түсіндірудің әлеуметтік уәждерін Макиавелли анық көрсетеді. Саяси ой дамуы тарихында алғаш рет мемлекет қоғамдағы үстемдік етуші күштердің (монарх, ақсүйектер жігі немесе бүкіл халық) мемлекеттің көмегімен қоғам өмірінің көптеген мәселелерін шешетін, белгілі бір тәртіпті қолдап тұратын және сыртқы жауларға жауап соққы беретін қайсыбір орган ретінде түсіндірілді.Макиавелли мемлекеттік құрылыстың үш негізгі формасын және соған сәйкес «үкіметтің үш түрін»: «монархия, аристократия және халық басқаруын»[10] бөліп көрсетеді. Монархия мен аристократияда бір адам немесе бір топ адам халыққа билік жүргізеді. Халықтық басқаруда билікті халықтың өзі жүзеге асырады. Алайда Макиавелли халықтық басқарудың жақтаушысы болмады.Мемлекеттердің әр түрлі формаларын салыстыра келіп, Макиавелли тирандық форманы ерекше бөліп көрсетті. Ол тирандарды алдағыштар деп атаған. Ол республиканы жоғары қояды. Республика Макиавеллидің пікірінше, монархияға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Ол халықтар арасында патриотизмді тудырып мемлекеттің бірлігі мен қуаттылығын жақсы қамтамасыз етеді.