Лекция.
Ылмыстық заңнама.
1. Қылмыстық заңнаманың түсінігі.
2. Қылмыстық заңнаманың жүйесі және құрылымы.
3. Қылмыстық-құқықтық нормалардың құрылымы.
4. Қылмыстық заңнаманың кеңістікте әрекет етуі.
5. Қылмыстық заңнаманың уақытта әрекет етуі. Қылмыстық заңнаманың кері күші.
6. Қылмыстық заңнамаларды түсіндіру.
ылмыстық заңнаманың түсінігі.
Жалпы заң дегенiмiз құқықтық нормалардан құралған және заң шығарушы орган қабылдаған нормативтi акт. Ал қылмыстық құқық нормаларынан құралған нормативтi актiлердiң жүйесi қылмыстық заң деп аталады. Яғни, қылмыстық құқықтың маңызды көрiнiсi және қылмыстық құқықтың бiрден бiр қайнар көзi болып қылмыстық заң табылады.
Қылмыстық заң - қылмыстық жауаптылықтың негiзi мен принциптерiн бекiтетiн, қоғамға қауiптi әрекеттердiң қайсысы қылмыс болып табылатындығын және оларды жасағаны үшiн қандай жазалар қарастырылатынын анықтайтын, сонымен бiрге қандай жағдайларда қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату мүмкiн екендiгiн белгiлейтiн заңдық нормалардан құралған мемлекеттiк билiктiң өкiлеттi органы қабылдаған нормативтi акт. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61 бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару, оның iшiнде қылмыстық заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарына, Республика Үкiметiне берiледi және тек қана Мәжiлiсте жүзеге асырылады. Осы ереженi басшылыққа алып ҚР Парламентi 2014 жылдың 3-шiлдесiнде Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiн қабылдап, ол 2015 жылдың 1 қаңтарында заңды күшiне ендi.
Осы қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiнiң 1-бабының 1- бөлiгiнде, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңдары тек қана осы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiнен тұрады» деп анықталған. Қылмыстық жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар оларды осы Кодекске енгiзгеннен кейiн ғана қолданылуы тиiс деп айтылған. Яғни, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексi барлық қылмыстық заңдардың жиынтығы болып табылады.
Қылмыстық заңға мына белгiлер тән:
- Қылмыстық заң (ҚР Конституциясымен реттелген тәртiп бойынша) мемлекеттiк билiктiң жоғары органдарымен қабылданады (заңды қабылдау процедурасы).
- Қылмыстық заңның жоғары заңдық күшi бар. Яғни,
а) бiр де бiр органның бұл заңды өзгертуге немесе жоюға құқығы жоқ;
б) ешқандай өзге нормативтiк актiлер заңға қайшы келмеуi тиiс;
в) өзге нормативтiк актiлерге қайшы келген жағдайда қылмыстық заң артықшылықты иемденедi.
- Қылмыстық заңның келесi белгiсi – оның нормативтiлiгi. Қылмыстық заң өзiнiң қолданылу мерзiмi iшiнде адамдардың жалпыға мiндеттi мiнез құлқын, тәртiбiн реттейдi.
- Өзге заңдардан ерекшелiгi қылмыстық заң тек қана қылмыстық құқық саласына жатады және қылмыстық құқықтың бiрден бiр жалғыз қайнар көзi болып табылады. Қылмыстық құқық теориясында осы құқық саласының қайнар көзiн екiге бөледi: формальды және материалды. Қылмыстық құқықтың формальды және жалғыз қайнар көзi болып қылмыстық заң табылса, материалдық қайнар көздерiне мемлекеттiк билiктi, ҚР Конституциясын, жалпыға белгiлi халықаралық құқықтың нормалары мен принциптерiн жатқызады.
Қылмыстық заңның мiндеттерi қылмыстық құқықтың мiндеттерi сияқты өз дамуының түрлi сатыларында қоғам мен мемлекет алдында тұрған әлеуметтiк-экономикалық мәселелерден шығып қалыптасады. Бұл мiндеттер көбiнесе қылмыстылықтың жағдайы мен деңгейiне, елдегi заңдылық пен құқықтық тәртiптiң қамтамасыз етiлу қажеттiлiктерiне байланысты туындайды.
ҚР ҚК-нiң 2-бабының 1-бөлiгiнде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң мiндеттерi көрсетiлген.
Қылмыстық құқықтық қорғаудың басымдықтары халықаралық тәжiрибеге және адам, оның өмiрi мен денсаулығын, ар намысы, қадыр-қасиетiн, қол сұғылмаушылығы мен қауiпсiздiгiн – жоғары әлеуметтiк құндылық деп танитын Конституцияға негiзделген. Қылмыстық-құқықтық қорғаудың бұрынғы басымдықтары ең алдымен мемлекеттiң, қоғамдық мүдденiң, содан кейiн жеке адам, оның мүдделерiн қорғаудан шыққан едi.
Қылмыстық заңның мiндеттерi оны қалыптастыру кезеңiнде немесе мемлекеттiң қылмыстық саясаты өзгерген кезде нақтыланып, толықтырылуы мүмкiн, мемлекеттiң қылмыстық саясатының негiзгi мазмұны қылмыстық заңды қолдану мiндеттерiн анықтау және заңды қылмыстылықтың деңгейi мен жағдайына сәйкестендiрумен түсiндiрiледi.
Көрiп отырғанымыздай, қылмыстық заң алдына екi үлкен мiндет қояды.
Бiрiншi мiндет – адамды, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн, сонымен бiрге адамзат пен бейбiтшiлiктi қорғау мақсатында қылмыстылықпен қылмыстық-құқықтық күрес жүргiзу.
Екiншi мiндет - қылмыстардың алдын алу. Ол жалпы және жеке (арнайы) алдын алуды қамтиды.
Жоғарыда аталған мiндеттердi шешу үшiн қылмыстық заң қылмыстық жауаптылықтың негiзi мен принциптерiн анықтап, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшiн қауiптi қандай әрекеттер қылмыс болып табылатындығын айқындайды, оларды жасағаны үшiн жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын белгiлейдi.
Қылмыстық заң жазамен қорқыту арқылы белгiлi бiр қылмыстық әрекеттi (әрекетсiздiктi) жасауға тиым салады. Сонымен бiрге, ол тиiстi органдар мен лауазымды адамдарға жасалған әрекетте қылмыс құрамының белгiлерi бар болған жағдайда кiнәлiлердi қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттiгiн немесе, керiсiнше, оларды қылмыстық жауаптылықтан босатуға, заңды негiздер болған жағдайда, оларды қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату туралы ереженi бекiтедi. Яғни, нақты әрекет үшiн жауаптылықты қарастыратын қылмыстық-құқықтық нормалар тиым салушы нормалар болып табылады және олар тәрбиелiк және ескертушiлiк мағынаға ие болады.
Қылмыстық жауаптылық туралы заң белгiлi бiр мiндеттердi орындай отырып өзiнiң функцияларын жүзеге асырады.
Негiзгi функциясы болып қорғаушылық функциясы табылады. Қорғаушылық функция қол сұғушылық жасау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын объектiлердi қорғауға бағытталған. Қорғаушылық функциясымен қатар қылмыстық заң реттеушiлiк функцияны атқарады. Яғни, белгiлi бiр мiнез-құлық ережелерiн бекiте отырып, қылмыстық құқық бұзушылық пен жазаға байланысты туындайтын қатынастарды реттеп отырады.
Қылмыстық заң сонымен бiрге ескертушiлiк функцияны жүзеге асырады. Қылмыстық заңдарды шығару және оларды бұқаралық ақпарат құралдары, насихаттаудың өзге құқықтың нысандары арқылы көпшiлiк халыққа жеткiзу азаматтардың құқықтық санасына елеулi ықпал етедi. Халық осылайша қандай әрекеттердi заң шығарушы жеке адам, қоғам мен мемлекет үшiн қауiптi және зиянды деп санайтындығын түсiне алады. Ескертушiлiк функция моральдық жағынан тұрақсыз адамдарды қылмыс жасаудан жазамен қорқыту арқылы ұстап тұру рөлiнен де көрiнедi, қылмыстық заңның тәрбиелiк функциясы осы ескертушiлiк функциясымен тығыз байланысты.
Қылмыстық заңды шығару және оны практикада қолдану азаматтардың өз мемлекетiнiң заңын құрметтеуге, өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң қорғалуына сенiмдiлiкке, қылмыстық құқық бұзушылық жасағандардың қылмыстық жауаптылықтан құтылмайтындығына сенуге тәрбиелейдi.