Аристотель
Жоспары:
1. Өмірбаяны және шығармашылығы
2. Философия туралы
3. Метафизика
3.1. Төрт себеп ілімі
3.2. Жалпылық және жекелік
байланысы туралы
Аристотель (көне грекше:Ἀριστοτέλης; б.з.б. 384 ж., Стагира (Орталық Македония), Халкидики түбегі — б.з.б. 322 ж. 7 наурыз, Халкида, Эвбея аралы) — ежелгі грек философы, Платонның шәкірті, Ескендір Зұлқарнайынның (Ұлы Александр) ұстазы, «адамзаттың бірінші ұстазы» деген құрметті атаққа ие.
Ол ғылым мен парасаттың көптеген тақырыптарын жүйелі әрі жан-жақтылы зерделеп, жаратылыс пен өмірдің түрлі құбылыстарына нақты ғылыми зерттеулер жасап, артына сүбелі еңбектер жазып қалдырды. Аристотель ғылымның көптеген саласының алғашқы негізін қалады, олардың арасында физика, метафизика, поэтика, театр, музыка, логика, риторика (шешендік өнері), саясат, этика, эстетика, биология, зоология және экономика қатарлылар айрықша аталады. Ол қалдырған философиялық пайым жүйесі мен ғылыми зерттеу дәстүрі кейінгі мұсылмандық және христиандық мәдениетке, шығыс-батыс өркениетіне айрықша ықпал етті. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы өзінің «Ескендір» поэмасында Ескендірдің көзтоймастығына салыстырмалы Аристотельдің ғажайып даналығын айқын сипаттайды.
Сократ, Платон, Аристотель үштігі ежелгі грек философиясының шыңы ретінде айырықша құрметпен аталады.
Аристотель ең алғаш этика, эстетика, логика, ғылым, саясат және метафизика сияқты мәселелерді толық қамтитын жан-жақты философиялық жүйені құрды.
Аристотельдің физикалық көзқарастары ортағасырлық ғылымның қалыптасуына терең әсер етіп, ренессанс дәуіріне дейін созылды. Бірақ кейін ол Ньютон физикасына орын берді.
Оның алты кітаптан тұратын «Органоны» ойлау әдісін қарастыратын логиканы тұңғыш рет философиялық деңгейге көтерді. Оның еңбектерінде ең алғашқы логикалық зерттеулер жасалған, соның негізінде ХІХ-шы ғасырда формальды логика ғылымы қалыптасты.
Аристотельдің метафизикалық ілімі иудаизм және ислам философияларына зор ықпал етті. Ал оның христиандық философияға әсері, әсіресе Шығыс православ шіркеуінің философиясына және Рим католик шіркеуінің схоластика мектебіне ықпалы қазірге дейін жалғасып келе жатыр. Аристотель этикасы — Никомах этикасы деп те аталады, қазіргі заманға дейін айтарлықтай маңызға ие. Дегенмен ұлы ойшылдың барлық мұрасы түгел айқындалды деуге болмайды, Аристотель философиясының түрлі қырлары әлі де терең зерттелуде.
Биология ғылымдарында ол жасаған кейбір зерттеулердің дұрыстығы тек ХІХ ғ. ғана расталды. Аристотель - Гиппократтың шәкірті, философия ілімінің бірінші ұстазы ретінде сол кездегі басқа да ойшыл ғалымдармен қатар барлық ғылымдардың, оның ішінде морфологияның дамуына да зор үлес қосты. Аристотель салыстыру әдіснамасын пайдалана отырып, жануарлардың 500-ден аса түрлерінің дене құрылысын зерттеу жасап, морфологиялық ғылыми тұжырымдар туғызды. Аристотель жануарлар денесінің еркін қозғалысын мидың басқаратынын, сүйекқаптың маңызын, жүрек пен қан тамырлар байланысын дұрыс түсініп, жүйкені басқа мүшелерден ажырата білді. Аристотель өзінің ғылыми еңбектерімен салыстырмалы анатомияның, зоологияның және эмбриологияның негізін қалаған болатын.
Аристотель мұсылман ғалымдарына да жете таныс болды. Көптеген шығармалары орта ғасырда араб тіліне аударылды. Шығыс ойшылдары Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн-Рушд қатарлы Аристотель танушы, Аристотель ілімін жалғастырушы ойшылдар мұсылман перипатетиктері Аристотельді зерттеу мен ғаламды философиялық және ғылыми тануды қатар жалғастырды. Аристотель құрметтеліп «Бірінші Ұстаз» ("The First Teacher" المعلم الأول) деп дәріптелді. Ал, екінші ұстаз – түркі-қыпшақ ойшылы Әл-Фараби болатын.
Аристотель кезінде көптеген өте көркем шығармалар мен диалогтар (Цицерон оның әдеби стилін «алтын өзен» деп атаған) жазса да, оның жазбаларының көпшілігі бізге дейін жетпеген. Оның кейбір еңбектері біресе табылып, біресе қайта жоғалып отырды. Кейбір пайымдаулар бойынша, оның жазбаларының тек бестен бірі ғана сақталған.
Аристотель сөзінің грекше мағынасы «Ұлы мақсат» дегенді білдіреді. Аты "Ұлы мақсат" дегенді білдіретін Аристотель Македонияға қарасты Халкида түбегіндегі Стагира қаласында б.з.д. 384 жылы туған. Стагира қаласының орыны бұл күндері Салоникиден 55 км қашықтықта жатыр. Оның әкесі Македония патшасы Аминтастың жеке дәрігері болған. Аристотель де өте жас кезінде монарх ордасында болыпты. Әкесі Никомах Аристотельдің жас кезінде қайтыс болады. Бірақ Аристотель ақсүйектерге лайықты тәрбие және білім алды.
18 жасында Аристотель Афина қаласына барып, Платон Академиясында шамамен жиырма жыл бойы – б.з.д. 347 жылы Платон қайтыс болғанға дейін академиялық білім алады. Платон Аристотельді өте ұнатты деу қиын, Аристотель де Платонның негізгі көзқарастарына қарата өзгеше пікірде болған және Платонмен дауласып қалып отырған. Әрине, ол бүкіл өмірінде Платонға деген құрметінен айныған жоқ.
Платон қайтыс болған соң Академиядағы жаңа басшы математикаға көбірек назар бұрғандығына Аристотель төзе алмай Афинадан кетеді. Академияның жаңа басшыларының идеясын жақтамаса да, ол академиямен байланысын үзбеген. Кейін ол Ксенократпен бірге Кіші Азиядағы (Бүгінгі Түркиядағы) Гермиас патшаның иеліктеріне сапар шегеді. Азияда болған кезінде ол Теофрастпен бірге Лесбос аралына сапар шегіп, екеуі аралдың өсімдік және жануар әлемін зерттеді. Аристотель Гермиастың қызы (не қарындасы) Питияға үйленді. Одан туған қызды да Пития деп атады. Гермиас бір реткі бүлікте кездейсоқ өлтірілген соң Аристотель отбасымен Кіші Азиядан кетуге мәжбүр болады. Сол кезде Аристотельді Македония патшасы ІІ Филипп өзінің 13 жасар ұлы Ескендірге (Македондық аты Александр) тәлімгер болуға шақырады. Бұл кезде ол тек Ескендірге ғана емес, басқа екі болашақ патшаға, яғни І Птолемей Сотерге және Кассандрға да сабақ берген. Ол Ескендірді "Гректерге жетекші болуға, варварларға қатал болуға, шаруаларға досы мен туысына көмектескендей көмектесуге, басқаруда әрі қатал, әрі жұмсақ болуға" үйретеді.
Плутархтың жазуынша, Аристотель Ескендірге этика, саясаттану және философия үйреткен. Аристотель өз қабілетінен пайдаланып Ескендірдің дүниетанымына үлкен әсер еткені анық. Дәл Аристотельдің әсерінде Ескендір ғылым-білімге құрмет етті. Ол мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөліп, қызметшілерді жұмылдырып, Аристотелдің көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізуіне септесті. Дегенмен, Аристотель Ескендір құрған империяны да, Ескендірдің саяси көзқарасын да жақтамағаны кітаптарынан байқалады. Аристотельдің саяси көзқарасы түрлі басқару тәсілдерінің озық үлгілерін өзара тоғыстыру, әсіресе аристократия мен демократияны бірлестіру болғандықтан, Ескендірдің орталықтандырылған империясы жабайылыққа қайту есептеген.
Ескендірге бірнеше жыл тәлім бергеннен кейін Аристотель Афинаға қайтып оралды. Афинада оның әйелі Пития қайтыс болып, ол Стагиралық Герпиллида атты бір әйелді кездестіреді. Ол ұл туып, оның атын Аристотель өз әкесінің құрметіне Никомах деп қояды.
Б.з.д. 335 жылы ол Афинаның Ликей деген жерінде өз мектебін (лат. Lyceum) ашты..
Ликейде Аристотель сабақ беру мен шығармашылықты қатар қолға алады. Оның сабақ өту ерекшелігі өзгеше болды. Ол әдетте жүзім бараңдары мен бау-бақшада серуендеп жүріп, шәкірттерімен түрлі ғылым салалары туралы пікірлескен. Сондықтан оның мектебін "серуен философиясы" деп те атайды және Аристотелге ілесушіні серуенші (Перипатетик) деп атайды. Шығыс ойшылдар: Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн-Рушд қатарлы - Аристотель танушы, Аристотель ілімін жалғастырушы ойшылдар, «мұсылман перипатетиктері» деп аталады.
Аристотель көптеген еңбектерін өмірінің осы кезеңінде жазған болуы мүмкін. Оның табиғат және физика туралы жаратылыстанулық және философиялық еңбектері Платон диалогтарына қарағанда күрделі болып келеді. Кейбір диалогтар жазғаны белгілі, бірақ ол диалогтарының аз бөлігі ғана сақталған. Бізге келіп жеткен еңбектерінің көбі «трактат» түрінде өзінің шәкірттеріне арналған оқу құралы ретінде жазылғандықтан, көпшілігі жалпы таратуға арналмаған.
Ғылым шынайы мағынада Аристотелден басталды, сол себепті кейінгі ғалымдардың бәрі Аристотельге қарыздар деп есептеледі.Аристотель тұңғыш ғылымдарды түрге бөлуші, әрбір ғылымның нені зерттейтінін айқындаушы болды. Аристотель сол кездегі ғылымның барлық саласы туралы ізденіп, әрбір ғылым саласында бағалы еңбектер қалдырды. Ғылым саласында ол анатомия, астрономия, экономика, эмбриология, география, геология, метеорология, физика, зоология салаларын зерттеді, философия саласында эстетика, этика, саясат, үкіметтану, метафизика, психология және теологияны зерттеді, мәдениет саласында білім беру, әдебиет, поэтика зерттеді. Оның осынау ғылым мен философия саласындағы кітаптары ежелгі заман ғылымын негізінен түгел қамтыған білімнің энциклопедиясы болды. Бұл еңбектердің арасында өте маңызды байланыстар мен үндестіктер болса да, олардың стилі мен тақырыптары жағынан әртүрлі болып келеді. Өз заманында белгілі болған ғылыми мәліметтердің бәрін білген адамдардың ең соңғысы Аристотель болған деген жорамал жасалған.
Ескендір қайтыс болғаннан кейін Афинада македондықтарға қарсылық үдеді. Өздерін басқалардан мәдениетті (өркениетті) сезінген гректер "жабайы" (варвар) македондықтардың отары болуға онсыз да төзімсіздік таныту күйінде еді. Аристотель отаршылдардың ойшылы, ұлт сатқыны ретінде гректердің өзіне тым ұнай қойған жоқ. Билеуші Еуромедон Аристотельге «құдайларды қастерлемейсің» деген айып тақты. Аристотель «Афиналықтарға философтарға қарсы екінші рет қиянат (Сократтың айыпталуы мен өлімге кесілуі) жасатпаймын», - деп, Ликейді перипатетик Теофрастқа (гр. Θεόφραστος) қалдырып, анасының Халкидадағы (лат. Chalcis) иелігіне бас сауғалап барды. Бұндағы оның қиянат деп отырғаны афиналықтардың Сократқа шығарған әділетсіз сот үкімі, яғни демократиялы Афина жағынан "жастарды аздырды, жалған Құдайға сенді" деп айыпталып, у ішіп өлу жазасына кесілуі болатын. Бірақ бір жыл өтпей (б.з.д. 323 жылы) ол Евбеяда ауырып қайтыс болды. Аристотель соңғы өсиетінде өзін әйелінің жанында жерлеуді сұрайды.
Метафизика
Метафизика сөзі Аристотельден басталады. Яғни, физикалық денелер туралы кітаптарының ар жағына оның материалдық емес білім туралы жазбалары жайғасқан көрінеді. Яғни "физиканың кейіні" (гр. τὰ μετὰ τὰ φυσικὰ βιβλία) деген мағынада болған. "Мета" (гр. μετά) деген сөз "ар жағында", "астарында", "тұңғиығында" дегенді білдіреді екен. Демек, метафизика — физика шеше алмайтын, жоғары деңгейдегі бейфизикалық сырлы, күрделі, шүңет, дерексіз ең жалпылық мәселелер туралы ілімді көрсетеді. Кейін ортағасыр христиан ойшылдары метафизиканы тылсымдандырып, табиғат пен өмірден ажыратып, христиандық дүниетанымды растайтын схоластикалық философия жасап шығарды. Неміс ойшылы Фридрих Ницше метафизиканы Платонизм деп атады. Бұл Аристотель ілімін бұрмалаудың тамыры қайда жатқанын меңзеу болатын.
Аристотельдің өзі метафизика мен теологияны "Бірінші философия" деп те атаған. Рене Декарт осы мағынада өзінің әйгілі «Бірінші философиялық толғаныс» (ағылш. «Meditations on First Philosophy») кітабын жазып, көптеген ойшылдарға бағалатып, "Мен ойлаймын, сондықтан бармын" деген тұжырымды жақтап шықты.
Төрт себеп ілімі
Аристотель бойынша табиғат себептілік байланысы бойынша өмір сүреді. Бұл себеп байланысы жаңа дәуірде (ХVI-XVIII ғ.) дәріптелген себеп-салдар теориясына ұқсамайды. Себеп байланысы "не үшін?" деген сұраққа байланысты айтылған. Ал детерминизм болса «салдар», «нәтиже» дегенге салыстырмалы айтылады.
«Метафизика» еңбегінде және басқа да еңбектерінде Аристотель заттарды табиғатын түсінудің төрт себебін көрсетеді. Олар: Материал Аристотель ескерткіші,
(құрамы) себебі, Форма (құрылым, пішін) себебі, Фрайбург университеті,
Қозғатушы (келіп шығуы) себебі, Мақсат (көздеу) А.Берманн туындысы
себебі.
Материал себебі」 (лат. Material Cause) — заттың неден құралғаны. Яғни, бөлшегі, мүшесі, материалы. Кез келген зат мәлім бөлшектен, құрамнан, алғышарттан, материалдар бірлестігінен құралады. Заттың құрылымы дәл осы құрамдарға қатысты болады. Құрамы қалай болса ол заттың сондай қасиеті болады. Осынау құрамдар арқылы бір бүтіндік (жүйе, құрылым, қалып, бірігу, толықтық, араласу) пайда болады. Мысалы, мүсінге пайдаланылған мәрмәр тас мүсіннің материал себебі есептеледі.
Форма себебі」 (лат. Formal Cause) — заттың құрамдарының ұйымдасып қандай пішін қалыптастырғаны. Затқа қалай анықтама беру оның пішіні, күйі, мәні, бүтіндігі, қалыптасу ережесі, заттың зат болуында негіз болған заң-қағидасына байланысты. Мысалы, мүсіннің жобасы мен дизайны мүсіннің форма себебі есептеледі.
Қозғатушы себеп」 (лат. Efficient Cause) — заттың қайдан пайда болғаны, не әсер еткені, неден жаралғаны, неден өзгеріп келгені. Ол заттар өзгерісінің себебін көрсетеді. "Не өзгертті?", "Қандай себеп оны осы күйге жеткізді" дегендей. Ол барлық затаралық дәнекерді де, органикалық және бейорганикалық заттардың қозғатушы себептерін де қамтиды.
Мақсат себебі」 (лат. Final Cause) — егер зат туралы болса оның қандай керекке жарайтыны, пайдасы, маңызы, құны, өнімі; ал егер адам туралы болса ол қандай мақсатпен өмір сүретіні, ертең кім болмақшы екені, оны жетелеп жүрген (қазіргі заман психологиясындағы "мотивация ілімі" секілді) арман, ерік, зерде, бейақыл, этика, ниет, қалау, талап, талпыныс, құлшыныс қатарлылар белгілі әрекетке алып барады. Зат атаулының өмір сүру себебі мәлім мақсат бойынша болады. Мысалы бір қашалып біткен мүсін мүсіншінің мақсатын көрсетеді. Дегенмен, Аристтотель де Сократтың ықпалына ұшырап, затта да адам секілді біртұтас мақсат болады және біртұтас мақсатқа талпынады, барша дүние ізгілікке талпынады деп есептеген. Бұл ғылымда телеология (мақсат ілімі) деп аталады.
Бұдан басқа, заттар ортасындағы өзара әсер нәтиженің қалыптасуына әсер етеді. Ешбір зат заттардан оқшау өмір сүре алмайды. Мысалы, тазалық жұмысы арқылы көркем тұрмыс жаратуға болады, болмаса керісінше нәтиже келіп шығады. Мұнда екі істің (тазалық пен көркем тұрмыс) ұқсас барысы және қасиеті болған жоқ, бірақ бірі бүкіл істің басталуы, екіншісі бүкіл істің нәтижесі.
Аристотель алғашқы кезде өзаралық, немесе айналымдық себеп байланысын ортаға қойып, заттар арасындағы өзаралықтың заттарға әсерін түсіндірді. Бірақ ұқсас істің мүлде кері нәтижесі болатынына да назар аударды.
Аристотель екі түрлі себеп байланысы моделін айқындады: дәстүрлі (қалыптасқан) себеп байланысы және кездейсоқ (өзгеретін) себеп байланысы. Мейлі дәстүрлі, мейлі кездейсоқ себеп болсын, бәрі түгел астыртын, не нақты, айырым, не жалпылық қасиетте болады. Бұл Жалпылық себеп, Айырым себеп, Нақты себеп, Астыртын себеп деген секілді маңызды ұғымдарды қалыптастыруға жол ашты. Шынтуайтында, себеп байланысы себеп пен нәтиже арасында "уақытты (уақытқа тән) өзара байланыс" сөзсіз болатынын көрсетпейді.
Жалпылық пен жекелік байланысы туралы
Аристотель жалпы мен жеке, ұғым мен түйсік, мән мен құбылыс диалектикасын ұштастыра түсіндіреді және бұл көбінесе Платонның идеализмін сынауға құрылған.
Аристотель ұстазы Платонның зат сол заттың артында тұрған идеяның көрінісі дегенге келіспей, әрбір затта жалпылық қасиет болады, ол бір болса сол заттың қасиеті, бір болса сол затпен басқа заттың байланысын көрсетеді деп есептеді. Мысалы, біз бір алма арқылы жалпы алманың формасы туралы талдау жасай аламыз. Яғни, әрбір жеке алма және алманың жалпы формасы. Немесе, егер алманы кітаптың қасына қойсақ, онда бұл екеуі жақын деп айтамыз және бұл алманы танудың тағы бір әдісі - басқы затпен байланыстырып тану болады.
Аристотельдің пікірінше, мәлім заттың жеке қасиеті емес жалпылық форма өмір сүрмейді. Мысалы, ешбір адамның қасиеті емес жақсы адам деген қасиет өмір сүрмейді, кез-келген жақсы адам деген қасиет міндетті түрде мәлім адамдікі болады. Демек жақсы адам дегеніміз шынайы жалпылық қасиет ретінде мәлім жеке адамның өмір сүруін алғы шарт етеді. Әрине, бұл пікірлер өте қарапайым көрінгенімен, әйгілі ғұлама Платонның жалпылық идея жеке заттарға тәуелсіз дербес өмір сүреді, заттар сол идея негізінде бар болады деген идеалистік пікіріне қарсы айтылған. Ол жалпылық дегеніміз иә заттың кешегі, бүгінге, не ертеңгі мәлім қасиеті ретінде, иә заттар ортасындағы байланыс ретінде ғана мәнді деп есептеді. Демек жалплықты тану заттардың нақты қасиеті мен өзара байланысын тану арқылы анықталады. Ешқашан ешбір заттың мәлім қасиеті, не байланысы ретінде болмаған жалпылық, ол өтірік жалпылық.
Аристотель сондай-ақ жалпылықтың орыны туралы пікірде де Платонмен келіспеді. Платонның ойынша мәлім бір форма әлемі бар, сол форма әлемінде барлық жалпылық орналасқан деп есептеді. Ал, Аристотель жалпылық мәлім бір форма әлемінде емес, әр нәрсенің ішінде, мысалы алманың жалпылық ерекшелігі сол алманың өз бойында деп есептеді. Бұл заттардың артындағы басқа бір форма әлемі бар дегенді жоққа шығарады. Аристотельдің пікірінше, философия пәні жалпылықты тану бола тұрса да, ол жекеленген заттардың (құрамды мәндері) – статуя, мемлекет, т.б. түсіндіре білуі керек. Жекеленген заттардың болмыстығын сезім арқылы білсек, жалпының болмыстығы ой арқылы ашылады.
Аристотельдің “аспан әлемдерін еш уақытта толық көрмесек те, дегенмен біз білетіндерден басқа да мәңгі субстанциялар өмір сүретіні анық” деген пікірі сыртқы дүниенің рух пен санаға бағынбас шындығына күмән тудырмайды және әлем бізбен ғана шектелмейтінін айтады.
Жалпыны танудың шарты: Индукциялық қорытындылау. Ол өз ретінде сезімдік қабылдаусыз мүмкін емес.
Аристотель
Греция қаласындағы Аристотель бейіті
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Ә.Нысанбаев, Т.Тәжібаев.Қысқаша философия тарихы
2.Ә.Х. Тұрғынбаев
3.Ж.Алтай А.Мұханбетәли «Философия тарихы».Алматы 2006ж.