1. ХІХ ғасырдағы ұлттық сөз өнері дамуының ерекшеліктері. Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына бағытталған ресми құжаттары
2. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында отарлық езгіге қарсы Қазақстанда болған қарулы көтерілістер
3. Қазақстандағы халық ағарту ісінің жағдайы. ХІХ ғасырдың бас кезіндегі оқыту түрлері
4. Орыс зиялыларының қазақ халқының тарихын, тілін фольклорын, этнографиясын зерттеу жұмыстарының екі жақты сипаты.Қазақ даласында ХІХ ғасырда әртүрлі себептермен болған орыс жазушыларының, ғалымдар мен ағартушыларының шығармаларында қазақ халқы тұрмысының суреттелуі.
5. Шетелдік ізгі ойлы зиялылардың қазақ халқы, оның әдет-ғұрпы, өнері туралы этнографиялық-публицистикалық жазбалары.
6. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының мазмұнындағы реализм, романтизм тәрізді көркемдік әдістердің көріністері.
Әдебиет – өмiр шындығының көркемөнердегi айнасы болғандықтан, сол дәуiрдiң тарихи-саяси ақиқат қалпы әдеби туындыларда өз көрiнiсiн тауып жатты. XX ғасырдың 20-шы жылдарында әдебиет тарихын сөз еткен алғашқы М.Әуезов, Х.Досмұхамедұлы еңбектерi мен Ә.Бөкейханұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы М.Тынышбайұлы, т.б. мақалалары, жазбаларындағы XIX ғасыр әдебиетiн әдебиеттiң тарихилығы принципiнде, әдебиет дамуын халық тарихымен байланыста қарастыра бастаған зерттеулер, кеңес дәуiрiнiң тоталитарлық жүйесi нық орнап, әдебиетке таптық, интернационалдық, социалистiк тұрғыда баға беру талабы қойылған шақта, әдебиет тарихы саяси, мазмұндық талдаудың жалған идеологиялық қалыбына түсiрiлдi. Сөйтiп, Ресей империясы жүргiзген отарлық езгiнiң 1867 жылға дейiнгi әскери жер отары саясаты нағыз отарлық езгi ретiнде емес, патша өкiметiнiң қазақ және орыс шаруаларына қарсы жүргiзген таптық қанауы ретiнде атүстi сипатталып, тәуелсiз хандық мемлекеттi үстем таптың феодалдық озбыр өкiметi ретiнде қаралап, ұлт азаттық қозғалыстары мен көтерiлiстердi орыс отаршылдарына қарсы емес, шаруалардың қазақ феодалдарына қарсы туған бас көтерулерi ретiнде ғана бағалау етек алды. Ал XIX ғасырдың екiншi жартысындағы сауда капиталын қазақ жерiне ендiру арқылы жер үстi мен астының байлығын тонау, қазақтың рухани-мәдени, тұрмыстық-шаруашылық қалпын отарлау саясатына орай мақсатты түрде зерттеулер жүргiзу, сол негiзде сананы отарлау, қалыптасқан қоғамдық шаруашылық қатынастарды бұзу, оқу-ағарту желеуiмен тiлдi, салт-дәстүрдi бұзып, миссионерлiк шоқындыру саясатын жүргiзу, жинақтап айтқанда, идеологиялық отарлау арқылы халықты Ресей құрамына қосу мақсатында жүргiзiлген отарлық саяси iс-шаралар Кеңес империясының одан әрi астарлы түрде жүргiзген езгi саясаты аясында бүркемеленiп ұсталып, патша өкiметiнiң отарлық езгiсiнiң өңi өзгертiлiп айтылды. Кеңес өкiметiнiң әдебиеттi таптық интернационализм принципiндегi тар өрiстi саясат аясында қарастыруды талап еткен идеологиялық бағытының кесiрiнен XIX ғасыр әдебиетiн тұтас қамтыған отарлық езгiге қарсы туған азаттық идеясы назардан тыс қалып, XIX ғасыр әдебиетi шартты түрде XIX ғасырдың бiрiншi жартысындағы бұқарашыл әдебиет, XIX ғасырдың екiншi жартысындағы ағартушылық бағыттағы әдебиет деп оқыту қалыптасты.
Ал шындығында отарлық езгiге қарсы туған ұлт әдебиетi Ресей империясы тарапынан одан әрi жүргiзiлiп, ендiгi кезекте ел iшiнде қолға алынған саяси-идеологиялық отарлау саясатының халық өмiрiндегi кеселдi көрiнiстерi жалпыдан жалқыға, көптен жекеге ауысқан, жыраулық кең толғаудан, ақындық нақтылықпен көзге шұқып тұрып көрсеткен әдеби поэтикада өз жалғастығын тапты.
Мiне осы дәуiрдегi әдебиеттiң үздiксiз даму жолын тереңдеп талдап, сөз өнерiндегi дәстүр мен соны көркемдiк арналардың туу себебiн айқындау үшiн, Ресей империясының ұлт рухын, санасын отарлауға бағытталған ең озбыр үшiншi кезеңiне (1867-1917) шолу жасау қажет. Сонымен, патша өкiметiнiң хандық ел билеу жүйесiн құртып, мемлекеттiк басқару аппаратын өз қолына алуы орасан мол кеңiстiк пен отарлық мүддеге сәйкес зор мүмкiндiк ашып бергенiмен, халықтың дәстүрлi әлеуметтiк құрылымын, шаруашылық, тұрмыстық қалпын, iшкi рухани бұлақ көздерiн толық жоя алмады. Сол себептi империя елдiң материалдық байлығын тонау мен халқын басыбайлы құлдыққа түсiру мақсатында жұрттың iшкi өмiрiне қол салды. Бұған Ресейдiң өз iшiндегi саяси-әлеуметтiк жағдай да қолайлы кезеңдi туғызған болатын. Мұның мәнiсi отаршылдардың арамтамақ әккi саясатына сай, Ресейдегi дағдарысты жағдайды өз езгiсiндегi қазақ елiнiң есебiнен шешуге ұмтылуында болып отыр. Өйткенi, 1861 жылғы 19 ақпандағы мұжыққа «азаттық» берген манифестке дейiн, Ресейде шаруалар жылына орта есеппен 19 реттен өкiметке қарсы көтерiлiске шықты. Оның себебi – мұжықтың ауыр алым-салықтың астында қалуы, жерге иелiгiнiң жоқтығы және қайыршылық қалпы болатын. Сондықтан, патша өкiметi жаңа туып келе жатқан өндiрiс буржуазиясының дамуына жол ашып, сол өндiрiс капиталына қазақ елiн тегiн олжа ретiнде жығып берудi, сонымен бiрге шаруалар толқуынан самодержавиеге төнген қауiптi сейiлтiп, оларды қазақ жерiне көшiрiп, жұрттың ең шұрайлы, қоңды жерiн тартып әперу арқылы мұжықты жарылқап, елде өз жақтастарын молайтуды көздедi. Сөйтiп, қазақ тарихында отарлық езгiнi жерiне жеткiзе зерттеп, талдап жазған алаш арысы Телжан Шонанұлы айтқандай: «Өкiмет мұжықтың көңiлiн ақсүйек жерiнен «бұратаналар» жерiне аударып, мазасыз мұжық арасын сиреттi. Ал «бұратаналар» бұл болмаса, күл болсын, үкiметке бәрiбiр, ақсүйек пен қазына жерi аман қалса болғаны». Мұның арты қазақ жерiн мұжыққа тартып әперу арқылы жерден айрылған елдi қу тақырға қуып, қайыршыландырып, орыс өндiрiс капиталына су тегiн малай тауып берiп, өз ұпайын түгендемек ниетке ұласты. Бұл орайда патша өкiметi өз саясатына орайлас билiк жүйесiн енгiздi. Ол үшiн 1865 жылы далалық комиссия құрылып, ол жаңа заң жобасын жасауға кiрiстi. Жаңа Ережелерде әкiмшiлiк басқару жүйесiнде халықтың өзiн-өзi басқаруына, болмаса ел тынысына еркiндiк беретiн ешқандай мүмкiндiк ашылмау жағы мұқият қарастырылды. Осындай озбырлық толғағынан туған 1867 жылғы «Түркiстан өлкесiн басқару туралы» және 1868 жылғы «Далалық облыстарды басқару туралы» уақытша Ережелер 1822-24 жылдардағы «Жарғылардан» соңғы Ресей империясының қазақ халқына қарсы жасаған iрi мемлекеттiк қанқұйлы отарлық саясатының құжатты дәлелi болып табылады. Ережелер бойынша қазақ елi 3 аймаққа жiктелiп, әрқайсысы патшалықтың түрлi министрлiгiне қаратылды. Орал, Торғай аймағы Iшкi iстер министрлiгiне, Семей, Ақмола өңiрi Сыртқы iстер және Заң министрлiгiне, ал Сырдария мен Жетiсу өлкесi Соғыс министрлiгiне бағындырылды. Бұлай бөлудiң отаршылдар үшiн тиiмдiлiгi зор едi. Бiрiншiден, облыстарға бөлшектенген елдiң iшкi қозғалысына тыйым салынып, халықтың бiрiгуiне жол жабылды; екiншiден, генерал-губернаторлықтар бағынышты болған әр министрлiк, әр түрлi саяси-экономикалық мiндеттер атқаратындықтан, ел тiлегi түрлi бюрократиялық сылтаулармен орындалмады; үшiншiден, аймақтар қарайтын министрлiктер орталықтан үйлестiрiлiп, олар ел алдында есеп бермедi; төртiншiден, отар елдегi кез келген мәселенi әр министрлiк өз еркiнше шешiп, ойына не келсе, соны iстеуге толық мүмкiндiк ашылды. Қысқасы, 1867-1868 жылдары тәжiрибе ретiнде уақытша енгiзiлген бұл Ережелер патша өкiметiнiң саяси- әкiмшiлiк отарлық саясатында сыннан өтiп, қазақ жерi мен Орта Азия тұтас жауланып алынған соң, осы Ережелер негiзiнде 1886 жылы Түркiстан, 1891 жылы далалық генерал-губернаторлықтарына бiрiктiрiлдi. Заңсыз зорлық Ережеге арқа сүйеген озбыр өкiмет жалпы жиыны 45 миллион десятина жердi қазақтан тартып алып, келiмсектерге бердi. Құлан жортпас құла дүз, қу медиен шөл және шөлейттi құнарсыз далаға (резервацияларға) қуылған ел кешегi ата қоныс туған өлкесiн жайлағысы келсе, орыс отаршылдарына мөлшерсiз салық төлеуге мәжбүр болды. Осындай жерден айрылып, езгiге түскен ел жоқшылыққа ұшырап, жатаққа айналды, немесе, жоғарыда айтылғандай, топ-тобымен орыс өндiрiс капиталына жалдамалы жұмысқа жегiлдi. Сонау ғасыр басында отаршылдар қолға алған ата-баба мұраларының ең қастерлiсi – ата мекендi алу бүкiл ғасыр бойына тоқтаусыз жүргiзiлiп жатса, халық тарихы, халықтың мұң-шерiмен бiте қайнасқан ұлт әдебиетiнде бұл тақырыптың XIX ғасырдың екiншi жартысы деп шартты түрде бөлiнген әдебиетте өз жалғастығын таппады деу ақылға сиымсыз. Қайта туған жер тақырыбы күллi дәуiр әдебиетiнде желi болып тартылғанына осы дәуiр әдебиетiнiң кез-келген сөз зергерiнiң шығармашылығы айғақ.
1867-1868 жылдардағы осы Ережелерге дейiн жерге қауымдық меншiк ретiнде қараған, жер бүтiн қазақтiкi деп бiлген, жер аумағы күллi жүздiң, қала бердi рудың қонысы болып, арада кегi болмаса, өзара араласа көшiп-қонған ел салтына мына Ереже қайшы келдi. Қайшы келгенi сол, қасақана елдi елдiң өз қолымен тұншықтыру мақсатында әр рудан құрылған 10-15 ауылды аумақтық негiз бойынша бiрiктiрiп, болыстық билiктi сайлау арқылы саудаға салып, пара алып, болыстық лауазымға таластырып, өздi-өздерiне айдап салып, билiк жүргiзудiң ел бүлдiргiш тәсiлiн қолданды. Мұның аяғы ертеңгi ұлт азаттығына деген сенiмнiң құрдымға кетiп, ұлттық мүдде жойылып, бiр күн де болса, ел үстiнен күн көрiп қалуды мақсат еткен психология мен соны үрлеп, өршiтiп отырған озбырлықтың салтанат құруына әкелiп соқтырды. Мұны ғасыр ортасына қарай Дулат ақын:
Жағаңа дуан түскен соң,
Суыңды орыс iшкен соң,
Аякөз суы қағынды.
Би, старшын мойнына
Жезден қарғы тағынды –
деп бейнелесе, осы саясаттың өршiген түрiнiң ел iшiндегi көрiнiсiн 1886 жылы Абай поэтикалық өрнекпен:
Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Перiште төменшiктеп, қайғы жемек.
Өзiмнiң иттiгiмнен болды демей,
Жеңдi ғой деп, шайтанға берер көмек, - деп ашып суреттедi.
Патша өкiметiнiң келесi отарлау саясаты ендi қазақтың жер үстi байлығымен қатар, жер асты байлығын тонауға ұласты. Осы мақсатта елдiң табиғи кен ресурстарын зерттеп, пайдалану үшiн ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Олар ел географиясын, жер бедерiн, тарихын, экономикасын, этнографиясын, минерал қорларын Ресей империясы мүддесiне орайлас зерттеп игеруге кiрiстi. П.С. Паллас, Н.Рычков, А.И.Левшин, П.П.Семенов-Тяньшанский, И.А.Северцев, т.б. зерттеулерi осы бағытта жүргiзiлдi. 1867 жылы Орынборда, 1877 жылы Омбыда, 1896 жылы Верныйда ашылған Императорлық орыс географиялық қоғамының қазақ бөлiмшелерi де осы iске арнап ашылды. Ғасырдың 70-80 жылдары қазақ елiнiң түрлi орталықтарында ашылған Статистикалық комитеттер де саяси-әлеуметтiк, шаруашылық- экономикалық мәлiметтер жинауға қызмет еттi. Осы зерттеу мәлiметтерi негiзiнде қазақ даласында кен өндiру өнеркәсiбi дамып, жер байлығын Ресейге тасу үшiн темiр жол желiлерi тартыла бастады. Сөйтiп, сырттан енгiзiлген өнiрiстiк капитал жерден айырылған қазақ қауымын өндiрiс орындарының ауыр жұмыстарына тегiн еңбек күшi ретiнде сiңiрдi. Өндiрiс капиталымен iлесе келген сауда капиталы қазақ ауыл шаруашылық шикiзатын арзанға алып, өнеркәсiп тауарларын қымбат бағаға өткiзетiн сауда рыногы өлкесiне айналдырып, елдi аяусыз қанады. Қазақ елiн жерден айырып, резервацияларға қуып, шаруашылық қалпын бұзып, түрлi салықтар мен сауда капиталына талату арқылы, құлдық кiрiптарлыққа салған мұндай саясат кеңес дәуiрiндегi әдеби, тарихи оқулықтарда XIX ғасырдың екiншi жартысындағы патша өкiметiнiң әкелген жаңа прогрессивтi капиталистiк қатынастары ретiнде бағаланып, қазақ жерiндегi өндiрiс орындарының ашылуы, орыс және қазақ жұмысшы табының өсiп, ынтымақтасуына жол ашты, сауда капиталы натуралдық шаруашылықты өндiрiстiк тауарлармен ауыстырды деп, оның қанаушылық мәнiн терең ашып айтпады. Ал осы саясаттың шынайы көрiнiсiн бейнелеген «Зар заман» әдебиетi өкiлдерiнiң шығармашылықтары жаңалыққа жатырқай қараған ескiшiл, кертартпа ақындар ретiнде бағаланғаны аян.
Тәнге түскен жара уақыт өте жазылады, жан жарасының сауығуы қиын. Осыны ойлаған отаршылдар отарланған елге жүргiзген сатылы саясатының осы кезеңiнде экономикалық экспансиямен қатар, сананы жаулау арқылы рухани құлдыққа түсiру мақсатын алға шығарды. Мұның басты құралы – ағартушылық желеуiмен араб жазуын орыс жазуына өзгертiп, әлеуметтiк құрылымды отаршылдар мүддесiне бағытталған ұсақ шенеунiктер даярлайтын орыстың оқу жүйесi арқылы орыстандыру, миссионерлiк саясат негiзiнде шоқындыру, ұлттық сананы тұқырту арқылы халықты тарихи жадынан адастыру болды. Бұл iске Ресей империясы 1860-1970 жылдары Ұлы жүз бен Орта Азия хандықтарын жаулап алған соң ғана бел шеше кiрiстi. Алғашқы кезде бұл саясатты жасырын ұстаған патша өкiметi халықтың жаппай рухани қарсылығын тудырып алмау үшiн, қайта Кiшi жүз бен Орта жүзде ислам дiнiн, оны оқытудың қадымдық бағытын қолдап отырды. Осы кезеңдердегi указной молдалардың қылықтарын көзiмен көрген тарихшы Қ.Халидтiң «Тауарих хамса» атты еңбегiндегi: «Орынбор муфтиi өкiмет жиынында патша бұйрығымен әр болыста указной молла тағайындатты. Сөйтiп, округ ахуны, облыс ахуны, Мухтасиб (есепшi) және указной молла болып, әскерден қашқан татарлар мен дiн бұзған дүмше моллалар өкiметпен бiрге елге жемтiктес болды», – деген сөзi мен академик С.Мұқановтың «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетiнiң тарихынан очерктер» атты оқулығындағы: «Бұхар жырау – дiншiл. Сөйте тұра ол қожаны жақсы, молданы жек көредi. Бұхар жыраудың молданы жек көруiне тарихи себеп бар: патша үкiметi қазақ халқын өзiне бағындыруда iсләм дiнiн мықты құралының бiрi ғып жұмсады. Дiн таратуға қазақ арасына шыққан нашар молдалары халықты «патшаға бағыныңдар, оған қарсы болмаңдар» деп үгiттеумен қатар, үкiметке шпиондық қызмет атқарып, бостандық үшiн күресуге жиналған елдiң, елдi бастайтын намысты адамдардың ажалына себеп болды», – дегенi дәлел. Бұл жайға бұлардан өзге жүздеген құжатты дәлелдер келтiруге де болады. Жалпы оқу жүйесi мен миссионерлiк саясатты өзара астастыра жүргiзген патша өкiметi бұл iстi II Александр патшаның 1865 жылғы 5 шiлдедегi арнаулы раскриптiнен бастап кешендi түрде қолға алды. Осы мақсатта қазақ арасына қоныс аударушыларды көптеп енгiзiп, оларды оқытуды сылтау етiп, русско-тюземный школалар, шiркеулер жанынан приходская школалар ашып, оларға қазақ балаларын оқыту сылтауымен тартып, шоқындыру үшiн 1868 жылы арнайы «Переселенческий комитет», «Обрусительная палата» ашса, 1870 жылы Ресей Ағарту министрлiгiнiң «О мерах к образованию населяющих Россию инородцев» деген заңы жарияланып, онда бұратана халықтар жазуын арабшадан еш фонетикалық өзгерiссiз орыс графикасына ауыстыру, сол арқылы ислам дiнi мен оның мәдени-әдеби әсерiн жойып, орыстандыру заңдастырылды. Сонау XIX ғасырда Шығыс әдебиетiмен, ислам әлемiмен рухани байланысты үзiп, орыстандыру бағытында жүргiзiлген саяси идеологиялық езгiнiң тоңы әлi де жiби қойған жоқ. Сонымен, осындай жанға салған жарасынан әлi күнге айыға алмай келе жатқан Ресей империясының саяси-идеологиялық езгiсiнiң құжатты айғағына бiрнеше деректер келтiре кетейiк. Мысалы, XIX ғасырда ашылған орыс-түзем (қазiргi аралас) мектептерi жайлы жазылған Ағарту министрлiгiнiң арнаулы нұсқаулығында: «Народное образование на окраинах русской державы есть своего рода миссионерство, миссионерство есть своего рода духовная война, воющие стороны никогда не разглошают своих планов»,- делiнсе, П.И.Пестель сынды декабристердiң өзi бұл орайда: «Барша халықтардан бiр халық түзiп, Ресейдегi мекендегендердiң барлығы орыстануы тиiс» – деген. А.Байтұрсынұлы патша өкiметiнiң орыс оқуы арқылы шоқындыру мен орыстандыру саясатын: «Үкiметке жағымдысы қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тiлi, дiнi бiр болу. Ресей қол астында түрлi тiлдi, түрлi дiндi, түрлi жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрi тiлiн, дiнiн, жазу-сызуын орысқа аударса, үкiметке одан артық iс болмас», – деп ашып айтса, кейiн бұл саясаттың мәнi халыққа белгiлi бола бастағанда Кеңес өкiметiнiң өзi де Ресей империясының өзектi саясатының мақсатын РСДЖП-ның X съезiнiң қарарында: «Бұл халықтар жөнiндегi патша өкiметiнiң саясаты олардың арасында мемлекет рухын жою, мәдениетiн бүлдiру, тiлiне қысым келтiру, надандықта ұстау және ақырында оларды мүмкiндiгiнше орыстандыру саясаты болды», – деп мойындауға мәжбүр болды.
Отарлау саясатының рухани кеселдерiн көздерiмен көрiп, көкiректерiмен сезген қиссашыл ақындар орыстандыру мен шоқындырудың ел iшiндегi зардапты көрiнiстерiн бейнелеп, оған қарсы қисса-дастандарды, Шығыстың ғашықтық жырларын, шариғат талаптарын, мұсылмандық парыздарды, қырық хадис, т.б. қазақ тiлiнде өлеңмен жырлап, таратуға күш салды. Ондай жырлар мен өлеңдер ел iшiне баспа арқылы да кiтап болып тарап жатты. Ал айтыс ақындары мен сал-серiлердiң ұлт бойындағы кемшiлiктер мен отаршылдар туғызған педагогика мен психологиядағы кесел-кесапаттарды сынап, халықтың этикалық, эстетикалық, гуманистiк ой-танымдарын өз шығармаларына өзек етулерi де – осы отарлық езгiге деген халық наразылығының көркемөнердегi көрiнiстерi болғаны анық.
XIX ғасырдың ортасынан аса кейiн мұсылмандық ұлттық қозғалыстарға, саяси ағымға айналған, халықты ислам дiнiн берiк ұстана отырып, дүние жүзiнiң өзге дiндегi жұрттарының материалдық және рухани салада қол жеткiзген табыстарын оқу-бiлiм арқылы игерiп, өмiрде қолдана бiлуге шақырған идея туды. Мысалы, Ы. Алтынсарин патша өкiметiнiң миссионер-ағартушыларымен тiкелей араласа жүрiп, халқын өнер-бiлiмге шақыруда өзiнiң педагогикалық қызметiне оларды дипломатиялық сыпайы сыйластық қатынаспен пайдаланды. Аты ағарту делiнгенмен, заты орыстандыру, шоқындыру болған орыстың отарлық саясатының миссионерлiк бағытының белсендi жетекшiсi Н.И.Ильминский 1862 жылдары араб жазуын орыс жазуына көшiрудi қолға алған болатын. Сөйтiп, ол жасаған орыс алфавитi сол жылдардан бастап-ақ отар елде ресми құжаттар мен мектеп оқулықтарында қолданыла бастады. Осы кезеңде түрiк тектi жұрттар арасынан өзi жинаған халық мұрасын 10 том етiп жариялауды қолға алған В.В.Радлов 1870 жылы басылған «Образцы народной литературы тюркских племен южной Сибири и Джунгарии» деген томын орыс графикасымен бастырды. Алайда ол түрiк тiлдерiнiң лингвистикасына сәйкес орыста жоқ дыбыстарды өз таңбасымен белгiлеп, түсiнiктер бере отырып шығарған болатын. 1876 жылы Орынборда өткен араб жазуын орыс жазуына өзгертуге арналған арнайы мәжiлiсте осы екi үлгi талқыланып, қазақ жазуын ғана емес, тiлiн де орыстандыру иетiмен еш өзгерiссiз алынған Н.И.Ильминскийдiң орыс графикасы қабылданды. Мiне осы әлiпби әлi күнге дейiн қолданылуда. Ал оның қазақ тiлiне келтiрiп отырған зияны жайлы А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, С.Мырзабектегi, т.б. лингвист ғалымдар еңбектерi ескерiлмей келе жатуы өкiнiштi-ақ.
Ресей империясының миссионерлiк-ағартушылық саясатының астарлы мәнi – қазақ даласында ашылған русско-тюземный школа мен приходская школалардың санын молайтып, оларда орыс жазуымен бастауыш дәрежедегi бiлiм беру, оқу-тәрбие жұмысын тiлмәш, песiрлiк қызметтегi өкiметтiң ел iшiндегi ұсақ шенеунiктерiн даярлау мақсатына бағыттау көзделдi. 1825 жылы Орынборда ашылған Неплюев кадет корпусы, 1841 жылы Бөкей ордасында ашылған Азаматтық қазақ мектебi, 1846 жылы ашылған Омск кадет корпусы, Орынбор Шекаралық комиссия жанынан ашылған жетi жылдық мектеп, қалалық орыс-қазақ училищелерi, мұғалiмдер семинариялары сынды бiршама терең бiлiм беретiн оқу орындарының молаюына мемлекет шек қойды. Оларда алған бiлiмдерiн өз бойларындағы қабiлет, дарындарымен ұштап, елге еңбек етуге жұмсаған Ы.Алтынсарин сынды оқығандарды (ол Орынбордағы Шекаралық комиссия жанынан ашылған жетi жылдық мектептi 1857 жылы тәмәмдаған) көрген Н.И.Ильминскийдiң 1881 жылы П.П.Масловскийге жазған хатындағы: «В школах грамотность, орфография и грамматика совершенно излишни, а для инородческих школ вредно и убиственно», – деген сөзiнен көп жайды аңғаруға болады. Ал осы дәуiрдегi ел iшiндегi ауыл мектептерiнде сабақ араб әлiпбиiмен қазақ тiлiнде жүргiзiлдi. Iрi қалалар мен орталықтарда ашылған медреселерде шәкiрттер ислам дiнiн, философия, тарих, тiл бiлiмi, астрономия, медицина, математика пәндерiнен бiлiм алды. Төңкерiске дейiнгi қазақ зиялыларының көпшiлiгi осы ауыл мектептерiнде сауатын ашқан. Дана Абай да ауыл мектебiнiң, медресенiң, үш айдай приходская школаның дәмiн татып, өз заманындағы оқу жүйесiнiң қыр-сырын жете түсiнген. Сондықтан өз шығармаларында орыс оқуының астарлы миссионерлiк мәндерiне ұлтжандылық тұрғыда сiлтеме жасап отырады. Мысалы, Абайдың «Интернатта оқып жүр» деген өлеңiнде қазақтан алынған салықтар есебiнен ашылған мектеп-интернаттардың түлектерi оязға қызмет етiп, аз бiлгенiмен көп қазаққа епсiнiп, ел арасын бүлдiрер прощение (арыз, шағым) жазуды үйренiп, бар мақсаты тiлмәш, адвокат, военный қызметкер болуға ынталы шәкiрттер боларын айта келiп, осы өлеңнiң жалғасындағы бес дұшпанның отаршылдар енгiзген ел билеу жүйесiнiң кесiрiнен туған кеселдi мiндер екенiн ой бөлген адамға бiрден байқалардай етiп суреттеген.
Сөйтiп, XIX ғасырдағы қазақ әдебиетi хандық дәуiрдегi ел басшылары мен халық арасындағы ұлтты ұйыстырушы жыраулар қызметiн рухани дүниедегi көшбасшы ретiнде жаңа саяси-әлеуметтiк дәуiрде жалғастыра отырып, халықтың ұлы мұраттарын, елдiң көкейiндегi сөзiн тарихи сана ұйытқысы деңгейiне көтердi. Яғни, XIX ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтiк, саяси-тарихи жағдайларға сай әдеби-эстетикалық және көркемдiк ойлау жүйесi жағынан отарлық езгiге қарсы азаттық танымдарын бейнелеудi басты мақсатқа айналдырған дәуiрдiң әдеби бағыты туды. Бұл бағыт дүниетанымдық сипаттары, тарихи-әлеуметтiк жағдайларға көзқарастары, идеялық-көркемдiк ұстанымдары, стильдiк, жанрлық ұқсастықтары жағынан бостандық рухындағы ұлт азаттығын жырлаған поэзия, «зар заман» әдебиетi, дiни-тәлiмгерлiк ағым, айтыс өнерi, сал-серiлер мен әншi-ақындар поэзиясы, жаңа жазба әдебиет сынды әдеби ағымдарды қалыптастырды. Дәуiр әдебиетi iштей жанрлық, поэтикалық, идеялық-көркемдiк даму жолында әдеби дәстүрдi жаңғырта түлеттi.
Сөйтiп, XIX ғасыр әдебиетi өзiне дейiнгi фольклорлық мұралармен, ежелгi дәуiр әдебиетi жәдiгерлерiмен, жыраулық поэзиямен әдеби дәстүрлi эстетикалық сабақтастықта дамып, тарихи шындықты көркем әдебиеттiң рухани арқауына айналдыра отырып, отарлық езгiге қарсы туған азаттық сарынындағы әдеби бағыт пен ағымдарға сараланған, стильдiк, жанрлық, көркемдiк, тақырыптық, мазмұндық аясы кеңiген жаңа сападағы әдебиет болды. Осы дәуiрде қазақ даласында патша өкiметiнiң «Түркiстан уәлаяты газетi», «Дала уәлаятының газетi» сынды басылымдары шықты. Бұл басылымдар патша өкiметiнiң 1886 жылы Түркiстан, 1891 жылы Сiбiр (Далалық) генерал-губернаторлықтарға бiрiктiрген қазақ елiн билеудегi генерал-губернаторлықтардың ресми газеттерi болатын. Олар сол кездерде осы генерал-губернаторлықтарға қарайтын облыстардағы шығып тұрған облыстық газеттерге қосымша ретiнде шыққан. Мысалы, орталығы Омбы қаласы болған Сiбiр (Далалық) генерал-губернаторлығына қарайтын Ақмола, Семей, Жетiсу облыстарында «Акмолинские областные ведомости», «Семипалатинские областные ведомости», «Семиреченские областные ведомости» деп аталатын газеттер басылып тұрған. Осы газеттерге қосымша ретiнде 1888 жылдан бастап, орыс және қазақ тiлiнде Омбыда «Дала уәлаятының газетi» шығып, оның аңдатпасында: «Қосымша газет болып шығады. Ақмола, Семей һәм Жетiсу облыстарының шығып тұрған газеттерiне» – деп жазылған. Осыларда жарияланған материалдардың жартысына жуығында Ресей империясының, генерал-губернаторлықтардың жарлықтары мен патша өкiметiнiң халықты рухани жағынан бағындыру саясаты насихатталды. Өкiмет бұл басылымдарды халыққа жақындату мақсатында Шығыс әдебиетiнiң «Шахнама», «Фархат-Шырын», «Мың бiр түн» сияқты үлгiлерiн, түрiк халықтары тарихы, этнографиясы, әдебиетi жайлы материалдарды, сондай-ақ әлем халықтарының ғылым мен техника саласындағы жетiстiктерiн де жариялап отыруға мәжбүр болды. Осы себептi аталған газеттердiң әдеби, мәдени, танымдық сипаттарының да болғандығын айта кету керек. XIX ғасырдың екiншi жартысына қарай Ресей империясы миссионерлiк саясатты өрiстету үшiн баспасөз iсiн кiтап бастыруда да қолға алды. Сөйтiп, 1865 жылы көкек айында «Баспасөз жөнiндегi Бас Басқарма» атты цензура аппараты құрылып, ол бiрнеше бөлiмдерден тұрды. Бас Басқарманың 1883 жылы патша бекiткен Ережесiне орай, кiтаптарға «басуға болады» деген белгi соғылатын болған. Сондай Басқарманың белгi соғушы цензоры В.Д.Смирновтың ерекше белсендiлiк танытуымен қазақ баспа iсiн шектеу мәселесi Баспасөз жөнiндегi Бас Басқармада арнайы талқыланды.
Осыған қарамастан Қазандағы татар баспасынан аз тиражбен болса да Д.Бабатайұлының «Өсиетнама», Ш.Қанайұлының «Бала зары», «Бозжiгiт», «Сейпiл-Мәлiк», «Ақсақ Темiр хан», «Сақып-Жамал» сияқты қисса-дастандар жарыққа шықты. Жалпы Ә.Жиреншиннiң «Қазақ кiтаптары тарихынан» (1971), «Қазақ кiтабының шежiресi. 1807-1917» (1996), Елеукенов Ш., Шағынбаева Ж. «Қазақ кiтабының тарихы» (1999) зерттеулерiнде XIX ғасыр мен XX ғасыр басына дейiнгi кезеңде шыққан қазақ кiтаптарының 115-iнiң Қазандағы қазыналық баспаханадан бөлек, ағайынды Мұхамеджан, Шәрiфжан Кәримовтардың жекеменшiк баспаханаларынан басылғаны жазылған. Бұл кiсiлер кейiн Орынборда тұратын Хұсайынов деген азаматпен бiрлесiп, «Хизмәт» атты Орынборда жаңа баспахана ашқан. Ол баспаханадан Мұхамеджан Сералиннiң «Гүлхашима» (1903), Нұржан Наушабаевтың «Манзұмат қазақия» (1903), Шәңгерей Бөкеевтiң «Көкселдiр», «Шаир» жинақтары, Әбубәкiр Кердерiнiң «Әдебиет қазақия» (1902), Шәкәрiмнiң «Шежiресi», Мұрат Мөңкеұлының «Әумар қазыға айтқандары», т.б. кiтаптар жарыққа шыққан. Бұлардың Орынбор мен Семейде арнайы кiтап дүкендерi де болған. Ал Қырымдағы Бақшасарайда туып, 1876 жылдан Ресейге келiп, кейiн Петербургте баспахана ашып, Петербург университетiнiң шығыс тiлдерi факультетiнде 10 жыл дәрiс оқыған, Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын баспаханасынан басып шығарған Илияс Бораганский сияқты осы бауырлас түрiк тектi халық ұлдарының тектiлiк, азаматтық, қайраткерлiк еңбектерi – олардың көпке ғибрат болған iстерiнiң айғағы.
XIX ғасырдағы қазақ әдебиетi мұралары сол ғасырда В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, Мелиоранский сияқты шығыстанушы ғалымдар тарапынан, Шыңғыс Уәлиханов, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, т.б. ұлт мұрасын қастерлеген зиялы қауым өкiлдерiнiң ел iшiнен жазып алған нұсқалары негiзiнде жиналды. Бұл iс XX ғасыр басында, XX ғасырдың 20-30-шы жылдарында қарқынды жүргiзiлдi. Осы тарапта М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедұлы, Ш.Құдайбердiұлы, М.Әуезов, басқа да ұлтжанды азаматтар мен алаш арыстарының сiңiрген еңбектерi зор. Сонымен бiрге XIX ғасыр әдебиетiнiң үлгiлерi төңкерiске дейiн, төңкерiстен соңғы кезеңдерде жарық көрген басылымдар («Айқап», «Түркiстан уәлаятының газетi», «Дала уәлаятының газетi», «Қазақ», «Абай», «Сарыарқа» «Таң», «Шолпан», «Сана», т.б.), кiтаптар мен жинақтар (В.В.Радловтың «Түркi тайпаларының халық әдебиетi үлгiлерi», «Көкселдiр» жинағы, Ғ.Мұштақтың «Шаир, иәки қазақ ақындарының басты жырлары», М.Әуезовтiң «Әдебиет тарихы», Х.Досмұхамедұлының «Исатай-Махамбет», М.Тынышбайұлының «Материалы к истории киргиз-казахского народа», Қ.Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан», С.Сейфуллиннiң «Қазақтың ескi әдебиет нұсқалары», Д.Бабатайұлының «Өсиетнама», Ш.Қанайұлының «Бала зары») арқылы да әдеби қорға енсе, түрлi әдеби, қоғамдық ұйымдардың бастамасы (1922 жылы Ташкентте құрылған «Талап» қауымы, т.б.), ел iшiне шыққан әдеби-фольклорлық экспедициялар (1920-шы жылдан бастап Ташкентте ұйымдастырылып, жүргiзiлген Жетiсу, Орта Азия ғылыми экспедициялары, Қазақ ССР ҒА Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған 1957 жылғы Гурьев экспедициясы, 1960 жылғы Омбы экспедициясы сияқты әр жылдарда ұйымдастырылған экспедициялар, т.б.), әдебиетшi, тiлшi ғалымдар (А.Нұрқатов, Ғ.Малдыбаев, З.Қабдолов, Б.Адамбаев, С.Ордалиев, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Мұхамедханов, С.Бегалин, М.Мағауин, Р.Нұрғалиев, I.Жансүгiров, Ә.Қоңыратбаев, т.б.) мен ақын-жазушылар, фольклортанушылар М.Ж.Көпеев (ол кiсiнiң ел iшiнен жинаған мұралары «Қарамес» деп аталатын төрт кiтаптан тұратын қолжазбалар), Ш.Әбенов (Д.Бабатайұлының шығармаларының екi дәптерден аса қолжазбасын осы кiсi қорға өткiзген), татардың фольклортанушы, халық мұрасын, түрiк халықтарының әдебиетiне, этнографиясына, лингвистикасына қатысты материалдарын жинаушы Хасан Ғали (бұл кiсiнiң 1937-40 жылдары Қазан университетi ғылыми кiтапханасына тапсырған қолжазбаларында Махамбет, Мұрат, Шернияз, Шал, Бұхар, Ақмолла, Әубәкiр т.б. шығармалары мол), Ә.Диваев (Башқұрт халқының перзентi 1876 жылдан өмiрiнiң соңына дейiн ел iшiнен қазақ әдебиетi мен руханиятына қатысты мұраларды жинаған кiсi), т.б. қажырлы қызметтерi мен ел iшiнен шыққан фольклор, әдебиет, рухани мұра жинаушылардың (Шорман Бiлтебайұлы, Құлмұхамбет Байғұлыұлы, Әмiре Әнәпияұлы, Ү.Кәрiбаев, Мәулекей Есiмұлы, Ү.Толыбеков, Е.Есенжолов, Тұрмағамбет Iзтiлеуов, Ә.Наурызбаев, Ғаббас Елеусiзов, Садуақас Шорманов, Мардан Байдiлдаев, Т.Әмiреұлы, Нысанбек Төреқұлов, т.б.) ыждахатты еңбектерi нәтижесiнде толықты. Ел iшiнен жиналған бұл әдебиет үлгiлерi Қазақстан Републикасы ҒА Орталық ғылыми кiтапханасындағы қолжазбалар қоры мен ҚР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар бөлiмiнде сақтаулы. Осы қолжазбалар негiзiнде «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты жетi томдық жинақ жарыққа шыққан. Оның IV, V томдарында XIX ғасырдағы сөз зергерлерi шығармаларының қолжазбалары жайлы мәлiметтер (қай қорда сақталған, айтушысы кiм, жинаушысы кiм, шығарма аты, көлемi, т.б.) жазылған.
Қазақ көркемөнер тарихындағы елдiк тақырыпты әдебиттiң асқаралы рухани өзегi еткен, ақындық поэтиканы келер күннiң азаттық танымына айналдырған XIX ғасыр әдебиетi – бүгiнге әдеби мұрасы толықтай дерлiк жетiп, әдебиет дәуiрлерi iшiндегi мол зерттелген әдебиет.